Ажал үстемдігіңді жүргізудің ең берік құралы емес пе?



бет5/15
Дата14.04.2017
өлшемі3,54 Mb.
#13765
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

Хан кетісімен жұрт та тым-тырақай тарай бастады.

Кейбіреуі өредегі атына жүгірді, бағзы біреуі Ордаға қарай беттеді.

Тек екі жағынан екі адам қолтықтай тұрғызған Асан Қайғының ғана түнере қалған аспан мен шартылдай ойнаған найзағайларда шаруасы болған жоқ, жаңа ғана наркескендеріне қол жүгірткен Арғын, Қыпшақ қос батырының қимылдары есіне түсті ме, ол:

— Бүгінгі ас — қайғы асы еді, енді бүліншілік асына айналмаса нетсін, — деді ақырын күрсініп.

Көпті көрген сыншы адасқан жоқ еді, расында да бұл ас қазақ жеріндегі тағы бір бүліншіліктің басы болды.

Тек аяғы игілікпен бітсін де...

ІІІ

Сарыарқа деп аталатын Дәшті Қыпшақ жерінің дәл ортасында, Ұлытаудың күнгей жағында, Қаракеңгір өзенінің сол жақ жағасында Әбілқайыр ханның ордасы — Орда-Базар қаласы тұр. Жан-жағы құлазыған жазық, Ұлытау, Кішітау, Арғынаты тауларынан бөтен оңтүстігінде де, солтүстігінде де, күнбатыстағы сонау Мұғажар биіктіктеріне дейін, ал күншығысындағы Шет, Құдайменді, Ақшатауға дейін құлан менен киік жортқан ұшы-қиыры жоқ алып дала. Оңтүстігіндегі ең жақын қала Түркістан (Яссы) солтүстігінде ең таяуы Чинга — Тұра шаһарлары, бірі Орда-Базардан жүргіш атқа он күндік, екіншісі он бес күндік жер...



Орда-Базар бір кездерде Бату ханның құмырсқадай бықыған әскерінің Шығыс Европаға аттанарда бас қосатын жері болған. Жүз мың жылқы жайылса да шөбі жапырылмайтын, жусанды, қаулы, жасыл шалғынды егіз өзен Қаракеңгір мен Сарыкеңгірдің ұшы-қиыры жоқ жазық даласы. Сол жазықтың ортасында Бату қорғаны.

Орда-Базар шағын қала. Әбілқайырдың негізгі басқаратыны көшпелі қазақ, өзбек елдері болғандықтан, ел салтын бұза алмай, хан Ордасы — бес ауылы жаз бойы Дәшті Қыпшақ жерінде көшіп жүретін. Тек күз келе Орда-Базарға қыстау ретінде тоқтайды. Әбілқайыр көші ерте кезде күнбатыстағы Жем, Ойыл өзендеріне дейін, солтүстігіндегі Тобыл, Есіл, Нұраға дейін барған. Кейде жазы қоңыржай болса Сыр бойы мен Көкше теңіздің жағасын да жайлайтын. Хан аулының жайлауға шығуы тек жаздың жақсы-жамандығынан, шөптің шығым-шығымсыздығымен ғана байланысты емес-ті. Жаз шыға Орда қай жаққа қарай бет бұруы толып жатқан хан саясатымен шиеленісіп жатар болар. Өзіндей мықтыменен құда болып қанатын жая түсу, ырқына көнбей жүрген кей руларына жақындай қонып, бір түнде быт-шытын шығарып шабу — бәрін де іші қатпалы ханның жаз шыға Ордасы көшпестен бұрын ойланар ісі.

Осы себептен де болар, Әбілқайырға көп жағдайда бағынышты Самарқант, Бұқар, Герат секілді Орда-Базардың үлкен шаһарға айналмай, шағын қала қалпында қалғаны. Шығыс шеберлері күйген кірпіштен күмбездетіп салған бірнеше хан сарайларын санамасақ, қала шымнан құйған, тастан қаланған екі жүздей ғана үйден тұрады. Стамбул үлгісімен тұрғызылған алтын айлы, ақ тастан қалан-

ған зәулім биік мешіті. Түркістанда Ахмет Яссауи шайхқа арнап салған Ақсақ Темірдің атақты мешітіне де, Феодосия қаласына жақын ескі Қырымға Өзбекхан салдырған мешітке де ұқсамайды. Қазір аты естен шыққан ұлы шебердің ақауы жоқ өнері, ұзақ тоқыған қолдан түлеткен өрнегі.

Қаланың тым өсіп кетпеуіне тағы бір себеп ол Әбілқайырдың алыстағы ойы. Хан өз астанасын түбі әбден жаулап алған соң Гератқа, не Самарқантқа аудармақ. Ал Орда-Базар уақытша мекені. Мауреннахрға біржолата көшіп кетуге, ұшы-қиыры жоқ кең далада тағы құландай кезген қалың қазақты билей алмай қаламын ба деп қауіптенген. Хан ойынша қазақ руларының арасындағы алауыздық түбі жойылуға тиісті. Оған дейін өрбіп, өсіп келе жатқан балаларының алды ел билейтін қабілетке жетіп қалады. Сол кезде бүкіл Дәшті Қыпшақ жерін бәйбішелерінен туған бір-екі ұлына билетіп, өзі Мауреннахрдың әшекейлі алтын сарайлы бір шаһарына Ордасын көшірмек...

Осындай ойдағы хан Орда-Базардың өркендеуіне бәлендей көңіл бөлмеген. Тек соңғы жылдары жайлауға алысқа бармайтын. Ұлытау маңындағы бір шұрайлы жерге бір-екі айдай бой жазып, үй тігіп серуендеп жататын да жаз аяғы болмай Орда-Базарға қайта оралатын. Биыл да хан осындай ойда еді.

әнеу күнгі сұрапыл дауылдың аяғы тынбай құйған бір жетілік ақ жауынға айналған. Асты аяқтай алмай хан Орда-Базарға қайтуға мәжбүр болған. Ханмен бірге тізе айырмай Қыпшақ, Арғынның игі жақсылары да, Шыңғыс ұрпағынан шыққан сұлтандар да Орда-Базарға таяу көшіп келген.

Әбілқайыр жауар бұлттай ашулы қайтты. Мұнда келгеннен кейін батыр Саянның қалай қашып кеткенін естіп бұрынғысынан бетер қара түнектей тұнжырай қалды.

Хан кезінде жұртқа сыр бермеген. Жұрт асқа жаңа дайындала бастаған шақта құлағына «Орақ жылқышы да асқа Ақбақайын қоспақ екен» деген хабар тиген. Әрине, асқа қазақ дәстүрі бойынша кім болса да қатысуға хақы бар. Бірақ хан баласының ұлы асына есікте жүрген құлы ат қоспақшы деген сыбыс Әбілқайырды қатты қорлаған. Оның үстіне егер осы құлдың Ақбақайы барлық ханзадалардың жүйрігінен озып келе қалса не болмақ? Бұдан артық масқарашылық мүмкін бе? Бүкіл қара халық онда Әбілқайырды күлкі етуі даусыз. Ханның бұлай ойлауға себебі де бар еді.

Осыдан екі жыл бұрын, Тарланкөгін жаратып жүрген кезінде, Әбілқайыр әлдеқалай жылқысына барған. Ол сол жолы бір таңданарлық оқиғаға кездескен... Орақ малшының былтыр жылқыға қосып жіберген Ақбақай деген бестісі үш күннен бері тірі жанға ұстатпай қойыпты. Ұстатпайды емес-ау, талай асау-

ды бастыртпай қуып жететін жүйріктер, бұған таямақ түгіл, тіпті шаңына ілесе алмай қалады екен. Хан қызып кетіп, ертең, бүгін қасқыр қуамын деп әбден жаратқан Тарланкөгімен Ақбақайды қууға бұйрық берген. Асау қуып үйренген бір жылқышы қолына құрығын ап, Тарланкөкке міне сап, шеттеу жайылып жүрген Ақбақайға лап қойған. Ат дүбірі шығысымен-ақ елең ете қап, Ақбақай басын көтеріп алып, өзіне ұмтылған құрықшыны көзі шалып, ор қояндай ата жөнелген. Бүкіл Дәшті Қыпшақта алдына жылқы салмаған Тарланкөктен сытылып шыға берген. Тарланкөк талай жеткен, Ақбақай бесті талай құтылып кеткен. Осы шабыс үш бие сауымындай мезгіл алған. Үш күн қуғында болған жас жылқыны қаншырдай боп әбден жараған Тарланкөк қойсын ба, ақыры Ақбақайдың мойнына құрық түскен.

Бұл оқиға осыдан екі жыл бұрын болған. Үнемі жорықта, талас-тартыста жүрген Әбілқайыр оны ұмытып та кеткен. Сөйткен Ақбақай қазір жетіде. Жыл-

қы баласының жал-құйрығы төгіліп, тұяғы әбден бекіп, кемеліне жететін кезі. Әбілқайыр ұмытқанмен, Ақбақайдың Тарланкөкпен таласқа түсуге жарап қалғанын енді Орақ жылқышының өзі есіне салды. Хан іштей шамдана бастады. Осы кезде тағы бір суық хабар жетті. Бақты-Қожа уәзір өзінің толып жатқан көреген көз, сақ құлақ тыңшылары арқылы Орақ жылқышымен келіні Аққозының бірер рет кездесіп қалғанын естірткен. Онсыз да қаһарына мініп алған Әбілқайыр Орақтың тағдырын біржола шешкен.

Бақты-Қожа уәзір жіберген жеті қарақшы айсыз тастай қараңғы түнде кеп, бәйгеге жаратып жүрген Ақбақайын қосының жанына қаңтарып қойып, көзінің шырымын алғалы ұйықтап кеткен Орақтың дәл үстінен шыққан. Жатқан жерінен тұрғызбай қол-аяғын мықтап таңып, Ақбақайдың құйрығына ұзын арқанмен байлап, «шу!» деп қамшымен бір тартып қоя берген. Ақбақай қара түнді сілкіндіріп, құйрығына байланған құбыжықтан үркіп, бетінің ауған жағына тасырлата шаба жөнелген. Жеті қарақшы уәзір әмірін орындадық деп мәз болып күліп қала берген. Сол күні таңертең Орақтың қалай өлгенін Әбілқайыр естіген. «әлін білмеген әлек. Хан келінінен дәмеленетін сабазсың ғой. Саған со керек» деп хан миығынан күлген де қойған. Қара жер өлгенге де хабар береді, астан қайтқаннан кейін ұзынқұлақ бұл оқиғаны Аққозыға да жеткізген. Нәсілі берік жас әйел, іші оттай күйіп, кеудесіне қайғысы сыймай тұрса да сыртына еш сыр шығармаған. Бар ашуын жүрегіне түйіп сазара қалған.

Жасынан ерке-шора боп өскен келінінен «осы тағы бір сойқан шығарып жүрер» деп күдіктенген Әбілқайыр Аққозыға кісі салған.

— Құдай риза, біз риза, ұлымның атына шіркеу келтірмей жыл отырды, — деді, — жас жан еді, обалына қалмайын, ерге шықсын. Аға өлсе, ініге мұра, Шах-Будақ ұлым қаза болғанмен тірі әлі он ұлым бар, таңдағанының атын айтсын, қосамын.

«Жақсы, ойланып көрейін, ойымды үш күннен кейін қайын атам — хан иемнің өзінің алдында айтамын» деп Аққозы жауабын қайтарған.

Үш күннен кейін Әбілқайыр өзінің үзеңгілес серіктерін, батырлары мен билерін шақырып алып, солардың көзінше:

— Келін шырақ, ойланып болған шығарсың, қай қайныңды таңдадың, атын айт, — деді.

Жесір сұлудан дәмесі бар, ордада отырған ханның он ұлы бірдей Аққозыға көздерінің жанарын төге қарады. Аққозы да оларды жайбарақат бір шолып өтті. Ақырын жымиды.

— Он ұлыңыз да алмас кездіктей бірінен-бірі өткен асыл! Таңдау да қиын, — деді ол сол жымиған қалпында, — әйтсе де хан ата, сізден бір тілегім бар...

— Айт.


— Орындайтын болсаңыз... айтайын.

Хан ойлана сөйледі.

— Орындалмайтын тілекті Аққозы келіннің өзі де сұрамас деп жоримын. Егер Сайбан шаңырағына кір келтірмейтін болса...

— Жоқ, кір келтірмейді. Менің өтінішім абыройыңызға абырой қосады.

— Тыңдалық онда. Айт.

— Айтсам... — кенет Аққозы қойнынан қара құранды суырып алды. — Міне, құран, хан ата, — деді ол. — Осы құранды басыма көтеріп тұрып өмір-бақи ерсіз өтуге ант етемін. Сізден өтінемін, антымды бұздырып қарғысыма қалмаңыз.

Орақтың қалай өлгенін Аққозының естігенін хан бірден ұқты. Бір сәт он ұлын бір жылқышы құрлы көрмеген тәкаппар келінін антын бұзғызып, еріксіз аттастырып өшін де алмақшы болды. Әйткенменен, бұның бәрі хан үйіне кір келтіретінін ойлап Әбілқайыр:

— Бердім тілегіңді, — деді басын жерден көтермей.

Жұмақ күнді дозаққа айналдырған, о сөлекет дүние! әттең, әттең, өмір-бақи ерсіз өтуді ант еткен Аққозы Орақтың тірі қалғанын білген жоқ. Бұл адам сенгісіз ғажайып оқиға еді. Тастай қараңғы түнде құйрығына байланған заттан үріккен Ақбақай тарсылдата жөңкіп шауып келе жатып, алдында жатқан қара суға күмп берген. Артындағы заты су жағасында өсіп тұрған жуан үйеңкі талдарға маталып, бөрте ат қорықты көл шетіндегі қалың шылға шырмалып не әрі, не бері жүре алмай қалған. Таңертең жылқы суаруға келген жылқышылар ұзын арқанға байланған, бет-аузының тамтығы жоқ, тек кеудесінде шығар-шықпас жаны бар Орақты тауып алған. Болған оқиғаны айтпай түсінген серіктері көзден таса, Ұлытау маңындағы бір үңгірге апарып баққан.

Бұл жайды Әбілқайыр хан да білмеген. Тек бес жыл өткеннен кейін ғана, соңынан аламанын ертіп, әлсін-әлсін жылқысын шауып маза бермей жүрген жыртық бет, жалғыз көз батыр осы Орақ екенін естіген.

Ал, ол күндері хан Орақты ат құйрығына байлатып біржолата жоқ еттім деп ойлаған. Сондықтан да келіні құран алып ант еткенде, «Орақ болса да жоқ, мейлі» деп тілегін бере салған. Хан қабағының ашылмауына, әрине, Саян да себеп болды.

Әбілқайырдың Бүркіт руынан алған әйелінен Шах-Будақ сұлтан мен Қожа Мұхамед, Маңғыт бәйбішесінен Ахмет пен Мұхамет-сұлтан, Қоңырат руынан алған бәйбішесінен Шайх-Хайдар, Санжар, Шайх-Ибрагім, төртінші бәйбішесі Ұлықбектің қызы Рабиу-Сұлтан-Бегімнен Күшкінші мен Сүйіншік сұлтан туған-ды. Шабуылда тоқалдыққа Барлас руынан алған әйелінен Ақ-Бұрық пен Саид-баба дүниеге келген. Осы он бір баладан ең тұңғыш Шах-Будақ пен Рабину-Сұлтан-Бегімнен туған Сүйіншік сұлтан бір төбе де, өзге балалары бір төбе болатын. Шах-Будақ о дүниеге аттанғаннан кейін, Әбілқайырдың үлкен баласына деген махаббаты одан қалған екі ұлға ауған.

әсіресе екі баланың үлкені Мұхамед-Шайбаниды өте жақсы көретін (бұл атты да оған өзі қойған). Ал балалық мінезінде де Шыңғыс ұрпағының қанына біткен қайсарлық, қағілездік бар-ды.

Келіні Аққозыға деген ашуын да хан осы екі немересін жетім қалдырып, өксітпейін деп әзер кешірген-ді.

Ал осы он бір бала, олардан туған толып жатқан немересінің ішінен Әбілқайыр келешекте Ордамның тірегі болады деп нағашысы Ақсақ Темірге тартқан, кесіп алса қан шықпас қатал, Сүйіншік сұлтан мен немересі Мұхамед-Шайбаниды ерекше көңіліне қуат ететін. Әке балаға сыншы, өмір Әбілқайырдың болжауын дұрысқа шығарды. Бірақ болжауы дұрыс болғанмен де, бұл екеуінен Сайын тағы әзірге тым алыс жатқан-ды. Шах-Будақтан кейінгі кезек Шайх-Хайдардікі еді.

Бұрындықтың атасының тағының жанына келген Мұхамед-Шайбаниға шүңет көздерімен аса бір өштене қарауынан, немересінің тағдыры жеңіл болмайтынын, басынан талай ауыртпалық, қанды тартыс өтетініне хан шек келтірмеді. «Соның бәріне осы албырт Мұхамед шыдай ала ма? Шыдай алса, жауына төтеп бере ала ма?» деген қобалжу сұрақ осы тойдан кейін оның ойынан кетпей қойды. Қыран құс балапанын басып шығарарда, ең алдымен өзінің ұясына жақын жерден туатын қауіпті ойлайды дейді. Егер ол қауіп жылан, не болмаса басқа бір қорқынышты жыртқыш аң болса, сол жауларын жойып, ұясына туар қатерден балапанын құтқармай, жем іздеп алысқа ұшпайтын көрінеді.

Мұхамед-Шайбаниге деген Бұрындықтың көзінде жарқ еткен өшпендік отты Әбілқайыр есінен шығара алмай қойды. «Немереме жақын жау, сыбдырын білдірмей шағар улы жылан осы Орыс ханның ұрпақтары, — деді ішінен Әбілқайыр, — егер ұрпағың қауіп-қатерсіз дүние қызығын көрсін десең ең алдымен осы Бұрындықтардың көзін құрт!».

Ал екінші жақсы көрері Сүйіншікке келгенде Әбілқайыр бір орнында отыра алмайды. Астынан сыз өткендей түрегеліп келіп, ерсілі-қарсылы ызалана жүре бастайды. Ханның бүйтуі тек Рабиу-Сұлтан-Бегімге деген қызғаныштан ғана тумаған-ды. Жан күйінер, намысына тиер басқа да бір қырсық пайда бола қалған.

Алдыңғы жылғы Қорасан жорығынан Әбілқайыр, жүзіктің көзінен өтердей үш текежаумыт күрең бесті әкелген. Хан ордасына тиісті олжаны бөлгенде, әлгі бестілерді сый-сияпат етіп сүйікті кіші бәйбішесі Рабиу-Сұлтан-Бегім сұлуға тартқан. «Аулың көшкенде, екі балаңмен үш күреңді мін. Ақсақ Темірдің немере қызына сөйтсе, жарасады» деген. Осы бір сөзімен бүкіл Азия мен Үндістанды тітіреткен ұлы әмірдің шаһарын шауып, немере қызын тартып алып, әйел етіп отырса да, қанды көз Көрегеннің аруағына бас иетінін білдірген. Бұл тарту, өзге бәйбішелерінің арасында кезінде күндестіктен туған жанжал да шығара жаздаған. Сол бестілер биыл ауыздарымен құс тістейтін жеті жасар ат болған. Биылғы тойда Әбілқайыр оларды да бәйгеге қосып көрмек боп, Рабиу-Сұлтан-Бегімге:

— Ханым, үш күреңді тойға мінбей апарыңдар. Тарланкөкпен бірге бәйгеге салмақпын, — деген.

Сүрме қасты, аққудай аппақ, отыз беске, келіп қалса да, әлі де шаңқай түстей жарқыраған сұлу Рабиу-Сұлтан-Бегім:

— Үш күрең бәйгеден келсе бірге келеді, қалса бірге қалады, — деген, қарақаттай мөлдіреген үлкен бота көздерін найзадай ұзын кірпіктерінің астынан хан тағындағы еріне жаудырата қадай, — тізбектеліп ұшқан қоңыр қаздай үшеуінің қатар келгені жарасымды. Бірақ бұ жолы бәйгеге салудың реті қалай болар екен, ортаншысының аяғына жем түсіп, ақсап жүр. Қабылбай сынықшы кеше қарап кетті.

— Олай болса, бұл жолы қоя тұрайық, — дей салған хан.

Батыр Саян жанындағы екі күзетшімен Сығанақ жаққа, дәл сол күні қораға әкелінген осы үш күреңмен қашқан. «Бақытты жігіт жалғыз ғана ханның жас бәйбішесін құшып қоймапты, әрқайсысы бір рудың жылқысына татитын үш сәйгүлік жүйрігін мініп кетіпті! Қандай қорлық, ханның намысын аяққа таптар қылық!» Сыбырлағанды құдай естімей ме, құдай құлағына жетер сөзді, жұрт қалай сақтанып сыбырласа да хан құлағына да жеткен. Әбілқайыр жұрт өсегін ойына алса болғаны, шиырқап шабатын бурадай қаһарлана түседі. «Рабиу сұлу мен батыр Саян арасындағы баяғы жел сөз бен үш күреңнің ауылда қалуы... Үш күреңді үш кісінің мініп кетуі — бәрі бір түйін» дейді хан ішінен және бас уәзірі Бақты-Қожа арқылы үш күреңді той алдында Қабылбай дәруіштің көрмегені анықталған. Сірә, ханым берген сыйлыққа қызыққан болуы керек, Қабылбайдың өзі үш күреңді қарағам депті, ал оның бірге еріп жүрген шәкірттері сынықшының бұл күндерде тіпті Орда-Базарда болмағанын айтыпты. Ханда «Бақты-Қожа уәзірі бір жаман оймен шындықты бұрмалап жүр ме, әлде сынықшы шәкірттерінің арасында күншілдік боп, Қабылбай қарттың сөзін әдейі бұрған жоқ па екен» деген ой болмаған-ды.

Онсыз да жүрегіне тұнып жүрген бұл сөздер ханды өзінің тұңғиығына батыра берген. Әбілқайырдың көкірегін Рабиу-Сұлтан-Бегімге деген өшпенділік уы жайлаған. Көзіне шөп салған, арын, намысын қорлаған жігітпен арасындағы қаңқу сөзді былай қойғанда, бүкіл елге әйгілі үш жүйрігіне мінгізіп, оны ажалдан құтқарып жіберген ерке бәйбішесінен енді хан Ақсақ Темір тұқымына дақ салардай өш алуды ойлаған. Өш алуға келгенде Әбілқайыр, қайын атасының кеше бүкіл әлемді тітіреткен аруағынан да, оның ұрпақтары билеп отырған елдердің қаһарынан да қорықпаған. Рабиу-Сұлтан-Бегім Ақсақ Темір немересі болса, мен ұлы Шыңғысханның әулетімін деген. Бұл ашудың үстіне Рабиу-Сұлтан-Бегімнің тағы бір қылмысты қылығы жамалған-ды. Тағы сол Бақты-Қожа уәзірдің айтуы бойынша, батыр Саянның жанына күзетке Арғын жігіттерін қойдырған ханның сүйікті кіші бәйбішесі Рабиу-Сұлтан-Бегімнің өзі болып шықты. «Күзет бастығын да сатып алған секілді. Және жоғарғы мәртебелі ханымның Арғын билерімен де байланысы бар тәрізді» деген сол баяғы Бақты-Қожа уәзір. Арғын билерімен байланысы бар деген сөз — ата жауы, бақ күндестері өздерін Арғын сұлтандары санап жүрген Жәнібек, Керейлермен тілегі бір деген сөз. «Бұдан артық ханымда қандай күнә болуы керек? Мұндай күнә опасыз әйелі түгіл, пейіштегі қор қызын да дарға асуға жеткілікті емес пе! Бірақ дарға асу аз жаза! Оған бүкіл төркінін, атақты Ақсақ Темірдің ұрпағын бар әлем алдында қарабет ететін жаза қолдану мың да бір сауап!» Хан қабағын қарс жауып алтын мен күміске бөленген кең сарайын тағы кезе бастады.

Бірақ Ұлы ғалым Ұлықбектің қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім Әбілқайыр мен оның уәзірі ойлаған қылмыстардан мүлдем ада еді. Мұндай күнәға қасиетті ата-анасынан алған үлгі-ілім, тәрбиесі де, өзінің мөлдір бұлақтай кірсіз таза жан сезімі де оны еш уақытта да жуытпас болар. Батыр Саянды Сүйіншікке аталық етуге тырысқаны да, басына ажал қылышы төнген сәтте жігіттің құтылып кетуіне жәрдем бергені де рас. Бірақ бұлардың бәрі де басқа мүдделерден туған-ды.

Хан кенет тоқтай қалды. «Рабиу-Сұлтан-Бегім сұлудың қаны дәл осылай төгілсе, бұдан сауапты жаза бар ма? Атасы Ақсақ Темірдің әділетті заңы енді өзінің немере қызының басын алсын. Кек сөйтсе ғана қайтады!» Әбілқайыр бүгінге алғашқы рет езу тартты.

Қазақ жеріне келген шапқыншылардың Шыңғысхан мен Батудан кейінгі «қылмыстыларға деген заң-ережесі» қанқұйлы қатты болғаны Ақсақ Темірдікі еді.

Солардың ішінде әсіресе «Ана алдында қылмысты балаға, бала алдында күнәлі анаға» деген жаза тәртібі ерекше сойқан болатын.

Бала алдындағы күнәлі ананың жазасын баласы айтуы керек. Іштен жарып шыққан, ақ сүтін емізген, бауыр етіндей тәтті баласы айтқан жазадан ауыр, одан артық жанына батар үкім бар ма? әсіресе, егер ана бала алдында жазықсыз боп, тек оны қанішер жаулары ұйымдастырса бұдан асқан қиянат табылар ма?

Аяулы анаға, тіпті күнәсі болған күнде де, сол баланы өмірге әкелген, «құлыным» деп түн ұйқысын төрт бөліп аялай сүйген сорлы анаға, дәл мұндай сұмдық жазаны Ақсақ Темір қалай шығарған? Көреген деген атақты оған неге берген?

Әбілқайыр дәл бұл сәтте қатал әмір-Темірдің шығарған жазасының қиянаттық жағын ойлаған жоқ, ол тек кегінің қайтуын ғана көздеді. «Анасының күнәсіне көзі жеткен баласы Сүйіншік өзі айтады Рабиу-Сұлтан-Бегімге өлім жазасын. Өзі болып бірінші тас атады... Содан кейін діншіл, қанішер мүрит, мүзәйімдер қарабет ханымды «лағнет» тасымен шөкелеп өлтіреді. Сонда ғана Рабиу-Сұлтан-Бегімнен қату боп байланған кегім қайтады. Жоқ, жалғыз ғана Рабиу сұлудан емес, сондай қыз тәрбиелеген бүкіл Ақсақ Темір әулеті қара жүз болады. Ақсақ Темір әулеті! Сол әулетке жиендік жағынан менің сүйікті ұлым Сүйіншіктің өзі де жатпай ма?

Жатса мейлі! Шайбани тұқымы таза болу үшін, бұл арада таспейілдік жөн. Бастан құлақ садаға! Иә Рабиу-Сұлтан-Бегім осылай өлуге тиісті! Бұлай өлу тек әмір-Темірдің заңына ғана емес Мұхаммед пайғамбардың да шариғатына дәлме-дәл... Туған анасын Сүйіншік сұлтан осылай жазаласа, осылай өлтірсе, түбі Сүйіншік сұлтан Көк Ордаға ие бола қалса, мәңгі-бақи нағашы жұртының ықпалынан кетеді. Алдағы уақытта олардан мүлдем алыстайды. Шайбани әулетінің Өзбек ордасындағы өмірі осылай таза сақталуы керек. Ал туған анасына мұндай жаза айтуға Сүйіншік көнбесе? Онда Күшкінші сұлтан бар емес пе? Жоқ, Сүйіншіктің үкімімен өлуі керек! Сүйіншік жалғыз менің ғана емес, Рабиу-Сұлтан-Бегімнің де ең жақсы көрер кенжесі! Жақсы көрер адамның сілтеген таяғы жау таяғынан анағұрлым ауыр тиеді».

Әбілқайыр күміс қоңырауды қақты. Батыр Саяннан айрылып қалғаны үшін хан үкімін күтіп Оспан-Қожа дәйекші зынданында жатқан. Үйге Бақты-Қожа уәзірдің өзі кірді.

Хан есік алдында әмір күтіп тұрған уәзірді жоғары жақтағы кілемнің үстіне апарып отырғызды. Әбілқайыр енді бүкіл Дәшті Қыпшақтың әміршісі емес, түнде үй тонауға шыққан ұрыдай сыбырлай сөйледі. Бақты-Қожа уәзір хан сөзін кейде естіп, кейде естімесе де, оның жұқа ернінің қимылдауынан, көзінде кенет жарқ ете қалған рақымсыз оттан Әбілқайыр ойының бәрін түсінгені көрініп тұр. «Дұрыс, хан ием, дұрыс!» деп кеудесінде тулай жөнелген қуаныш толқынын баса алмай, кенет дауыстап жібере жаздайды да, дер кезінде өзін-өзі әзер ұстап қалады. Жан-жағынан діншіл, есуас топтың таспен шөкелеп жатқан Рабиу сұлудың қан-қан болған суретін бір мезет ол көз алдына елестетеді де, ішінен «Сол керек саған Темірлан қаншығы. Мені уәзір еткізбеймін деп бекер жанталаспаған екенсің, енді айыбыңның есесін өзім қайтарамын» дейді.

— Анасының күнәкар екеніне баласының көзін жеткізу керек. Сөйткен күнде ғана өлім жазасын Сүйіншік сұлтанға айтқызған лауазым, — деп Әбілқайыр хан сыбырлауын тоқтатты.

— Құп, тақсыр, әміріңіз орындалады, — деп уәзір басын иді. Сөйдеді де бұ да сыбырлады. — Рабиу ханым жазасын айттыңыз, ал Ақжол биді қайтеміз? Батыр Саянды қашыруда оның да күнәсі бар...

Күні-түні ақыл-ойын кіші бәйбішесіне деген өшпендік билеп кеткен хан, уәзір сөзін бірден түсінбеді. Ұғып еді, көңілінде үнсіз жатқан күдік кенет шағатын жыландай жиырыла қалды.

Бақты-Қожа бұл сұрақты бекер бергенін артынан ұқты. Көңілге кірген түйткіл, қылаң берген жаумен тең. Ақжол би де бұның бас уәзір болмауына көп ой салған. Бақты-Қожа: «Ақжолға өш екені ханның өзіне аян, содан сескеніп Рабиу-Сұлтан-Бегім ханымға деген ойымның беті ашылып қалмаса нетсін? Рабиу-Сұлтан-Бегімнің де мені бас уәзір еткіздіргісі келмегені өзіне мәлім...» деді ішінен.

Әбілқайырдың сезіктеніп қалғаны да рас еді. Рабиу-Сұлтан-Бегім мен Ақжолды осы уәзірге бекер тапсырдым ба, қалай? Өш аламын деп тым асығыс кетер ме екен? Бірақ әлгіде ғана жыландай, ой түкпірінде шумақтала қалған күдік бұдан әрі жазылып енді қимылдамады, сол жиырылған қалпында қала берді. Рабиу-Бикеге деген көптен көкірегінде ұялаған сенімсіздік бұрынғысынан да күшейе түсті. Енді ол: «Бәсе, Ақжолдың тағдырын қалай шешу керек?» деп бір ашуға бір ашуды қосты. «Батыр Саянды құтқарушының бірі Ақжол би екені сөзсіз. Және Рабиу-Сұлтан-Бегім бәйбішеммен байланысуларына қарағанда, Арғынның бұл жүйрігі дүбірді алыстан қозғаған секілді. Маған деген көрлерін тереңнен қазайын деген бе, қалай? Иә, солай тәрізді. Мұндай жағдайда Ақжолды аяудың қажеті бар ма? Ақжолды аямау деген сөз, Жәнібек пен Керейдің шаңырағын ортасына түсірумен бірдей. Арғын биінен алынған өш, Керей мен Жәнібектен алынған өш!».

Орыс хан ұрпақтарының есімі аузына түсіп еді, Мұхамед-Шайбаниға қараған Бұрындықтың кейпі қайтадан көз алдында елестей қалды. «Біз Жошы тұқымының сұлтандары бәріміз де осындаймыз. Дәшті Қыпшақ тағына ие болу үшін мен Жошыдан шыққан қай адамды аядым? Қолына күш тисе Бұрындық та соны істейді. Ал күш тиіп қалуы да мүмкін. Қалың қазақ руларына олар текке иек сүйеп отырған жоқ. Рас, бұл руларды Арғын бастағысы келгенмен өзгелерінің басы қосылмай жүр. Үйсін, Наймандар әлі де ауа жайылуда. Алдағы бір айла бұлармен Жәнібек пен Керейді, қала берді олардың балалары Қасым мен Бұрындықты біріктірмеу керек. Ал біріктірмеудің жалғыз жолы баяғы бір кәрі амал — ажал... Түбірімен жұлынған шөп қана қайта өспейді. Құр үстін шабудың қажеті жоқ: Өзбек ордасы Ақ Ордаға айналмасын десең, Жәнібек пен Керейді түп-тамырымен құрту шарт, бірақ Арғындармен ымдас руларға сөзін өткізе алатын Дайырқожа — Ақжол би тұрғанда ол мақсатқа жету қиын. Ақжол би Жәнібек пен Керей үшін отқа күйіп, суға батуға бар. Иә, ең алдымен Ақжол бидің өзін...

Әбілқайыр хан Ақжол биді жоқ ету — жатқан жыланның құйрығын басу екенін дәл осы сәтте есепке алған жоқ. Баяғы көкіректі жайлаған өшпендік уы, баяғы хан тағын қорғау қаупі тағы жеңді. Бірақ уәзірге ол:

— Ең алдымен Рабиу-Сұлтан-Бегім жайында айтылған әмірді орында, —деді, — Ақжол бидің тағдырын сосын шешеміз.

Бақты-Қожа уәзір:

— Құп, тақсыр, — деп орынсыз күмәнданғанына көзі жетіп, тәжім етіп үйден шығып кетті. Бірақ ізін ала қайта кірді.

— Қара Қыпшақ Қобыланды сіздің алдыңызда бас имекші, — деді шығыс ғұрпымен орағыта сөйлеп.

— Жақсы, кірсін, — деді Әбілқайыр, үре түрегелген иттердей өзіне тарпа бас салған қалың ойды қуа беріп.

Иә, хан ойланатын іс қазір мол еді. «Өз әкесі Ұлықбекті өлтіріп, Самарқант әмірі болған әбдуәли-Латиф мырзадан кейінгі әміршісі Ақсақ Темірдің екінші баласы Шахрух мырза өзінің Әбілқайыр ханға бағынышты екеніне қарай, Үндістан мен Иракқа жорыққа шығыпты. Бұл қай саясаты? Үндістан мен Иракты өзіне қаратса күшейемін дегені ме? Иә, солай болар. Шахрух мырза күшейсе ең алдымен Әбілқайырдың құрығын үзуге тырысады. Жоқ, ол болмас. Шахрух мырзаны біржолата құрту үшін Самарқант билігін өз ұлдарымның біреуіне беру керек. Шахрухтың басын жоятын мезгіл жетті. Моғолстанның да қазір өрісі кеңіп алды... Исан Бұғы хан Жәнібек пен Керей сұлтандарға көңілдес. Бізбен кереғар. Бұл ханды да жөнге салар бір қайың құрық керек-ақ! Түбі Моғолстанмен бір айқасуым кәміл. Мүмкін қазір айқасқан жөн бе? Бүкіл Дәшті Қыпшақ, Хорезм, Моғолстанның солтүстік-шығыс жағының әжептәуір жері қолымда тұрғанда, ала ауыз Жағатай ұрпақтарына күшім жетуі ғажап іс емес. Бірақ сондай байтақ елге жорыққа аттануға денсаушылығым көтере алар ма екен? Ақсақ Темір Мауреннахрға бабаларын Кавказдан құл етіп айдап әкелген, қазір ұрпақтары мұсылман болып кеткен, атақты балгер-дәруіш әбдіразақ Нахичевани кешке «хан ием, буындарыңызға тұз ұялай бастапты. Сары ауруға шалдығып кетер қаупі бар. Бір-екі жыл жорықты қоя тұрып, Мауреннахрға барып, ыстық бұлақ суларымен емделгеніңіз жөн болар» деді ғой. Бұл ақылды еске алмасқа бола ма? Жаулап алған бүкіл әлемнен түбі саған тиері екі құлаш қара жер ғана ғой, дүние жүзін билеймін деп жанталаса берудің қандай қызығы бар? Ханның бұл өлімнен қорыққаны емес. Адамның өзіне тимей кетпейтін бір үлесі бар. Ол бақыт та емес, тек өлім! Әбілқайыр бұны жақсы біледі, енді өз ойына өзі күлді. «Дүние шіркін қандай тәтті! Оның өлімнен күштілігінің өзі сонда ғой, қара жерге кіргеніңше сол үшін алысып өтесің! Үрім-бұтағым деп алысасың» кенет есіне Шыңғысханның ескі өсиеті түсті. Шыңғысханның жер-жиһанға аты жаңа тарап, қырықтан асып бара жатқан кезі екен, жанында бір топ нояны бар аң аулап келе жатыпты. Кенет жас ноян Сүбітай баһадур: «Тақсыр хан, қараңызшы!» деп оң жақтарындағы биік жартастың етегін көрсетіпті. Биік құз, етегі қалың көгал шөп, ортасында селдір құрақты бұрала сылдырап аққан күміс бұлақ. Осы бұлақтан су ішіп бір топ киік тұр. Жел қарсы жақтан болғандықтан киіктер Шыңғысхан тобының сыбдырын естір емес. Ханның оң жағында келе жатқан ноян иығынан садағын жұлып алып, киіктің шеткі марқа қошқарын іліп түспекші болып, көздей бастады. Бірақ Шыңғысхан «тұра тұр!» деп қолын көтеріп, садағын тартқызбай қойды. Ханның қырағы көзі дәл осы сәтте басқа бір кереметті шалып қалған. Ол алдыңғы жағына ентелей қарады. Сөйткенше болған жоқ, нояндар киіктердің ар жағындағы көлден шығып, шың түбімен өрмелей келе жатқан ұзындығы бес құлаштай қара шұбар жыланды көрді. Әлгі ноян енді садағын киіктерге қарай ақырын жылжи таяған әп жы-

ланға көздей бастап еді, Шыңғысхан қолын көтеріп тағы атқызбай қойды. Киіктер өздеріне жақын қалған ажалды сезді ме, кенет құлақтарын едірейтіп жан-жақтарына елеңдей қарады да, айдаһарды көріп ата жөнелді. Бірақ олар тым кеш қимылдады, әп жылан лақтырған бүйендей кенет жуан шұбар денесін сопаң еткізіп бір ытқытты. Сол сәтте шеткі жас киік «бақ» ете қалды. Жыланның орала түскен балуан денесінің бір сығуынан киік қалмады. Екінші рет бақыруға да жарамады, жас сүйегі сытыр-сытыр сынып, заматта жан берді. Енді жылан жазылған арқандай бес құлаш денесін созып жіберді де арандай аузын ашып, киікті жұтпақ болып ыңғайлана берді. Жаңағы ноян үшінші рет садағын кезенді. Шыңғысхан бұ жолы да оны тоқтатты. Жылан киіктің бас жағынан шығып енді жұта берем деген кезде, кенет «шаңқ» еткен дауыс шықты. Қайдан келгені белгісіз, кереге қанат ақ иық қыран көктен түскен тастай жарқ етіп айдаһардың үстіне құлады. Екі алып алай-түлей жұлысты да қалды. Қайсысының қыран, қайсысының жылан екенін білу қиын, бірі қара шұбар, бірі тарғыл жүнді таудың ақ иығы. Тек бірін-бірі құшақтай жұлқыласқан, жанта-

ласқан, жартас етегінде шыр-көбелек айналып домалаған, будақталған түйін ғана көрінеді. Көктен түскен қыран, сірә, қанжардай тырнақтарын жыланның ең жанды жерлерінен салған болуы керек, анау оны қанша орап алып сығып құртам десе де болмады. Сүт пісердей алысқаннан кейін айдаһар иірілген денесін дірілдей созып, кенет сылқ етіп құлап түсті. Бүркіт айдаһардың шу дегеннен-ақ бір аяғымен көк желкесінен ап, екінші аяғын омыртқа тұсынан сап, артына қайырып өлтіргенін нояндар енді көрді. Адамның басы мен аяғын ұстап артына қайырып, омыртқасын сындырып өлтіретін нағыз Шыңғыс жаналғышы дерсің! Қыран жыланның басын денесіне дарытпапты. Ананың тек ирелеңдеген бөксе жағы ғана қыранға жабыса беріпті. Қанжардай өткір сояу тырнақтар қойсын ба, көк желкеден түсіп, тамағына дейін бүріп, айдаһарды әрі тұншықтырып, әрі арқа сүйегін күйретіп жіберіпті.

Ақ иық айдаһарды өлтіргеннен кейін, нояндар енді оны жас бағлан киіктің етімен тояттанар деп ойлады. Жоқ, олай болмады. Бүркіт киік етіне көз де салмады. Әлі жаны шығып бітпей, ақырын ғана діріл қағып жатқан әп жыланның денесіне қанжардай сояу тырнақтарын салып жіберіп, әп-сәтте күлпаршасын шығарды да бөлшектенген етімен қомағайлана тояттана бастады. Әбден тойып алғаннан кейін ғана барып, анандай жерде жатқан киікті көтеріп алды да кереге қанаттарын жая, шаттана шың басындағы ұясына қарай шырқай жөнелді.

әп жыланның бес құлаш ұзындыққа жетуі үшін ең аз дегенде жүз жыл өмір сүруі керек екенін білетін бір нояны Шыңғысханнан:

— Ұлы хан, әлгі қыран жас бағлан киіктің етімен емес, кәрі әп жыланның сіңір етімен неге тояттанады? Сол жас бағлан еті үшін өзі әп жыланға түскен жоқ па еді? — деп сұрады.

Сонда Шыңғысхан:

— Досыңнан қасыңның еті тәтті. Ал қасыңнан өзіңмен алысқан жауыңның еті тәтті, — депті.

әңгіме бұнымен бітпеген. Шыңғысхан қартайып келе жатқан кезінде тағы да аңға шығады. Баяғы өздері көрген шыңның жанынан өтіп бара жатқандарында қазір егде тартып қалған Сүбітай баһадур тағы да:

— Ұлы хан, қараңызшы! — деп шың жақты көрсетеді.

Нояндар жалт бұрылады. Бір жағын пышақпен кескендей баяғы қап-қара биік құз... Осы құздың тұсынан ұзындығы үш құлаштай қара шұбар әп жылан жоғары өрмелеп бара жатыр. Жартастың орта шеніне таяп қалған. Қырағы көздер көріп тұр, жартас түстес шұбар жылан жоғары қарай ақырын қозғалады. Құлар болса өзінің де тамтығы қалар емес. Бұны осыншама қауіпке салар қандай күш? Күш — біреу. Ол ата кегі, мынау шұбар аждаһа баяғы қыран өлтірген аждаһаның ұрпағы екені сөзсіз. Сондағы жартас, сондағы ұя, атадан әкеге, әкеден балаға қалған өшпенділік. Әр жылжығаны ажал, осынау қауіпті сапарға бұл жас аждаһаны да аттандырған сол ежелгі өштік. Нояндар шың басына қарады. Ернеуіндегі қуысқа жабыстыра салған қыран ұясы. Жаз ортасы, қыран балапандарының қанаттанып ұшып кете қоймаған кезі. Өздеріне жылжып келе жатқан ажалды сезгендіктен бе, олардың үрейлене шыққан шаң-

қылы еміс-еміс естіледі. Нояндар жылан сырын енді түсінді. Мынау әп жылан ата кегін енді қарт қыранның балапандарынан алмақ!

Шыңғысханның оң жағындағы, қазір қартаң тартқан баяғы мерген бас ноян садағын қолына тағы алды. Шыңғысхан осыдан жиырма бес жыл өткен әдетіне сай оны тағы тоқтатты.

Жас жылан, келе жатқанымды көріп балапандардың күні бұрын зәресі ұшып өлсін дегендей асықпай жылжиды. Ұяға міне, үш құлаш жер қалды. Тағы да жылан өрмелей түсті, енді екі құлаштай ғана єалды. Жылан енді бір өрмелесе ұяға да жетеді. Қарт қыранның балапандарының жас қанын ішіп, ол ата кегін қайтарады. Жылан енді ақырғы рет өрмелеп ұя аузына да жетті. Қыран балапандарының шырылдаған дауыстары енді анық шықты. Мерген ноян тағы да садағын қолына алды, Шыңғысхан тағы да тоқтатты. Жыланның басы қыран ұясы салынған қуысқа кіре берді. Дәл осы кезде кереге қанаттары суылдап қыран да жетті. Бұл сөзсіз баяғы қыран. Бірақ қанат серпісі баяғыдай дауыл тұрғызар екпінді емес, қартайған... Әйтсе де жаратылысынан жасқануды білмеген жау жүрек қыран, қартайдым, алысар қуатым жоқ деп жас жыланнан сескеніп шегінген жоқ, алыс жолдан талып келген қанатын ең ақырғы рет пәрменінше сілтеп, жартастың дәл төбесінен бауырлай түсіп, бір аяғымен жыланның құйрығынан іліп төмен қарай лақтырған тасша құлады. Жыланның басы сопаң етіп шығып, шұбар денесі бір мезет жазыла көрінді де, әп-сәтте қайтадан жиырылды. Енді оның лақа балық басындай жалпақ басы жоғары қарай көтеріле берді. Бірақ жылан басы қыран денесіне тиіп үлгермеді. Сын айқаста тәжірибе алған қарт қыранның бос аяғының мұқала бастаған, бірақ әлі де сояудай тарбиған тырнақтары жыланның тасырайған қос көзіне барып қадалды. Екі алып осылай айқасқан қалпында жерге келіп құлады. Тағы да баяғы жан аяспас жұлыс, орала жұмарланған денелер. Жастың аты жас, бұл жолы әп жылан қыранды ортан белінен орап алған-ды. Күші қайтқан қыранның мұқалған тырнақтары аждаһаның құйрық жағын босатып жіберді. Бұ жолы алыс ұзаққа созылған жоқ. Қыран бір мезетте жылан құшағынан босап шыға берді. Ол енді бір қанатымен жерді сабалай, ілби шоршып жанындағы кісі бойлы жартасқа шықты. Бұл кезде қыранды қоя берген әп жылан құйрығымен жер сабап, иіріле дөңбекши, өзімен-өзі әуре боп жатты. Қыран қырындау жағынан шығып тастың басына барып отырды да жерде тулап жатқан жыланнан көзін алмай қатты да

қалды. Шыңғысхан тобынан да сескенбеді. Өз денесін өзі тауға да, тасқа да ұрып тулап жатқан жылан әрі-беріден кейін әлсіреуге айналды. Қыран әлі қозғалған жоқ. Жылан өрім-өрім болған денесін, ақырғы рет бір мәрте жиырды да кенет жазыла бастады. Тас басында тапжылмай отырған қыран осы сәтте қуана шаңқ етті. Кереге қанаттарын жайып жіберіп көкке қарай талпынды, бірақ түбінен опырылған бір қанаты екінші рет қағуына жарамай ол төмен қарай жантая құлап, жаңа ғана өзі көтерілген жартастың сүйір ұшына кеп кеудесімен ұрды да, шалқасынан түсті. Екінші рет көтерілуге жарамады. Ақырғы рет қанталаған көздерімен көк аспанға қарады да, бір-екі рет сау қанатымен дірілдей жерді соғып, тына қалды. Шыңғыс тобы шың етегіне таяды. Қыран бір аяғының тырнағымен жыланның қос көзін ойып түсіріп, екінші аяғының тырнақтарымен кеңсірігін ет-метімен жұлып алыпты. Жылан әлсіреп барып жан тапсырыпты. Бірақ бұ да өз есесін жібермепті, алып денесімен орап қыранның бір қанатын топшысынан сындырыпты...

Жыланның өлгенін көргенде шаңқ етіп қуана шыққан қыран даусы әлі құлағында тұрған Шыңғысхан:

— Мына қыранның арманы жоқ, — деді. — Ол алғашқы жолы өзінің қайратты кезінде тайталасқан жауын алысып жеңді. Бұ жолы өзі өлсе де балапандарын ажалдан құтқарып өлді. Мына аждаһаның балалары өсіп, өшін алғанша, анау шың басындағы ұядағы балапандар да қыран болады. Олардың өз тартыс-

тары басталады. Ал қарт қыран өз борышын атқарып ажал тапты. Өзі барда ұрпағына қауіп тудырар жауын құртып кетті. Осылай ажал тапқан ақиық ақырғы рет көк аспанға қанат жайып, өлер алдында қуана шаңқ етті. Сендер де осы қырандай болыңдар. Ажал сағаты келгенше монғолдың ұлы тағына қауіп-қатер туғызатын жауларыңды құрта беріңдер. Сөйтсеңдер бұл жалғаннан әлгі қырандай армансыз өтесіңдер, — деп сөзін бітірген.

Осы аңыз қазір Әбілқайырдың құлағында шыңылдап тұр. Оның ойынша дүние-жалған маңызы арғы бабасы Шыңғысхан өсиетіндей ұрпақтарының мәңгі құлпыра беруінде. «Ерте ме, кеш пе, бәрібір ажалдан құтыла алмайсың, ал сенің атыңның ұзақ не қысқа тұруы тек ұрпақтарыңның өмірімен байланысты. Сол ұрпақтарыңның өмірін ұзартуға сен өз борышыңды, әлгі қырандай, өтеп кетуге міндеттісің. Аурусың ба, ауру емессің бе, егер сенің алтын тағыңа ие болар немере-шөберелеріңе Моғолстан, Самарқанттардан қауіп туар болса сол қауіпті сен көзіңнің тірісінде құртып кет! Иә, солай»...

Хан сарайына кірісімен-ақ, Әбілқайырдың қалай ойға шомып кеткенін Қобыланды айтпай-ақ білді. Амал жоқ, үн-түнсіз ұзақ күтуге тура келді. Жасы егде тарта бастағанмен де ол әлі қызба, шыдамсыз мінезінен айырыла қоймаған-ды.

— Хан ием, — деді ызбарлы жуан даусын шамасынша ақырын шығарып. Терезеге қарап тұрған Әбілқайыр селк етіп жалт бұрылды. Дағдыланған оң қолы болат қанжарының алтын сабына барып та қалды.

— Мен сіздің қасыңыз емеспін...

«Иә, иә, бұл менің қасым емес. Ақжолдың қасы...» Әбілқайыр лып етпе сезімін батырына оңай аңғартып алғанына жаман өкінді... «Осыншама жұртты өзіме қаратсам да, осылай болмашы бірдемелерден елегізіп қаламын. Шіркін жаны құрғыр неткен тәтті едің...»

— Жай ма, батырым?

— Жай емес, хан ием, баяғы бір Ақжол би жайы да... Қобыланды мен Ақжол жанжалы ең алдыменен Әбілқайыр ханға қайсымыз ықпалымызды көбірек жүргіземіз деген бақталастықтан басталған. Иә, әрқайсысы өзін Яссауи мешітінің күмбезіндей зор санайтын екі рудың екі батыры жанжалдасса, оның артында тұрған екі ру ел де қырғи-қабақ болады. Араларына қылау түседі. Мұндай жанжалдар тек хандардың мүдделерінен шығуы керек-ті...

Әбілқайыр Ақжол мен Қобыланды арасын астыртын шоқ тастап шиеленістіре түскен. Бірақ бұдан екі батырдың өшпенділігі екі рудың өшпенділігіне айнала қоймады. Демек, Қобыланды мен Ақжол өшпенділігі күннен күнге өрши бергенмен де, жеке бастың өшпенділігінен аса алмады. Бұрын мұндай батырлар таласы бірден ойран-асыр рулар таласына айналып кететін-ді, бұ жолы ондай өрт шықпады. Тіпті айтыс, бәйге таластары да екі топтың уақытша қызбаланғаны болмаса, кектесіп, қан төгісер күйге жетпей қойды. Бұның себебі Арғын, Қыпшақтың басын қосып, өзіме қарсы салғылары келіп жүрген Жәнібек пен Керей сұлтандарда-ау деп жорамалдады хан. Ал шын себебі басқа еді. Кең байтақ далада бар күн көрісі мал бағу ғана болған қазақ рулары бірігіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың өте қажет екенін ұға бастаған. Жерінің шалғайлығы да, сол жердің шалғай болуын тілеп отырған мал шаруашылығы да, бірлесіп бір жерде отыруға мүмкіндік бермейтіні рас. Бірақ қазақ руларының түсіне бастаған тағы бір жағдайы бар. Ол жағдай бастары қосылмағандықтан көрінгеннің жеңіл олжасына айналып кете беруі еді. Осыдан барып бытыраған қазақ Жошы ұлдарынан да, Ақсақ Темір қосындарынан да жеңілген. Шапқыншылық заманда тағы бөтен жақтан келген бір басқыншының жеміне айналып кетпес үшін, бүкіл қазақ рулары бір жерде бас қоспағанмен де, әдет-ғұрпы, жайлау-қыстауына қарай одақтас жұрт болу керек екенін ұққан. Оларда енді Үш жүзге бөлініп қауымдассақ қайтер еді деген үміт туған. Үш жүз деп атқа бөлінбегенмен де үш сапқа ыңғайланып бастарын біріктіруге кіріскен. Дәл осы кезде Арқада көшіп жүрген Арғын мен Қыпшақ арасында да осындай одақтың лебі сезіліп қалған. Бұны жөн көрген осы екі рудың атақты биі, ақылгөй ақсақалдары Қобыланды мен Ақжол арасындағы кикілжіңді рулар жанжалын өршітпеуге тырысқан. Халық тұрғысынан дәстүрге айналған, әркім өз байлығын, ерлігін, шешендігін дәріптейтін айтыстарға қатынасқанмен де, бұл бірігудің абзал екенін Асан Қайғы, Қазтуған, Қотан секілді бүкіл қазақ қауымы ардақтаған жыршылар да қолдаған. Сол себептен екі батырдың дауы өз араларының дауынан аспай қала берген.

Ал осы дауды түбі Жәнібек пен Керейдің дауына аударсам деген Әбілқайыр әлі де болса Қобыланды мен Ақжолдың арасын оқта-текте бүлдіріп отыратын.

— Ақжол жайында дейсің бе? Оның жайын маған несіне айтасың, — деді хан баяу сөйлеп.

Қобыланды мен Ақжолдың арасындағы өшпенділіктің өзі білетін жайдан бөтен, біріне-бірі кешпес жау боларлықтай тағы да бір сырдың барын Әбілқайыр білмейтін. Сондықтан екі батырдың арасын тек өз тұрғысынан өршіте түскен. Түбін күтіп, өз басына тиер өсек-аяң сөздерге де шыдаған.

— Батыр Саянды Ақжол қашырып отыр ғой.

— Білемін...

— Білсеңіз... Кінәсі қолыңызда тұрғанда...

Әбілқайыр ақырын күлімсірегендей болды.

— Өйтуге болмайды. Ақжол жақтағылардың күші мол...

Қобыланды кенет ашулана қалды.

— Қандай күш?! ән мен сөз баққан Арғынның көп жігітін айтасыз ба? Рұқсат етіңіз, он сойылмен Ақжол бидің аулын тал түсте шауып берейін.

— Ақжол бидің аулы Жәнібек пен Керей сұлтанның ордаларымен қотандас отырған жоқ па? Ақжолды шауып жатқанда олар үндемей қалар ма?

Қобыланды бұрынғысынан бетер күреңденіп:

— Үндемей қалмаса тағы мейлі! Онда мен оларды Ақжолмен бірге шабамын.

Хан тұнжырап кетті. «Жоқ, жоқ, өйткізуге болмайды. Бүгін қара халық сұлтандардың ауылын шауып дағдыланса, ертең ханның Ордасына да лап беруден тайынбайды. Қардың басын қар алар, ханның басын хан алар. Қара халықты басқарудан туған таласымызды Шыңғыс ұрпағы өзіміз шешуіміз керек. Мейлі бірімізді біріміз қан жоса етсек, о да біздің ғана шаруамыз. Ал сұлтандар тағдырын бүгін қара халыққа шешкізсек, дағды алған бассыз кеткен ноқай тобыр ертең ереуілдеп Орда тағдырын өзі сойылымен шешеді. Иә, сонда Қобыландыға қандай жауап беру керек? әйтсе де, оның елу батпан шоқпарын сілтетіп қалған жөн-ақ».

— Ақжол батырдың көзі жойылса, Жәнібек пен Керей ең жанашыр адамынан айрылады.

— Олай болса, тек Ақжол бидің жалғыз өзін жоюға рұқсат етіңіз, хан ием!

— Бір адамды өлтіру үшін, он адам боп ауылды шабудың қажеті бар ма? әлде жекпе-жекке күшің жетпей ме?

Бұл сөз Қобыланды батырдың намысына тиді, бірақ ол хан алдында тұрғанын ұмытпай, қинала жауап қайырды.

— Жекпе-жекке Ақжол би шықпаса қайтемін, хан ием?..

— Онда... Жекпе-жек жүз кездесер жолын торлау керек.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет