Ай қанатты арғымақ



бет4/19
Дата25.12.2016
өлшемі4,1 Mb.
#4410
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

Сүйрікқараның мына зауласы – алдында бәйге төбе тұрғанын білетін, даңқ ләззатын енді татам деп келе жатқан астам көңілмен арттан қуып жететін өр көкірек шабыс екенін Көкқасқа ұқты; өйткені өз басынан жастықта талай өткерген хал ғой.

Әрине, күш тең емес. Айла, тәсіл, тәжірибені қатар салып отырып, ескіден қалған қасиетті шым-шымдап қосып, алға шықтым ба дегені қате болды, енді қайтпек керек? Қалайша қателесті екен? Неге қана көрмеді? Жаңа ғана есіне түсті. Бірінен-бірі айнымайтын Сүйрікқара екеу екен. Қабы да, сабы да бір – тегі бір. Бағана, артта қалдырған Сүйрікқара төртпақ, кебеже қарын болатын, алтыншы, жетінші жүлдеге ілінер, сірә. Мына екеуі бір биенің құлыны, не бір айғырдың нәсілі. Бір тұқымнан екі жүйрік қатар шауып, қатар озып жүргені қандай жақсы. Көкқасқаның есіне жалғыздығы түскенде, ылғи мұңаюшы еді. Ойбай-ау, нелерді ойлап кетті, сорлы.

Сызып барады Сүйрікқара, аспан – көк, жер – жасыл, екі ортада қара ноқат заулайды. Сүйрікқара алдыға шыққалы көп уақыт өтті. Бір қалыпты шабысқа бойы үйреніп, тұяқтары, жүрге ібір ырғаққа түскен шығар. Ең бастысы қауіп келер деген күдік сөнген оның ойында. Үміт оты осы тұстан ғана жылт еткен секілді.

Қарақшыға көп қалған жоқ. Көкқасқа неде болса, Сүйрікқараны қуып жетсем деп ойлады. Оған шамасы бар сияқты. Қатарлас шабыс басталады. Қапыда келген дұшпаннан сексеніп қалған Сүйрікқара қапелімде бойын жинай алмай, кідіріп, екпінін азайтуы мүмкін. Содан кейін! Содан кейін жас денені жас намыс, жас жігер қайрамай ма? Оған төтеп берер қандай кәрілік? Тәжірибең, айлаң, тәсілің – бәрі адыра. Көкқасқа көзіне жас үйірілгенін сезді. Үстіндегі балаға қандай өкпе бар, тебініп қояды, қамшы да сілтеп жіберді, “Аруақ!” деп айқайлайды.

Жол тосқандар көріне бастады. Апыр-ай, қарулы азаматтар қазір андыздап кеп қосылып, Сүйрікқараны сүйрей жөнелер ме екен? Жігіттер ұрандап, екі қапталдан аңыратып, аруақтап шыққанда, кеудесінде шыбын жаны бар жылқы қайтадан тіріліп кетеді. Кей тұста кірпігі әрең қимылдап, ілбіп келе жатқан жылқыны демеп, тізгіннен, құйысқаннан, жалдан, құйрықтан тартып көтеріп, ұшырып ала жөнеледі. Ондай көмектің Сүйрікқараға қажеті жоқ, әлі тың. Тек қиқу естілсе, атылды дей беріңіз. Көкқасқаның бойы мұздап кеткендей болды. Өмірбақи далақтап бекерге шапқан-ау, биік таудан басталып, кең даланы жарып өтіп, жойқын дарияға айналып, ақыры құмға сіңіп жоғалатын шулы өзендер болушы еді, неге екені белгісіз, солар есіне түсті. Алғашқы бәйгеден келіп, қазақ, қырғыздың аузына ілінген күні көз алдына келді. Кенет құлағы шулап қоя берді; Бүкіл дүние “Көкқасқа! Көкқасқа!” деп айғайлаған секілді.

Ырғып жөнелгенде Көкқасқаның үстіндегі бала ұшып кете жаздады. Көзді ашып-жұмғанша Сүйрікқарамен қатарласып қалды. Көкқасқа сәл ертерек қимылдадым-ау деп өкінді. Бұл болжағаннан гөрі қарақшы әріректе екен, күші жетер ме, жетпес пе? Төрт тұяғы төрт жақта қалып, жүрегі аузынан шығып бара ма, немене? Сүйек-сүйегі балқып, еріп кететін шығар. Қарға адым жер дүниенің түбіндей созылып, жеткізбей қойды.

Сүйрікқара шошып кетті. Жерден шықты ма, аспаннан түсті ме, мына лақса, кәрі сүйек қай тағдырдың атқан оғы! Әттең, қарақшыға таяп қалғандарын қарашы, енді он шақырым жер болса, біресе озып, біресе әдейі артта қалып, әбден мазақтап сілікпесін шығарып, пышаққа іліндірер еді. Пышаққа! Кішкене тайраңдасын алжыған, пәруайсыз, кәрі сайтан. Семіртіп соғымға союдың орнына, бәйгеге қосқан. Жастардың қызығын тамашалау орнына тойымсыз көңілмен, мынадай күймен жарысқа түскен неткен қанағатсыз хайуан, кәрі қақбас едің?! Мал иесі неткен тойымсыз пенде. Шіркін-ай, қазіргі шалымы мынау, менің жасымда қалай сілтеді екен. Сүйрікқараның өзі онға келген, оймақтай жері қалмай толған. Құлынында лақша секіріп жүрді, басқалардай тамағының асты іріңдеп, сақау шыққан жоқ. Иесі тайында балаларға тасқа байлатып мінгізді, аямады. Дөненінде тістеп, жаңа тіс шыққан кезде, осал еді, соны сезді білем, ол тұста желе жортып дөңге де шыққан жоқ. Бестісінде бет қаратпады. Байқап келеді, Көкқасқа мұның ғұмырын екі рет жасаған, кем салғанда жиырмада. Тектісін-ай сабаздың, өзгелер бұл тұста тарлан тартып, бозарып, жүнжіп кетеді, тістен-тіс қалмай мүжіліп, сарқайраққа айналады, көзі былшықтанып көрмейді. Ботакөз жылқының бәрі жүйрік, қырғи көз жылқының бірі жүйрік деуші еді. Сол мыңнан бір шығатын қырғи көз осы болмасын. Көзіне ақ түскір, жерге кіргір кәрі қақпас қайдан шықты? Сүйрікқара қарақшыға таяп қалғанын сезіп сілтей жөнелді. Көкқасқа соңғы тамшылары төгіліп бара жатқан жыртық көнек секілді. Біреу Көкқасқаны орып жібергендей, қансырап бара жатыр. Екпіні бәсеңдей бастады. Тынысы тарылып, өкпесі өшіп барады, шыбын жаны енді-енді ұшып кететіндей, тұншығып, қыстығып, үзіліп барады.

Сүйрікқара енді толтыра бастаған мес саба секілді. Ыстық қан алпыс екі тамырды тепкілеп ағып, өне бойын қыздырып, екі қолтығына қанат бітіріп, ұшырып әкетті. Ай қанатты арғымақ-ай!

Қарақшыға ілінгенде Көкқасқаның көзінің оты соңғы рет жарқ етіп, тіршілік сәулесі сөніп бара жатты. Әйтеуір оздым-ау деп ойлады. Кісінеп жіберді. Көкқасқаның мұрттай ұшып құлағанын көргенде шошып кеткен Сүйрікқара табандап тұрып қалған.

Әңгіме осы жірге жеткенде, Әзиздің көзінен жас мөлдіреп ағып қоя берді. Егіліп, сел-сел жылап отыр. Жұматтың буын-буыны босап кетті. Сұп-сұр Бақтияр:

- Аға, сонымен бірінші бәйгені кімге берді? – деді абыржыған үнмен.

- Ойбүй, шырағым-ай, - деді Құдайберген жақтырмағандай. – Ат шауып, жарыс біткенде бәйге берілмей қалушы ма еді?

- Содан? – деді Ақтамақ өңі қуарып.

- Содан дейсіңдер ме? – Құдайберген қымыздан жұтып қойып, тамағын кенеп алып әңгіменің аяғын жалғастырды.

- Содан не болушы еді? Жер де қиқу, аспан да қиқу. Ұрандаған, аруақ шақырған ел. Біреуді біреу біліп болмайды. Уласып-шуласып жүріп, қашан соңғы ат келгенше, жөн-жосықты аңғару мүмкін емес. Жарысқа түскен сәйгүліктердің бас-аяғы түгенделген соң, желдей ескен ұзын құлақ, осынау аламан бәйгеде топ жарып, үш жүз жүйріктен озған, жүлде берілген жеті тұлпардың атын, кім қосқанын, қай елдікі екенін қазақтың ұлы атырабының тау-тасына, өзен-көліне, құм-беліне таратып ала жөнелді:


  • Көкқасқа! Бәйгесі жүз жылқы!

  • Сүйрікқара! Бәйгесі жетпіс бес жылқы!

  • Ардакүрең! Бейгесі елу жылқы!

  • Шалқұйрық! Бәйгесі отыз жылқы!

  • Ақтабан! Бәйгесі жиырма жылқы!

  • Кеңтанау! Бәйгесі он бес жылқы!

  • Тағы да Сүйрікқара! Кебеже қарын Сүйрікқара! Бәйгесі он жылқы!

Қарақшыға жетіп құлаған Көкқасқаның өлімін енді жарысқа келген жұрттың бәрі естіп, ардақты азамат, абыройлы батыр дүниеден қайтқандай қайғырып, қабақтары салбырайды. “Шіркін-ай, жылқы болса, осылай тусын, жаратуын қалай келістірген”, - деген сөздер жастар аузынан шығып қалады. Шалдар жағы тұнжырап,Дәуренге қарап, ақырын күрсінді.

Бәйге қызығын әбден тамашалап, ішіп-жеп, қуанышқа мейір қандырып, жиналған жұрт елдеріне қайтуға дайындала бастағанда Дәурен:

- Ағайын! Айыпқа бұйырмаңдар, бір-екі ауыз сөзі бар. Жасым тоқсанға келгенде, құдай ойыма бір нәрсе салып, ниет еттім: хабаршы жіберіп, үш жүздің баласын түгел жинап, бәйге жасауға көңілім кетті. Ниетім орындалды. Кәрі Дәурен балалардың қарсығына қарамай, кәрі Көкқасқаны Бармақ шал, Қаңбақ шал, Қармақ шал деген құрдастарының көмегімен жаратып, бәйгеге қосты. Бәйге алу арман емес, ел-жұртқа, ағайын-туысқа, балаларыңа мазақ болып, айдалада тезек теріп қалмау арман еді. Күні кеше аузымен құс тістеген, желден озған Көкқасқаның масқара күйігін көрем-ау деген қорқыныш, неге ғана жануарды зорладым деген үрей бар еді.

Көкқасқа иманың кәміл болғыр тұлпарым, бәйгеден келді. Мен не дейін, ұзақ жасайтын шалдарың, ұзақ шабатын тұлпарларың көп болсын, ағайын. Көкқасқа бәйгеден жеңіп алған жүз атты жүз рудың ақсақалына мінгіздім, - деді.

Топтың ішінен сақал-шашы аппақ қудай, жасы жүзге келген Арыстан ақсақал шығып:

- Бауырым Дәурен, ниетіңе рахмет. Сен бізге берсең, саған құдай берсін. Көкқасқаның бәйгесінен мінген жүз ат қазақтың ауыл-ауылында мыңдаған Көкқасқалар тууына жоралғы болсын, - деді.

Жұрт тына қалған еді. Осы кезде қалың нөпірді жарып, ортаға Жүгіней жауырыншы ұмтылды:

- Әлеумет, датым бар. Көкқасқа бәйгеге шаппай тұрғанда, ат мініп, шапан киіп едім. Дәл осылай боларын шыққыр көзім күні бұрын көрген-ді. Батыр өлсе, басына қойып, дұшпандарынан биік жатсын дейтін салтымызды бәйге атқа да қолданайық. Үш жүз аттың алдында келген Көкқасқа батыр емей немене? Маған салса, Көкқасқаны ақ жуып, арулап көму керек.

Сөйтіп, Көкқасқаның бас сүйегін жүз жылдық қарағайдың діңін ойып қойды. Қазірге дейін сол қарағай бар екен. Сынып, шор болып біткен дене секілді. Көкқасқаның бас сүйегі қарағаймен қарағай болып кетіпті, бұлтиып көрініп тұрады екен. Ал Ақсаздың жайлауын сол бәйгеден кейін Көкқасқа аттың жайлауы атап кетіпті, халық. Менің албан Ағымсары Қожахмет шалдан естіген әңгімем осы, - деп Құдайберген сөзін тамамдады.

- Құдайдан қайтсын, Құдайберген, Тасболат шаңырағының астында мұндай пәтуалы сөз өрбімегелі көп болып еді ғой. Мына ұлдардың құлағында ғана емес, жүрегінде жүретін әңгіме айттың. Албан шалды таба алсаң, осында әкелші. Жарықтықты бір сыйлап, малдың басын жегізіп жіберейін. Мынадай өсиетті әңгіме айтып жүрген алла тегін жаратқан кісі емес білем, - деп Ақтамақ ризалығын білдіріп жатыр. – Міне, ет те пісіпті. Жақсылап тойып алыңдар, содан кейін Құдайберген ағаларың үйлеріңді тауып береді.

- Біз осында қалсақ қайтеді? – Жұмат шынын айтып отыр.

- Шырағым-ау, орын жетеді. Әміреге тіпті жақсы болар еді, - деді Аөтамақ еттің нанын салып жатып.

- Кәні, ұлдар, жігіт емессіңдер ме? Бәкілерің қайсапты, жүзі жалт-жұлт еткен өткір кездігін шығарды. – Пәлі деген, еркек адам құр қол жүрер ме? Мен сендерге жәрмеңкеден бір-бір бәкі сатып әперейін.

Үлкен ағаш табақта таудай үйіліп, жаңа сойылған қойдың еті, қыстан қалған сүр, жеңді білектей қазы жатыр. Құдайберген алдымен басты қолына алып, бір құлақты кесіп Жұматқа, бір құлақты Бақтиярға берді: “Құлақтарың қашанда әңгіме-сөзге түрік жүрсін”, - деді. Таңдайды Әміреге ұсынып: “Жез таңдай, күміс көмей әнші болайын деп тұр екенсің. Құдай бағыңды ашсын”, - деді. Бір көзді Аөтамаққа ұсынып: “Дүниенің жақсылығын көп көруге жазсын” – деді. Екінші көзді өзі жеді, бірдеңе деп күбірледі. Құйқадан кесіп, бәріне беріп жатыр. Бас әбден жалаңаштанған соң, шүйде тұстан кездіктің ұшымен сырт еткізіп, миды алды. Құйқадан, құйрықмайдан қосып, тұздық, сорпадан құйып, мипалау жасады:

- Ақсақалдар отырса, миларың су болып кетеді деп сендерге мынадан татырмас еді. Бесеуден-бесеу отырып, бөлінгеніміз жарамас. Кәне, Ақтамақ алдымен, сен ал. Келесі үлкен қайсың? Әміре сен бе? Кел. Бақтияр, Жұмат жеңдер. Енді қалғаны менікі, өкпелемессіңдер, - деп Құдайберген уысын толтырып ми палаудан асай бастады.

Әрқайсысының қолына бір-бір жілік ұстатты. Қазының қабығын сыдырып алып, баппен дөңгелетіп жартылай турады да, жартысын бөлек ыдысқа қойды.

- Құдайберген турасаңшы, - деді Ақтамақ құрт езген сорпасын қамдап жатып.

- Жұдырықтай үш бала екеуміз отырып, дәу табақ етті ортаға алдық. Осыны тауыссақ та жетер, - деді Құдайберген кездігін сүртіп, қынына салып жатып.

- Кәне, алыңдар, - деді Ақтамақ шын пейілмен.

Бақтияр жауырынның етін тазалап жеп, сүйекке қарап сөйлей бастады:

- Жәрмеңкеден көп олжамен қайтады екенбіз. Сан алуан қызық көреміз.

- Одан басқа не бар екен? – деді Әміре асықты тазартып отырып.

- Әміре ән салып, Жұмат күй тартып, көп мақтау естиміз.

- Одан басқа не бар екен? – деді Жұмат тал қабырғаның кемігін тістеп отырып.

- Мен бәйгеге шабады екенмін.

Бір май, бір сүрмен, қазымен араластырып, тәбетпен жеп отырған Құдайберген алғаш мән бермеген еді, енді Бақтиярға көз тоқтатып қарады:

- Сен, шіркін, бірдеңе біліп сөйлейсің бе? Әлде бекер тантисың ба? Айтшы, қандай атпен шабасың? Кім жаратып еді? – деді.

Бақтияр ойланғандай болып, түсін суытып, қабағын түйіп:

- Сірә, Желжирен деген жүйрікпен шабатын болармын. Көрінбей тұрғанын қарашы. Ұқсайды? Ұқсамайды? Кім екен мынау? Бұлыңғыр көрінеді. Жұмат деген атбегі-ау шамасы. Сол жаратқан, - деді.

- Мына мұндар не дейді. Ол өзі қазір құнан шығар. Бағанағы сенің астыңдағы сол емес пе, Жұмат? Денесі толысайын деген екен. Жаратылған ба? Кім жаратқан? Меніңше жаратылмаған сияқты ғой.

Құрт қосқан сорпадан бір-бір тостағанды әрқайсысына ұсынған Ақтамақ:

- Ішіңдер. Жеңдер. Аяқ астынан балалар жауырыншы болып кетті. Сен атбегі болып кеттің, Құдайберген. Бұйырса, жәрмеңкенің қызығын бал ашып, құмалақ салып, жауырын қарамай-ақ көрерсіңдер ғой, - деді.

Ет жеп, сорпа ішіп болған соң, Ақтамақ Құдайбергенге қарады. Бәрі қолдарын жайды:

- Ал ендеше, тәңірім, бұл шаңырақты өртей келген оттан сақтасын, жаламен келген соттан сақтасын, жат қылықтан сақтасын, залым ұлықтан сақтасын, мезгілсіз өлімнен сақтасын, жауынсыз желден сақтасын, көк долы көк бет келіннен сақтасын, дәулетін асырсын, дұшпанын қара таспен бастырсын, аллакпар, Әмин! – деп Құдайберген бата жасады.

- Ал, енді балаларға да, саған да рұқсат. Алладан қайтсын рахым, шапағат. Үй-іштерін тауып бер, - деп Ақтамақ үстелді жинай бастап еді, Жұмат:

- Апоу, Әміре де бізбен барсыншы. Кешке қайтып келеміз, - деді.

- Барсын, барсын, шырағым. Тек бірдеңеге ұрынып қалмаңдар. Жәрмеңкеде қағылған-соғылған, ұрылары көп болады дейді ғой. Өзіміз ондайды көрген жоқпыз. Ел айтады ғой. Ал жақсы, жолдарың болсын, - деп Ақтамақ жылы қабақпен шығарып салды.

Әңгімемен отырып, түс ауып кеткенін байқамапты. Күннің ыстығы қайтып, қоңыр самал соғып тұр. Жұмат Талды өзеніне таяу, тастақтың үстіндегі тас болат үйлерге назар аударды. Дәл өздерінің шахталарының кеңселері секілді екен. Біреу кіріп, біреу шығып жатыр. Негізінен көзге түсетін жирен сақалды, ақ көйлекті, ықшам шалбарлы кісілер.

- Бұл поштаның үйі, - деді Құдайберген. – Ішкі жақтан, Мәскеуден, Сібірден, Итжеккен, Тескентаудан келген орыстар осы кеңсе арқылы бала-шаға, қатын-қалашымен хабарласады. Білетіндер айтады: бақсының жынмен сөйлескені секілді, темір сыммен сөйлеседі екен. Ойпырмай, білім-ғылым деген ғажапты қойсаңшы, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызады екен. Мұның бәрін істейтін ынжыныр дегені. Әй, Бақтияр, сен Семейде ненің оқуындасың.

- Молданың оқуындамын, аға. Медреседе шәкіртпін.

- Ойбүй, тәңір-ай. Ақыры оқыған соң осындай кісіге пайдаң тиетін оқудың төресі – ынжынырды оқымай. Өлік көрсе жемтікке үймелеген қарғадай шұқшиятын арамзаның оқуында екенсің ғой.

Бақтияр мына сөзді жаратпай, шытынап, ашуланып жауап берді.

- Аға, күпір сөйлемеңіз. Алла тағаланың жолын үйрететін медресе туралы ғайбат айтқаныңыз қате. Ел ішіндек кездесетін кейбір надан молда үшін барлық мұсылманды күйдіруге бола ма? Адам санасын тазартып, хаққа бастайтын жол – дін. Ендеше үлкен адамның ол жайлы теріс сөйлеуі – күнә.

Құдайберген сасып қалды:

- Дінге қарсы болып, жынданып кетті дейсің бе? Бірақ ақыры ақша шығарып, уақыт өткізіп, көздің майын тауысып оқыған соң ел-жұртқа көбірек пайда тигізетін, жер қазып, кен шығаратын, зауыт салатын, сыммен сөйлесетін ынжыныр болсаң жақсы ғой деген тілек менікі.

Төбесінде кресі бар үйді нұсқап:

- Шіркеуді жәрмеңке басына да салып тастаған ба? – деп сұрады Бақтияр Құдайбергенмен келісімге келгендей раймен.

- Е, балам. Орыс ағайын еш нәрсені асығыс жасамайды. Үй салса, тастан салады. Маңайын жақсылап қоршайды. Соқамен жер жыртып, егін егеді. Ағаш өсіреді. Екі үй, үш үй емес, жиырма-отыз үй бір-ақ қоныстанады, әуелгі қыстақ аз жылдан кейін қалаға айналады. Тамыры тереңге кеткен оны еш нәрсе жұла алмайды. Мына жәрмеңкедегі бырлық кірпіштен салынған үйлер – солардікі. Ал енді былай жүріңдер, - деп Құдайберген киіз үйлерге қарай бұрылды. – Мынау жан-жақтан келген қазақтардың дауласатын жері.

Аласа қоңырқай үйдің маңайында қалмақша байлап қойған көп аттар тұр. Үйдің іргесінде көлеңкеде гу-гу әңгіме соғып, әр түрлі жастағы, әр рудан келгендіктерін шапандары, бөріктері танытып тұрған, өздері күнге күйіп, тотыққан қазақтар көрінеді. Есік ашылғанда іштен кейбіреулер тұнжырап, салы суға кетіп, кейбіреулер ыржиып, күліп, қуанып шығып жатыр.

“Әділ билік айтты, құдайға қарады”.

“Параға сатылған, шешімге тоқтамаймын. Арыз берем”.

“Не айтқанын ұққам жоқ. Тағы кірем!”. Осы алуандас дабыр-дұбыр, шаң-шұң сөздер естіледі.

Бұйығы, көп сөзге араласпайтын, тұйық мінез байқатқан Әміре осы тұста таңырқаған пішінмен Құдайбергенге қарады:

- Жәрмеңкеге мал сатып, ауылға киім-кешек, шай-қажет алып қайту үшін келеді ғой деп ойласам, бұл жерде де дауласа ма. Сонды мына отырған қарақұрым жұрт тегіс бірдеңені қуып жүр ме? – деді жақтырмағандай үнмен.

- Е, шырақтарым, қайбір жетіскен адам дау қуады дейсің. Зорлық-зомбылық көрген сорлы, әйтеуір, бір жерден әділет, шындық табармын деген есек дәмемен жолға шығады. Қағаздасуға өзі хат танымайды. Содан барып, көзі қарақты біреуге жалынады. Ол құдайға қараған жан болса жақсы, әйтпесе сорлы кедей-кепшіктің малын алдап алатын жемқор, парашыл біреу де болуы мүмкін. Ал енді жуандар бірін-бірі кеміту үшін, пәленшекеңді сүріндірдім, орға жықтым деген дақпырт жолында қора-қора қойды қырып салуға бар. Құдай жуандармен дауластырмасын. Ол сұмдықты көргеміз, - деді Құдайберген өңі сұрланып. – Қарқаралыдағы ата қоныстан айрылып, Тастының шахтасына мен тегін түсіппін бе? Атасына лағнет, кесірлі тұқымның кесепатына ұшырадым ғой.

Алпамсадай Құдайберген үш балаға естіртіп күрсініп қойды. “Осындай ақ жүрек, батыр кісіге кім қыспақ жасап, қалай ғана туған жерінен тентіретті екен”, - деп ойлады Жұмат. Адам жанына керек барлық жеміс, тағам, киім-кешек, дүние-мүлік кемерінен асып төгіліп жатқан, мынадай мыңдаған кісі дариядай толқып, мәз-мейрам болып, жадырап, күліп, рахат кешіп жүрген жәрмеңкеде жаманшылық, қастандық, қиянат дегендерді еске алу мүмкін еместей, сол сұмдықтардың барлығына бала жүрегін сендіру қиын сияқты. Дәл қазір Жұмат көзінде қызылды-жасылды, көгілдір-сары, қоңыр, жасыл сурет болмаса, қара бояулар сөнген. Әміре үшін мың сан дауыспен ұлы әнші шырқап тұрғандай: жылқының кісінегені, сиырдың мөңірегені, қойдың маңырағаны, адамдардың дабыр-дұбыры – баршасы қосылып, бұрын естімеген сарынға ұласқан. Жан-жағына жалт-жұлт қарап, сергек келе жатқан Бақтияр:

- Мұнда кісілер неге көп жиналып жатыр? – деді төбесінде кішкентай мұнарасы бар үйді көрсетіп.

- Ә, намаз оқитын үй ғой, мешіт, - деді Құдайберген.

Бәрі солай қарай беттеді. Әр жерде шапандарын жамылып, құман ұстаған үлкен кісілер ұшырасты.

- Сендер мешітті көре біліңдер. Менің кішкентай шаруам бар. Бие сауымнан кейін осы арада жолығайық. Үйлеріңі содан кейін тауып берем, - деді Құдайберген.

- Жақсы, аға, - деді балалар.

Бақтияр Әміре мен Жұматқа қарап жымиды:

- Екеуің намазға қалай дайындалатыныңды білесіңдер ме?

- Су болса қанша қиын, - Әміре дүңк ете түсті.

- Сендер тәртібін білесіңдер ме?

- Бет-аузын жуатын шығар, - деді Жұмат тоңқаңдап жатқан бір шалға қарап.

- Өзінің арнаулы шарттары бар, - деді Бақтияр салмақтанып. – Намаздың он екі шарты бар. Оның намаз оқығанға дейін істелетін жетеуі мыналар: толық яки жартылай жуыну; киім, дене һәм намаз оқитын орынды таза ұстау, денедегі ұятты жерлерді жабу, құбыла бағытын табу, бес мезгіл намаз уақытын өткізбеу, намазға деген таза ниет “аллакпар” деу – бұлардың бәрін шарт дейді. Намаз оқу үстінде орындалатын талаптар руқн деп аталады. Олар бесеу: намазды түрегеп тұрып оқу, құраннан аят оқу, еңкейіп тағзым ету, басыңды жерге тигізу, тізерлеп тағзым ету.

Жұмат пен Әміре ауыздарын ашып тыңдап қалған.

- Бұларды бұлжытпай орындауға уақыт жете ме? – деді Әміре.

- Онда басқа жұмысты қайтеді? – деді Жұмат. Бақтияр мырс етіп күлді:

- Бәріне де үлгеру керек. Енді сендерге әлгіні айтып берейін. Екі қолды үш рет жуасың, ауызды үш рет шаясың, танауды үш рет шаясың, ниет етесің, бетті үш рет шаясың, екі қолды білекке дейін үш рет жуасың, шашты сулы қолмен сипайсың, сұқ саусақпен құлақ тесігін тазартасың, үш саусақпен мойынды сүртесің, үш рет екі аяқты тізеге дейін жуасың – болды.

- Әй, мына жаңылтпашың құлаққа кірмеді, - деді Жұмат.

- Жүріңдер, мешітке барамыз. Мен намазды қалай оқитынын көрсетейін сендерге, - деді Бақтияр.

Мешіт дегені шағын, қораш үй екен. Ағаштан қоршаған аула толған кісі. Балалар ішке кіре алмады. Басында сәлдесі бар адам мінбеге көтерілді. Жұмат пен Әміре бұрышта бүрісіп тұр. Бақтияр үлкендердің қатарына барды. Аяқтарының арасын төрт елідей ашық қалдырып, оң қолымен сол шынтағын ұстап, ұмсынып тұрған жандар. Кішкенеден кейін әркім сыбырлап, күбірлеп жөнелді. Кейбір әйелдердің қолы кеудесінен төмен, қарын тұсында, ауру, кәрі адамдар жерде отыр. Намаз оқу басталды. Бір адам, екі адамның намаз оқығаны болмаса, осынша көп кісінің қатар тұрып ғибадат еткенін Жұматтың тұңғыш көруі. Қадау-қадау, өздері құралпы балалар да көзге түседі, әр түрлі жастағы еркектер, әсіресе сақал-шаштары аппақ қудай шалдар жаны қалмай құлшылық етіп жатыр. Біресе оңға қарайды, біресе солға қарайды, біресе тізе бүгеді, біресе басын жерге тигізеді. Жұматқа осылардың бәрі ойнап жүрген бала секілденіп кетті. Әміре мінбедегі сәлделі кісінің ашық, сұлу үніне таңқалды, сөзін түсінбесе де, жұмбақ, тылсым әуез жанын тербеді. Көмейден күңіреніп шыққан сарынды қолма-қол қағып алып, іштей сызылтып айтып тұрды.

- Қабыл болсын! Қабыл болсын! Қабыл болсын! – деген сөздермен намаз аяқталды.

Балалар ауладан енді шығып бара жатқанда:

- Бақтияржан! – деген қатты дауыс шықты. Үшеуі де жалт қарады.

Бітік көз, етжеңді Дәулет қажыны топ ішінен Жұмат анық таныды.

- Әне, Бақтияр, сенің көкең, - деп қалды.

Үш бала ортасында Дәулет қажы бар, бес-алты кісіге:

- Ассалаумағалейкум! – деп қатты дауыстап мәнерлеп сәлем берді.

- Әликсалам. Молда болыңдар.

- Аман-есен жүрсіңдер ме? Кешіккенге қорқа бастап едім. Кел, Жұмат беттен сүйгіз. Соқталдай азамат болыпсың ғой. Мынау Бақтияр менің кенжем, Семейде медреседе оқиды, - деп Дәулетқажы қасындағы сәлделі кісіге қарады. – Имам, өзіңіз тексермесеңіз, бұл күшіктің не оқып, не қойып жүргенін мен қайдан білейін.

Имам түсі суық, қасы қалың, дауысы күмбірлеп шығатын кісі екен.

- Ә, солай ма? Бұл баланы намазда байқадым. Қимыл-қозғалыста қате жіберген жоқ. Мына екеуі бұрышта көздері бақырайып тұрды. Кімнің баласысыңдар? Ә-ә! Сендер неге намаз оқымайсыңдар! Ә-ә! Бақтияр, ораза, намаз неше жастан еді, айтып жіберші, кәні, білсең?

“Қиын сұрағы осы ма” деген жақтырмаған көзқараспен жымиған Бақтияр:

- Намаз жеті жастан бастап оқылады, ораза он төрт жастан бастап ұсталады, Кәрілер, екі қабат әйелдер, бала емізетін аналар, ауру-сырқаулар, сапардағы жолаушылар ораза ұстаудан босатылады. Олар әрбір ораза күні үшін підия – төлем береді.

- Дұрыс. Мұсылмандық шарттары қандай?

Бірінші, кәлем шағадат, яғни Алладан басқа алла жоқ, Мұхамед оның пайғамбары; екінші, Рамазан айында ораза ұстау, үшінші, тәулігіне бес рет намаз оқу, төртінші, жылына бір рет зекет беру, бесінші, өмірінде бір рет қажы сапарына бару. Осыларға кәміл сенетін және бұл талаптарды бұлжытпай орындайтын адамдар мұсылман саналады.

- Дұрыс. Зекет деген не?

- Шаңырақ мүшесінің әрқайсысы үшін жылына бір рет берілетін төлем.


  • Дұрыс. Пітір деген не?

  • Ораза айының соңғы күні берілетін төлем.

  • Дұрыс. Зекет мөлшері қандай?

  • Қырық қойдан – бір бас, отыз сиырдан – бір бұзау, бес түйеден – бір қой, жиырма алтыннан – жарты алтын, жетпіс күмістен – бір бүтін төрттен үш күміс, қырық бөлек матадан – бір бөлек, он бөлік бидайдан – бір бөлік.

- Дұрыс. Күнә не? Қылмыс не?

- Өзі жоқ адамның сыртынан өсек айту – күнә, өзгенің мүлкін ұрлау, дәулетіне қол сұғу – күнә, өзгенің намысына тию – күнә, жетім-жесірді қорлау, оның дүние-мүлкін пайдаланып кету – күнә. Алладан басқа Алланы тану – қылмыс, жазықсыз адам өлтіру – қылмыс.

- Дұрыс! Қажыға кім бара алады?

- Кәмелетке толған, ақыл-есі орнында, дені сау, жеткілікті дәулеті бар, еркін, жол қаупінен қорықпайтын, мерзімді уақытта жете алатын адам бара алады.

- Дұрыс! Мұхамед пайғамбардың әке-шешесінің әйелдерінің, балаларының, халифтерінің аттары кім?

- Әкесі Абдолла, шешесі Әмина. Әйелдері – Хадиша, Айша. Балалары Қасым, Тайыр, Ибрагим, Зейнеп, Рухыя, Үммүгүлсім, Фатима. Халифтері - Әубәкір, Омар, Оспан, Әли.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет