Ай қанатты арғымақ



бет18/19
Дата25.12.2016
өлшемі4,1 Mb.
#4410
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

- Ал, шырағым, жолың болсын. Исі қазақ еліне керекті жаңа іс бастапсың. Ақ жол тілейміз. Мен Уфада, медресе Ғалияда оқыған кісімін. Орыстың, әсіресе татар-башқұрттың сауық ойындарынан хабарым бар. “Ғалиябануды” талай тамалағанбыз. Сендердің істерің, әрекет-қимылдарыңды матбуғат арқылы газет бетінен оқып-естіп жатырмыз. Біз құлақтанып, Ақтөбеге жетсек, кетіп қапсыздар. Санды бір-ақ соқтық. Ел құлағы елу, Тастан деген досы бар, майданда бірге болыпты, соның ауылына кетіпті дегенді естідік. Улап-шулап, бала-шаға, қатын-қалаш, шал- шауқан, келін-кепшік түгел келіп отырмыз, жарығым. Біз Шәкәрім қажының “Жолсыз жазасын”, “Еңлік - Кебек” дастанын медреседе оқыған адамбыз, соны Мұхтар Әуезов деген дарынды жас қайғылы хәл етіп қайта жазыпты, сендер ойнайды екенсіңдер. Мына шалдардың тілегі – соны көрсетіңдерші, шырағым, - деп Матан сөзін бір қайырды.

Мұртының астынан күліп, тісі ақсиып тұрған Жақсылық:

- Әй, Матан, қонақтар естіп біліп кетсін, Уфадан әкелген башқұрт қатының алжа-алжа болып қартайып, көшке ере алмай қалғанын, былтыр Ырғыздан түскен жас тоқал темір ноқтаны кигізгенін неге айтпайсың, сен? Ылғи бір мақтаннан бастамасаң, сен сөйлеген сөздің атасы өле ме? Матбұғат, нәшрият, тарқият – осыларды қоспасаң, аузыңның дәмі кірмей ме? Біз оқымасақ та “Еңлік - Кебек” қиссасын талай тыңдағанбыз, жазықсыз опат болған екі жастың тағдырына жыламайтын кісі бар ма? – деген кезде сөзге Ықылас киліккен:

- Жазықсыз дейсің? Неге жазықсыз болсын. Дәстүр бұзған, ата-ананың батасын аттап кеткен кісінің о заман да, бұ заман оңғаны бар ма? Сондайлардың ұшпаққа шығып, басына бақ орнады дегенін естіген де, көрген де кісі жоқ. Қазір де шариғат аттап, “сүйдім тидім” деп бұзылып-жарылып, батаны аяққа теуіп, некені талақ еткен, бастарына қызыл шүберек байлаған қарлардың қайсысы оңар екен? Аруақ атар, құран соғар, қаңғырып далада қалар әлі. Оларды желіктіріп, бұзып әкетіп жүрген қара табан, қу борбайлар қатын-бала түгіл, алдымен өздерін-өздері асырап алсын. Өзі бүлініп, ырың-жырыңы көбейе бастаған жұртқа тағы от тастамай, шырағым, одан да бізге ескі батыр, бұрынғы би, қазақ-қалмақ шабысқан ереуіл заманның суретін көрсететін ойындарың бар екен ғой, қисаңдар, көңілдерің түссе, соны тамашалатыңдар, - деп Жұматтың бетіне ажырайып қараған.

Өзінен-өзі күлімсіреп, есіне бірдеңені түсіріп, іштей ұзақ санның шегіне жете алмай, шатасып қалып, одан қайтадан санап, жұмбағын шешіп, содан көңілі көтеріле бастаған, жұрттың әңгімесінен қақас, шет тұрғандай болған Жангерей кенет тағы жымың ете түсіп:

- Уай, шалдар, сендердің береке-пәтуасы жоқ сөздерің таусыла ма, тағы бастадыңдар ырқи-тырқиды. Толқынша аунап түсіп жатырған мына сыры түсініксіз аума-төкпе заманда кімнің ақылы кімге дәрі? Әке қабағымен ұл, шеше емеурінімен қыз жүре ме? Пышту. Пешенедегі жазуды осы мықты болсаң Матан, сонда не айтылса, сол болады дей бер. Қазіргі уақыт бұрынғы жазуды өшіріп, өз таңбасын салған. Ендеше сөзден май шықпайды, іс керек. Қолдарына соқыр тиын, алдарына тышқақ лақ бермей қойшы, мен көрейін сонда ұл мен қыздың құтырғанын. Кетсін көнбесе, зауыт-пәприктен бақыт табар ма екен, көзіне көк шыбын үймелеп, өзін-өзі асырай алмай, бұралқы иттей қиралаңдап, ауылға қашып келмей, Қытайға көшіп кетер дейсің бе? – дегенде түсі суып, өңі мұздап қоя берді.

- Қоялық. Қонақтан ұят шығар. Мына сөз сауған тұрысымыз қай тұрыс? Отырып жайғасалық, тізе бүгелік. Біздің үй тігіліп қалды. Қымыз, шұбат ішелік. Жүріңдер.

Қызылордаға келгелі Жұматтың мұрнына су жетпейтін болған, күндіз-түні бір тыным жоқ, таңның атысы, күннің батысы – театр. Репетиция, спектакль. Қаладағы қызметкерлердің өзімен шүйіркелесіп сөйлесетін уақыт жоқ. Шіркін, қазір ойласа Зайсандағы күндері рахат, кеңшілік заман екен ғой. Әсіресе ағыл-тегіл хикая, әңгіме, жыр, дастанның көзі іспетті қариялары қандай еді. Сонда Ержан, Ботабайлардан тұңғыш рет Арқалық батыр ерліктеріне қаныққан. Ел аузындағы жыр, аңызды арқау етіп, тарихи-тұрмыстық трагедиясын жазды. Халық қызығып көретін шығарманың бірі Айдарбек, Торсықбай оқиғалары да ел аузынан, Қарқаралы төңірегінен естіген, өзі көрген, білген жәйттерден туған “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” пьесасы белгілі жырдың арнасын қуалап отырады. Қазіргі тақырыптарды бұдан былай қозғамаса, осы күнге дейін қаламына азық, қиялына қанат беріп келе жатқан елдің тұрмыс-салты, ата сөзі, ескілік шежіре, бұрынғы тарих. Мына ақсақалдар ортасына түскеннен кейін өзінің алтын көмбе, бақ тауына қайта оралғандай болып, Жұматтың көңіл кірбеңі кетіп, іштей түлеп, қабағы жазылып, өңі кіре бастады. Бірін-бірі іліп, жалғап, аудара төңкерген, көтере мадақтаған, мысқылдай әзілдеген үлкендер сөзінің артында уақыт, кезең, мезгіл мінезін түйген, соған кесік айтқан байлам-толғамдар бар; сахнаға өз қалпында қырнап-сырламай-ақ шығара салар дайын тұлғалар. Қарашы әне, түр-түсі, қимыл-қозғалысы, сөз мақамы бір-біріне ұқсай ма екен? Осылардың жанынан бір елі қалғысы келмей, қайта әңгімеге, талас-айтысқа шақырып, ықыласы құлап, ынтасы кеткен Жұмат:

- Шырағым, біздің үйге қарай аяңдалық. Жігіттеріңе де айт, - деген Жангерейдің екінші қайтара ескерткенін әрең ұққандай еді.

- Рахмет, ақсақал. Барамыз. Әлгі Тастан қайда кетіп қалған?

- Біздің сөзімізден қорқып, таяқ жеймін деп қашқан шығар, ол сығыр.

- Анау жерде үй тігісіп жүр ғой, әне.

- Сіздер аяңдай беріңіздер. Біз қазір барамыз деп Жұмат Тастандардың үйіне қарай беттеді.

Жан-жағына қарап еді, бағанағы бағанағы ма, адам деген қара құрттай қаптап кеткен. Жан-жақтан әлі төгіліп жатыр. Серке тас түйін, білекті сыбанып алған, айқайлап, дүңкілдеп бұйрық беріп жүр, зірк-зірк етеді.

- Мәтаға, Қаллеки түбі бір шатасар осы.

- Е, неге, Сераға-ау, - деп Жұмат күлді.

- Міне, қараңыз, жігіттердің бәрі іске кірісіп кетті. Сахна жасап жатырмыз. Қаптаған халық мынау. Ойын көрсетпесек, бізді тірідей бұл жерден босатпайды. Сізден рұхсат сұрамай, апаш-құпаш әзірлікке кірістік. Алыстан шалып қалдым, ана сізді қамап-қоршаған кәрілер де иман сұрап тұрған жоқ шығар, сірә. Ойын көрсет деген болар шамасы. Ауыр жүктерді көтер десем, Қаллеки қолын бір-ақ сілтеп, пәруәйіне де қыстырмай, қайқайды да жүре берді. “Мен малтып үйренуім керек, сендерге ерегіскенде, далада жатқан мұрын жоқ” деп танауын – сауып-сауып қояды. Бала-шағаны шұбыртып тартты көлге. Айтпақшы, Тастанның мылтығын да алыпты. “Қазан түбін тазалап, қыра беріңдер, бүгінгі үйрек сорпа менің мойнымда”, - деп кеңк-кеңк күледі, тұқымың көбейгір.

Иса, Әміре, Елубай, Құрманбектер де мәз екен. Жұмат өз көзіне өзі сенбей қалды. Бәрі де өз бойларына шақ шапан, бөрік киіп, біріне-бірі шекесінен қарап, сылқ-сылқ күледі.

- Мырза, Орынбор жәрмеңкесінен келгенсіз бе?

- Бай, Қазаннан оралған бетіңіз осы шығар.

- Бек, Тәшкен базарынан жанға керектің бәрі табылады екен.

- Сал, Бұхар шапқаннан саумысыз?

- Беу, өңкей бай, мырза, бек, сал. Судай жаңа киімдерді қайдан алғансыңдар, сірә, керуен талағаннан саумысыңдар? – деген Жұмат сұрағына бәрі бір ауыздан:

- Солай, - деп шу ете қалды.

Жауап тағы да Серкеден:

- Бұлардың ескі-құсқы шапан, бөркін Тастан түгел сыпырып алды. “Мыналарыңды Қызылордаға барғанда, астана халқына көрсетесіңдер, әзірге тығып қойыңдар. Мынаны киіңдер”, - деп өңкей жаңа, әрқайсысына шақ, шебер тігілген киімдерді ортаға жайды да тастады. “Анау жалба-жұлба лыпаларыңмен Жағалбайлы, Табын, Адайдың шалдарына күлкі боларсыңдар”, - дейді. Әнеукүні Ақтөбеде тіктірдім дейді.

- Ойбай-ау, оның бәріне ақшаны қайдан алған? – деді Жұмат жұлып алғандай.

Серке сөзден тұтылған жоқ:

- Біз де айттық қой оны. “Бір соққан боранда айғыр, үйірі де қар астында қалады. Онда сендердің шаруаларың болмасын, киімі жаман адам қорсынып үйге де кіре алмайды, мына қалпақтарыңмен сахнаға қалай шықпақсыңдар, сендер үшін мен ұялдым”, - деді. Әне, өзі де келе жатыр. Қалғанын өзінен сұрап алыңыз, Мәтаға! Әйтеуір, жігіттер мәз, бәрі де шекесінен күліп тұр. Ал әйелдердің киімін көрсеңіз, - деп құшырланып бас бармағын аузына салып жіберіп, сорып тұрып сүйіп-сүйіп алды. – Музейден іздеп таппайтын ескілікті нәрселерді айтсаңызшы. Жарты ай секілді иіліп, салбырап түсіп тұрған салпыншақ сырға, жарқ-жұрқ еткен гауһар тас орнатқан алқа, жұмыр орама білезік, бәрі саф алтын-күмістен соғылған, теңіз түбінен сүзін алынған маржаннан тізілген мойын моншақ, күмістен бұрап жасалған түйме-қаусырмалар, пой-пой, осындай асыл-жауһар тағынған біздің әйелдерді енді Мәтаға басқа түгіл сіз танымай қаларсыз. Сонша жарқ-жұрқтың бәрі Рабиғаның бетіне күміс шапқан кішкентай қобдишасының ішінен шықты. “Мен сарқарын қатын болғанда бұларды не істеймін, тіпті солқылдап оң жақта отырған он алты жасымда бірін таққам жоқ,. Тіпті осыларға қызықпаймын. Тастекең түсіндіріп айтты ғой, сендер елдің көз алдында жүресіңдер, халық қарайды сендерге, тағыңдар. Сендерге, қарашы, әне, тіпті жарасып кетті. Жаман шалым, мына құдай көзге көрсеткен күшіктер тірі болсын. Өздерің қызыл-жасыл, жарқ-жұрқ, әшекей-үшекейін келіндер алып келер”, - деп Рабиға күлді емес пе? Осылай боп жатыр, Мәтаға, - деп Серке тағы бір желпіні қалды.

Жұрттың бәрінде желік, көтеріңкі көңіл бар. Далаға сырмақ, киіз жайып, оның үстіне көрпе, жастық тастап Тастан мен Рабиға Жұматтарға қарай аяңдаған:

- Ал Мәтаға, қымыз ішетін уақыт болды.

- Ақсақалдар шақырып кетті ғой.

- Ә, оларға да айттым, қазір келеді.

- Тастан-ау, сенің мынауың не, жағалай дүние үлестірген? Доғар мұны. Ойын біткен соң, бәрін қайтып ал. Ұят емес пе, сені тападай-тал түсте тонағалы келді деп пе едің? Мемлекет театры өз артистерін өзі киіндіруге күші жетеді. Рабиға, сен де шашылма.

Тастан мен Рабиға бірінің бетіне бірі қарады, ыммен сөйлесіп, ұғысып, жымың етісті де, түк болмағандай күйге түсіп:

- Дұрыс, Мәтаға, сіздікі дұрыс, - десті де қойды. Қаннен-қаперсіз күйде, еш нәрсеге алаңы жоқ адамдардың кейпімен:

- Ал, жүріңіздер, қымызға, - деген.

Сахна жабдығын жасаудан қолы босаған артистер, Жұмат, Жанбике, орталарында ақсақалдар бар, қауқылдасып, әр нәрсені айтып, күліп, жадырап отырып қымызға қана бастаған кезде, анадай жерден емен-жарқын күлкі естілді, жұрт солай қарай лап қойды.

- Не нәрсе?

- Шаң-шұң дауыс шығады ғой.

- Екі кемпір таласып жатыр ма?

- Оларға не болды екен?

Қымызға қанғаннан кейін мұнда отырған үлкен-кіші де елеңдей бастады, екі кемпірдің біресе шаңқылдап, біресе барлығып жеткен дауысы, жұрттың шиқылдаған, сақылдаған, мырсылдаған күлкілері бұлардың делебесін қоздырды.

- Бала-шағадан ұят емес пе, бұлары несі, кімнің кемпірлері өзі, қой деп айтпаймыз ба? – деп орнынан түрегелген Айнолланы ақсақалдар мақұлдағандай болды.

Бәрі қозғалды. Жұмат та, Жанбике де сезіп отыр, сөз жоқ, дуылдатып жатқан Қалыбек пен Елубай. Айтқандай-ақ, сол екеуі. Жерге ақ киізді жайып тастаған, барлық қырғын-топанды соның үстінде көрсетіп жатыр. Сақал-мұртты жымпитып қырып, аздап грим жағып, кемпір ауызданған, кимешек, көйлек, мәсілері сыр беріп тұрған жоқ. Кемпір – Қалыбек бір кезде белін ұстап, шойнаңдап зарлап қоя берді:

- Ойбай, белім. Белім-ай, тағы шойырылды ма, құрымағыр. Көріңде өкіргір Итжемес мені тозаққа тастады да, өзі бір ауыз сөз айтпастан мелшиіп о дүниеге кете барды, алғашқы қатыны күтіп алған шығар алдынан желегі желпілдеп. Сонымен ырғын-қырғын боп, дәм-тұзы жарасып, өрік-мейіз жеп, бал ішіп кеткен шығар тағы да. Мұнда азапта жүрген бізді ол есіне алар деймісің. Ойбай, белім – деп барып, қиралаңдап, бір қолымен бел омыртқасын сипап, шөкесінен түсті. Кемиектеніп, ысылдап, тістеніп сөйлеген кемпір Елубай бүгжең-бүгжең етеді:

- Ә, кейуана, сенің шалыңның кеткеніне жарты-ақ жыл болыпты ғой. Әлі сағынатын, іздейтін уақытың алда. Жылын бермей жатып, қызғана бастайсың? Қара желек шешетін күнің де жеткен жоқ. О да бір дәурен екен, кірген-шыққан, келген-кеткен – бәрінің аузында оның есімі. Бата жасаған, құран оқыған, бәрі сол туралы. Кейін оның бірі жоқ, бәрі ұмытады. Төрт құлағы секиген зираттан басқа белгі жоқ. Оның өткен-кеткен бір ісін, бастан кешірген оқиғасын, айтқан сөзін еске алсаң, бала-шаға, келін-кепшік, ұл-қыздарың әжуаға басады: “Апа, - дейді саған қанша қалың мал берді? Атамды сүйдің бе?”, - деп сандалады. Мен айтам: “Сендердің сүйген-күйгендеріңнен, махаббат-сахаббатарыңнан қалың беріп, сатып алғаны артық, сандалмаңдар”, - деймін. Рас айтам, әлі күнге ол түсіме кіріп жүреді. Екеуміз атқа мініп, қыр асып бара жатамыз. Тура дәл өңімдегідей, - деп Кемпір – Елубай тамсанғанда, Кемпір – Қалыбек тіксініп барып:

- Уөй, сен ылғи Ол-Ол дейсің, құрымағырыңның азан шақырып қойған аты жоқ па, немене? – деп ақшиды.

- Неге жоқ болсын, атсыз кісі бар ма екен, кет әрі, о не дегенің?

- Уөй, кім аты? Албасты басқыр, несіне жасырасың-ей?

- Мыңжасарды білмейсің бе? Мыңжасар ше? Мен оны Әлгі дейтінмін. Аузым солай дағдыланып кетті. Әлгі деймін, Әлгі. Содан қалың-қалың тау ма, төбе ме, тоғай ма, орман ба, бытықы-шытықы бірдеңелердің арасынан өтіп келеміз, өтіп келеміз, одан тұманға кірдік пе, қойшы, әйтеуір, бір жазыққа шықтық, білем, - деп Кемпір – Елубай көзін жыпылықтатып, ымдап түсіндіріп жатыр. Кемпір – Қалыбек аузын ашып қалған.

- Содан, содан кейін не істедіңдер?

- Аттан түстік-ау деймін. Алдымыздан аппақ жұмыртқадай отау үй шыға келді. Соған кіріп барамыз ба?

- Ия, - Кемпір – Қаллеки аузынан сілекейі шұбыра бастады.

- Ия, ия дейсің. Ар жағын ұмытып қалдым. Ал, өзіңнің шалың түске кіре ме? – деді Кемпір – Елубай жымырайып.

- Қу, бел, тағы сұғып алды, ойбай. Өлгеннен бері Итжемес бір-ақ рет көрінді. Қылмиып-жылмиып жасарып алған, басында құндыз бөрік, үстінде су жаңа шапан, аяқта етік, қолда қамшы. Әне, ана қара, анау жігітті көрдің бе, мұрты төгіліп тұрған, дәл содан айнымайды-ау, айнымайды-ау, - деп, Кемпір – Қаллеки топ ішінде тұрған Құрманбекке шойралаңдап тұра ұмтылды. – Ойпырмай, адамға адам ұқсай береді екен, сойып қаптап қойғандай менің шалым. Мені алуға келгенде, осыдан елу жыл бұрын, дәл осындай еді. Астапыралла, аспаннан түстің бе, көрден шықтың ба, Итжемес, уылжып тұрсың ғой өзің дәл баяғыдай.

- Бұл шатқаны қай шатқан, кет албасты! – деп ақырып, Құрманбек Кемпір – Қалыбекті жон арқадан қамшымен тартып-тартып жіберді.

- Бейшара қайтсін, шалғын сағынған ғой, көзіне елестеді ме байғұстың, - деп біреулер мүсіркеді.

- Мынада ес жоқ жігіт екен, сонша ашуланғаны несі? – десіп жұрт шулап, күлісіп жатыр.

Осы кезде Кемпір – Елубай жан-жағына, айнала жұртқа көз тігіп тұрған еді, Серкені көрді де, ұмтылды.

- Әлгі-ау, өзіңбісің, сенбісің жарықтығым. Отау үйге кіргіздің де, жоқ болдың, адастырып кеттің? Қайда кетіп едің, келдің бе? – деп қолын жайды. Сол-ақ екен, Серке еңкілдеп, еміреніп түсті:

- Мен де іздедім өзіңді. Таптырмай кеттің. Сайда саның, құмда ізің жоқ. Бармысың, бәйбішем, - деп аймалап барып, Кемпір – Елубайды құшақтап, маңдайынан, көзінен, мойнынан сүйгенде, күлмеген жұрт қалған жоқ.

Қолма-қол, аяқ астынан жасалған, ойдан шығарған шағын көріністің өзі дүйім жұртты разы етіп, бір желпіндіріп тастады.

Көпшілік не үшін күліп, не үшін мәз болады? Күнделікті күйбең тіршілікте мұндай жайлап толып жатыр емес пе? От басы, ошақ қасында айтылып тұратын сөздер. Ет жақын дүние, құлаққа сіңісті мақам, көзге үйреншікті суреттер қайта тіріліп, оны біреулер қолдан жасап, бейнебір айнадан өз жүзіңді өзіңе көрсеткендей болған. Төрт керегесі алынып, жартылай ғана тігілген киіз үй сахна болған да шыққан. Төрге құж-құж биік жартас, көлденең ағып жатқан өзен, шағын тоғай, қазбауыр бұлттар бейнеленген майлы бояумен салынған сурет ілінген. Бұл жолға шыққан кезде көптеген спектакльдерде пайдаланылатын тұрақты декорацияның бірі еді. Киіз, сырмақты жерге жайып тастап, соның үстіне шалжиып, малдас құрып жайғасқан алқам-салқам кемпір-шалдардың жандарында танауларын тартып қойып, көздері бақырайып немере-шөберелері отыр. Үлкендерден именшектеніп өзара оқшауланған жас келіндер, жігіттер сыбыр-сыбыр етеді. Арбаға жайғасқандар мұрттарынан күледі. Әр жерде тайға, атқа мінгендер елдің төбесінен қарап, шіренеді. Алғашқыда шымылдық ашылған бетте біреулер “Ойбай, батырды қара, аумайды”, - деп айқайлап, біреулер дулыға, сауыты, найзасы дәл баяғынікіндей деп таңырқап, біреулер “бір қыздың жолында өлеме-ей мыналар?” деп өкірештеп, біреулер өз-өзінен күліп, ыржиып, біреулер көзі ежірейіп, шошып, қорқып, әр түрлі сезім күйімен толқып, мазасызданып, гуілдесіп кетсе, оқиға қоюлана бастағаннан кейін сахнадағы әрекетке аздап-аздап бойлары үйреніп, айқай-ұйқайды доғарып, сабырмен, ой тоқтатып көруге бейімделеді.

Көрермен басынан өтетін мұндай өзгерістердің себебін Жұмат алғаш спектакль қоя бастаған кездерде дәл тауып айта алмайтын еді. Енді ғана байыбына барған секілді. Сахара перзенті бесікте жатқан күннен өлең, жыр, ән-күй хисса-дастанға үйренеді, солардың бәрі құлаққа сіңе береді. Жыршы, термеші, ертекші ішінде барлық оқиғаға қатысатын адамдардың мінез, қалпын, түр-түсін жалғыз өзі айнытпай келтіретіндер де бар. Мұндай өнер әсіресе қырғыз жомықшаларында толық сақталған. Манасты жырлап кеткен кезде, бір өзі бір әлем. Сахара үшін тыңдарман құлақ бұрын жүреді. Енді әрі сөзі, әрі әні, әрі қимылы, әрі мекен-жайды бейнелейтін белгі заттары бар, бір топ адамның өмірдің дәл өз қалпын беретін ойыны – жаңа өнері бір жағынан тосын, жұмбақ, екінші жағынан етене жақын, үйреншекті. Екшелген, сұрыпталған бейтаныс, таныс өмір, тұрмыс-салт, шежіре-тарих көз алдына келе қалғанда, жаңа сана-көрермен күйін алған шеккен қарапайым жандар аз уақыттың ішінде сан алуан жан тебіренісіне түспек, жаңа көркемдік әлемді меңгеру құбылысы басталмақ.

Бұл ойынның ақиқатына Жұматтың тағы да көзі жетіп отыр. Қырға шығып, көлге түсіп, аунап-қунап желпініп, ет жеп, қымыз ішіп бой жазғандары өз алдына, ең бастысы жан-жақтан ағылып құйылған, бұрын театр дегеннің не екенін танымайтын-білмейтін жандардың ыстық ықылас, ақ ниеті актерларға қанат бітірген. Мына отырған жұпыны жұрт, аяқасты көпшілік пьесадан, спектакльден не түсініп отыр деген мұрын шүйірген ойдың көлеңкесі де жоқ, қайта сирек кездесетін ерекше құлшыныспен бейнелейтін қаһарманның толық қалпына түскен, өнерпаздың рахат сәті – шабыт рухы қолдаған, өзін-өзі ұмытқан шақ туған. Киіктің лағындай ытырыла қозғалып, сахнаға сөз салған көптің жүрегіне шоқ тастап, әрбір сөзін саңқылдатып айтып жүрген: Еңлік - Жанбикенің бүгінгі қимыл-әрекетінен мін табу мүмкін емес секілді: көзінде лаулап жанған от бар, сезім ұшқыны жарқ-жұрқ етеді, іштей бекінген, бойын жинап алған адамның сергек, қағылез, жігерлі кейпі Есен – Қалыбек, Кебек – Құрманбек арасында, лаулап жанған екі оттың ортасында қанат күйдіріп алмай, еппен, айламен, ақылмен ұшқан жібек қанат көбелек іспетті. Енді бір сәтте, қырмызыдай сызылтып, толқын-толқын сыр төккенде, сарынды әуез, мағыналы үн буын-буыныңа түсіп, ет-жүрегіңді елжіретіп, қиял әлеміне тарта жөнеледі. Сұлу жастық, серуен күндер еске түседі.

Дәл қазір Жанбикені отызға ілінген, үш бірдей ұлынан айрылып, аналық жүрегі тілгіленген адам дегенге мына отырған қалың жұртты сендіріп көр: құлын мүшесі бұзылмаған қыз секілді. Қалыбек одыраңдап тап берген сәттерде, шытылған қабақ, сұсты көзқарас іштегі зілдің ызғарындай белгі береді. Кебек – Құрманбек пен Еңлік – Жанбикені табыстырған тағдырдың бұйрығы, жазмыштың салғаны деген сыңай байқалады. Қайғыдан, азаптан құтылудың жолы – сүйіспеншілік, ғашықтық сапарында деген шымшым ой Еңлік – Жанбике пайымдауынан көрініп тұр. Екі жас бекініп, бел буып, енді жаңа өмірге аттанғалы тұр. Еңлік – Жанбике ата-ана, туған жер, өзен-көл, ауыл-аймақпен қоштассын. Таза, биік, ашық дауысты Жанбикенің бұл жолғы әніне жігерлі қайғы, ащы мұң, өксікті арман қосылды. Талайлар жылап жіберді. “Сорлы-ай, қайтсін, қайтіп қана қиып кетсін. Оңай дейсің бе? Ата-анадан бата алмай, қашып барады ғой сорлы байғұс. Бағың ашылсын, бейшара”, - дейді бір кемпір көз жасын тоқтата алмай.

Қатер бұлты қоюланып, шеңбер тарыла түскенй сайын Еңлік – Жанбике ширатылып, көзі шоқтай жанып, нендей зұлмат, қасірет-қайғы келсе де мойымай көтеретін кейін танытып, жігерлене түсті.

Жұмат алғашқыда Жанбикенің біреуден естіген сөзін ұмытпай, сол қалпында есіне сақтайтынына көңіл аударған. Мұның үстіне басқаның жүріс-тұрысын, бет-жүз өзгерісін, сөйлеу мақамын келтіріп күлдіруші еді. Әсіресе ет-жақын қайындарын, келіндерін, әзілі жарасар құрдастарын қолға алғанда жайнап түсуші еді. Көбінесе қайны Әкіш екеуі ойнай береді, бірін-бірі аудармай салып, көрген адамның ішек-сілесін қатыратын.

Өз жазуы да тайға таңба басқандай анық болғанмен, ойланып-толғанып қағазға түсіріп тастағаннан кейін, екінші қайтара көшіруге келгенде Жұмат еріншек тартып, көшіруге Жанбикеге беретін. Оның жазуы маржандай, әсіресе араб әріптерін кілем тоқығандай мөлдіретіп түсіреді. Көшіріп отырып Жанбике жаттап та үлгереді. Алғаш Кереку, одан Семей, кейін Зайсан жағында ойын қоя бастаған кезде, кітап боп басылған пьесалар жетімсіз, сондықтан Жұмат өз шығармаларын, “Торсықбай”, “Айдарбек”, бертінірек “Арқалық батырларды” сахнаға шығара бастаған. Ойнаушыларға жеке рольдерді бөліп бергенде, олардың қолына Жанбике көшірген текст қоса тапсырылды. Бірте-бірте “Еңлік - Кебек”, “Бәйбіше - тоқал”, “Шернияз” секілді күрделі дүниелерге ауысқанда да осы дағды қалмаған. Бұл шығармаларды да түгел жатқа білетін Жанбике жаттығу, репетиция кезінде сөзден жаңылысқан, ұмытшақ ойнаушыларды жебеп, сөздерін айтып жіберетін.

Қазақ дағдысында жоқ өнерге бой ұрудан тайсақтап Жанбике сахнаға шығудан бас тартып жүрді: “Мәтаға, сізбен жарысқандай болып, елдің көз алдында ербеңдеп қайтем, ұят шығар”. Қолжазбаларды көшіріп отырып, ойнаушылардың артық-кем әрекеттеріне шыдай алмай, кейде дауыстап қалып, кейде ұнатпай тыжырынып, кейде разы көңілмен қуанып жүріп, артынан спектакльге байланысты өз пікірлерін айтатын да болды. Кейде Жанбикенің оңашада өз-өзінен сөйлеп, ән салып, айнаға қарағыштап жүргенін байқап қалған Жұмат бір күні есік сыртынан тыңдаса Жанбике әрі Кебек, әрі Еңлік монологтарын толғап отыр. Осыдан кейін-ақ Жанбике тұңғыштардың бірі боп қазақ топырағындағы қарлығаштар - әйел өнерпаздар қатарында сахнаға шықты.

Жанбике ойнаған алғашқы Еңлік Жұматтың әлі есінде. Сахнаға шыққаннан бастап, жаңа түскен келін секілді ұялып, қысылып, қымтырылып бітті. Көзін төмен салып, даусы қалтырап, күнәсі бар адамдай именіп Кебек – Жұматтың жүзіне тура қарай алмайды. Екі беті ду ете қап, қызарып, көзі боталап кетеді. Әсіресе көпшілікке назар тастаған кездерінде бүгіжектеп, шоқ басып алатындай қорқып, зәре-құты қалмаған. Ұмытпаса, дәл осы көрініс. Еңліктің ауыл-аймақ, ата-анасымен әнмен қоштасатын сәті. Әу деп дауысы шығуы мұң екен, Жанбике ағыл-тегіл жылап қоя берсін. Мұны көріп отырған жұрт, әсіресе әйелдер жағы қосыла еңіресін. Сөйтіп, көз жасын төгіп, қиналып, бусанып алғаннан кейін ғана Жанбике үйрене бастады.

Әуелде сахнаға шығып, жұрттың көз алдында жаттап алған сөздерін жылдамдатып, айтып шыққанына мәз боп қуанған Жанбике бірте-бірте өзгере бастады. Алдымен өзін еркін ұстайтын, орынсыз қысылып-қымтырылмайтын, әріптесінің жүріс-тұрысы, қас-қабағына мән беретін, көпшілік ықыласын ескеретін, айталытн жеке сөз, дара сөз, толғау сөздердің астарына мән беретін деңгейге шыға бастаған. Пьесаның айтпақ сыры, меңзеген нысанасы, іздеген көмбесі – осылар төңірегінде де ойлана жүретін болған. Сөйтіп алғашқы ұялшақ, қысылшаң Еңлік – Жанбике спектакльден спектакльге өзгеріп, жаңа сапалар тауып, енді көп қырлы, мол сырлы, сан алуан сезім алауына шарпылған, жан-жақты сахналық тұлғаға айналғанына Жұмат ерекше қуанып еді.

Ал бүгін, мынау дала төсінде, ашық аспан астында, басқаны былай қойғанда, театр ойнынын тұңғыш рет тамашалап отырған сахараның аңқау, адал, тіпті жартылай сауатты, жартылай сауатсыз қара табан, көген көздерінің алдын қомсынбай, бар жанын салған Жанбике артистік өнерінің бір қуанышты, шабытты шағында нұрлы сәулелі биікке көтерілген.

Келесі кезекте Жұмат назары ойынды тамашалаған көпшілікке ауғандай болды. Кебек – Құрманбек пен Есен – Қалыбек Қаражартас түбінде алғаш рет кездесіп қалған кезде жұртшылық ішін тартып, тып-тыныш бола қалған. Екеуінің киімі, қару-жарағы ұқсас: бастарында дулыға, кеуделерінде темір торлы сауыт, он иықта садақ, белде қорамсақ, қылыш, сол қолда қалқан, оң қолда найза, аяқта саптама етік, бірін-бірі қазір жарып тастайтындай шүйіле ұмтылғанда, әр жерден “Өледі-ау енді”, “Ойбай, масқара болды ғой” деген сөздер шығып қалған.

Қасы-көзі қиылған Кебек – Құрманбек мөлдіреп тұр, ұршықша үйіріліп, қолды-аяққа тұрмай, сынаптай сырғиды, қылп еткенді қиып түсер қағылез, сергек. Тұла бойында бір мін жоқ, сандал ағашынан жонып шығарғандай, аршыған жұмыртқадай болып, көздің жауын алады. Саңқылдаған үні алты қырдың астынан естілетіндей, әсіресе мөлдір, тап-таза күлкісі, ақсиған маржандай тістері жарқ ете түскенде, адамның іші-бауырын елжіретеді. Ғашықтық, пәктік, тазалық жолында неден болса да тайынбайтынына сенесің.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет