— Тым ашулы екен. Түбі Кенесары бұл екеуінің басын жұтпай тынбас!
— Мүмкін бұл екеуі Кенесарының басын жұтар?
— Ол мүмкін емес. Кенесары өлсе, біздің қолымыздан, не Қоқан, Хиуа хандығы секілді бөтен жұрттың қолынан өледі. Қара қазақ қазақтың Россияға бағынғаны тиімді екенін, түбі бұның прогрестік маңызы бар іс екенін қайдан білсін, тәуелсіздігімізді, елдігімізді құртты, жерімізді алып жатыр деп қана ұғады. Кімде-кім оның сол тәуелсіздігін, жерін Россияға, немесе Қоқан, Хиуаға әперуге көмектессе, сол — қара халықтың жауы. Қоңырқұлжа мен Ахмет сол жауының ең бастылары, реті келсе қазақтың екі жігітінің бірі оларды бауыздай салудан тайынбайды. Осы Ахметтің әкесі Жантөрені бір мың сегіз жүз он төртінші жылы Көтібар батыр бастаған көтерілісте, өзінің артында келе жатқан қарадан шыққан күзетшісі найзамен түйреп өлтірген. — Перовский сәл ойланды да қайта сөйледі, — ал Кенесары сол қара халықтың көбінің түсінігінше елінің, жерінің қорғаны. Оны көзінің қарашығындай сақтайды. Сондықтан да қашқын башқұрт Кенесары қарауылының бастығы...
Перовский оның атын есіне түсіре алмай сәл кідірді.
— Батырмұратты айтасыз ба?
— Иә. Сол Батырмұраттың сұлтанға төніп келген қылышты жалаңаш қолымен ұстай алуы — нағыз ерлік емес пе?! Бұндай жанқиярлық тек шын берілген адамнан шығады. Ал мылқау құлы Қараүлек Кенесарының жауырынына өрмелеп шығып қалған жыланды жалаңаш қолымен лақтырып жіберем деп, күптей боп ісіп кетіп, бір жеті жатыпты. Бір білгір балгердің емдеуінің арқасында әзер тірі қалыпты. — Перовский басын шайқады, — жоқ, Кенесарыдай батыр, Махамбеттей ақын адамын халық сұлтандарына оп-оңай бере қоймайды. Егер Кенесары жау қолынан қаза табар болса, оның ажалы басқа ұлттан келеді.
Осы кезде Перовскийдің адъютанты есіктен кіріп:
— Сұлтан-правитель Ахмет Жантөрин, — деді, — сіздің шақыруыңызбен келіп тұр.
Орынбор әскери губернаторлығына жататын Жайықтың күншығыс жағын басқаратын Жантөре ұлы Ахмет, Жантөре ұлы Арыстан, Айшуақ ұлы Баймұхамед сұлтан-правитель Перовскиймен ауыз жаласқан дос. Олар «Кенесарыны Орынбор жерінен қуу керек, егер өзіңіздің әскеріңіз жетпейтін болса, біз жәрдемдесейік» деп сан айтқан. Бірақ бұған Перовский көнбеген. Орынбор маңындағы мұжықтар көтерілген аласапыран кезде, қазақтармен қырылысуды дұрыс көрмеген. «Россия империясына қараған қазақтарды, Ахмет пе, Арыстан ба, Кенесары ма, қай сұлтан басқарса да, бәрібір, тек бізге бағынып тыныш жүрсе болғаны емес пе», — деп ойлаған.
Патша ағзам сөзінен кейін Перовский кеше үш сұлтан-правительді шақыруға мәжбүр болды. Қандай генерал болғанмен патша ағзамның жарлығын орындамайтын құдіреті қайсы, егер соғыс министрі Чернышев «Горчаковпен қосылып Кенесарыны құртыңдар» деп шын бұйрық беріп қалса, қолында сол бұйрықты орындарлық қандай күш барын білгісі келген. Сұлтан-правительдің шақырылған себептері де осы еді.
— Арыстан мен Баймұхамед сұлтандар келген жоқ па?
— әзір келген жоқ.
— Онда Ахмет Жантөрин кірсін.
Үйге Ахмет кірді. Бұл бойшаңдау келген, кең танау, сүзеген бұқаның көзіндей шатынаған үлкен көзді, қара сұр, орта жастан асыңқырап бара жат-
қан кісі. Иығында Россия әскерінің подполковниктік погоны бар. Орысша оқыған, кезінде Орынбордағы Неплюевтың әскери училищесін бітірген. Ол әскерше амандасып, қолын көтеріп есік алдында тұра қалды.
— Подполковник Жантөрин сіздің шақыруыңызбен келді, генерал мырза.
— Жоғары шығыңыз, сұлтан-правитель.
Бұлар қол алысып амандасқаннан кейін, Перовский бірден шақырған шар-уасына кірісті.
— Сұлтан Ахмет, сіз Кенесарының қазір Қоқан жерінде соғысып жатқанын білесіз ғой?
— әрине.
— Кенесары Қоқан ханымен неге соғысып жатыр? Сіз бұл жайында не естідіңіз? Мүмкін, Хиуа ханының өтінішін орындап, Бұхар ханын жеңіп бер-
мек пе?
— Кенесары ондай ақымақ емес. Мәделіханды өлтіріп Нұрасулла Қоқанды өзіне бағындырғаннан кейін Кенесары Хиуа ханымен Қоқандағы қазақ жерін саған алып беремін деп астыртын сөз жүргізген. Ондағы ойы Бұхар ханы Нұрасулла тым күшейіп кетпес үшін Бұхар мен Хиуа арасын шатыстыру. Кенесарыға тартуға күміс ер-тоқымды арғымақ пен он бес мылтық жіберген Хиуа ханы Аллақұл, Кенесары менің жағымда болады екен деп Бұхарға қарсы соғыс ашты. Бірақ бұл соғыстың қызығын Қоқан көрді, Хиуа мен Бұхар қырылысып жатқанда, биыл Қоқан қаласының адамдары көтеріліске шығып, Қоқаннан бұхарлықтарды қуып, Мәделіханның туысы Шерәліні хан етіп көтерді. Мұны көрген Кенесары Қоқан хандығын қайтадан күшейіп кеткенше, Ташкент құшбегісінің қарамағындағы жеті мың шаңырақ қазақ аулын өзіме қосып алайын деп, осы айдың он бесінде төрт мың қолмен Ташкентке қарай аттанды. Менің хабаршымның айтуы бойынша, Кенесары қазірдің өзінде-ақ Жаңақорған, Жөлек, Ақмешітті басып алған көрінеді. Бұ күнде ұрыс Созақта жүріп жатыр деседі. Кенесары босатқан кей қазақ ауылдары бері қарай көше бастаған тәрізді.
— Бұдан бізге келер қандай зиян бар? — деді Перовский Генске қарап, — бір мың сегіз жүз отыз төртінші жылы Қасым төренің баласы Саржан Россия империясы қарамағынан қырық мың үйлік қыруар елді алып қашса, бүгін Қасым төренің екінші баласы Кенесары сұлтан сол қырық мыңнан Қоқан хандығының қарамағында қалған жеті мың үйді кейін қайтарамын деп соғыс ашуда. Бұл Россия империясының жеңісі емес пе?
— Жоқ, бұл Кенесары сұлтанның жеңісі, — деді кенет тұнжырап кеткен Ахмет, — қазір оның қарамағында Найман, Бағаналы, Арғын, Табын, Тама, Шекті, Шөмекей, Байбақты, Қыпшақ рулары бес мың ауыл, яки екі жүз елу мың шаңырақ болса, оған Қоқан хандығынан жеті мың шаңырақ көшіп келіп тағы қосылса қанша күш жиналғаны? Ал, Кенесары тірі тұрғанында Россияға дос болмайды.
— Неге?
— Оның көксегені Абылайдың заманы. Бар қазаққа өзі хан болмақ!...
— Жарайды, — деді Генс, — Кенесары хандықты көксесін, ал сонда... — генерал-майор қабағын сәл шытты, — жаңа өзің айттың ғой, оның қарамағында екі жүз елу мың үй бар деп, әр үйде төрт адамнан болсын... Сонда бір миллиондай кісі бір Кенесарыны хан етеміз деп бізбен күреске шығып жүр ме? Осыншама адамды қорқытып соңыңнан ергізе алмайсың. Жоқ, Ахмет сұлтан, мұндағы әңгіме әлдеқайда тереңде. Әлгі миллион адамның ақ патшаға қарсы наразылығы мен Кенесарының хан болсам деген арманы ұштасып жатыр. Мұндай жағдайда біз Кенесарыны емес, әлде адасып, әлде шауып алады деп қорқып сол сұлтанның соңынан еріп жүрген жұртты еске алуға тиістіміз. Кенесарыны құртамыз деп миллион адамды құртуға болады ма?
— Болады! Неге болмайды?! — деді кенет Ахмет қаттырақ дауыстап жіберіп.
— Өзіңмен бір туған қазағың болса да ма?
— Мейлі. Қазағым болсын, шүршітім болсын. Айтқаныма көніп, айдағаныма жүрмейді екен, қырып тастау керек!.
Генс оған ренжи қарады. Алдында тұрған адам, кенет генералға адам емес, қан құмар қорқау секілді болып көрініп кетті. «Халықты босқа қырмау керек» деп ұлтымыз бөлек біз ара түскіміз келеді, ал мынау... Генс кенет Ахметке «Халық сендей сұлтандарды неге жек көретіні енді түсінікті болды. Әкең Айшуақ ханның баласы Жантөрені халық өлтіріп еді. Байқа, Ахмет, сенің де ажалың халық қаһарынан келмесін!» — дегісі келіп кетті. Бірақ Перовский бұрынырақ:
— Жарайды, біз мына генерал мырза екеуміз Кенесарыны өзімізге қан төкпей бағындыруды жөн көріп едік, — деді. — Егер ондай мүмкіншілік болмайды екен, — күш жұмсауға да бармыз. Сонда Кенесары жасағын талқандауға әлдерің жете ме?
Қуанғаннан Ахметтің көзі жарқ ете қалды.
— әбден жетеді. Кенесарыда қазір сегіз мыңдай атты әскер болса, мына біз Жантөренің сұлтан-правитель екі баласы Ахмет пен Арыстан үш мың жауынгер қарсы қоя аламыз. Жантөренің інісі сұлтан-правитель Баймұхамед екі мың адам береді. Жаппас ұлы Жанғабылдан, Кенесарыға қосылмай қалған Ор бойындағы Төртқара, Жағалбайлы руларының биі Күкір, Биғажаннан мың адамнан шығады. Кенесарының қасы Қыпшақ биі Жаңбыршының Балғожасы мың сыпай берсе... Сонда қанша болдық? Тоғыз мың ба? Бұған Орынбор әскери губернаторы екі мың солдат қосса, құлшынып отырған Батыс Сібір әскерісіз-ақ Кенесарыны биыл күзде жоқ етуге болады. Тек рұқсат етілсін.
— Жақсы, — деді кенет Перовский, — өзге сұлтандар келсін. Кешке кеңеселік. Жолдан шаршаған шығарсыз, әзірге тыныға тұрыңыз.
Ахмет шығып кеткеннен кейін Перовский:
— Көрдің бе, мәртебелі досым, — деді Генске, — қазақ жерінде феодалдық, рулық дәстүрдің қандай мықты екенін? әр сұлтан, би қарамағындағы руластарының жігітін өз солдаттарындай жұмсай алады. Қазақ та бір, қой да бір, тек алдарына түсетін серкесі болсын!
— Жоқ, — деді Генс қабағын сәл шытып, — қазақ дарынды халық, батыр халық, әттең бақытсыз халық.
Перовский жауап қайырғанша адъютант тағы үйге кірді.
— Генерал мырза, — деді ол әлденеге сәл қызарып, — қазақтың тамаша екі сұлу қызы келіп тұр. Кет десем, сізге кірмей кетпейміз дейді. Бірі орысша судай біледі.
Перовский мен Генс біріне-бірі қарады. Қазақ қызының орысша сөйлеуі екеуіне де таң дүние.
— Кірсін, — деді Василий Алексеевич.
«Қыз» деген сөз жас кезінде бозбалашылықты басынан көп өткізген Перовскийге жылы тиді ме, ол еріксіз жағасын жөндеп, тікірейген сарғылт мұртының ұшын сәл шиыршықтай әдеміледі. Генс пен Перовский біріне-бірі қарап күліп жіберді. Жүйрік ат шаппаса да қырындайды деген.
Осы кезде үйге сәндене киінген екі қыз кірді. Бірінің басында сәукеле, сонысына қарағанда жас түскен келіншек секілді. Үстеріндегі киімдері бай қыздарынікіндей торқа мен дүрия болмаса да, көз тартарлықтай әдемі. Қызыл шибарқыт қамзол, аяқтарында қызғылт кәкимә етік, ақ патсайы шытырман көйлек. Келіншектің қасындағы қыздың басында қызыл түлкі үкілі бөрік, белдеріндегі күміс белбеу бұлардың Арқадан шыққандарын аңғартады.
— Сау саламатсыздар ма, мәртебелі генерал мырзалар, — деді сәукелелі, шашы жерге түскен келіншек. Қасындағы қыз орысша білмегендіктен ескі Арқа дәстүріменен екі қолын кеудесіне апарып, басын иді.
— Өздеріңіз де амансыздар ма, қарақтарым? — Генс бірінші болып аман-
дасты. — Қайдан жүрсіңдер! Аттарың кім?
— Менің атым — Алтыншаш, жанымдағы қыздың аты Күміс. Кенесары аулынанбыз, — келіншек орыстың таза тілімен түсінік берді.
Қазақ қызының орысша осыншама әдемі сөйлегеніне таң қалған Генс:
— Орысшаны қайдан үйрендің? — деді.
Алтыншаш әкесі Тайжанды атқаннан кейін қалай орыс арасына түскенінен бастап, ең ақыры Кенесары батыры Байтабынға ерге шыққанына шейін жасырмай, бар өмірбаянын әдемі орыс тілімен айтып берді. Орысша сөйлеп тұрған кімнің қызы екенін енді ұққан Перовский;
— Бізде қандай шаруаң бар? — деп сұрады.
— Құрметті генерал, сізді әділетті жан деген соң келіп тұрмын, — деді ол кенет көзіне келген жасын сүртіп, — өткен жылы Кенесары сұлтанның айдалып кеткен бар туыс-жақынына патша ағзамның амнистиясын алып бердіңіз... Менің ондай үлкен тілекті сізден талап етер қақым жоқ, тек аяңыз деп өтінемін... Ең болмаса Туринскіге жер аударылған аға-інілерім мен апа-сіңлілерімнің амандығын білдіріп беріңіз...
Генс көзінен жасы сорғалап тұрған келіншекті аяп, теріс бұрылып кетті.
Ал Перовский:
— Жаныңдағы баланың қандай шаруасы бар? — деді Алтыншаштың өтінішіне бірден жауап бере қоймай, сылтауратып.
Алтыншаш Күмістің де басынан өткен уақиғаны жасырмай тегіс айтып кел-
ді де:
— Бұ да сіздерді әделетті дегенге, Қоңырқұлжа аға сұлтанның үстінен шағым айтып келіп тұр. Осындай озбырлық істеген адам ешбір жаза тартпай кете бере ме дейді. Әкесі әбдіуақитты да сол Қоңырқұлжа сыпайлары өлтірді.
— Қандай айуандық! — деді Генс Күмісті аяп кетіп француз тілінде.
— Иә, дала заңы айуандықпен шектес келеді! — деді Перовский де французша жауап қайырып.
Алтыншаш елең ете қалды. Ол французша да білетін. Алтыншашты қызметші қыз етіп үйіне алған генерал-майор Фондерсон орыстың ақсүйектерінен болатын. Олар үй-іштері боп көбінесе французша сөйлесетін. Жетім қыз Алтын-
шашқа бес жылдың ішінде амал жоқ, жат тілді де үйренуге тура келген.
Алтыншаштың елең еткенін аңғарып қалған Перовский:
— Сен немене, француз тілін де білесің бе? — деді.
Алтыншаш генералдардың өзара сөздерінің куәсі болғысы келмеді.
— Жоқ... — деп төмен қарады...
— Онда неге елең ете қалдың?
— Сөздеріңізге түсінбеген соң таңданғаным ғой...
— ә...
Француз тілін білмеймін дегенінен Алтыншаш соңынан көп пайда көрді. Генералдардың сан құпия сырларын естіп, Кенесарыға қарсы қолданылмақшы шараларды күні бұрын біліп отырды.
— Бұлардың өтінішіне қандай жауап беруге болады? — деді Генс Перовскийге тағы да француз тілінде.
— Мына келіншектің әкесі жөнінде патша ағзамға жазып, не болмаса соғыс министрі Чернышев арқылы бірдеме білуге болар. Ал Қоңырқұлжаға не істейсің? Ол Горчаковтың қарамағындағы адам ғой... Қысқасы, өтініштеріңді ақылдасып көрерміз деп шығарып салу керек.
— Бұлар екінші рет қайта келе ала ма?.. Біздерді де алдамшы жандар екен ғой деген ойда өмір-бақи кетпей ме.
— Алдамшы жандар екенімізді бірден білгеннен көрі, соңынан білгендері дұрыс емеc пе? — Перовский езу тартып күлді. — Өйткені бізге де, оларға да жеңіл тиеді.
— Жоқ, — деді Генс, — Бұлар екеумізді орыс генералдары деп сенім тұтып келіп тұр. Мен бұларды сіз айтқандай алдап шығара сала алмаймын...
— Сонда не істемексіз?
— Азия ісі департаменті арқылы мына қыздың туыстарының қайда екенін білуге тырысамын, ал Қоңырқұлжаны жауапқа тартуларын талап етем.
Перовский тағы да күлді.
— Россия кеңселерінің мұндай істе асықпайтынына әлі көзің жеткен жоқ па еді? Бұл қыздар сенен жауап келгенше ауылдарында қартайып та өлер...
— Ауылға барғаннан кейін бұл қыздардың қайтып келуі екіталай... Көнсе осы жерде қалуларын сұраймын. Жауабын тездетуге тырысамын. Оның үстіне бұл екеуі де менің жетімханама керек.
Генс үйінде қазақтың жетім балаларына арналған баспана ашқан. Оларға орысша-қазақша сөйлей білетін тәрбиеші алуды көптен бері ойлап жүр еді.
Генерал-майордың ойына түсінген Перовский:
— Мейлің, өзің біл, — деп күлді.
Генс қыздарға қарап:
— Өтініштерің туралы тиісті кісілермен хабарласалық. Жауап келгенше ыңғайлы көрсеңдер менің үйімде болыңдар. Қазақ балаларына ашқан жетімхана бар, сонда қызмет істеңдер, — деді.
Алтыншаш сәл ойланды да, бірдемеге бел буғандай бірден:
— Жақсы, — деп жауап берді.
Келіншектің неге тез көне қалғанын Генс те, Перовский де түсіне қойған жоқ. Оның ойын жанындағы Күміс те аңғармады. Бірақ ол біраздан бері сырлас болып алған құрбысының көңілін жыққысы келмеді. Аз уақыт Орынборда бола тұруды теріс көрмеді.
Сол күні Генс қыздарды өз үйіне әкеп жетім балалармен таныстырды, кешке таман бұлардың ісі жайында департаментке хат жазды. Және Перовскийдің тапсыруы бойынша Кенесарыға да «Қоқан хандығына қарсы соғысты тоқтатып, Орынбор шекарасына қайтып келіңдер» деген бұйрық жіберді.
Кенесары бұл хатты он сегіз күн соғысып Созаққа кірген күні алды. Ол келесі аптада қалың қолымен Ташкентке аттанбақшы еді. Амал жоқ, айтқандарыңа көнем деген Орынбор бастықтарына уәдесі бар сол себепті Қоқан хандығымен бітім жасап, кейін қайтуға мәжбүр болды. Бірақ Кенесары кейін қайтуын қайтса да, өзінің енді ештеңеге еркінің жоқтығына іштей күйініп, патша генералдарына кектене қалды.
ІІ
Зиректік, ойшылдық, сезімталдық — ана сүтімен бірге бітетін қасиеттер. Мұны адам сатып ала алмайды, егер жүрегінде осы бір қасиеттердің ұшқындары болса ғана өмір, қоршаған қоғам оны не ұлғайта түседі, не өшіреді.
Жасынан өнер мен ғылымды өнеге еткен Есіркеген төрт жыл Семейде орысша оқығанда көп жағдайды түсінді... Әсіресе туған ел-жұрттың надандығы, қамқорсыздығы жүрегіне шоқ тастап, мазасын ала берді. Бұл жәйттер Есіркегенді құр қайғы, шерге бөлеп қана қоймай, еліне қамқорлық етерлік жол іздетті. Енді ол орыс халқының тарихына, мәдениетіне, өсу жолына үңіле қарады. Өз елінің бұл халықтан қаншалық кейін қалғанын ойлана түсті. Ойланған сайын, ортағасырлық мешеуліктен қол созуы қажетін, қыс қатты болған бір жұттан соң-ақ дәулеті сарқылып шыға беретін, мал соңында өткен көшпенділік тұрмыс-тан гөрі егіс салатын отырықшылық өмірге қарай икемденуі керектігіне көзі жете түсті.
Есіркеген өз сана-сезіміне азық болар тағы да бір сырлы дүние ашты. Ол сонау Орталық Россиядан қазақ жеріне жаңа қонысқа көшіп келген орыстың қарашекпен мұжықтары мен ақ патшаға қарсы қол көтергені үшін Семей секілді алыс бекініске жер аударылған декабристер — орыс офицерлері мен оқымысты адамдарының қазақ халқына деген жанашырлық, достық көз қарастары еді. Халық пен халықтың еш уақытта жауласпайтынын, оларды араздастыратын тек үстем таптың қанаушылық саясаты екенін түсініп, оның жүрегінің түкпірінде орыс халқына деген бір әдемі жылы сезім туа бастаған. «Халық пен халық тату болса, ақ патша не істейді? Ал Қытай, Қоқан, Хиуа, Бұхардан қорлық көріп басы қосылмай жүрген қалың қазаққа түбі тағдыры да, қайғы, қуанышы да бір, сүйеніш болар ел керек. Оған орыс жұртшылығынан жақын кім бар? әрі мәдениетті, әрі қуатты. Достасса қорған бола алады? Бірақ сонда еліміздің тәуелсіздігі не күйге ұшырайды. Мүмкін ел тәуелсіздігі де сақталар. Кенесары, Ағыбайлардың түсінбей жүргендері бар шығар. Жоқ, сан айқастан өткен бұл батырларды ел күйін түсінбей жүр деуге менің қандай қақым бар?.. Бұл бір ақылға салатын жағдай».
Осындай күйде жүргенде Есіркеген Семейдегі орыс мектебін бітіріп, қыс келе Петербург кадет корпусына түсетін болды. Бұл бір мың сегіз жүз қырық бірінші, қазақша Сиыр жылы еді. Оқуға қар жауа баратындықтан ол жаз шыға өз аулына келген. Жүрегін көкейкесті арман торлаған, ел қамын ойлар жігіт — ойпат үстінде ерте шығып, ерте солатын сарғалдақ гүл тәрізді, ерте пісіп, ерте қартаяды. Сексеннен аттап селкілдей бастаған Масан қарт жиырмаға жаңа ілінген немересінің ой сорған бозғылт жүзіне қарап, оның жанын жеген бір кеселдің бар екенін бірден ұқты. Бірақ келген беттен тіс жарып бәлендей де-
меген.
Немересі туған жерінің жасыл шалғынына әбден аунап-қунап мауқын басып, құрбы-достарымен біраз ойын-сауық құрып, бабына келгендей кезде ғана бір күні оңашада:
— Қарағым, іште жатқан қайғы Ескендірдің қос мүйізі тәрізді, сыртыңа шығармасаң кеселге айналдырады, — деді байсалды үнмен, — қабағыңның шырынан ішіңе бір сарсудың байланғанын аңғарамын... Кәріге айтылатын сыр болса жасырма, қолымнан іс келмесе, тілімнен ақыл келер... аянбан.
Көпті көрген қарт атамен өзінің де сөйлескісі келіп жүр еді. Есіркеген бірден ақтарыла қалды.
— Қайғым бар екені рас, ата. Өз қайғым емес, ел қайғысы.
— Ел қайғысы! Лебізің жылы тиді. Ел қамын ойлар артымда тұяғым жоқ па деп қынжылатын едім. Құдай тағала, мүсіркеген екен. Мұныңа да шүкір. Ал сөйле.
— Төрт жыл қалада оқыдым, ата. Жас адамға төрт жыл төрт күнмен тең ғой... Ал маған... Әлде мен сондай сарыуайымшыл болып тудым ба, төрт жылым төрт жүз жылдай ұзақ соқты... Егер адам ойы теңізге айналар болса, менің ойымнан бүкіл дүниені қоршаған тірі пенде жүзіп өте алмас мұхит пайда болар еді...
— Иә, айта бер... сонша ұшан теңіз мұхитта жүзіп не көрдің...
— Халқымның сол мұхит суына парапар көз жасын көрдім.
— Халқыңның көз жасын көру ғажап іс емес. Мен оны ес білгелі көріп келе жатырмын. Көру бар да, көмек беру бар. Сол көз жасты құрғатар не жол таптың?
— Жол біреу-ақ тәрізді. Тіл мен діні бөлек болғанмен, жері мен тағдыры бір орыс жұртшылығымен бірлеспей бізге жарық сәуле жоқ секілді. Сары далаға ие екенмін деп тағы құландай қысы-жазы көшіп жүре бергенмен ештеңе оңар емес. Бүйте берсе түбі надандық жеңеді. Біз де мәдениетке құлаш ұруымыз керек. Ал мәдениет орыс жұртшылығында.
— Оларда құр ғана мәдениет емес, қиянат та бар ғой, ұлым... — Қарияның көзі кенет жарқ етіп бір ұшқын көрсетті де, қайта сөне қалды. Ол енді жүдей, ойлана сөйледі, — әр жыраның өзінің бір күйкентайы болады. Сұрқия заман бізді осылай сұрқия ойлы етіп жаратқан шығар. Асыл тастан, ақыл жастан, мүмкін сенің айтып отырғаның дұрыс болар, бірақ ел-жұртың не дейді? Кәрі қыран көре алмағанды, жас қыран іледі, тек айтарым: қанына тартпағанның қары сынсын дейді қазақ. Аңшы қуған киіктей, сұм тағдырдан зәресі ұшқан азғантай халқың бар, тек соның қарғысына қалма...
— Халық кейде түсінбей де қарғамай ма? Кенесарыны біреу қарғайды, біреу ардақтайды...
— Дұрыс айтасың. Кенесарының жауы да көп, досы да аз емес. Кейде оның қылығына мен де түсінбеймін. Ал саған түсіну тіпті қиын.
— әйтсе де сол Кенесары ойына мен түсінгім келеді. — Есіркеген сәл үндемей қалды да қайтадан сөйлеп кетті. — Жаз аяқталып келеді, қар түсе Петерборда болуым керек, — деді ол жерді шұқылай отырып, — Петерборға Омбы арқылы баруға да болады... Орынбор жағымен де жететін жол бар...
— Сонда осы арадан Орынбор аттанбақсың ба?
— Иә, Қараөткел дуанынан Атбасарға түсіп, ар жағында Қарақойын Қашырлы арқылы Ырғыз құласам... Жолай Кенекеңе жататын елдерді басып, ондағы жұрттың қандай күйде екенін өз көзіммен көрсем...
— Ел күйінен ер арманын білу қиын емес. Бірақ бұл жолың тым қауіпті жол. Петерборға оқуға бара жатқан Жамантай аға сұлтанның жігіті екеніңді сезіп қалса, Кенесары адамдары сені тірі жіберері екіталай.
— Ол қауіпті өзім де түсінемін, бірақ өз жолыңды таңдау үшін, әр тайпаның көңіл мұңын анық білген жөн ғой деймін...
— әлбетте.
Орынборға Кенесары ауылдары арқылы жүруді Есіркеген оқуға барам деген күннен-ақ шешкен. Бұл жолды таңдауында ел күйін білуден өзге бір арманы бар. Ол арманы — Күміс. әбдіуақиттың үй ішінің ол Кенесары жағына шығып кеткенін сол жазда-ақ естіген. Бірақ олар тірі ме, өлі ме хабардар емес-ті. Әсіресе Күміс жайын өте білгісі келетін. Қоңырқұлжаға ойда жоқтан ойыншық болған осы бір аяулы замандасқа деген аяныш әйтеуір көңіліне маза бермейтін. Кейде осы аяныш оны бір жылы тәтті сезімдерге де жетелейтін. Кенесары ауылдары арқылы жүрсем, сол әбдіуақит үй іші туралы бір хабар естірмін деген үміт, бүліншілікшілердің қолына түсіп қалармын-ау деген қауіпке бой бермеді. Кәрі атасымен ел жайын, өзінің келешек арман жайын ұзақ әңгіме ете отырып, ақыры Петерборға Орынбор арқылы жүрмек болып шешкен-ді.
Енді міне, мынау сар даланы кезіп келе жатқан үш салт аттының ортасындағы аққұба жігіт осы Есіркеген. Астында оқтаудай боп жараған күзен күрең. Басын шұлғып тастап, жіті басып аяңдағанда, екі жағындағы — шабдар байтал мен кәртаң тартқан қаракөк ат — желе түсіп, әзер еріп келеді.
Есіркеген ауыл жігіттерінше киінген. Басындағы пұшпақ бөркі мен үстіндегі бұлғын жағалы лұқпан шапаны ауқатты үйден шыққанын аңғартқандай. Жанындағы пұшық сары мен денелі ат жақты қара сұр жігіттің үстінде кедей қолы жұпыны киім. Кең жеңді көне шекпен, қырқыла бастаған жеңіл елтірі тымақ пен көне далбағай. Екеуінің сырт бейнесі, ортадағы ауқатты жігіттің жай атқосшы серіктері екенін сездіреді. Бұл үшеуі ауылдан шықпай жатып, Кенесары жасағы кездесіп қалса, сонау Ұлытау бойындағы Найман руындағы нағашыларына бара жатырмыз деп айтуды келіскен. Есіркегеннің жанындағы жігіттердің сырт пішіндері бәлендей көзге түсер болмағанмен екеуі де өнері асқан жандар. Пұшық сары даусы кернейдің үніндей созылған әнші, қара сұры жамбасы жерге тимеген балуан. Екеуінің борышы біреу-ақ Есіркегенді сау-саламат Орынборға жеткізіп салып, қыс түспей Қарқаралыға қайта оралу.
Қарқаралы жақтан шыққандарына бір аптадан асып кеткен. Қонақ десе құшағын жая түсетін қазақ ауылдары, алыс жақтан «нағашылап» бара жатқан жігіттерден қонағасын аяр емес, бір ауылға түстенсе, бір ауылға қонып, Арғынаты баурын да көмкерлеп қалды. Жол енді осы арадан күнбатысқа кілт бұрылады. Енді жігіттерге «нағашыларымыз» Жем, Ырғыз бойындағы Тама руы деуге тура келді. Тоқтаған ауылдары бұған сенеді. Өйткені түрлері де, астарындағы аттары да ұры-қарыға ұқсамайды және ағайын қуып жүре беретін қазаққа «Жем, Ырғызда нағашымыз бар еді», — деген сөз майдай жағады. «Пәле, жиен болсаңдар, осындай алыстан іздейтін болыңдар», — деп оларды қошеметтей түседі.
Жол күнбатысқа қарай бұрылысымен-ақ бірден өзгере бастады, жаз аяқталып, сарғылт тартып қалған. Арқаның көк шалғынының орнына қуаң тартқан бидайық пен бозаң шөп, ши мен шілең жиі кездеседі. Күн райы да өзгеріп, енді жолаушылардың беттерін салқын жел өбетін болды. Бірақ даусы қарлықпайтын пұшық сары жол қысқарсын дегендей жағы бір тынбайды. Біресе күлдіргі өлең айтады, біресе қайғылы зар төгеді. Ал Есіркеген өлең айтқан сайын атын
тоқтатып қойып, қалтасынан қойын дәптерін алып әр өлеңнің сөздерін, кім шығарғанын, қандай жағдайда айтылғанын жазып алады.
— Қайтесің пұшық сарының айтқанының бәрін қағазға түсіріп, — дейді оң жағындағы қара сұр, — бұда не көп, өлең көп...
— Үрім-бұтаққа керек, — дейді Есіркеген, — халық мұрасынан қымбат қазына жоқ, бәрі қағаз бетіне түсірілуі қажет.
Пұшық сары Есіркегеннің сөзінен қанаттанып кетіп, кенет ер үстіне бір жамбастай қоқилана отырып алды да, тағы да бір әнді шырқап кетті.
Бүлдірді ала ауыздық ел арасын,
Найза мен сойыл шешті дау таласын.
Соншама өштескенде, бауырларым,
Тозудан, айтшы, басқа не табасың?
Ат төбеліндей аз қазақ
Бір-біріңді қырғанда
Қай мұратқа жетесің?!
Мойныңа бұғау онсыз-ақ
Түсейін деп тұрғанда.
Кімге ерлік етесің?
Еcіркеген өлеңді естігенде түсі бір түрлі қуқылданып өзгере қалды.
— Бұл кімнің өлеңі?
— Атығай Ырым ақынның.
— Қай жағдайда шығарған?
— Ана жылы Атығай Қарауыл мен Алтын, Тоқа жерге таласып көп жігіттер сойылға жығылғанда...
Есіркеген одан әрі ештеңе сұраған жоқ. Өлеңді жазып та алмады. Кенет қалың ойға шомды. «Ырым ақын?.. Мен естімеген ақын екен... Сірә, бай мен батырды, би мен сұлтанды, ру бастықтарын мақтап күн көрмейтін жан болуы керек. Ел арасында жүріп айтысқа түсіп жүлде алудан да алыс болар... қазақтың ала ауыздық зиян екенін түсінетін мұндай сөз шыққаны бір жақсы ырым екен... Осылай жұртты оята беру керек. Бар келешек халқымыздың оянуында. Бар өнерді соған салу дұрыс жол. Ел бірлігі — ел теңдігі. Бірақ «Мойныңа бұғау онсыз да түсейін деп тұрғанда...» деген сөзінде бір үлкен сыр жатыр-ау. Бұл сөзімен нені айтпақ? Ел болып бірігіп Кенесарыға қосылып, Россия патшасына қарсы шық демек пе?.. Иә, солай сынды. Бейшара, біздің келешегіміз Россияға қосылуда екенін білмей ме?»
Сары пұшық кенет Есіркегеннің ойын бөліп жіберді.
— Мінекей ауылға да жетіп қалдық, — деді ол дауыстап жіберіп — бүгін осында түнеп шығалық.
Ауыл дегендері ылдидағы көл жағасында отырған отыз шақты үй болып шықты. Табын руының бір бөлегі екен. Жаз сонау Атырау теңізіне дейін көшіп, қыс осы маңды қыстайды екен. Биыл алысқа көше алмай, Кіші жүз бен Орта жүз жерінің ортасындағы Қызыл діңгек маңайын жайлап қалыпты. Себебін сұрағанда, қонып жатқан үйлерінің иесі қаба сақалды қара шал:
— Былтыр жаз құмда көшіп жүргенімізде малымыздың тең жартысын Хиуа ханының сарбаздары барымталап әкетті. Қалған жартысын қыс түсе осы арадан Қоқан сыпайлары шауып алды. Осы ауылда тіпті тігерге тұяқ қалмаған үйлер бар, алысқа көшуге бізде қазір жағдай жоқ, — деді. Сөйтті де өзінің қонақтарына айран мен ірімшіктен басқа қонақасы бере алмай отырғанына қысылғандай төмен қарап, — бұл үйде де бір сиыр мен үш ешкі ғана қалды. Алыстан келе жатқан жолаушылар екенсіңдер, қой сою керек еді, — деп міңгірледі.
Есіркеген шалды аяп кетті.
— Қысылмаңыз, отағасы, барға мәзір, жоққа әзір... Біз ықыласыңызға да ризамыз...
— Иә, жоққа жүйрік жете ме, — деп шал ауыр күрсінді, — ренжімесеңдер болғаны... Шабыншылықтан кейін бұл ауылдардың көтерілуі де оңай болмас... Амал не, басқа түскен басбақшыл, құдай тән бергенге дән берем деген екен, бізді де өлтірмес.
Таңертең ертемен Есіркегендер жүрер алдында шал тағы да:
— Дұрыстап қонақасы бере алмағандарымызға өкпелемеңдер, қарақтарым, заман солай болған соң істерің бар ма, — деді мұңайып, — жедел жүріп отырсаңдар сәске болмай Қаражыңғылдағы Алтай руының бай ауылдарының біріне жетіп қаларсыңдар, біз бере алмаған қонақасыны сол ауылдан ішерсіңдер.
Есіркегендер жұпыны ауылды сырттай жүріп келеді. Кеше ымырт үйіріле жеткендіктен байқамаған екен, көл жағасында отырған осынау отыз үйдің, ауыл деген құр аты екен. Бір-екі түйе, он шақты сиыр болмаса, көзге түсер мал жоқ. Ауыл иттерінің құйрығы қайқы болушы еді, бұлардың иттерінің де жүні жығылып, құйрықтары салбырап кеткен. Есіркегеннің іші удай ашыды. «Сірә балық аулап күн көреді-ау бұл ауыл», — деді ол ойға шома беріп.
Қарттың түндегі сөзін естігеннен кейін, ол түні бойы көз ілмей шыққан. Қазір де сол ой шумағын жалғай түсті. «Жоқ, жоқ, қайткенмен де Россия қол астына тезірек кіру керек. Сонда ғана бұл халықтың жаны қалады. Хиуа, Қоқан құр малын ғана талайды ғой, ал Қытай ауына ілігер болсаң, еліңді біржолата құртып жібереді. Есіркеген енді тарихқа көз жібере ойланды. — Бір мың жеті жүз елу алтыншы жылы еді ғой, өзіме қарсы бас көтердің деп Қытай боғдыханы әрі айбынды, әрі айбарлы мемлекет құрып, бүкіл Жоңғар өлкесін билеп отырған Торғауыттардың миллиондай халқын қырып, Жоңғар мемлекетін тарихтан мәңгі құртып жіберген жоқ па еді. Сондай хал қазаққа келмесін кім біледі? Ежелден өштескен Қытай боғдыхандары, өз елін аямағанда бізді аяр ма? Жоқ, жоқ, Россияға бас ию керек, сонда ғана өзге ел жандары бізді тонауды қояды».
Бұл кезде күн де көкжиектен көтеріле бастады. Ұшы-қиыры жоқ қау жапқан кең далада ұшқан құс, жүгірген аң көрінбейді, тек көде шөпті қуалай бірен-саран бөдене жорғалап, күн шыққанға қуанғандай шегірткелер ғана шырылдайды.
Сәске кезінде құбыла жақтан жел тұрды. Жолаушылардың мұрындарына бір жылымшы иіс келді.
— Бұл не? — деді қара сұр жігіт, — мал қырып жатыр ма біреу? Қан иісі тәрізді ғой мынау иіс...
Есіркеген жауап қайырған жоқ, атын тебініп қап, алдындағы адырға қарай шаба жөнелді. Серіктері де аттарына қамшы басты.
Бұлар адыр басына шыға келді де, алдарында пайда болған көріністен шошып кетіп, кілт тоқтай қалды. Дәл адырдың етегінде шие көмкерген тулай аққан жіңішке өзен жағасында ақ боз үйі аралас қалың ауыл отыр екен... Бірақ ауылдың сиқынан жан шошырлық. Дауыл соғып құлатқандай жапырая қалған лашық, күрке. Шаңырағы жерге түскен ақ отау, қараша үйлер. Әр жерде сұлаған өлік, оны қоршап жоқтау салған топ-топ әйелдер... Жылаған бала, ұлыған ит. Бір топтан екінші топқа қарай өліктің басына құран оқуға бара жатқан бірді-екілі ақ сәлделі молдалар көзге түседі. Ауыл шетінде бір қауым топ күрекпен зират қазып жатыр. Кәрі-жасы аралас. Қазақ аулына таянғаннан-ақ елдің көркі боп көзге түсетін үкілі қыз, сәукелелі жас келіншектің бірде-бірі көрінбейді... Осыншама қалың елдің маңында мал дейтін мал да жоқ. Бірен-саран күлге аунап шөгіп жатқан түйелер мен бұзауларын ерткен он шақты сиыр жүр. Ері мойнына кеткен екі-үш шідерлі ат оттауға қарай шоқаңдап барады. Ауылдың жалпы көрінісі түнде ғана жау шауып кеткенін аңғартады.
— Япырмай, бұл не сұмдық, — деді пұшық сары ішегін тартып, — мына ауылды да жау шапқандай ғой.
— Иә, — деді қара сұр күрсініп, — бұл ауыл да босағасы босаған ауыл болды ғой.
— Жоқ, шаңырағы құлап жерге түскен ауыл деңіз! — деді Есіркеген көзіне келіп қалған жасын серіктерінен жасырмай алақанының сыртымен сүртіп, сөйтті де кенет атын тебініп қап, қазақтың ескі дәстүрімен «ой, бауырымдап!» ауылға қарай шаба жөнелді. Серіктері де «ой, бауырымға!» басып соңынан ерді.
Есіркегендер бұл ауылда бір күн болды. Өліктерін қойысып келесі күні жүріп кетті. Ауыл ақсақалы қобызшы Кәрібай деген шал бұлар келісімен болған уақиғаны айтып берді. Бұл — Алтай руының Кенесарыға еріп Арқадан көшіп келген бір аулы боп шықты. Бұрын кәзіргі Атбасар дуаны салынып жатқан Есілге құятын Жабайы өзенінің маңын қоныс етіп келген екен. Ол араға бекініс салына бастағаннан кейін қоныс іздеп амалсыз Кенесарыға еріп, осынау Қыпшақ жерінің шетіне көшіпті. Кенесарыға ерді деген аты болмаса оған бәлендей жәрдем бермепті. Тек қол ұшынан жалғасып, әскеріне қыс соғымдарын, жаз қару-жараққа деген салығын төлеп тұрыпты. Биыл ғана біраз жігіттері Кенесары сарбаздарына қосылыпты. Соған өшіккен бе, әлде осы ауыл Кенесарының иек тірер тілектесі деп біреу-міреу көрсетті ме, әйтеуір Ор қаласынан шыққан ақ патшаның бір топ «кәрі қылыш» жендеттері кеше күн бата кеп ауылды шауыпты. Қаннен-қаперсіз жатқан ел, ауыл үстінен гүрсілдей атылған мылтықтан шошып, қарсыласа алмай қалыпты. Жендеттердің өздері екі жүздей адам екен, түні бойы істемегені болмапты. Әжетке жарайтын қыз балалардың бәрін шетінен абыройын айрандай төгіп, осы ажарлы-ау деген жас әйел, келіншектердің бірде-бірін сау тастамапты. Кеудесінде намысы бар арашаға түскен жігіттер мен «ау, бұларың не?» деп ақылға салам деген ақсақал, қарасақал біткеннің бәрін бүкіл жұрттың көз алдында оққа байлапты, кейбіреулерін қылышпен шауып өлтіріпті. Мұндай қаза болған жанның саны отызға жуық көрінеді. Қан ішер жендеттер түні бойы дәрменсіз елге істерін істеп, тек бүгін күн шыға ғана жүріп кетіпті. Бірақ құр кетпепті, ауылдың сұлу қыз-келіншегі мен түбекте жатқан бар малын айдап әкетіпті. «Барлық Кенесары жағына шыққандардың көретін күні осы. Бұл бұл ма, бүйте берсеңдер ендігі жолы біріңді қалдырмай қырып тастаймыз», — деп кетіпті.
— Бұл уақиғаны Кенесарыға естірте алдыңдар ма? — деді қара сұр қанын ішіне тартып.
— Түнде ауылды шауып жатқанда кісі жібергенбіз. Жер арасы шалғай, егер шабарманымыз қолға түсіп қалмаса сұлтан аулына таяп қалған шығар, — деді Кәрібай шал, — бірақ оның қолынан не келеді?.. «Кәрі қылыш» жендеттері Орға қарай беттеді ғой, кездесе алмас... Тек Жантөре үрім-бұтағының ауылын бөктерлей қуса ұшырасулары мүмкін. — Шал тағы күрсінді, — ой, білмеймін, ұшыраса қояр ма екен... Тым қиыс жатыр ғой... Және ол тұстағы ел Кенесарыға қарсы, жөн сілтемес.
Өліктерін қойысып ауылдан шығысымен, түні бойы ұйқы көрмеген Есіркегендер бір сайға түсіп, аттарын тұсап отқа жіберіп, өздері қоржындарындағы азын-аулақ астарымен өзек жалғап, күн түс болғанша ұйықтап тынығып алды. Енді олар Солтүстікке қарай бұрыла түсіп Орынборға Кенесарының қарамағына жатпайтын ауылдардың үстімен жүрмек болды.
Есіркеген атқа қонысымен-ақ тағы сазара ойға шомды. Жанындағы серіктерінде де үн жоқ. Қалай үндесін, бағанағы ауылдағы көрген көріністері екі иіндерінен сегіз батпан ауыр жүктей жерге жанши түсіп, бастарын көтертер емес. Әсіресе Есіркегеннің қабағынан қан жауған. «Россияға бағыну керек деймін. Ондағы ойым ұлы халық, мәдениетті халық, өзімен бірге мұратқа жеткізеді деп сенуімнен шыққан арман. Ал бағанағы ауылға істегені не? Мүмкін мен ештеңеге түсінбейтін болармын, ақ патшаның да, оның қарапайым солдаттарының да арманы біреу-ақ шығар. Тезірек қазақты құртып, жерін емін-еркін пайдалануға асығатын болар. Бірақ бір қолдағы бес саусағың да бірдей емес қой. Бір Абылайдан шыққан екі ұрпақ — екі бөлек жол ұстаған жоқ па? Уәлиге қарсы Қасым шықса, Уәлидің баласы Шыңғысқа Қасымның баласы Кенесары қарсы келіп отырған жоқ па? Сол тәрізді бір Россия патшасына бағынатын жұртта екі түрлі ой болуы мүмкін ғой»...
әрине, Есіркеген өзінің осы ойынан кейін жиырма жылдай шамасында тарихқа келген Шыңғыстың баласы Шоқан мен Кенесарының баласы Сыздықтың да біріне бірі қарсы соғысатынын білмеді. Шоқан — орыс генералы Черняев жағында, ал Сыздық Қоқан хандығын қорғап шығатыны оның тіпті үш ұйықтаса түсіне де кірмейтін жәйт. Сондай-ақ өзі секілді Шоқанның да Россия мәдениетіне қанат қағып, туған халқын сол Россияға тартқанын, бірақ артынан генерал Черняевтің әскері сол халықты Россия патшасына отар етемін деп қырғанда, не істерін білмей, қызметін тастап Тезек төренің аулына қашатынын қайдан білсін.
Есіркеген қазір шым-шытырық жұмбақ ойдың шешуін таба алмай шатасуда еді. «Расымен мен қателесіп жүрмін бе? Түбі жауынан құтыла алмайтынын білген жаралы жолбарыс тәрізді не болса да айқасып өлем деген Кенесарыныкі дұрыс па? Мәдениет, прогресс, Россиямен біріксек жарық күніміз шығады деп жүргенде, халқымыздың еркіндігі түгіл, өзінен айырылып қалмаймыз ба? Егер қазақты өзіне қосу әдеті, үнемі әлгі ауылға істегеніндей бола берсе өйткен мәдениеті де, келешегі де құрсын!.. Онда су ішсем де, суан ішсем де халқыммен бірге боламын. Тек соның күні көкте жүзсін, соның ғана сәулесі жарқырай түссін».
Осындай шым-шытырық ойда келе жатқан Есіркеген күннің екіндіге таяп қалғанын жаңа аңғарды. Ол енді бұрылып жан-жағына қарады. Әлі ұшы-қиыры жоқ кең дала, қау басын ақырын сипай ескен салқын жел, басты шырмаған сұмдық ой...
— Күн еңкейіп кетті, осы бір тұста ауыл болса керек еді ғой, — деді сары пұшық сол жақтарындағы көгілдір дөңестерден асыра нұсқап, — аттар да болдыруға айналды.
— Құр ғана аттар ма, жаны құрғыр да болдырған секілді-ау.
Бұл Есіркегеннің жолдастарына атқа қонғалы айтқан ең алғашқы сөзі еді.
Серіктері тіл қатқан жоқ. Жас жігіттің жүрегінде қандай ауыр кеселдің жатқанын түсінгендей ақырын күрсінді де қойды.
Бұлар енді солға, пұшық сары көрсеткен көгілдір дөңестерге қарай бұрылды? әрі-бері жүрген соң күн бата, адыр-дөң қоршай біткен жазық далада, Қарасуды жағалай қонып отырған ауылды көрді. Бұл ауылдың да сиқы таң қаларлық. Осы араға не жаңа келіп қонған, не болмаса үйлерін жығып көшуге ыңғайланып жатқан тәрізді. Әйтеуір түйелі жүктің жанында әбігерленген жұрт. Тек әлгі жығылмаған (әлде жаңа ғана тігіп үлгірген) үлкен үш ақ орданың есігінің алдында бұл үйлерде өлік бар екенінің белгісі ат құйрығына жалау байлаған сойылдар мен үй үстін айқыш-ұйқыш етіп таңған қара басқұрлар көрінеді (өлік бар үйді бұлай білдіру кей руларының ежелгі дәстүрі). Үрген ит, өрген мал көзге түспейді. Тек көшке арналған түйе мен бірен-саран ырдуан, пәуеске байқалады. Бірақ ауыл іші жыпырлаған адам. Ауылды қоршай көп салт атты және тұр. Қолдарында найза, сойыл, шоқпар...
— Бұл ауылда да бір бүлік бар секілді, — деді қара сұр, — бұрылып кетелік.
— Өз еліңнің бүлігінен бұрылғанда қайда барасың? — деді Есіркеген. —Тәуекел, не болса да бара көрелік.
Бұлар ауылды қоршаған сыпайларға таяғанда алдарына еңгезердей қара мұртты жігіт өзгелерден бөлініп шыға берді.
— Ей, кімсіңдер? — деді ол астындағы ақбоз атын ұршықтай айналдыра ойнатып, аналардың сәлемін алмай.
— Өзіміз ғой, — деді Есіркеген, ананың кеудесіне таққан көк шұға белгісінен Кенесары әскері екенін біліп. — Көрмей тұрсыз ба?
— Көргеніме көрімдік берейін бе? — жігіт үні гүрілдей шықты, ашулы жан екенін бірден сездіріп алды, — өзіміз дейтін менің екі туып бір қалғаным ба едің? Қамшы көргің келмесе, одан да тезірек жөніңді айт.
— Амандық жоқ, саулық жоқ, берген сәлемімізді алмай жатып, мұншама түйілгеніңіз не, ағасы, — деді Есіркеген биязы үнмен, — Арқадан келе жатқан жолаушымыз, Ырғыз бойындағы Табынға нағашылап барамыз.
Арқаның қай тұсынан боласыңдар?
— Қарқаралы жағынан.
— Қаракесексіңдер ме?
— Иә...
— Кесіп алсаң қан шықпас, ел билейтін жан шықпас дейтін Қаракесек екенсіңдер ғой.
Есіркеген, шамдана қалды, бірақ өзін өзі ұстап сыр бермей тағы да биязы үнмен:
— Қаз дауысты Қазыбекті естімеген қазақта да жан болады екен-ау! — деді кекесін күлкісін жасыра қалжыңдаған болып.
Қара мұрт бұл жолы Есіркегенге зілдене қарады.
— Қаракесек ділмәр келетін еді, сен де ділмәр екенсің. Сірә, сол Қазыбек бидің ұрпағы болмасаң нетсін...
— Жоқ, Қазыбек бидің емес, Масан бидің немересімін.
— әлгі Жамантай аға сұлтанның ақылгөйі Масан бидің бе?
— Иә, дәл соның!
— Қармақ салып ала алмай жүрген алабұғам, аузыма өзің келіп түскен екенсің, жүр олай болса!
Мұрттының даусы бұл жолы өктем шықты. Кенесары елінің Жамантайға деген қастық көз қарастың енді өзіне ауғанын Есіркеген бірден сезінді, бірақ қара мұртпен сөз таластырмады.
Найзаларын қолдарына көлденең ұстаған он шақты салт атты жаяу үш жолаушыны қоршай, ауыл ортасына қарай жүрді.
Бұлар ауылға кіре шеткі қараша үйден қарлыққан кәрі дауысты жоқтау естіді. Өлік бар жерде бата оқымай өтпейтін қазақтың ескі дәстүрі, Есіркеген қараша үйге қарай беттеді. Қасындағы жендеттері де қарсы болған жоқ, сыртта тұрып қалды. Ол үйге кіріп келгенде ең алдымен көргені шоқпыт тымақ, жыртық шекпен, жылап-сықтап отырған кілең кедей болды. Сол жақта сұлайып қыр мұрынды, мұрты жаңа тебіндей шығып келе жатқан жас жігіт жатыр. Түрі өлген адам тәрізді емес жаңа ғана ұйықтап кеткен секілді. Басында екі бүйірін таянып, ақ шашын жайып; кәрі шандыр бетін жоса-жоса қылып тырнап тастаған шүйкедей қара кемпір:
Атаңа нәлет хан Кене,
Басыңа түссін ойран-ай,
Суалдырдың көзімнің,
Қарашығын, ойбай-ай! —
деп қарлыққан дауыспен зар еңірейді.
Өліктің кеуде тұсында қарындасы ма, әлде жұбайы ма, бір келіншек отыр. Жүзі ақ шүберектей, жасқа толы тостағандай қара көзі шарасынан шығардай боп керегеге қарап қатып қалған. Есіркеген бата оқыды да шығып кетті. Бірақ әлгі сурет көз алдында тұрды да қойды.
Аздан кейін бұны қара мұрт ауыл ортасындағы алты қанат ақ үйге алып келді. Белдеуде кіші-гірім атан түйедей ақбоз ат тұр. Бәрі үйге кірді. Төр алдында жатқан қоңыр киінген, зор денелі кісі басын жастықтан сәл қозғады.
— Ағыбай аға, — деді қара мұрт, — мына жігіттерді ауыл үстінен ұстап алдық. Жамантай аға сұлтанның елінен көрінеді, Ырғыз маңындағы нағашыларымызға бара жатырмыз дейді.
Қапсағай қоңыр елең етіп басын көтеріп алды. Үй ішінде көлбей жатуына да себеп бар екен, енді ол малдас құрып отырып еді, басы керегенің ұшына тиер-тиместей зор денелі бір алып екен. Адамнан гөрі, ертегіде кездесетін дәулер тәрізді. Тек жалғыз көзді емес, екі көзді және сонау тас қабақты қоңырқай сұсты түсінде бір жылы шырайдың сазы білінеді. Бұл Кенесарының бас батырының бірі Ағыбайдың өзі еді «Ағыбай бұл жақта қайдан жүр» деді Есіркеген ішінен. Бұл маң Кенесарыға қарсы жақтың жері емес пе еді?» әйтсе де бала жастан үлкенді құрметтеп өскен жас жігіт, сонау төрде отырған шүңірек көзді алыптың мысы жеңгендей, иіліп сәлем берді.
Достарыңызбен бөлісу: |