Жоспары: 1.Ес туралы ұғым.
2.Естің түрлері мен процестері.
3. Зейін туралы жалпы ұғым.
4.Зейіннің түрлері мен қасиеттері.
1.Адамның өмір тәжірибесінде қабылдағаны, басынан кешкен ой-сезімі, әрекеті ізсіз жоғалып кетпейді, баста сақталады, кейін қайта жаңғыртылады. Бұрын қабылдаған зат, құбылыс образдарын, өз көңіл күйлерін ойда сақтап, қайта жаңғыртатын психикалық процесті ес дейді. Бұрынғы уақытша жүйке байланыстары қызмет істесе, адамның есінде қалғаны қайта жаңғырады, санасына қайтадан келеді. Естің бұл күйін қайта жаңғырту дейміз. Адам көптен көрмеген танысын көргенде болған жері есіне түседі. Қабылдаған нәрсемен кездеспей-ақ жаңғыртуды еске түсіру деп атайды.
Қайта жаңғырту процесінде тану мен еске түсірудің қызметі бірін-бірі толықтырып отырады. Мысалы, бұрын оқыған кітабымыз болса, оны танимыз. Қабылданған нәрсенің есте қалғаны – естің материалы, есте сақталып, қайта жаңғырғандығы – естің мазмұны. Адам есінің негізгі мазмұны – сөзбен айтылатын материал. Адамның бастан кештен сезімдері, әрекеттері сөз арқылы қайта жаңғыртылады.
Есте қалдыру процесінде, әдетте, бір заттың немесе құбылыстың екінші бір заттармен немесе құбылыстармен байланысы жасалады. Мәселен, біздің жаңа танысқан адамымыздың атын есте сақтау үшін біз белгілі бір атты ол адаммен, оның сыртқы келбетімен және басқа ерекшеліктерімен байланыстырамыз. Белгілі бір тарихи фактіні меңгере отырып, біз оны тарихтың басқа уақиғаларымен байланыстырамыз. Сөйтіп, есте сақтау дегеніміз – жаңаны адамның санасында бұрыннан бар нәрсемен байланыстыру.
2. Естің сапасына мыналар жатады:
А. Адамның белгілі бір уақытқа дейін есте сақтауға қабілеті бар заттардың немесе фактілердің саны, яғни көлемі.
Ә. Жаңғырту дәлдігі.
Б. Есте қалдырудың шапшаңдығы.
В. Игерілгеннің ойда сақтауда ұзақтығы.
Г. Естің дайын екендігі, яғни керектілерді тез еске түсіре білу. Бұл көрсетілген қасиеттердің бәрі жеткілікті дамыған есті адамда кездеседі. Бірақ бұл біршама сирек болады. Әдетте, адамдарда естің бірқатар сапалары жақсы дамиды да, екінші біреулері нашар дамиды. Кейбіреулердің есі көлемі үлкен болады да, бірақ есте сақтауы баяу болады, материалды тез үйреніп алады, бірақ оны жеткілікті дәл жаңғырта алмайды.
Естің түрлері: қозғалыс есі, образдық ес, сөздік-логикалық ес, эмоциялық ес. Қозғалыс есі деп ойын, еңбек әрекетіне байланысты туып отыратын қимыл-қозғалыстырды есте қалдыру менқайта жаңғыртып отыруды айтады. Естің осы түрі қозғалыс дағдыларын қалыптастырудың негізі болып табылады.
Заттар мен құбылыстардың қасиеттерінің нақтылы бейнесін ойда қалдыруда, қайта жаңғыртуда көрініп отыруын образдық ес деп атайды. Суретшілер мен сәулетшілердің, музыканттар мен актерлердің есі көбінесе нақты, көрнекті болып келеді.
Адам ойының түрлі формаларын еске қалдыра алу қабілеті сөздік-логикалық ес деп аталады. Сөз жүйесін есте сақтау ойлау жұмысына байланысты. Естің осы түрі көбінесе философтар мен математиктерде жиі кездеседі. Сөздік-логикалық естің оқу процесінде маңызы аса зор. Өткен тақырыптарды еске қалдыру, оны қайта жаңғырту есі онша дамымаған адамға қиынға соңады.
Сезімдерді еске қалдырып отыруды эмоциялық ес дейді. Мәселен, жас кезімізде тұрған бір жерге келсек, сол кезде бізге ерекше әсер қалдырған нәрселердің бәрі есімізге оп-оңай түседі. Өткендегі оқиға бір қуанышқа байланысты болса, ол өмір бойы естен кетпейді. Мәселен, біздің әрқайсысымыз Ұлы Отан соғысының жеңісін тойлаған күн – 9 мамырдың немесе 22 наурыз мейрамын еш уақытта ұмытпаймыз. Естің жоғарыда аталған түрлері екі сигнал жүйелерінің мидағы қызыметімен түсіндіріледі. Мәселен, ес бірінші сигнал болса, онда естің образдық түрі болғаны, ал ес екінші сигнал жүйесі арқылы жүзеге асырылса, онда сөздік-логикалық түрі болып табылады.