Ай қанатты арғымақ



бет5/19
Дата25.12.2016
өлшемі4,1 Mb.
#4410
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

- Дұрыс. Сен енді жұма күні оқылатын намазды білесің бе?

Жұмат пен Әміре Бақтиярдың тосылмай, қолма-қол, тақ-тұқ еткізіп, сартылдатып жауап беріп тұрғанына риза болып, іштей мақтана бастаған. Дәулет қажы Имам “дұрыс!” деген кезде бір көтеріліп қалып тұр еді, енді не болар екен деп қорқа бастады. Бақтияр соңғы сауал қойғанда тосылу орнына, жайнап шыға келді. Дін сынағына түсіп тұрғандай емес, баланың ойынын көрсететін секілді. Көзінде мақтан сәулелері ұшқындайды. Дауысында желік бар. Сөйлеп кетті:

- “Күллі әлемнің кіндігі, о, жасаған ием. Бар дүниенің тұтқасы сенсің! Нақты түрі жоқ, тұрағы жоқ иемнің. Оның құзырымен жаратылған баршасы. Алла бізге ішер ас, киер киім берер. Ол бәрін, барлық еркек, әйелді жасырын жария сырды түгел білер. Құдайдан басқа құдай жоқ. Мұхамед оның үмбеті, құлы. Құдайым Мұхамедті, оның ұрпағын жарылқасын. Әубәкір, Омар, Оспан, Әли, Құсайын – сендерге құрмет. Ең алдымен құдайдан қорық, табын құдайға! Өзінен қорқатындарға жақсылық жасайды құдай.

О, қасиетті уақытты текке, дырдумен өткізетіндерге қайғы келсін. О, таза өмір сүрмейтін, адамдарға қайғы келсін!

О, қылмыстылар, күнаһарлар, сендерге қайғы келсін!

Сендер ойланыңдар, ес жиыңдар, адасқан жолдан қайтып оралыңдар, әділет жолына түсіңдер, құдайға, құлшылық етіп, оның қайырымына ие болыңдар!

Біліңдер, о дүниеде қатал есеп бересіңдер, бұл дүниеде адасқандар – санын соғар, күнаһарлар – ұялар, арақ ішкендер – қызарар, білімін босқа жібергендер - өкінер; жезөкшелер – күйінер; қылмыстылар – отқа жанар. Құранда құдай айтады: “Бұ дүниенің бәрі өткінші, бәрі бекер: өтеді – жоғалады. Жалғыз құдай ғана мәңгілік. Ол қала береді мәңгілік. Құдай бізді адасқаннан, ғайылдан, арамдықтан сақтасын. Күнәні кеше гөр деп жалбарынам жаратушы мейірбан аллаға. Әумин!”.

Бақтияр тоқталғанша Имам қабағын шытып, терісіне сыймай жарылардай болып тұрған:



  • Құран сөзін қазақшалап жүрген қай пәтшағар?

  • Ахмет дамолла.

  • Торғай жағынан келген ұзын бойлы, көзілдірік киетін біреу бар еді, сол ма?

  • Иә, Ахмет дамолла көзілдірік киеді.

  • Сен, Бақтияр, мұхтасарды түгел біліп алыпсың. Дұрыс. Бұдан былай құдайдың сөзін өз тілінде ғана сөйлейтін бол. Екінші қайтара әлгіндей тәржіма естілмесін, - деп барып Имам түсін жылытып. – Ал, қажы, балаңыз молда болыпты. Анық молда. Той сізде. Сынақшыға беретініңізді атаңыз.

Соңғы сөзден үрейі ұшқан қажы:

- Көңілдегі адал ниет демесек, мен қай шариғатты біліп жатырмын. Аузыңызға май. Алыңыз, Имам. Біздің үйге барайық, ат мініп, шапан киіңіз.

- Алладан қайтсын, - деді Имам. – Дәл бүгін бара алмаспын. Атаған жылқыңызды біздің үйірге қостыра салыңыз.

“Дұрыс-дұрыс” деп тұрып, қас-қағымда Имам бір жылқыдан пайда таба берсе, жәрмеңке тарағанша қанша мал жинап алар екен деп ойлады Жұмат.

Осы кезде Құдайберген де көрінді, қолтығында қысқан бірдеңесі бар, сөйлеп келеді.

- Не сауда жасады дейсіңдер, тәйірі. Кеншілерге не керек, шәй керек. Тәуір-тәуірінен бөліп-бөліп сатып алмасам болатын емес. Ал, не тұрыс бар, кетейік.

Әміре салқын жауап берді:

- Бақтияр көкесін тапты. Жұмат солармен бірге. Біз енді үйге қайтатын шығармыз.

Бақтияр ұнатпай қалды.

- Сен бірдеңеге өкпеледің бе? Үйіңе неге кетесің? Біздікіне барамыз.

Имаммен қоштасып, Дәулетқажы мешіт ауласынан шығып келе жатыр:

- Ә, сәлеметсіз бе? – деді Құдайбергенге. – Балалар сіз жөнінде айтты. Атыңызды ата-анаңыз дәл тауып қойған екен, құдай расында берейін деп тұрған адам екенсіз. Өз шаруаңызды тастап, мыналарды қыдыртып жүрген неткен балажан едіңіз. Бүгін жәрмеңкенің алғаш ашылған күні тым болмаса, ырым-жорасын жасап, бірдеңе алайық.

- О, не дегеніңіз? Мен сізді сырттай білем. Ал Жұматтың әкесі Тұрғынбаймен бір шахтада істейміз.

- Жөн ендеше, - деді Дәулет қажы. – Мен білгенде осы бір тұста киім-кешек болушы еді.

Әр түрлі заттарды жайып тастаған қатарларды кішкентай сауда ұяларын аралап келе жатыр.

- Шіркін-ай, - деді Дәулет қажы. – Адамға керекттің бәрі бар-ау, бәрі бар. Кәне, тоқтаңдаршы. Құдайберген қарағым, менің үлкен ұлыммен жасты екенсің. Айыпқа бұйырма, әне бір етікті сұрашы. Көрейік. Мен орысша бір ауыз сөз білмеймін.

Құдайберген кінәлі адамдай болып, көрінер-көрінбес жымиды:

- Ол жағынан біз де махрұмбыз.

Бақтияр саңқ еткізді:

- Будьте добры, покажите, пожалуйста, сапоги.

Баланың таза үнімен қатесіз айтылған орысша сөздерді естігенде, сауда ұяда тұрған кестелі көйлегі бар, жирен сақалды, қырықтың ішіндегі жігіт қуанып кетіп құрақ ұшып, заттарын бірінен кейін бірін шығара бастады. Дәулет қажы биік өкшелі, кең қонышты, жақсы былғары, сапалы ұлтаннан жасалған етікті өз аяғына киіп көрді, екінші біреуін Құдайбергенге кигізді; үш балаға үш етік кигізді. Сатушы жігіт мына шал құр босқа әурелеп тұр-ау, бәрібір алмайды ғой деп көңілсіздене бастады. Шалдың баасына не деп тұрғанын түсінген жоқ. Бақтияр:

- Посчитайте, сколько всего за все сапоги? – дегенде қайтадан көңілі көтерілді. Дәулет қажы ақшасын төледі. Жұмат пен Әміре үндемей тұрған, Құдайберген:

- Ақсақал, мұныңыз қалай? – деді.

- Ой, балам-ай, бүгін менен бақытты кісі жоқ. Мына Бақтиярым, оқудан келген соң, салбөкселеніп үйде жатып алмай құнанына мініп, Жұмат досының ауылын іздеп кетті. Жалғыз өзі. Одан сізге кездесті, көп әңгіме естіпті. Жаңа ғана Имам алдында сынға түсті. Енді, міне, орысша судай ағып тұр. Адам болғаны осы ғой, менің басқа қандай арманым бар. Аяқтарыңдағы ескі шабаталарыңды тастап кетіңдер. Мына жаңа етікпен көп жаңа жерлерді басуға жазсын бәрімізге, ал енді аяңдадық.

Дәулет қажының үйлері Талдының жағасында, көгалды, салқын жерге оңаша тігілген екен. Арнап шақырған қонақтар, жан-жақтан келген жекжат, құдалар, ескі таныстар - әрқайсысы өзіне лайық жөнмен сый көріп жатыр. Бақтиярдың бетінен сүйіп “азамат болыпсың ғой, шырағым” дегендер де табылды. Құдайбергенді үлкендерге қосты. Үш бала ет жеп, қымыз ішкеннен кейін шаршағандарын сезе бастады. Алыс-беріс жасап, біреу сатып, біреу алып, біреу делдалдықта жүріп өткізген алғашқы күн талайларды шалдықтырып тастаған. Дегенмен, бұл кеште мыңдаған қой сойылып, ақсақал, қарасақалға бас тартылып, ойдағы мен қырдағы қосылып, сан ұлттың тілдерінде сан алуан сырлар шертіліп, әңгіме дариясының көмейі ағылған. Кәнігі, ескі әншілер Қоянды аспанын күңіренткен.

Бақтияр қоярда-қоймай төсекті далаға салғызды. Қалың сырмақ, түйе жүн көрпелерді көтеріп келген бір жеңгесі:

- Молда бала, байқа. Қайын жұртыңның ауылы жақын, сонда кетіп қалып жүрме, - деп қалжыңдаған болды.

Аттың үсті, күннің ыстығы, жаяу жүріс шаршатқан шығар, алдымен Бақтияр пыс ете түсті. Қол-аяғын бауырына алып, бүрісіп, басын көрпемен жауып алады екен. Әміре де көпке бармады, кеудесі ашық, қол-аяғын екі жаққа жіберіп, шалқасынан жатыр, қалай дем алғаны естіліп тұр. Үйдегілер тегіс ұйқыға кетті білем: бірен-саран қорыл естіле бастады. Алыстағы алтыбақаннан жаңғырып жеткен ән, оқшау үрген ит, пысқырып қалған ат дыбысының әсері бірте-бірте азайып, Жұмат санасын мың сан шырағы жарқыраған түнгі аспан тартып алды. Зу етіп аға жөнелген жұлдызбен жарысып Көкқасқа қайда кетіп бара жатыр? Жетіқарақшының шөмішін мойнына іліп алып, құрықша сүйрете жөнелген, сірә, Сүйрікқара шығар. Бақтиярдың көнетін түрі жоқ. Сонда Желжиреннің күні не болмақ? Жәрмеңкеге жиналған он мыңдаған адамға, сан жұрттың баласына күлкі, мазаққа қалады ғой. Жаратпай, бабына келтірмей жарысқа қосу обал. Соны Бақтияр неге түсінбейді. Ниет етті – көнбейді ғой. Құнан – Жұматтікі, шабушы – Бақтияр. Өзі шапса қайтер еді? Шіркін-ай, Жүгіней жауырыншы болар ма еді жарықтық, не тосып тұрғанын айнытпай айтып берер ме еді, қайтер еді? Бақтияр секілді оқу соңына түссе, қандай жақсы. Ертең жемқор Имамға айналмақ па? Ол не мұрат? Құдайберген ағасы дұрыс айтады, қолға түссе Жұмат ынжынырлықты оқыр еді. Оған дәулет қайда, пұл қайда. Тіршілік деген бәсеке жарыс, тайталас-ау шамасы. Сылдырлаған күміс үнді Әмірені алда не тосып тұр? Жәрмеңкенің бүгін бірінші күні. Әлі алда жиырма тоғыз күні бар. Көп қызық көреді ғой бұлар. Атшабыс ертең. Құнан жарысқа Желжирен жаратылмай қосылғалы отыр. Не тосып тұр, сені, Желжирен! Не тосып тұр!?

“Ат шабыс ертең, - деді Жұмат күбірлеп. – Ат шабыс ертең. Ертең...”
4
Бала кезінен үлкен қала, Сібірдің астанасы іспетті Омбыда өсіп, зор ғимарат, ұзын көше, тасболат сарайларға көзі үйренген, кейін майдан жұмыстарына алынғанда, Москва, Петроград, Рига секілді ғаламат шаһарлармен етене таныс болған, Кереку, Семейде қызмет істеген Жұмат үшін Қазақстанның жаңа астанасы – Қызылорданың жатаған үйлері, құм басөан аулалары, еске арбасы - әрі таңсық көрінді, әрі мұңайтты.

Басқасын айтпағанда, бұрын қалалық клуб болған жалғыз қабат қораш үйге орналасқан, енді құрала бастаған қазақ театрының көңторғай тұрмысы шоыштқан. Дүние-мүлкі, жабдық-құралы Семейдегі сауық-қойлар үйірмесі “Ес аймақ” қолындағы заттардың о жақ, бұ жағында ғана болып шықты, тіпті кем бе деп қалған. Бұл жағдайларға іштей ренжігенмен, актерлардың негізгі ұйтқысы Жұмат көңілін аспанға көтерді. Қалыбек, Әміре, Иса бала күнінен бірге жасасқан үзеңгілес достары. Қарқаралы, Кереку, Семейде “Торсықбай”, “Айдарбек”, “Арқалық батырларды”, “Қызыл сұңқарлар” мен “Еңлік - Кебекті” осылардың күшімен сахнаға шығарды, талай жастық қызық күндерді бірге өткізген қанды көйлек сал-серілер еді ғой. Елубай мен Серке нағыз өнер үшін жаратылған бағландар екен. Мәдениет аспанындағы жас жұлдыз, жүзіктің көзінен өткендей ғажайып биші, керемет әнші, жарқ-жұрқ еткен гауһардай сәуле шашқан Құрманбекті айт.

Негізгі қойылып жүрген спектакльдердің ау-жайын түйіп бітіп, пікірлерін қорыта келіп, бәрін шолып, жалпылай бағалаған Жұмат бүгін ерекше шешіліп сөйлеген еді. Алдымен арғы-бергі тарихқа барып, театр өнерінің сырын толғап бір кетті:

- Театр деген көне грек жұртының сөзі. Алқа-қотан отырған топ адамның ортадағы ашық алаңын театр деген білім. Театр үш нәрседен құралады. Олар: Бірінші – жазушы. Екінші – сахна. Үшінші – көруші зал. Бұл үшеуінің басын қосып жалғастыратын – режиссер. Бұл үшеуінің басын қосып талқыға алатын – пьеса. Театрды театр, артисті артист қылып жарыққа шығаратын – пьеса. Ойналатын кітапта маңыз болмаса, қандай үлкен артистер ойнаса да, суретші, режиссер болса да, сахна қандай әдемі болып жайнаса да, маңызды жеміс шықпақшы емес.

Театр ісі өте нәзік, күшке салуды көтермейді. Басқа істер сияқты қате, жаман, өңсіз істеліп кетсе, қайтадан өңдеп істеуге болмайды. Сахнада дұрыс істелсе – дұрыс, бұрыс істелсе – бұрыс істеліп қалады. Сахнада ойнап тұрғанда бір ауыз сөзді қате, қисық сөйлесең, сол жерде “ойбай, олай емес екен, былай екен” деп айтуға болмайды. Сахнаның кіріп шығатын жағынан жаңылыс кіріп шығылса, артынан мына жағынан кіріп шығу керек екен деп түзетуге көнбейді. Сөйледің, қозғалдың – оқиға бітті.

Біздің театр еңбекші, жұмысшы, қара шарулардікі, жаңа жұртшылықтікі, көктен түскендей тамаша олжа қазақ даласындағы ұлттық өнердің жауқазын қызғалдағы – театр.

Біздің театр ғылымның күшімен, я болмаса дәулеттің молдығынан құрылған жоқ. Өмір еріксіз іргесін қалап, жоқтан бар қылды. Төңкерістің көп игілікті істерімен бірге туды. Театр ашылғанда арнаулы өнер оқуын бітірген қайсың бар едің? Қалыбек, Елубай, Серке, Құрманбек, Әміре, Иса не дейсіңдер осыған? Арнаулы адамдар тұрсын, театрға арналған бір сабақ жіп жоқ екен ғой. Мен театр заттарын санап тұрып өткізіп алдым: аттың құйрығы, ағаш тостаған, табақ, шелек, шылапшын, орамал, алаша, құмыра, үкі, кесе, білезік, балға, тақия, оқа, қоржын, шапан, костюм, бөрік, белбеу, жейде – осы да дүние болып па, тәйірі, - деп барып тоқтаған.

Бұдан кейін бейнебір өзі басы-қасында болғандай-ақ жеті-сегіз айда көрген қиындықтарды түгел айтып алды да, қайтадан театр табиғатына қарай ойысқан.

- Өткен айлардың ауыр азап, жеңіл тозағын еске түсіріп, болашаққа жаңадан жол, жаңадан бағыт салып, өткен істің тәжірибесінен жарайтынын алып, жарамайтынын қалдырып, жаңа күш, жаңа жігер-қайратпен ертеңгі істерді өркендетуге кіріскелі отырмыз. Дәл бүгін, шынын айтқанда, өткен ғасырлардағы ұлт театрымыз мынадай деп ел аузында сыр қыларлық сыр да жоқ, жыр қыларлық жыр да жоқ. Қыр жоннан көн алған, қу табаннан таспа алған ауыр азаптан енді ғана құтылып отырмыз. Екінші жағынан аузымызды қу шөппен сүртпейік. Қазақтың театры – оның телегей-теңіз ауыз әдебиеті, тұрмыс-салты, батырлар жыры, ойын-сауығы, әні мен биі, аужары мен сыңсуы, билер айтысы, қоштасуы мен жоқтауы, таусылмайтын қазынасы – шешендік сөздері, мақал-мәтелдері. Қазіргі сахнамызға көрік беріп отырған пьесалар халық аңызынан, ел аузындағы аталар сөзінен туған.

Қазақтың жаңа өнерін, театрын жасау үшін біз Қырым мен Ұрымға көз тастаймыз. Орыс ағайын жеткен биікке, Европа шыңдарына көз тастаймыз. Соларды үлгі тұтамыз, үйренеміз.

Сахнаның қазақ үйіне керекті жиһаздарын, декорацияны, елдің салтынша тігілген киім-кешек, басқа жабдықтарды түгендеп алу керек. Тау мен тасқа сүйреп, дал-далы шыққан ескі кенеп үйді сахнадан өтетін неше түрлі пьесаның бәріне сүйрей беруге жарамас. Адайдың бөркі Қырға да, Сырға да лайық болмас. Керекті құрал-жабдық тапшылығынан артистеріміз сақал-мұрт орнына қара бояу жағып, етік орнына шоқай киіп, тымақ орнына орамал байлап келді. Сондықтан олар сахнаға шыққанда бүгжектеп, аяғын астына тығады, кеудесін керіп, шабыттанып кете алмайды. Ішінде киіп отырған қазақша қамзол жоқ. Қаусырынған етегін ашса, ішіндегі киімі көрініп қалады. Иегі мен аузына қолын апара алмайды. Апарса, сақал орнына жапсырылған бояу өшеді, - деген кезде сан-түрлі күлкі ақтарылады. Қалыбек күлді, Құрманбек күлді. Бір-біріне ұқсамас сан алуан рахат күлкі.

- Ал енді сахна техникасына, сахнада шындықты тануға байланысты не айта аламыз? – деп Жұмат көзі боталап, отырғандарды түгел шолып шықты.

Артистің алдына қойылатын міндет – пьесадағы кейіпкердің образын айқын шығару, образды туғызатын рольдің тілін, ісін білу, пьеса шығарушыларымыздың кемшілігі – пьесадағы әр кейіпкердің өзіне арнаулы тілін білмейді. Кейіпкердің көбі жазушының тілімен сөйлейді, пьесаның ішіндегі ауылдағы белсенді мен қаладағы кеңес бастықтарын бірдей киіндіріп, тіл жағынан ажыратып алу өте қиын. Ал, орыстың атақты драматургі Островский, Гоголь, Чеховтың адамдарын қандайын пьеса ішінде сөздерінен танып алуға болады.

Бізде олай емес. Сондықтан бүгінгі біздің жас артистеріміз былай тұрсын, ысылған кәрі артистеріміздің өздері образ жасау жөнінде көп қысылады.

Өнердің қай саласын алсақ та өмірде болған шындықты танып, оны көрсете білуден басталады. Шындықты тану, оны көрсете біру театр қызметкерлеріне – режиссер, актер, қала берсе, барлық спектакльдің жасаушылары - өмір шындығын білу, көре білу – ең бірінші керекті міндет. Режиссер, актерлер даярлап жатқан драма материалдарында өмір шындығын, оның ішіндегі образдарды жазушы сөзі арқылы шешеді. Режиссердің, актерлердің алдарында суреті көзге көрінбейтін, оймен сезетін, біліммен сезетін, біліммен табатын сөзге байланысқан образ тұрады. Сондықтан театрдың алдында тұрған міндеті – жазушының шындықты көрсетіп жазып берген материалдарын режиссер, актер болып іс жүзіне шығару. Өмір шындығын тану сахнада екі түрлі. Бірінші алғыр сезімі, екіншісімен шарықтайтын білім-ой сезімі қанша жақсы алғыр болса да ғылымға, білімге сүйенеді. Екеуі бірігіп жабысқан ішіндегі дәнінің қандай болуын табад ы. Табылған дәнді сахнада бірнеше түрмен көрсетуге болады. Бірінші – еш нәрсе қоспай өз қалпында көрсету (натурализм). Екінші – дәнді өзгертпей өз қалпында үлкейте көрсету (реализм). Үшінші – мөлшерден асыра басқа пішін, басқа түр беру (констурктивизм), тағы бұлардан басқа толып жатқан сахнаның түрлі жолдары бар. Осы жолдардың қайсысын алсақ та, ішінен салт-сананың түрлі бояуларын, кестелерін айқын етіп көрсетуге болады.

Біз егерде актерлерді шебер деп, художник деп тапсақ, актерлердің өз еркін өзіне беру керек. Беріп те жатырмыз. Өйткені, ойын-спектакль түгелімен бүтін жаңа көркем шығарма, бірімен-бірі байланысты жалпы қаланған кірпіштің бірі болса да, жеке рольдерді алып қарасақ, бұл да көркем шығарма. Егер де мұндай правоны актердікі деп танып, еркін өздеріне берсек, актердің жауапкершілік міндетін күшейтіп көрсетіп, елестетіп, жан сезімін оятатын, ой сезімін тербейтінін күшейтеміз. Сөйлеп тұрған сөздерін саралап, талдап нандырарлық қылып беруге міндетті қыламыз. Сол ойнап тұрған рольге өзінің дара басының ой сезімін, жан сезімін қалай сәйкестендіреді. Егерде өзімен ойнап тұрған ролі үйлеспей, екеуі екі жақта тұрса, мұндай артистерді художник деп айта алмаймыз.

Пьеса даярланардың алдында мүше-мүшеге бөлінеді. Мүше бөлшектеніп, әрбір жілікке бөлінеді. Автордың киіндірген киімдері шешіледі, ішек-қарындары жуылып тазаланады. Художник, режиссердің қолындағы пьесаның төрт жағы бірдейленеді. Бұдан кейін театр даярлап алып, мүшелерін орындарына салып, театр өз киімін кигізеді.

Бұдан ары актердің өнеріне өнер жалғайтын дәуірі басталады. Оқиға қандай жағдайдан, қандай жерде, қай мезгілде, қандай адамдардың ортасында өтті – соны тексереді. Оқиға үй ішінде болса, жүріс-тұрысына, сөзіне дәйек салады. Жай сөздерді ағызып, қай жерде баяу, қай жерде көтеріле-серпіле, қай жерде кімге не дейді, айтылатын сөздерде қандай сыр айтады, осыларға сәйкес және қимылы, бет өзгерісі, барлық пішін қимылдарын зерттеу дәуірі үстіндегі істерді – образ жасау тетігі дейміз. Бұл айтылып өткендер шындықты іске асыру үстінде драмалық жағын күшейту болып табылады. Мұнан әрі істелетін іс – музыка, балет. Әнді, күйді, балетті тек әдемілік үшін кіргізбейміз, әнмен шиеленіскен драмалық туындыны күшейтіп, ерекше жерлерін оркестрлендіру. Ән, би өздерінің орындарында тұрмаса, егер ән мен би не үшін сол орындарында тұрғанын маңыз жағынан ақтай алмаса, ән ән үшін, би би үшін кірген болып табылады.

Ән, би даярлау дәуіріне кіріскенде образ жасау бұрынғыдан гөрі ауырлайды. Драмалық барлық бұрылыстарды әнмен күшейтіп шындық ырғағына келтіреді. Жан сезімі мен ой-сезімін шарықтатып өзінің шегіне жеткізеді. Пьесадағы арияларды әнмен ойнап беру концертке шығып ән салып беруден анағұрлым қиын. Сондықтан ойнаушы артистер бірімен-бірі ұғысып, тартылған желіден шықпай, бірінің не істегенін, қандай қимыл-қозғалыстар жасағанын күні бұрын біліседі. Егер мұндай болмай, әзірліксіз кенеттен келген ой-сезіміне билетіп, құбылыс-қозғалыс сырларын ойда жоқ жерде өзгерте берсе, мұндай еңбек далаға кеткен болып табылады. Орынсыз, үйлеспейтін жамау болады. Себебі: жанындағы жолдасы не үшін бұлай өзгергеніне түсіне алмайды. Партнермен келіспей істеген қосымша сырлар әр уақытта көруші мен тыңдаушыларға жетпейді, түсінікті болмайды.

Образ жасау жолында актерлер режиссер не көрсетсе соны тапжылмай істеп, өздігінен еш нәрсе қоспаса, жасап отырған образында мән болмайды, жан болмайды. Бұл актердің олағайлығынан, іздену жолында жалқаулығынан, түсіне алмағандығынан болады.

Театр ісі – жаңа іс, барлық салаларын алып қарасақ, бұрын қазақ өнерінің тәжірибесінде болмаған, әсіресе би мәселесі. Театр ашылғанға шейін қазақта би жоқ, қазақта ритм жоқ, сондықтан қазақ сахнасына бидің керегі жоқ деген, не нәрсе жоқ болса, соның аты да жоқ болмақ. Бұрын қазақтың билегендігіне, қазақта би болғандығына “би” деген сөздің барлығы дәлел. Маңыз беріп отырған күрделі істің бірі – қазақтың биін жасау. Ұмытылып бара жатқан өнердің бірі биді бүгінгі жаңа өмірге сәйкестендіріп халық ортасына жарыққа шығару. Би мәселесіндегі біздің творчествомыз примитив емес. Керісінше күншығыс елдерінің пластикасынан пайдалана отырып, тақырыбын пьесаға байланысты ұлт ойындарынан туғызып отырмыз.

Жұмат ұзақ толғауының соңында тағы да ұлт театрының қамына қарай бет бұрды:

- Қазақ театрының қолға алған жұмысы үлкен, жүгі ауыр, жолы алыс. Алыс жолға талықпай-жалықпай жету үшін қажымайтын текежәуміт ат керек. Жел өтіп, күнге күймейтін тон керек. Еңбекті егізім деп таныған, ақылын жігерімен жаныған азамат керек. Қазақ театры – ұядан қанат қағып, қалықтап ұшқан балапан. Қанаты талмай қонатұғын күй керек. Жас көзге түсіп күйлемегі, қуарған жүнін мезгілінде тастап түлемегі иесінің бағып-қағуына байлаулы. Алғашында талпынып еңбектенсе, ақ үрпек болып, ұядан басын көтерсе, қазір қаз-қаз басып отыр, қарақанат болып ұядан ұшқалы отыр.

Театрдың атқаратын жұмысы: езілгендердің қорлығын, басынан кешірген өмірін өткір қиял ойлап, шебер қалам жазса, оны театр әділдік мынау, жауыздық мынау деп алып келіп майданға шығарады, тірі суретін көзге көрсетеді, қиянаттың қылығын алып келіп көруші адамды тербетіп, сергітеді, ой салады, жарыққа қарай жол сілтейді, - деп қайырды.

Труппа өзінің жаңа режиссері, театр директоры Жұмат Шаниннің рухани бағдары, көркемдік мақсаты, әсемдік ойлары іспетті толғауларын сілтідей тынып тыңдады. Бұл күні айтылған пікірлер, тұжырымдар кейін сан-алуан спектакльдерге желі болып тартылып, қазақ театр өнерінің дәстүрін жасады, актерлардың талай буынының тағдыр-талайына әсер етті, өшпестей із қалдырды.

Маңдай терін сүрткен, Жұмат жымиып алып, тағы бір ауыз сөз қосты:

- Театр – театр болып халық аманатын орындау үшін бес нәрсе керек деп білем. Бірінші – ең алдымен, халқының, жұртының, елінің іргесі аман болсын. Екінші – сол елі, жұрты қызықтап келгенде отыратын кеңсарайдай театр үйі болсын. Үшінші – ой сананы тебірентіп, жүректі қозғайтын жарамды кітабы – пьесасы болсын. Төртінші – талабы таудай, таланты зор ойыншылары – артистері болсын. Бесінші - өмір тартысының ұлы жолында адастырмай бастап отыратын көсем сөзі, таразы болсын тең ұстайтын әділ қазы, арда биі – толғаулы сыны болсын. Осы айтқандар түгелденсе, театр жолында басымды бәйгеге тігем, қалған ғұмырымды біржолата арнаймын өмірге, домбыраға.

Отырғандар қалай қол шапалақтап жібергендерін білмей қалды.


5
Кешке жақын басталған жаңбыр сабалап құйып кетті. Егер ауылда мынадай жаңбыр болса, үйдің төбесін тесіп, саулай жөнелер еді. Бұл жақтың мал қорасына дейін сүп-сүйір, шошақтала жабылған шатыр, соның арқасында су өтпейді. Сатыр-күтір дыбыс естіліп тұр, мың жігіт жабылып, толассыз қамшының астына алып жатқан сияқты. Бұларға тым болмаса, дүниенің ең арзаны ат қора да бұйырмапты. Ұзындығы қырық-елу құлаштай жерді түйе бойындай тереңдікте қаздырды; төбесін жаптырып, әр жерге сығырайған терезе орнаттырды; есік салғызды. Сөйтіп, өздері жататын жертөле жасаттырған. Жігіттер қалжыңдап “мынаның аты үй емес, көр ғой” деген. Тізеге дейін биіктікте сәкілеп, ағаштан жатар орын дайындалған. Ішіне сабақ тыққан, қозғап қалса, бұрқ-бұрқ шаң көтерілетін төсеніш-жамылғы бар.

Даладан келген батпақ иленіп жатыр. Әр жерде қылжиған, жұлығынан суы сорғалаған етік, шуаш, кір сасыған шұлғау, ілулі тұрған зіл батпан шинель казарма ішін ластап, былықтырып жіберді. Мұның үстіне тартылған темекі, атылған насыбай қосылып, тыныс тарылып дүние бір-ақ уыс болып қалған.

Жұмат жан-жағына көз тастады. Әркім әр түрлі әрекет үстінде: біреулер киімін шешпестен келе төсекке қисайған, біреулер жыртылған шалбар-көйлектерін жамаудың қамында, біреулер сақал-мұрттарын басқан болады, біреулер күбір-күбір етіседі. Ылғи аштықтан тұрғандай, өң жоқ, түс жоқ, жақтарына пышақ жанығандай тірі аруақ. Күні кеше ғана осының бәрі құлын-тайдай ойнақтаған, беттерінен нұры тамған жігіттер еді деп кімді сендіресің. Ақыр заман орнап, көрдің аузында отырған құл сүлделер сықылды.

- Әй, жігіттер, - деді Жұмат.

Біреу бұрылып, біреу бұрылған жоқ.

- Әй, жігіттер! – Бұл жолғы дауыс қатты шықты.

- Бүйте берсек, малдан айырмамыз қалмайды ғой. Мынау сұмдық қой.

- Е, не құрып қалыпты, - деді Тастан. Жүлдегені, шаршағаны байқалғанымен, қайратты жігіт екені білем-білем бұлшық еттерінен көрініп тұр. Білегін сыбанып алыпты.

- Қарамайсың ба, жан-жағыңа. Адам жататын жер ме, әлде шошқа қора ма?

- Әй, Жұмат, кісінің өзі тері-тарамысына ілініп, сіркесі су көтермей тұрғанда, сен де баланың сөзін айтады екенсің. Жаңа көріп тұрмысың? Мен санап жүрмін. Осы көрлақатта жатқанымызға міне, бүгін жүз күн болды. Бізге не қыл дейсің?

Қатты естілген дауысқа, шаң-шұңға әр жерден құлақ түріле бастады, төсектерінен тұруға ыңғайланды, “мына екеуіне не жетіспейді” дегендей одыраяды.

Алайып бір қараған Жұмат шапшаң қозғалып:

- Мынаны, мынаны, мынаны, - деп әр жерде жатқан үш етікті босағаға қарай лақтырып жіберді, - былай қоюға болмай ма? Әлде былғаныш, нәжісті иіскеп жатпасаң, ұйқы келмей ме?

Үш жігіт орындарынан атып тұрды.

Біріншісі:

- Өкшесін түсірдіңіз ғой, - деді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет