- Е, көрдік қой азапты.
Дәрібай өңі қуарыңқырап:
- Адамның хайуаннан бетер жыртқыш болар не сұмдығы бар осы, айтыңдаршы? Мынау кең дүние, жалпақ жер бәріне де жетпей ме? Атып-аспай-ақ, өлімнің құрығы бәрібір мойынға түседі. Ертең-ақ құрт-құмырсқа жемі боласың. Шіріп бітесің бәрің де. Тіршіліктің келіп кететін қонағы аз күндік жарықты, нұр, сәулені неге қимайсың бір-біріне? Күші басым әлсізді домалатып, - дегенде сақалы желпілдеп кетті.
Бұл тұста “Көкейкесті” ырғағы тұншығып, қыстығып жылаған бақытсыз жанның кескінін көз алдыға әкелгендей болды. Домбыраны жастыққа жантайта салған Жұмат:
- Дәке, мына төңкеріс, Ленин жетім-жесірдің көз жасын сүртеді. Кем-кетікті жеткізеді. Әлсізге зорлық жасаушының азу тісін қағып алады. Ұрлықпен, өзгенің еңбегін пайдаланумен, парамен дәулет жиғандардың бел омыртқасын үзеді. Тегім артық, нәсілім асыл, ұлтым озық деушілердің аузын қарып, теңдік орнатады. Әркім еңбек етеді, табан ақы, маңдай термен өзін-өзі асырайтын болады. Баршаға білім алуға, жапырақ жайып көркеюге жол ашылады. Күрес осы арнада, - деп Дәрібайға байсалды көз тоқтатты.
- Е, қарағым, мұның бәрін мен естімей жатыр деймісің? Қағаз бетінен оқығанымды былай қойғанда, ауыл арасының шолақ етек белсенділері дәл сендей жеріне жеткізіп, айыз қандырып айтпаса да, талай сөзді қақпақыл ойнатып жүр ғой. “Қалыңсыз қатын аламыз”, “тамақты еркек пісіреді”, “әйел ел басқарады”, “барлық малды бір қораға қамап, бір өріске жаямыз”, “тау-тасты жыртып, бір-ақ жерде тұрамыз”, “қарны жуан байлардың дүниесін тартып алып, өзін жер аударамыз”, “шіңкілдеген молданы қойдай қуып айдаймыз” – хош, осының бәрі істелсін. Анасы жақсы, мынасы жаман деп қайтейін, мына бес жастағы Алтайдың қолындағы қасығын, алдындағы асын әй-шәй жоқ, тартып алып көрші, алдымен жылайды, екінші рет бұл да қарсыласады. Ал енді ықылымнан келе жатқан дүниені қиратам дегенде қарсылық болмай ма? Екі қатынның ұрысқанын көрдіңдер ғой. Тіпті ол емес, әтештің шоқысқанын, иттің таласқанын еске түсіріңдер. Жан-жануарды, он екі мың ғаламды өзіне қаратқан адам бір-біріне қарсы шыққанда не оңдырады? – Дәрібай шарт жүгініп, ашынған бурадай, тас түйін отыр.
Сәлімрахман іле жауап берді:
- Алапесті өртемей ме? Арам шөпті отамай ма? Төңкеріс жолына қарсы тұратындар да солай жойылады. Тұқымына тұз құйылып, тамырына балта шабылады. Мыңдардың бақыты үшін кесепаттың бәрі құртылады.
Сақалын салалап тараған Дәрібай кенет тағы килікті.
- Мұның аты да өлтіру. Тағы да өлтіру, өлтіру, өлтіру. Қан, қан, қан...
- Жауды аяған жаралы қалады, - деді Сәлімрахман.
- Әлбетте, - деген Дәрібайдың дауысы бәсең шықты. Ауыр жұмыс істеп шаршап-шалдығып қалған адам секілді. Бет-аузы шалбарланып, көзінің алды қалталанып кетті. Бағана Жұмат көзіне таудай болып көрінген сұлу, нұр жүзді ер тұлға емес, арса-арса біреу отыр. – Мен жетпістемін. Жар жиегінде тұрғандай сезесің өзіңді. Жан-жақтан ұялас қасқыр қамағанда жартас басындағы кәрі құлжаны көр де, мені көр. Мен енді неден сескенем? Егер сескенсем... Дәрібай кекесінмен мырс етті. – Сірә, еш нәрседен сескенбеспін, мен енді. Өлім? Ызғары суық. Өлім үрейін жеңе білсең ғана, қартаюға хақың бар. Әйтпесе қыршын кет. Оқыста, қапыда. Олай ете алмасаң, өлім қаһарынан сескенбейтін күшке ие болмасаң, кәріліктің әр күні көр азабынан, тамұқ отынан ауыр. Шыдай алмайсың. Шариғат жолын бір қазақтай білем. Кейін ғұмырларың жетсе көресіңдер, әр шалдың өзі жасап шығаратын, ешкімге тіс жарып айтпайтын, жүрегінде өз шариғаты, өз құдайы болады. Сол менің ішімдегі иманым, шариғатым, құдайым бір-ақ нәрсеңе алаңдайды. Ол – ұрпақтың, нәсілдің тағдыры. Анау танауы пысылдап, қол-аяғын бауырына алып, бір уыс болып ұйқтап қалған Алтай ертең не болады? Не көрешек тосып тұр? Қай қыл көпір тосып тұр алдында? Әділет, теңдік, байлық орнатамыз деп адамдар бірін-бірі бауыздап, кісі қаны дария болып ақса, нәресте жанын қайда қояды? Соны көріп өскен жүрек тасқа айналып кетпей ме?
Үйге кіріп-шығып, сөзге құлақ қоймай жүргендей көрінген Мүслима кенет:
- Алтайдың атасы, сізге бүгін не болды? Қайдағы-жайдағы қалжыңды қуып бір кеттіңіз. Енді міне, қонақтардың мазасын алып, аузыңызға әзірейлі салғандай сөздерді кесек-кесегімен ата бастадыңыз. Кәне, төре қайындарым, қымыз ішейік, - деп ақсақалының сөзін орта жолдан бөліп кетті. – Жетті. Сендер де жауап беріп, тәжікелеспей-ақ қойыңдар. Мен ағаларыңның бір сырын ашайын. Бұл кісі кейінгі уақытта өзі шығарған өлең, дастандарын қағазға түсіріп, жинақтай бастады. Әркімнің қолында жүрген ескі дүниелердің там-тұм жұрнағы табылды. Бағана сен айтқан “Арқалық батыр” түгел қағазға түскен. Маған көшіртті. Бұл кісіге соны айтқызайық одан да.
Сөздің аяғы бұлай, басқа арнаға бұрылып кетеді деп Жұмат та, Сәлімрахман да күтпеген еді. Дәрібайға түсіндіретін нәрселері, ұқтыратын жәйттері, қарсы айтатын даулы пікірлері, келіспейтін тұстары бар еді, - мынадай кесті-пішті тұжырымнан кейін өзеуреп шыға келуді екеуі де жөн санамай, тосылып қалған.
- Е, е, - деді Дәрібай шаршағанын жасырмай. – Үндемесім, сенің айтқаның дұрыс. Сенің сөйлей бастағаның – менің теріс кеткенім. Қартыңның шайпау кетуін айыпқа бұйырмаңдар. “Арқалықты” өз қолыммен жазып апарып берем, Жұмат саған. Уәде еттім.
Бұдан кейінгі әңгіменің парқы болған жоқ, тамақ тоғын басқан соң, Жұмат пен Сәлімрахман аттанып кетті.
Оңаша қалғанда Дәрібайдың есіне ұлы Арыстанмен иесіз тауда жасырын ұрланып кездескен сәттегі алмағайып, әрі тарт, бері тарт болып, бітімге келе алмаған қамырықты сөздер түсті. Бірінің басы, бірінің аяғы.
“Бала-шаға, жылы ұя, жар төсегінен безіп, сай-сайда қашып жүрген осы тіршілікті қай күні тауып алдың, балам? Ел-жұрттың бетін көрмей, бел шешіп ұйқтамай, аң секілді жортуда не парық барын түсінбей отырмын”.
“Мына қағынып тұрған заманнан көр, аға. Менде қандай жазық бар”.
“Өзіңдей жігіттер ерте жатып, кеш тұрып, тіршілік кешіп жатыр. Басында – үй, бауырында – бала, алдында - малы”.
“Жарты малын айдап әкетіп, басқаға бергенде көрейін оларды. Құлақ кескен құл болып жүргенше, айдалада тентіреп жүрген ұл бол”.
“Бұл шырғалаңның тынар күні туар ма? Сайда сандардың, құмда іздерің жоқ. Зеңбірек сүйреп, арттарыңнан әскер қуып жүр. Бір күні кездессеңдер, сонда тып-типыл қылып қырады да тастайды. Қыршын өмір кесіледі, арттарында көздің жасын сора-сора ағызып кәрі әке, жас қатын, шиеттей бала қалады. Сол обалды ойламайсыңдар ма? Басшың кім? Апаршы соған мені, көзін шұқыт, бетін тіліп айтайын. Сендерді желіктіріп, құтыртып, атқа қондырып жүрген кім? Қай түлен түртті?”.
“Зорлыққа шыдамай атқа міндік”.
“Қандай зорлық?”
“Кешегі ата-бабамның қыстауына басқаның келгенін, кешегі өз жайлауыма бөтеннің қонғанын көріп отыра алмаймын. Ішім өртеніп, жаным күйіп бара жатыр. Шыдай алмай бұлқындым. Іштегі дерт өлтірер болды. Қосылдым содан кейін қашқан босқындарға. Арғы бетке кетеміз”.
“Ол жақта жарылқайын деп отырған кімің бар? Қайда барсаң – Қорқыттың көрі. Кеше, он алтыншы жылы ауғандар неге қайтып келді? Сұрап көр солардан, елден, туған жерден айрылған қандай екен? Қашу жеңіс емес, - жеңіліс. Бәрінен кетуге болар тіршілікте, бірақ туған жерден кеткен адамда қасиет тұтатын не қалады? Қаңбақ, тамырсыз қу қаңбақ, жел айдады - кетті”.
“Туған жер дейсің, аға. Тарбағатайдың арғы беті не, бергі беті не, мен үшін айырма жоқ. Бір таудың екі беткейі. Ішім жанып барады. Шыдай алмаймын. Кеше әркімнің есігінде жүрген, өткелектен өтіп келген, “зауытта істедім, орысша білем” деп жұрттың төбесінде ойнамақ па анау таз Сәлімрахман? Мен оған иіле алмаймын, аға”.
“Балам, иіл деген кім бар? Малыңды бақ, тыныш жүр. Тіршілік ет. Саясатты, төңкерісте сенің не шаруаң бар, айтшы?”.
“Мен саясат іздеппін бе? Сәлімрахман таздың астындағы кертөбел біздің үйірдің тұяғы. Оның астында тайпалып бара жатқанын көруге көзім шыдамайды. Тексіз біреудің жөн-жосық үйреткеніне қалай көнем? Бүгін малымды тартып алса, ертең қатынымды тартып алады, бүгін жерімді құртса, ертең елімді құртады. Тілімді шайнап ай жүрермін, жыл жүрермін. Одан кейін не болмақ? Қарсы шығам. Оның арты шайқас. Кісі өлімі”.
“Біреуді ұнатпадым деп жалпыға күйе жағуға болмайды. Битке өкпелеп, тоныңды отқа салма. Қазіргі ұран теңдіктің, бостандықтың ұраны. Әділет, тазалық, пәктік байрағы желбіресін деп жатыр. Бай мен кедей, жақсы мен жаман теңелмек, міне, балам ертеңгі келешек”.
“Пәлі, аға. Қарашы жан-жағыңа. Қасқыр мен түлкі, арыстан мен қоян, бәйтерек пен итсигек – олар да табиғатта тең тұрған жоқ. Бәрінің тегі бөлек, жөні басқа, тіршілігі әрқилы. Құдай адамды әр түрлі жаратып, біреуге бақ, біреуге сор, біреуге дәулет бұйыртып, күні бұрын маңдайына бар тіршілік азаптарын жазып қойса, оны жұмыр басты пенде қалай өзгертпек? Қалай? Қызыл сөзбен бе? Мылтықпен бе?”
“Е, балам. Әрине, жазмыштан озмыш жоқ. Ал біреу үлде мен бүлдеге оранып, үріп ішіп, шайқап төгіп отырса, екінші ішерге ас, мінерге ат таппаса – осыны да әділет дейсің бе? Жоқ, бұл әділет емес. Жарыққа, сәулеге ұмтылғанды беттен қағып, қапаста ұстау – бұл қиянат”.
“Не ақ, не қара? Не үлкен, не кіші? Бұларды ажыратып беретін әділ қазы, арда би мен емепін ғой, аға. Өз етігің аяғыңа тар болса, дүниенің кеңдігінен пайда жоқтығын бұрынғылар босқа айтпаған шығар. Қаптап, жөңкіліп, жолдағыны түгел жұтып келе жатқан қара тасқында мен жағаға малтып шыға алмаймын. Бәрібір тұншығып өлем. Ендеше бір күн болса да, жарық дүниенің рахатын көру үшін ауа көшпегенде, не істеймін? Артына қуғын түскенін сезген аң да зыта жөнеледі”.
“Ешкімге зиян келтірмей, танауыңды желге беріп, тау асып кетер арқар болсаң жақсы ғой. Қуғының да осал емес. Екі көкжал кездессе, шайнаспай, бірі өліп, бірі қалмай, әсте тарқамас-ты, балам. Бір кетсең, енді қайтар жол жоқ, туған жерге мәңгі қоштасып кетесің”.
“Келешекке кімнің көзі жетеді, аға. “Таулар құлап, құм болады, өзен тартылып, өзек қалады, теңіз құрып, тақырға айналады, жер сілкініп, дүние өзгереді”, - деп өзің талай айтушы едің. Билік атаулы өмір бақи таз Сәлімрахмандар қолында қалар дегенге тіпті де сенгім келмейді. Бұрынғы заман қайта оралар, ескі дәстүр орнар, әркім өз қыстау, жайлауын табар күн туса, Тарбағатайдың арғы бетінде мен байлап қойса тұрармын ба, тартпаймын ба ауылға, келмеймін бе қара орман, ата мекеніме. Сол сағатты тосумен жүріп жатпаймын ба?”
“Ол сағатың соқпас, балам. Қайт райыңнан. Ешқайда қаңғырма, қозғалма еліңнен, ұлым”.
“Жо, аға, мен кетем. Өзің де жүр. Қимайтын не қалды бұл жерде?
“Сен не дейсің, сорлы тентек? Ата-бабамның бейіті тұр, әне. Бала күндер ойнаған, жігіт шақта сайран салған, шал кезінде қимай жүрген мынау кең атырап – туған жерім бар. Тірлікте жапырағын көлеңке етіп, өлгенде топырағын жамылам. Кете алмаспын мен, сірә”.
“Ертең арғы бетке қашып кеткен бандының әкесі деп абақтыға қамап, қол-аяғыңа кісен салып, көзіңе көк шыбын үймелетсе, қайтесің? Сақалыңды жұлып, екі өкпеге тепкілесе қайтесің? Көз көріп, құлақ естімеген, тескентау, итжеккенге жер аударып, итаяқтан сары су ішкізіп, тас қашатып, ағаш кестіріп қойса қайтесің? Айдала – қу медиен, жат ел, шет жұртта қаңғырып өлсең, ақ жуып, арулап көмбек түгіл, басыңды құбылаға қаратып, үстіңе кебін кигізіп, топырақ салатын бір мұсылман табылмаса қайтесің? Сонда, аға, бүгін айтып отырған мына сөздерің сенің жан жараңа титтей де дауасын тигізе алмас”.
“Е, балам, өйтіп ақыр заманды орнатпа. Сен айтқан таз кепені киетіндей кісі өлтіріп құнды болғаннан, біреудің ала жібін аттағаннан аманмын”.
“Сенің ақ-қараңды, адал-арамыңды тексеріп жатыр деймісің? Шынжыр балақ, шұбар төс жуанның тұқымы, белдеуінен бәйгі ат, төрінен қонақ кетпеген дәулет иесі, ескілікті мадақтаған ақын, аталас ағайыны арғы бетке қашқан, жалғыз ұлы сол бандының ішінде – осыдан артық қандай айғақ, қандай дәлел қажет? Кәрі шалдың көзін жою үшін осы да жетіп жатыр. Тіпті бәрі емес, осы қара күйенің бір мысқалы-ақ қиып түседі”.
“Дүние төңкеріліп кетіп, ел билігін баскесерлер, жендеттер, қанышерлер жаулап алмаса, мұндай сұмдық ешқашан болмас. У ішсең руыңмен іш. Енді мен сескенетін еш нәрсе жоқ, балам. Менің жүрегім шошудан қалған. Жер жарылып, аспан құлап кетсе де, мені туған топырақтан алыстатар күш жоқ. Қол-аяғымда байлап, тұтқындап әкетсе, амал қанша. Әйтпесе өз еркімен ешқайда тапжылмаспын. Тірі жүр, балам. О дүниеде кездесерміз енді. Хош!”.
Иесіз тауда тағы аң секілденіп, оңаша, ұрланып баласымен кездескенде айтылған бұл сөздер соңғы күндері Дәрібайды ұйқы-күлкіден қалдырған. Уақыт күтіп тұрмайды. Жадай бастаған тентек топтың барлық сыры қазір оған толық аян: өңкей сен тұр, мен атайын, шаш ал десе, бас алатын, одан қашқан, бұдан қашқан, бұрын ел тонап қарақшы, кісі өлтіріп құныкер атанған, жаңа тәртіп, кеңес заңына наразы жуан тұқымның теріс азулары – ылғи ығай мен сығайды жинап алып, бәрін бір шыбықпен үйіріп, қойға шабар ұялас қасқырдай тас-түйін отыр. Бұлар енді көп аялдамас. Әр жерде шашылып, тау-тасты паналағанмен, соңдарына қуғыншы әскер түсе бастады. Аз күнде арғы бетке асып кетеді.
Зайсанға ертелетіп аттанған Дәрібайдың сылтауы Жұматқа уәде еткен “Арқалық батыр” жырының қолжазбасын апару болғанмен, іште басқа есебі де бар еді. Дәм айдап келіп, үйінде құдайы қонақ болып кеткен уездік атқару комитеті бастығының нұрлы көзі, ақылды, ашаң жүзі болар-болмас, сенер-сенбес үміт отын қайта үрледі. Өлдіге санаған, енді бітті есептеген сәуле тағы сығырайғандай болды. Сылқылдатып күй тартатын, ескілікті әңгімеге құлағы түрік, сезімтал, сұңғыла жас зұлымдық, зорлық, әділетсіздік жасауы әсте мүмкін емес шығар. Кеңес үкіметі орнағаннан бері теріс айтылған сөз, заңсыз жасалған қимылды көрген жоқ қой. Бұрынғы зорлықтың кегін қайтарса, жарлы-жақыбайға есе-теңдік әперсе, бұл шариғатта да әділет жолы.
Жасым отызда деді ғой Жұмат. Сонда Арыстанмен құрдас екен. Тағдырдың бұйрығын қойсаңшы. Баянауылдың түлегі Тарбағатайға келіп, жаңа өмір, жаңа салт, жаңа тәртіп орнатпақ. Тарбағатайдың өз перзенті осылардың бәрінен қашып, арғы бетке, бөтен ел, өзге мемлекет, жан қолына кетпек. Бір жылдың төлі, екеуі екі қиырға қарап маңырап тұр. Араларында асу бермес от жатыр. Тас өткел, тар босағада кездесіп қалса қайтпек? Ақыл, сезім емес, ол кезде күш сөйлейді. Қылыштың жүзі, мылтықтың оғы шешеді дауды. Кімді кім алады?
Жүрегі дір ете түскен Дәрібай атын суыт желдіргенмен, қалың ойдан бәрібір арыла алмай келеді. Мынау жадыраған жаз басқалардың қызығы, мұның барлық тәтті күндері ескілікте ғана қалған секілді. Түнде үстіне Арыстанның шешесі Салиха енді. Киіз үйдің есігін ақырын ғана ашып кіріп, босағада тұрып қалған. Үстінде қара шапан, басында қара шәлі, бетін қара шүберекпен орап алыпты. Тостағандай қара көздері ішіп-жеп барады, кірпігін қақпайды. Үнсіз. Дәрібайдың өзі бірдеңе айтайын дегенмен, аузынан сөз шықпай қойды. Отырған орнынан да тұра алмады. Тостағандай қара көздер өңменінен өтіп барады. Дәрібай терлеп қоя берді. Кірпік қақпай қадалаған көздер ет жүрегін өртеп жітеретіндей көрінді. Кенет Салиха бетін байлаған орамалын шешіп тастап, ақырын сыбырлап, үзіп-үзіп тіл қатты: «Өй, Дәрібай, сен неге үндемейсің? Әлде мені ұмыттың ба? Ұмытқан шығарсың. Мен кеткелі көп жылдар өтті ғой. Сен қартайып қалыпсың. Әрең таныдым. Мынау қауғадай сақал қайдан біткен? Шашың бурыл тартып кеткені несі? Неге жалғызсың? Анау алдыңда жатқан, шимайлап отырған қағазың не? Қартайғанда молда болдың ба? Маған бағыштап құран неге оқымайсың? Білем, бәрін де білем. Ата-анамыз құда түсіп, қалың бергені рас. Екеуміз алғаш көргеннен бір-бірімізді ұнаттық. Рахат күндер, бақытты өмір кештік. Менің құрсақ көтермегенім кейін ата-анамызға, ел-жұртқа қайғы болды. Сен қанша білдірмеймін дегенмен, қас-қабағыңнан бәрі айқын еді. Шеріңді ән-күймен, ойын-сауық, аңшылықпен тарқаттың. Өлең-жырды жолдас еттің. Мен сорлы саған білдірмей бақсыдан бақсы, молдадан молда қоймай, қорасанға қой айтып, мойныма бұршақ салып, әулиенің басына түнеп, жылап жүріп күн кештім, ақыры тілеуім орындалды. Мұны саған несін айтып тұрмын? Мен қайтпасқа жолаушылап кеткенде, Арыстан бес жаста еді. Одан бері қанша жыл өтті? Барлық қызығын сен көріп жатырсың ғой? Немерелерің нешеу? Кейінгі алған тоқалың қайда? Одан бала көрдің бе? Сен неге сөйлемейсің, Дәрібай? Тілің байланып қалған ба? Арыстан қайда? Айтулы жігіт болған шығар, құлыным. Мен әдейі сендерді іздеп келдім. Қатпар-қатпар таулардан, қабат-қабат шөлдерден, ағын-ағын сулардан өттім. Арыстан екеуіңді алып кетейін. Мен қайтар жолды жақсы білем. Кәне, алдымен өзің келші, мына қара шапанға сиясың. Бұл қара шапанға бәріміз сиямыз. Күллі дүниеге жетеді қара шапан. Арыстан да сияды. Кәні...» Құшағын жайып ұмтылған Салихадан шошынып, сескене берген Дәрібай, түн ортасында бастығырылып, тұншығып, қара терге түсіп оянып кетіп еді. Содан қайта ұйқтай алмай қойған. Мүслима екеуінің ортасында жататын Алтайдың маңдайынан бір иіскегеннен кейін ғана тоқтап қалғандай болған жүрегі қайтадан ақырын соға бастаған.
Салиха өлгеннен кейін көп жыл Дәрібай бойдақ жүрді. Арыстан әке-шеше қолында. Бір тойдың үстінде Мүслиманы көріп, көңілі қатты кетті, жас аралары екі мүшелдей болғанына қарамастан, мол қалыңмал беріп, қыз төркінін риза етіп, опыр-топырын шығарып, әй-шайға тоқтамай, тез үйленді. Бұдан айт пен той, ойын мен жиын, айтыс пен керіс, серуен мен аңшылық десе, ішкен асын жерге қойып, апталап, айлап жүріп кете беретін Дәрібай ол қылықтан пышақ кескендей бір-ақ күнде тыйылды. Құрдастары “Мүслиманың сиқыры бар екен. Мұны жадылап тастады”, - деп қалжың шығарған. Оған былқ еткен бұл жоқ. Мүслима құрсақ көтермеген соң, ел ішінде сыпсың сөз тағы көтерілді. Оларға Дәрібай құлақ аспады. Мұның жанына батқаны Арыстанның туып, өле берген алғашқы сәбилері еді. Әбден зәтте болып, запыс шеккен сорлылар осы Алтай шырылдап дүниеге келісімен, Мүслиманың бауырына салды, тіпті келіннің емшегін бір күн емізген жоқ. Ылғи биенің сүтімен асырады. Алтай құдайға шүкір, беске келеді. Бірақ содан кейін келін құрсақ көтермей қойды. Ешкімге тіс жарып айтпағанмен, Дәрібай, Мүслима осыны үлкен қайғы, зор бақытсыздық санап, жүректері сыздаушы еді. Осы аз болғандай, енді Арыстанның арғы бетке кетуге бел бууы Дәрібайды тәлтіректетіп тұр. Бұл жәйтті Мүслимаға айтпағанмен, анау сұңғыла бір сұмдықтың келе жатқанын сезетін секілді.
Дәрібай өз ойынан өзі шошиын деді. Алтайды бір күн көрмесе тұра алмайды. Немересін екі жасқа толғаннан кейін қасына ертіп алып жүретін болды. Жанында Алтай жатпаса, ұйқтай алмайды. Маңдайынан бір иіскемесе, көзі ілінбейді. Тіпті жолаушылап кеткен күннің өзінде, сыртқа қонбай, қайтсе де ауылға жетіп жығылады. Ендігі қалған өміріндегі барлық қызығы осы немереге байлаулы тұрған сияқты.
Тау ішінде ұрланып кездескенде, көмейлерінде бүлкілдеп жасырынған бір нәрсе бар еді. Сезіп, біліп тұра екеуі де ол жаққа аяқ баспаған. Соңғы жұтым су, соңғы атылар оқ секілді әдейі, артқа қалдырған. Енді тағы бір кездесерін әке де, бала да білген. Ең ауыр шындықтарды аштық дескенімен, сыздауықтың аузындай нәрсені кейінге тастаған.
Әуелі уком бастығын іздеп, тауып алып қолжазбасын берер. Ол үйіне апарып, дәм татырып, шәй ішкізер. Содан кейін оны-мұны өткен-кеткен ескілікті әңгімені, қазіргі жағдайды, ел ішінің халін суыртпақтап сұрай бастар. Оларға айтар сөзі даяр ғой, ал енді Арыстанның тағдырын қалай баяндайды? Жадай тобының қандай шатқал, қандай асу, қандай қорықта жатқанын Дәрібай шамалап емес, дәл біліп отыр. Атап-атап көрсетіп берсе, зеңбірек сүйреген бес қаруы түгел сақшылар бәрін де тып-типыл етіп, қынадай қырып тастамай ма? Үгітті тыңдайтын, сөзге илігетін халден олар баяғыда кеткен. Енді бейбіт халықты үркітіп, шошытып, мал-мүлкін тонап, бүлікпен сойқан сала отырып, арғы бетке тартудан басқа оларда өзге жол қалған жоқ.
Ендеше көңіл нені медеу тұтады деп Дәрібай өзін-өзі кекетіп, мырс етіп күлді. Құдай жүрегіне бермеген сезім, басқаның айтқан сөзімен қалай тумақ? Әке ырқына көнбеген Арыстан енді уком бастығына илігеді деп кім айтты? Өредегі еттен дәметкен мысық көңіл-ай десеңші. Кеңес өкіметінің жағдайын, саясатын өз құрбысы, үлкен мансап иесі түсіндірсе, бері бұрылар мүмкін. Қазіргі жүріс-тұрысын, адасқанын кешіріп, алдындағы малына, басындағы үйіне тимесе, оралмайтын не бар? Әзірге Арыстан ел тонап егер қылғаннан, кісі өлтіріп, қанышер атанғаннан аман. Жұмат пен Арыстанды қалай оңаша жолықтырам деп Дәрібай ойы шартарапқа кетті. Ескі сарынды күйлерді қазір Арыстаннан жақсы біліп, терең тебіреніп тартатын күйші Тарбағатайдың бұл бетінде жоқ. Әсіресе қалмақ-қазақ жауласқан, елден ел айрылған қилы замандардағы қайғылы, шерлі күйлерді аңыратқанда, адамның сай-сүйегін сырқыратады. Өз жанынан шығарған әуендері бұрынғы арнаның бойын қуалап отырып, кей тұстарда соны, жаңа ырғақпен елең еткізеді.
Дәрібайдың көз алдына – көгалға сырмақ жайғызып тастап, оның үстіне кілем, көрпе төсеттіріп, рахатқа бөленген қонақтар. Ортада Жұмат пен Арыстан кезек-кезек домбыра алып, күй жарыстырып жөнелді. Алқа-қотан отырған көпшілік екеуін де қошеметтеп, көтермелеп, мәре-сәре. Екінші бір сәтте ылғи қарулы адамдар өріп шыға келді. Әлгі домбыра дегені – мылтыққа айналды. Жұмат пен Арыстан қандарын іштеріне тартып алған, сұп-сұр, біріне-бірі мылтық оқтап тұр. Қайсысы бұрын атар екен? Қазір құлайды-ау. Кім құлар екен? Қазір атады-ау енді. Қорқынышты елестерден жүрегі зу ете қалған Дәрібай тізгінін беріп, бірнеше қайтарып “бісміллә-бісміллә” дегенмен, көңілі орнына түспей қойды.
Осы сәтте бүктетіліп, бірінің етігін бірі басып, қабат-қабат болып жатқан төбе-белдер Дәрібайдың алдына суық жұмбақты ішіне тыққан тылсым дүние секілденіп көрініп кетті. Кенет көз алдына қару-жарақ асынған Сәлімрахман келе қалды. Түсі суық, қабағы қату. Сөзі томырық: “Сен жаман шал үйіңде қонақта отырғанда арғы-бергі атамды қазып, есалаң, мәңгүрт, ақымақтың бәрін менің бабаларымнан таптың ғой. Сақалыңды сыйлап, әрі дастарқан киесін ескеріп үндемедім. Оның үстіне өзге ортадан келген, досым да болса, сүйегі басқа азамат отырды. Әйтпесе сенің де қыршаңқы, сақау, мақұлықтардың толып жатыр емес пе, оларды жіпке тізіп беру менің де қолымнан келер шаруа еді. Қыр соңыма түсіп ап, ішкен асымды желкемнен шығарардай қай әкеңнің көз құны бар менде? Айтшы, кәне, оңашада. Кедей-кепшік, жаман-жәутіктің алдымен малын тартып алып, артынан өзін мазақ қылып, масқаралайтын ежелгі қанды балақ жауыздықты қашан қоясыңдар осы? Сөзбен сойып, жанын шығарып, шартарапқа жаман атақ, масқара лақабын таратып жіберіп, өздерің түк көрмеген, еш нәрсе сезбегендей, сүттен ақ, судан таза болып шыға келесіңдер. Енді ол болмас. Зорлық күндерің келмеске кетті.
Дәрібай жауап беріп келе жатқанын сезбей қалған: “Қой, шырақ. Қайда лағып кеттің? Менің ойымда ешқандай жаманшылық жоқ-ты. Қалжың үшін айтылған әңгіме. Мен әдейі шығарды деймісің. Ел ішінде ол аңыздарды екінің бірі біледі. Бәрі күледі”.
Сәлімрахман наганын кезеніп, таяп келіп қалғандай болды: “Күлгенді көрсетейін мен саған, кәрі төбет. Анау банды болып, ел тонап, шекара бұзып қашып бара жатқандарға қосылған жалғыз ұлың Арыстанды атып тастайын. Соның өлігін құшақтап отырғаныңда көрейін мен сені, қалай күлер екенсің?”
Дәрібайды тағы тер басып, басы айналып, көзі қарауытып, аттан құлап кете жаздады. Қай сайтан иектеп кетті. Не күтіп тұрса да тосып алды, құдайдың бір жазғаны тұрған шығар. Ыза буғандай ширығып қамшымен осып жібергенде, астындағы аты ырғып-ырғып кетті.
Дәл айтқан уақытында Дәрібай жетер деп Жұмат ойламаған еді. Уком бастығы кабинетіне қаудырлап кіріп барғанда, отырғандар сасып, абдырап қалды. Тұрып сөйлеп тұрған Сәлімрахманның көзі бақырайып кетті. Қасына келіп, төс қағысып сәлемдескенмен, Жұмат көзінде ауыр мұң жатқанын қарт жазбай байқады. Жалғыз ол емес, өзгелерінің де түсінде қатты абыржу бар-ды. Жұмат пен Сәлімрахманнан басқаларын Дәрібай таныған жоқ. Бір орыс, бір татар, бір қазақ жігітінің үстеріндегі шолақ етек тері кеудеше, маңдайында жұлдызы бар бас киім, асынған қару әскери адамдар екенін айтып тұр. Қабырғадағы үлкен қағазға жазылған жазулардағы жер аттарын оқығанда, Дәрібайдың іші бүлк ете қалды. Ойпырмай, мынаны қара. Жадай топтарының тығылып жүрген тау-тасы, шат-қуысы, орман-тоғайы түгел осында белгіленіп тұр ғой. Анау қызыл-жасыл сызықтар Тарбағатйдың арғы бетіне өтетін асуларын дәл көрсетеді. Бұлар мұның бәрін қайдан біліп алған? Қоршалған дөңгелек сықызтар не нәрсе? Қамауға түсіріп жойып жіберем дегені ме?
Жұматтың орыс жігітіне қарай бір-екі ауыз айтқан сөзінің өзі туралы екенін Дәрібай тез түсініп, жиналыстарын, жасырын әңгімелерін бұзып кеткенін әбестік санап, асығыс тіл қатты:
- Шырақтарым, рабайсыз жаман шал тапырақтап қайдан сап ете қалды дерсіңдер. Сөздерің біткенше шыға тұрайын.
- Отыра беріңіз, Дәке, - деді Жұмат.
Достарыңызбен бөлісу: |