Ай қанатты арғымақ



бет8/19
Дата25.12.2016
өлшемі4,1 Mb.
#4410
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19

Жүгіріп отырып төбеге тез жеткен, әскер ісіне әккі казактардан құралған бөлімше команда берілісімен мылтықты атып-атып жіберді. Сәлімрахманның басындағы бөркі ұшып түсті.

- Ә, солай ма? – Тастан бір солдатты кеуде тұстан көздеп, шүріппені басып салды. Шүріппенің естілер-естілмес тырсылы шықты. Ыза болып, “иттің оғы жоқ екен ғой” деп мылтықты теңкиіп жатқан тасқа бір-ақ соқты: “Қайырсыз неме”.

- Сендер емес пе басшы? Большевизм мұнда да жеткен екен. Алдымен екеуіңді құртайын, - деп Сардюков келе Жұмат пен Балташасқа ұрынды. – Аналарды азғырып жүрген осылар. Әйтпесе алдындағы асын дұрыстап алып жей алмайтын жамандар қалай құтырады. Кеше Ригада не жайында сөйлестіңдер, кіммен жолықтыңдар, қандай кітап әкелдіңдер, - бәрі белгілі. Арестовать!

Қолына темір кісен түскенде тіксініп қалған Жұмат түрмеге қамалатын, алда көп азап, қинау қыл бұрау барын айдан анық білгенімен, бойын тез жиып алды, үрей, қорқыныш атаулының белгісі жоқ. Томпайған жас қабірден атып шығып Ғазиз айғайлап тұрғандай көрінді: “Ағатай-ау, мені тастап кеткенің бе? Тым болмаса домбырамды тастамашы. Домбырамды...”
6
Жұмат өз құлағына өзі сенбей, қалт тыңдап тұрып қалды. Саңқылдап естіліп тұрған Құрманбектің дауысы1:

“Европа әдебиетінде театрдың дүниеге қалай келгенін білімпаздар былай деп жазады: күн райының қыстан жазға ауысқанын, татарлардың сабан тойы сияқты, шаруашылыққа байланысты тойлардан, күздің егін орған қуанышына болатын қазақтың қырман тойы сияқты тойлардан театр туды дейді.

Ол кезде үй шаруашылығынан артылған азық-түлікті сататын базар болған жоқ. Қысқы, жазғы артық азық-түліктері қонақ шақыру, келген жолаушы қонақтарды күтуге ғана ұсталады. Артық астықтарынан арақ, сыра сияқты ішкілік шараптар қайнатты. Ел жиналған тойларда арақ-шараптың шаттығымен неше түрлі халық ойындарын ойнап, билеу сияқты - өмірмен бірге өсіп келе жатқан ойындарды шығарды. Сана-сезімдері жетілмегендіктен, ол кездің адамдары жер менен көк адам мінезді, адамдай өзінше тіршілік етеді деп ойлады: жер - әйел, көк – күйеу, жауған жаңбыр – екеуінің шариғатқа келгені деп ұққан. Жаңбырмен шыққан өсімдікті екеуінің махаббатынан туған деп білген. Сондықтан азық-түліктердің артықтарын өсімдікті өсірген құдайдың құрмалдығына деп, тасаттық жасап, ойын-сауықпен көпке үлестірген.

Әр халықтың салт-санасына қарай, шаруашылық-қоғам тұрмыстарына қарай, театр да бейімделе, құрыла бастады. Салт-сананың өсуімен бірге, драма ойындар да өсе бастады. Салт-санасы өскен, шаруашылығы нығайған елдердің театрын төмен елдер үлгі қылып ұстап, соларға әуестей, еліктей жүрген. Европа театрының туған жері – Грек елі. Неше түрлі бау-бақша егу грек елінде ең алдыңғы орынды алды. Күздің күні егін басқанда үлкен қуанышпен қырман тойын жасауды шығарды. Грек тілінде бұл тойды – жер тәңірісінің тойы деген.

Бұл салт-сана берірек келе егіндік тойдан жүзім баубақша тойына ауысты. Өсіп келе жатқан жаңа шаруашылық бұрынғы жер тәңірлерін құрметтеуді азайтып, өрік-мейіз, арақ, шарап құдайларын құрметтейтін мейрам туғызды.

Бұл тойды Дионис деп атады. Дионис күндерінде арақ, шарап ішкен мас халық бет-ауыздарына шараптың түбіне тұнған қоюын жағып, ән, күй, билеуді молайтты. Еш нәрседен қайғысыз жануардың бірі ешкі деп, тойларында ешкі жетектеп жүріп, бастыққа сол ешкіні құрмалдық қылып, терісін үстеріне жамылып, жерошақты айнала жүріп ән салған. Бұл әнді трагедия (ешкінің жыры) деген, онан барып трагедия туды. Дионис мейрамдары халық отырықшы болып шаһар салғанға шейін өмір сүрді. Алғашқы кезде қала халқы егін шаруасынан қол үзіп кете қойған жоқ, тіпті қаланың ішінде де егін салатын болған, бірақ қала тұрмысы дала тұрмысынан бөлек болған, біреудің жері аз, біреудің жері көп болудың арқасында тап тартысы туа бастады. Ол кезде үкіметті өз қолына ұстаған үстем таптар да әкімшілік жағдайларын бұрынғыдан өзгертіп, жаңа салт-сана жүргізуге кіріседі. Әкімшілік алланың бұйрығымен “лауқыл мақпозда” жазылған, бұған қарсы тұруға болмайды деп, ойын-сауық театрларды үгіт құралы ғып, дін мейрамдарына айналдырып, үстем таптың құралы қылады”, - деп Құрманбек тоқтады.

Жұмат таң қалды. Репетициядан қол бастаған кездерде, жүйелі түрде әлем театры тарихынан сабақ өткізе бастаған. Мынау өзі оқыған, театрдың шығуына байланысты лекция болатын. Бір сөзін қалдырмай қалай жаттап алған? Әлде қол жазба текстін пайдаланды ма? Есікті ашып кіріп келген Жұмат басқа ортаға түскендей болды, артистердің бәрі ақ матамен оранып алған, шүберек жерге төгіліп жатыр, тұп-тура көне грек, көне рим сарайларына тап болғандай. Қағаз декорацияда сан-алуан маскалар, бағаналар, күмбездер.

Орнынан көтерілген Қалыбек:

- Мәт аға, тыңдаңыз, саспаңыз. Қазір мен ежелгі грек театры тарихына байланысты сабағымды бастаймын, - деді де, тамағын кенеп алып, бір орнында тұрып, кейде жүріп кетіп, сөйлей жөнелді:

“Осыдан екі мың бес жүз жылдар бұрын шамасында Балқан жартыаралының оңтүстік шетінде Эгей теңізінің астасып қосылысқан жерінде, теңіз үстінде қан төгіліп, қайнаған үлкен соғыс болды. Аядай грек елінің Аттика мемлекетін қызылбастың әскерлері басып алған соң, гректер үй іштерін, бала-шағаларын аралғы шығарып, қызылбастардың теңізде жүрген соғыс кемелеріне шабуыл жасап, үлкен қырғынмен өздерінің жерлерін қайтарып алып, Афины деген қаланы Аттиканың меншігі деп жариялайды.

Бұл соғыста қызылбастарды жеңіп қайтқан жорықтарын Саламиннің соғыстағы сайраны грек елінің ұйтқысын бұзбай алып қалған атаулы күн деп тарихтан орын берген. Саламин жеңісі. Осы күннен гректің атақты үш драматург жазушыларының аты дүниеге жайылады. Ең үлкені – Эсхил, бұл ақсүйек бай тұқымынан, осы соғыста әскер қатарында болады. Эсхил өзінің жазушылығынан гөрі соғыста істеген ерлігіне көбірек масаттанатын еді. Екінші – бай саудагер тұқымынан Софокл, бұл әнші, хор бастап өлең айтатын болған. Үшінші – Еврипид, бай тұқымынан. Саламин аралында туған.

Грек пен қызылбастардың соғысы көп жылдарға созылғандықтан грек елі барлық азаматын әскерлікке ұстайды. Соғыс ісін басқарып, әкімшілікке ие болушылар ақсүйектер болады.

Ақсүйектер ісіне көп басшылық ететін Эсхил еді. Эсхилден кейін істі басқарып, оның орнын басқан Софокл. Қызылбасты гректер жеңіп Мысырдан, Азиядан Европаға баратын жолды өз қолына алады. Ол жақтан мал, балық, тері-терсек, астық алып, бұл жақтан гректердің өндірісінен шыққан заттарды өткізеді. Саудагер ақсүйек табы сауданың молаюымен бірге күшейіп өсе бастайды, әкімшілік ақсүйек помещиктердің қолынан саудагер ақсүйектердің қолына көшеді. Эсхил ақын-жазушылармен қабат соғыста батырлық қылса, Софокл ақша министрі болады. Саудагер ақсүйектердің бетке ұстар, жатқа сөзін жібермейтін майталманы болады. Саудагер байлардың мақсаттарын үстем қылу жолында болады, кен байлықтарын өз табы байларының қолынан шығармасқа тырысады. Сөйтіп екі жікке бөлінген. Саудагер ақсүйектер мен бай ақсүйектердің өзара тартысы үзілмей, ұзаққа созылады. Бұл дәуірді саудагер дәуірі деп атайды. Бұл дәуірде іле өнеркәсіп молая бастайды. Өнеркәсіп дәуірі жаңа тап тудырады, капиталшылар көбейіп өсіп, ақырында екі тапқа бөлінеді. Ақсүйектерді әкімшіліктен серпілтіп, үкіметті өз қолдарына алады. Баяғы сол Саламин аралдарында туған Еврипид ақын, жазушы болып, жаңа салт-сананың жырын жырлап, солардың мақсатын үстем қылу жағын көздеді.

Бұл дәуір құл сатып, құл ұстап адамды адам қорлаудың ең күшейген дәуірі. Ақсүйек байлар құлды адам деп танымады, құлды құдай ақсүйектердің күнделікті қара шаруасы үшін жаратқан. Адам суретіндегі айуан деп санаған, байлар қолына құлдың көптігінен жалпы кедейлер байларға еңбектерін өткізе алмады. Бұл кезде театр Афины үкіметінің үлкен саясат құралы болып, үгіт-насихат майданында үлкен іс істеді. Үстем таптың қарулы әскерінің қатарында болды.

Артистер мемлекет қаражатында ұсталды. Афины үкіметі өзін халық үкіметі деп таныстыру үшін жорта 27500 кісілік театр үйін салғызады. Ойын болатын күні Афины қаласындағы барлық кедейлерге ақша беріп, театрына шақырып, өзінің мақсаттарын үгіттеді.

Құлдарға театр есігі мәңгі жабық болады. Театр есігі үлкен діни мейрамдар кезінде ғана ашылады. Театр дін сабағының бір тарауы болып есептеледі. Театрды басқару аргонавтар қолына беріледі. Аргонавтар (қазіреттер) өзінің сүйегін, ыңғайлас, таптас ақын-жазушыларының шығармаларын қояды. Аргонавтар ойын басқарушыларды да өздері таңдап алатын болған. Оларға қор жиюшылар бәріне байлардан, өз қаражаттарына киім, тамақ, маска әперіп, әнші-күйшілерді үйлеріне шақырып, репетицияны үйлеріне даярлап келіп, театрға кіргізген, сөйтіп театрды гректер мен аргонавтар билеген.

Спектакльдерді бақастық түрде өтетін. Сондықтан бірнеше жазушылар бірінің артынан бірі өздерінің драма кітаптарын ойнап шығады. Ойын кітапты сынап, билік айтушылар театрға келген халықтан құралады. Бірақ та сырт төреші көпшіліктен құралса да, іс жүзіндегі сол күндегі үстем үкіметтің мұңын жоқтаушылар сайланып жүрді. Билікке сайланған адамдар көбінесе үкімет адамдарынан болып жүрді.

Бір жылы Софокл мен Эсхилдың бәсеке жүзінде қойылған ойындарында аргонавтар төреші етіп сол күні әскери саяхаттан келген әскер-басшыларды сайлады. Мұның себебі Софоклды Эсхилдан асыру еді, өйткені Софокл саудагер мырзалардың сол замандағы жыршысы. Әрине, сондықтан бәйгені Софоклға берді.

Сын қызуға түскен күндерде театрға жиылған халыққа, біздің жаққа шық деп сый-сияпат, қонақасы да берісіп жүрген.

Байлар құлдарды, күңдерді, әйелдерді және кәмелет жасқа толмаған балаларды театрға кіргізбеді. Ал, театрға кіруге еркі бар нашарларды ақша беріп дауыстарын сатып алып пайдаланды. Үкіметтен осындай қошамет алып, атағы өрлеп аспанға атып отырған драматург-жазушылар “сыйға – сый, сыраға - бал” деген сияқты, олар да барынша аянбай байлар үкіметінің шашбауын көтеріп бақты.

Грек ақындары өздеріндегі қоғамның тілі болды. Ақындар “сыйға – сый, сыраға - бал” деген сияқты, үкіметке қаламның қайратын көрсете білді. Әрбір үкімет ісінде болған оқиғаларды тарихи маңызды нәрсе қылып көрсетуге тырысты. Грек елінің жалпы салт-сана майданындағы тақырыптарды үкімет басында отырған қаһармандарының маңайына жинастырып, таңдаулы адамдарының атын атап жазды. Мысал үшін айтқанда, Саламин майданындағы гректердің соғыс тарихына арнап гректің ақыны “Финикиялықтар” деген пьеса жазып, сахнаға шығарды. Саламин соғысындағы Фемистоклдың әскер басы болып істеген қайратын сипаттады. Сондықтан, Фемистокл бұл ойынның барлық шығындарын өзі көтеріп, сахна жабдығын, қорларын зейнеттеп, тамашалап шығарды.

Фемистокл аристократтардың тобымен айтысып барып, ақырында заңнан тысқары жер аударылғанда Фемистоклмен Саламин соғысында бірге болған Эсхил “Парсылар” деген пьеса жазады.

Аргонавтардан әл кетіп, қолдарындағы үкіметтен айрылғанда олардың саясатындағы тұтынған жолын көксеп “Орест” деген пьеса жазып, сахнада ойнайды. Өзінен әл кеткен қоғам Эсхилдың бұл екі кітабына бұрынғыдай ат салыса алмайды. Эсхилды жақтап, көріне ешкім жәрдем бермеген соң, Эсхил өзінің туған жерін тастап, Сицилия аралына барып жатып алады.

Афины үкіметінің бастығы Перикл орнынан тайып, артынан ұзамай обадан өлгенде, Софокл Периклдің өлімін жоқтап “Эдип патша” деген пьеса жазады. Кінәсыз адам кінәлі болып, орнынан қуылып, ақырында ит жемеде обадан өлді деген үндеу түрінде жазылады.

Аристократтардың әскері бір соғыста жеңіледі. Үкімет оларды өлім жазасына тартады, бұл кезде Аристофан “Көлбақа” деген драма жазып, залда отырған халыққа патшадан тілек тілеңдер, мына жазалыларға кешірім сұраңдар деп ашық үндеу таратады.

Эсхилдың, Софоклдың, Аристованның драмалары сырт түрі күнделік оқиғаларға байланысса да, ішкі маңызы өз табының пікірін үгіттеу ісімен халықты тәрбиелеу жолында болған. Күнделік құрғақ үгітті көркем драма түрінде бергендіктен бұлардың кітаптары театр майданында өмір сүреді. Егер көркемдікке байланыстырмай, құрғақ үгіт қылып жазса, жазушылардың тірі күнінде-ақ кітаптарының қадірі жоғалар еді.

Гректің драма жазушылары көбінесе ел аузында жүрген ертегілерді көп пайдаланған. Ертегі байсыз, патшасыз, құлсыз болмайды. Сондықтан үстіндегі дәуірге жанастырып, сол дәуірдің кейіпкерлерін көрсеткен; қызықты, халыққа белгілі ертегі болса, гректің ақындары сол тақырыпты бірінен соң бірі, өздерінше жазатын болған. Мысал үшін: ерте кезде бір патшаның қатыны байын өлтіріп, ойнасын патшаның орнына сайлайды. Байын өлтіргеннен кейін, жалғыз ұлы бар екен; түбінде кек қуа ма деген қауіппен баласын да өлтірмек болады. Бірақ өлтіре алмайды. Күтуші әйелі өлтірейін деп жүргенін сезіп қойып, баланы ұрлап басқа патшалыққа өткізіп жібереді. Бала ер жетіп, еліне келіп, шешесі мен өгей әкесін өлтіреді. Міне, осы тақырыпты Эсхил, Софокл, Еврипид үшеуі үш түрлі жазады. Тақырыптарының түпкі негізі бәрінік бір, бірақ драманың құрылысы үшеуінікі үш түрлі. Бұл түрі ол кезде грек театрларының әдебиетін көркейтетін, көбейтетін түр деп ұққан. Жарыссыз, бақассыз, бәйгесіз атақты жазушылары жазбаған. Егер жазғандары болса: үкімет оқиғасына байланысты өздерінің тілегі, пікірі, бір достарының ия жылауы, ия батырлық өмірлерін жазған.

Ескі грек жазушылары бірінен-бірі асу үшін жазған пьесаларының бірінші – көркем болуын, екінші – адамның жан дүниесіне тиетін жерлерін, үшінші – сол күнгі өмірлеріне байланыстыруды өте сақ қарап отырып жазған. Осы дәлелдерге қарағанда, театр сахнасы үстем таптың әдебиет майданында өздерінің пікірін жүргізетін бірінші саты болған.

Эсхилдың драмаларының бәрі де үкімет тілінде, үкімет саясатында жазылған. Софокл мен Еврипидтің драмалары екі жақ болды. Олар үкіметті де, сол дәуірдегі тұрмысты да жырлаған.

Эсхилды сахна майданында бірінші адам деп атайды. Өйткені ол бірінші – үлкен артист болған; екінші композитор, әнді жанынан шығарып, нота жазатын, өз пьесаларына арнаулы күйді өзі жазған; үшінші режиссер болған; төртінші балетмейстер, би ғылымын жақсы білгендіктен бидің мұғалімі болған. Бұндай жазушылар, әрине, сахнадағы ойынды көрушісіне қандай түрде көрсетем десе де, күші жеткен. Енді жылатқысы келсе, жылатқан. Күлдіргісі келсе, күлдірген. Софокл де осындай болған. Бірақ ол пьесасында актер болып ойнамаған. Еврипид тек режиссер болған. Өзінің пьесаларына музыка, биді басқа адамдарға жаздырып, басқартқан, тіпті артист те болмаған. Сондықтан оның кітаптары не елді жалықтырып алатын ұзақ немесе қысқа сияқты кемшіліктері болып отырған”, - деп барып Қалыбек бір тыныстады.

Актерлардың бәрі ұйып тыңдап отырған. Енді орнынан Елубай көтерілді. Қаққан қазықтай, бойы тіп-тік. Анда-санда қолын сермеп, бет-жүзі құбылып, іліп ала жөнелді:

“Грек театрлары бүгінгі біз көріп отырған театрға ұқсамайды. Біздің дәуірде қаланың барлық адамы сияқты театр (27500) ешбір қалада салынған жоқ; бір төбені театр орнына сайлап алады. Төбеден төмен сахна жасайды, төбенің бетіне қатар-қатар орындықтар қояды. Сахнасы саяз, көлденең үлкен, кең болады. Өйткені сахнаға 34-тен артық адам шықпайды. Сахнаның да, залының да төбесі ашық, жабылмайды. Ол кездегі техника заңы жабуға жетпеген. Ойындары күннің жарығымен болатын болған. Артистер сахнада бөлекше әдемі көріну үшін ала-құла киімде ойнаған. Өйткені, күннің жарығы бәріне бірдей түскендіктен ойнаушы артистерде ешбір өзге эффект болмайтын болды. Халық ойнап жүрген артистерден бірнеше метр жоғары аспанда, әрі алыс болғандықтан артистер бойларын биік көрсету үшін аяқтарына өкшесі бір кез, ұлтаны да сондай етік киетін болған. Бойлары сорайып жіңішке болып көрінетін болған соң, кеуделеріне жастық байлап шығатын болған; үстеріне ұзын киім – шапан киген. Адамның денесін – бойын ұзартып, денесі жуандаған соң, басы кішкене торғайдың басындай болып көрінгендіктен маска киіп ойнаған. Сондықтан грим жағып, парик киіп ойнамайтын болды. Өйткені маскаға гримін де, шашын да күні бұрын істеп қоятын болды. Бет пішінінің қозғалысы, әрине, маскадан көрінбейді, сондықтан ойнап жүрген кейіптің көзге түсер мінездерін маскаға жазған. Аяқтағы етік, үстегі киім, бастағы маска, ойнаушы артисті әрең-әрең қозғалуға шамасын келтіретін болған, өйткені артистік үстіндегі жүк ойнаушының өз салмағына таяды. Үлкен шеберлік қозғалуда емес, сөйлеу сөзде болды. Кім сөйлеуге шебер ұста болса, сол сахнада абырой алды. Барлық көркемдік, шеберлік дауысқа тіреледі. Қарасөзден халық шаршап жалығатын болса, артист тақпаққа да (декламация) көшеді. Бұған жалығып бара жатса, әнге көшеді. Өйткені әнсіз, тақпақсыз пьеса жазылмаған. Сондықтан артистерді ылғи әнші, дауысты адамдардан жинаған. Пьеса қызықты болып өту үшін оқиғаның желісіне қарап, хор, би, күй жасайды. Декорация жасамаған. Артистер өздерінің ойнайтын рольдерін өздерінше көркемдейді. Құдайдың ия әулиенің ролінде ойнайтын болса, ролінің кейпін, сөзін тірі адамға ұқсатпай, халықты таң қалдырып тартқандай пішін, дауыс жасаған. Мұндай театрды елі де ұнатып қарайтын болды.

Артистердің шеберлігі бірінші жағынан сахна жағдайына байлапнса, екінші жағынан дін мәселесіне тіреліп отырған. Мұнан артық көркемдік, шеберлік істей алмаған. Грек театрларында әйел артисткалар болмайды. Барлық рольдерді еркектер атқарады. Әйелдердің артист болмау себебі, әйелден артист шықпайтындықтан емес, театрды Грек үкіметі әскери ұйым деп таныған. Театрдағы ойнаушыларды әскер қызметінен босатып отыратын болды. Әйелдер, бірінші, үкімет ісіне құқы жоқ та, екінші, әскер болуға жарамайды. Үшінші, театрға шетелден адамдар келеді, олардың алдында әйелдерге сахнаға шығу ұят болатын болып табылған.

Гректің драмасы дін қолындағы шіркеумен қатар құрал болды. Барлық бояулары, пішіндері құдайды елестететін сурет те болды”, - деп барып Елубай тоқтады.

Шаршаған ешкім жоқ. Ынтамен, пейілмен тыңдаған қауым. Көзі күлмің етіп, Серке атып тұрды.

“Комедия, күлкі пьесалары өте қызық. Адамның өміріндегі жат, жаман мінездер айуанға лайық, адамда мұндай мінез болмау керек деген мақсатпен барлық кейіпкерлердің түрін малға, айуанға ұқсатып ойнаған. Басы мал, денесі адам, яки, денесі мал, басы адам, немесе ит басты, сиыр аяқты жылқы құйрықты немесе арыстан ауызды, маймыл пішінді болып киініп, боянып, маска киген. Комедияда дара сөзге көп орын берген. Түрлі ұлттың күйлерін ойнап, билерін билеген. Хорларын: көлбақаның бақылдағынындай, не иттің ұлығанындай, немесе қозының жамырағанындай ғып айтуға тырысқан, билері де түйенің тайраңындай болды.

Грек комедиографтарының аң атақтысы – Аристофан. Бұл ақсүйек әулетінен. Ақсүйектер үкіметтен айрылса да, Аристофан дәуірінде театрды қолдарына ұстаған. Ақсүйектер фабрикант, завод иелері табының төлеңгіті есебінде болды. Сондықтан саясат жүзінде фабрикант табының қолтығында болады.

Аристофан өзінің жазып ойнаған күлкі кітаптарында ұятсыз сөздерді көп пайдаланады. Өзінің қас адамдарының атын атап тұрып, пьесаның ішінде неше түрлі боқтық пен сыбаудан да қашпаған. Не болмаса, кітаптың сөзі былай қалып, жанынан айдап-айдап салып, әбден қарқыны басылып, кегім бітті деген кезде қайтадан ойнап тұрған кітап сөзіне көшеді. Аристофан Софокл мен Еврипидті аса жек көрген. Сондықтан көп кітаптарында бұларды жерлеп жамандау да болған. Бұлардың бір-бірімен араз болуларының себебі дін мәселесінде. Софокл мен Еврипид өздерінің пәлсапасында: діннің зиянды, ұнамаған жерлерін айтқан, Аристократтардың барлық мықты құралы дін болғандықтан Софокл мен Еврипидті жамандату үшін қолдарына қару қылып жазушы-режиссер Аристофанды ұстайды.

Ақсүйектердің тап тартысы соғыстың айналасында ғана болды. Оларға сауданы күшейтуге жаңа базар, жәрмеңке керек, ақсүйектер жер кәсібімен айналысқандықтан соғыс ашу тиістіміз. Аристофан саясатқа аса ұста болған адам. Қай тап күшті болса, соның жағына шығып, жіңішкелеп өз табын, мақсатын жүргізіп отырған. Сондықтан, соғыстың зияны жайындағы жазылған күлдіргілеріндегі соғыстың әлегінен жарымжан болған адамдардың өмірі мен соғысты бастаушы адамдардың үй тұрмыстарын келемеж түрде айқын жазып жүрген (адамның қарны тойса аштарды ұмытатын, өзінен төменді жан иесі деп санамайтын, өзімшілдік, санасыздық).

Софокл, Эсхил, Еврипидтен соң гректің трагедиясы өрістей алмайды. Соңғы шыққан жазушылары тек соларға еліктеуге ғана жарайды. Аристофанның комедиясы өзімен бірге өледі.

Аз заманнан соң комедияның жаңа түрі туады. Бұнда көбінесе үй тұрмысын суреттейді. Сол дәуірдегі үстем таптың қолайына жақпаған қылықтардан халықты жеркендіруге тырысады. Бұл түрді туғызған жазушы – Менандр деген адам. Артистер бұрынғыша маскамен шығып, аяқ жалғауды қойып, өмірдегі бар адамның пішінінде ойнайды. Артистер үкіметтің, діннің қарамағынан шығып, кәсіп іздеуші болып табылады. Артистер бұрынғы жарты құдай, жарты хайуан түрінде сахнаға шығуды тоқтатады. Шын өмірдегі кейіпті жасап көрсетуге өздерінің еңбегін сатып күн көреді.

Бертінірек келе, гректің театры бір орнынан қозғалмай тұрып қалады. Рим елі гректі жеңіп, Аппенин аралына патшалық құрғаннан бастап гректің барлық театр әдебиеті римдерге көшеді. Афины елі де біртіндеп-біртіндеп өзінің елдік маңызын жоғалтады, өз ішінің ала болуының салдарынан елдік маңызы азайып, театр мәдениеті де тақырланып, қайтадан діни мейрамдарға көшеді. Баяғыдай ертегіні, батырды, ханды халық ойыны қылып жасауға кіріседі. Бірақ бұл халық мейрамдары бұрынғы гректердікіндей бой жасай алмады”, - деп Серке аяқтады. Бәрі қол шапалақтап жатыр. Түгел мәз-мейрам. Жұмат тіпті қуанышты:

- Жарадыңдар, жігіттер. Қазақтың би-болыс, батыр-палуанын ғана емес, ежелгі гректің ақсүйек-бекзатын да бейнелей алатын түрлерің бар екен. Лекцияны спектакльге айналдыру қайсыңның ойыңа келген? Құрманбек пе мұны шығарған? Әй, Құрмаш, түбі сен режиссер боласың-ау. Сәті түсіп “Гамлетті” сахнаға ойдағыдай шығарсақ, әлгі айтқан Эсхил, Софокл, Еврипидке де баратын күн туар.

Әуелде, тіпті ертеде, бала кезінде, Омбыда оқып жүрген шағында, әр түрлі орысша кітаптардың әсерінен болса керек, Жұмат ептеп күнделік жазып жүрді. Не көрді, не естіді, соның бәрін тіркеп отыратын. Келе-келе мұндай әрекет жалықтырды ма, жалқаулық жеңді ме, нақты себебін өзі де білмейді, салақсып кетті де, ескі дәптерлерінен айрылып қалды.

Бұдан кейін Рига түбінде, майдан жұмыстарында қазақ аулының түкпір-түкпірінен келген әліпті таяқ деп білмейтін, өңкей сауатсыз жігіттер бірінен кейін бірі жалынып, туған жерге, ата-аналарына, сүйген жарларына хат жазғызып алып жүрді. Осындай әрекетке әбден төселіп, кешке қарай шам жарығымен бүкшиіп отыру дағдысына айналды. Кейде қазақша шығатын газет-журналға хабар-ошар, мақала жіберді. Бірте-бірте көркем шығармаға бой ұрды. Көпшілікке көрсетуге болатын ойын-сауық сөздерін, пьеса тудыруға аңсары ауды. “Торсықбай”, “Айдарбектер” сондай тілектен шыққан. Төселіп барып “Арқалықты” шығарды.

Қазір ойлап отырса, Жұмат орасан көп іс қағаздарын шимайлаған еке: жиналыс протоколы, қаулы, бұйрық, жарлық, мінездеме, кепілдеме, түсініктеме, өтініш, өмірбаян, сенімхат, қолхат, баяндама, жауапхат, сұрақхат. Егер олардың бәрін жинаса, қағаздан тау тұрар еді.

Анда-санда, қолы жұмыстан босаған шақтарында әр түрлі жазған-сызғандарын ақтарып, керекті-ау дегенін арнаулы папкаға салып, өзгелерін жыртып тастайтын. Тағы да араға уақыт өткізіп қарағанда, бұрын қажет санаған кейбір дүниелері тағы күлге айналады.

Кереку, Семей, Зайсанда әр түрлі қызметтерде жүргенінде жиналған сыртында “Маркс – Ленин қағидалары”, “Тап тартысы”, “Жаңа экономикалық саясат”, “Партиядағы айтыс”, “Әкімшілік істер”, “Программа, қаулы, нұсқа” деген жазулары бар қалың-қалың папкалар кейін шегініп, олардың орнын “Театр”, “Артист”, “Репетиция”, “Спектакль”, “Ел аузынан”, “Жиған-терген”, “Жоспарлар, ойлар” деген нәрселер басыпты. Дәптерлер, күнделіктер, парақ-парақ беттер. Соның бірі “Бұйрықтар” деген қоңыр қалың кітапша. Кей беттерін парақтай қарап, кей тұстарда көз жүгіртіп оқи бастады.

“Халық ағарту Комиссариаты саяси ағарту бөлімінің Ұлт-білім театры. 1926 жыл, 1 ноябрь.
Бұйрық 1

1 тарау


Бүгінгі күннен бастап Мемлекеттік Ұлт-білім театрының директорлық қызметін атқаруға кірістім.

2 тарау


Бұрынғы директеор болған Байсейітұлы әзірге бұйырылады: қолындағы барлық театр мүлкін тиянақты есеппен маған табыс қылуға.

Ұлт-білім театрының директоры Жұмат Шанин (қол қойған).

Бұйрық 2

Халық ағарту комиссариатының ұлт-білім театры, 1926 жыл, 2 ноябрь.

1 тарау

1926 жыл, Октябрьдің 15-нен Қожамқұлұлы Серке ұлт-білім театрының режиссерлік қызметіне алынды деп есептелінсін. Айлық ақысы 150 сом. Жеке шартпен.



2 тарау

1926 жыл, Октябрьдің 15-нен артистік қызметке бірінші ретте алынды деп есептелінсін:



  1. Қуанышбайұлы Қалыбек.

  2. Өмірзақұлы Елубай. Айлық ақылары 130 сомнан. Жеке шарт қағазбен.



    Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет