Ай қанатты арғымақ



бет17/19
Дата25.12.2016
өлшемі4,1 Mb.
#4410
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

- Тәңірсіз қурай сынбайды ғой. Бәрі, әрине алланың ісі. Сәбидің шетінеуіне көрінген болар, Майдан енді көзін ашып, ептеп күле бастаған кезі. Көрші ауылда сүндет жасалып, соған шақырған. Барам деген ойым жоқ. Тастекең қол-аяқты жерге тигізбей, дегбірді кетіріп, екі атты ертеп, мылтығын алып, тазысын ертіп “жүр-жүрлеп” отырып алды. Жолда аяқ астынан күн күркіреп, кенет нөсер жауды. Сонда суық тиді ме, білмеймін. Майданнан сол жолы айрылдық. Шүкір, артынан мына күшіктер туып, өсіп келеді. Е, құдайым, осыларды сақтай гөр, - деп ең кішкентайы талақтап енді жүре бастаған Байболды құшақтап маңдайынан иіскеп қойды.

Серке, Қалыбек, Елубай бір-біріне жалтақтасып қарап, өз-өздерінен қуыстанғандай болды. Осыны сезген Рабиға:

- Ә, шәй суып кетті ме? Қазір ыстығын әкелеміз. Қуырдақтан алыңыздар. Басқа әңгіме жоқтай, балаларды сөз қылып, кетіппіз ғой. Ал енді сендер, Тәңірберді, Құдайберді, Аллаберді, Ербол, Бекбол, Байбол, далаға шығыңдар, ойнаңдар, - деді де Жанбикенің бетіне қарады.

- Ау, сізге не болды? Жылап отырсыз ғой. Басыңыздың сақинасы бар ма еді? Суық тиіп қалды ма? Тастеке, ана жастықты, көрпені әперші. Белін қымтасын. Таза орамал алыңыз.

Әлгінде ғана қуырдақ жеп, шәй ішіп, әңгімеге араласып, көңілді отырған Жанбикені Рабиға іштей ұнатқан. Бірақ басына орамал байламай, шашын өріп, қыздарға ұқсап, арқасына тастай салғанын, айна алдына барып, ептеп қасына, ерніне, бетінің ұшына опа-далап жаққанын көрсе де, көрмегендей болып, артистердің дағдысы шығар деп мән бермеген. Енді бір сәт басына киген қатырма үкілі тақиясы, кеудесін алтын жіппен өрнектеген, қошқар мүйіз ою салған, тобығына дейін түскен шапаны, аяғындағы үшкір тұмсық кебісі өзіне құйып қойғандай жарасып тұрғанын көріп сұқтанғандай. Салалы саусақтарындағы қазақ шебері арнап соққан, аты жазылған алтын сақинасы, жұмыр білегіндегі күміс білезігі – бәрі жарасып тұр. Еркектер көлге түсуге кеткенде, Жанбике ыстық су қайнаттырып, шашын жуып, кептіріп тарап алды. Қымызды артынан берерсіз деп, бір кесе сүт ішті. Содан кейін есік алдындағы қияқты көгалға көрпе салдырып, аз уақыт жантайған, өз-өзінен тұнжырап ойға батқан. Кескінінен ауыр мұңның көлеңкесі байқалған. Ас-дәмнің қамымен жүрген Рабиға бір-екі рет жанына келіп сұрағанында, Жанбике еш нәрсені қажет етпеді. Жымия күліп, басын изеп, ештеңеге әуре болмаңыз дегендей ишарат білдірген.

Көзінен жасы мөлт-мөлт ағып отырған Жанбикеге қарағанда енді бір сәтте Рабиғаға тағы күдікті ой келді. Әлде күйеуімен арасында кикілжің бар ма екен? Тастан мақтағанда Жұматқа тең жер бетінен адам таппайтын: қыз мінез, жылы жүрек, кісі көңілін жықпайды, дос үшін қоң етін кесіп береді. Расында мынадай азаматты қай жамандыққа қиюға болады, жүріс-тұрысы, пішін-келбеті, шырай-жүзі иманның ұясындай. Ендеше неге тіл қатып, әйеліне басу айтпайды? Мына ер-азаматтар неге ақырын, тоң-торыс күйге түсті? Рабиға отырғандарды түгел көзімен шолып, ойлана қарап шыққанмен, еш нәрсенің мән-жайын түсіне алған жоқ. Жан-дәрмен ыстық шайды құйып:

- Алыңыздар, ішіңіздер. Жанбике, сіздің бір жеріңіз ауырды білем. Қазір ыстық сорпа да келіп қалады. Әлде жүрегіңіз қысты ма? Жата тұрсаңыз қайтеді? Бұл жер ыстық болса, басқа үйге барасыз ба? Айтыңызшы, сізге не болды? Бағана шашыңызды жуғаннан кейін көгалда отырдыңыз. Сонда суық ұстады ма? Шаһарға үйренген қала адамы үшін қыр-сахарада күтініп, байқап, бойды күтіп жүрмесе, қиын ғой. Ауырып қалу деген оп-оңай, аяқ астынан, - деп асты-үстіне түсіп, не істерін білмей шырылдап қояды.

Бағанадан сыр бермей, тек анда-санда қабағы түйіліп-жазылып отырған Жұмат Жанбикенің білегінен ұстап:

- Ақылың бар еді ғой, сабыр тұт, жылағанға қайтып келмейтінін көзің жетті емес пе, енді. Шәй іш, далаға шығып бой жазайық, - дегенде Рабиға түсінгендей болды. Жанбикенің жақын бір адамы дүние салған екен ғой, сол есіне түсіп жылап отыр деп ойлады.

Жұматтың көз алдына әп-сәтте осыдан екі-үш ай бұрын болған қайғылы оқиға келді.

Труппадағы актерлардың арнаулы мектеп бітірмегені өз алдына, тіпті іргелі мәдениет ордаларын, үлкен шаһар көрмегендігі, атақты театрлардың ойындарын тамашалап, өнерпаздармен таныс еместігі Жұматқа үлкен олқылық, аса ерсі нәрсе секілді көрінетін. Наркомпростан қайта-қайта сұрап жүріп, ақыры бір командировканың реті келді. Тура Мәскеуге. Этнографиялық концертке қатысуға рұқсат берілді. Ел ішінде жүрген әйгілі әншілер Ғаббас Айтпаев, Қали Байжанов, Дәлила Оңғарбаева да баратын болды. Серке, Қалыбек, Құрманбек, Елубай, Иса, Әміре – театрдан. Жұматты ойлантқан Жанбикенің жағдайы, былтыр күзде Семейде туған Асылбек әлі емшектен шыққан жоқ, алты айдан енді асып барады. Жолға алып шығуға бола ма, болмай ма? Жұмат үйге кіргенде, Жанбике бесік тербетіп, ақырын ән сап отыр екен.

- Мәтаға, осы қаратаңқай боп бара ма?

- Онда Әкіш атасына тартқан ғой.

- Сол тентекқараға тартқызып қайтесіз. Кейінгі кезде Жанбике Жұматқа сіз деп сөйлейтін болған.

- Енді кімге тартуы керек еді? Өзің секілді қыр мұрын, сопақ бет болсын дейсің бе?

- Шашының қаралығын, көзінің шарасын, иығындағы меңін сізден алған секілді, өзге мүшесіне ұяттымыз.

Осы кезде сәби тыпырлады, іші шорылдағандай болды. Бесіктің түбегін алып қараса, баланың іші өткен екен, дәреті сұйық.

- Құлыным-ай, кешеден бері кішкене ауырлап тұр. Дәрігер шақыртып едім, бір уыс дәрі беріп кетті. Ішкізейін десем және қорқам, ішкі құрылысын езіп жібере ме деп.

- Тегін айтпас дәрігер. Бер, ішкіз. Әйтпесе көбірек еміз, ана сүтінен артық не бар дейсің.

- Репетиция, спектакль деп үй мен театрдың арасында қызыл танау боп жүріп, емшектің сүті де қатып тұр ғой. Осы баланың түбіне әкәку-сәкәкуім жетпесе жарар еді.

- Қой, қайдағыны айтпай. Мұндағы театрды былай қойып, мен сені Мәскеуге алып кетейін деп тұрсам.

- Мәскеуге? Мәскеу мені қайтеді?

- Бәріміз барамыз. Сонда Кеңес үкіметінің күллі халқының өкілдері жиылып өнер көрсетеді, ойын қояды, концерт береді.

Жанбике нәрсетенің құйрығын, шабын жуып, көйлегін ауыстырып жүріп, сөйлеп жүр:

- Өз концертім өзімде емес пе менің. Осы жерде, ағайын-туысқанның ортасында, апамның қасында отырып, бір қолымды екі ете алмаймын. Емшектегі баланы арқалап, Мәскеу бару, концерт беру – менің не теңім? Өздеріңіз барып келіңіздер, жолдарыңыз болсын. Базарлықты көп әкеліңіздер.

Емшек сүтіне тойды ма, дәрі әсер етті ме, әйтеуір, екі-үш күннен кейін Асылбектің іші тыйылып, өңі түзеліп, қайтадан талпынып, күле бастады. Осыған малданған Жұмат:

- Балаң тәуір болды. Поезбен барасың, поезбен қайтасың. Үйдегідей жағдай. Мәскеуде, орталықта қолайлы, төрт құбыласы түгел, ыстық суына дейін бар тамаша қонақ үй дайын тұр. Дүниедегі ең үлкен қаланың бірі – Мәскеудегі аралайсың. Театрларына барып, ойын көресің. Қазақ әйелдерінің атынан концертке шығасың, - деп қояды.

- Сонда баланы Сіз бағып қаласыз ба? – деп Жанбике күледі.

- Раупбекті де ала барамыз. Ойын, концерт кезінде інісін қазір де қарап отыр ғой. Мәскеуде де бағады. Сен енді, Жанбике, сөзді қой да, жолға дайындал. Басқасынан бұрын саған айтатыным соғымнан қалған қазыларың болса, соны пісіріп ал. Мәскеу, айттым ғой үлкен шаһар, оның көмейі де үлкен. Тиын-тебенді де көбірек ал. Келін-кепшікке, дос-жаранға базарлық аласың. Керекті киім-кешекті сол жерден табасың.

- Екі ай болды, еңбек ақы алғамыз жоқ, менің төркінімнен әкелген алтын-гауһарым бар дейсіз бе, Мәтаға. Бізді асырап жүрген “Арқалық батыр” ғой. Сол қоржынға тағы түсеміз, - деді Жанбике. Бұл келіскендік белгісі еді.

Сөйтіп Қызылордадан артынып-тартынып, жолға қымыз-шұбат, қазы, сүр ет алып, қалтаны тиын-тебенге толтырып, улап-шулап, көңілді шыққан болатын. Серке, Иса, Қалыбек, Елубай, Құрманбектер шұбатылып айқайлап-дабырлап, біресе ана түйіншектері, біресе мына түйіншектері қалып қойып, вагонға әзер мінгенде, жалғыз Әміре ғана жып-жинақы: сақал-мұртын жылмитып қырған, үстінде ақбоз матадан тігілген, өзіне шақ костюм-шалбар, басында ши қалпақ, бір қолында шағын чемодан, оның өзінің қабы бар, сырты қайыс белбеулі. Ал домбырасы ешбір қазақта жоқ қорапқа салынған. Бір қолында – чемодан, бір қолында – домбыра, жып-жинақы, еш нәрседен қысылмай-қымтырылмай қаздиып тұр.

Поезд қозғалысымен Қалыбек, Елубай бастатқан жігіттер Жұматтың вагонына кірді.

- Ал енді жолаяқ жасамайсыздар ма? Мынау Асылбектің, Раупбектің, жеңгеміз Жанбикенің жолын жумаймыз ба, Мәтаға, - деп айналдыра бастаған.

- Тым болмаса Қазалыдан өтейік те. Үйден тамақ ішпей шығып па едіңдер?

- Бұйырғаны қарында жатыр ғой. Бірақ аға-жеңге дәміне не жетер дейсің?

- Әлгінде осы вагонға бір сүйретпе шұбат, бір торсық қымыз кіргенін көрген адам бар. Содан дәм татсақ, жарар.

- Бір жылқының он екі қос қазысы және бар, көрген көз оны қайтіп аңғармады екен. Тұз сіңген сүбе мен жамбасты да қосыңдар. Бүйтіп сөз таластыра берсек, Мәтағаң бізді әңгімемен семіртіп, құр ауыз шығаратын түрі бар. Жанбике, қолың ашық еді ғой, бір-бір тостаған сусын берші.

Ішіп-жеп, күліп, ойнап, қауқылдасып алып, жігіттер өз-өзінің вагонына кеткен. Ташкенттен келе жатқан жолаушы поезының жүрісі шалымды екен, жер апшысын қуырып келеді, артта бұлдырап құм-шағылдар дөңгеленіп қалып жатыр. Бірен-саран тоқтаған аялдамаларда жүздері күнге тотыққан қазақтар қарап тұрады. Қызылордадан оңтүстікке қарай жүргенде самса, сусын, қауын-қарбыз, балық, бәтер сатқан әйелдер, балалар кездессе, бұл жақта тырс етіп бірдеңені станцияға алып шыққан жан адам көрінбейді. Бейсауыт түйелі, атты кісілер аңырайып қарайды. Балалар шу ете қалып, поезд қозғалып кеткен соң, вагондарға жапа-тармағай тас лақтырып, олар доңғалаққа, не вагонға тисе, мәз боп шулап, жау құлатқандай қуанысады. Кейде тайлаққа, тайға, тайыншаға мінген ересек балалардың өзі поезды қуып, далбалақтап шауып біраз жерге дейін келеді, қол бұлғайды, бірдеңе деп айқайлайды. Тілдерін шығарып, танауларын таңқитып, құлақтарын қағып мазақтайтындар бар. Жергілікті халық үшін қазақтың ұлы даласын Ресеймен жалғастырып, оған Түркстанның жүрегі Ташкентке тартқан қара айғыр-паровоз, мынау темір жол әшейін бір ермек, күлкі секілді. Тіпті жынданған да, еріккен, қолы бос, мал бақпайтын, қалада қолдарын ыстық суға малып қана, рахат кешетін жандардың саяхат құратын от арбасы секілді әсер етеді. Халықтың қазіргі өміріне, ертеңгі тағдырына, нәсіл-ұрпақтың болашағына осы құм-шөлейт, төбе-белес, тау-құздан асып, жалтырай жарысып, өз төсінен мыңдаған, миллиондаған тонна жүктерді әрлі-берлі жөнелтіп жатқан қостабан темірдің атқарар сұрапыл қызметін ұйқыдағы сахара перзенті қазір қайдан ұқсын.

Аралдан өтіп, артта қалың шөлейтті аймақты қалдырған соң, жер бедері бірте-бірте өзгеріп, шоқ-шоқ тоған, селдір-селдір орман, теңбіл-теңбіл көкорай, бірен-саран көл көріне бастап, поездың тоқтауы да, жолаушылардың мініп-түсуі, жүріс-тұрысы молайды. Жолға шыққан күні гуілдеп, әр нәрсеге көз тоқтатып қарап, қол-аяғын тырбаңдатып мәз боп келе жатқан Асылбек кешке қарай қыңқылдап жылай бастады, іші шорылдады. Көк жасыл бірдеңе өтті. Одан кейін аяғын тепкілеп, қолын сермеп, шыңғырып жылады. Әлсін-әлсін аузына емшек салып, көтеріп, әрлі-берлі жүріп, ақырын шайқап көргенмен уанбай қойды, көзі де ілінбеді. Бірте-бірте баланың ыстығы көтіріліп, ерні көгеріп, бетінен қаны қаша бастады. Раупбек те оянды, көзі бақырайып, үрейлене қорқып, біресе шешесіне, біресе әкесіне, біресе інісіне жаутаңдап қарап, не істерін білмей, суықта қалған жетім торғайдай бүрісіп, бір уыс болып қалған. Шашы дудырап, өңі қуқыл тартып кеткен Жұмат саусақтары дірілдеп, баланы өзі де көтеріп, уатпақ болып көп уақыт әуреге түскенмен, ештеңе шығара алмай, көзі жасаурап, жанын қоярға жер таппай жүрген Жанбикеге үміттене қарайды. Сорлы ана отқа түскендей күйде, қайта-қайта сәби аузына емшек салуға тырысады; сәбидің шірене-шірене ішегі түйілгендей болды, жылай-жылай даусы да бітті, күн жеп бозарып кеткен шүберектей болып, қуарып, кірпіктері әрең қимылдап, көз жанары сөніп бара жатты. Көрші купедегі адамдар оянып, әр түрлі әйелдер келіп, әр нәрсені айтып дәрі ұсынып, көмек жасау қамында, бірақ енді есі таңғандай күйге түскен Жанбике бұларды көруден де, естуден де қалған сияқты. Нәрестесін кеудесіне басып, сыбырлай “құлыным, құлыным” деуге ғана күші жетіп отыр. Кенет Асылбек шіренуді де, жылауды да тоқтатып, бір ышқынды да тынды. Жанбике табанына шоқ басқан баладай, адамның төбе құйқасын шымырлатып ащы дауыспен шар ете қалды. Жұматтың өне бойы мұздап қоя берді, көзі қарауытып, басы айналып, бір тамыры үзіліп кеткендей болды. Әке мен шеше көзіндегі жасты көріп, сұмдықтың келгенін сезген Раупбек де еңіреп жылап қоя берді. Сол-ақ екен, аяқ астынан адамдар қаптап кетті. Иса, Әміре, Құрманбек, Елубай, Серке, тағы басқалар бар – бәрі де қап-қара боп түтігіп, күйзеліп айтуға сөз таппай ошарыла қамап тұр. Бір мүшел қартайып кеткендей халге түскен, Жанбике нәрестесін тас қып қысып, бауырына басып, бүкірейіп шөгіп кетіпті, екі көзін тарс жұмып алып, ернін қаната тістеп, санадан айрылғандай меңірейіп қалған. Шешесінің тізесіне басын салып, жылаған, өксігін баса алмай, анда-санда мұрнын тартып қойып, тізерлеп, шөкеден түсіп Раупбек отыр. Өрт сөндіргендей, түтігіп кеткен Жұматтың екі көзі бірдей қып-қызыл болып қанталап, шарасынан шығып, ағып кететіндей болып тұр.

Қайғылы тыныштықты ақыры Серке, Қалыбек, Елубай бұзып, бірінен кейін бірі қазақы жөнмен қазаға көңіл айтып, Жанбикенің қолынан сипап, Жұматпен төс қағыстырып, Раупбектің бетінен сүйіп, әйтеуір жан-дәрмен әрекетке көшкен. Тағдырдың салғанына не шара, әркімнің маңдайына жазылған сағат, сәті бар, сол таусылған мезгілде жүре бересіз, оған дейін жас бол, кәрі бол, ауру бол, сау бол, отқа тастасын, суға салсын, аспан айналып жерге түссін бәрібір өлім жоқ, ал енді зұлмат сәті соққанда, кедей бол, бай бол, патша бол, алтынмен аптап, күміспен күптеп қойсын, қамап-қоршаған мың-сан әскерің, қаулап өскен үрім-бұтақ, бала-шаға, зәузатың, аспанмен тілдескен күмбез сарайың бар ма, бірде бірі жаныңа сая бола алмас, - кешіп жүре бересің. Мынау ештеңеден хабары жоқ, анасының ақ сүті мен күннің нұрына ғана ортақ болған қанатты періште – жазықсыз сәби аз күн ата-анасын, айналасын бір қуантып, одан кейін осылайша жылатып кетуге ғана келген ғой. Не шара енді, жыла Жанбике, зар иле сорлы ана. Жылайсың да көнесің. Перзентінен сәби күнінде айырылып сорлап қалған қазақ әйелі аз емес. Қайтесің, көнесің. Тәңір құдайдан, алла тағаладан зайыбың Жұмат пен ұлың Раупбектің денсаулығын тіле. Басың жас, өмірің алда, әлі талай перзент сүйіп қызық көресің.

Мұның бәрі Жанбикенің жаңа ғана естіген сөзі ме, құдай-ау, бұрын да айтылып еді ғой. “Не жазығы бар, кімнің ала жібін аттады, тапқан-таянғанын дастарқанға салғаннан басқа. Ағайын-туысқанды шет қаққан, салқын қабақ білдірген кезі қайсы? Өзін ойлап тіпті артық көйлек киді ме екен? Ет-жақынды былай қойғанда жамағайынға, жетім-жесірге қараспаған күні жоқ, көйлек-көншек, киім-кешек үлестіргені, бір қыс қана киілген жағалы киімдерді де беріп, келген-кеткенге тиын-тебен де қыстырып жібереді, елге барғанда әрбір ағайынның тиесілі киті, орынды жөні ұмытылған ба? Қонаққа тарылған, дәм-тұзды аяған күні жоқ, қайта шамасы жеткенше әрбір спектакльден кейін труппа мүшелері үйге келсін деп тұрады. Біреуден бір нәрсені қызғанған, дүниеге қызыққан әйел емес. Сонда құдайға бұл не жазыпты? Енді қалт-құлт етіп, талпына бастаған Ақылбек Семейде қалды. Ол жолы үлкен кісілерден қаймығып, көздің жасын көрсетуден де қорыққан. Зайсанға барғанда туған Тұрарбегі қандай еді. Мәтағаң аузынан түсіп қалғандай болатын. Желге-құзға тигізбей баға бастаған. Ол да шетінеді. Зайсанда қалды. Екі нәрестенің қабірі ана жүрегін тескен қос ноқат секілді. Қайғылы рольдерді ойнаған кезінде, әсіресе сахнаға Еңлік боп шыққан шақтарында, әсіресе соңғы актіде Жанбикенің есіне сол ерте үзіліп кеткен қос құлыны түсіп, жүрегі сыздап қоя беретін. Сахнада тұрғанын мүлде ұмытып, зарлы толқынға кеңірдегіне дейін батып бара жататын. Сұм тағдырдың қанды қанжары ана жүрегіне тағы қадалды. Үшінші рет кесіп түсіп отыр. Не жазығы, қандай кінәсі, кесепат-кесірі бар еді? Өлтірсең, айтып өлтірсеңші, тәңірім-ау, көрсетіп, азды-кем қызықтырып, үміттендіріп сөндіргенше, мүлде бермей қойсаңшы. Бүйтіп, арманда болып, мейірім қандай айрылғанша, көрмесемші. Неткен қатал едің сұм тағдыр. Артыңнан күшік ермейтін болды ғой, сорлым, Раупбегім. Ұрпағың өспесін деген қарғысқа ұшырадың ба, бақытсыз Мәтаға? Қайтейін енді, көзімнен қанды жасымды ағызып, ақ жүзімді тырнайын, құдайдың бұйрығына не істейін, көнемін, үнім өшіп тұншығам”.

Жұмат тұншығып өліп бара жатқандай, басына шойын құйып жібергендей, мең-зең. “Ақылбек, Тұрарбек, енді, міне, Асылбектен айрылды. Тағдыр, құдай, алла – мұның бәрі адам жаны күйіп, шара таппай, дал болғанда, түпкі себеп іздеп, сандалып, ақыры басын тауға-тасқа соғып, сенделіп барып тоқтағандағы соңғы нүкте. Туғандарында жүрек жарғандай қуаныш әкелген үш ұл, үш жұлдыз. Раупбектің соңынан ілесер үш батыр. Ер жетіп, өркен жайса үш ауыл. Жүз жылдан кейін жаңғырық берер үрім-бұтақ. Айтпағаныңды айтатын, істемегеніңді істейтін кейінгі толқын. Су бетінде қалқыған шарана іспетті алғашқы күндерінен бастап, азғантай ғана ауырып май шам тақылеттес лап етіп сөнген, соңғы сәттеріне дейін көз алдында. Омыраудан үзіліп түскен үш түйме, жанының қиылып қалған үш тамыры, өлген үш арман, құрыған үш бұлақ. Ауру, сырқат, дерт – уыздай толқыған нәрестеге ол қайдан келмек? Анадан ба? Жанбикенің қол-аяғы балғадай, құлын мүшесі әлі бұзылған жоқ. Ағалары, інілері анау, атан түйедей, жолбарыспен жалаңаш шайқасқа шықса, қаймықпас өңшең ер. Сонда өзінде бір кінәрат бар ма? Толарсақтан саз кештірген окоп, одан айлап азап шектірген түрме, өкпе ауруына шалдықтырып, елге оралған соң күтініп, қымыз ішкен соң, ол пәле кеткен сияқты еді. Әлде ондай дерт сүйегінде, қанында қалып, нәсіліңе балта шаба ма? Қыр соңыңнан қалмайтын ұрпағыңды жазалайтын зұлмат шығар. Әйтпесе маған біткен перзент неге опат болады? Күтімінде кемдік жоқ, ана сүті жеткілікті. Жолға шықпаймын деп бейшара ана ат-тонын ала қашып еді, сорлының жүрегі сұмдықты сезді ме? Перзент өліміне көрінді ме? Мына жігіттер, бүкіл труппа, ел атынан, Қазақстан атынан қуанышқа келе жатыр. Үмітпен, тілекпен шыққан алғашқы қуаныш сапарлары. Бәрі қиналып, бәрі жылап тұр. Не істеу керек? Мәскеуге де жетіп қалдық. Қонақ үйге орналасу, ертеңгі концертке дайындық... Бу беліңді, бекін, Жұмат. Анау шырылдаған, отқа түсіп отырған Жанбике мен Раупбекке басу айт. Сен еркек емессің бе? Шыда, көн, мін қайратқа, тый көз жасыңды, азамат. Бекін, бекін, бекін!

Сәбидің сүйегін жолда бір станцияда түсіп, қойып кетуге қимай, ақыры Москваға апарып, татар зиратына жерлеген. Қайғы-қасіретті ішке тығып, тілді тістеп жүріп, қазақ артистерінің, қырдан келген өнерпаздардың концерті дұрыс өтуіне барлық жағдай жасаған Жұмат қайратына ырзалықтың шегі жоқ. Әсіресе поездан түскеннен кейін көзіне бір тамшы жас алмай, безеріп, ешкіммен тіл қатыспай, өзімен-өзі болып, тастай болып түйіліп қалған Жанбикенің ерлігі, қайғыны жеңгендей қаттылығы таңқалдырған.

Сөйтіп Жанбике енді етегі жасқа толып, ағыл-тегіл жылап берсін. Кенет үйелмелі,-сүйелмелі, қаздың балапанындай, бірінің артынан бірі тізіле жүгірген әлгі алты ұл – ғайыпта айрылып қалған өзінің перзенттері секілденіп көрінген. Олар өлмеген сияқты, ұшып-ұшып осы ауылға, Тастан мен Рабиға шаңырағының астына келіп қона салғандай. Өлі мен тірі арасында, әсіресе ана мен шетінеген перзент арасында бір сәт түк алшақтық жоқтай көрінді. Қолын ұсынып, ұмсынып шақырса бітті, Ақылбегі де, Тұрарбегі де, Асылбегі де – үшеуі де қазір жетіп келетіндей-ау. Жасты көзімен жан-жағына алақтап қарап барып, Жанбике ұйқыдан шошып оянған адам секілді, бір селк ете түсіп, өне бойы шіміркеніп, қолын сермеп қалып, саусақтарын созып барып, есін қайта жиып алғандай болды.

- Кешіріңіздер, - деп барып, орамалмен тершіген маңдайын сүртті. Көз жасы тыйылған. Жанарында уытты жарқыл бар. - Әйелдер, өзіміз қалып, әңгіме айтып, шыр тарқатып тағы шай ішейік. Еркектер, далаға шығып, бой жазбайсыңдар ма?

Қанша өзінше қулық ойлап, оңаша әкеттім, Жұматтарды ешкімге көрсетпей, көл жағасында демалдырып аттандырам деген әрекеттің бос әурешілік екенін Тастан үйден шығарысымен-ақ ұқты. Қазірдің өзінде аттылы-арбалы талай адам жиналып қапты. Әр жерге шоқ-шоқ болып, гу-гу әңгіме соғып тұр. Бөрікті ақсақалдар, кимешекті бәйбішелер, тақиялы жігіттер, қамзолды қыз-келіншектер. Шулаған бала-шаға өз алдына. Тіпті әр жерде киіз үйлер тігіліп жатыр, абылайша, жаппа, итарқалар көзге түседі. Жәрмеңкеге жиналғандай у-шу, жан-жақтан құйыла бастаған көпшілікті көргенде, Тастан өзін кінәлі, ұрлық жасаған адамдай сезініп қуыстана бастады.

- Әй, Тастан, - дегенге жалт қараса, Айнолла ақсақал. Мойны қалтылдап, екі көзі шатынап, бетінің түгі шығып, ашудан жарылардай боп тұр. – Бұл қылығың қай қылық? Атаң қазақта жасырын көмбе болып па еді? Бәрі алақанда емес пе: бар байлығы, бар қызығы. Бала туады, шілдехана болады – кімнен жасырыпты? Сүндетке отырғызады, қызықтайды – кімнен жасырыпты? Келін түсіреді, той жасайды – кімнен жасырыпты? Адам өледі, ас береді – кімнен жасырыпты? Шартарапқа, естіген құлаққа түгел жария. Сал, сері, ақын, әнші, жыршы, өлеңші, термеші – елдің еркесі, жұрттың жүрек жылуы, көз қуанышы, көңіл медеті қашанда. Айтыс боларда дүйім ел жиналып, қиқушы болмаушы ма еді? Сонау орталықтан, Қызылордадан келген өнерпаздарды сен бауырыңа басып, қызығын өзің ғана көрмексің, бұл қайдан шыққан әдет? Бұл сенің майданға барып, орысша үйреніп, шаһар көріп, жазу-сызуды біліп, кітап оқудан тапқан олжаң болса, оның құны бір тиын. Шабыңа от түсті ме, қызарып барасың, ашуланайын дедің бе, маған десең жарылып кет, бұл тайтаңыңа көнетін шалдар жоқ. Қайда келгендерің, қонақ емес пе, жасымыз үлкен болса да, сәлем бізден. Ар жағын содан кейін өзіміз көріп алайық. Қара мұны.

Сөздің насырға шауып бара жатқанын сезген Тастан әзілге сүйеп:

- Ойбай-ау, жиен-ау, қазанымызды жарып барасың. Сабыр ет. Хабар жеткенше, өздерің кеп қапсың. Әлі ештеңеден құр қалған жоқсыңдар. Өздерінің келгені әлгінде. Қуырдақ жеп, шай ішіп қана үлгерді. Ойындарын кешке қарай бастайды, - деді.

Әптігі әлі басылмаған Айнолла ақсақал сабасына түсе алмай:

- Қайда қонақтарың? – деп шаңқ ете қалды.

Бұл кезде Жұмат та осылай қарай бет бұрған. Алдымен өзі сәлем беріп, қатар тұрған ақсақалдардың түгел қолын ала бастады.

Тастан олардың атын айтып жатыр. Жалт етіп бір қарағаннан әрқайсысының түрі-түсі, мінез-қылығы білініп қалады.

- Айнолла ақсақал. (Ұзын бойлы, артық май-еттен ада, қапсағай қара. Бет-сүйегі үлкен, көзі адырайып, кісіге шүйліге қарайды. Орақ мұрны пышақ қырындай ішінде көп сыр жатыр емес, қолма-қол сөздің, қолма-қол қимылдың адамы).

- Жангерей ақсақал. (Орта бойлы, етженді. Бітік көзі кісіге күлімсірей қарағанмен, арамдығы, қулығы ішінде. Көмбеңді білем, менен асып қайда барасың, бәрібір қуып жетіп артыма тастаймын деген раймен жымияды. Өз шаруасына мығым. Мыжырайып жүріп үлгермейтін ісі жоқ).

- Жақсылық ақсақал. (Ірі, көрнекті. Сақал, шашына ақ кірмеген. Қызыл шырайлы. Көңілі кеткен адамға қоң етін кесіп беретін адал, ақкөңіл, жомарт. Жас кезінде серілік, жігіттік қызығына көп батқан. Сұлу әйел, жүйрік тазы, алғыр құс десе астындағы атын түсіп береді. Бір киер киімі ғана жылтырап тұр. Дәулеті шамалы).

- Әріпқали ақсақал. (Жатаған келген, жайын ауыз. Шыңыраудан қауға тартқандай етіп, сараң, сарабдал сөйлейді. Жылымқұрт. Үйде отырып білмейтін пәлесі жоқ. Біреуді-біреуге айдап салуға келгенде алдына жан салмас. Мақтамен бауыздайды. Алдын бір кесіп өткен кісіні ешқашан кешірмейді, бір ұстасқан адамның жағасында қолы өле-өлгенше кетеді).

- Ықас ақсақал. (Сақал-мұрты тығыз. Қол аяғы балғадай, жұп-жұмыр. Екі көзі қап-қара-нұрлы, сөйлеп кеткен кезде алдына жан сала қоймас. Үлкен-кішінің көңілін қалдырмайтын көлгірлігі байқалады. Үрім-бұтағы өркен жайған, өзіне сенімді. Шіренген, нығыз).

- Қапиз ақсақал. (Қолтақпақтай ғана. Мүйізін қағып алған тоқал ешкі секілді. Малы да, жаны да, сөйлеген сөзі де, істеген ісі де, тіпті ақырет шүберектері де санаулы, қаттаулы секілді. Кедейден байыған болу керек. Бір сабақ жібін қимайтын сараң. Қулығына найза байламас).

- Матан ақсақал. (Қазанбас, жауырынды, сүйектері жұмыр. Орақ ауыз, өт тілді. Өткен-кеткен тарихқа, шежіреге келгенде алдына жан салмайтын сұңғыла, жүйрік. Ашық, дархан. Жомарттығында мін жоқ, көлденең өтіп бара жатқан бейсауат жолаушыға көңілі түссе, тай сойып тастайтын мінезі бар секілді. Жақсылық, жамандық бәрі қолынан келеді. Кей тұста дарақылық, мақтаншақтық жеңдіріп, артынан бармақ шайнап отырады).

Аяқ астынан топ болып жиналып қалған ақсақалдардың бір-біріне ұқсамайды. Аяқтарындағы етіктері, үстеріндегі шапандары, бастарындағы бөріктері Жетісу, Сыр, Арқа киім үлгісін жалпылай қайталағанмен, аңғарып, көз тоқтатқан кісі көретін айырмалар бар екен. Бұл атырап тарихын шертіп, сыр толғайтын пьесалар да жоқ. Жалғыз “Бекет” драмасы, оның өзін басқа ұлт өкілі жазған, көп нәрсе ағат айтылып, жеңіл қамтылған. Мынадай мінездер, түр-түрпат байлығын сахнаға шақыру – қандай ғанибет. Арал, Ақтөбеге келгелі естіген ән, күйлер неткен ғажап, түпсіз теңіздей бай көрінді. Тек соларды орындайтын, өз қуатымен сахнаға шығарып, бүкіл Қазақстанға жаятын бір де бір артист, бір де бір өнерпаз жоқ. Жігіттердің Тастанға қызығып, соны труппаға алып кетейік деп жүргені осы себептен ғой. Ойпырмай, мына кескін-пішіндерді суретке салар ма еді деп Жұмат ақсақалдарға тағы үңіліп бір қарап қойды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет