Ай сәулесі жүдеп, қырқа үсті ақ шолаң тарта құлан иекте



бет2/16
Дата23.08.2017
өлшемі3,86 Mb.
#24842
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

Өлсек шәйітпіз, өлтірсек бәйітпіз, — деді ол тағы да күшті дауыспен, — кәне, еріңдер соңымнан!

— Ожар! Баста, Ожар! — деді аттарына мініп үлгірген кей жігіттер.

Ожардың қасына шоғырлана қалған, тастай түйілген шағын топ «А, құдай!», «Аруақ!», «Айдабол!», «Қаржас!» деп біріне бірі ұрандаса жел беріп, сойылдарын көтере, қарсы жаққа лап қойды. Алдарында Ожар. Бірақ ол қарсы шепке жетер-жетпестен атының жалын құша құлады.

Мылтықтың суық үніне үйрене қоймаған есіл ерлер, қолбасшыларынан айрылған соң бөгетке келіп қарқыны басылған толқындай, жау шебіне таяй түсіп шашырана тоқтады. Кейбіреулері аттарының басын бұрып алып, кейін қарай шапты. Қылышын көтеріп үстіне төніп келген қуғыншы жағының екі жауынгеріне, жерде домалап жатқан Ожар зекіп:

— Түсіңдер аттан, иттің балалары! — деді. — Байлаңдар тез менің қолымды! Апарыңдар тез Сейтеннің қасына... Қалаға таянғанда босатарсыңдар, елден шыққанша бірге ұстаңдар!

Ожардың қолын артына байлап, у-шу болған жұрттың қақ ортасымен, бір шетте тұрған Сейтенге апара жатқанда ол әлдекімнің:

— Арманда кеттіңдер-ау, қос арысым! — деген күңіренген даусын естіді.

Ожар аңқау елдің бетіне қарауға жүзі шыдамай, аяғын шалыс басып өте берді... Таланған, шабылған көш, жүнін жұлған тырнадай боп бар сәнінен айы-рылды. Енді кейін қайтарылмақ болды.

Суық мылтықты, кәрлі қылышты әскер жасағын басқарып келген есаул Лебедев ысқыра қамшысын үйіріп, қасқыр шапқан қойдай ұйлығып қалған жұртты кең алаңға жинады да, жанында тұрған Қоңырқұлжа аға сұлтанның кіші баласы сары ала түймелі Шыңғысқа жирен мұртын тікірейте ежірейіп:

— Қайда қашып құтылмақ? Сұра мына шалдан, — деді бағанағы көш бас-

қарған инабатты ақсақалды көрсетіп, — патша ағзам жарлығынан құтылу, ажалдан құтылумен бірдей.

— Біз айыпты емеспіз, — деп ақсақал жауап беріп, төмен қарады. — Үйірден саяқ қана бөлек жайылады. Өзен қайда құйса, тамшысы да сонда құяды.

Тілмаш ашуланып қалды. Сөйтсе де сыр білдірмей:

— Алтын, Алтай, Тоқа, Уақ босты деп сендер де босқыларың келді ме? Азғырғанға еріп азайын дедіңдер ме? Саржан сұлтан ту көтергелі, жұрт та ат үстінен бір түскен жоқ. Қанша ауыл қырғынға ұшырады. Тоқтайтын уақыттарың болған жоқ па, кілең есуас?

Шал ауыр күрсінді.

— Жаңа өзің айттың ғой, Алтын, Алтай, Уақ, Тоқа ана жаққа кетті деп. Сынықтан бөтеннің бәрі жұғады ғой. Олардың үлгісімен өзгелер де киімін пішпесін қайдан білесіңдер?

— Сонда ақ патшаға, аға сұлтандарға қояр кінәларың қандай?

— Шырағым, ел тыныштығын жоғалтқан бір аласапыран заман болып кетті емес пе, — деді ақсақал уһілеп, — жылы-жылы сөйлесе жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесе мұсылман діннен шығады. Біз бір мал баққан момын елміз. Ауыл үстінен атылған мылтық тек қана жылқыны үркітпейді...

— Ол мылтықты атқыздырып жүрген өздерің емессіңдер ме?

— Сонда бізге қой болып қырыл демексің бе?

— Қолыңнан қой болудан бөтен келмесе, жаз жайылымыңды, қыс қыстауыңды біліп жайыңа жүрмейсің бе!?

— Жайыма жүруге қойып тұрсың ба? — Қария тілмашқа оқты көзімен қарады. Қотан жанына қасқыр апанын қазса, қойда не ес қалады? Сыпайларының шошайған мылтықтары жеріме салынып жатқан анау бекіністер сол қас-қырдың апандары емес пе?

— Өздерің үндеріңді шығармасаңдар, олар да мылтықтарын шошайтпайды.

— Ал үнімді шығарсам ше? Бауыздайын деп жатқанда ешкі екеш ешкі де бақырып өледі. Сен бізге сол ешкі құрлы болма дегенің бе? Жоқ, шырағым, жерімізді жыртып, өзенімізден балығын аулап жүрген мұжыққа қамшы көтерген бір де қазақ жоқ шығар. Ал қылышын сүйретіп есіктен кіріп төр менікі дегендерге...

— Иә, ондайларға не істей аласыңдар? Қолдарыңнан келері бүгінгідей бос-

қа қырылу ма?

— Адал өлу де — абырой. — Қария тілмашқа алар бүркіттей сұстана көз тастады. — Шырағым, аяқ алысыңнан байқадым, сен өзің Әбілқайыр, не болмаса Уалиханның ұрпақтарының біріне ұқсайсың... Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ деген, бір сұрайтын сөзім бар...

— Не сөз?

— Әбілқайырға да, Уәлиге де патша ағзам хандықтарымен бірге құндыз ішік, оқалы қоқыр, алтын балдақты алмас қылыш берді. Құндыз ішік пенен оқалы қоқырды беруі түсінікті, бекзадалар кисін деген шығар. Ал қылышына жөн болсын? Оны кімнің басына төндірсін деп сыйлады?

— Патша ағзамның дегеніне көнбегендердің!

— Дұрысыңды айттың, ер жігіт екенсің. Бірақ біз көппіз ғой. Қара да болсақ, қанымыз бір қазақпыз. Уәли мен Әбілқайыр ұрпағының бәріміздің бірдей басымызды ала беруге қалай жүрегі дауалайды?

Тілмаштың ақшыл жүзі күп-күрең боп кетті. Аталарың қазақ халқының қанішер қара ниет жендеті деп тұрған осынау тіл тартпас шалды ат бауырына алуға да дайын. Бағанадан есаул Лебедевке шалдың сөзін аудармай қойған. Енді шыдай алмай жіңішке еріндері дір-дір етіп:

— Есаул мырза, — деді ашуын баса алмай, орысшалап, — мына қара сақал, патша ағзамды балағаттап тұр!..

— Иттің баласы! — деді есаул қызғылт мұрты ашуланған қанден күшіктің құйрығындай дір-дір етіп тікірейе қап. — Көрсетейін мен бұған патша ағзамға қалай тіл тигізуді! — Ол атын ойнатып Абзал ақсақалдың қасына жетіп барды да мүсіндей қозғалмай тұрған ел ағасын бұзау тісті, қорғасын бауырлы тобыл-

ғы қамшысымен, дәл басынан тартып, тартып жіберді, — Мә саған! Мә, саған! Патшаға тіл тигізетін сабазсың ғой!

Құлаштай сілтеген қамшы ауаны кескілеп «ыс, ыс» етеді. Қарттың басынан қан жосып аға жөнелді, бірақ Абзал жартастай болып, үн шығармастан қозғалмай тұр.

Бұл сұмдықты көрген жұрт шегін тартып үрпиісе қалды. Енді ұрыс кезінен де бетер үрейленгендей. Бірақ қылыштарын жалаңдатып тұрған солдаттарды көріп, кейін жапырылды.

— Өлтірді ғой сорлыны! — деген әйелдің ащы даусы шықты.

Дала тағы да тына қалды. Ызалана соққан қалың жұрттың жүрегін теңіз толқып, қайық қалқып тыңдағандай, бар әлем көрген сұмдығынан шошып бұлқан-талқан болуға таяу.

— Мына едірейген мысық мұрттың ұрғанына өкінбеймін, — деді Абзал шал бетіндегі қанын сүртпей, — сары ала түймелі сұлтан ұрпағы, қаным бір қазағым едің, сенің араша түспегеніңе өкінемін.

Сөйдеді де Абзал ең ақырғы күшін жиғандай өздерінің келген жағына қарай аяғын ілби басып жүре берді.

Жұрт тағы да соның соңынан ерді.

«Ел көзінше шалды бекер ұрды-ау мына есалаң жасаул» деді ішінен Ожар, көп тебінсе — жер сілкінеді, қиянатты көзімен көрген жұртты басу қиын. Бүгін Сейтенін ұстасаң, ертең басқа біреуін табады. Ел болып бірігіп патшаға қарсы тұруға тек ата салты, ел дәстүрі бөгет болып жүрген жоқ па. Әр рудың, әр болыстың өз көсемі бар. Біріне бірі көнбейді. Ал бәрінің басын қосатын көсем табылса не болмақ? Қазақ асау жылқы тәрізді, кім үйрете білсе, соны ғана ие тұтады. Сондай адамы табылса, мына жұрт соңынан шұбыра жөнелуге

дайын...»

Бір арқанмен байлаулы тұрған Сейтен мен Ожардың тұсынан «қош, қос арыс!» деп шұбырған көштің ең соңғы шоғыры өте берді. Ожар тағы да ойлана қалды. Іштегі қуаныш сыртқа шығуға дайын тұр.

«Менің бұлай қолға түскенім дұрыс болды. Аз уақыттың қорлығы әлі-ақ ұмытылар. Ал қиянатымды білсе мына жұрт...»

Он шақты сыпай көшті айдап, Баянауыл жаққа кетті де, қалғандары байлаулы Сейтен мен Ожарды алып Омбыға тіке тартты.

Бұлар үш күннен кейін, Баянауыл округінің Сібірмен шектес Төрткөл болысының жеріне жетті. Қаз-үйрегі сыңсыған, әлі де шалғыны қурап сембеген бір ауылға келіп түнемек болды. Бұл осы маңның ел ағасы Бектас баласы Таймастың аулы екен. Таймас ұзын бойлы, денелі ақ сары кісі. Қаржас руына жиен. Айдалып келе жатқан Сейтен мен Ожарды көріп ауылдың құты қашып, әбігер болды да қалды. Түстері суық, қисық қылышты, шошайған мылтықты солдаттар ауыл үстінен ат ойнатып зәрелерін ала түсті. Бойын қорқыныш билегенмен жұрт ебін тауып, Сейтенге келіп амандасып жатыр. Көптен бері ұйқы көрмегендігінен бе Сейтеннің үлкен қоңыр көздерінде таусылмас қайғы-шер күлкілдеп тұр. Екі қолы артына мықтап байлаулы, үстіндегі ақ жібек мол көйлегінің жағасы дал-дал, әр жерінде баттия жабысқан қызыл қан... Қолға түскеннен кейін ұрған болулары керек, қомақты жұлынған омырауының ашық жерінен кеудесінің көк ала еті көрінеді.

Кешегі ел-жұртының қамын жеп ақ патшаға қарсы шыққан адамның бүгін мұндай сұмдыққа ұшырауы Таймастың жан сезімін өртеді. Оның мұндай күйге түсердей не жазығы бар екенін білгісі келді. «Барлық айыбы жұртына қамқор болғаны ма? Ақ патшаның тегеурініне көнгісі келмегені ме? Егер бар күнәсі сол болса онда мұндай мүсәпірлікке ұшырайтын жалғыз Сейтен ғана ма? Аң да, құс та өз інін, ұясын қорғайды. Адам неге өйтпеуі керек? Өз мекенін, өз жерін неге қорымасқа? Сондай бір әділ қылығың үшін де айыптысың ба? Жоқ, айыпты емессің».

Таймас Сейтенмен қанша сөйлескісі келсе де реті түспеді. Тұтқынды қалт етпей күзеткен сыпайлар жуытпады. Лебедев пен Шыңғыс екеуі ауыл төңірегіне де, Ожар мен Сейтен жатқан үйге де сақшы қойды. Өзге сыпайларын да алыс-

қа ұзаттырмай сол маңайдағы көрші-қолаңдардың күрке, лашықтарына орналастырды.

Түн жылы еді. Лебедев Таймасқа өз үйінің іргесіне төсек салып жатуға рұқсат етті.

Түн тастай қараңғы. Үстіңнен түйе жүн қалың көрпе жауып қойғандай тымырсық ыстық сезіледі. Қобалжи тынышталған ауыл мызғымас бір өлік тәрізді, тек анда-санда қаңтарып суытып қойған сыпай аттарының пысқырғаны мен күзетшілердің еміс-еміс күбірі естіледі. Басын шырмаған алуан ой, қанды ай-

қаста қолға түскен мынау Сейтен мен Ожардың аянышты халдері мазалап, Таймас көз ілмей дөңбекшумен болды.

Кенет құлағына бір күйзелген, күңіренген қоңыр дауыс келді. Таймас тыңдай қалып еді, бұл — «Елім-ай» әуенімен зар-өлең айтып жатқан Сейтен екенін білді. Таймас тына қалды. Енді Сейтен салған ән сөздері айқын естілді.

Қош аман бол, кең жайлау, өскен жерім,

Қайтқан қаздай қалың ел көшкен жерім.

Есіл қазақ есейіп ел бола алмай,

Ит пен құсқа таланып өшкен жерім, —

деп күңіренеді ол.

Сейтен тағы да айтпақшы еді, Ожардың сәл ашулы даусы оны бөліп жіберді.

— Сейтеке, ішке сыймай бара жатыр ма күйігіңіз?..

Сейтен қолға түсер сәтте көзі көрмесе де, даусын шырамытып, өзін байлағандардың бірі Ожар деп ұққан. Бірақ оның да мұндай күйге түсіп, өзіменен бірге айдалынып келе жатқанына таң қалып ол ойынан қайтқан. «Япырмау, бұған даусы ұқсас кім болды екен!» деп басы қатқан. Әйткенмен күпті көңіл ырық бермеді, сөз тартып сыр ашқысы келді. Енді ол алыстан орағытып сөзге кіріскен:

— Ожар, айтылмаған өкпе — іште жатқан Ескендірдің қос мүйізімен тең...

— Шер тарқатар уақыт болар әлі.

— Уақытымның бітуге айналғанын біле тұра, кекетесің ғой, — деп Сейтен сәл ашулана күліп ақырын ғана күрсінді де сөйлеп кетті. — Боз торғайдай кішкентай болғанмен биік ұшар халқым бар еді, сол сорлыны бір құзғын іліп кетпесін деп, ана жылы жалғыз бауырым Тайжан ақ патшаға қарсы жасақ құрғанда сен де келіп қосылып едің...

Ожар жауап қайырмады. Тайжанның да қолға түсуіне Ожардың себепкер екенін Сейтен білмейтін. Сондықтан «Жазықсыз болса ренжітпейін» деп ақтарыла сөйледі.

— Жұртың үшін жан пида ете аларыңа сол кезде көзім жеткен тәрізді еді. Құмбелдегі ауылдан бастап, кәрлі қылыштың қаһарынан талай елді аман алып қалдыңдар. Есіңде ме, жау әскері сендерді Қаражал бұйратындағы жылғаға қуып тыққаны? Сендер онда Саржан төлеңгіттерін арғы бетке шығарып келе жатқан едіңдер. Сен жүздігіңмен кәрлі қылышты екі күндей бөгеген болатынсың.

Сейтен сонау бір алыс күнді есіне түсіргендей тағы ақырын күрсінді.

— Басар жерің көк мұзға айналып, қатын біткен Баян тауының өрлеуіне киіз төсеген. Сол жолы екі жүздей шаңырақты қорғап қалдыңдар... Әттең, дүние-ай, қияңқы қыс қаһарлы келіп, баспанасыз жалаң жұрт сол жұт жылы ажал тапты...

Ожарда әлі үн жоқ. Сейтеннің шаршап-шалдыққан даусы енді тіпті анық естілген:

— Сол жолы еді ғой, Тайжан қолға түсіп өлім жазасына бұйырылғаны... Сені де сыпайлар ұстап алатын еді, ауылдың елуге таяу қыршын жасын жолыңа құрбан етіп мен араша түстім... Аман алып қалдық. Кәрі тарлан қанша шабады, бізден соң жұртты сен тәрізді жастар басқарады деп сенетін едім. Сондықтан да о жолы өзіңді көзіміздің қарашығындай сақтап қалдық емес пе? — Сейтен сәл бөгелді де, Ожардың жауап қайтармағанына қарамай тағы сөйлеп кетті:

— Сен жас едің. Бірақ асыл тастан, ақыл жастан, жұрт білмегенді сен білетінсің. Бүкіл Қаржас елу күн ертегі етіп бітіре алмас жәйтті, сен бір түнде айтып бере алатынсың... Бұрын ділмәр едің. Қазір көшпелі елдің тұмшалаған бұзауындай үндемейтін болыпсың... Өлсем шайт, өлтірсе қазы деген жанмын. Мойнымда шын қазақтың бір тамшы қаны жоқ. Өз қолыңнан ажал тапсам, өкінбеймін, арым таза. Ал сенің ше?

Ожар аунап түсіп еріне жауап берген:

— Менің де...

Сейтен үзіліп қалған ойына қайта оралды.

— Иә, сол жолы мен тірі қалдым. Бірақ одан не таптым? Жалғыз бауырымнан айырылдым. Ел-жұртымды талан-тараж еткіздім. Бар ұтқаным сол ма? Міне, соңымнан ерген жұрт қалған жоқ па тағы тотиып?

Ожардың шапшаң қимылмен түрегеліп отырғанын Таймас байқап қалды.

— Көрмес түйені де көрмес, — деген оның сәл ренжіген даусын естіді: — бар қазақты өзіңе балама... Сен ақ патшаға қарсы шыққанмен, оны құшағын жайып қарсы алғандар аз ба? Олардың ұпайы түгел.

— Ау, сен не айтып отырсың?

— Есітіп жатқан жоқсың ба? — Ожар кекете күлді. — әлін білмеген әлек деген... Айтшы кәне, қолыңнан не келді?

Таймас қалшия тыңдап қалған. «Япырмау, мына Ожар не дейді? Жүрек соғысы бөлек пе, қалай?»

Сейтен кенет күңірене үн қатты:

— Жүрегім бір сұмдықты сезіп еді... Қателеспеген екенмін ғой...

Тағы да екеуі үн-түнсіз тына қалды. Енді сөздері бітті ғой деп Таймас жас-

тыққа басын қайта қоя бергенде, Ожардың ашулы даусы шықты:

— Қазір жер қорғайтын заман емес, жан қорғайтын заман... Тағы құландай ру-ру боп жалпақ даласында шұбырған қалың қазақ, ту тігіп ел болудан қалған. Осыны неге түсінбейсіңдер.

— Ел болуды ақ патша жендеттерінен үйренбексің ғой? — деген Сейтеннің ызалы күлкісі ап-айқын жетті.

— Үйренсе несі бар? Үйренем! Сен үйренбеймін десең де ол күшпен үйретеді.

— Үйрен, үйрен... — деді Сейтен кекесін үнмен. — Сен секілділер барда оларға үйрету жеңілге түседі. — Ол енді күлкісін тыя қойды. — Жоқ, Ожар, оның болмайды, — деді, — сен құлан дейтін, мен қыран дейтін, екеумізге бірдей ортақ қазақ деген жұртың бар... Қарға баласын аппағым деп сүйеді, кірпі баласын жұмсағым деп сүйеді. Сен қазағыңды неге жек көресің? Ал мен...

— Иә, сен? Айт, айт...

— Мен оны халқым деп ардақтаймын. Сондықтан ол үшін ажалдан да қорықпаймын, — деді Сейтен сөзін жалғай. — Ата-ананы таңдауға болмайды, туған халқыңды да таңдай алмайсың! Оны әлжуаз де, тағы де, бірақ маңдайымызға жазылғаны сол халық, мен оны сен айтқан әлжуаз қалпында да жақсы көрем. Кімде-кім сол қазақ деген қыранды қанатын кесіп, жем-құсына айналдырғысы келсе, ол менің қас жауым, туған балам болса да аш тамағынан ала түсіп, өз қолыммен бауыздауға бармын.

Ожар тағы да кекете сұраған:

— Онда мені неге бауыздамадың?

Сейтен кенет демі таусылғандай әлсіз жауап берген:

— әттең, дүние, кеш білдім ғой!

— Жеңілген адам құсалы болатын әдеті. Өкіне бер, Сейтен. Бұл түнде екеумізден бөтен сөзімізді естір жан жоқ, сондықтан анығын біліп өт. Мен сендер секілді тұлыпқа мөңіреп бос жүрген жан емеспін...

— Иә, енді түсіндім, мені байлап берген де өзің едің ғой...

Екеуі ұзақ уақыт үндемей қалды. Әлден кейін Сейтен:

— Адамға мың жасаса да аз болатын шығар, өйткені адам баласында арман көп қой... — деп аунап түсті: — Ал мен ұзақ өмір сұрамаймын. Шіркін-ай, бір сәттік қана еркіндік берсе !

— Мені өлтіру үшін бе?

— Иә, сені. Елін, жерін, бауырлас туғандарын сатқан сен секілді қанішерді өз қолыммен бауыздасам бұл жалғаннан армансыз өтер едім!

— Бірақ ол арманыңның орындалмайтынын өзің де білесің ғой, несіне таусыласың?

— Бар өкініштің өзі сонда ғой! әттең, дүние-ай, сенің бізді ұстап бергеніңді бір қазақ білсе!..

— Үмітіңді үзе бер. Қараңғы түнге тіл бітпесе, менің сырым өзіммен бірге көріме кетер!..

Жоқ, Ожардың сыры ашылмай қалған жоқ. Оны күтпеген жерден Таймас естіді.

Таймас заты сабырлы жан. Сол түні қабыл-құбыл қимылдап Ожардан кек алуды жөн көрмеді. Қаптаған солдат тұрғанда өзінің орынсыз мерт болатынын да ойлады. Және жұртын тағы да бір қанды уақиғаға душар еткізермін деп қорықты. Бірақ Ожардың сонау жан түршігер қылығы, бұның да шыңырау түбінде мүлгіп жатқан ұйқылы-ояу сезімін оятты. Тыныш көңілін әлем-тапырық етті. Сейтен тәрізді ел-жұртының тілегін арман еткен аяулы жанның тағдырын есінен шығармасқа өзіне өзі ант берді.

Таң ата көп сыпайлар Сейтен мен Ожарды бірге матап тағы да жолға шықты. Ожардың Сейтенмен неге бірге байланып бара жатқанын Таймас әбден ұқса да, түндегі әңгімені естімеген пішін көрсетіп, екеуіне бірдей:

— Қош болыңдар! — деп теріс бұрылып кетті. Анандай жерге барып көзінен танадай боп домалап-домалап кеткен жасты жеңімен сүртті.

Бұл Сейтенмен жау көзінше ашық қоштаса алмаған достың көкірегіндегі ыза жасы еді. Таймас осы жасын өле-өлгенінше жүрегінде кек етіп сақтамақ.

ІІ

Шағын келген Елек өзені жыландай сумаң қағып тынбай ағып жатыр. Кейде қамысты, кейде ұсақ талды болып көмкерілетін құмайт жағаға жас баладай былдырлап әлденені айтып сылқ-сылқ күледі. Осы өзеннің сонар басына,



Қандыағаш тұсына қаптаған қалың көш келіп қонды. Бұл Тіленші баласы Жоламан батыр бастаған Табын руының көші еді. Қатарлас қонғандар Жағалбайлы, Шөмекей, Шекті ауылдары. Табын көші сонау Елек өзенінің Ақ Жайыққа құятын жағасынан шығысқа қарай өрлеп келе жатыр. Өзге рулар бүйірден, немесе Жайықтың жоғарғы сағасынан келіп қосылған.

Жоламан көші Сейтен көшіне мүлде ұқсамайды. Кигіз үйден бөтен, шоқшита тігілген қараша лашықтар мен ақ шатырлар көрінеді. Малдың дені түйе мен қой. Үйір-үйір жылқы да бар. Бұлардың да кейпі өзгеше. Алысқа талмай шабатын сүмбіл жалды қазақтың мықты жылқысымен аралас қаз мойын, сидаң аяқты, көтеріңкі кеуделі түрікменнің ақалтеке, текежаумыт тұқымдастары да көзге түседі. Көштің, малдың да сәні түйе. Шудалары сала құлаш желкілдеген қос өркешті буралармен бірге, ор қояндай сидиған жаңа туған құлындай тықыр жүнді, арабы қызғылт нарлармен аралас, үстіне сегіз қанат үй тиесең де мыңқ етпейтін лөк тұқымдас аруаналар... Қой-ешкінің көпшілігі түбіт жүнді, арқар мүйізді теке, емшектері көнектей, мол сақалды тұқыл ешкі, топтан әлсін-әлсін бөліне жайылған бөрте лақ, жібек жүнді сек...

Адамдарының киімдері де Арқа өңірінікінен басқаша.

Бастарына кигендері кеуделеріне дейін жабатын түйе жүн далбағай, етек жағы айбалтаның жүзіндей қайқиып келген әшекейлене кестеленген оқшима қалпақ... Тымақтары да бөтен. Үстін барқытпен тыстап, етегін терімен көмкерген киіз. Шошайған төбесінің құлақ тұсынан бастап жоғары қарай алты салалы етіп оқа ұстаған. Жарғақ шалбар, түйе жүн шекпен, кең құлаш етік, ақ таңдақ, арша не болмаса тобылғы түстес етіп боялған жұмсақ тонның, шолақ сәнді пешпенттердің етек, өңіріне оқалап зер салған...

Ал әйелдерінің киімі Арқа киімдерімен тектес. Оқалы қамзол, зерлі шапан. Кәмшат бөрік, күміс тізген үкілі сәукеле. Оқамен зерлеген, күміс теңге қадаған жер сүзген мол қос етекті барқыт, бәтес көйлек. Анда-санда шетіне ши барқыт тұтқан, белі қыналған, жібін жіңішке етіп иірген шекпен қамзол, пешпент. Күміс шолпты, алтын жүзік, меруерт алқа, сом білезік, сәнді сырға — бәрі де бүкіл қазақ әйелдеріне жарасты дүние. Дегенмен, әйелдерінің де киімінде өзгешеліктер бар. Кіші жүзде кимешек орнына күнгейлік киеді. Жас келіншектер осы бір кестеленген сәнді жаулықтың кейде құлақ тұсына, төбесіне үкі де тағады. Ал қыздары Орта жүздің қыздарындай аш белін қынар күміс белбеу, үкілі тақияға әуес емес.

Қалың ел бұл араға кеше кешке таман келіп қонған. Түйенің қомын алып, қос шатырлар тігіп екі-үш күн тынығуды ұйғарған.

Алыс жолға түйеден гөрі қолайсызырақ жылқы малы, кешеден бері, өзен жағасындағы қурай аралас көгал шөп пен қырқа бетіндегі жусанды бозға тойынып, тез-ақ белі көтеріліп қалған.

Бұл көш те жайшылықтағыдай серуенді көш емес, дүрліккен, үрейленген, ата-мекен кең жайлауынан босқан көш. Ойдым-ойдым болып қонған ауылдардың етек-жеңі жинақты. Бұларды көшірген жаяу борсаң, жеңіл желкем дау-шар емес, бүкіл Жайық пен Елек, Жем бойын дүрліктірген, елге келген зор апат. Ер азаматтары жау басар жүйріктерінің ер-тоқымын алмай түнде қос маң-

айында оттатып отыр. Әлі жауға түспеген жігіттері де бейқам болмайық дегендей әлсін-әлсін күнбатыс жаққа көздерін тігіп, семсерлерін қыса ұстап қояды. Ал кейбір жүрек жұтқан батырлары күрке, лашықтардың қасында жіңішке найзағай меңзелдес көгілдір құрыш алдаспандарын қамсыз қайрауда... Жас балаларда да рең жоқ. Олар әдеттегісіндей асыр салып ойнамайды, топ-топ болып жиналып бұлар да әлденені өзара сыбырласа сөз етеді, Тобылғы күрең сұлуларында да ақжарқын бейне жоқ, әдеттегідей сүлделері құрып бота көздерін көңілдестеріне қадамайды. Қара су секілді тұнжыраған ауыл үстіне төнген ауыр қайғыны тек анда-санда сылдырлаған қыз шолпысының үні мен көк аспанда тізбектеле ұшқан қаз-үйректің сұңқылы ғана бұзады.

Расында бұл ауылдар сонау күнбатыс жақтан хабар күтіп тыпыршуда еді. Сондықтан ер азаматтар құбыла жаққа жиі қарайды. Әсіресе ана төбе үстіне жиналған қарттардың ішіндегі қапсағай денелі, қара сақалды, орта жасқа келіп қалған тұлғалы кісі дегбірсіз отыр. Құбыла жаққа қадалып қалған. Оның үстінде темір торлы шолақ сауыт. Басында темір тор далбағай. Сауытының жеңі шынтағына ғана жетеді. Білегін ішінен киген көк барқыт пешпентінің жеңі жауып тұр. Оюланған көк барқыт кең балақ шалбар. Аяғында күмістеген кең қонышты саптама етік. Сауытын ышқырланып алған. Күміс белбеуінде жез сағалы, қынына алтын жалатқан көк семсер. Сол қолының шынтағына ілген болат қалқан. Қазір қауіпсіз бір тыныштық шақ болғандықтан шетіне зер ұстаған көк барқыт шапанын иығына жамыла салған... Осы бір сұсты адамның айбынды түрінде қазір бір үлкен қобалжу бар.

Бұл — осы көптің қолбасшысы. Табын руының биі, мың жылқы айдаған сұлтан Тіленші ұлы Жоламан батыр еді.

Ол кенет қиядан қызыл түлкі көрген бүркіттей, оқыс қимылмен алға ұмтылып барып тоқтады. Ағына сәл қызғылт қан тараған үлкен қырағы көздерін көкжиекке қадап тырп етпей мелшиді де қалды. Өзге жұрт та солай қарай көз жіберді. Енді олар да Батыс жақтағы ақ шаңдақты көрді. Әрі-беріден кейін соңынан шаңға көме сызылта шауып келе жатқан салт аттыны бәрінің де көзі шалды.

Бұл кезде алтын сәулесін адыр, төбенің басында жамыратып күн де батып кеткен еді. Әйелдер шақпақ қудан от тұтатып қазан көтере бастаған. Көштің әр жеріне көк түтін көлбей ұшып, жұрттың көбі кешкі жабдыққа кіріскен.

Төбедегі шағын топтың көзіне түскен салт аттыны енді бар ауыл көрді. Барлық назар шаң шыққан жаққа ауды.

Көбінің жүзінде үміт нұры ойнап шыға келген. Кей көңілде күмән да бар. Әр тұстан үміт, жорамал аралас дауыстар естіле бастаған:

— О құдай, жақсылыққа болса игі еді!

— Ақсарбас, ақсарбас!

— Тым күрт келе жатыр-ау!

— Артынан жау қуғандай!

— Жоқ, қуаныш әкеле жатқан жан тәрізді!

— Аузыңа май!

Астындағы сүліктей жараған қылаң бедеуі қара терге малынған кісі Жоламандар тұрған төбенің етегіне келіп тоқтады. Алыстан шапқан жүйрік екі бүйірі солқылдап, оқтын-оқтын дем шығарып, екі танауы желп-желп етеді. Үстінен шыққан ақ таңдақ көбік жерге үлпілдеп, үзіліп-үзіліп түседі. Ат үстіндегі қара торы, жас қайыңдай берік, шымыр денелі жігіт екі иінінен демін алады. Ұзақ шабысқа шыдамды болу үшін қара санынан бастап кеудесіне дейін бар денесін тұтастыра қыл арқанмен айқыш-ұйқыш шандып тастаған. Тек екі қолы ғана бос. Ерні кезеріп, күн шалған қоңыр жүзін ақшаңдақ сор топырақ жапқан. Бірақ отты көздері ұшқын атып жалт-жұлт етеді.

— Жарқыным-ау, жақсылық па, жамандық па? — деп Жоламан елегізе таяды.

— Жамандық, көке, жамандық! — деді жігіт тілі күрмеле әзер сөйлеп. — Бізді қуып Орынбордан қалың әскер шығыпты!

— О, тоба...

— Не қылмайсың дейді сонда бізге?

— Қай тұста екен шыққан қол?

Жоламан түнеріп кетті.

— Біздің хатымыздан не хабар бар?

— әзір еш хабар жоқ.

— Тағы да баяғы әдеттеріне басқан екен ғой, — деп Жоламан жас жігітке қарады. Сүмбідей сұлу бедеуінің үстінде қорғасын құйған құлжа асығындай берік отырған осынау жас жігіттің сымбатына сүйсінгендей көзінде бір сәуле жалт етті де, кенет үрлеп сөндірілген білте шам жарығындай жоқ болды. Ол әлгіндегідей емес, ішкі ахауалын сабырға жеңдіргендей:

— Жә, енді атыңнан түс, шаңыңды қақ, — деді, — сонсын бәрін тәптештеп айтып берерсің. — Жоламан жанындағы ақсақалдарға бұрылды. Сірә, бұлар ел бастаған ақылгөй, ізетті адамдары болуы керек. — Суық хабар сұрқымызды қашырар әлей болмай тұра тұрсын, — деді ол. Енді оның үні шиыршық атқан қажырлы шықты, — кеңескен жөн.

— Иә, мұндайда иек артпа жол табар ақыл керек.

— Ана, Шекті, Жағалбайлы, Шөмекейлердің де жақсыларын шақырған абзал.

— Дұрыс лебіз.

— Көппен кеңесіп шешкен тон келте болмас

— Қайрат, Қанат, сендер ана Мұқаметәлі, Тайман, Жүсіпқали ақсақалдар-ға хабар беріңдер, Жетіқарақшы шөміштене осы арада табысайық.

— Мақұл.


Егіз қозыдай томпиған екі бала жігіт жұрттан бөлініп шыға берді.

— Сірә, Үркер тарар кезде көтерілерміз, — деді Жоламан қасындағыларға, — түн қатар алдында жұрт көз шырымын алсын.

— Жөн ғой.

— Шай-суларыңды ішіп қайта оралыңдар. Қатын-қалаштың үрейі ұшар, суық хабарды білдірмеңдер.

— Табылған ақыл.

Ақсақалдар тарай бастады. Жоламан хабаршы жігітке:

— Байтабын, әжеңнің көзіне көрін де менің қасыма қайтып кел. Әкелген хабарыңның мән-жәйін тегіс айтып берерсің, — деді.

— Жарайды.

Жоламан жалғыз қалды. Ымырт жабылып түн қараңғысы қоюлана түсті. Алыстағы көкжиек үстінен алабұртып табақтай боп қызыл жалқын ай көрінді. Жоламанның ішін өртеп бара жатқан қып-қызыл ашу шоғындай. Сұмдық хабар, ел басына төнгелі тұрған бүліншілік төмен тұқыртып жіберген Жоламан енді еңсесін басқан салмақты кейін серпіп тастағысы келгендей кенет бойын жинап алды.

— Ереуіл атқа тағы да ер салатын күн туды, — деді күйіне дауыстап, — халық кегіне суарылған ақ семсер жүзі мұқалмай бетімнен қайтпаспын.

Жоламан батырдың бұлайша серт беруінің ерекше себебі бар. Табын — аса бай ру емес. Көп жылдан қонар көлі де, ұшар көгі де Електің Ақ Жайыққа құяр сағасынан бастап, Рын құмы мен Үшөзеннің малға жайлы, бидайықты, бозды шалқар жағасы болатын. Бұл ара ежелден-ақ қазақ жері саналатын. Россия патшасының ана жылдардағы рұқсаты бойынша Кіші жүз Жайықтың арғы бетінде де мал жайып, шөп шабуға ерікті еді. Ал 1810 жылдан бері қарай бұл жай бұзылып, патша үкіметінің отаршылық саясаты Табын руының ежелгі мекені осы Елек бойына да қол сұғуға кіріскен. Елек сорындағы тұзды Россияға жеткізетін жаңа жол салудан басталған әрекет Жаңа Елек пен Орынбордың арасына жиырма тоғыз бекініс орнатуға дейін барды. Бірте-бірте Үшөзеннің бойы мен Рын құмының жағалығы да казак-орыстарға берілді. Бұл араларға бекіністер, қалашықтар салынып, Табын руы біртіндеп өзінің сегіз мың шаршы шақырымдай ең оңды мал жаятын жерінен айырылды. Міне, осы оқиғалар Жоламан батырдың атқа қонып қалың Табынды соңынан ертуіне себеп болды. Жоламан ең алдымен патша өкіметінен жерін қан төгіспей тату-тәтті келісіммен алуға ниеттенді. Осы үмітпен ол 1822, яғни Жылқы жылы Орынбордың әскери губернаторы Эссенге ата-мекенімізді қайтарып бер деп хат жазды. Бұған еш жауап келмеді. Эссен жауап орнына қазақтарды құмға қарай сырғыта түсу үшін есаул Падуровты бас етіп арнаулы жасақ шығарды.

Азғантай адаммен аттанған Падуров қолға түсті. Эссеннің қылығын қорлық санаған Жоламан Петербургтағы Бірінші Александр патшаның өзіне әбілғазының әрінғазы сұлтаны мен Сырым батырдың баласы Жүсіпті уәкіл етіп жіберді. Патша бұларды қабылдамады, әрі Петербургтен қайта шығартпай қойды.

Бір жыл өткеннен кейін Жоламан Эссенге тағы хат жазды, өзінің ата-мекен жері жайындағы өтінішін айта келіп, әрінғазы мен Жүсіпті, Орынбор түрмесінде жатқан Құндақ баласы Төленбайды қоя берсе, есаул Падуровты босататынын білдірді. Бұл хат та жауапсыз қалды. Бір ай өткеннен кейін әбден күйінген Жоламан Эссенге үшінші хатын жолдады... Әскери губернатор бұл жолы да жөнді жауап бермеді, тек қолындағы тұтқындардың төлеуі деп үш жүз жиырма жеті сом ақша жіберді «және бұдан былай қарай арамыздағы келіссөз Серғазы хан арқылы жүргізілсін» деді сол сүлесоқ қалпында.

Бұл қорлыққа шыдай алмаған Жоламан ақырында атқа қонды. Соңынан сарбаздарын ертіп, үш жыл бойы Елек маңайына салынған бекіністер мен жаңа орнап жатқан қалаларды шабуылдаумен болды.



Бұған жауап ретінде патша үкіметі жасақ үстіне жасақ шығарды. Оқ-дәрілі мылтық пен көк құрыш қылышқа шыдай алмай Жоламан әскері сан жеңілді. Бірақ туған жердің кең даласы қорған болған жігіттер қашан да көп шығынға ұшырамай құтылып кете берді.

Жайықтың күншығыс жағына шеңгелді қолын мол сұғып желіккен патша үкіметі енді Ор мен Троицк қаласының арасына жаңа жол салды. Осымен байланысты Арғын, Алшын, Қыпшақ руларының он бес мың шаршы шақырымдай ең шұрайлы жерін басып алды. Бұл рулар енді кешегі өз жерінен бүгін шөп шауып, мал оттатуға рұқсат алу үшін патша қызметкерлеріне көп ақша төлейтін болды. Мал қайғысы — жан қайғысы дейтін қазақ кең жайлау, шалғынды даласынан айрылып, не істерін білмеді. Ақырында барып Ақ Жайық өзені мен Қараөткел ортасын жайлаған Арғын, Қыпшақ, Алшын, Найман, Уақ, Керей рулары ауық-ауық ақ патша отаршылық саясатына қарсы ереуілге шыға бастады. Әскер тұрған бекіністерді шауып, ақ патшаға берілген, Россия империясының қол астына кіріп алған Бөкей, Уәли, Сәмеке тұқымдарынан шыққан сұлтан-правительдердің ауылдарын талады. Алайда өзара бақастық, бәсеке, алауыздық сияқты дерт жайлаған бұл рулардың қоқан-лоқы ереуілдерін, қазақ даласының әр тұсына әскерлі бекініс орнатып үлгірген патша губернаторлары басып тастап отырды. Жайық өзенінің күншығыс жағындағы Орта жүз бен Кіші жүз рулары өткен жылы ғана жаппай бас көтерген еді. Бұл 1835, яғни Қой жылғы ереуіл Қараөткел мен Жайық арасындағы ең үлкен ереуіл болды. Бірақ бұл көтеріліс те нәтижесіз аяқталды. Алайда қол бастаған батырлар енді жауды жеке шауып жеңе алмайтындарына көздері жетті. Бүкіл қазақтың бірігуі керек екенін түсінді. Бірақ үш жүздің қазағын тегіс кім басқармақ? әр ру жеке отау тігіп өзі би, өзі қожа болғысы келді. Ортақ өгізден — оңаша бұзау. Бұл әр рудың басты адамдарына қолайлы. Сондықтан олар енді біріктіруден гөрі бытыратуға құмар. Әрине, әр рудан шыққан алуан-алуан қол бастар батыр, топ жарар шешен бар, бірақ бар рудың тақымы толар, ақылы мен ерлігіне бас ұрар бірде-бір көсемі жоқ. Қала берді, әр жүздің бас иер батыры да жоқ. Батыр дегендері тек өз рулары үшін ғана. Мұндай жағдайда бар қазақтың басын кім қосады? Кім тұлғасы болады?! Сондықтан да көп жұрт Ақтабан шұбырындыдан соң қазақты ел етіп қайта көтерген Абылайханның ұрпақтарына көздерін тігуде еді. Қалмақтардың бетін қайырған соң, ұзақ жылдар бойы, Орта жүздің шын мәнісіндегі әміршісі болып келген Абылайды Үш жүздің бас көтерер адамдары 1770 жылы ақ кигізге көтеріп хан сайлады. Бірақ Екінші Екатерина патша өзінің 1778 жылы 24 майда берген Указында оны тек Орта жүздің ғана ханы етіп бекітті. Неге Абылайдың өтінішін қабылдамағаны жайында осы Указды Орынбор губернаторына жолданған сол жылғы жиырма бірінші сентябрьдегі сенат коллегиясының хатында көрсетілген. Онда бар қазақты бір ханға билетіп, басын қосудың қауіпті екенін ашып айтқан. Тағы осы хатта Абылайдың Россия императорына бағынғанына патша бекінісінің бірінде антын бергеннен кейін ғана оған хандық грамотасы мен құндыз ішік, түлкі бөрік, күміс қылыш тапсырылсын делінген. Бірақ Абылай патшаның бұл талабын орындамады. Указбен танысуға өзі келмей, ағасы Жолбарысты жіберді. Ол сендерге бағынамын деп Россия мен Қытай императорларын бірдей алдап, ал шын мәнісінде Үлкен Орда ханы болып жүре берді. Бірақ бұл кезде Әбілқайыр, Нұрәлі ұрпақтары басқар-

ған елдердің көбі патшаға шын бағынған-ды. Ал Абылайхан өлгеннен кейін 1782 жылы хандыққа оның үлкен баласы Уәли бекітілді. Ол бірден Россия патшасының отаршылық саясатына мойын сұнды. Ал Абылайдың өзге ұрпақтары, әсіресе қалмақ әйелінен туған баласы Қасым төре бұған көнбеген-ді. Абылайдың Үш жүзді бірдей аузына қаратқан хандық мәртебесін көксеген Қасым төре, оның үлкен балалары Есенкелді, Саржан алыс-жұлыстан бір күн тыйылмаған... Қалың бұқара Шыңғысхан ұрпақтарының мұндай шерменін қайдан білсін, өзінің тәуелсіздік тілеген, жерін қорғаған күресіне Абылай ұрпақтарының ежелгі арманы сәйкес келіп, басымызды осылар қосар деген үмітті көкейлеріне тұмардай таққан. Бұл кезде патшаның отаршылық саясаты шегіне жетіп, қазақ елінің қай тұсында болса да ереуілге шыққандар тобы көбейе түскен. Мың бұлақ қосылса өзен болады. Басқара білер кісі болса мына ру-ру боп көтерілген, тәуелсіздігін аңсаған халық бір тудың астында біріксе, дүлей толқынды теңіз тәрізді ғажайып күшке айналуы сөзсіз. Ал сол күшті кім басқарады? Қасым төре балалары сонау Қаратау маңында. Және қазір олардың тасы өрге домалайтындай халде емес екенін бүкіл Арқа, Жайық біледі. Қоқанмен тіл табысар күн бар ма? Тіл табысқан күннің өзінде оның өрісі ұзақ боларына кім сенеді? Былтыр жаздағы Ташкент құшбегінің қылығы тағы қайталанбасына кімнің көзі жеткен? Сауда адамында пәтуа жоқ, қазақ елін садақа етіп, өз пайдасын көздеп отырған сонау алыстағы Қоқан ханына сенгенмен не пайда? Сенбегенде не істеу керек? Россия патшалығымен біріктік дегенді сылтау қылып, ел-жұртын қанап жатқан қарға-құзғын сұлтандардың жемі болуға көне бересің бе? Көнбеске шара бар ма? Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ. Орға тірелген жеріміз осы шығар. Енді аяғыңды еппен баспасаң омақатқаның.

Жоламан батырдың бағанадан бері ойын шырмаған осылар. Өзі қатты сасқан күйде... «Жоқ, бір жолын табу іс-ақ. Таппасқа болмайды. Өйткені соңымнан ерген мынау қалың Табынның тағдыры үшін менен басқа кім жауап бермек? Жөн сілтей алмайды екем, о баста-ақ жұртты жел көтерген толқындай ұйқы-тұйқы етпеуім керек еді».

Жоламан әрі ойлап, бері ойлап бір шешімге келді. «Көп қорқытады, терең батырады». Бар қазақтың басының бірлігі бізге қорған бола алады. Бірақ ол оңайға түсе ме? Қазақ сонда кімнің соңынан ереді? Елге тұтқа бастысы кім? Абылайдың туын көтеріп жиырма жылдан бері Сібір губернаторымен, Қоңыр-

құлжа, Зілқара аға сұлтандармен алысқанда, Қасым төре, Есенкелді, Саржанның соңдарынан бар ерте алғандары Алтын, Тоқа, Уақ, Алтай руларының ауылдары ғана! Ал менің соңымнан ерген Табыннан басқа кім бар? Бар қазақтан жұртқа тұлға болар бір батыр ұл шықпағаны ма? Неге батыр ұл? Ақылгөй шешен болса да жетпей ме? Жоқ, қазақ құр ділмарға ермейді. Батырлықты сүйер жауынгер халық ел басқарар ақылдылығы мен жау түсірер ерлігі болмаса, басын имейді. Алты алашқа аян ондай кім бар? Осындай бір ұл табылса, намыс дегенді былай қоя тұрып, өзі де оның қол астына кіруден тартынбас еді.

Алдында қол бастаған әкесі мен ағалары болғандықтан Кенесарының бұл тұста бәлендей аты шыға қоймаған. Қазақта ол кезде не көп, батыр көп, Кенесарының кейбір ерлігі ағалары айбарының тасасында қала беретін. Сондықтан Жоламан оған тоқтамады. «Кім бар?» деген арманды сұрағына жауап таба алмай басы әңкі-тәңкі болды.

Дәл осы сәтте оның жанына Байтабын келді. Байтабын үлкен апасынан туған Кіші жүздің Есентемір руындағы жалғыз жиені еді. Жанындай жақсы көретін. Әйтсе де ел қамын ойлаған Жоламан, қиын-қыстау қатерлі нартәуекел іске көбінесе Байтабынды жұмсайтын. Өйткені Байтабын шексіз батыр, епті, айлакер. Тапсырған істі тап-тұйнақтай етіп орындап қайтады. Бірақ өзгеге сыр бермегенмен, Жоламан да Байтабын оралғанша жанын қоярға жер таппайтын. Тек жалғыз жиені қатерлі сапардан аман-есен келгенде ғана барып, жаңбырдан кейін ашылған аспандай жадырап сала беретін. Бүгін де осындай халде еді. Байтабынды көрісімен көңілі көтеріліп қуанып қалған. Міне, енді жанына келген жиенін маңдайынан иіскеді.

— Сен оралғанша мылтықтың аузында тұрғандай болдым ғой.

Жауынгер болып қалған жас жігіт нағашысының әлі де мұны бала көріп маңдайынан иіскегенінен қысылып:

— Түу, көке-ай... — деді күлімсірей қызарып.

Жоламан бойын тез жинап алды.

— Шыққан әскер көп пе екен?

— Екі топ. Бірі — жүзге таман кәрі қылыш . Елек бойымен жоғары көтеріліп келеді. Бәрінің мойынында бір-бір карабін мылтық. Басқарып келе жатқан қоржынды Қара Бураның өзі.

Қазақ ат қоюға қандай шебер. Адамның бойындағы бір жақсылығын, не кемістігін тауып алады да соған сәйкес не мазақтайтын, не кекесін, немесе мадақтайтын бір ат таба қояды. Байтабынның қоржынды Қара Бура деп тұрғаны хорунжий Карпов. Бұл өзі зор денелі, кеуде, білектерін жүн басқан ашушаң қара кісі. Әрине бұған Қара Бура деген ат дұрыс келеді. Ал қоржынды деген сөздің хорунжийден шыққанын қазақ әлдеқашан ұмытқан. Сондықтан қоржын артып жүрмейтін Қара Бураны неге қоржынды дейтіндерін өздері де білмейді. Сірә бұлар да руға бөлінетін шығар. Шұбыртпалы Ағыбай деген тәрізді, бұның да қоржынды делінуі содан болар дейтін де қоятын.

Карабин мылтықтың оқтауы жылдам болмағанмен, ол кездегі ең мықты қару. Жоламан сарбаздарында бұл мылтық атымен жоқ. Жігіттердің қолында сойыл-шоқпар, садақ. Тек кейбіреулерінде ғана Хиуа шеберлері істеген ұзын мойын білтелі мылтық. Сондықтан сарбаздардың жаумен қоян қолтық келгенше ең көп пайдаланатындары садақ. Ер басына ілген өрнекті кигіз жарғақ қорамсаларда бірнеше жебелер қатар тізілген. Сап жағы ғана көрінеді. Бас жағы төменде. Олардың кейбіреулерінің ұштары жылан уымен немесе аусыл болған сиырдың сілекейімен суарылған. Қолмен ұстауға болмайды. Бұл жебелер тиген жаудың тірі қалуы екіталай. Ежелден садақ тартып үйренген қазақ, осы атамзаманғы қарумен де зеңбірек пен карабинға қарсы шығуына қарағанда тәуелсіздік арманы ажалдан күшті болғаны да әйтпесе...

Жоламан алдағы айқастың қаншалық қиынға түсетінін күні бұрын аңдап тұр. Ол беліндегі Қорасанда жасалған көк семсерін сәл қозғап қойды да:

— Зеңбіректері бар ма екен? — деді.

— Жоқ, онысы жоқ.

— Мұнысы жақсы екен.

— Бірақ, күкірт оқ-дәрісі көп деседі. Өзім көре алмадым. Көрген жігіттер қос ат жегілген артқы арбада қара кигізге оралған бір күбі оқ-дәрі бар дегенді айтады.

— Бұны да еске алған жөн. Білтелі мылтықты бір сарбазға тапсырармыз. Атары тек сол қара кигізді арба болсын. — Жоламан кенет бірдеме есіне түскендей Байтабынға бұрыла қарады. — әлгі ақ көз Жәбірейілі мен маңқа әлексалдысы көзге түспеді ме?

Жоламанның ақ көз Жәбірейіл, маңқа әлексалды деп тұрғаны Елек бойындағы бекеттердің Гаврилло, Александр деген урядниктері. Ашуланғанда көзі ағарып кететін Гаврилло мен мұрнынан мыңқылдап сөйлейтін Александр, Елек бойының қазақтары арасында белгілі қан ішер, тас мінез қатал урядниктер. Көптен бері қазақ ереуілшілерімен айқасып әдеттенгендіктен, бұлар алаңғасарлау Карповтен гөрі дала ұрысының тәсілін біледі. Елек маңымен әбден таныс. Айла, қулықтары да бар. Ереуілшілермен кейде итжығыс түсіп жүретін сұмдар. Жоламан оларды сондықтан да сұрап тұр.

— Екеуі де Серғазы ханның жасақтарымен бірге. Бұлар да жүзге таман кісі. Он шақты іштесерлері бар, өзгелерінде қисық қылыш, болат ұшты найза. Бұлар бізге Үшөзен тоқырауынан кеп тимек.

— Амалдары айқын. Қышқаштай екі бүйірден алмақ қой.

— Солай тәрізді.

— Дегендері болса игі ед-ті!.. — Жоламан кенет Байтабынға тесіле қарады. — Ақбөкенді көре алдың ба?

Тегеурінді жігіт бұл сұрақтан иығын қара тас басқандай, әп-сәтте жүдей қалды.

— Жж-жоқ...

Ақбөкен Табын руының бір момын адамының жалғыз қызы. Бесіктен шықпай жатып нағашысы Жоламан оны Байтабынға айттырған-ды. Өзі аққудың көгілдіріндей әдемі болып өсті. Мал баққан ата-ананың осы жалғызына бір үлкен аста Серғазы ханның көзі түседі. Аста бәйгеден келген Табын руының аты шулы қара көк ақалтекесінен көрі, ханды осы атқа шапқан сегіз жасар бүлдіршіндей ерке-шора қыз таң қалдырады. Қыздың бой тұлғасы өзгеше еді. Анау-мынау бала жігіттер шыдай алмайтын алыс ат жарысына сегіз жасар Ақбөкен шыдады. Қыз тани білетін Серғазының қырағы көзі осы сұлу пішінді балдырған жасты бірден шалады. Түбі осы қыздан бір ғажайып көрікті, не өнері асқан әйел шығатынын айтпай ұғады. Содан кейін барып... ас бітпей хан Ақбөкеннің әкесіне өзін төлеңгіт етіп алатынын білдіріп «біздің ауылға көш» деді. Хан әмірі екі болған ба, үш-төрт күннен кейін момын Жантемір Серғазы ауылына көшті. Ханға төлеңгіт болған адамның, өз бетімен қыз беріп, қыз алуға құқы жоқ. Бәрін хан шешеді. Жантемір де осы салтты сақтап азын-аулақ алған қалың малын Жоламанның туған апасы, Байтабынның жесір қалған шешесі Күнкейге қайтып берген. Ауылдас болып, өзінің Байтабынға айттырылғанын білетін Ақбөкен оған деген отты сезімі оянбаса да, біртүрлі жылы тартып, іштей оны өзіндік санап, жақсы көре бастаған. Кенет тағдырының неге өзгергенін анық түсінбесе де әйтеуір бір сұмдықтың болғанын сезіп, қимастықпенен жылай-жылай кете барған.

Бұл уақиға бір тайпы елдің биі, сұлтаны Жоламанға қатты батқан. Өр көңілді батыр, намысқа шауып өте қорланған. Бірақ амал не, іш қазандай қайнағанмен, ер намысынан көрі ел намысын жоқтар заманда ханға қол жинап қарсы шыға алмады. Әйткенмен іштегі ыза өшпейтін кекке айналған. Жоламан батырдың Серғазы ханға өте-мөте өшігуінің де бір себебі осы еді.

Сөйткен Ақбөкен үріп ауызға салардай асқан сұлу қыз болды. Жүйрік үйретер өжеттігі де жұрт аузындағы жырға айнала бастаған. Өмір деген теңіз де, адам желкен қайық тәрізді, тағдыр желі айдаса кездеспей тұрмайды. Кіші жүздің көп рулары кей жылдары бас қосып қалған қан жайлауларда Байтабын мен Ақбөкен де үш-төрт рет ұшырасқан. Бір кездегі балалық жылы сезім енді лапылдаған жалынға айналған. Бірақ жастар ашық қауышып кете алмаған. Екеуі осындай қайғы шешілмеген өре-шөреде жүргендерінде, Ақбөкен он алтыға жетті. Кәрі тарлан Серғазы алыстан болжаған екен. Бүкіл Жайық, Елек, Жем бойының жігіттеріне арманға теңелген Ақбөкенді Серғазы ханның өзі тоқалдыққа алады екен деген сыбыс бір күні елге жайылды. Ханның тоқал алуы жұртқа бәлендей қауесет хабар емес, бірақ осы суық сөзден Байтабын біреу қойнына жылан салып жібергендей ыршып түсіп, сенделіп барып жер бауырлап жатып алды. Бұл хабарды естіген Жоламан Байтабыннан қатты қиналды. Ыза мен кек, қорлық бәрі жүрегіне біздей қадалып, жанын қоярға жер тапқызбады. Үйінде жатқан жиенін шақырып алды да жұрт көзінше:



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет