Жұмат қарағайдың ұшар басына қарап жатыр.
- Ал бәрібір сен қалай мақтасаң да, мен қайың болғым келмейді. Мен балтыры бесіктей, кеудесі жуан есіктей, бұтақтары шаңырақтай айбақ-сайбақ, жартасты жарып шыққан, мың бұралған тамыры жеті қат жер астынан нәр тартқан қарағаймын. Бақайыма мүк шығып, тобығыма қына бітсе, бір орында тапжылмай ғасырлар бойы жасаған мықтылығымның куәсі шығар. Жел айдаса, домалап жөнелетін қаңбақтың жасын жасамай жатып жалп ете түсетін серейген жаман теректің шолақ ғұмырынан сақтасын. Асықпаймын, саспаймын. Үп еткен желге, тырс еткен жаңбырға жауап берсем, жүйкемнен не қалар еді. Тыңдауым да бар, көруім де бар, мылжыңдығым бірақ жоқ. Мен шешілсін десең, ең алдымен қамшының өріміндей жарысып тамырым кетсін тереңге, содан келген нәр жуан діңгекті бойлап, бұтақ-бұтақты қуалап, жапырақтарға құйылсын. Иә, менің жапырағым тікірейген кірпінің қылшығындай. Қылт-сылты, құбылыс-өзгерісі жоқ, қашанда бір түсті, бір мінезді. Мәңгіліктің куәсі қарағаймын, мен сөйлейін десең, тос, ұзақ тос. Буыным бекіп, бұғанам қатып, аспанға қол созған үлкендермен бой теңестірейін. Қатар тұрайын желкілдеп дүм қарағайлармен. Сонда соқсын дауылы сахараның, сол кезде шешілер ме екенмін, шешілмес пе екенмін. Мың түрлі әуенмен қобызша күңіреніп тұрар еді қарағай. Сөйлер еді! Жалпақ дүние сырын, жөңкілген бұлттың, аққан судың, ұшқан құстың, көшкен жұрттың жан сыры, мінәжат-дұғасы қарағай жырында күмбірлеп төгілер еді толқын-толқын әуез боп. Тірісінде ер-азаматқа қарағай қобыз болып күй төгіп, отын болып жылу берсе, өлісінде қабірін жабар бет тақтай. Мәңгіліктің бір белгісі етіп, табиғат жаратқан – қарағай деген асылдың құлақ күйі осы, - деп бір қайырды Жұмат.
- Сен мені алғаш рет аққайыңның түбінен көрдің.
- Оның рас. Арыстанның аузынан, ажалдың тырнағынан келген аштықтан, қорлық-азаптан бұралып, тері тарамысына ілініп тұрған жаман содаттың несіне қызықтың, жаным-ау.
- Әуелде ерекше көрінген солдат киімдерің еді. Сол түні ай сүттей жарық болды ғой. Алтыбақан құрамыз деп дайындалғанда, қыздар “біз білмейтін жігіттер келеді. Ішінде бір әнші, домбырашы бар” деген. Қайта-қайта жалтақтап қарап тұрдық. Бір кезде салаң етіп шыға келдіңдер. Көзіміз киімдеріңе түсті.
- Кебін секілді сұмпайы, жамау-жасқау бірдеңелерді өртеп жіберейін деп тұрғанда, жігіттер болмады: “Ой, қызық болсын. Осыларды киіп барсаң, қыздар қарайды. Әйтпесе өзгеден айырмамыз не?” деген. Қулар білген екен. Бір-бір сұлуды қолтықтап шыға келдік.
- Қой, сен өйтіп мақтанба. “Қарындас, келесі кезекте алтыбақанды менімен тебіңіз”, - деп сызылып келдің ғой қасыма. Атыңды айтып, қолыңды создың. Содан кейін қайыңға сүйеніп, көп сөзге араласпай, тұнжырап тұрдың. Жүдеу түріңді, жадау киіміңді көріп, жанып ашып кетті.
- Алғаш айтқан әніміз есіңде шығар. “Көзімнің қарасы” болатын. Сенің сол сәтте не ойлағаныңды білмеймін, менің есіме солдаттағы күндер түскен. Қарағай ішінде балшыққа белімізден батып жүріп, ор қазып, шаршап-шалдығып, жертөлеге келгенде, скрипкамен тартатын, жігіттердің көңілін көтеретін ән еді.
Балтық бойында қарағай көп өседі.
- Бәрібір қарағай болмаймын, мен ақ қайыңмын сән түзеген. Аз ғұмырда бір жанып, бір сөнемін.
- Қайың да болсын, қарағай да болсын. Екеуінің , біреуі мүлде құрыды деп ойлап көрші, Жанбике. Мына Қарқаралы таулары жетімсіреп қалар еді. Келші бері, менің айтқанынан қайтпайтын ақ қайыңым.
Қайың мен қарағай арасында екеуі ұзақ сүйісті. Содан кейінгі айтқан әндері “Қарқаралы басында жалғыз арша”. Бұдан соң “Атыңнан айналайын Қарқаралыны” күңірентті.
Он жетідегі Жанбике мен жиырма бестегі Жұмат үшін Қарқаралы басында, “Шайтан көл” жағасында өткізген бұл күн екінші қайталанбас, оралмас, ерлі-зайыптылар өмірінде сирек болатын, адам рухының найзағайы жарқ еткен, шұғылалы сәттің бірі еді. Бұл күні жер үстінде екеуінен бақытты адам, Қарқаралыдан артық тау, “Шайтан көлден” әсем көл жоқ секілді.
8
Мақала жазасың дейді? Неге жазбасын. Тіпті режиссер болмай тұрып, сонау Рига түбінде, көксоқтада, мойнынан суы сорғалап жүрген кезде талай мақала жазды, бәрі де басылған. Кереку, Семей, Орынбор газеттерінің беттерінде қазақша, орысша жазған сан алуан дүниелері бар: тап тартысы, кедейдің есе теңдігі, байлардың зорлығы, шаруашылық, мәдениет, денсаулық мәселелері, науқандық талаптар, ең аяғы тері-терсек, жүн-жұрқа жинау туралы да жазған жоқ па? Кім қолынан қақты? Толып жатқан баяндамалары, саяси сөздері жарияланды. Соның бәріне біреуден рұқсат сұрап па? Баспасөзге не беріп, не қояды - әркімнің еркіндегі ісі. Сонша ер-тоқымын бауырына алып, ашуланғандай сол мақалада не жазып еді?
Жұмат “Еңбекші қазақ” газетінің 1929 жылғы 24 ноябрьдегі санында басылған өзінің “Мемлекет театры” деген мақаласын оқуға кірісті:
“Қазақ еңбекшілері 25 жылдың аяғында қазақтың ең алғашқы ұлт театрының іргесін қалап, іске кірісті. Сол театрға биыл төрт жыл толып, бесінші жылға аяқ басқалы отырған қарсаңында театрдың достарын жұртшылыққа таныстырып өтпекпін.
Біз театр мен труппаны осы күнге дейін бірінен-бірін аша алмай, труппаны театр деп атап келдік. Шынында, труппа құрылғанына төрт жыл болды. Театр әлі бізде жоқ. Болса, енді болайын деп отыр. Театр труппаның басын қосып, іс істейтін қара шаңырағы, күйіп өткен үш жыл ұдайымен мемлекет театры деп ат қойып жүрген труппамыз кинотеатрлардың босағасында қоңсы қонып келді. Бір жерге орын теуіп, меншікті баспана тапқаны өткен жылдың декабрінен бері ғана. Ұстаның төсі мен балғасы, балташының балтасы мен шығырығы өзіне сай болмаса, істеген ісінде ажар, өң болмақшы емес. Сол сияқты труппаның басында панасы болмаған соң, өткен ісіміздің бәрі неше түрлі қиыншылықтан өтті.
Труппаның Алматыға келгеніне жыл жарымнан асты. Астанадан бұрын көшіп келсе де, қатар орналасты.
Осы күнгі театр қарамағында арнаулы үйі бар. Үй болған соң ғана белсеніп, іске кірісе алды. Алдымен театр үшін түзету жұмысы қолға алынды. Смета жасалып, оқу комиссариатына жіберілді. Бірақ смета он ай өткен соң барып бекілді.
Августа расходқа аздап қаражат берілді. Қаражат қолға тиісімен қысқы театр үйін түзетуге кірісілді. Өткен айда тырбанып, тырысып, жоқтан бар қылғандай қып мың кісілік жазғы театр үйін салып алдық. Бұл салынған үйге 10 мың сом ақша берілді. Үй салу конторының мөлшері бойынша 17 мыңға түспек еді. Қорытынды сметасы әлі есептеліп біткен жоқ. Театрдың қысқы үйі мен жазғы үйін тәртіпке келтіруіміз орталық Алматыға келгеннен бергі іргелі театр жайындағы ісіміздің бірі деп есептейміз.
Труппаның ойыншылары (актері) 17 адам (4 әйел, 13 еркек). Труппа құрылғалы үзбей қызмет істеп келе жатқан 15 кісі. Бұлар бұрын мектеп көріп, оқыған адамдар емес. Сахна өнерін тәжірибемен үйреніп өсіп келе жатқан адамдар. Олар мыналар: Қалыбек Қуанышбайұлы, Серке Қожамқұлұлы, Құрманбек Жандарбекұлы, Елубай Өмірзақұлы, Әбілқай Абдоллаұлы, Әміре Қашаубайұлы, Иса Байзақұлы, Жүсіпбек Оспанұлы, Ләтіп Әшкейұлы, Зура Жандарбек келіні. Бұларға кейін қосылғандар: Жанбике Шана келіні, Қадиша Қожамқұл келіні, Оразке Қашаубай келіні, Шәрбан Байзақ келіні, Бісмілда Балабекұлы. Мемлекет театрының атағына салыстырғанда, істеген ісіміздің көзге толымды болу жағын қарағанда, ойыншыларымыз да, басқарма қызметшілеріміз де өте аз, жеткіліксіз. Әсіресе әйелдер аз. Театр, музыка өнерін мақсат қылып, талаптанған қазақ әйелі аз. Әсіресе кейінгі жас буыннан кемде-кем.
Театр жұмысын өнер деп қарап, оны үйренем, өнер көрсетем деп қараушылардан гөрі, бір жағынан қызмет орны, нан жейтін орын деп қана қараушылар көп.
Қазақ еңбекшілерінің ұл-қызына жас сахна, музыканың маманын жеткізу жұмысы көп еңбек сарп қылуды талап етіп отыр. Мемлекет театрының азғана өмірінде келіп, кіріп шығушылардан бөлек, театрдың ыстық-суығына шыдап, 14-15-ақ кісі үзілмей келе жатыр. Театрда, әсіресе әйел ойыншыларын жетістіру қиынға соғып отыр. Қыз бала күйеуге шығып, театрды тастап кетеді. Ерлі әйел болса, ерімен кетеді. Сөйтіп, ұл өз жайына, қыз өз байына кеткендермен театр басқармасы кетігін толтыра алмай келеді. Мемлекет театрында жалпы сахнаға керекті адамдардың санымен салыстырғанда 70 проценті жетпейді. Сахнаның техника жағын алып бару үшін 15 кісі болу керек. Оның орнына бізде бәрі – 4 кісі қызмет істейді.
Сахна өмірімен жанаспаса, өмір мың жылда да сахнаға жанаспайды, тіпті бағынбайды да. Қазіргі дәуірдегі қазақ тілінде жазылған қандай сахна кітабын алсақ та, көршілікке лайықталып құрылған театрда бар 10-15 ойыншымен орындап шығудың мүмкіндігі жоқ. Орыстың неше түрлі әдемі сахна кітаптары бар. “Сигнал”, “Приговор”, “Рельсы гудят”, “Разлом” сияқтылар қазақ тіліне аударылып отыр. Бұларға қазіргі сапамыз былай тұрсын, сан мөлшеріміз 70-80 процент жетпейді. Мәселен, жаңа баспадан шыққан “Үш кезең” атты пьесада 32 кісі сахнаға шығады. Біздің ойыншыларымыздың саны 16-17 кісі. Бұл пьесаны ойнау үшін сырттан тағы 16-17 адам қатыстыру керек. Сондықтан ақыры көже болып шығады. Талай пьесаларды езуінен жұлқыладық. Елубай, Қалибектерді бір пьесада 7-8 кісі қылып шығардық. Бұлай болмасқа, амал да болмайды.
Бұл қалыпты жоймай болмайды. Сондықтан театр басқармасының бүгінгі таңдағы зор міндетінің бірі – артист, артисткалар дайындау болып отыр. Бұл жұмыс аз да болса, труппа құрылғаннан бері қолға алынып келеді. Бір кезде Қажымұқанның циркімен басталған теарт мемлекет театры атағына ие боларлық халге жеткенде, осы аз ғана еңбектің арқасында болып отыр.
Қазақтың ән-күйі.
Сол қазақтың өзі сияқты көшпелі күйде келеді. Мәдениетті елдің әніндей (стнадартный) өзгермей бір түрде айтылатын ән-күй қазақта жоқ. Орыстың “Казбулат”, “Удалойы” орыстың қай елінің түкпіріне барсақ та бір қалып, бір сарынмен айтылады. Орыстың әндері ең әуелгі жаратылысынан осындай бір қалыпқа салнған жоқ. Алғашқы кездерінде әндерін жинап, неше түрлі сарындармен сарнаған итальян, француз, гректердің музыканттары болған. Бірақ кейін орыстың Глинкасы туды. Орыс әндерін басқа жұрттың талқысынан құтқарды. Орыстың әнін осынша жырлап берді. Жырлайтын қылып нотаға салып берді. Сондықтан орыс әндерінің бұл күнде үлгісі, өлшеуі бар.
Бізде әзірге Глинка сияқты ән-күй маманымыз туған жоқ. Өз бетімізбен көркемдеп, нота ғылымының заңымен алып барарлық бізде музыкант жоқ. Ән-күй майданында азды-көпті еңбек сіңіріп жүргендер Затаевич, Ковалев, Қызылжарда Коцык дегендер. Бұлардың жинап шығарған әндерінен жалғыз Ковалевтікінен басқа ән театрда жоқтың қасы. Затаевичтің мың әні бар. Ол жалпы қазақтың ән-күй байлығы. “Театрда ән неге болмайды? Артистер неге айтпайды?”, “Коцыктың хорлары неге айтылмайды?”, “Бөкейдің, Мұхиттың әндері неге театрда салынбайды?” деушілер жоқ емес. Бұл тілек негізінде дұрыс. Бірақ төмендегі себептер арқылы Затаевич пен Коцыктың жинаған әндерін сахнаға шығара алмай отырмыз.
Затаевичтің құранның қалыңдығындай мың әні, 4-5 дәптерге нақыштап (гармонизированные) жазған 15 әні бар. Нақыштаған әндері тек пианино үшін ғана 15 әні бар. Әннің көбін домбырамен берген, немесе сөзді айтпай дыбысын берген. Сол түрінде Затаевич көркемдеген. Сондықтан өлеңмен айтатын болсаң, әні бір жаққа, сөзі бір жаққа кетеді. “Мың ән” туралы сөз біреу-ақ. Ол – болашақ қазақтың композиторларына материал. Бұл түрінде жаңа кескен шикі отын.
Коцыктың әндері театрдың қолында жоқ. Әнеугі келгенінде “көшірілгені жоқ” деп бермей кетті. Коцыктың өзі жинаған әндерімен театрға келіп қызмет етуге телеграммамен шақырылып еді, әлі күнге жоқ. Мұхиттың әні деген әндер құмық пен бидайық сияқты болып отыр. Ұзық құлақ айтуға бар, естуге жоқ. Мұхиттың я өзін, я баласын іздеп тауып алуға қаражаттың кемдігінен қолымыз жетпей отыр.
Театрдағы айтылып жүрген әннің көпшілігі Көкшетау, Баянауыл, Қарқаралы, Семей, Қостанай, Сырдария, Алматыға келгелі Кененнің, Әсеттің әндері. Әсеттің әні деп Жетісуда атақ алғаны болмаса, Әсет әнінің барлығы да Қарқаралынікі. Әсеттің ән үйреніп, алғашқы шыққан жері Қарқаралы. Бөкей, Орал, Торғай, Қарақалпақ, Адай елдерінің әндерін білетін театрда әншіміз жоқ. Бал ашып салуға болмайды. Әні былай тұрсын, аталған елдер туралы жазылған пьеса да жоқ. Сондықтан ашылып отырған театр мектебімізге келіп, жасөспірім ән-күйге талабы бар жастарын округтік исполкомның жәрдемі арқылы шақырып отырмыз.
Мемлекет театрының жанында музыка сабағы оқытыла бастағанына екі жыл болып отыр. Бұл күнге дейін үкімет бюджетіне кіре алмай, азды-көпті театр өз қаражатымен жасап келді. Сондықтан ресми мектеп болмай, көп оқушыларды сыйдырып ала алмадық. Биыл екі жылдық ресми тәртіпті мектепке көшіру үшін Оқу комиссариаты мемлекет қаражатынан кіргізді. Бұл бастап отырған ісіміз театр өміріндегі үлкен табыстардың бірі. Өйткені, қазақтан жоғары білімді театр, музыка өнершілдерін даярлап, өнерлі артисті туғызатын, баулап, өсіретін осы мектеп болмақ.
Театрда өзбекше, ұйғырша, қырғызша, татарша әндер бар. Бұл әндердің әрдайым айтылу себебі: 1) Қазақстандағы ән-күй әдебиетін зерттей жүру; 2) театрға келетін халықтың тілегін орындай отыру.
Жалғыз артист қана емес, театрымыз жасау-жабдық, үй жиһаздарына да тапшы. Бірін алсақ, біріне жетпейді. Әлі күнге бір тымақты екі айналдырып қиюмен келеміз. Конфискеленген байлардың жасау-жабдықтарынан театр қарамағына өткізілуін өтініп едік, ол өтінішімізден бүгінге шейін хабар-ошар болмай кетті (жалғыз-ақ, жақын жерде Алматының атқару комитетіне күнде барып жалынып жүріп, бір белбеу, бір шапан алдық). Әр кітаптың көрсетуі бойынша, керек бұйымдарын арнап істегенде кітапқа 200-300 сом ақша керек қылады. Мұны жасауға мемлекет театрының қаражаты көтере алмай келеді.
Рас, алғашқы жылдармен салыстырғанда едәуір табысымыз бар. Оны жасырудан аулақпыз. Бірақ бүгінгі мемлекет театрының сыртқы бойымен салыстырғанда, ішкі жағы қанағаттануға болмайды.
Бізге театр кітабы тапшы. Бар іліп аларын жылына бірнеше рет қоямыз. Әр қойғанда бір түрлі декорациямен қойғандықтан, артистер қанша құлпыртып ойнаса да, кейбір кітаптардың жалпы әсерін жойып алған күндер де болды. Кейбір кітаптар сурет жағынан тең түскенмен, саяси-сана жағынан, пікір жағынан жарамсыз. Сондықтан, соңғы кездерде сахна кітабының тапшылығы көзге көрініп отыр. Мемлекет театрының репертуарын жасартып, жақсартуға ақындарымыз, жазушыларымыз көптесіп ат салыспаса болмайды.
Мемлекет театры өзінің жоспарлы сауық кештерінен басқа съезге, конференция, әр түрлі науқандарға арнап жыл сайын 20-22-ден тегін сауық кештерін жасап келеді. Өткен жылдардағы ел аралаған саясат-сауықтары газеттерде жазылған. Сондықтан оларға тоқтамай, биылғы жылы істеген істерінен хабар беріп кеткім келеді. Жаз басында шұға фабригіне, темір жол жұмысшыларына барып, 7 рет сауық кештерін тегін жасап қайтты. Шойын жолдың ең әуелі Алматыға келу құрметіне арнап, станция басына барып бір рет сауық кешін қойып қайттық. Август, сентябрь ішінде труппа екіге бөлініп, жартысы астық дайындау науқанын күшейтуге көмектесіп, Қастек ауданының ауылдарына барып ойын қойып, 7-8 күн жүріп қайтты. Елубай, Әміре, Ләтиптер өздерінің талабымен Қарсақбай, Жезқазған, Арал теңізі, Қызылорда, Сексеуіл аймақтарындағы жұмысшылар араларына барып, ойын-сауық кештерін жасап қайтып келді.
Театрда жұртшылық сыны ойдағыдай емес. Газет бетінде жазылған сын сымақтардың бірен-сараны болмаса, екі жолмен кетіп барады, не Алатаудан асыра мақтайды. Не жөнсіз жер тұқыртып, адам жерге кіргендей қылып боқтайды. Дұрыс қарап отырып, жақсы-жаман жағын бірдей салмақтап, сын жазушы, жұртшылық сынын бұзбай-жармай апарушы адам кем.
Бұдан былай, айына екі рет болса да, театр достарының кеңесін шақырып, жұртшылық пікірін тыңдап, кеңесу ниетіндеміз, “Сын түзелмей, мін түзелмейді”. Жұртшылық сыны біздің күшті көмегіміздің бірі болмақ.
Мемлекет театрының әр басқан қадамы кейін кеткен жоқ, ілгері басуда. Театр ілгері басқан сайын бойы өсіп, бұғанасы қатқан сайын тілегі де өсулі. Сондықтан штатын молайтып, мектебін ашып, артистердің өнерін арттыру, үйін түзеттіріп, сахна жабдығын молайту керек болып отыр. Театр басқармасы өз тұсынан шамасы келгенше тырбаңдауда. Бұл тілектерді орындау көпшіліктің демеуі, жұртшылықтың ордасын құрып, ісін істеп отырған үкіметтің, оның ішінде Оқу комиссариатының қаржы, қаражат жағынан көмектесуі керек деп білемін. Жабыла жұмылсақ – көтерілмейтін салмақ, тартылмайтын жүк жоқ.
Театр ойыншық емес. Саясат құралының бірі екендігін 20 ғасырдың ес білетін адамдары түгел біледі. Саясат майданында театр үлкен іс істей алатындығы да әлемге ашық нәрсе. Капитал дәуірінде үкімет пен үлкен байлар өздерінің театрларын жасап сол театр арқылы өздерінің ықпалын жүргізуге тырысқан.
Үкімет саясатын елге театр арқылы тарату үшін бір кездерде грек елінде Афины үкіметті театрға келген адамдарға сыйлық беріп те отырған. Театр болатын күні қазынаның аузын ашып, билет алушыларға билеттің бағасына қарай ақша өлшеттіріп отырған. Бір қалада 10000 халық болса, солар түгел сыю үшін 10700 кісілік театр үйін салып, тағы сол театр үйін неше түрлі әдемі зейнетпен зейнеттеп, кісі қызығарлық қылып жасаған.
Осылайша барып, дүние жүзіндегі барлық үлкен ескі театрлар шарықтап қанат жайып, тарихтан орын алған.
Ұлт театры құрылып еңбекшілер дүниесіне шықпалы басында үй жоқ, үстінде көрпе жоқ, үстінде киім жоқ, әр босағада бес жыл ұдайы қомшамызды қолтығымызға қысып: “Бір күн қонып кетуге бола ма?” – деп дірдектеумен келеді.
Қазақ театрын жасау үшін алтыннан сарай, күмістен күмбез салып бер десем, ағаттық болар еді, тілегім – жоғарыдағы аталған кемшіліктерді жою, Қазақстан әлеуметшілігіне қиыншылығы жоқ. Тауықтың толғағындай ғана жұмыс.
Театрды театр қылып жасауға қолайлы жағдайдың бәрі бізде бар, жалғыз-ақ бізде қоғам жоқ. Жоқ емес-ау, бар, бар болса да көзге көрінбейді, жыл айналдыра бір рет жаңа әдебиетті шығарғанынан басқа істелінген және істеп жатқан мәдениет майданында іс көрмедік.
Театр астанаға келгенде қуанышым қойныма сыймай Алматының өзін, теректерін өрлей аспанға шапшып едім. Театр енді гүлденеді деп ойлап едім. Театрдың жалпы жайы былай тұрсын, артистердің туысы көшеде үйсіз, күйсіз қажып, бала-шағасымен қырылып жатқанын көріп, ешбір жәрдем бере алмайтыныма көзім жеткен соң, салым суға кетіп, өңірім салақтап, наркомпростың босағасын күзетіп қайтумен күнімді өткізіп жүрмін.
Наркомпрос жәрдем берудің орнына, театрдың жетпей жатқан қаражатынан тиындап-тебендеп тартып алды.
Қазақстанның кейбір жазушысы өзін-өзі аспандағы жұлдыз санап, бес жылдың ішінде театр әдебиетіне бес жол қаламын тартқан жоқ.
Қазақстанның көпшілік әлеуметінің ішінде, көркем әдебиетшілер бүгінгі күнге дейін театрға назарларын салған жоқ. Салмақ былай тұрсын, “неғып жатыр, жақсы ма, жаман ба?” деп келіп, театрдың есігін ашпаған жазушыларымыз да бар.
Мемлекет театры деген атақты алып, құмарпаз құрама сауықшылдар халінде жүруден жеміс шықпайды. Бас-аяғын құрастырғанда ескіден келе жатқан 15-16 жігіт, ал жаңадан келген адамдар театрдың жалпы жағдайының нашарлығын көріп, біраз тұрған соң шыдамай кете береді. Бұлай іліндіріп-салындырып ұстағаннан қайыршылатпай таратқан көп қолайлы. Театрға үй салынсын деп жарияланғалы қашан. Мұны қарсы алып көмегін көрсеткендер бар ма? Жоқ. Театрдың құр аты ғана, мемлекет театры болмай, іші-тысы бірдей мемлекеттік театр-труппа жасау үшін, біздің ұсынатын тілегіміз мынау:
1. Театрдың үйін салу керек. Тез салу үшін өлкелік партия комитетінің жанынан Театр жұртшылығының комитетін ашу керек. Комитет үйді қай жерден салу керек, кім әдемі, өңді театр планын жасайды. Соларға баспа бетінде бәйге жариялау керек. Қаражат ұйымдастыру мәселесін, тағы басқалар сияқты мәселелер талқыға салынып, қаралуы керек.
2. Театрдың жанынан “Театр достары” деген қоғам ашу керек.
3. Театр кітабымыз кем, тапшы. Осыған жазушылар түгел ат салысулары керек.
4. Басқа ұлт республикалардың ұлт театрына қарасаң, жылында 7-8 мыңдап қаражат шығарып отыр. Біз олардай аяқты шіремей-ақ қоялық. Тым құрымағанда, 1,5 мың үкімет қаражат беруі керек.
5. Мәскеудегі театр школдарына биылдан бастап 25-30 кісі, жастар жіберіп отыруы керек. Бесжылдықтың аяғында школ бітірген екі труппасы болсын. Қазақстанның ел тұрмысы, жер жағдайы бір көшпелі труппа, бір драма театры болуын керек қылады.
6. Қазақ елі өлеңді жақсы көреді. Ән-күй, музыка мен өрелі істерді істеуге болатындығын биылғы, өткен жаздағы турне-саяхат ашық көрсетті. Сондықтан талапты жастарды тауып, қайтсе де музыка оқытатын оқудың шарасына кірісу керек. Жалпы, Қазақстаннан музыка оқуын оқып жүрген Ленинградта бір-ақ қазақтың баласы бар екен. Оның өзі де қаражат, стипендия беретін орын болмай оқудан шыққалы отыр.
Осы жылдардың ішінде талай жай адамдарды оқытып, сан қаражат далаға кеткен.
Өлкелік жастар ұйымы қайда? Домбырасын алып, топта сарнап жүрген, көркем суретші жазушыларымыз қайда? Елге нұсқау көрсетіп жөн сілтеп отырған үкіметтің тілі – газеттер қайда? Неге үндемейді?”
9
Қайқаңнан асып түскенде, киіз үй көрінді. Жұмат:
- Бұл кімнің ауылы? – деп Сәлімрахманға қарады. Бір көрген адам он алтыншы жылғы, Рига түбінде жер қазып жүрген, арса-арса Сәлімрахман мынау доп-домалақ, қару асынған мемлекеттік саяси басқармасының қызметкері десең, әсте сенбес еді. Зайсанға уездік атқару комитетінің төрағасы болып келген бетте Жұматтың өзі де таң қалған:
- Өй, сен, шіркін, семіздіктен көше алмай қалыпсың ғой. Мына қалпыңда банданы қалай қуасың? – деген. Бұрынғы елпілдеген күйі жоқ Сәлімрахман салмақты, оңай қозғала қоймайды.
- Бұл кімнің ауылы дедім ғой.
- Сөзсоққаның ауылы.
- Не дейсің?
- Мылжыңның ауылы.
- Дұрысын айт.
- Әләуләйдің ауылы.
- Ата-бабаңның өші кеткен бе, неге сонша шүйілдің?
- Көктөбеттің ауылы.
Айтқандай болмады, тайыншадай көктөбет жүгіріп жетіп, Сәлімрахманды ат үстінен жұлып алардай, арсылдап үріп, қоя берді.
- Атып тастайын ба осы, тарс еткізіп...
- Саған не көрінді, ей, Сәлімрахман. Шөлдедік. Бұр аттың басын, сусын ішейік.
Көгенде қозы, желіде құлын жатыр. Төрт-бес жасар ұл үйден жүгіріп шықты да:
- Ата, қонақ келді! – деп айқайлап, қайта жүгіріп кетті. Аттарынан түскен Жұмат пен Сәлімрахманның қасына таяп келген әлгі бала:
- Ассалаумағалейкум! – деп дауысын созып, кезек-кезек сәлем берді.
- Азамат бол, шырағым, - деді Жұмат. – Сен өзің жақсы жігіт екенсің. Атың кім?
- Алтай. Атамның аты – Дәрібай.
- Дәрібай?!
Жұмат кенет өңі қуқыл тартып, Сәлімрахманға жалт қарады.
- Үйде апам бар. – Алтай киіз үйдің есігін ашып, бірінші өзі кіріп кетті.
Бейтаныс еркектерді сұлу жүзді әйел жылы шыраймен қарсы алды. Қимыл-қозғалысында асығыстық, әбігер жоқ, сабырлы, орнықты күйде тіл қатады.
- Шөлдеген шығарсыздар, - деп тысқа шығып кетті.
Үйдің іші таза жиналған, жерге сырмақ төселген, төрге көрпе салынған, жағалай кілем ұсталыпты. Бетіне күміс шапқан, сүйектелген сандықтың үстінде кітап жатыр.
Бапты қымыз Жұматтың тілін үйіріп әкетіп барады. Сәлімрахман терлеп қоя берді.
- Алтай, балам, ағаңа орамал әпер. Күн ыстық. Әбден шөлдеген екенсіңдер. Отағасы да жетіп қалар. Оған дейін жүрек жалғай отырыңдар. Мен қазір ет алып келейін. Сендер бәкілеріңді дайындай беріңдер.
- Енді тамақ жейтін жерім жоқ, - деп Сәлімрахман жантая кетті. Кішкенеден соң, қор ете қалды. Алтай Сәлімрахманның керегеге іліп қойған наганына қарай береді:
- Аға, мына ұйқтап жатқан аға батыр ма?
Жұмат мырс етіп күлді.
- Әрине, батыр. Қарнын көрмейсің бе? Көлтаусардың қарынындай.
- Аға, мына ұйқтап жатқан аға сені жеңе ме?
- Ол менің досым. Екеуміз соғыспаймыз.
- Ал соғыссаңдар, кім жеңеді?
- Білмеймін.
- Менің атам бәрін біледі. Ол сендер екеулеп жабыссаңдар да жеңіп кетеді. Менің атамның мылтығы мынадай шолақ емес, ұзын. Арқарды да құлата алады, ұқтың ба?
- Қасқырды ше?
- Білмеймін. Атам мені арқар атуға апарды, қасқыр атуға әлі апарған жоқ.
Үлкен қайың табаққа салып ет әкелген апасы:
- Мына шіркін не деп тантып отыр? Қонақ ағаның мазасын алма, қарағым. Одан да, кәні, сен де көмектес, тездетіп қуырдақ турап жіберейін. Пәлі, сарала түймелі төре қайным ұйқтап кетіпті ғой. Күн өткен болар, ат соғып тастайды, - деп сөйлей кірді.
Арқар етін Жұмат бірден таныды: тығыз, қаракесек.
- Қайным, мынау жүгірген аңның сендерге бұйыруын қарашы. Алтайдың атасына кеше кездескен екен. Сорғып қапты. Қане, тездетіп турап жіберейік.
Әп-сәтте көз шырымын алып, мызғып кеткен Сәлімрахман тез оянды.
- Мәтаға-ау, қолың жүрмейді ғой. Әкел, мен турайын, - деп Жұматтың бәкісін сұрап алды. Көз ілеспес жылдамдықпен бауыр тілгендей лыпылдатып жөнелді. Болар-болмас қоңыр қошқыл қан саусақтарының арасынан ағып отыр. Сәлімрахман өмір бойы қуырдақ тураумен ғана айналысқан кісі секілденіп көрініп кетті. Мына қалпында тұтас жылқының етін де әп-сәтте жәукемдеп тастайтын сияқты.
Достарыңызбен бөлісу: |