Тортай мінер ақбоз ат



Дата06.03.2023
өлшемі32,9 Kb.
#171311
Байланысты:
2-n7 f0gfhfn



Тортай мінер ақбоз ат
Біздің ауыл Салықсалғанның иығында отырған. Шілденің дәл ортасы болса да, бұл жерде қоңыр салқын, бұлтсыз күндері тамылжыған тамаша мезгіл басталушы еді. Не ыстық емес, не суық емес жайлаудың жайма-шуақ сәтінде, төбеңнен көкпеңбек болып төңкеріліп тұрар аспанға қарағайдың бүршігін лақтырып ойнайсың. Қанша құласаң ауырсынбайтын, канша құласаң жапырылмайтын күлтеленген күреңсе балапан табанымызға кілемдей жұмсақ тиюші еді-ау. Теңіз бетінен қаншама биік болғанмен, осы Салықсалғанның кез келген жеріне жерошақ қазсаң, көлкілдеген су шыға келетін. Әсіресе, жаңбырлы күндері қырдан құлаған лайсаңға айналып, шошайтып-шошайтып қарағай бөренеден қиып салған үйлердің мазасын кетіретін. Ол кезде колхоз. Колхоздың сиыры күніне үш рет сауылады. Ал әр сауынның арасында шөп шауып, оны маялайтын. Кеште, тіпті түні бойы сеператорға сүт тартып, май шайқайтып. Шаршау дегенді білмейтін қыз-келіншектер соғыс жылынан кейінгі бейбіт күннің шуағына жылынып, сызылта ән салатын. Тау арасында жылтылдатып от жағып, ән шырқағанда, лаулаған жалын бақсыдай тілін жалаңдатып күй шертіп, тау-тасты күңірентіп тұрғандай әдемі сезілуші еді-ау. Біздер — балалар, күні бойы өгіз үйретіп, бұзау жаямыз, үш уақ сиыр сауғызамыз. Ымырт үйіріле, алтыбақан құрған азаматтардың маңайында арпалысып, тиіп-қашып ұлардай шулап ойнап жүргеніміз. Біздің ішімізде менен екі-үш жас үлкендігі бар Тортай атты бала болушы еді. Әке-шешеден тым ерте айырылып, алыстан қосылар аталастарының есігінде жүретін. Қой аузынан шөп алмас жуас, құлағының сәл мүкісі бар, бала болып көп ойнамайтын, жасқаншақ еді. Бәрімізден гөрі ерекшелігі, таңертеңнен кешке дейін бас алмай кітап оқи беретін. Қолына не тисе, соны талғамсыз оқитып Тортай ортамыздағы білгішіміз, аузымызды ашып тыңдар абызымыз сықылды.
Тортай, әсіресе, мені жақсы көреді. Жанынан бір елі қалдырмайтын. Әкем ферма меңгерушісі, үйде ішім-жем мол, ит басына іркіт төгіліп жатушы еді. Шешемнің қолынан — бір, жолынан — екі алып, әр күн сайын Тортайға таситынмын. Ол мені алдап, тамақ үшін дос болмайтын, қайта: «Мен аш жүргенім жоқ, әкеле берме», — деп ұрсатын-ды. Өз бейілі мен көңіл хошы болмаса ләм деп аузын ашпайтын, әрі құлағы хақас еститін болған соң, әңгімеге зауқы бола бермейтін. Тек менімен ғана оңаша сәттерде ағыл-тегіл әңгіме құрушы еді.
Бір күні мен Тортайды көп іздеп әрең таптым. Тұрған үйі аузына келгенін айтып, ұрсып қуып жіберіпті. Салықсалғанның ұшар басындағы қалың тас қорымның үңгіріне кіріп, от жағып отыр екен. Мені көрген соң, қуанып қалды. Орнынан атып тұрып:
— Мені қалай таптың, ей? — деді.
— Сенің үйің — осы тас күрке емес пе?
Тортай тас күркені ұядай қылып жинап, тазалап қойыпты. Бұдан бұрын да осы жерге сан рет келіп, мекеніне айналдырған секілді. Қайран қалдым. Ағаштан қиып нар жасап, үстіне шөп төсеген. Өзіне тиесілі кітаптар әбден көп оқылғандықтан, жемтір-жемтір болып бір бұрышта жинаулы тұр. Төр алдына ешкінің терісі төселген. Қарағайдың жуан кеспелтек шәркесінен стол жасап, май шам қойыпты. Тастан қаланған жерошақта маздап жанған от. Сіркіреп жаңбыр жауды. Үңгірге су тимейді екен. Күн бұлтты болған соң ба, ымырт ерте үйіріліп, көз байлана бастады. Үйден ұрлап алып шыққан нан мен ірімшікті столдың үстіне қойдым. Нардың шетінде жалаң аяғын салбыратып үнсіз отырған Тортай: «Рақмет», — деді. Үні бір түрлі көңілсіз, қарлығыңқырап шықты. Ешкім жоқта жылаған секілді, оттың сәулесі тиген көзі қызарып, домбығып тұр еді.
— Әке-шешең іздеп жүрер, үйіңе қайт, қорықсаң, мен шығарып салайын, — деді Тортай. «Әке-шешең» деген сөзді қырсығып айтқандай болды. Ал әке-шешемнің тірі, жер басып жүргеніне мен кінәлі емес едім.
— Сенің жаныңа жата кетсем қайтеді, — дедім оттың шаласын ысырып.
— Қайтасың! — деді ол міз бақпай. Мен бүгін оны мүлдем танымай отырмын. — Қайтасың, әке-шешең менің басымды жарады.

— Жармайды. Сен мені қума, дос емес пе едік.


— «Ораза-намаз — тоқтықта ғана» деген. «Тоқ бала аш баламен ойнамайды» деген.
Мен жауап бере алмадым, үндемеген қалпы, мыңқиып отыра бердім. Тортай мең-зең. Лаулаған отқа тесілген күйі күрсінді. Содан кейін нардан қарғып түсті де, тас үңгірдің тесігінен сыртқа үңілді.
— Жауын ұзақ жауатын түрі бар. Төңірек тұтасып алыпты. Қонғың келсе, қона ғой, — деді маған. Өзі тізесіне салып қу бұтақты сындырды да, отқа тастады. Мен әкелген ірімшікті бір асап нарға қайта мінді. Содан соң «Аласталған Алитет» деген кітапты қолына алып әрі-бері аударыстырды да, ірге жаққа лақтырып жіберді. Жаңбыр толастар емес, құлаққа тасқа тиіп тайғанап жатқан сыбдыр-сыбдыр үн естіледі. Күркіреп, сарқырамай ұрлана жауған нөсер, қайдағы-жайдағыны еске түсіріп, қиял дүниесіне жетелейді, немесе маужыратып ұйқыны келтіреді екен.
— Босағада отырғаның не? — деді Тортай. Бағанадағыдай емес, көңілденейін депті. — Кел жаныма, мен сені тым жақсы көремін. Бастықтың баласымын деп мұрныңды көкке көтермейсің, қарапайымсың.
Тас ошақтағы оттың сәулесі қабырғаларға түсіп, қоңырқай тартады. Төбеде тесік бар-ау деймін, тырс-тырс тамшы тамады бір жерден. Біз ертекті ескі дүниеде отырғандай едік. Менің кеңсірігім ашып, бір түрлі жылағым келді.
— Тортай, — дедім.
— Ау, — деді.
— Әңгіме, не ертек айтшы.
— Баяғыда бір жетім бала болыпты, — деп бастады… — баяғыда бір жетім бала болыпты… ары қарай күңгір-күңгір, күбір-сыбыр ертекке айналды. Бүгінде менің есімде Тортай айтқан ертектің көбі қалмаған, тіпті сол арманшыл баланың өзін де ұмытқандай едім… Тек, «баяғыда бір жетім бала болыпты» деп басталушы еді, ал, қалай аяқталатынын білмеймін, мүлдем есімде жоқ, қалай аяқталушы еді?..
Менің жадымда тамаша сақталғаны, ол тас үңгірде шөп төселген нардың үстінде жатып, оқыған кітаптары мен өзінің арман-қиялы туралы түн ортасы ауғанша айтқан күбір-күбір әңгімесінің еміс-еміс елесі ғана. Мені жып-жылы қойнына алып, ағалық ақылын айтатын тым зеректігі еді.
— Бұл дүниеде мен пір тұтар, сырласар жалғыз-ақ нәрсем бар, ол — кітап, — дейтін. — Әкем де, шешем де сол — кітап. Кейбірін екі-үш қайтара жалықпай оқып шықтым. Жалғыздығың, жетімдігің, бәрі-бәрі ұмытылып, басқа бір жұмақты өмірге сапар шеккендей боламын. Әттең, жағдай келсе, оқуымды одан әрі жалғастырып, Алматыға аттанар едім. Шынымды айтайыншы, кітап жазып, жазушы болғым келеді.
Ақжауын сіркіреп тұр. Тас ошақтағы от қоламталанып, үңгірдің ішіне қорқыныш ұялап, қараңғылана бастаған. Тортай әлі сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр… Арманы таусылар емес. Демі құлағымның түбіне жып-жылы болып сезіледі, ептеп қытықтайды. Мен үнсіз тындай беремін. Әлде тоңазығаннан, әлде қорқыныштан, Тортайдың бауырына тығыла түсемін. Жайлаудың жадыраған ашық күндерінің бірінде Тортайға еріп бұзау бағуға шықтым. Менікі еріккеннің ермегі сықылды еді. Тас шоқының ұшар басына дейін бұзауларды өргізіп бардық та, еркіне қоя бердік. Өйткені төрт аяқты мал бұл жерден ұзап ешқайда кете алмайтын. Биіктеген сайын қалың барағы орман таусылып, таудың таз төбесі басталатын. Заңғар таудың төбесінде үнемі суық жел соғып тұратындықтан, ағаш болмайды және шөп те бойлап қалың өспейтін тақыр. Жазды күндері үнемі сезіміңді сергітер майда леп есіп тұрар еді. Ал шоқылар өркеш-өркеш болып, көк күмбезіне найзадай кіріп ұшпалана қол бұлғайтын. Қыздың жиған жүгіндей тай-тай, тең-тең жақпар тастың ара-арасына тас сарымсақ өседі. Тортай екеуміз тыртысып, қол-аяғымызды жаралай сол биікке шығып, сарымсақ жұлып жегенбіз. Бұл тұстан таудың балағы алақандағыдай көрінеді. Сонау шатқалда Алтайдың шолпысындай мың бұралып,

ағараң қағып Бұқтырма өзені күмістене ағады. Ал біздің ауылымыз көкжалқақ мұнар пердесіне тұмшаланып, тек нобайы ғана сүлделенеді. Қына басқан тасқа құлап кетердей болып атша мініп отырған Тортай анау көк мұнар дүниеге бірдеңесін жоғалтып алғандай көзін сығырайтып ұзақ қарады-ай. Сонсоң шығыс жақты нұсқап, ереуілдеп сөйлей жөнелетін.


— Ей, — дейтін маған, танауы делдиіп, — егер осы тұрған жерімізден тұп-тура шығысқа тартып кетсек, қайда барар едік? Білемісің, (мен иығымды көтеремін) ә, білмейсің. Монғолиядан бір-ақ шығар едік. Сен болмасаң, мен жүре беруден әсте шаршамас та, қорықпас та едім. Рас айтамын, Монғолияға барар едік. Бізді «о, қазақтар келді» деп құшақ жая қарсы алар еді. Аппақ киіз үйге кіргізіп, тай сойып қонақ қылар еді. Боз биенің сүтіне шомылдырып, алдымызға астау-астау қазы-қарта қояр еді. Ішеріміз — алдымызда, ішпесіміз — артымызда, қымызға қызыңқырап шәниіп жатқанда, ақ отаудың есігін ептеп ашып, ай мен күндей қос ару кірсе… әттең, дүние-ай, армансыз күліп-ойнасақ, содан соң… содан соң екеумізге екі ақбоз ат мінгізіп, әлгі екі сұлу қызды алдымызға өңгеріп елге қайтсақ. Алдымыздан ферманың бүкіл сиыры, бұзауы, түйесі, барлық адамдары қақ жарылып қарсы алып, шулап соңымыздан ерсе… әттең, дүние-ай, мұндай рақаттан кейін өліп-ақ кетсең, не арман…

Тортай көзі жайнап, астындағы жақпар тасты тебініп-тебініп қалғанда, ар жағындағы шатқалға құлап кетеді екен деп, зәре-құтым қалмайды.


— Ақбоз ат демекші, түнде түсімде көк өгізім арғымақ болып, жер тарпып кісінеп тұр. О несі екен? — деп, бұзауларымен бірге кәперсіз оттап жүрген өгізіне күн сап қарады.
— Тортай, сен түбі сол ақбоз атқа мінесің, — дедім мен шын көңілімнен.
— Қайдан, — деді ол тастан-тасқа секіріп, төменге түсіп бара жатып. — Қайдан білейін… Әкем марқұмның тақымы қотыр тайға тимей кетіп еді, қайдан білейін.
Күз жақындап, фермадағы барлық бала жайлаудан ауылға оқуға аттанғанда, тау басында бұзау бағып жападан-жалғыз Тортай ғана қалған. Әрине, мен оны қимадым, қиналдым. Өзіммен бірге ала кететін шаманың жоқтығына жыным келді. Кетерімде, ол маған ең сүйікті кітабын сыйлап тұрып айтты: «Мен үшін де оқы. Бәлкім, мен міне алмаған ақбоз атқа сен мінерсің».
— Сенің өз ақбоз атың бар емес пе?
— Жоқ, менің маңдайыма көк өгіз жазылған.
— Онда мен ақбоз атымды саған сыйға тартамын.
***
Содан бері көп жылдар өтті. Мен «Тортайды да, ақ боз атты да әлдеқашан ұмытқанмын. Бір рет ауылға барғанымда, азаматтар сөз қылып отыр екен. Тортай үйленбек болып ішкері жақтан жуастау бір қызға сөйлеседі. Сонда қыз: «Жеке басыңды қорламаймын, мен көндім, бірақ жаман-жақсы болса да әке-шешем бар, солардың ықыласынсыз кете алмаймын, өзің алдарынан өтіп қайт», — деген екен. Содан Тортай атына міне шауып, қыздың үйіне барады. Сәлем алысқан соң, қалыңдықтың әкесі: «Кімнің баласысың, шырақ?» — деп жөн сұрағанда, құлағының мүкісі бар Тортай ұқпай қалып: «Малдан келдім, ата», — деп қойып қалса керек. Ха-ха-ха… Шал: «Саңырауға қызымды бермеймін», — деп, ит қосып қуып салыпты.
Елге енді бір рет барғанымда естідім. Тортай үйленген. Екі-үш баласы бар. Қой бағады екен.
Былтыр жазда демалыс алып ауылға тағы бардым. Әкемнің төрт бөлмелі, бау-бақшалы үйінде еркін сайрандап, тойып жеп, тасыраңдап жүрмін. Шешем бәйек болып: «Не ішесің, не жейсің, құлыным», — дейді зыр жүгіріп. Түске жақын жұп-жұмсақ диван үстінде шалқамнан түсіп серейіп, газет оқып жатыр едім. Алдыңғы бөлменің есігі әндетіп ашылды да, әлдекім кіргендей болды. Көрші-қолаңның бірі шығар деп, аса мән бере қойғаным жоқ. Әйтеуір, шешеммен сөйлесіп отырды. Әңгіме күңгірлеп

еміс-еміс естіле берген соң, есіме баяғы бір қоңыр үн түсіп, еріксіз құлағымды түрдім. Келген — Тортай екен…


— Тәте, айып етпеңіз, әншейін. Орашқа амандасайын деп, өзімсініп келіп едім…
— Ол ұйқтап жатыр, — деді шешем. — Оятпай-ақ қоялық. Төрге шық, отыр.
— Жо-жоқ, о не дегеніңіз, тәте, маған осы босаға да жетеді, әншейін Ораш келді деген соң, амандасайын деп, баяғыда… бала кезде бірге өстік… талай рет бұзау жайып едік; енді, міне, ел таныған азамат болды… айып етпеңіз, мен қазір кетемін, тәте… Ораш келді деген соң… жалғыз ұлың ғой, құдай қуат берсін… бізді қойшы… біз ондай үлкен кісілердің садағасымыз ғой… рақмет, тәте, тамақ ауыз тиейін; осы құрғырды жақпаса да баз-базында ішіп қоятыным бар… ал, тәте, Орашың аман жүрсін… атағы аспандай берсін… қол қойдырып алайын деп, мына бір кітабын қойныма тыға келіп едім, тағы да соғармын… малдан қол тие бермейді… қыстай жемдеген торы атты управляющий алып қойған, тәте, мың салса баспайтын тағы бір тырақысын берді, «саған осы да жетеді, торы атты озат шопан мінеді» дейді… ал, кеттім, рақмет, тәте… келді-кетті деп сөге жамандамаңыз; әншейін Ораш келді деген соң, үлкен кісі ғой… бірге өскен, сәлем берейін деп… мен келді деп, тіпті айтпаңызшы, тәте, ұят болар, ал сау болыңыз, рақмет… итіңдеп баяғы өзіңіз білетін Салықсалғанға жеткенше, түн ортасы болар… өзіңіз білесіз, Салықсалған алыс, өте алыс… Монғолияның бер жағында…
Мен сұлап жатқан орнымнан белім кеткендей тұра алмадым. Шынымды айтсам, ұялдым — Тортайдан ұялдым. Батылым бармады. Бет-жүзім шыдамады. Сонда ғана менің есіме «баяғыда бір жетім бала болыпты…» деп басталатын ертектің қалай аяқталары оралды. Е-е, осылай аяқталады екен ғой, осылай…
Тортай мінер ақбоз ат… менің тақымымда кеткендей еді… иесіне қайтаруға кеш еді…

1. Салалас құрмалас сөйлемді табыңыз.


А) Бұдан әрі екеуі де үндескен жоқ.
В) Бір кезде орман шуылдап, дауыл соқты.
С) Ізденіс түбі - жеңіс.
Д) Танк өз - өзінен жұлқынып қалғандай болды да, гүрс етіп шаң - топырақ бұрқ ете қалды.
Е) Жақсы, үлгілі комбайншы бола алсақ, бұдан артық не абырой бар?

2. Не, немесе, я, яки жалғаулықтарымен келетін салаластың түрін табыңыз.


А) Кезектес
В) Ыңғайлас
С) Себеп - салдар
Д) Қарсылықты
Е) Талғаулы

3. Салалас құрмалас сөйлемді табыңыз.


А) Шоқан біздің қасымызда жасы кіші болса да, үлкен кісідей болатын.
В) Ол қолынан келсе, қазақ халқына жақсылық жасауға ұмтылатын.
С) Осыған дейін ол ауыл мектебінде оқыса, қазір қалада дәріс алуда.
Д) Оның білімге деген құштарлығы арта түсті, өз білімін кеңейтудің басқа да жолдарын іздестіре бастады.
Е) Ұдайы ізденген адам өз бетімен білімін жетілдіріп, өздігінен дами алады.

4. Салалас құрмалас сөйлемді табыңыз.


А) Бұдан әрі екеуі де үндескен жоқ.
В) Бір кезде орман шуылдап, дауыл соқты.
С) Ізденіс түбі - жеңіс.
Д) Танк өз - өзінен жұлқынып қалғандай болды да, гүрс етіп шаң - топырақ бұрқ ете қалды.
Е) Жақсы, үлгілі комбайншы бола алсақ, бұдан артық не абырой бар?

5. Түсіндірмелі салаласты көрсетіңіз.


А) Ол қызына 2 түрлі нәрсені үйретуге тырысты: бірі - тұрақтылық, бірі - махаббат.
В) Халықтардың жарқын өмірінің кепілі - бірлік пен береке.
С) Өтірікші өзін алдайды.
Д) Дүниеде айнымайтын қорғаушың - ақыл.
Е) Айтар ештеңесі жоқтар әрқашан нашар сөйлейді.

6. Себеп мәнді жай сөйлемі бұрын орналасқан құрмалас сөйлемді көрсетіңіз.


А) Сізді ешкім шақырған жоқ, сондықтан сіз бармайсыз.
В) Амалсыз қонуға тура келді, өйткені мезгіл кешкіріп кетті.
С) Мен қорқып тұрмын, неге десеңіз қолың қатты дейді.
Д) Тереңге балық уылдырық шаша алмайды, неге десең, оның уылдырық оралатын не балдыр, не шөп жоқ.
Е) Кей металдар табиғатта өте аз және таза түрінде кездесуі сирек.

7. Талғаулы салалас болатын сөйлемді көрсетіңіз.


А) Ол туралы өзгелер не дейді, өзіміз қалай ойлаймыз.
В) Бірде көк ала қамысты көлдер қалып жатыр, бірде сары ала жон белестер қалып жатыр.
С) Малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек.
Д) Қазақ мақалы бар: асыл тастан, өнер жастан.
Е) Кейде қабағы түксиеді, кейде бет әлпеті күлім қағады.

8. Тек жалғаулықты болатын салаластың түрін табыңыз.


А) Ыңғайлас
В) Шартты
С) Қарсылықты
Д) Себеп - салдар
Е) Кезектес

9.. Сөйлем түрін анықтаңыз. Балалар келді.


А) Жайылма В) Жақсыз С) Жалаң Д) Атаулы Е) Құрмалас

10. Тыныс белгісі дұрыс қойылған сөйлемді анықтаңыз.


А) Ол үйінде я кесте тоқиды; я кітап оқиды; немесе домбыра шертеді.
В) Ол үйінде я кесте тоқиды, я кітап оқиды, немесе домбыра шертеді.
С) Ол үйінде я кесте тоқиды, я, кітап оқиды, немесе домбыра шертеді.
Д) Ол үйінде я кесте тоқиды, я кітап оқиды; немесе домбыра шертеді.
Е) Ол үйінде я кесте тоқиды, я кітап оқиды немесе домбыра шертеді.

11. Жалғаулықтар қатысып тұрған сөйлемді белгілеңіз.


А) Үлкенмен де, баламен де әзілдесетін.
В) Алғашқы көргеннен – ақ мен оның үлкен адамгершілік мейірімін сездім.
С) Осы шабысымды біз көпке дейін ұмыта алмай жүрдік.
Д) Түндегі жаңбырдан кейін ашылған күн беткейді құлпыртты.
Е) Абай туралы ұзақ сөйлеген Мұхаңның сөзі ерекше әсер етті.

12. Түсіндірмелі салаласты көрсетіңіз.


А) Мына ағайдың жүзінде әжімнен сау жер жоқ, әйтсе де беті ойнақы еді.
В) Жолында асқар тау тұрса да, топ жарып өтетін сияқты.
С) Күн бұлттанды.
Д) Сыныпқа мұғалім, директор кірді.
Е) Құс атаулы аспанда да толып жүр: қарлығаш, ұзақ, қарға, торғай - бәрі де бар.

13. Қарсылықты салалас құрмалас сөйлемде алайда, бірақ деген жалғаулықтар түсіп қалса, екі сөйлем арасына не қойылатынын белгілеңіз.


А) Нүкте
В) Дефис, үтір
С) Қос нүкте
Д) Үтір
Е) Үтір, сызықша

14. Қай жердегі тыныс белгісі дұрыс қойылғанын табыңыз.


А) Есіктің киізін олай итерем; былай итерем; ашылмайды.
В) Есіктің киізін олай итерем, былай итерем, ашылмайды
С) Есіктің киізін олай итерем: былай итерем, ашылмайды
Д) Есіктің киізін олай итерем, былай итерем,- ашылмайды
Е) Есіктің киізін олай итерем - былай итерем, ашылмайды

15. Қарсылықты салаласты табыңыз.


А) Бұл шөп әдемі екен, бірақ зияны да бар. В) Біресе ол барады, біресе Айгүл барады.
С) Күн де шығып тұр, жел де соғып тұр.
Д) Мен кеше сабаққа келген жоқпын.
Е) Талабы барларды жинап, курсқа жіберді

Бала бидің білгірлігі


Бала би қартайған шағында елінің игі жақсылықтарымен кеңесіп отырып: «Жерден ауырне, судан терең не, оттан ыстық не, көктен биік не?» - деп сұраған екен.
Бұған ешкім ауыз тұшырлықтай жауап бере алмапты. Сонда Бала бидің өзі шешіп берген екен дейді:
Жерден ауыр дегенім – ақыл-білім,
Судан терең дегенім – оқу-ғылым.
Оттан ыстық дегенім - адамның өмірі.
Көктен биік дегенім - тәкәппардың көңілі.
1. Бала бидің пікірінше, жерден ауыр не?
А) адам өмірі
В) ақыл-білім
С) тәкәппар көңілі
Д) оқу-ғылым
Е) кітап
2. Бала бидің пікірінше, адам өмірі неден ыстық?
А) жалыннан
В) жақсылықтан
С) тозақ отынан
Д) оттан
Е) күннен
3. Бала бидің сұрағына кім жауапберді?
А) Қазыбек би
В) шәкірті
С) өзі
Д) Төле би
Е) баласы
4. «ауыз тұшырлықтай» тіркесінің мағынасы?
А) жылы сөз
В) ауыр сөз
С) аузы ашық
Д) ауыз ашитындай
Е) көңіл толатындай

Құмырсқа
Құмырсқа – әлемдегі ең көп тараған жәндіктердің бірі. Қазақ «құмырсқадай қажырлы», «құмырсқадай құжынаған», «құмырсқадай еңбекқор» деген тіркестерді бекер айтпаған. Олардың біз білмейтін қызық қыры көп. Оны ғалымдар зерттеп, бұқараға жеткізіп отыр.


Құмырсқаларды зерттейтін ғылым - мирмекология деп аталады. Осы мирмеколог мамандардың құмырсқадай тынбай талаптанып, қайнаған тіршілікті зерттеуі нәтижесінде бізге олар туралы көптеген қызықты деректер белгілі болды. Құмырсқа жер жүзінде ең көп тараған жәндік. Әлемдегі ең құрметті мимекологтардың бірі Эдвард Уилсонның есебі бойынша, бүгін жер бетінде 10 квадриллион, яғни онның 15 дәрежесіндей құмырсқа бар екен. Жан басына шаққанда, бір адамға миллион құмырсқадан келеді, ал жалпы үлесі барлық адамның үлесіндей.
1. Мәтін қай стильде жазылған
А) ресми стиль
В) ауыз екі стиль
С) ғылыми стиль
Д) көркем әдеби стиль

Е) публицистикалық стиль


2. Мәтіннің тақырыбы қандай?
А) жәндіктер туралы
В) құмырсқалар илеуі туралы
С) құмырсқалар туралы
Е) мирмекологтартуралы
Д) құмырсқалар еңбегі
3. «Құмырсқадай құжынаған» тіркесінің мағынасына сай келмейтін қатарды көрсетіңіз.
А) көп, быжынап кетті
В) көп, ығы- жығы
С) қаптап кетті, қайнады
Д) қажырлы, еңбекқор
Е) қайнаған, қалың
4. Құмырсқаларды зерттейтін ғылым қалай аталады?
А) биология
В) мирмекология
С) ботаника
Д) зоология
Е) нумерология

Сақ патшасы


Ұлы сақ ордасының қазынасы құлқынын тескен Кир патша Сырдарияның ұлы арнасына кеп тоқтап,қайтыс болған күйеуінің орнына патша болған Тұмар ханымға елші жібереді:
- Сақтардың ұлы ордасының жесір ханымы маған әйел болсын! Екеуміз екі елдің басын қосып, бірігіп билейік. Бұл дегеніңіз – Тұмар ханымның басына құмай (бақыт) құсының қонғаны!-деп сәлем айтады.
Кирдің ойлағаны елінің елдігі емес, байлығы екенін түсінген Тұмар құда түсе келгендерге:
- Келген жолдарыңызбен кері қайтыңыздар. Желегім желбіреп отырған қыз емеспін. Әңгіме менің жеке өз басым туралы болса, онда мәселе бір басқа. Мен елімнің падишасымын. Мен иілсем - елімнің иілгені. Мидиялықтардың патшасы Кир ниетінен қайтып, отанына оралсын. Қаншама құдіретті болса да, Күн тәңірімнің күні ертең кімді қолдап, кімге зауал әкелерін қайдан білейік. Кир көзін маған емес, менің еліме салып отыр. Ал еліме бұғау салдыртпаймын, ата-баба аруағы жатқан жерді жаттың табанына таптатқызып қоймаймын. Соны есінде сақтасын,-деп қайыра сәлем айтып жібереді.
1.Мәтінге сай емес тақырыпты таңдаңыз
А) Ұлы сақ ордасы
В) Тұмар патшайымның қайсарлығы
С) Кирдің арманы
Д) Елдестірмек елшіден
Е) Елі үшін туғандар
2. Тұмар патшайым тарихта қандай атпен белгілі?
А) Қыз Жібек
В) Зарина патшайым
С) Қыз Қорлан
Д) Томирис патшайым
Е) Амазон патшайымы
3. Кир қай елдің патшасы
А) Иран
В) Рим
С) Сақ елінің
Д) Мидия
Е) Македония

4. Асты сызылған сөзге қандай жалғау жалғанған?


А) септік жалғау
В) көптік жалғау
С) ілік септігі
Д) жіктік жалғау
Е) тәуелдік жалғау

Ана тілі
...Әділіне жүгінсек, адамзаттың адамзат болып қалуына барлық халықтың бәрі қажет. Олардың тілдері мен мәдениіттерінің бәрі қажет. Ал мәдениет пен тіл тек белгілі бір ортада ғана өркен жайып, көсегесін көгерте алады.


Анасын қадірлемеу қандай хайуандық болса, ана тілі тағдырына енжарлық та – адамгершілікке жатпайтын өрескелдік. Елінің тәуелсіздігін ойлайтын адам тілінің кемелденуіне де қолғабысын аямауы тиісті. Шығыстың ежелдегі ірі данышпаны:
«Дүниені түзеткің келсе, әуелі өзің түзел, сонан соң балаң мен достарыңды түзе»,-деген екен. Егер ана тілімізге шын жанымыз ашитын болса, оны әуелі өзіміз үйреніп, сонан соң балаларымыз бен достарымызға үйреткеніміз абзал.
1. Мәтін тақырыбын анықтаңыз
А) Ананы қадірлеу
В) Достық туралы
С) Ана тілі жайында
Д) Бала тәрбиесі
Е) Адам мінезі туралы
2. Тағдырына сөзінің жасалуы
А) түбір, тәуелдік жалғау, септік жалғау
В) жалғау, көптік жалғау, жұрнақ
С) түбір, септік жалғау
Д) жіктік жалғау, жалғау
Е) түбір, жұрнақ, жалғау
3. мәтіндегі көсегесін көгерту тіркесті не мағына береді?
А)жолы болу
В) соққыға жығу
С) от жағу
Д) өркендеу
Е) насихаттау
4. Зат есімнен жасалған туынды етістікті белгілеңіз
А) адамгершілік
В) өркен жаю
С) дами алады
Д) кемелдену
Е) үйреткен

Төле би
Төле би беріде, елге белгілі болған кезде, бір балаға дауласып, екі әйел алдына келіп жүгінеді. Әйелдердің бірі:


- Мынау балаиды мен есін білмейтін жас күнінде жоғалттым, соны мынау әйел тауып алды ма, әлде ұрлап алды ма, оны білмеймін, әйтеуір асырап алыпты. Бүгін танып сұрасам, «өз балам» деп бермейді, -дейді. Екінші әйелтұрып:
- Балам өзімдікі, өзім таптым. Мынау босқа жармасып тұр, - дейді. Төле би екі әйелдің сөздерін тыңдап болып, біраз ойланып отырып калады. Содан кейін:
- Бірің балаңды жоғалтқаныңды, енді бірің тапқаныңды растап шығарлық мұнда басқа куә жоқ. Сондықтан мынадай билік еткім келеді,- дейді де, баланың екі қолынан екі әйелге
ұстатып қойып, қара балтаны ұстап көтеріп тұрып: «Екеуіңе қара қылдай қақ бөліп беремін, осыған ризасыздар ма?» - дейді. Сонда балаға ие болып жүрген әйел:
- Біреуге тірі кеткенше, жартысы болса да, өзімізде қалсын, бөлсең бөл! – деп безеріп тұрып алады. Ал баланы таныған әйел:
- Ойбай, биеке-ай! Қайда жүрсе де, тірі болсын, шаба көрмеңіз! –деп безек қағады. Содан барып Төле би:
- Бала мына жоғалтқан әйелдікі, өйткені ол баланың тірілігін тілеп тұр, баласын өзіне бер,- деп билік айтады.
1. Мәтіннің негізгі ойы қандай?
А) менмендік туралы
В) өзімшілдік туралы
С) өшпенділік туралы
Д) балалы үй базар
Е) бала адамның бауыр еті
2. «Безек қағады» тіркесі қай мағынада қолданылған?
А) қобалжу
В) абыржу
С) жалыну
Д) таңғалу
Е) сескену
3. әйелдікі сөзіндегі қосымша түрі
А) зат есімнен сын есім тудыратын жұрнақ
В) буын үндестігіне бағынбайтын қосымша
С) сын есімнен етістік тудырушы жұрнақ
Д) сөз түрлендіруші жұрнақ
Е) етістіктен зат есім тудырушы жұрнақ
4. Мәтін немен аяқталды?
А) Жоғалтқан әйел өз баласын алды
В) тапқан әйел алды баланы
С) Төле би алды баланы
Д) бала ешкімге бұйырмады
Е) баланы әкесі алды

Сарыбұлақ орта мектебі МДШО КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша 2-тоқсанға


Ақпарат

2022-2023 оқу жылында Сарыбұлақ орта мектебі МДШО КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 5,6,9- сыныптарға Байкизаева А.Т береді. Білімі жоғары,санаты педагог-модератор. Апталық жүктемесі 16сағ. 5-сынып қазақ тілі 3сағ, әдебиет 2сағ. 6-сыныпта қаақ тілі 3сағ, әдебиеті 2сағ, 9-сынып қазақ тілі 2сағ, әдебиет 3сағ.


2-тоқсандағы жетістіктер мектепішілік пән олимпиадасынан Жанат Амина 1-орын алды. «Үздік оқушы» байқауынан аудандық кезіңінен 1-орынға, облыстық кезеңінен 3-орын алды.


сыныптар

1-тоқсан

2-тоқсан

айырмашылығы

5c

71

64

+13

6c

58

76

+18

9c

50

50

-

Қазақ әдебиеті



сыныптар

1-тоқсан

2-тоқсан

айырмашылығы

5c

71

85

+14

6c

72

82

+10

9

50

61

+11


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет