Екіншісі:
- Қайтеді-ей, Дударбасың? – деді.
Үшіншісі:
- Далаға неге лақтырып жібермейсің? – деді.
Үшеуі де етіктерін бұрынғы орындарына қайта әкеліп қойды.
- Әй, сендерге дауа жоқ екен, - деді Жұмат. Бағанағыдай емес, даусы бәсең. - Өзіміздің халімізді өзіміз ойламасақ, құримыз ғой мүлде.
Тастан кекесінін жасырмай, кеңк ете түсіп, танауынан күлді:
- Тазға тарақ не керек?
Әр жерден қарқылдаған күлкі, шуылдаған дауыстар естілді.
- Ойпырмай, не ақыларың бар? “Ойма тазға – он теңге, төбел тазға – төрт теңге, қырма тазға – қырық теңге” деп жүре беруші едік. Енді пәлеге қалдық. Мына Жұмат біздің таз екенімізді кәзитке де жазыпты. Одан бізге келер-кетер жоқ. Міне, Тастан қосылды. Ал не қыласың маған, шештім тақиямды, - деп тайпақ жалақ қара басын көрсеткенде, қыран-топан күлкі жауып кетті. Асқабақ секілді болып көрінген басы жып-жылтыр екен, бәске түссе көрсететін бір қылтанақ жоқ, әр жерде ойдым-ойдым шұңқыр бар, сірә, қорғасын дәрісін езіп жаққаннан қалған “ескерткіш” секілді.
- Өй, кетші әрі, - деді Тастан. – Кісінің жүрегін айнытпай. Сенің тазың емес, менің айтайын дегенім мүлде басқа нәрсе.
Тайпақ, жалпақ қара тықылдап болатын емес:
- Таз дедің ғой, ә! Таз дедің ғой. Мен сені Қарадәу деймін, ендеше. Менің азан шақырып қойған атым бар. Сәлімрахман.
- Ой-пой! Сәке болады ғой сонда. Екі еркектің атын өзің иемденіпсің. Оу, Сәке, кешір, - Тастан тістері ақсиып күліп тұр. Қоя тұршы енді, мына Жұматқа айтарымды айтайын.
- Айтсаң айта бер. Мен сұтап тұрмын ба? – Сәлімрахман әлі шақ-шақ етеді.
- Міне, берекесіздігімізді тағы көрсеттік, - деп кейіді Жұмат. - Өй, сенің атыңды атап, түсіңді түстеген кім бар? Одан да төсек-орныңды бір сілкіп жатсаңшы, байғұс.
- Қайындап келіппін бе? Маған бәрібір. Жата кетем, - деді Сәлімрахман.
- Жата кетіп көр. Сирағыңнан алып лақтырайын, - деді Тастан өзі бұзылыңқырап. – Тарылып кетіп Жұматқа қарсы сөз айтып едім. Әйтпесе адамдықтың жолы мұның нұсқап тұрғаны, өлікті де ақ жуып, арулап көмеді.
Біреу күңк ете түсті:
- Осы жерде өлсек, арулап көмдірер атаңның басы.
- Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі. Айтпа ондай сөзді. Мына жатар орнымызды неге таза ұстамаймыз расында? Айтыңдаршы, кәне, - Тастан жан-жағына қарады. Салбыраған қабақ, төмен түскен мойын.
Жұмат түтігіп кетіпті:
- Әлде аналар келіп тазартып бере ме? Өлмесе ома қапсын деп отыр. Былыққан, лас, оңбаған жұрт деп күнде күледі. Мазақ қылады сыртымыздан. Тіл түсінетін адам намыстан жарылып кетер еді.
Жігіттер жамырап қоя берді.
Басқа мазағы аз еді?
Өзімізде де бар.
Қайдағы ыбылыс осы иектеп алған?
Таза ұстайық қазірден бастап.
Тұр, кәне!
Әп-сәтте етік атаулы босағадан қаз-қатар орын алды, көрінген жерде шашылып жатқан бөлек-салақ киімдер жиналды; шелек те табылды, су да келді, еден тап-таза жуылды.
- Енді ұйықтайықшы шалжиып жатып.
Жастыққа басы тиісімен қор ете түскендер аз емес. Небір жағымсыз үндер шыға бастады. Тұншығып, шегі үзіліп бара жатқан, енді кетіп қалатын кісінің халіндегі әлдебір тұрпайы дыбысты тамағынан қырылдатып шығаруға серт бергендей жанталасқан күйдегі неше алуан пысылдаған, ыңқылдаған, сырылдаған адамдардың бірімен-бірі жарысқан дыбыстары ыбылыс-сайтан, жын-перілердің ойнағын еске түсіргендей болып, жер төленің ішін кернеп алып барады. Анда-санда айғайлап, “ата-апа” деп шошып оянғандар, аяқ-қолы селк ете түсіп, төсекті теуіп қалып жатқандар бар.
Төсек дегені добалдап қаға салған, әйтеуір, кісі жатуға боларлық бірдеңе, адам қозғалып кетсе, шиқылдап, ойбайлап қоя береді, жамбасқа батқан қу тақтай. Ішіне сабын толтыра салған төсеніш, жамылғы әбден сілікпесі шығып, шаң бұрқ-бұрқ етеді. Киімшең құлағанмен, бой жылынып, аяқ-қол жазылмайды, бүрісіп, сүмірейіп жатқандары.
Әсіресе Жұматтың мазасын алып, ұйқы бермейтін нәрсе – қасындағы жігіттің түн баласында көз ілмей, тық-тық жөтелетіні. Сол күндегі дағдылы әдет тағы басталды. Тық-тық еткізіп, балғамен ұрғандай.
- Әй Ғазиз, бүгін тіпті үдетіп жібердің-ау.
- Қайтейін, Жұмат аға. Жаныма батқан соң не қылам. Қасақана жөтеледі деймісіз.
- Бірдеңе етіп ұйықтасаңшы, сорлы бала. Ертең пұшпағыңнан су сорғалап жұмысқа барасың.
- Ей, аға-ай. Менде қанша тірлік қалды дейсіз. Майы таусылған шамға ұқсап сөніп барамын.
- Қой, олай деме. Жассың, әлі-ақ тәуір болып кетесің. Қатты суық тигізіп алғансың. Сен осы қай ауылдың баласысың.
Ғазиз мырс етіп күлді. Кімді кекеткені белгісіз.
- Аға, мен су ішіп келейінші. Тамағым тіпті жыбырлап кетті.Содан кейін айтайын. Ешкімге сыр ашқым келмеуші еді. Сіз үшін.
Талдырмаш, жұқа өңді осы бала жігіт өзгелерден оқшау көрінеді. Тостағандай қара көздері мөлдірейді де тұрады. Біреуге “сен” дегенді білмейді, ылғи “сіз”. Бір қоржын, бір домбырасы бар.
- Ал, енді айтайын, сұрап қалдыңыз ғой, - Ғазиздің жөтелі бәсеңсігендей болды. – Біз Дегелең таудың бауырын мекен еткен қазақтармыз. Ұзақ аққан бұлақтары, түйенің қапталынан келетін қалың қорық, биік шилері бар Тайлан өлкесінде тұрушы едік. Семей қаласынан әкем кіре тартатын. Жазғытұрым шанамен Ертістен өтіп бара жатқанда, мұз жарылып кетіп, суға кетіп өлді. Жолдастары көріп тұрыпты. Қолдан келер қайрандары жоқ. Марқұм ұзын бойлы, тарамыс кісі еді. Қалың өскен қап-қара мұрты бар. Осы сіздің тұлғаңыз, түр-түсіңіз әкемді еске түсіреді.
- Қазірге дейін білмеппін ғой, - деді Жұмат. – Сен менің нағыз етжақын інім екенсің-ау. Дегелең біздің Желтаудан алыс емес.
- Желтау дегенді естігем жоқ.
- Естімесең естімессің. Ол Баянауылдың бір сілемі.
Сәл жөтеліп алды да, Ғазиз:
- Қалғанын айтпай-ақ қойсам қайтеді, - деді. Дауысында өксік бар.
- Өзің біл, шырағым.
- Әкем өлген соң, шешеміздің төркіндері қоярда-қоймай, ағайынның қарсылығына қарамастан бір түнде қалаға көшіріп әкетті. Артымыздан қуғыншы келді. “Жесірімізді бермейміз, ұлды жетім етпейміз” – деп гүжілдесті. Қалада зорлық жасау қиын екен. Ақыры нағашымның үйінде қалып қойдық. “Жұт жеті ағайынды” деген рас, білем. Бір жылдан кейін нағашым, шешемнің ағасы аяқ астынан бүйірін ұстап жатып қалды да, кенеттен өліп кетті. Кемеде от жағатын. Өзінің шиеттей төрт баласы бар. Ұлардай шулап жетім-жесір артында аңырап қала бердік. Нағашымның жолдастары мені кемеге жұмысқа алдырды. От жағушының көмекшісі. Ылғи ашық тесік, гүрілдеген жел. Екі жыл істегенде тапқан олжам – осы жөтел. Басқасын айтып қайтейін, өзге сырым алақаныңызда ғой. Шаңқ ете түскен дауыс естілді. Сәлімрахман:
- Ұйқы бересіңдер ме, жоқ па? Көп қорыл, мол сырылға сендердің күбір-күбірлерің қосылды ма? Асан-Үсен болып кетсеңдер де қойыңдаршы. Құдай жолдарыңды оңғарсын.
- Мына антұрған әлі ұйықтамаған ба? – деді Жұмат. – Ер-азамат тағдыр салған тауқыметті жеңе білер болар, Ғазиз. Шыда.
Жұматтың оңайлықпен кірпігі айқасар емес. Көз алдында әр түрлі суреттер. Сылдырап аққан бұлақ суларының әуенін естігендей болады. Былдыр-былдыр еткен ұсақ толқындар бірін-бірі қуып, таласып барып, жойылып кетіп, қайта туып, жөңкіп барады. Тасты жарып, таудың кеудесінен шыққан қайнар созылып, жайдаққа түседі де, қайтадан жоғалады. Жарық дүниеде аз ғана тірлік етіп, қараңғылыққа, жер астына сіңіп кетеді. Бар көрген қызығы – бірер шақырымға жетер-жетпес қашықтықта шапқылаған еркелік. Кісі бойынан асатын ши қалың орман секілді көрінді. Әр жерде шөпті борт-борт жұлып, құйрықтары тегенедей болып төңкеріліп қойлар жүр.
Осының бәрі кенет көп су, мол дарияның астында қалды. Жұмат ағысқа қарсы малтып келеді. Қолы әбден талған сияқты, толқын ағыза бастады, тұншығып барады.
- Подъем!
Құлақтың түбінен біреу мылтық атып жібергендей шың ете қалды. Босағада күндегі әдетінше Холопов селтиіп тұр. Бетінің әр жерін біреу қаламмен ойнап отырып түртіп-түртіп жібергендей, қаптаған ноқаттары бар. Жігіттер алғаш көргенде-ақ оның шенін де, атын да, фамилиясын да лақтырып тастап, Тарғақбет қойып алған. Сол Тарғақбет аяғының былғанышына қарамай былш-былш басып, сөйлеп жүр.
- Міне, тәртіп. Мен ойламадым, болады деп бұлай. Кім тазартқан? Өздерің!?
- Ішіңді ұрайын, не деп оттап тұр. Қатынымыз келіп жуып берді дей ме? Әй, тіл білетіндерің мына бетін сауысқан шоқып кеткен немеге түсіндірші, - Тастан жуан, қайыс белбеуін жүре буынып жатып, гүж ете түсті.
Тарғақбет дауыс шыққан жаққа жат қарады:
- Тез, тез. Жұмыс бүгін былай, - деп кеңірдегін көрсетті.
- Жұмыста басың қалсын, басың қалғыр.
Асығыс киініп, беті-қол жуып болған жігіттердің алды асханаға саулап кіріп жатыр.
- Суға құлаған жылқы секілді бас қоюларын.
- Садаға кет жылқыдан.
- Рас айтасың, бізден Сарыарқада еркін жайылып, тұнықтан қанып ішіп жүрген жылқы әлдеқайда бақытты шығар.
- Уәй, сен де мыжи береді екенсің, адам мен малды салыстырғаның қай тантығаның.
Темір тәрелкенің ішіндегі сорпаны аузына енді апара берген Тастан:
- Түу, лағнет, - деп жиіркеніп, қасықты тарс еткізіп тастай салды. Бір кескен құйқасы бар, майлы ет жерге былш ете түсті.
- Бұл немені тидық дегені қайда?
- Тағы сол ма?
- Ойбай-ау, не дейді!? Біреулер лоқси бастады. Шаң-шұң көбейді.
- Құдалыққа келіп пе едің? Қой сойып бере ме? Көнсең де осы, көнбесең де осы. Әнеугіден бері ішіп жатқан сорпаң нанға илеген котлет дегені – бәрі шошекеңнің еті, білдіңдер ме? – деп Сәлімрахман шықты шіңкілдеп.
- Өй, аузыңа келгенді көйтпе, босқа тантыма!
- Сендер секілді сахараның шүлені емес, мен сияқты зауыттың қара сирағына бәрібір, - деп Сәлімрахман сорпаны сораптап іше бастады.
- Кетші-ей, әрі, адамның жүрегін айнытпай.
- Таста былай.
- Аштан өлсек те, адал өлейік.
Тарғақбет айқай-ұйқайдан, сермелген қол, адырайған көздерден бір нәрсенің болғанын сезді.
- Не? Не боп қалды?
- Әкең өлді деші анаған.
- Мына аяқпен басын жарып жіберейін бе осы!?
Төмен қарап, қабағы салбырап отырған Жұмат жігіттерге не дерін білмей дал. Тері тарамыстарына ілінген өңкей аш-арықтарға тамақ талғайтын кез бе осы. Туғалы ауыздарына алмаған асты байқамай жеп қойса да, іштері ауыра бастайды. Ет, сүт, айран, ірімшік, құрт, бауырсақтан өзге дәмді білмеген кісіге борщ, щи дегендерің суға қайнатқан шөп болып көрінуі рас. Бәрінен жиіркеніп, құр қара нан, қара сумен бұралып жүргендер қаншама? Бұл жағдайды кімге айтады? Айтқанмен кім түсінеді? Тағы бүлік шықты, міне. Өзектері күйіп, шектері үзіліп, асқазандары мысық тырнағандай болады. Жігіттердің алды тұрып кеткен.
- Қайда барсаң – Қорқыттың көрі. Атасына нәлет!
Жұмат аспаздардың үлкеніне барады. Денелі, қырықтың жуан ішіндегі екі білегін сыбанған адам құлағым сенде деп тұр. Мән-жайды түсіндіріп айтқан соң:
- Сіз орысша жақсы біледі екенсіз, татарсыз ба? – деді.
- Жоқ, қазақпын.
- Ондай жұрт бар ма?
- Болғаны ғой.
- Кешіріңіз. Білмеген соң, сұраудың айыбы жоқ шығар. Мәселен, менің ұлтым – латыш.
“Антұрғанның өтірік көлгірсуін. Калбит, киргиз, жид, хохол дегендер мен шығарған сөз бе? Кемітіп, кемсітуге тапқандарың емес пе? Одан да мына сорлылардың асын дұрыстасайшы” деді Жұмат іштей.
- Бүгінгі айғайдың неден шыққанын сезіп тұрмын, - деді аспаз. – Барлық кінә менен.
“Сенің кінәлі, кінәсіз болғаныңнан не пайда. Қанша адам аш кетті? Тәлімді кісіге ұқсағансуын қарашы сапбастың”.
- Сиыр еті бітіп қалды. Жаным ашып, күндіз-түні жер қазып, өзектері талып жүрген солдаттарға құр сылдыр су не болады деп, қоярда-қоймай шошқаның етінен сорпа жасатқан мен едім. Сарымсақ, бұрыш, картоп салғаннан кейін сезілмей кетер десем, оным бекер екен. Барлық кінә менің мойнымда. Мүмкін болса, кешіріңіздер. Мүмкін болса, жігіттеріңізге түсіндіріп айтыңыз, жақсы ма?
Жұмат аспаздың көзіне қарады.
“Бейшараны бекерге күйдіріппін ғой. Жаным ашыды дейді. Кінә мойнымда дейді”.
- Мен осы асханада тұрсам, екінші рет қайталанбайды.
Қапелімде аузына сөз түспей қалған Жұмат:
- Рахмет! – деді екі қайтара. – Аты-жөніңіз кім?
- Балташас Арманд Вилисович. Мынаны жігіттерге ала барыңыз, - деп аспаз қапшықты арқалатып жатыр.
- Бұл не?
- Нан.
- Арманд Вилисович, тағы үлкен рахмет.
Осы кезде Тарғақбеттің таныс даусы шаңқ ете түсті.
- Шанин! Ол не нәрсе? Таста кәне сол жерге, шагом марш.
Тарғақбетке бір, Балташасқа бір қараған Жұмат ішінде екіұдай сезім арпалысып, далаға қарай жүгіріп шығып, саптағы өз орнына қалай тұрғанын білмей қалды.
- Шагом марш!
Көз алдында сұр шинельді жігіттің желкесі, құлағында тырп-тырп еткен керзі етіктің дыбысы, ойында Балташастың айтқан сөзі бар Жұмат әбден мезі қылып, ерқашты еткен бұйрықтың ырғағымен аяғын сүйреп басып келе жатыр.
Түнімен жауған жаңбыр жердің миын шығарып тастаған. Кішкене жүргеннен кейін етікке жабысқан батпақ зіл батпан болып, жүрісті мандытпай қойды. Кейбіреулер сүрініп, кейбіреулер тайғанап құлап, үсті-бастары лай болып тұрып жатыр.
Көзіңе қара!
Жіті бас!
Сол иық алға!
Тек ұшар бастарында ғана селдір бұтақтары бар қарағай көмкерген алаңқайдан өткен соң, бірнеше күннен бері жұмыс істеп жүрген даладағы итарқалар көрінді. Негізгі сайман, лом темір, қайла, күрек сонда тұрады.
Омбыдан шыққаннан кейін апталап жолда жүріп іштері пысқан дендері сау жігіттер алғашқыда:
- Өй, тәңірі. Арыстанның аузына түсетіндей көріп едік. Солдатының барлық істейтіні жер қазу болса, быт-шытын шығармаймыз ба? – деп бәрі деп бір кісідей жұмыла кіріскен. Мынадай алпауыт қимылды көрген офицерлер:
- Міне, жігіт. Сендерді патша ағзам солдатқа алғанда осы қайраттарыңды білді ғой. Жарайсыңдар, - деп мақтап та қойған.
Рига қаласына жақын жерде тұрған, он екінші инженерлік армияның негізінен Омбы қаласынан жіберілген мың қазақ жігітінен құралған бөгде жұрттар тобы окоп, траншея қазу, түрлі қорғаныс, бөгет салу жұмыстарына жегілді.
Таңның атысынан күннің батысына дейін бел көтермей балшықпен, темірмен арпалысу өз алдына, қарулы солдаттың мылтығы мен қылышының астында қорлық халде еріксіз, мүсәпір кейде тырбаңдау намысты шабақтап, жігерді қайнатты.
Тағы да, күндегі дағды бойынша күрек, қайлаларын алған жігіттер топ-тобымен бөлініп, өз орындарына бара жатыр. Асханадағы оқиғадан соң бәрінің де түстері суық, шашау шыққан сөз жоқ.
Қайда салса шаршауды білмейтін, қабағын тас түйіп алып, үнсіз жүретін Тастан бүгін күректің ұшын болар-болмас қимылдатады. Аспанға қарайды.
- Төбеге іліп қойған секілді осы бір қорғасын бұлттар ит-жынымды келтіреді. Албастыдай басып төнеді де тұрады. Онсыз да езіліп жүргенде, еңсеңді көтертпейді-ау, көтертпейді.
Жұмат ақырын жымиып:
- Аспандағы құдайдың бұлтымен арпалысып қайтесің. Күн жылынса, бұлт шіркін кетеді ғой. Басымыздан аумай тұрған сұм тағдырдың бұлтын айт одан да. Сол қасірет бұлтының тарқауын тіле, - деді.
- Е, бауырым. Құдайдан тілеп жатырмыз ғой. Бірақ ол да берер пендесіне берер. Екеуіміздей сорлыға не береді? Өзіңе сен! – деп Тастан күректің жүзін сазға тереңдетіп батырып-батырып жібергенде, күтір еткен дыбыс естілді.
- Тағы сындырдың күректі. Дезертир! Сен әдейі сындырасың жұмыс істемеу үшін, - деп Тарғақбет қалш-қалш етеді.
- Күректі айтасың, жыным түссе, мен сенің мойныңды жұлып алам. Өзекті жанға – бір өлім. Білдің бе?
Екеуінің ортасына келіп тұрған Жұмат:
- Әй, Тастан, қайтесің осы итаршыны шәуілдетіп, - деді. – Басқа күрек ал.
Тарғақбет дұшпанын мұқатқандай мардымсып, үйілген топырақтың үстіне шығып, темекі тарта бастаған еді, кенет тез басып Ғазиздің қасына келді.
- Күшік! Сен де өнер көрсеткің келе ме? Қимылда, кәне.
Кеудесін ұстап, жөтелін баса алмай тұрған Ғазиздың түсі өзгеріп кетіпті, көздері жасаурап тұр.
Тарғақбет қамсыз тұрған Ғазизды ту сыртынан мылтықтың дүмімен итеріп қалды. Ғазиз балшыққа етбетінен түсті. Тұра бере, аяғы тайып кетіп, жамбастап және құлады.
- Ит қорлық-ай, - деді жыламсырап.
Жұмат қалай айғайлап жібергенін байқамай қалды.
- Сырқат екенін көрмейсің бе? Дәрігерге жібер.
- Қайдағы сырқат? Жалқау. – Тарғақбет ордың ішіндегі жігіттердің төбесінен қарап тұр. – Сен, Шанин, жанашыр болмай-ақ қой. Білеміз сырыңды сенің де. Кәне, қимылда. Қимылда тезірек.
Тастан толтырған зембілдің түбі сынып, саз топырақ жерге сау ете түсті. Анадай жерде екі офицер келе жатқан. Бері бұрылды. Сырықтай ұзыны қанын ішіне тартып тұр екен:
Неге шабан қозғаласыңдар? – деді сыздап.
Шамамыз жеткенше, аянып жатқан жоқпыз.
Әлде Россияның Германия табанында жатқанын көргілерің келе ме?
О не дегеніңіз?
Әлде патшаға қарсылық індеті сендерге де жетті ме?
О не дегеніңіз?
Сырықтай ұзын офицер ордың ішіне секіріп түсіп, Жұматтың алқымынан сығымдап ұстай алды:
- “О не дегеніңіз?” Сен бұралқы неме мазақ қылмақсың ғой? Табанда атып тастайын ба? Қай құдай алар екен менің қолымнан. Кім сұрар екен сенің құныңды! Жабайы қырғыз. Қара мұны, орыс армиясы үшін окоп қазғаныңды сен неге бақыт санамайсың өзіңе! Даланың босқыны!
Капитан шеніндегі екінші офицер сылқ-сылқ күліп тұр.
- Митрофан Петрович, мен сізді ұстамды, ақсүйек офицер ме десем, урядник тектес екенсіз ғой. Нәрсіз бұралқы үшін жүйкеңізді тауысып, ашу шақырып, қолды былғауға бола ма? – Кенет капитан түсін суытып қоя берді. – Карцер, түрме не үшін керек? Тіпті болмаса, сөзді шығын қылмай атып таста. Жалғыз оқ жалынсын. Мен үшін қашанда мың сөзден бір қорғасын артық.
Мына сойқанды кірпік қақпай, анық көріп тұрған Ғазиз офицер қапталындағы бесатарға көзі түскенде, жүрегі кеудесіне сыймай дүрсілдеп, қол-аяғы мұздап бара жатқанын сезді. Намыстан күйіп, түтігіп, қап-қара болып, тістеніп алған Жұматты қолтықтай берген Тастан:
- Айналайын, үніңді шығармашы. Жауыз жендеттер масқара қылып атып тастап жүрер. Шыдашы, аналар бұрылып кеткенше шыдашы, - деді дәмі үздігіп шығып.
Жұмыс кезінде, кешкі ас үстінде Жұмат жұмған аузын ашқан жоқ. Үлкен көздері суық ызғармен жарқырап, қанын ішіне тартып алған. Еш нәрседе шаруасы болмай, төсекте шалқасынан жатыр. Араларында бір-екі ауыз ән айтатын, тыңқылдатып домбыра тартатындар бар. Бәрінің жармасатыны – Ғазиздың көзінен таса қылмайтын қызыл күрең домбырасы. Мойны қысқа, шанағы үлкен. Алғаш қолға ұстағанда-ақ мініскер шебердің аршадан жасағанын Жұмат бірден білген. Шіңкілдемей, былдырламай күңіренген қоңыр дауыс күмбірлеп төгіледі. Осы шек таққан қу тақтай алыстағы елді, атамекен, ағайын-туысқанды еске түсіреді. От басы, ошақ қасы, түтін иісін ойға оралтады. Шұрқыраған жылқы, қайтқан қаз, мамырлаған аққу келеді көз алдыңа.
Кенет берекесіз әләуләй мен тыпыр-тыпыр тыйылып, жаратылысы бөлек, бітімі оқшау дыбыстардан құйылған әуен сорғалап, жосылып жөнелді. Бір әуезбен басталып, сол арнаны қуып жүретін дағдылы сарын емес, ырғақ сан-алуан өзгеріп, құбылып отыратын мол тынысты күй тартылды. Жұмат бұрын естіген, әсіресе, бала күндерінде нағашысы Алтыбай шертетін ескі сарынның тірілгеніне таңырқайды.
Жарықтық, төртбақ, қаба сақалды, көзі шүңірейген адам еді. Саусақтары жуан болатын. Бала көңілі добал қолмен қысқанда, домбыра қалай сынып кетпейді деп ойлайтын. Төгілтіп күй тартып жөнелгенде, бала Жұматтың көз алдына толқыны жағаны ұрып жатқан Жасыбайдың көлі, басын бұл торлаған Баянауылдың тауы, кісі деген құж-құж қайнаған Қояндының жәрмеңкесі, апталап соққан қаңтардың бораны келеді. Өзгелер ұстаса есіл домбыра тұсаулы ат секілді текіректейді де қалады.
Өй, көп жасағыр.
Саусағыңнан айналса етті.
Әбілет басып тұрғанда, бір серпілтіп тастадың-ау.
Есіл Ғазиз-ай, қайран өнерің қор болды-ау.
Ұрпағың өспегір залым патша топырақ қаздырып қойды ғой.
Жұмат орнынан тұрып қараса, жігіттер Ғазизды алқа-қотан қоршап алған. Ғазиз бетінің қаны қашып, көзінің қиығы қызарып, домбырасын еркін сілтеп, шешіліп тартып отыр. Арасында бір-екі ауыз сөз қосады:
- Мынау сол Тәттімбеттің көңілі құлазып, жүрегін қайғы қысқанда шығарған “Көкейкесті” күйі деседі.
Тартып жөнелді. Жұматтың көз алдына боз інген келді. Желінінен тамған аппақ сүт ағаш шелекке сырт-сырт етеді. Жұматтың көз алдына көк аспан, аққулар келді. Кең серіпкен қанаттар зу-зу етеді: Ақ сүт, аққу, көк аспан. Жараның емі осылар екен. Тынысы кеңіп, дүние жарқырап кеткендей көрінді Жұматқа.
- Шаршадың ғой, демалшы, - деп Тастан Ғазиз қолындағы домбыраны өзі алды. – Мен сендерге Біржан салдың “Жамбас сипарын” айтып берейін.
- Не дейді-ау, батырың!?
Кісінің көңіліне қайдағыны түсіргені несі?
Тастанның жуан, серпінді дауысы бар. Нобайын келтіргені демесе, иірім, ырғақ, толқындардан шатаса береді.
Есік қағылды.
- Бұл кім қылымсыған, - деп Сәлімрахман орнынан атып тұрды. - Өй, тәйірі, асханадағы құстұмсық екен ғой. Балташас жылы жүзбен “кеш жарық” дей беріп еді:
- Тамағыңды дұрыстап істемейсің бе? қатынбасша, күніне жүз амандаса ма осылар? – деп Сәлімрахман шағып алды.
Жұмат орнынан тұрып, орын беріп:
- Уай, Сәке, қойсайшы қыңыратқи бермей. Мән-жайды бағана түсіндірдім емес пе? Бізге жақсылықтан басқа ойлайтыны жоқ бұл азаматтың. Қасқыр көрген қой секілді жағалай үрке қалғанымыз ұят болады. Балташас, Арманд Вилисович деген латыш азаматы. Аты-жөнін біліп алыңдар.
Тағы шу ете қалды жігіттер.
- Ойбай-ау, өзіміздің жігіт екен ғой. Балташы – ұлы әкесі, Біліс - өз әкесі, аты Арман, сонда бұл ұзын тұраның қазақ болмағанда несі қалды? Жұмеке, руын айтып жіберсеңіз енді.
- Сыйлы, өздеріңе жақсылық ойлап жүрген адамға теріс ат қоймасаңдар, іштерің кебе ме? Өз есімімен сөйлесеңдер іштерің кебе ме? – деп Тастан гүж ете түсті.
Жан-жағына жұмсақ қараған Балташас қазақша түсінбегеніне қысылғандай кейіппен, кешірім сұрағандай болып:
- Өтіп бара жатып дауыстарыңды естідім. Музыканы жаным жақсы көреді. Еріксіз бұрылдым. Айыпқа бұйырмаңдар, - деп домбыраға қарап салалы саусақтарын созды, - Бұл не деген аспап? Балалайкаға ұқсайды екен. Кәне, тартып көрсетіңдерші.
Ғазиз “сен не түсіне қояр екенсің” деген кекесінмен күлімсіреп отырып “Дайрабайдың күйін” тартты.
Балташас аяқ астынан қуанып, таңырқай бастады.
- О, қарапайым аспаптан қандай күрделі мелодия шығады. Сен музыкант боп туған адамсың ғой. Осы әуенді қайталашы.
Ғазиз күйді тағы бір тартып біте салысымен, Балташас “Дайрабайдың” әуенін аузымен уілдеп отырып салып берді.
- Астапыралла!
- Балташының немересі аузымен күй тартып отыр.
Жігіттер түгел аңтарылып қалған. Осы халді өзі де сезе қойған Балташас:
- Таңырқайтын ештеңе жоқ. Ептеп нотадан, музыкадан хабарым бар. Бала күнімде шіркеудегі балалар хорында ән салдым. Музыкант болсам деп те арман еткенбіз, - деді.
Бағанағыдай емес, жігіттер аспазға сеніммен қарай бастады. Сәлімрахман:
- Бізде орыстың домбырасы да бар, - деді.
- Ол не дегенің? – аспаз күлді.
Сәлімрахман иегімен қабырғаны нұсқады. Балташас дауыстап жіберді:
- Скрипка? Сендерге скрипка неге керек?
Бұл жолы Сәлімрахман иегімен Жұматты нұсқады:
- Мына таздың аузының орнына иегі сөйлейтін болған ба? Ду күлкі.
- Кімнің скрипкасы?
- Менікі, - деп Жұмат скрипканы қолына алды. Бір-екі рет шалғымен скрипка шегін дызылдатып өтті.
Бөлме ортасына барып тұрған сыптай жігіттің ұзын шашы, қою мұрты, қыр мұрыны, дөңгеленген көзі, сұлу тұлғасын көрген Балташас мынау италия актерларына ұқсайды ғой деп ойлады. Не тартар екен? Шеберлігі қай дәрежеде?
Кенет скрипка сөйлеп қоя берді. Кең шалқыған, шетсіз, шексіз толқындай төңкерілген музыка құйылды. Балташас мүлде естімеген, ғажайып дала мелодиясы жан-жүйені баурап барады. Аздан соң жігіттертүгел қосыла бастады:
“Көзімнің қарасы,
Көңілімнің санасы...”
Зарлы, мұңды, сағыныш сазы күңіренді. Аласа, алакөлеңке казарманы еркін әуен төңкеріп тастайтын сияқты. Музыка тынғанда Балташас Жұматтың қасына жетіп барды:
- Браво, маэстро! Тамаша!
Ақырын бас иген Жұматқа Ғазиз қолқа салып жатыр:
- Аға, балнизды тартыңызшы.
Достарыңызбен бөлісу: |