Ай қанатты арғымақ



бет7/19
Дата25.12.2016
өлшемі4,1 Mb.
#4410
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   19

- Е-е, соны тартшы. Балниязды, балниязды!

Өз көзіне, өз құлағына өзі сенбегендей Балташас орнынан атып тұрды.

- Құдай-ау, сіз Огинскийдің полонезін тартып тұрсыз ғой. Неткен өнерлі жан едіңіз. Кімнен, қашан, қайда үйрендіңіз?

Сәлімрахман Балташасты етегінен тартып, столға отырғызып жатыр:

- Сөзді қой, тыңдайық. Жұмат балниязды не ақылына тигенде, не ашуына тигенде тартады. Басқа кезде ат мінгізіп, шапан жабам десең де тартпайды. Сөзді қой, тыңдайық.

Балташас жан-жағына қарады: бөлме ортасында өзін-өзі ұмытып, шабыт рахатына бөленген өнерпаз: жан-жақтан қаумалаған, музыка ләззатымен балқыған отты көздер.

Огинскийдің полонезі шалқып кетті.

- Өлмес музыкада жаттық жоқ екен. Нәсіліңе, ұлтыңа қарамайды – ортақ қазына, - деп аспаз күрсінді. Ал құдіретті әуен каприччоны тудырған Паганиниді шіркеу төңірегіндегілер өмір бақи қудалағандары аз болғандай, өлген соң жерлеуге рұқсат бермей қойған. Артында қалған ұлы әке сүйегін ұзақ жылдар арқалап жүріп, ақыры әке аманатын орындап, қалаған тұсына жерлейді.

Жігіттер шу ете түсті:

- Ойпырмай, өлікті қойғызбайтын сұмдық заңдар да бар екен-ау, о заман да бұ заман!

- Мынадай күй шығарған есіл өнерпазды сонша қорлағандары несі екен, құдай атқырлардың?!

- Ұлы да ұл-ақ екен, шіркіннің.

Балташас скрипканың шанағын иегіне апара беріп:

- Ал, мен сендерге өз елімнің “Қарағай жыры” деген бір халық әнін тартып берейін, - деді.

Жеделдеу тартылатын ырғақ әуелде тосаң естілгенмен, бірте-бірте сыңсыған, шулаған, желді күнгі қарағай орманның шуылына ұқсас сарын гуледі.

- Балтаның немересінің бармағынан бал тамып тұр ғой. Асханада жүргенде нансоғар, сал бөксе ме десем. – Суырыла бастаған Сәлімрахманға бірнеше көз ажырая қадалды.

- Бұл неткен концерт? – Тарғақбет тарс еткізіп есік ашып кіріп келді. – Тарқа, кәне!

- Сенің нең кетті!

- Әй, Балташас, осылармен үйір болып барасың, байқа.

- Ботқа пісіріп берсем жарамай ма? Өзге істі өзім білем ғой.

- Көрсетермін өзім білгенді. – Тарғақбет Жұматтың жанына келді. – Мәссаған, скрипка тартады-ей, мына жаман.

- Боқтықтан өзгені білмес сен дейсің бе? – Тастан отты көзбен атып отыр.

Тарғақбет ысқырып қояды:


  • Кәне, Шанин, “Боже, царя храниді” тартшы.

  • Оны білмеймін.

  • Әлгі тартып тұрғаның не.

  • Естідің емес пе?

  • Мұның құлағын аю басып кеткен, - деді аспаз.

Жігіттер қарқылдап күліп жатыр.

Тарғақбет айғай салды:

- Балташас, Шанин. Мен қазір хабарлаймын. Мыналарың жасырын жиналыс, саботаж. Тыйым салынған әндер айтасыңдар, ә? “Боже, царя храниды” білмейсіңдер. Көрсетем сендерге. Түрмеге қаматсам, біліп шығарсыңдар, - деп Жұмат қолындағы скрипканы жұлып алмақ болып ұмтылды.

Жігіттер ала көзбен атып қарап қалған. Күтпеген жерден Балташас килікті.

- Ей, Холопов. Мұның қай бейбастақтық. Жұмыстан кейін бұлар өлең айтпа, ән салма, сонда не істейді? Кәне, скрипкаға тиісіп көрші.

Тарғақбет бағанадай емес, бәсеңсіген.

- Осының бәрін бастықтарға қазір жеткізем. Тапқан екенсің кіммен дос болуды. Қамқоршының сиқын, - деп Балташасқа сес көрсетіп, есікті сарт еткізіп жауып, шығып кетті.

- Ә, оттай берсін. Мұнан да үлкен құқайды көргенбіз, - деді аспаз жігіттерге қарап. – Немене қабақтарың түсіп кеткен. Әлі-ақ соғыс бітеді, елдеріңе қайтасыңдар. Қалыңдықтарың жолға қара, екі көздері төрт болып отырған шығар. Сендердікі қанша ауыр десек те, жұмыс қой. Ал қанша боздақ бостан-босқа майданда қырылып жатыр. Не үшін, кім үшін өлетіндерін өздері де білмейді.

- Ақ патша үшін соғысып жатыр ғой, - деп Сәлімрахман тұтқиылдан қосылып кетті.

- Е, патша халқына жаны ашыса қан төгіске жібере ме? – деді Тастан.

- Патшаның кім екенін анық білетін күн алыс қалған жоқ, - деді Балташас. – Жұмат, сен мені шығарып салшы.

Казармаға түннің бір уағында оралған Жұмат жігіттерді оятып алмайын деген сақтықпен аяғының ұшымен басып келіп, төсегіне жайғасты. Омбыда Машинский заводында бухгалтердің көмекшісі болып істеп жүргенінде жұмысшылардың жасырын жиналысына баратын. “Патша еңбекқорларға қысым жасап, қанап, сорып отыр. Ресейді әділетсіздік, парақорлық, зорлық-зомбылық жайлаған. Еңбек ететін біздер – жұмысшылар, қызық көріп, рахат кешетін – алпауыттар. Басы патшаны қосып, сол жалмауыздардың көзін жою керек. Ол үшін ұйымдасу, бірігу қажет. Сонда ғана баршаға еркіндік, теңдік, тоқ тұрмыс туады” деген үй-іштерінің ауыр халін тағдыр тауқыметі, құдайдың жазғаны санайтын бала жігіт келе-келе кесепат адам қолында, үлде мен бүлдеге бөленіп жүргендер есе-сыбағаны ұрлап, барымталап жатқанын ұға бастаған. Сөйтіп жүргенде солдатқа алынудың бұйрығы сап ете қалды. Мұнда келгеннен бергі көрген азап, шеккен қорлық тамұқта да болмас.

Әлгі Балташас сөздерінің сырағысы сол Омбыдағы жұмысшылар ортасындағы пәтуамен бір әуендес. “Есе теңдікке қол жетер күн туады. Сендер Ресейдің тең құқылы азаматы боласыңдар. Шын Отан қорғау қажет еткенде, күрек, қайла емес, мылтық ұстап атанасыңдар” – дегені алалап, бөлмегені, теңсің дегені емес пе?

“Шамаң жеткенше, қазақ жігіттерінің арасында еркіндік, теңдік жөнінде үгіт тарат” – дегені – отқа итергені емес болар. “Ресейді азат ететін жаңа толқын, ұлы толқын туып келе жатыр, сол ағыстың ішінде сенің де жүзуің керек” деді ме?

Ғазиз тық-тық жөтеліп алып:

- Аға, күбірлеп жатырсыз ғой. Бір жеріңіз ауырды ма? – деді.

- Сөйттім бе? Сен ояу ма едің?

- Ей, аға-ай, кейінгі кезде менің ояуым қайсы, ұйқым қайсы – белгісіз болып кетті ғой. Шыныңызды айтыңызшы, біз елге қайтамыз ба, жоқ па?

- Олай деме. Не нәрсенің де ақыры бар. Соғыс бітеді. Ауылға қайтамыз. Қымыз ішкен соң, жөтелің басылып, құлан таза жазылып кетесің. Келін түсіріп, той жасаймыз. Сен нешедесің осы?

- Шіркін-ай, ауыл десеңізші! – Ғазиз жұтынып қойды. – Он алтыдамын.

Жұматтың дауысы қаттырақ шығып кетті:

- Ендеше солдатқа қалай алды?

- Пәлі, аға! Бірінің етін бірі жеп жатқан жыртқыштар мен секілді сорлы жетімді аясын ба? Он тоғызда деп жазды да жіберді. Болар іс болды ғой, оны айт не, айтпа не – келер-кетер жоқ.

- Тұра тұршы, - деді Жұмат. – Сен солдатқа қай жерден алындың?

- Бәрібір ғой, аға. Сұрап болмадыңыз, айтайын. Кемеде жұмыс істеп жүргенде суға түсетініміз бар-ды. Өзіңіз білерсіз, Ертіс – ағысы өте қатты өзен. Бірде қасымдағы Теміржан деген үлкен жігітке ілесіп, алысқа жүзіп кетіппін. Неге өйткенін әлі білмеймін, еркін малтып келе жатқанда, кенеттен аяғымның сіңірі тартып қоя берді. “Ағатай” деуге ғана шамам келді. Өлдім-талдым дегенде Теміржан байғұс жағаға шығарды. Осы жағдайды шешеме келіп айтады: “Балаң өлімнен қалды. Садақа бер. Құрбандық шал”. Сорлы ана жылап қоя берді: “Енді көрмегенім қу жалғыз сенің ажалың еді. Қанды су Ертіске жұтқызғанша, мойныма бұршақ салып, қайыр тілеп неге кетпеймін. Сенен айрылсам әкеңнің аруағының алдында не бетімді айтам мен бейбақ? – деп зарлап отырып-отырып, бір күні қайтадан Дегелеңге көшеміз деп әлек салды. Тайлан ауылынан бір-ақ шықтық. Екі айдан кейін солдат деген сұмдық естілді. Енді, міне, соның бел ортасында жүрміз, аға, - деді Ғазиз.

- Е, қаршадайыңнан азапқа белшеңнен батқан бала екенсің ғой, - деп күрсінді Жұмат. – Ер-азаматтың басына не келіп, не кетпейді, берік болу керек.

- Аға, - деді Ғазиз үніндегі дірілді жасыра алмай. – Бір қолқа салсам қайтеді сізге?

- Ой, айналайын, айта ғой.

- Ендеше мен ана орыс домбырасына қызығып жүрмін. Үйретсеңіз қайтеді?

- Скрипка дейді оны. Ұғып ал – скрипка. Домбыраны жақсы шертетін адамға басқа аспаптарды тарту қиынға соқпайды. Мен секілділерді өз бетімен үйренген – самоучка дейді. Нәсіп жазып, елге қайтсақ, сен қаладағы арнаулы мектептен оқып, білімді өнерпаз боласың. Орыстар қабілетті, икемді адамдарды іздеп тауып, туысынан бөлек жаратылған деп қасиеттеп, оқытып, мәпелейді. Музыкант етіп шығарады. Қазақша түсіндіргенде, әнші, күйші, өнершіге тәрбиелейді.

Демін ішіне тартып, бір сөзді қалт жібермей сергек тыңдап жатқан Ғазизге үлкен тас үйлері, сән-салтанаты мол шаһар Жұмат ағасы сызылтатын скрипка әуенінде қалқып тұрғандай көрінді. Келесі сәтте скрипка әуезімен аққуларды мамырлатып, бұлт атасында өзі қалқып жүр екен.

“Таңертең түндегі тозақ қайта басталады. Мылтық ұстаған қарауылдар ыздиып тұрады” деп ойлаған Жұмат аяқ астынан жолға шығатын болды.

- Шанин, бір адым алға! – деген команда берілді.

“Е, кешегінің кесепаты шығар. Көп болса әнеугідей карцерге қамарсың, басқа не қыласың”. Іші азынап тұрған, көрдей қараңғы сыз, торлап тастаған алақандай терезеден болар-болмас сәуле жыламсырап әрең түсетін карцердегі бір апта есіне қайта оралғанда, Жұматтың бойын суық тер жауып кетті. Бір аяқ ботқа, бір тілім нан, үш кесе су – тәулік нәрі сол. Оған көнген. Далаға шығарғанда “Кішкене демала тұрайыншы”, - деген. Кісіге қасқырша қарайтын қарауылдың шықшыттың астын ала ұрып жібергенін аңғармай қалды. Жұдырығы тастай қатты екен, ат тепкендей болып, Жұмат шалқасынан ұшып түсті. “Жат осылай”, - дер қарауыл жүрек, бүйрек тұсынан теуіп-теуіп жіберді. Бұл аз болғандай, “үндемеуге үйренесің” деп аузынан да теуіп қалды. Сол соққыдан бір тәулік орнынан тұра алмай жатқан. Темір есік шиқылдап ашылғанда кіріп келген ұзынтұра офицердің айтқаны: “Жаралансаң – жазылады, сүйегің сынса – бітеді, карцер сендей қисықты не түзетіп шығарады, не о дүниеге аттандырады. Басқа жол жоқ, екінің бірі. Офицерге қарсы шығып, бұратана солдатқа ара түсетін мықтыны көрейік енді”.

- Немене, әкең үйіңде жатқандай шіренесің. Кәнеки, тұр! Мынауың бұйрыққа бағынбай ма? Сөз шығарып тастадым-ау деймін. Ұзынтұра күзетшінің қолындағы винтвокаға қолын созды.

“Атып жіберер ме екен?” – деген ой найзағайдай жарқ ете түсті.

- Қалай? Қалай? – деп Ұзынтұра штыкты зорланып орнынан әрең тұра бастаған Жұматтың қара санына кірш-кірш еткізіп, тығып-тығып алған.

Осы жолғы команда тіпті қатты естілді.

- Саңырау болып қалғансың ба, Шанин? Бір адым алға!

Карцерге түскенде көрген қорлығы қас-қағымда қайта көз алдына елестегенде Жұмат басы айналып, буыны дірілдеп тұрғанын сезді.

- Мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясына бұратана жұрттардан алынған солдаттардың делегациясы барып, өздері үйлерінде ішіп-жейтін тамақтарды беру жөнінде өтініш айтыпты. Ұлы мәртебелі патшаның мейірімі кең. Енді сендер жылқы етін жейсіңдер!

Полковник шеніндегі домаланған семіз, қасқабас офицер мына сөздерді айтқанда, қазақ жігіттері біріне-бірі таңырқаған кескінмен қарап қойды. “Думадағы мұсылман фракциясынан кім қорқып жатыр. Думаның өзі ойыншық болып кеткен заман. Солдат делегациясы дейді? Ә, сондай үлкен бір дүмпу болмаса, түгел аштан қырылып қалсақ бақайынан келер ме екен. Жаман-жәутік поручик жыртылып айрылады, полковникті сөйлеткендері қай қысылғандары”, - деп ойлады Жұмат.

- Орыс тілін жақсы білетін Шанин әскери қоймадан тамақ әкелісуге барасың, - дегенде жігіттер қалжыңдай бастады:

- Онда адам жанынан басқаның бәрі бар шығар.

- Құрт-ірімшік ала кел. Қарындағы сары майды тастама. Жал-жая, қазы-қартаны патша ағзамның кеңшілігімен күнде жейтін болдық қой.

- Бір күбі іркіт сала кел арбаңа.

Алғашқыда солдатқа алынған жігіттер қайдан тұрып, қайдан келгендерін өздері де білмей қалған. Әйтеуір іргеде зор қала барын еститін. Бұрын көрмеген Ригаға баратынына Жұмат қуанды.

Күтімді, семіз аттар қамшы салғызбай, арбаны зырылдатып, сар желіп отырып, ә дегенше болмай, қала мұнараларын көрсетті. Бала күнінен шаһар білетін, Омбыда бірнеше жыл тұрған Жұмат салған жерден Риганың бөлек сипат, ерекше кескініне назар аударды. Үйлердің шатырлары Сібірдегідей жалпақ, аласа емес, аспанға шаншылған сүйір екен. Ұзынды-қысқалы құрылыстарға жіті көз салған Жұматтың есіне аспанға найза көтерген батырлар түсті. Шатырдың ұшар биігіндегі ағаштан ойған, темірден кескен әтеш жел ыңғайына қарай зырылдап тұр. Шомбал тастардан салынған ғимараттар беріктік, тұтастық, мәңгілік кепілі секілді әсер қалдырады. Қаланың орталық көшелерінің табанын таспен көмкеріп, берік шегендеп тастаған екен, тағалы тұяқтар тарсылдап, темірлі дөңгелектер тақылдап, жат сарын, бөлек дыбыспен сес көрсеткендей зор айбынмен заулап бара жатқан ұзын керуенге әрі өткен, бері өткен тұрғындар үрейлене қарайды.

Әскери азық-түлік қоймаға келгеннен кейін ішке кіріп кеткен Балташас:

- Кезек әзір тиетін түрі жоқ. Екеуміз қаланы аралап келейік. Кешке дейін оралсақ болады, Жұмат, - деді.

Көшеге қайтадан шыққан соң аспаз күлді:

- Қыдырсын, азды-көпті болса да сергісін деп сені қостырған мен едім. Таңдайтын түк те жоқ. Сол борсыған капуста, шіріген картошкадан басқа өзге не берер дейсің. Алдарқату үшін өлмелі полковникті сөйлетіп қойыпты қулар.

- Желі неткен суық еді, сүйек-сүйектен өтіп барады, - деп Жұмат жағасын көтерді.

Балташас сөйлеп келеді:

- Жел мұнда соқпағанда қайда соғады. Анау Даугова өзені: Балтықтың теңізі тиіп тұр. Мұзды мұхит алыс емес.

- Мына жел аттылы кісіні құлатар. Бірақ сенің туыстарың былқ етпейді білем, - деді Жұмат. – Қарашы, Арманд Вилисович, мен қазақ арасында ұзын бойлы жігіт секілді едім, мыналардың қасында тәштидім де қалдым ғой. Бас киімді кісі сирек. Көбі желбегей. Неткен ұзын бойлы, денелі жандар. Ат жақты, піл сауырлы, нар секілді.

- Солай, -деді Балташас. – Балтық жағалауының адамдары дүние жүзіндегі ең денелілерге жатады. Ішсе тамаққа, кисе киімге жарымаған мен ғой, өспей қалған. Аралда тудым. Қазіргі жел жел ме? Теңізден дауыл соққанда үйдің өзін ұшырып әкетер еді. Егіп бірдеңе алатын емес, тұттай жалаңаш, тастақты мекен ететін елдің ризығы – теңізде. Қуанышты да, қайғысы да көгала толқын ішінде. Ауға балық түссе, сенен бақытты адам жоқ. Қалт-құлт еткен қайық кейде балық емес, ер-азаматтан айрылдың деген қаралы хабар әкеледі. Қайық кейде – құтың, кейде табытың. Менің бабам, әкем – бәрін теңіз жұтты. Кім білсін, бала күнінен қалаға келіп, жұмысшы болмағанда, мен де сол кепті киер ме едім. Енді сандалып солдатта жүрміз. Бірақ берілмеу керек. Әділетсіздіктің күйрейтін кезі жақын.

Жан-жағына жалт етіп, жіті қарап әрі сөз тыңдап келе жатқан Жұмат:

- Пәлі, ананы қара. Менің туысым табылды, - деді.

- Кәне. Қайда? Солдат па? Қазақ па? Ол қайдан жүр екен?

- Көрмей тұрсың ба? Әне!

Өткен-кенткенді көзімен түгел тінткілеген Балташас таба алмай қойды.

- Қайдан көріп тұрсың? Жоқ ешкім.

Көшенің қарсы бетіндегі үйдің алдына келгенде Жұмат маңдайшаны нұсқады:

- Мынаны көрмеймісің?

Балташас күліп жіберді:

- Түсіндім. Енді түсіндім.

Маңдайшада тастан ойылған түйенің кескіні бар екен.

- Ой, жарықтық, ойсыл қарам-ай. Қай мүсіншінің саған пейілі түсті екен? Қазақтың сахарасында ғасырлар бойы белің талып, жүк тарттың. Елің елеп, ескеріп көлін, тауын сенің атыңмен атады. Енді міне, алыстағы латыштың қаласында қасқиып тұрсың! Кәне, кірейік, сенің асханаңа, - деп Жұмат есік ашты.

Шағын, он шақты кісі сиятын бөлменің іші де қызық екен: орындық атаулы түйенің өркеші секілдендіріп ағаштан ойылып жасалған. Басқа тамақ жоқ, сүт, қатық, қаймақ беріледі екен.

- Шіркін, мынаған шұбатты қосар ма? – деді Жұмат.


  • Ол не? – деді Балташас.

  • Түйенің сүті.

  • Сендер оны ішесіңдер ме?

  • Ішкенде, қолған түскен ішер. Мың да бір ауруға ем. Ауыл, ел еске түсті ғой, - деп Жұмат талай жерге ұзағанша, маңдайшадағы тас түйеге жалтақ-жалтақ қарап бара жатты.

- Сені шіркеуге апарайын деп келем, - деді Балташас, - Дін догматтарына мұнымыз қайшы келмей ме?

- Әрине, таза қанды мұсылманға зор күнә. Мұны молдалар білсе қарғыс айтып, тас боранның астында қалдырар еді. Қай дін болса да сенімнің бір түрі. Омбыда жігіттер жасырын барып, шіркеуді талай рет қызықтап көргенбіз. Қабырғадағы, төбедегі суреттерге қарап, көзімізді жұмып, аузымызды аштық. Әсіресе маған музыка, хор ғажап әсер еткен. Мұсылман дінінде олар жоқ, көп нәрсе шектелген, аскеттік сипат басым. Мұның үстіне ғибадат араб тілінде ғана жасалатындықтан көп адам не айтып, не қойып отырғанын өзі де білмейді, - деген Жұмат алдарынан шыға келген зор ғимаратқа таңырқай қарады. Осыны байқап Балташас:

- Үстінен түсіппіз ғой. Бұл Европадағы ең көне әрі ең үлкен шіркеулердің бірі. Домский сабор деп аталады. Қазір ғибадат жүріп жатқан кез, ал кірісейік, - деді.

Есіктен аттай бере, еңселі, зор сарайдың қоңыр салқын ауасы сезілді. Жұматтың көзіне алғаш түскен Иса пайғамбардың қабырғадағы аяғын салбыратып, екі қолын екі жаққа керіп, шегелеп тастаған суреті. Бұл кейіпті бұрын да көрген. Бірақ қазіргі әсер ерекше. Жұқа маңдайлы, жіңішке қыр мұрынды Иса пайғамбардың көзі ішіп-жеп, өңменінен өтіп барады. Тылсым, киелі, сиқырлы күші бар сияқты. Әр түрлі жастағы зал толы адам зор ынтамен мінажат етіп, шоқынып, дұға оқып жатыр. Кенет майда қоңыр әуен шіркеу ішін кернеп бара жатты. Пианино дейін десе, ол аспаптан мұндай жібек биязы дыбыс шықпаса керек-ті. Қай жерде ойнап тұрғаны белгісіз. Шіркеудің әрбір тасынан дыбыс шығатын секілді. Жел соққандағы қалың қарағайдың шулайтыны бар еді. Соған ұқсай ма? Түн баласында, әсіресе таңға жақын Ертіс толқындарының, аққан сулардың әуені болушы еді. Соған ұқсай ма? Күннің көзі жылып, дүние елжіреп, жердің сүйегі жаңғырып, сай-саладан мың бұлақ туып, ағаш бүршік жарған көктемнің бұрқ ете түсетін бір сәті болушы еді. Соған ұқсай ма, мына жүз дыбыс тоғысқан мол әуен? Бұл сәтте Жұмат көзі шіркеу ішінің сән-салтанатын, төбе-қабырғалардағы әулиелер кескінін көруден қалған. Тіпті Иса пайғамбар жанары да салқын. Тіршілік, мәңгілік қозғалыс, бостандық, еркіндік жайлы ғажап сарын жігіт бойын билеп, қиялын баурап барады.

Дәл осы сәтте аспап аты орган, тартылған Бахтың музыкасы екенін Жұмат білмейтін еді.

Көшеде кетіп бара жатып Балташас:

- Сен түбінде католик яки баптист болатын түрің бар. Шіркеуден әрең шықтың ғой, - деді.

- А-а, - деген Жұмат әлі сиқырлы дыбыстар тұтқынында еді. – Арманд Вилисович, рахмет саған. Орган музыкасы мен үшін зор жаңалық болды. Әлгі мелодияны ұмытып қалмасам, скрипкада тартар ма еді? Нотасын табуға болар ма екен?

- О, романтик, - деді Балташас аяғын тезірек басып. – Алдымен солдаттың қамытынан құтыл. Патшаның көзін құртып, жұмысшылар билік басына келсін. Бостандық орнасын. Сонда орган да, скрипка да тартылар.

Азық-түлік алып, түнделетіп бөлімдеріне оралып келе жатқан жолда Жұмат қайнына барып, көңілі толған сыйлы күйеу сияқты еді. Балташас соны сезіп отыр.

- Жылқы етін алмадым.

- Неге?


- Аяғы сынған көк ат, майдан жарылайын деп тұр. Соны соямыз.

- Ылғи аяғы сынған семіз ат кезіге бере ме?

- Кейінгісін көреміз. Алғашқы жолы жігіттерді бір тойдырайын. Казармаға таяп қалғанда, Жұматтың құлағы жаман дабысты шалды. Түсі өзгеріп қоя берген.

- Жылап жатыр ғой, - деді Балташас.

- Біреу өлген екен! Жұмат арбадан секіріп түсіп, жүгіре басып жөнелді. – Жоқтай айтып жатыр ғой. Кім мерт болған?

- Ой, бауырым, Жұмат-ау, айрылдық қой есіл Ғазиздан... – Сәлімрахман көзінің жасы сора-сора болып, көрісе бастады. – Жұтты ғой қу өлім. Көктей солды талшыбық. Көп арманы ішінде кетті. Қайран өнері өзімен бірге өлді. Ұрпағың бордай тозып, күл боп ұшқыр қу патша лағнат саған, лағнат...

Өне бойы дірілдеп, жүрегі талықсып сала берген Жұматтың:

- Неден болды? Қалай кетті? – деуге шамасы әрең жетті.

Қара бұлттай түнеріп, қабағынан қар жауған Тастан өзгелер үндемей қойған соң, шыдамады:

- Е, оның несін сұрайсың? Өлдің Мамай, - қор болдың, - деп ажырайып бір қарады. – Таңертең сен кеткен соң, Ғазиз күрк-күрк жөтеліп қатарда дұрыс тұра алмады. Тарғақбет қасына жетіп келіп: “Балалайка тартып, сауық құрғанда жөтелмейсің, жалқау. Әдейі істеп тұрсың. Қазір дәрігерге апарып тексертем. Егер өтірік алдасаң, өз қолыммен атып тастаймын”, - деді. Біз жұмасықа кеттік, Ғазиз қалды. Содан казармаға қайтадан кірген Ғазиз қан құса бастайды. Қорқып кеткен Тарғақбет дәрігерге жүгіреді. Ондайда табыла ма, құрғырлар! Содан жүгіріп бізге жетті: “Біреуің қасына бармасаңдар болмас, ана дезертир қан құсып жатыр”, - деді. Күрек, қайланы лақтырып тастап, екі өкпемді қолыма алып, жеттім жан ұшырып. Аппақ шүберектей болып, көзі шүңірейіп Ғазиз жатыр екен. Еден қан. Шошып кеттім. “Шыда, тәуірленіп кетесің”, - дедім. Бетінің ұшы шұңқырайып, Ғазиз болымсыз жымиды: “Ағатай-ау, енді алдамаңыз. Мен енді көп жатпаспын”, - деді. Кеудесі сырылдап, аузынан жаман иіс шығады. Екі көзі қабырғадағы сенің скрипкаңда. Сөйтіп жатып, үзіліп кетті. Ар болғаны осы, бауырым. Мына, ақжайманың астында Ғазизіңнің денесі жатыр.

Бағанадан тістеніп, суық ызғармен, сыздықтатып отырған Тастан осы жерге келгенде, еңіреп жылап жіберді. “Ішін ұрайын бүйткен солдатының” деді.

“Екі көзі қабырғадағы сенің скрипкаңда”. Скрипканың шегі шыңылдағандай болды. Шанақтан қан ағып тұр. Қан толқында бір батып, бір шығып Ғазиз кетіп барады: жан ұшырып айғайлағанда, төбе құйқаң шымырлап, зәре-құтың ұшады. “Ағатай-ау, қол ұшын бермегенің бе? Өзің кеттің, біз қалдық”. Шанақтан қан ағып тұр. Скрипка қан сапырып тұрған ожау секілді ме, немене?

Көзі қарауытып, құлағы шыңылдаған Жұмат:

- Жаман қатынға ұқсап, осылай ұлардай шулап, еңіреп отыра береміз бе, әлде әрекет жасаймыз ба? Мәйітті қалай қоямыз, - деген Тастан сөзінің тұсында есін жиды.

Қабір қазарда жігіттер:

- Ата-бабасының жақсы бір дәстүрі еді. Тіршілікте азап шеккен, төменде жүрген пендені, көз жұмғанда, шамасы келгенше биікке қоюшы еді. Аруағы разы болсын деп бейіт соғатын. Ондай іс қолдан келмесе де, сорлы Ғазиздың сүйегін мына төбе басына қояйық, - деп ақыл қосқан.

- Ал, ағайын, біздің ішімізде аят айтып, құран оқитын молда жоқ. Сондықтан Ғазиздың сүйегін анасы – қара жерге берер алдында солдат өмірінің азабын бір кешкен сендердің аттарыңнан екі ауыз сөз айтайын, - деп тоқтаған Жұмат көзінен жас ыршып кетті. – Қорғансыз, панасыз сорлы бала қаршадайынан тіршіліктің азап қамытын киіп, тұрмыс арбасын сүйретті. Шешесі, кішкентай қарындасын қуантып, еңбек ете бастады, үй ішін асырады. Сөйтіп жүргенде солдатқа алынады. Сонда жасы он алтыда. Көкірек ауруы жанын қинаса да, білдірмейтін. Тарыққан шағымызда күй төгіп, көңілімізді аулаған, өнердің жас гүлі – Ғазиз сенің қасық қаның бізді әділетсіздікке қарсы жігерлендірер. Өле-өлгенше сенің домбыраң менің қолымда болар. Жертөледе жер иіскеп қорланғандардың көңілін ғана көтерер күй емес, сенің күйің шұрай топ, қалың нөпірді белеске шығарар ұран болар ма деуші едік. Қайтейік, көктей солып, қанатымызды қайырып кеттің. Анау аспандағы көшпе бұлттай жел айдап, Сарыарқаға бара қалсақ, сорлы анаңның көз жасын сүртерміз. Не айтамыз басқа? Сен тартқан күй өлмес. Біздің жүрегімізде сенің жас бейнең тұрады. Бақұл бол, қарағым, Ғазиз. Бердік сені қара жерге – анаңа.

- Иманың жолдасың болсын.

- Жұмақтан шық, шәйіт кеткен бауырым.

- Сенің киелі қаның құныкерді жібермес, - әр жерден шыққан жыламсыраған дауысты лақаттап қазған қабірге сусылдап түсе бастаған жас топырақтың тырсылы жұта бастады.

Осы кезде мылтық кезенген төрт қарулы солдат ерткен Тарғақбет апыр-топыр басып, ентігіп, едірейіп төбе басына жетті.

- Біреу өлді деп бәрің өлесіңдер ме. Ешкімнен көретін емес, түбіне чахотка жетті. Бағана көміп тастайтын нәрсе, әлі жүрсіңдер жиналыс ашып? Тағы митингі ме?

- Әй, - деп айғай салды Тастан. – Не оттап тұрсың? Екі өкпеге тепкілеп жұмысқа жексең, ит аяқтан су ішкізсең, адам түгіл мал да арам қатар. Арманда кеткен сорлыны ең ақырғы сапарға шығару үшін сенен рұқсат сұраймыз ба? Атаңның басы...

Тарғақбет сұп-сұр болып кетті:

- Қарсылық көрсетпексің ғой. Мені қорладың ғой. Арестовать.

Екі мылтықты солдат өзіне ұмтыла бергенде, жалт бұрылған Тастан біреуін теуіп, екіншісін іштен ұрып құлатты. Қандарына қарайып тұрған жігіттер жабылып кетіп тағы екеудің қимылдауға шамасын келтірмей мылтықтарын тартып алды. Сәлімрахман Тарғақбеттің кеудесіне міне түскен:

- Сенің құқайың түбімізге жетіп еді. Ғазизбен көрге бірге тығайын сені, - деп ішке ұрғылап қояды. – Аянатын не қалды. Бесеуін де атып тастап, орманға қашайық та кетейік. Тауып көрсін. Күнде өліп, күнде азапқа түскенше, кегімізді алып, қашқын болып жүрмейміз бе?

Көп уақыт өткен жоқ. Барлық әрекетті бинокльмен түгел көріп отырған капитан Сердюков (Ұзынтұра):

- Ах, сүмелектер. Ах, азғындар, - деп ойбайлап жіберді. – Тез бөлімше сапқа тұр! Мылтықты оқтаңдар.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет