Ажал үстемдігіңді жүргізудің ең берік құралы емес пе?



бет2/15
Дата14.04.2017
өлшемі3,54 Mb.
#13765
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

Жәнібектің осылай үйреткен бірнеше кереге қанат, ақ иық қыраны болушы еді. Бірақ қыс бойы аңға салған бүркіттерін ол жаз шыға түлетуге кіріскен. Күз таяп келе жатқан соң, кеше ғана ақ жем беріп, қырандарын баптай бастаған. Бүркіт салуға ерте болған соң, Жәнібек бұ жолы бүкіл Дәшті Қыпшаққа аты шыққан Сомбалақ атты қаршығасын алып шығуды жөн көрді. Хан шақыруынан қатты сезіктенген Жәнібек, бешпетінің ішінен қорасан болатынан жұқа етіп тоқыған шағын сауыт киді. Алдаспанын қамсыз қайрап, садақ жебесіне жаңадан сұңқардың қауырсынын қадады.



Ханның аңға аттанатын күні жеткенде адыр басына керней-зурнайшылары шығып, бүкіл даланы басына көтере, барылдата тартып, аңшыларға «жиналыңдар» деп белгі берді. Оқшау төбелі мидай дала. Ат құлағы мен бұйра қымыздығы аралас біткен жасыл шалғын. Әлжуаз сабақтары толығып ылдидағы қызғалдақ, сарғалдақтар көк майсадан жоғары көтеріліп, өрекпіп жеткен... Тұс-тұстан төбе басына сұлтан, әмір, бектер ағыла бастады. Кенет хан ордасы жағынан бір топ адам көрінді. Өзгеден сәл үздіктеу келе жатқан, жал-құйрығын түйіп тастаған күрең қасқа жүйрік ат мінген, үстінде аң аулауға деп арнап тіккен шолақ сауыт, зерлі күміс дулығасы бар Әбілқайыр ханның өзі. Соңынан ергендері үзеңгілес батыр нөкерлері. Кілең жеңіл сауыт, ықшам киім киген. Аттарының бәрі жал-құйрығын түйіп тастаған, ауыздығымен алысқан жүйріктер. Үстеріндегі сауыттары, асынған қару-жарақтары күнмен шағылысқан осынау топтың ішінен үш-төрт әйел көзге түседі. Әсіресе, ортада келе жатқан, бүкіл Дәшті Қыпшақ жеріне әйгілі, «Ортеке» деп ат қойылған күлсары сәйгүлік мінген жас әйел таңғажайып салтанатымен анадайдан-ақ көздің жауын алады. Астындағы сайгүлік жүйрігінің ат-әбзелі, жүген-құйысқаны, өмілдірігі — бәрі сары алтынмен апталған. Әйелдің үстінде алтын жіппен зерлеген сарғылт, дүрия қысқа шапан, басында сүйір ұшты құндыз бөрік. Шалбарының етегі де алтын оқамен әдіптелген. Кеудесіндегі гауһар таспен безелген алқасы көзді шағылыстырып күн сәулесімен ойнайды. Алыстан-ақ бұл әйел қалың көкпек арасындағы сарғалдақтай, көзді тартады. Өзі де мейлінше сұлу, жаңа туған ай секілді жіңішке қасын сүрмелеп тастаған. Ұзын шаштарын жиырма-отыз сала етіп, ұп-ұсақ етіп өрген. Бір өзінің түр-келбеті бүкіл әлемге сән бергендей осынау салтанатты әйелді көрген адам «бұ жалғанда мұндай жан жаратылмас» деп ойларлық. Бұл — Әбілқайыр ханның төртінші әйелі, атақты ғалым — Самарқант ханы Ұлықбек мырзаның қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім сұлу еді. Бұлар төбеге жеткен кезде солтүстіктегі ақ ордалардан тағы бір топ салт атты көрінді. Алдарында қос қара көк жүйрік мінген Жәнібек пен Керей. Екеуі де аңға шыққандарын әдейі аңғартқандай иықтарына қаршыға қондырған. Ерлеріне атпа найза ілген. Киімдері де ықшамды. Құндыз жағалы, қысқа лұқпан шапан, бастарында қазақы қимаш бөрік, сырттарынан қимылымызға жеңіл болсын деп кереге көз торлы сауыт киген. Ерлерінің басына ешкі терісінен жасаған дабыл іліп алған. Бұл топтың арасында да үш-төрт әйел. Бұл әйелдердің ішінен біреуі ерекше көзге түседі. Бұл Жәнібек сұлтанның екінші әйелі. Алтын хан еліндегі монғолдармен аралас отырған көшпелі Керей руының қызы Жаған бикем. Бұның астында аты шулы «Киік-аяқ» атанған ақбоз жүйрік, Рабиу-Сұлтан-Бегімнің ер-тоқымындай ат-әбзелін алтын жаппаған, жүген-құйысқаны, ат кеудесіне түсіре салған өмілдірігіне дейін бәрі қақтаған ақ күміс... Рабиу-Сұлтан-Бегімдей ерекше салтанатымен емес, Жаған өз келбетімен, жасынан ат құлағында ойнап өскен көшпелі елдің қызы екенін көрсетіп тұрған ерекше отырысымен, қамшыны сипай тартқан болмысымен көздің жауын алады. Әсіресе Рабиу-Сұлтан-Бегімдей емес, қолына ұстаған найзасы, басына киген меруертпен торлаған қызыл барқыт сәукелесі, астындағы ақ боз аттың кекіліне таққан үкісі, бұның жауынгер елден шыққан әйел екенін көрсетеді. Дене келбеті де, астындағы атының бітімі де Рабиу-Сұлтан-Бегім көркі мен мінген жүйрігінен анағұрлым асып түскендей. Жұрт оған сүйсіне қарауда. Әбілқайыр да көз астымен Жағанды бір шолып өтті. Кенет оған бір күпірлік ой келе қалды. «Сұлу-ақ екен. Хан әйелі болуға әдейі жаратылғандай. Егер Жәнібек сұлтан осы жолы жазым болса, алтыншы әйелім етіп алармын-ақ!».

Хан бетінен көзін алмай тұрған Жәнібек, Әбілқайырдың зұлым ойын көз қарасынан түсінгендей, теріс бұрылып кетті. Енді ол адыр басы мен етегіне жиналған бекзадаларға бажайлап қарай бастады. «Қайсысы екен маған ажал әкелер!» Кенет көзі топтан сәл оқшаулау тұрған үш қоңыр киімді жат адамға түсті. Бұрын аңға шығып жүргенде, бұл үш қоңыр пішін болмайтын. «Осылар екен. Тек сақ болу керек» деді Жәнібек ішінен.

Аңшылар азығы деп түйеге саба-саба қымыз артқан, жеңіл шатырлар тиеген, алдарына он бестей қой айдаған бір топ жігіт ауылдан шыққан кезде, хан жасағы да солтүстікке қарай бет алды. Бұлар арада бір қонып, келесі күні Ұлытаудың солтүстігіндегі, Кішітаумен жалғасып жатқан, Арғынаты құз-асуларына келіп, қостарын тікті.

Бұл ескі қиссада:

Ұрпақтан ұрпақ қуып бізге жеткен,

Ежелден Арғын атам қоныс еткен.

Көк шалғын, күміс бұлақ Арғынатым...

Шықпайтын арманымсың көкіректен, —

деп жыр еткен қазақтың көне мәдениет ошағы — Арғынаты тауларының кең өңірі еді. Солтүстіктен оңтүстікке қарай үзіле созылған жықпыл тасты құздар, түкті қабақты қайғылы жартастар. Үстін қарақат, мойыл, көк шалғын басқан ұры сайлар, тағы қойнаулар. Жағасын айбалдырған мен ақшуағы аралас белден келер көгал шөп көмген, жұлындай боп жер астынан шығып жатқан, сылдыр қаққан жіңішке бұлақтар. Қуаңшылық жылдардан басқа кезде, қаптаған малын суаратын Барақ көлден бөтен мол сулы айдыны болмағандықтан бұл араға жаз ел сирек қонатын. Сондықтан да Арғынаты төңірегінде қырғауыл, дала қазы секілді суы аз жерде үйреншікті құстар мен арқар, бөкен, киік көп кездесетін. Хан тобы үш күн бірдей аң аулады. Дабыл қағылып, қаршығалар жерден жаңа көтерілген кездерінде кекілік пен ұларды топырлатып ілді. Мерген жігіттер киіктерді садақпен қиядан қағып қырып салды. Бірақ Сарыбай бастаған үш жігіт қанша аңдыса да, көз қиығын бұлардан аудармаған Жәнібекті қолдарына оңаша түсіре алмады. Ажал алайын деп қанша құлшынғанмен, жауыздықтың реті келмеді. Әбден ызаланған жігіттер не істерін білмей, хан ертең елге қайтады деп тұрғандарында, Жәнібекті мерт етер бір жағдай кездейсоқ тап болды. Аң аулау қызығына кіріп кетіп, әбден елеуреген Жәнібек бір мезет аужайын байқай алмай қалды. Қастарынан жанай қашқан ақ бөкенді көре сала, атын борбайлап тұра қуды. Күнімен аң соңынан шапқан серіктерінің аттары әбден болдырған-тын. Тек түске дейін ұдайы шапса тері ғана шығатын Жәнібектің көкбуырылы ғана әлі тың еді. Атбегі әбден жаратқан екен, қабақ қаққанша жолдастарынан ұзап кетті. Ол ақ бөкенді қуып келе жатып, төтеден қосылған хан тобы мен әлгі үш қоңырды көрді. Хан атын жаңа ғана ауыстыр-

ған. Ал Сарыбай тек Жәнібекті аңдумен ғана жүріп астындағы жүйрігін тың ұстаған. Әрі-беріден соң Жәнібек, хан, Сарыбай үшеуі өзгелерден қарасын үзіп, үздік кеткен. Бие сауымдай жер шапқанда ғана бұл үшеуі қалжырауға айнал-

ған бөкенге бірдей таянған. Әбден дымы құрып етпетінен құлаған дала еркесінің үстіне аңшылар бірдей жеткен. Аң құмар Жәнібек сойылын лақтырып жіберіп, бөкенді бірінші боп бауыздайын деп, қынабынан кездігін ала атынан секіріп түскен. Дәл осы сәтте: «Жоқ, олжа менікі!» деп Сарыбай да сойылын ыңғайлап бөкенді бауыздауға еңкейген Жәнібектің ту сыртынан ұрмақ боп таяй берген. Бірақ Жәнібек барыстай атылып, Сарыбайды ат үстінен жұлып алған, Жәнібектің тізесінің астына түсіп қалғанын бір-ақ білген Сарыбай ханға:

— Ау, ұрсаңызшы көк желкеден! — деген, ханның қолындағы сойылға көзі түсіп.

Неге екені белгісіз, ханның бойы дірілдеп кетіп, Жәнібекті сойылмен ұруға қолы көтерілмеген.

Дәл осы кезде шапқан ат дүбірі кенет естіліп, бір бүйірден Керей сұлтан шыға келген. Тізесімен Сарыбайды бір-екі нығарлап жіберіп Жәнібек: «Бір жолға қастығыңды кештім, екінші мәртебе қолыма түссең өзіңнен көр» деп түрегелген де, жатқан аңға қараған. Өкпесі өшіп әбден орнынан тұра алмай қалған бейшара, сол мойнын созып етпетінен құлаған қалпында әлі жатыр екен. Жәнібек оны аяп кеткен. «Жазықты жауыма тіршілігін қиғанда, жазығың жоқ, ақбөкен, сені несіне өлтірем», деп анандай жерде жатқан сойылын алып атына мінген. Осы сәтте Керей де жеткен. Болған оқиғаны айтпаса да түсінген Керей сұлтан, інісін қасына ертіп, ханға бұрылып та қарамастан, шауып келе жатқан топқа қарсы ақырын аяңдап жүре берген.

Бұл кезде тәлтіректеп орнынан Сарыбай да түрегелген. Атының үзеңгісіне аяғын салып жатып:

— Бекер сойылмен ұрмадыңыз, хан ием, — деген алқына сөйлеп, егер де жығылғанда мойын омыртқасын бұрап үзіп алатын едім де, атынан құлап өлді дейтін едім. Қалай өлгенін көзімен көрген ешкім жоқ... — деп келе жатты да, — тақсыр хан, кешіріңіз... — деп басын қолымен қорғай берген.

Бірақ құлаштай сілтеген көк құрыш алдаспан оның мойнын қиғаштай кесіп, зәресі ұшып көзі адырайған басын анадай жерге ұшырып түсірген.

Қайтып оралған Жәнібек пен Керей Сарыбайдың әлі де болса жаны шыға қоймай, анадай жерде ақырын қимылдап жатқан басы мен қан-қан болып діріл қаққан денесін көрген. Бұйрығын орындай алмаған құлы енді тірі куәге айналмас үшін, ханның әдейі өлтіргенін екеуі бірдей ұққан. Бірақ Әбілқайыр:

— Жәнібек сұлтанға қастық ойлағаны үшін басын алдым! — деген.

Ана екеуі оған жауап қайтармаған, үн-түнсіз аттарының басын бұрып, келе жатқан адамдарға қарсы аяңдаған.

Хан қазір өзінің сол күнгі қылығын ойлауда. «Он алты жасымда Едігенің немересі Қазы биді өз қолыммен бауыздағанда, он жеті жасымда аталас туысым Дәшті Қыпшақ ханы Жұмадүкті туған баласындай боп қолында өскеніме қарамастан, жекпе-жекте шоқпармен ұрып өлтіргенде шімірікпеген басым, қастасқан жауым Жәнібекті қара құстан сойылмен бір салып өтуге қалай жарамадым? Кезі келгенде қандай құрбандыққа да болса бара алатын жүрегім, сол жолы қалай дауаламады?

Иә, өзгелер айқай-сүрең салып жеткенше, сойылмен бір-ақ періп өлтіруім керек-ақ еді, ар жағында аттан құлап ажал тапты деп көрсету — Сарыбайдың шаруасы. Ал мен... Міне, сондағы сәл бөгеліп қалғанымның күнәсін енді тартып жүрмін... Жауыңа деген сойылды дер кезінде соқпау — үлкен қылмыс! Енді міне Жәнібектің басын қалай алудың жолын таба алмай, аңыс-аужайым азаптануда... Ашық кетуге болмайды, қазір олар жағындағы ел аз емес. Әттең, әттең, сол бір сәт қайта оралар ма еді! Апырай, сол жолы қолымдағы сойылымды бір сілтеуге жүрегім қалай дауаламады екен. Дауалатуым керек-ақ еді».

Әбілқайыр ойына өлім жазасына бұйырмақ жігіті қайтадан түсті. «Иә, бұл жолы тағы мен үкім айтуым керек. Айтпасқа амалым жоқ. Орда маңына топталған Арғын, Қыпшақ арасындағы дау-жанжал бүгінгі күні осы жігіт арқылы шешілмек. Егер бұл жігітті өлім жазасына бұйырсам, Қыпшақ қуанады. Босатсам Арғын мәз болады... Қандай шешім алу керек? Орда бүтіндігі осы бір жігіттің тағдырымен байланысты. Қастасқан Жәнібек, Керей, Абақтардың да күтіп отырғандары менің шешімім, қандай үкім айту абзал?» Әбілқайыр терлеп кетті. Бір қара қазақтың тағдырының өзіне осыншама салмақ салғанына таң қалды. Ал өткен заман болса... «Иә, иә, Шыңғысхан бабамыз кезінде, бір адамның өмірі түгіл мың адамның тіршілігі де ұлы ханның бір қабақ қаққанынан шешіліп жатпас па еді? Иә, сөйтер еді-ау! Жоқ, Шыңғыс бабамды қойып, бертініректегі Мөңке ханның тұсында да, бір кісінің тағдыры ешкімнің ойына ойран салмас еді!».

Оның есіне Мөңке ханды жерлеу жайындағы аңыз түсті.

Өзге жұртқа қарағанда монғол халқының өздерінің бекзадаларын жерлеуде екі айрықша дәстүрі болған.

Бірі — қабірге өлген сұлтанымен бірге бекзаданың құлын салу дәстүрі. Терең зираттың бір бүйірінен қуыс қазады. Оған өлікті түсіреді. Өліктің астына бекзаданың тірі кезінде ең жақсы көрген құлын жатқызады. Құл бірнеше сағат өліктің астында жатып тұншыға бастағанында оны бейіттен алып шығады. Есін жиғаннан кейін, құлды өліктің астына қайта жатқызады. Осылай үш рет істейді. Егер құл тірі қалса, оның сұрағанын беріп, құлдықтан біржолата босатады. Монғолдардың түсінігі бойынша құл бекзадаға шын берілген адам болып шығады. Қожасы өліп, құлы тірі қалғанда ол өмір-бақи қожасының бар күнәсін арқалап өтеді-міс. Сондықтан оны тірі қалдырады. Астоданға салынған өліктің денесін қуысқа тығады. Зираттың ішіне қазан толы ет, құмыра толы сүт қояды. Садақа етіп көптеген күміс, алтын білезік, сақина, алқа тәрізді қымбат заттар қалдырады. Бұндайда егер бекзада бай адам болса, алтын, гауһарлар зиратқа аянбай салынады. Бекзаданың жанын қинауға келген періштелер алтынды алып, өлікке тимей кетеді деп ойлайды монғолдар.

Екіншісі — қойылған бекзаданың зиратын тірі жан білмеуі керек. Бекзада қойылғаннан кейін оның көрін білетін адамдар тегіс өлтіріледі, қабір үстінен үйірлі жылқылар өткізіліп жер бетін теп-тегіс етеді.

Мұндағы ойлары — қабірге салынған асыл мүлікке қызығып бекзаданың моласын қазып, өлік сүйегін қорлаудан сақтау ғана емес, монғолдардың басқа да себептері бар. Римнің бір императоры «тарих менен басталады» деп өзінен бұрын өткен, капитолияның астында саркофагта жатқан жиырма тоғыз императордың бальзамдалған денелерін алып өртеп жіберген. Тірі кездерінде өшіккен патшаларының сүйектерін өлгеннен кейін қазып алып қорлау, бөтен елдерде де сан мәртебе кездескен. Мұндай сорақылық өткен замандарда жиі болып келген. Ескі монғол заңы бұндайға орын бермеген. Тірі — өлі жаннан өшін алуға тиісті емес. Сондықтан оның зиратының қай жерде екенін тірі жауы білмеуі керек. Білетін құл өлтіріледі, зират үстінен жылқы айдалып қабір беті жермен-жексен етіледі.

Бір мың екі жүз елу тоғызыншы жылы Қарақұрымдағы Шыңғыстың ұлы тағында отырған Мөңке хан өлгенде, оның інілері Арық Бұғы, Құбылай Құлағулардың әмірі бойынша осы ханды жерлеуге қатысқан он мың адам тегіс бауыздалған. Ондағы ойлары — тірісінде қатігез болған ханның өлігінен Шың-

ғыстың өзге балаларының ұрпағы өшін алып жүрмесін деген және монғол хал-

қының отқа табынатын кездегі діни түсінігі бойынша бекзаданың жаны о дүние-

де тыныш серуен құруға тиісті-міс.

Інілерінің Мөңке ханды аталары Шыңғыстан да артық етіп былайша дәріптеулерінде бұл екі салттан да басқа бір мақсат бар-ды. Ол мақсат — бүкіл әлемге, қала берді өздерімен бақ күндес жауларына, он мың адам қаза тапқан қанды қырғынмен сес көрсету болатын.

Сөйткен Шыңғысхан ұрпағынан шыққан Әбілқайыр хан болса, енді мынау, бір жігіттің тағдырын шеше алмай жаураған торғайдай құты қашып тұр. «Бір Шыңғыстан тараған екі ұрпақтың біреуі он мың адамды бауыздағанын мақтан етеді, ал екіншісі бір адамды ажалға бере алмай, күні бойы әуре-сарсаң ойға берілуде. Бұл қалай? Расымен-ақ бір кезде бүкіл дүниені тітіреткен айбынды «әлем иесі» тұқымдарының уақтап кеткені ме? Солай тәрізді.

Әбілқайыр тағы да ауыр күрсінді. Расында да бұл оған Төле балаларының он мың адамды құрбанға шалғанынан шешуі қиын кесік еді. Пышақ кесті үкімін шығара алмай қиналуы да содан туған.

Қара қазақ жерін жаулап алған Шыңғыс балаларының арасы қым-қиғаш бір тарих. Әбілқайырдың дағдаруының өзі де осыдан еді.

Үгедей балалары монғолдың өз жеріне Ұлы Ордаға ие болып қалғанда, Жағатай балалары мен Төленің кіші ұлы Арық Бұғы осы күнгі Орта Азия өлкесі — Жейхұн мен Сейхұн өзендерінің арасын — Мауреннахрдың бай алқабына ие болған-ды. Ал Төленің екінші баласы Құбылай Қытай жерінің Солтүстігі мен Батыс жағын жаулап алып, енді дені Дәшті Қыпшақ пен алан 1 әскерлерінің күштерімен сол Қытайдың Оңтүстік жағын жаулауға кіріскен. Үшінші баласы Құлағу осы күнгі Кавказ жерінің бүкіл Оңтүстік тұсын шауып, Иранды алып, енді сонау Египетке қол соза бастаған-ды. Құлағуды жергілікті ел ықпалына түсіп кетпес үшін, будда монахтары — ұйғырлардан, тібіттіктерден, қытайлықтардан құрылған кілең сенімді адамдармен қоршаған. Бұлардың бәрі ұлы хан Мөңкенің қарамағында болатын.

Үгедей, Жағатай, Төле балаларының басшылық саясаты қан төгіспен, бағынған елді қыру, талаумен аяқталатын-ды. Қорқыту, қорғансыз елді тек найзаның ұшымен, айбалтаның күшімен бағындыру — бұлардың негізгі саясаты еді. Өртенген, қираған қала, құлазып бос қалған егін даласы, тау-тау болып үйілген адам сүйегі, қашқан, босқан жұрт — міне, монғол қанды балақтарының бір кездерде гүл-гүл жайнаған өлкелерге алып келген үлесі осы болатын...

Ал қазақ жеріне келген Жошы да осы саясаттан танбаған. Тек ойын орындау тәсілі өзгеше еді.

Қият руының батыры Есугейден туған Шыңғысхан Қоңырат Дай-ноянның қызы Бөртеден бес қыз, төрт ұл көрген. Солардың бір қыздан кейінгі ең үлкені Жошы. Монғол ғұрпы бойынша өз руынан әйел алуға болмайды. Жігіт қалыңдықты басқа рулардан, әсіресе нағашы жұртынан іздеуі керек. Осы дәстүрге қарап, Жошы да өзінің заңды төрт қатынының үшеуін Қоңырат руынан алған. Үлкен бәйбішесі Жүке-бегімнен үлкен баласы Орда, екінші әйелі Үкі-бегімнен Бату туған. Бұлар да нағашы жұртынан бір-бір әйелден алған. Осылай атадан әкеге, әкеден балаға ауысқан ғұрып бойынша Жошы ұрпағы Қоңырат руына күйеу жұрт боп кеткен. Ал бір кезде Керулен, Онон, Орхон өзендерінің бойымен көшіп жүрген Найман, Керей, Уақ рулары тәрізді монғол жеріндегі Қоңырат руы, енді бірінші боп Жошы ұлысына кіреді. Бұның үстіне «Шыңғыс монғолда хандыққа таласып жүргенде, Бөрте Керейдің бір батыр жігітімен көңілдес болған екен. Жошы содан туыпты» деген де қауесет бар. Бұл қауесет қисынға да келетіндей. Оған дәлел: Шыңғысхан енді өлетініне көзі жетіп, орнына Жошыны қоймақ боп бір мың екі жүз жиырма алтыншы жылы Ұлы құрылтайды шақырғанында, монғол жыраулары хан алдында «Жошыны қойма, ол сенің нәсілің емес», деп жыр айтады.

Осындай себептерімен Жошы Қоңырат, Керей руларын іштей қанап жатса да, сырттай жақын ұстаған болып көрінеді...

Жоқ, қарамағындағы жұртты Жошы қандас болдым деп аяған емес. Оған басқаратын, әмірін жүргізетін ел керек. Ал Дәшті Қыпшақ Жошы хандығының туын тігетін негізгі жері болуға тиісті еді.

Демек, қазақ шежірелері Жошыны Шыңғыстың өзге балаларындай қанішер атамайды. Жыр, аңыздарда кейде қаһарымен бірге сөзге тоқтайтын, ашуын ақылға жеңгізе білетін адам етіп көрсетеді. Бұған «Ақсақ құлан — Жошы хан» аңызы куә.

Қайткенмен де осы Жошы Жағатайдай басып алған елін құртып жіберуге құштар болмаған. Оның бүйтпеске амалы да жоқ еді. Қазақ жерінде қалған монғол басқыншылары сан жағынан жүздің біреуіндей-ақ аз-тұн. Шыңғысхан жаулап алған жерінде төрт басына төрт ұлыс етіп бөлгенінде монғол әскерінен әрқайсысына он санадан бар бергені төрт мың әскер деген ақпар бар. Монғол нояндары да, бір шелек суға салынған бір уыс тұздай қалың қазақтың арасына кіріп біржолата оның тілін, дінін алып өздері де қазақ болып кетеді. Тек Шыңғыс ұрпағымыз, төре тұқымымыз дегенді өздерінің үстемдігін қорғауға ғана пайдаланады.

Тағы бір еске алатын жағдай: қазақ жерінде, Хорезм, Киев тәрізді үлкен қалалар болмағандықтан, Жошы тұқымы қан жоса етіп алатын бекіністер де аз еді. Дәшті Қыпшақ рулары да монғол тәрізді көшпелі жұрт, қашып жүріп, босып жүріп соғысып өз теңдігін оңайға бермеді. Жошы ұрпағына бұнымен де санасуға тура келді. Тиімді болса қазақтан қыз алып, қыз беріп кетуден де тайынбайды. Осындай жағдайда Бату өзінің бір қызын Маңғыт жігітіне береді. Одан Ноғай деген инал туады. Ноғай асқан батыр, ақылды кісі болады. Хан тағына отыруға хақы жоқ, әке жағынан Шыңғыс тұқымынан емес, бірақ Батухан өлген кезде оның әскерін басқарады. Осы Ноғай қырық жылдай бүкіл Жошы тұқымына айтқанын істеді. Алтын Орда хандарын өз қолымен отырғызып, өз қолымен алып тастай алатын әмірші болады. Ақырында Алтын Ордаға Мөңке ханның бесінші баласы Тоқтағу (қазақтар оны Тоқтайхан деп атаған) хан болады. Бұл кезде Ноғай батырдың қартайған шағы. Жас ханмен кәрі тарлан айқаса кетеді. Дәшті Қыпшақ елінің ру-руға бөлінген алауыздығын пайдаланып, Тоқтағу әскері Ноғайды жеңеді. Ноғай он жеті нөкерімен Башқұрт жеріне қашады. Жолай оны Алтын Орда қызметіндегі бір князьдің жауынгері ұстап алып өлтіреді. Басын Тоқтағуға әкеп береді. Бірақ жауынгер қылығынан шошынған Тоқтағу «Қарапайым адам хан тұқымына қол көтермес болар» деп өзінің басын алдыртады.

Хан атын алмағанмен, Ноғай Ұлы би аталған. Дәшті Қыпшақ жерінің батыс бөлегі Ноғайлының хандығына айналады. Бұл хандықтың негізін қалаған Маңғыт руы.

Әбілқайырдың да өзінің қол астындағы Арғын, Қыпшақ руларының белді адамдарынан сескенуінің де бір себебі осында. Ноғай батыр секілді Ақжол бидің де (бұл ел қойған аты, шын аты Дайырқожа) артында тұрған қалың Арғын елі бар. Ал Майсара Қобыланды батырдың соңынан ерген Қызыл бас елін шауып, қисса жырына айналған арғы бабасы Қара Қыпшақ Қобыландыдан қалған жау жүрек бықыған айбарлы Қыпшақ жұрты тұр... Қайсысының сөзін жақтау керек. Бұдан қиын хан басына сын бар ма?

«Жалғанда не қиын, қазақтың ру таласын шешу қиын. Бірақ оны шешудің қандай қажеті бар? — Әбілқайыр хан мырс-мырс күлді. — Шыңғыс тұқымының хан тағына осыншама ұзақ отыруының себебі де осында емес пе? Егер ру-ру боп бөлінген бар қазақ бірігіп кетсе не болар еді? Жоқ-жоқ, бұл жұрт — абайлап ұстамасаң қолыңды алып түсер қылшылдаған ұстара. Абайлап ұстаудың жалғыз жолы — біріне-бірін бақтырып қою. Сонда ғана бұл өткір ұстара қауіпсіз».

Бұл — Әбілқайырдың ойы. Ал Жәнібек болса, осынау ру таласына өзгеше қарайды. «Қазір Әбілқайыр қиын халде, — деп болжайды ол, — Ордасының да айбары бұрынғыдай емес, жан-жағы түгел аш қасқырдай талауға әзір жаулары. Оңтүстік-күнбатыс жағынан Қорасан қайтадан бас көтере бастады. Мауреннахр бұқарасының да өшпендігі күшеюде. Ақсақ Темір ұрпақтары іштен тынып, сәтті күнін күтіп отыр. Солтүстік-батыс тұсы да жауар күндей түнеріп тұр. Ал Еділ өзенінің арғы бетіндегі Ноғай Ордасы күннен-күнге іргесін әрі салып бара жатыр, достықтан қастық тілеуі басым. Ежелден бәсекелес жаулары Қазан мен Қырым хандықтары да бел алып кеткендей. Астрахань сұлтандары Әбілқайырдан көрі, соларға қарай иек артпақ... Бұның бәрі құр доңайбат емес, бір хандықты жүн етер қаһар. Ал Алтын Орданың өзінің іші қалай? Жиди бастаған теріге ұқсас. Хан салған алым-салықтың зардабына шыдай алмай әбден ауаланып алған. Күні бүгін Әбілқайырдан бөлінгелі тұрған қазақ рулары аз емес... Тек солардың санын көбейте түсу керек».

Жәнібек, қырға шыққан сайын, ел тауқыметін көріп, ордасына үнемі ренжіп қайтатын. Әсіресе, өткен жылғы, бір оқиға сұлтанның көз алдынан кетпей-ақ қойған. Ол аңнан келе жатып Әбілқайыр лашкерлері шауып кеткен бір ауылдың үстінен шыққан. Шаңырағы күйрей жерге түскен үйлер... Ұлдары сойылға жығылып, ботасы өлген інгендей боздаған аналар...

Жәнібекті таныған ақсақал:

— Шырағым, Жәнібек, — деген, — бөтен елдерді шабуға жігіттеріңді бермедіңдер, мерзімінде алым-салықты төлемедіңдер деп ханның аш бөрілері аулымызды шауып кетті. Еділ бойында да көрген күніміз осындай болатын. Құтқара көр енді бізді бұл қорлықтан!

— Қалай құтқарам?! — деген Жәнібек.

— Әбілқайырдан бізді бөліп ал, — деп жауап қайырған қарт. — Өзгенің жер-суына қызықпайтын, өз елінен жат жұрттай ауыр алым-салық салмайтын жеке шаңырақ көтер.

Қытай мен Жоңғар жеріндегі рулар да осындай ой білдірген. Осының бәрінен Жәнібек жеке хандық құрудың көптің арманы екенін және өз басының қамы мен ел-жұрттың тілегінің сабақтаса бастағанын көптеп түсінген. Бұл — мұрат-

қа жетудің даңғыл жолы. Бүгін болмаса ертең шаруашылығы, жер-суы, әдет-ғұрпы, тілі, тілегі бір Дәшті Қыпшақ даласының көп руының бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір ел болып құралып, бір халыққа айналатынына шек келтірмеген.

Осы себептен де Әбілқайыр хандығы — Алтын Ордаға бағынышты екі белді ру — Арғын мен Қыпшақтың арасындағы дау, таластың өрши түсуінен қатты үміттенген. Әбілқайырдың ойы, бұл рулардың бастарын біріктіртпей билеу болса, Жәнібектің ойы Әбілқайырдың Ордасын құлату үшін сол рулардың арасындағы Алтын Ордаға деген өшпенділік өрши түсуі керек. Ескі Орда таластан әлсіресе, жаңа Орда тігудің жеңілге түсетініне ол күмән келтірмеген. «Қазақтың көшпелі рулары алмас қылыш, — деп ойлаған сұлтан Жәнібек, — егер жұмсай білсең — ол жауыңа айбар, жер-суыңа қорған. Қара халық өз бетімен бірімен бірі соғыспайды, тыныштықты, достықты тілейді. Бар пәле бізде, хан, сұлтандарда. Қолыңдағы осындай күшті аужайлап пайдалана алсаң, ойыңдағыдай хандықты құруға болады. Ноғай, Қазан, Қырым, Астрахань хандары мен сұлтандары таламасын десең, арғы жағыңдағы ұлы жұрт — орыс елімен тіл тауып, одақтасқан жөн. Бірақ ондай күнге жету үшін ең алдымен Әбілқайыр Ордасынан бөліну қажет».

Ал Әбілқайыр Дәшті Қыпшақ хандығын күшейтудегі алғашқы күрестерінде өзіне сенімді құрал еткен көшпелі рулардың қазір теріс қарай бастағанын тек сұлтандардың қастандығынан көретін. Орынсыз соғыс-жорықтан, басқа елдерді шабудан кешегі алмас қылыштың жүзі қайтып, іске алғысыз боп мұқалатынын ұққысы келмейтін. «Жыланның үш кессе де кесірткелік қауқары бар, — деп ойлайтын ол, — егер де сұлтандардың өшпенділігін жойсам, Алтын Орда әлі де талай елді бағындыра алады. Тек соңыңнан ерген тобырды өткір қайрап жауыңа сала біл! Аужарлық етпе!».

Әбілқайыр тағы ауыр күрсінді. «Тобыр! Бірақ сол тобырға ерік берсең, ол қожасының да басын алатын қаһарлы күшке айналады... Ерік беріліп еді, Мысырға құлдыққа сатылған Бейбарыс не істемеді? Атақты Құлағудың өзін Египет жерінен қуды...».

Шыңғыс шапқыншылығы тегеурінді екпінімен қазақ руларының быж-тыжын шығарды. Көпшілігі өз жерінде қалғанменен, бірталайлары басқа елдерге қашып, жан сақтауға мәжбүр болды. Бір мың екі жүз қырық бірінші жылы Қыпшақтың біраз ауылы бастығы Қотан хан болып мадиярлар жеріне ауып кетті. Бұларды мадиярлардың королі қоныс беріп, алдарына мал салып жақсы қарсы алды. Бұған ашуланған Бату венгер короліне хат жазды. Ол хатында: «Оның үстіне менің Қыпшақ құлдарыма сен қорған болатын көрінесің. Мені өзіңе қарсы қоймайын десең, бұдан былай қарай қарамағыңа Қыпшақтарды ұстама. Қыпшақтарға менен қашу жеңіл, — олардың үйі-күйі жоқ, шатырда тұрады, ал сенің үйің бар, жерің бар, қалаларың бар. Менен қалай қашып құтыласың» деп қорқытқан Бату.

Бір мың екі жүз жиырма тоғызыншы жылғы Лаврентьев шежіресінен қыпшақ-қазақтардың монғолдардан ығып, өзі жау тепкісіне түскен Еділдегі бұлғарлар жеріне, Россияға, Польша, Литваға барғандарын көреміз. Бір кездегі көшпелі жауынгер елді Құждай мықты бекзада, ел билеген батырлары енді жат жерде бетегеден аласа, қойдан жуас күйге ұшырайды.

Қазақтардың біразы Қиыр күншығысқа, Монғолия, Қытайға да апарылады. Шыңғысхан мен Жошы кезінде қазақтардың бірнеше бекзада, батырлары Монғол императорының Ұлы Ордасында қызметке әкетілген. Қысқасы бір кездегі айбынды елді дұшпандары талан-таражын шығарып, ұлын ұрымға, қызын қы-

рымға шұбыртады. Қазақтың батыр жігіттерін топтап құлдыққа, мүсінді қыз-келіншектерін үйіріп күңдікке сата бастайды.

Көп кешікпей монғолдар мен мұсылман саудагерлері Европа мен Сирия, Солтүстік-батыс Африканы, әсіресе Египетті Дәшті Қыпшақ жерінен әкелінген құлдарға толтырады.

Осындай жағдайда Египеттің халифаттық гвардиясы он үшінші ғасырда дені Қыпшақ жігіттерінен жиналған болатын. Ал Египетке ер жүрек, мықты әскер өте керек еді. Мұндай әскерді мамлюктер құра білді.

Бұл кезде Египетке Шығысынан монғол шапқыншылары төнсе, он екінші ғасырда ұрыста жеңілгеніне қарамай, батыс жағынан Таяу Шығысты әлі де болса өзіне бағындырмақ боп, Кресшілер шабуылға шыққан-ды. Енді бүкіл мұсылман қауымының кіндігі, оның мәдениет, көркем өнер, ғылым-білім орталығы Египет пен Сирия басына шын қауіп-қатерлі қара бұлт түнерген-ді.

Дәл осы сәтте бала кезінде Қыпшақ жерінен құлдыққа сатылып әкелінген Сирия әскерінің қолбасшысы Бейбарыс баһадур соңынан мамлюктерден құрылған гвардиясын ертіп, Бағдатты алып, енді сарқырамадай Сирияға құлаған Иран шахы Құлағу әскеріне қарсы шықты. Құр ғана қарсы шыққан жоқ, Құлағуды жеңіп, екі жылдан кейін оны бүкіл Египет жерінен қуды. Ал бір мың екі жүз тоқсан бірінші жылы Қыпшақ мамлюктері әбжіл қимылдап Сириядан Крест ұстаушыларды бір жолата қуып, рыцарлардың Шығыстағы ең ақырғы қорғаны Аққа қаласын алды.

Сөйтіп, өз жерінен қуылған, құлдыққа сатылған мамлюктер араб жауын-

герлерімен бірігіп, Египет пен Сирияны монғол басқыншыларының күйретуінен құтқарды. Әлемге әйгілі өнер-ғылым ошақтары болған Отырар, Самарқант, Киевтердің халіне жеткізбей, Каир, Алжир, Кордаваларды күл-талқан етуден аман сақтап қалды.

Енді қыпшақ бекзадаларының, әскер басшыларының қаны араб қанымен араласты. Біріне-бірі қыз беріп, қыз алысты. Осы құл сату арқылы құр ғана Египетте емес, Солтүстік теңіз бен Жерорта теңізінің жағасындағы Европа халықтарының қанына орыс, татар, черкес, түрік, африка ұлдарының қаны қосылды.

Жошын мамлюк сұлтандары басқарған Египет жерінде Қыпшақтар Алтын Орда мен қазақ жерінің әдет-ғұрпын, тәртіп-дәстүрін енгізуге тырысты. Ата-бабасы Қыпшақтан шыққан мамлюк сұлтандарының енді серуенге барар жолдарына күні бұрын сырнай, керней тартқан жүздеген, қыпшақша киінген сәнді-салтанатты нөкерлерін шығарып Бағдат, Мысыр, Мекке, Каир шаһарларының көшелерін басына көтерді. Қыпшақтың бай, манаптары өздерінің жас кезінде бабалары мінген пәуескемен Ніл өзенінің жағасында серуендеуді шығарды.

Мамлюктер тіпті шариғатты былай қойып, сот ісін де Дәшті Қыпшақ жобасымен жүргізуге тырысты.

Бұның бәрін істеген қара құлдардан шыққан батыр, әскер қолбасшылары. Осыдан кейін қара қазаққа, құлдарға ерік беруге бола ма? Жоқ, болмайды. Әбілқайыр тағы қабағын қарс жапты. «Қыпшақ жерінен сатылып барған құл Бейбарыс Құлағуды жеңді. Жоқ, қара халықпен ойнауға болмайды». Оның есіне енді Ақсақ Темір көреген түсті. Әбілқайырдың бойы суынып кетті. «Алтын Орданың түбіне жалғыз ғана орыс патшалары жетті ме? Хан Мамай жеңілген бір мың үш жүз сексенінші жылғы Куликов қырғынынан кейін Тоқтамыс пен Едіге Мәскеу түбіне қайтадан сан барған жоқ па еді? Рас, басы біріге бастаған орыс князьдары да ай қарап отырмаған-ды, тозуға айналған Алтын Орданы, түбі, күл-талқанын шығаратыны ақиқат еді ғой... Күл-талқаны шыға да бастаған еді-ау. Жұт жеті ағайынды, айыр ағашпен сегіз. Жауынан сан опық жеген көне Дәшті Қыпшақтың күншығысына сонау алабұртқан заманда тағы бір қабылан көрінді. Бұл Маңғыт руынан таралатын Барластан шыққан Ақсақ Темір еді ғой. Сойқанның бір басы сонан өрбіді емес пе. Құжынаған лашкерін құмырс-

қадай қаптатып, қанды ауыз қабылан Алтын Орданы қаппақ болды. Ол бір мың үш жүз тоқсан екінші жылғы, Алаша ханның әмет пен Самет деген балаларын жолай өлтіретін аттанысында-ақ Алтын Орданың босағасын бірден сол-

қылдатып кеткен жоқ па еді. Ал бір мың үш жүз тоқсан бесінші жылғы аттанысында Бату мен Берке Еділ өзенінің сағасына салған Алтын Орданың астанасы ғажайып сұлу Сарай шаһарын Кавказ жағынан, Дағыстан қойнауынан келіп басып алды ғой. Осы шабуыл біздің бірлігіміздің де біржолата түбіне жеткен-ді. Орыстардан Мамай күйреді. Темірланнан Тоқтамыс жеңілді. Осы екі жеңілу Алтын Орданы біржолата күйретті. Жоқ-жоқ, төре тұқымдарына жатпайтын батыр, билердің соңында импрамы бар. Қиын-қыстақта бұл тобыр заты Шыңғыс тұқымынан шыққан хандарды емес, өз көсемдерін қолдап кетеді. Мұны да ойлау керек. Өз тобыры соңынан ермесе Ақсақ Темір бүкіл Мауреннахрды өзіне бағындырып, Хорезм мен Алтын Орданы шауып, кейін Үндістанның астанасы Дели мен Түркияның кіндік қаласы Анкараны ала алар ма еді? Осының бәрі импрамымен құрған әскерін өзіне ерте білуінен. Жоқ-жоқ, соңында елі бар қолбасшы, билердің қашан да болса қолдарында күші бар. Олармен санаспас-

қа болмады. Қобыланды мен Ақжол дауын тағы да ақыл таразысына салу керек. Бұл таластан қазір басым ауырып, балтырым сыздап жатқан жоқ қой. Мүлт кетсең — дұрыс жолдан адасқаның... Мұндай істе қашан да болса күдік пен үміт қатар тұрады.

Әбілқайыр шешетін тағдыр расында да қиын тағдыр еді. Қазақ даласына Шыңғыс ұрпағының үстемдігі жүргенменен де, айыпты жанды өлім жазасына кесу үнемі ежелгі ел дәстүрі бойынша халықтың өз билігінде қалған. Айыпты жанның күнәсін, әбестігін ақыл таразысына салып, жазықты мен айыптаушылар жағынан жиналған би, ақсақалдар мәжілісі аталы сөзге тоқтап, өзінің үкімін айтатын. Хан тек осы үкімді өз жендеттері арқылы іске асыратын. Бұл жолы олай болмай шықты. Арғын, Қыпшақ би-ақсақалдары бір келісімге келе алмады. Сондықтан да бұл дауды хан шешсін деп ұйғарды. Күнәкар деп табылған Арғынның жиені Саян батырды Қыпшақ жағы өлім жазасына бұйырды. Жас батырды күнәсіз деп тапқан Арғынның игі жақсылары оны ақтады. Екі жақ бірдей тоқтайтын би шықпады. Дау аяғы қанды сойылды жанжалға айнала жаздап әзер басылды.

Расында бұл дауда хан тағына қауіп тудырардай астар бар-ды. Бату ханнан кейін, 1361 жылы Шыңғыс ұрпағы Болат Темір хан Еділ бұлғарларын екінші рет шапты. Бұлғар мемлекетін жермен жексен етті. Осы жерге он бесінші ғасырдың басында Әбілқайыр өлтірген Жұмадүк ханның әкесі Ұлығ Мұхамбет кеп Қазан қаласын салды. Өзін хан атады. Он сан Ноғайлының ең ақырғы Ұлы биі Алтын Ордадан мүлдем қуылып, Орда тағдыры Жошы ұрпақтарының қолына біржолата көшкен соң осы Қазан хандығының қол астына Орманбет бидің ұрпақтарының біразы келіп қосылған-ды. Және Алтын Ордаға деген қастығын тоқтатпаған-ды. Затымыз бір ел-жұртпыз деп кешегі үстемдігін зар еткен кей билері астыртын қазақ руларына кісі салып, Әбілқайырдан бөлін деп демігуде еді. Ал кей жау жүрек батыр ұлдары, қастарына саяқ жинап кейде хан тұқымының мыңдаған жылқысын барымталап әкететін.

Осындай бір шабуылдан кейін, ызасы кеудесіне сыймаған Әбілқайыр, Қазан ханының жеріндегі Орманбет бидің ұрпақтарының аулын шабуға үш түмен қосын мен бақан бойлы, шоқпар қолды Қыпшақ Қобыландыны аттандырған. Бұл атақты Қажымұқан балуанның он екінші атасы. Қазақ пен Ноғай бөлінгенде айтылған «жылау, жылау, жылау күй» жырындағы «қара орманынан айрылған», Торғай мен Ор бойына Қаратау маңынан, Арыс пен Бадам өзендерінің тоғысқан жеріндегі Қараспан тауынан көшіп келген, қазақтың атан жілік, арқар мүйіз батырларының бірі.

Ол тыныш, ертелі-кеш күлкіні ермек етіп, қаннен-қаперсіз жатқан Ноғайлы ауылдарының күлін көкке ұшырып, бар малын алдына салып айдап, мүсінді деген қыз-келіншектерін олжа етіп, жақында ғана жорықтан қайтқан.

Ақ түтек борандай қаһарына жан шыдамаған Қобыланды батырдың бұл жеңісін бүкіл Әбілқайыр қол астындағы ел, ол бір Стамбул мединасын шауып қайтқандай, үш күн тойлаған. Той тарқар алдында, әкелінген қыз-келіншекті олжаға бөліп беру үшін, хан осы жорықта қай батырдың қандай асыра ерлік көрсеткенін сұраған.

Асат, әсет айларының аяқ шеніндегі ыстығы басылған ала көбеңденуге таяу кіші бесін әлеті. Орда толы ала таяқты ақсақалдар, ат-жарақты батыр, сұлтандар... Қобыланды батыр алақандай көзінің қиығымен ханға қарап, ерлік көрсеткен кеуде соғар батырлардың атын атап келіп, кенет сәл кідірген. Аз уақыт үн-түнсіз тына қалып құлағына дейін жететін білектей қара мұртының ұшын шиыршықтай түсіп:

— Өзге батырларға олжа сұрасам, Арғынның жүз жігітін бастап барған жас бөрі, Қотандай абыз қарттың жиені Саян батырға өлім жазасын талап етемін, хан ием, — деген.

Ордада отырған жұрт дір ете қалған.

Саянның нағашысы ханның оң жағында отырған маймене, асқан күш иесі, әрі шешен, әрі әнші, екі иығына екі адам мінгендей, төртпақ келген қара сұр Қотан жыраудың баласы Ақжол би қанын ішіне тартып сұп-сұр боп кеткен. Бірақ жүрек толқынын әдеттегі орнықты мінезіне жеңгізіп ол:

— Неге? — деген, Қобыланды батырды қырағы көзімен бір шолып, даусын өзгертпей.

— Ұлы Шыңғысхан шартын бұзды. Орманбет бидің ұрпағы әділгерейдің қызы есірей Қарашашты өз бетімен олжа етемін деп Керейдің Қарабатырымен таласты.

Олжаға таласқанға — өлім жазасын беру Шыңғысхан Ясысында жазылған. Шапқыншылық заманда әскер арасы бұзылмасын деп бұны хан ұрпақтары мықты ұстаған, қас батырға қойылған айып ауыр.

— Оған қандай дәлелің бар? Керей Қарабатырдың өзі айтты ма, әлде көрген жан бар ма? — деді Ақжол әлі де даусын өзгертпей.

— Қарабатыр сол таласта қаза тапты. Көрген куәні де қызба қанды Саянның алдаспаны алып түсіпті.

Әбілқайыр жұмсаған бір сұмның сөзіне аңғал Қобыланды күрт сеніп қалған. Осылай болуын тілеген көңіл, Саянға тағылған кінәнің ақ, қарасына көз жеткіздірмей, өзін де жаланың құрбаны етіп отыр.

— Олжаға қалай таласқанын онда батыр Саянның өзі айтар?

— Күнәсін мойынға алу үшін шын батыр болу керек.

— Арғынның ардақты жиенін қатын демексің бе?

— Олжа есірейге таласу қатын әрекеті.

Екі батыр алыса кететін қанды ауыз арлан төбеттердей алая қарады. Бірақ хан алдында төзім сақтау керек, ендігі сөзді Орда иесінен күтіп үн-түнсіз отыр.

Қобыланды батырдың бұл жанжалды неге бастап отырғаны Әбілқайырға аян. Күйе жаға айтылған сөздің астарында күйікті сыр жатқан. «әлде батыр Саянның қылығы рас па екен?» Әбілқайыр хан үйде отырғандарды көз астымен бір шолып өтті. Хан кеңесіне келетіндер қалай өзгеріп кеткен. Мешін жылы Дәшті Қыпшақ тағына отырғанында өзі он жеті жаста еді. Ол кездерде әскер басшылары да, Орда тіректері де басқалар болатын. Мынау Арғын, Қыпшақ жайсаңдары алған төрде Маңғыт, Дулат, Үйсін, Қоңырат, Найман, Тубай, Ұйғыр, Қытай руларының мықтылары отыратын. «Хиуаны шапқанында да сол топ қасымда еді. Тек қалмақтармен айқасқанымда ойымнан шықпады. Иә, ол менің ең қарабет жеңілісім болды. Әскерім Сырға дейін шегінді. Өзім Сығанаққа қаштым. Жауымнан көп құн төлеумен әзер құтылдым. Сосын ғой Дәшті Қыпшақтың басты рулары Арғын мен Қыпшаққа арқа сүйемек болғаным... Одан не шықты? Тікенектен шошып шоқ басты деген осы емес пе? әттең жас кезім қайта оралар ма еді? Онда бүйтіп жан-жағыма қобалжи қарап отырмас едім-ау! Шіркін жастық, дарияның алғашқы тасыған қарқынындай едің-ау, бұзбайтын бөгетің бар ма еді? Екі жыл өтпей, Дәшті Қыпшақ хандығына қол созған Сайбанның ортаншы қатыны Үкілімайдан тараған Қанбайдың ұлы Елбектен туған Махмед-Қожа ханмен Тобыл өзенінің жағасында қалың әскерімен кездесіп жеңіп шығып едім ғой. Қандай қызық, қандай қайтып келмес, әселдей тәтті күндер! Сол жолы еді ғой, өзге батырларымның біреуіне де қимай он төртінде туған айдай толықсыған, адамзаттың сұлуы, Махмед-Қожаның жесірі, Арғынның қызы Ағанақ-Бикені өзім алып едім. Ағанақ-Бике десе Ағанақ-Бике еді ғой. Адамзат нәпсісі дегенді қойсайшы, жастай қосылған ерін өлтіріп, өзін қатындыққа алғанымда опа таптым ба? Құшағында жатқанда төсегің нағыз бір жылан інінің қасына салынғандай сезінесің. Ін ішінен бір улы жылан ысылдап шығып, жалаңаш денеңе айыр тілін сұғып алатындай! Мен қанша жақсы көрсем де, бір иілмей өтті-ау, бейшара. Қайтсын, мен құр ғана ерін өлтіріп қойдым ба, соңынан еріп келген үш жасар баласын да өлтірттім ғой. Өлтіртпеске болмайтын еді. Хан тағы деген періште де қызығатын бір сиқырлы арман ғой. Өгей бала түгіл, өз балаңа да сену қиын. Ал Махмед-Қожа баласы, жабылмаған ұстара тәрізді еді, абайламасаң қолыңды алып түсуі оп-оңай. Оны мен әрине дұрыс өлтірттім. Бірақ одан не таптым? Шешесі жылы шырайын бір көрсетпей кетті. Менен балалы болып қалмайын деп, сан мәртебе күшәлә ішіп іш тастады. Жалғыз-ақ бұл ажалдардан пайда көрген Сарғыт-Шиман Маңғыт болды ғой. Тапсырмамды адал орындадың деп мен оған қандай тартутаралғы бермедім, қандай дәрежеге көтермедім. Дәшті Қыпшаққа өзімнен кейінгі адам еттім. Әрине менің мұным өзгелерге ұнаған жоқ, әсіресе Баһрам, Алаш батырларға...

Хан Ордасындағы тартыс сол күннен бастап күшейе түсті. Содан бері отыз жылдай өмір өтті, ал тартыс әлі бір толастамай келеді. Қайран, дүние! Қандай қайсар едім! Отыз жыл! Отыз жылдың ішінде қандай жауымды жеңбедім! Демек адамның қасы — арам шөп тәрізді болады екен. Отаған сайын қаулай өсе түседі. Әйтсе де мен де аянып қалғаным жоқ. Қай шаһарды алмадым? Хиуа, Самарқант, Икра-түп, Бұқар, Сығанақ, қазақтың жеке ұлысы болып жүрген Махмед-Қожа хан, ағалы-інілі Ахмед-Махмұд, Мұстафа хандарды жеңіп, Есіл, Тобыл, Нұра бойын өзіме қараттым... Бірақ сонда шыққан қандай мүйізім бар? Алғашқы хан болған кезімде Найман, Маңғыт, Ұйғыр, Қоңырат руларынан қаймықсам, енді міне Арғын, Қыпшақтан сескеніп отырмын. Бұрын жауым өзіммен аталас Сайбан тұқымдары еді десем, енді міне, Жошының он үшінші баласы Тоқай Темірден тараған ұрпақтары болып отыр.

Әбілқайыр Арғынның би, батырларының алдыңғы жағында отырған сұлу мұртты Жәнібек пен жалаңаш қанжардай түсі суық Керейге көз қиығын ау-дарды.

«Иә... иә... Абақ сұлтаннан бұлар қауіпті. Шыңғысхан нояндары күйреткен, соңынан бабалары Орыс хан қайта жөндеген Ақ Орда астанасы Сығанақты жаулап алғанымды бұлар мәңгі-бақи кешірмек емес. Және Ақсақ Темірдің баласы Шахрук сұлтаннан туған Ұлықбектің қызын алғаныма да қырғи-қабақ. Менің Бұқар, Самарқант бектеріне бүйрегімнің бұратынын көре алмайды. Шамалары келсе, тез-ақ жеке қазақ ханы болып оңаша отау тікпек. Тек бөлініп кетуге әзірге күштері жеткіліксіз. Бастары қосылмай жүрген рулары болмаса, соңынан тұтаса ерген елі жоқ. Ал ел деген не? Ойынан шықпасаң, сенен үрки жөнелуге бар. Мына Ақжол бидің айтып отырғанын ескермей көрші, бүкіл Ар-

ғын, Найман, Қоңырат болып ши шығаруға дайын. Барақ баласы Жәнібектің, Болат баласы Керейдің күткені де осы. Көптен бері Жәнібек пен Керей осы рулардың сөзін сөйлеп, сойылын соғып өздеріне баурап жүр. Азғантай мүлт кетсең, оқыралаған өгіздей мөңки тулап, жұртты бөліп әкеткелі тұр. Сонда не істеу керек? Арғыннан қорқып Қыпшақ батырының сөзін аяқсыз тастау керек пе? Жоқ, өйтуге болмайды. Қазіргі арқа сүйерім, бұрынғыдай Маңғыт емес, жошын Қыпшақ! Қыпшақ менің қазір қанды шоқпарым. Оны дұрыс сілтей білсем, әлі де болса талай Жәнібек, Керейлердің басын домалата алам. Демек, шешім қандай болуға тиісті? Екі жақ менен бірдей жауап күтуде ғой».

Әбілқайырдың іркіп отырған ойын кенет сықырлай ашылған есік үні бұзып кетті. Хан төмен түсіп кеткен басын көтеріп есік жаққа қарады. Жақында қайтыс болған Шах-Будақ сұлтаннан туған жеті жасар немересі Мұхамед-Шайбани екен. Атасы хан, нағашысы бүкіл Алтын ханның бас батыры Домбалық батыр болғандықтан, Әбілқайырдың бұл немересі өз балаларынан да анағұрлым ерке, тентек. Және хан да оны ерекше жақсы көретін. Бала есік алдында тұрған пасбандарға , үй іші толған бек, сұлтан, әмір, хакім, батырларға қарамастан үйге кірген бетімен өзгелерді баса-көктей алтын тақтың жанына бір-ақ жетті. Атасы Әбілқайырға еркелей:

— Тарланкөк тым асау екен, бие сауымдай мезгіл шаптым. Бірақ мені түсіріп кете алмады, — деді мақтана, — бәрібір мен оны үйретіп аламын!



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет