Ай қанатты арғымақ



бет16/19
Дата25.12.2016
өлшемі4,1 Mb.
#4410
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

- Уай, Жұматжан, қайдағы қайғылы оқиғаны еске түсіріп, көзіме жас келтірдің ғой. Анау бейшара сендердің қатарыңда жүрер еді-ау, ә. Мені қойшы, өлсем өлдім, бір дәу қара дәмі таусылды – қалды. Ал ана Ғазиз шіркін ылғи есімнен кетпейді. Біреудің күй тартқанын көрсем, шыдамаймын, көзіме жас келеді. Сырымды білмейтін жұрт “Тастан – боркемік, ауру шығар өзі, жын соққаннан сау ма өзін, күй тартылса жылайды”, - деп мені әжуалайды. Солай да солай, жаһан соғысына барғанда осындай бір жас қазақ шаһит кетті деп кімге айта бересің? Былайғы жұрт оны қайдан түсінсін. – Тастан қатты күрсінді. – Мына қара, сол қолымның қары толық жазылмайды, оң жақ тіземнің сүйегі жарылып барып, шор болып бітті. Өзің білесің, қозғала алмай екі ай жаттым. Анау Балташас болмағанда, жатқан орнымда жамбасым шіріп қала беретін едім. Сол ер-азамат ұлты латыш деуші ме едіңдер, қайда екен, тірі ме екен? Оң аяқты қазір сылтып басқаным болмаса, кемдігім жоқ.

Бағанадан Жұмат пен Тастанның екеу ара сөздерін көзі бақырайып, өңі қашып тұрған Жанбике енді ғана өз-өзіне келіп:

- Сіздер аман-саулық, ауыл-аймақ, бота-тайлақ жағдайын сұраспай тұрып, ғазауат майданындағы қайғылы, қасіретті кептерді шертіп кеттіңіздер ғой. Ой, сұмдық-ай. Адамды итке талату... неғылған тасжүректер. Басқа көрген қиыншылықтардың шет жағасын естіп едім, ал мына кесепатты Мәтағаң айтқан жоқ. Пәлі, мен де сіздерге қосылып барам, он жыл көріспеген қанды көйлек достардың тұрысын қара. Ескі әңгімелерді әлі айтып үлгерерсіздер. Ал, оны қойыңыздар. Көрпеге жайғасыңыздар. Мен қазір шәй қояйын. Кәні, қайғылы әңгімені доғарыңыздар. Жетті, жетті, - деп көңіл ауламақ болып, бірді айтып, бірге кетіп, жік-жаппар болды да қалды.

Біреуден біреу құлақтанып Ақтөбе жұрты түгел дүрлігіп алды. “Қызылордадан театр келіпті. Жауға қарсы шыққан арыстан жүрек батырлар мен ел қамын жеп еңіреген билердің түр-түсін, жүріс-тұрысын, сөз мақамын айнытпай көз алдыңа әкеледі екен. Ғашықтық жолында бастарын бәйгеге тігіп, опат болған есіл жастарды көргенде, жыламаған адам қалмапты. Біресе жігіт, біресе шал, біресе диуана, біресе бақсы, біресе еркек, біресе әйел, біресе қарт, біресе кемпір боп өзгеріп шыға келетін бір-ақ адам дегенге көрмеген адам қайдан сенсін. Отырған адам не тілей кетсе, соны қолма-қол, аяқ-астынан өлең етіп шығаратын суырыпсалма ақынға таңқалмаған жан болсашы. Қапыда біреу “ал, нағыз шайыр екеніңді білейін, кешегі сөніп қалған электр шамын жырлашы” дегенде, саулап қоя берсін”.

Қала басшылары әуелде театр артистерін дұрыс қабылдамаған, несіне келдіңдер деген сыңай танытқан, шаһарда сендерді қызыпайтын адам аз, қырға шығыңдар деген емеурін білдірген, бір-біріне сілтеп жүріп, ақыры қалалық бақтан басқа ойын көрсететін жерді қимады; оның қожасы да бақайының басына қараған, ел өнеріне жаны ашымайтын төрешік болар ма, демалысқа кетемін деп дұрыс сөйлеспей, қыңыратқыған. Алаңды пайдаланғаны үшін ақы сұрапты. Сөйткен сабаз айтқан сөзінен қайтып, әне, аузы аңқиып орталарыңда отыр. Сірә, театр ойыны ұнаған болар өзіне. Әлде бірдеңесін жоғалтып қалып қойды ма екен? Біздің Еллеки диуана салған құмалаққа сенсек, “оның жоғалтқан әмияны куәлік қағаздары едендегі жол кілемнің астында жатыр” деген кезде қалалық бақтың бастығы орнынан атып тұрып, “не дейді-ау” деп шыға жөнелген.

Одан әрі ақын сөзі жаңбырдай құйылды: шам сөндірген электрші, одан сахнадан “ақшаңды берем” деп зекіген артист – осыларды түгел тізіп алып, ақырында электр жарығы жаңа заман нұрымен, Ленин, Октябрь сәулесімен теңестіріліп, Қазақ даласындағы бүгінгі екпін, тыныс жырланған. Ал анау шырқап салған әні Ақтөбе аспанынан әрі асып, жеті қырдың астындағы малшы ауылдарды тербетіп оятқан күміс көмей, жезтаңдай әншінің өнері өнер-ақ екен.

Сөйтіп, әуелі төрелердің кеселінен бықсып барып басталған кездесу өнерге деген ел махаббатының арқасында тұтанып жанып, лап етіп лаулап, талай жүректерге жол тауып, иман-сезімдерді оятып, қанат-қиялдарға дем беріп шарықтап кеткен еді.

Июннің 21-і күні Ақтөбеге келген театр труппасы әуелде бас сұғатын жерге зар болса, енді “Еңлік-Кебек”, “Қарагөз”, “Арқалық” секілді көп тараулы мол оқиғаны, халықтың өзіне етене жақын тарихи-тұрмыс салтты көрсететін, трагедиялы қанды жағдайларды бейнелейтін ағылып-төгілген шешен, шебер тілмен жазылған пьесаларды дарынды өнерпаздар шегіне жеткізіп ойнап, көз алдыға тірі, жанды өмір суретін алып келген кезде әлеумет құрмет- қошеметінің астында қалды, өнер мен сол өнерді тудырған ата-жұрт, ана топырақтың еміреніп бір табысқан сәті болатын.

Бұл күндері Жұматтың қоңыр қабағы жадырап, іштегі дертті түйіні ерігендей болып, бойы жазыла бастағандай еді. Бірақ екі қастың ортасындағы сызық-әжім бұрынғыдан тереңдей түскенін байқау қиын емес. Табиғатынан арсы-күрсі, саудыраған ақ көңіл Тастан салған жерден артистермен тіл тауып, тіпті Серке, Қалыбек, Елубайлармен жасы қатарлас, құрдас болғандықтан ба, тонның ішкі бауындай жақындасып кетті. Алғашқыда аузы аңқиып, дарылдай күліп көрермен қатарында отырған Тастан, бірер күннен кейін сахна жабдықтарын жинасуға білек сыбанып кірісіп кетті; енді бірде қараса “Арқалық батырдағы” дүрбіттердің біреуі болып сахнада жүр. “Ой, мыналарың не?” деген Жұмат сұрағына Серке: “Мәтаға, кешіріңіз, Ләтіб ауырып, соның орнына лайық кісі болмай, еріксіз қосуға тура келді. Айтатын сөзі жоқ, әрлі-берлі айғайлап жүрсе жетеді. Кешіріңіз”, - деп иіліп тұр. Сахнаға бір шығып кеткен соң, кешір не, кешірме не?

Ойын біткеннен кейінгі Тастанның сөзі: “Ой, алла-ай. Бір қарағанда артист дегеннің жұмысы оп-оңай көрінуші еді. Жазушының сөзін жаттап ал да, соға бер. Пәлі, бекер екен, олай деу, Серағаңның зорлығымен, жынды кісіше сахнаға көтеріліп шығып кеткенімді білмей қалдым. Әп-сәтте екі бетімнің оты шығып ду ете түсті, өне бойымды қара тер жауды да кетті. Отырған ел көзімен тесіп, ішіп-жеп барады. Бәрі маған қарап, мені мазақтап, “ой, мына шойнақ қараға не жоқ-ей, кеше қасымызда еді, енді сахнада жүр. Өй, жаманың” деген секілді. Жүрегім дүрс-дүрс соғып, аузымнан торғай сияқты топ етіп ұшып шығып кететін секілді. Енді бір сәт жынданған кісіше дарылдап күліп қоя берейін. Өз-өзімді тоқтата алмай күлем. Қалыбек жалт еткізіп көзімен атып бір қарады, оған да тыйыла алмадым. “Ой, қу қалмақ, жынданып кеттің бе?” деп Елубай бүйірімнен жұдырықпен қойып кеп қалды. Күтпеген соққы. Бойым дір ете қалды. Шегім түйілгендей болды. Үнім өшті. Қолы қандай қатты, тура тайдың тепкеніндей. Артист деген бөрікпен соғып алатын оңай шаруа екен десем, құдайдың бір азабы ғой мынау, құрысын. Әсіресе, тесіле қараған мың сан көз, саған шүйілген мың сан назар иманыңды ұшырады екен.

- Қой, тұлғаң мынау, нар түйедей, Кебек батыр, Арқалық батырды ойнатамыз, артист бол, Тастан. Кір труппаға.

- Дауысың қандай, Мұхит әнжерін шырқатқаныңда Әміренің өзі аузын ашық қалады. Бізде бұл өлкенің күйін тартып, әнін салатын кісі жоқ, артист бол, Тастан. Кір труппаға, кір.

- Өзіміз сияқты жалпақ табан, талтаяқ екенсің. Ыстық-суыққа көнбіс көрінесің. Бізге сендей адам керек. Кір труппаға.

- Мәтағаңмен окопта бірге болыпсың, ол кісі қарсы болмас, бәріміз жабылып сұрармыз Тастан, артист бол.

Жан-жақтан күліп, әзіл-қалжың араластырып, өтірік-шыны бар, ортаға алған артист қауымына ренжіп, ашу білдіретін Тастан емес.

- Ағайын-ау, маған қайдағы артистік. Қойыңдар ондай әңгімені, - деп қана қояды.

Екі-үш рет қойылған ойынның сөздерін жаттап алып, өз-өзінен жыбырлай айтып жүретін Тастан енді спектакль кезінде кейбір актерлер сөзден жаңылса, орнында отырып, сөз қосып, тұтас текстерді айтып беретін күйге жетті. Серке болып, Елубай болып, Қалыбек болып та өзгеріп шыға келеді. Осыларды анық байқаған бас режиссердің орынбасары Серке: “Әй, жігіттер, анықтап қараңдаршы, мен кісі танысам, өнерден хабарым болса, мына шой қарада бір жын бар, бір аруақ бар, буып жүр солар. Осыны қатарға тартсақ қайтеді”, - дегенде Тастан ат-тонын ала қашып “Қойыңдар, ондай сөзді, менің тілегім бар, соны айтыңыздар” деген.



  • Не тілек?

  • Берсеңдер айтам.

  • Береміз.

  • Ендеше уәдеде тұрыңдар. Акмолаға жүрмейсіңдер. Біздің ауылға барып екі-үш күн аял боласыңдар, қырдағы жұртқа да өнер көрсету керек. Олар мұндай ғажайып дүниеден сусап отыр.

Тастан-ау, ойласаңшы, бір апта бойы жегеніміз сенің ауылыңның марқасы мен бағланы, ішкеніміз сенің ауылыңның қымызы мен шұбаты. Рахмет, қайырын берсін. Ел-жұртқа сәлем айт, - деп Жұмат пәтуа айтқандай еді.

Бұл байламға көнетін Тастан көрінбейді, поезға алынған билеттерді қалай қолына түсіргенін кім білсін, сірә, Серкемен тіл тапқан секілді “басқа күні жүресіңдер” деп мұртынан күледі, тіпті “ауылыма соғып, бір қонып кетсеңдер, мүмкін сендерге еріп те кетермін мен де артист болып” дегенге дейін барды. Қойшы, әйтеуір, ақыры өз айтқанына жеткен Тастан үш ат арбаны есік алдына көлденең тартып қойды.

Ауылды қаладан аса алыс та емес екен, таңға жақын жүріп кетіп, салқында талай жолды ұтып, күн ысымай тұрып, қалың бұйратты басып өтіп, тал-шілігі мол өзектегі биік қамысты көлдің жағасындағы алқа-қотан тігілген киіз үйлерге қонақтарын шаршатпай жеткізген Тастан, жерден жеті қоян тапқандай мәз болып, қуаныштан жарылардай күйде жүр.

Жайлау алыс, оған жету үшін көлік керек, сондықтан әдейі осы жерге дайындық жасалғаны бірден байқалды. Шөп соны, маңай тың, бейсауат жайылған мал көрінбейді.

- Осынша әуреге түспегеніңде қайтер еді, бұрынғы патша заманында қаладан төре, чиновник келерде осылай қызыл танау болатын, - деп Жұмат құстай ұшып жүрген Тастанға шын жанашырлықпен тіл қатқан.

- Е, Мәтаға, кешегі жаһан соғысында, қиямет қайымда табысып, ажал тырнағынан аман қалған қан-көйлек досым өзіңді он жылдан кейін қайта көріп, көзайым боп тұрғанда, осы да сөз бе екен? Бір апта әбден шаршадыңдар. Бәрін көрдім ғой, не терлеп-тепшіп отырып шәй-суан ішкен жоқсыңдар, не шалжиып жатып ұйқы ұйқтаған жоқсыңдар. Ақ тер, көк терге малшынып жұрттың көңілін көтерем деп жүріп өліп кете жаздадыңдар. Тып-тыныш жатып екі-үш күн демалыңдар. Ән де салмаңдар, домбыра да тартпаңдар, ойын да қоймаңдар. Ет же, қымыз іш, шұбат іш, суға түс, жат та ұйқта – деп Тастан мал соятын пышақтарын ыңғайластырып жатыр.

Көрпеше үстіне жантая берген Жұмат басын көтеріп алды, қабағын керіп:

- Сонда сен бізді жемдеп жіберуге әкелдің бе? Жат, іш, же, тұрма, - бұл бұйрығыңа қалай көне алар екенбіз. Жарайды, мені көнді сана, ал аналардан сұрадың ба, әлгінде ғана түсірген үйлеріңді қарашы, біреуі бар ма екен, жоқ. Бәрі көл жағасына кетті, мен білсем. Әкел бір аяқ қымыз, мен де солай барайын. Анау кигіз қапты да әпер, - деді. “Не істесең де мақұл” деген раймен жымиған Тастан:

- Қымыз іш. Қазір домбыраны қайтесің? – деді.

- Киіз қаптағы домбыра емес, мылтық. Әперсеңші.

Жұмат ұзынша қаптың ішінен ақ шүберекке оралған құндағы қызыл күрең, сүмбісі жалт-жұлт еткен сұрболат мылтықты қолына алып, о жер, бұ жерін сүрте бастады.

- Мынауың баяғы әскерден босарда Балташас сыйлаған қосауыз ғой. Қалай жоғалтпай ұстап жүрсің? Туу, темір деген тозбайды екен-ау, ә.

- Сен де ұмытпайды екенсің. Айнытпай таныдың. Сол мылтық. “Зауэр”. Талай қимас достар қолқалап сұрады – бермедім. Талай көрсеқызарлар сөз салды, тіпті құлынды бие берем, алтын жамбыға айырбаста дегендер де болды – бермедім. Кейбір қулар ұрлап алып та көрді, бәрібір сіңірмей қайтарып алдым. Окопта, казармада азаппен өткен, тізеден су, толарсақтан саз кешкен, түрмеге түсіп бұралған қорлықты күндердің бір белгісі секілді көрінеді көзіме. Өзі де мылтық десе мылтық-ақ. Сілтесең – тиеді. Мүлт кетуді білмейді. Сен малды біреуге сойғызарсың. Кеттік көлге, - деп Жұмат сып етіп, орнынан атып тұрды. Жас жігіттей икемді, артық қырым ет жоқ, сыптай. Екі көзі шоқтай жанып тұр. Тастан өзінің жуан қарнына қарап мырс етіп күлді де, Жұматты арқадан қағып қойды.

- Отыздың жуан ішіне кірсең де, түлкіге қосатын тазыдай ытырылып тұрсың ғой. Ішкен, жегенің қайда кетеді, бойыңа жұқпай ма?

- Тастан-ау, мен қызмет бабында, үстел жанында отырған төре емеспін ғой. Беті шарқ табақтай, бұғы мойын, кебеже қарын, майдан көше алмай қалған кісі сахнаға шықса, қалай жүріп тұрмақ, ролін қалай ойнамақ? Не өнеге айтпақ, не өнер көрсетпек? Ал сол актерлердің ұстазы, режиссер қарнын сүйреткен, ішкен-жегеннің құлы болса, оның тәліміне кім иланбақ. Актер тіл мен жағы ғана емес, бойын, денесін, қимыл-қозғалысын түгел билей алу керек. Ой-пой, мен не деп саған дәріс оқып кеттім? Қысқасы, артиске, өнер адамына мөлшерсіз семіруге болмайды. Жалпы қазақ ұғымында жақсы еркек семіз болмауға керек. Ендеше, мына кебежеңді кішкене түсір, - деп Жұмат Тастанның қарнынан жұдырықпен екі-үш рет ұрып-ұрып қойғанда, анау “Ойбай, өлтірді. Қолың тастан да қатты ғой”, - деп жерге отыра кетті.

- Бұл да сол ескі досым, баяғы жұдырықтасу ойынына, бокс жаттығуына әлі де қол боста барып қоям. Қатты соқсам жатып қаларсың. Ал, тұр, кеттік. Малды жас жігіттер сояр, - деп Жұмат Тастанға қолын созды.

- Союын сояды ғой. Ал бата бермейсің бе? Малға бата бер.

- Қойың қайда?

- Босағада байлаулы тұр ғой. Жүр, шығалық.

Қара қазандай боп құйрығы төңкерілген үлкен ақ қой екі көзі бозарып, танауы пысылдап тұр.

- Сенде жазық жоқ, бізде азық жоқ, аллокбар, - деп Жұмат бетін бір сипады.

Дөңгелек-дөңгелек қияқ өскен томашалардан Жұмат секіріп-секіріп өтіп, жас жігітше жүгіріп барады. Ұзын шашы дудырап кетіпті. Бойына тың күш, соны қайрат біткен секілді. Мынау сағым көтерген жасыл бел, бүкіл денеңді өпкен самал, алдыңда айнадай жарқырап жатқан айдын, мөлдіреген көк аспан, құлаш жетпес кеңістік – осының бәрі еркіндік, бостандық белгісі іспеттес, жаныңды жадыратып, жүрегіңе ыстық сезім құйып, қолтығыңнан көтеріп, аспанға ұшырып әкеткендей, бейнебір қанат біткен секілді, кемпірқосақпен құшақтасып, найзағайды қолыңа ұстайтындай сезімдесің.

Сол жүгіргеннен жүгіріп отырып Жұмат көл жағасына қалай келгенін білмей қалды. Жағада жалғыз Қалыбек қана, кішкентай қыздар секілденіп, өзінен-өзі күбірлеп сөйлесіп, бес тас ойнап отыр.

- Мәтаға-ау, мұның не? Режиссер басыңызбен қараборбай жүгірмектерге ұқсап, тыртаңдап жүгіргеніңіз. Бұлшық еттеріңіз білем-білем, бура саныңыз бар кісіше шешініп апсыз, қабырғаңыз анау, санап алғандай, арық тауық секілді сидиып, мына тұрысыңыз қай тұрыс?

- Апардың ғой бірталай жерге. Дамбалың бауы салбырап, жүгі ауған түйе сияқты сен де отырсың ғой мыжырайып. Көлге неге түспейсің, суға неге шомылмайсың?

- Енді көрмегенім су болсын, жанымды далаға тастай алмай жүр дейсіз бе? Ата-бабам теңізге түсіп, күнге қақталмай-ақ мың жылдар жасады ғой, өйтіп-бүйтіп жүріп жүзге жетсем жарар, ар жағындағысын мына балық боп кететін түрі бар Сарыауыз Әміре мен Тазша Исаға-ақ бердім, - деді Қалыбек сеніммен. Шын айтып отырған кісінің кескіні.

- Аз турайды екенсің, Қаллеки, - деп күлді Жұмат. – Жүз жасап қалғанын басқаға бермексің, жаман емес арманың. Көлдің түбі саяз болды, құмы көрініп жатыр ғой. Қорықпа, жүр, түсейік.

- Мәтаға, өйтіп мені ерегістірмеңіз, Малту деген өрмекшінің ұясы секілді ширатылған арабша жазудан қиын дейсіз бе, оны да үйрендік. Ол аз болғандай, нота деген пәлені, сольфеджио деген сұмдықты мойнымызға ілдіңіз. Станиславский, Мейерхольд, Немирович-Данченко деген әулиелерді шығардыңыз, солардың сөзін бейнебір молда қайталайтын құранның аяты секілді күндіз-түні оқимыз да жатамыз. Бұларға аздап құлақ үйренген еді, енді грек, ағылшын театрының тарихы деген тағы жаңа мың бір түн шықты. Соларға да көндіккен бас, енді қол-аяқты тырбаңдатып көлбақаша су бетіне қалқып шығуды үйренбес деймісіз. Мені ерегістірсеңіздер, малтуды суға ағып кетсем де үйренем.

- Сөзінің түрін, суға ағып кетсең балықтарға жем болып, кете барасың да, о несі, - деген Жұмат кенет аспанға жалт етіп:

- Әне, ананы қара. Мына көлде үйрек бар екен ғой. Мәссаған, қаптап келеді. Тәтті сорпа аспанда ұшып жүр, Қаллеки. Сен өз бетіңмен оқып хат танығаныңды, театр, өнер тарихын білгеніңді, әуен хат-нота үйренгеніңді айтып жылайсың, - деп тұрған Жұматтың қолындағы мылтық бір мезет гүрс ете қалды:

- Дәл тиді. Әне құлады. Ұшып бара жатқан үйрек жалпасынан түсті.

- Ә, солай ма, ендеше мә, тағы түссін, тағы. – Мылтық дауысы және екі-үш рет естілді.

Қалыбек айғайлап тұр:

- Әй, Еллеки. Анау нарқамысқа қарай малты, шамасы сол тұсқа құлады білем. Үш үйрек тақиямызға тар келе ме, сорпасы балдай шығар-ау. Өй, сабазың, құлаштап жөнелді, құдайекең Елубайды көңілі түсіп, мерейі тасып отырған бір шағында жаратқан деп ойлаймын: жігіт десең жігіт, шал десең шал, әйел орнында да, еркек орнына да жүре береді, киімді қандай тігеді, тамақты қандай пісіреді, қолынан келмейтін бір ісі жоқ; жүгірген кезде атты кісіге жеткізбейді, ән салады, бақсылық құрады, құмалақ шашып, жауырын қарайды. Мен секілді қырда өскенмен, су ішінде балық. Бар айыбы қанаты жоқ, көк аспанға тұйғын құс боп ұшып кетер.

- Қаллеки, не деп Еллекиді мадақтап, толғап тұрсың? Ана үйректі бауыздамайсың ба? Әлде оқ тиді, қан шықты деп тұрсың ба? Абдырап қалған Қаллеки:

- Ә, солай екен-ау. Қазір, бәкім қайда? – деді. – Маған беріңізші мылтықты. Тағы екі-үш үйректі түсірейін.

- Ондай өнерің болса, не қарсылық бар. Мә, ата ғой.

Қосауыз қолына тиген Қалыбек анадай жерге барып, ұзынынан түсіп жатып, көлге қайырылып келіп қона бастаған үйректерді ұзақ көздеп, атып-атып жіберді. Бұрқ етіп түтін шықты, дарыған оқ жоқ, үйректер лап етіп аспанға қайта көтерілді. Орнынан тұрған Қалыбек жүріңкіреп барып, жарлауытқа тағы жайғасты да, бірен-саран төмендеп ұшқан үйректерді көздеді, бірақ атқан жоқ, жатыңқырап алып, құстардың көл бетінде жүзуін тосты. Үйректер қауіп кетті деген болуы керек, қайтадан мамырлап, біресе шеңберленіп, біресе үшкілденіп, біресе бастарын суға тығып, біресе сүңгіп кетіп, өздерінің үйреншікті мекеніндегі дағдылы әрекеттеріне кірісті. Қалыбек сатырлатып атып жатыр.

Көлдің бетін көк түтін басып кетті. Ойбайлап судан Елубай шығып келеді:

- Мына қаражын кісі ататын шығар. Бұл Қаллеки біреуімізді өлтіреді. Мынадай мергендікпен кісіге тигізбегенде, бұл мерген кімге тигізеді? Әлде қарақшыға түйе тігейік пе? Пырдай боп, жыртылып айрылып жатқан қалың үйрекке тигізе алмай, анау қос шырағың көз емес, жараның орны ма, анау қос қолың қол емес, қалың біткен сексеуілдің бұтағы шығар. Тілін емізіп, бал тамызып сөйлегенін көрсең. Қырмызыдай құлпыртып, мың түрленіп, біресе күмбірлеп, біресе мұңға батырып, біресе шошытып билік айтқызып қояр ма еді шіркінге. Көзімнен көп сырды ұққызып, жолбарысша жымиып жүріп, сахнаға шығар ма едің сабазың. Мылтық ұстаған түрін қара, мал күзетінде қолына таяқ ұстаған, мойнынан су кеткен жаман қойшы секілді. Есіл оқ, есіл қосауыз. Кет әрі, ыржимай. Біреуді жайратып тастамай тұрып, бері әкел мылтықты. Осыған қиып оқ берген Мәтаға сіз де қызықсыз.

Бейбастақ атылған мылтықтан басқалар да сескенген болу керек, жағаға малтып шығып жатыр.

- Қырып салдың ғой, Қаллеки.

- Көлде үйрек қалдырмады.

- Тәтті сорпаға тоятын болдық.

- Мұның жүзгіш атағына мерген даңқы қосылды ғой.

- Күнде бір жаңа өнері шығып келеді.

Қаллекидің өзі де өзіне наразы секілді:

- Қойыңдаршы,, бәрің бірдей табаламай. Мен бір қапқа салып мылтық арқалап, аңшылықты құмарлыққа айналдырған Ғабит пен Мәтағаң дейсіңдер ме? Баяғыда ауылда бір-екі рет көргенім демесем, одан кейін қолыма мылтық ұстағаным осы. Шынында, біреуіңе тигізіп алсам, масқара болатын еді, ә, - деп кінәлі пішінмен күлген болады. “Тигізіп алсам” – мынада ес жоқ шығар. Тигізіп алсаң, өледі дағы қалады, - деп Серке дүңк ете түсті. – Мына түріңмен қазақ драма театры труппасын қырып тастайтын шығарсың сен. Арал теңізінде малту өнеріңді көрсетем деп өзің суға кетіп өле жаздадың, бүгін үйрек атып, бізді сорпаға тойдырам деп, бәрімізді қырып сала жаздадың. Қазалыда поездың артынан жүгіргеніңді тағы қос. Саған салса, бізді қияметтің қыл көпірімен жүргізіп қоятын ниетің бар секілді. Қаллеки.

Кесік, билік айтқандай Серкенің әрбір сөзі мірдің оғындай саңқ-саңқ етеді. Өңі қуқыл тартқан Қаллеки дауысында сәл жарықшақ білініп:

- Расында мені бір кесел айналдырып жүрген жоқ па, Еллеки. Салшы құмалақ, қарашы жауырынға, - деді.

- Құп, тақсыр! Қазір үйге барған соң кірісеміз, - деп Елубай лып ете түсті.

- Тегін салған құмалақ сөйлемейді. Ақысын төлейсің?

- Үшкірту керек. Бір тор сыра қойса жетер.

- Бір шырмаудың бары рас. Басы айналған сияқты.

- Қызылордада қалған бәйбішесі түсіне кіріп, берекесін алып жүр ме екен? Әр саққа жүгірткен сөздерден, қалжыңнан берекесі кеткендей абыржыған күйдегі Қалыбек бір сәт көлге қарай тұра жүгірді.

- Ауыздарыңа келгенді көйте беріңдер. Одан бір қылшығым қисаймайды. Дәл сендерге ерегіскенде малтуды да, мылтық атуды да үйреніп алып, көздеріңді тұздай қылмасам, мұрнымды кесіп берейін. Қалыбек атанбай кетейін. Малту деген мынау ғой, - деп су ішінде қол-аяғын тырбаңдатып айқайлап жүр. Екі иығын шапалақтап қояды.

- Мына Қаллекиге дауа жоқ екен, - деді Жұмат. Жағада тұрғандар түгел күлісіп жатыр.

- Бұл сонда малтуды киізге аунап үйрене ме екен?

- Мылтықты қайдан алады? Таяқпен жаттыға ма?

- Естідіңдер ғой, мұрнымды кесіп берейін деді-ау. Суда жүрген Қалыбек айқайлайды:

- Айтқаным айтқан. Айтқанымнан қайтпан. Үйренбесем сендерге мазақ болып жүргенше, шошқа бағып кетейін.

- Е, дұрыс. Уәде, Шошқа бағуың қашпас, ең алдымен мұрныңда дайындай бер. Түгел кеспегенмен, ептеп жонып алсақ та, жетер, - деп Елубай көзін қысып қояды.

Бір қара борбай, қаспақ танау бала екі өкпесін екі қолына алып, құстай ұшып жетті. Келе Тастанға қарап самбырлап қоя берді:

- Көке, қуырдақ дайын, апам ұрсып жатыр. Жолдан келген қонақтарды сусын беріп, демалтып жатқызудың орнына, сандалтып көл жағасына алып кетті. Оның түбіне осы қусирақ мылтық жетеді, көкең түбі осы пәледен не өзі өледі, не біреуді өлтіреді деп ойбайлап жатыр. Кінәлі кісідей кібіртіктеп барып Тастан екі алақанын жайды:

- Шешең беталды сөйлей береді екен-ау. Мен мылтық әкелгем жоқ. Мынау Жұматтың қосауызы. Жарайды, қонақ кеткен соң келісе жатармыз. Қуырдақ дайын дедің бе? Ендеше, ал, жігіттер, кеттік. Қаллеки, шық судан. Мына түріңмен сен малтуды үйренбей қоймайсың ба деп қалдым.

Су киімдерін сығып, шаштарын тараған, біреудің кеудесі, біреудің тізесі жалаңаш, улап-шулаған көңілді топ ауылға қарай аяңдады. Таңертең ерте тұрғандары, жол соқты болғаны, су сорғаны бар, бәрінің де ішектері шұрылдап, қазанда қайнап жатқан жас еттің иісі танауларына келгенде, аяқтарын жіті басып, сілекейлерін жұтынып киіз үйлерге қарай тез-тез ұмтылды.

Жұматтар орын-орындарына жайғасып, жас малдың етінен қуырылған тәтті қуырдақты көмейлете асап, қызыл күрең шәйді сораптай тартып, маңдай терді сыпырып қойып, енді рахаттана бастаған. Тастанның қасында отырған әйелі – Рабиғаға Жұмат енді ғана көз тоқтатып қарап еді. Үлкен тұңғиық қара көздерінде мол сабыр бар, кең маңдайы, көтеріңкі, биік, қыр мұрыны, ат жақты кескіні жақсы нәсіл нышанындай, толықша денелі, ұзын бойлы, қол-аяғы балғадай, қимыл-қозғалысынан орнықтылық аңғарылады.

- Қысылмай, алып-жеп отырыңыздар. Әбден шаршаған шығарсыздар. Біздің Тастекең қызық, қожанасыр секілді. Ақтөбеге кеткенін де білмей қалдық. Бұл кісінің тазысын ертіп, мылтығын арқалап аңға шығатыны болады. Бірнеше күн үйге қонбайды. Қайда жүргенін кім білсін, әйтеуір қанжығасы бос қайтпайды. Кейде түлкі, кейде қарсақ, кейде қасқыр әкелген кездері де жоқ емес. Ал енді үйрек-қазды қынадай қырады. Қойшы, алдыңғы күні хабар жетті. “Нарқамыстың жағасына қонып, мал сойсын. Қонақ келеді”, - деген. Жөн-жосықтарыңызды өздеріңіз келген соң, енді-енді ғана біліп жатырмыз ғой, - деп Рабиға бір қайырып қойды. Асықпай-саспай, сабырмен, байсалды сөйлейді. Осы кезде киіз есік ашылып, бір бала кірді. Бағанағы хабаршы, қара борбай, қаспақ танау.

- Атың кім-ей, батыр?

- Тәңірберді.

- Атың қандай жақсы.

Есік тағы ашылды. Қара борбай, қаспақ танау екеу кірді.

- Аттарың кім ей, батыр?

- Құдайберді, Аллаберді.

- Аттарың қандай жақсы.

Есік тағы ашылды. Қара борбай, қаспақ танау үшеу кірді.

- Аттарың кім ей, батыр?

- Ербол. Бекбол. Байбол.

- Аттарың қандай жақсы.

Отырғандар Тастанға қарады, ол жұрттың ойын айтқызбай сезгендей болып, өзі тіл қатты:

- Жұмеке, ажалдың аузынан қайтқаннан кейінгі көрінген перзенттер осылар. Тұңғышымыздың атын Майдан деп қойып едік, ол бейшара бес айлығында шетінеп кетті. Сонан соң, іштен ойладым. Баланың атында да мән бар шығар, соны Майдан демей басқаша атасам, тірі қалатын ба еді деп ойладым. Әйтеуір, майданнан аман-есен оралған соң, қоя салған есім еді. Содан соң, ал олай болса деп Тәңірге, Құдайға, Аллаға, Ерге, Бекке, Байға жармастым. Соным дұрыс білем. Шүкір, әзірге алты ұлдың алтауы да аман. Қар түскенше, осылай жалаң аяқ, жалаңбас шауып жүреді. Ауру-сырқау, пәле-жаладан аулақ, - деп Тастан бір желпінгендей еді. Рабиға күйеуіне көз қиығын тастап қойды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет