Қазақ Әдебиетіндегі бұҚарбай батыр бейнесі



бет1/2
Дата22.01.2023
өлшемі197 Kb.
#166060
  1   2
Байланысты:
Букарбай бейне


Ғабит Тұяқбаев,
филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті


ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ БҰҚАРБАЙ БАТЫР БЕЙНЕСІ

Ел қорғаған батыр ұлдарына арнап жыр тудыру, халық батырларының ел үшін жасаған ерліктерін көркем дүниеге айналдыру ұлттық әдебиетіміздің дәстүрінде бұрыннан бар үрдіс. Түп негізін ежелгі дәуірлерден алатын қазақ әдебиетінің ең басты, негізгі, әрі өзекті тақырыптарының бірі де батырлықты дәріптеу, сол арқылы келер ұрпақ бойына отансүйгіштік, азаткерлік, ұлтжандылық рухын сіңіру, халық басынан кешірген оқиғалар мен тарихи тұлғаларды ел жадында жаңғырта, жаңарта отырып, ұлт тарихын құрметтеу мен қастерлеуге тәрбиелеп, үйрету еді. Әдебиетіміздің көне дәуіріне жататын «Алып Ер Тоңа», «Шора батыр» жырларынан бастап, «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын» т.б. батырлық жырларының сан ғасыр бойы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ұлттық әдебиетіміздің өлмес мұрасы, асыл қазынасы ретінде бағалануы да осы қасиетінен болса керек-ті.


Әдебиет – заманның көркем шежіресі. Кез келген ұлттың жүріп өткен жолы, тағдыр-талайы, дәуір-заман шындығы көркем әдебиетте көрінеді. Әдебиет, яғни әдеби шығарма арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ұлт жадында сақталады. Ұлттық әдебиет пен тарихтың бір арнаға тоғысып, туыстасып кететіні де осында.
Қазақ тарихында ұлттық, мемлекеттік тәуелсіздікті сақтап қалу жолында 300-ге жуық ұлт-азаттық көтерілістері болғаны белгілі. Ішкі, сыртқы жаулардан қорғану, азаттық, бостандық жолындағы күрестер қазақ топырағынан жүздеген батырларды шығарды. Соның бірі ұлттық тарихымызда есімі ерекше атауға тұрарлық халық батыры – Бұқарбай Естекбайұлы.
Бұқарбай батыр 1812 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, қазір өзінің есімімен аталатын ауылда дүниеге келген. Кіші жүздің Табын тайпасынан шыққан. Әкесі Естекбай ел-халқына өте сыйлы кісі болған. Бұқарбай батыр әкесі туралы: «Менің әкем орта шаруа. Қоймінезділеу, жуас адам еді. Мен өзім жалғыз бала болдым»,- дейді [1].
Ел аузында батырдың өмірге келуі, батырлық жолға түсіп, елге танылу туралы мынадай аңыз бар. «Ауыл ақсақалдары бірде Естекбайға Бақуадин әулиенің басына барып, зиярат етіп қайту туралы кеңес береді. Ел ағаларының ақылын тыңдаған Естекбай бабамыз құдай қосқан қосағы Зағипа екеуі сауда керуеніне ілесіп, Бақуадин әулиенің басына келіп түнейді. Алғаш келген күні-ақ әруақтарға құран оқып, құдайы-садақа таратады. Сол күні түсінде аса таяқты, ақ сәлделі ақсақал:
- Шырағым, пейілің пәк, жүрегің таза тәубешіл жан екенсің, Алла Тағаладан он перзент сұрайсың ба, әлде он перзентке татырлық біреуін қанағат тұтасың ба?-деп аян береді. Қуанғаны соншалық Естекбай бабамыз:
- Бізге бір ұл берсеңіз де болады,- депті.
- Онда бұл ұлың біреу болса да, бірегей болып ержетер. Аты алты Алашқа жайылар. Хас батыр болар. Иншалла, ұзақ жасар, әумин,-десе керек.
Араға жыл салып, жарық дүниеге келген нәрестеге әкесі Бұқарбай деген есім береді. Ертерек есейсін деп оны кішкентайынан-ақ шабандоздық өнерге баулиды.
Әрине, бұл аңыз ел үшін таңсық емес. Қазақ тарихындағы көптеген батырдың, тіптен елді аузына қаратқан ақынның өмірге келуіне байланысты ел арасында жиі тараған аңыз-әпсана. Бірақ елдің елеулі ұлдарына байланысты айтылатын осы аңыздың түбінде бір шындықтың жататынына күман болмаса керек. Қалайда, өмірде ерекше, көп адамға ұқсай бермейтін дара тұлғалардың дүние есігін ашып, елге танылуында осындай тылсым-құпиялардың болуын тек халықтың арман-қиялы дей алмаймыз.
Естекбайдың жары – Зағипа анамыздың Бұқарбай батырға жүкті кезінде жолбарыс жүрегіне жерік болуы да Бұқарбайдың болашақ ер жүрек батыр, алапат күш иесі болуына меңзейтін мифологиялық сыры бар, жаратылыстың ерекше құпиясы деп айтар едік. Ел аузындағы осы аңыз жергілікті ақын Сейтмұрат Ембергеновтің «Жолбарыс жүрегіне жерік болған ана» шығармасына өзек болған.

Бойдағы қуат беріп “білінгені”,


Күн де оған нұрын төгіп күлімдеді.
Қуаныш қытықтаған жан сезімін,
Ой тербеп кейде көзі ілінбеді...
Әлде не жетпегендей құрып әлі,
Еріксіз бір нәрсе іздеп ұрынады.
Жүрегі жолбарыстың ойын арбап,
Аузынан сілекейі шұбырады.
Аңыз желісін ақын сәтті пайдаланған. Суреткерлік шеберлік пен қиял бірін-бірі толықтырып, біріне-бірі «демеу», «қолдау» көрсете отырып, көркемдігі көз тоярлықтай шығарманың тууына себепкер болған. Қазақ әдебиетінде ақын-жыраулар поэзиясынан бастап мұндай жыр-аңыздарды көптеп кездестіреміз. Суреткер ананың жүкті болуының өзін өзгеше сипатта, өзгеше өрнекпен береді. «Бойдағы қуат беріп “білінгені”, Күн де оған нұрын төгіп күлімдеді»! Әдемі, әсерлі өлең жолы! Биік эстетикалық талғам, талант, суреткерлік қарым осындай әсерлі өлең шумағын дүниеге әкелген. Осы бір әдемілік оқырманын әрі қарай ынтықтырып, «не болар екен» деген қызығушылығын оятып, «жетелеп» отырады.

Белгісіз бұл не тылсым ерікті алған,


Беймәлім дәмге үйріліп сеніп қалған.
Жоқ еді естігені, көргені де,
Етіне түз тағының жерік болған.

Бір татсам отқа қақтап дәмін дейді,


Жер ме едім құшырланып бәрін дейді.
Қалайда ойын айтып оңашада,
Күйеуі Естекбайға мәлімдейді.
Жарының жолбарыс жүрегіне жерік болғанын естіген өзі аңшы, өзі саятшы бабамыз Естекбай, жарының осы тілегін қалайда орындауға шешім қабылдайды. Ол кез Сырдың асып-тасып, бұлқына-буырқана ағып, кейде тосын мінез танытып жататын шағы. Дарияның екі жағалауы ну қамыс, сыңсыған қамыс арасында жолбары жортып жүрген деседі. Естекбай жолбарысқа арнап тұзақ жасап, оны дарияның жарқабағына құрып кетеді. Күндердің күнінде тұзаққа түскен жолбарысты көрген аңшы, оны жиде томарынан істеп, арнайы дайындаған шоқпарымен ұрып өлтіріп, жолбарыс жүрегін алып келеді. Бұл ел арасында аңызға айналып кетеді.

Қарасай құдіретінен тәңірінің,


(Білмейміз терең сырын әлі мұның)
Қалайда қолға түсіп жерік асы,
Кеп қалды Зағипа-ана сәні бүгін...

Қаһарлы қаруы мол-қолда күші,


Елінің болған батыр қорғанышы.
Атақты Бұқарбайды жебеп жүрген
Сол ма екен әруақты жолбарысы.

Халық Бұқарбайдың ер жүрек батырлығы мен қайраттылығын осы аңызбен де байланыстырады. Шағын балладада ақын өз оқырманына тартымды дүниені бере алған. Ел аузындағы аңыз шығармада көркемдік сипат алып, әдеби шығармаға тән қасиеттерді бойына дарытып, көрнекілене түскен.


Бұқарбай буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып, өмірі жауырыны жерге тимеген түйе палуанды жығып, бас бәйгеге бір үйір жылқыны айдап қайтады. Осыдан бастап Бұқарбай елге таныла бастайды.
Ел ішінде тек сыртқы жаулардан ғана емес, руаралық тартыс, барымта үшін де өз батырларын даярлап, қашанда қорғанысты бірінші кезекке қойған қазақ үшін Бұқарбай сынды жас батырлардың орны ерекше болатын. Ауыл ақсақалдары, батырлар енді таныла бастаған жастарды баулып, соғыс өнеріне тәрбиелеген. Атақ-даңқы үш жүзге мәшһүр Сәрке батырдың немересі Байқадам батыр Бұқарбайдың бойындағы қасиетті танып:
- Мынау тірі болса, болайын деп тұрған бала екен, енді мұны әскери өнерге баулиық, - деп оны өзінің жасағына қосып алады. Інісінің ат құлағына ойнай білерлік шабандоздығы, найзагерлігі, қысылшаң сәттерден оп-оңай жол тауып кетерлік тапқырлығы, жүректілігі қатты ұнайды. Сәрке атаңның жолын берсін деп ағынан жарылып, ақ батасын береді. Ағасының лебізі қабыл болып, бабамыз бертін келе күллі қазақтың жоғын жоқтап, жанына жалау болар хас батыры болып қалыптасады.
Бұқарбайдың ел намысы жолында батырлығымен көзге алғаш Хиуа хандығына қарсы Сыр бойы қазақтарының көтерілісінде көрінді.
Арал теңізі мен Сыр бойына талас негізінен Орта Азия хандықтары мен Ресей империясы арасында болды. Хиуа хандығы ХІХ ғасырдың басында Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал аймағын, үстіртті мекендеген кіші жүз қазақтарының жерін жаулап алуға әрекет жасады. Хиуалықтар осы жерлерде қорғаныс бекіністер салып, оны қазақ даласының ішкі жағына ену үшін пайдаланбақшы болды. 1835 жылы Қуаңдарияның сыртындағы Құртөбе деген жерге бекініс салып, онда 200-ге жуық әскер ұстаса, Сырдарияның сол жағалауына Қожанияз бекінісін, одан соң Жаңақала бекінісін салды. Жергілікті қазақтардан зекет, ұшыр және басқа да алым-салықтар жинау үшін әскерді пайдаланып отырды. Қазақ рулары салық төлеуден бас тартқан жағдайда Хиуа әскерлері қазақ ауылдарын шауып, әйелдері мен балаларын айдап әкетті.
Хиуа хандығының шапқыншылығы әсіресе, ХІХ ғасырдың 40-жылдары барынша күшейе түсті. Олар Сыр бойын жайлап отырған Атанбас, Ақирек, Қамыстыбас деген жерлердегі 1400-дей отбасын шапты. 1847 жылы тамыз айында 1500 әскер дарияның оң жағасына өтіп, ауылдарды шауып, мыңнан аса үйді тонады. Арада жыл өтпей жатып 2500-ге жуық шаңырақты ойрандап, 500-ге жуық қазақтарды өлтірді. Осындай шектен шыққан озбырлыққа төзе алмаған Сыр бойылықтар Ресей қамалдарын паналап, Қарақұмға, Ырғыз өзенінің бойына қарай босуға мәжбүр болған.
Сыр бойындағы осы кезең туралы И.В.Аничков: «Кіші жүз ханы Әбілқайыр сонау 1730 жылы-ақ Ресей патшасына бодан болса да, Арал теңізі мен Сыр бойында орыс әскерінің баса-көктеп билік құра бастаған кезінде, яғни 1847 жылы Арал бекінісі салынған уақытта, былайша Ресейге бағынды делінгенмен, Сырдың төменгі ағысы мен Қарақұм, Борсыққұмда көшіп-қонып жүрген Кіші жүздің бір бөлегі біресе Хиуаның, біресе Қоқан ханының шапқыншылығы мен жорығына ұшырап, орыстардың билігіне біражола мойынсұна қоймаған еді. Хиуа мен Қоқан хандары болса Сыр бойында көшіп-қонып жүрген қазақ руларына өз билігін жүргізгісі кеп, үнемі ұшыр, зекет жинап, әйелдерінің абыройын төгіп, ажарлы қыздарын өздерінің харамсарайларына зорлап әкетіп, қазақ ауылдарын ыңғиында шауып алуды әдетке айналдырған-ды»,-дейді [2.3]. Орыс зерттеушісінің жоғарыдағы пікірінен Сыр бойылықтардың ХІХ ғасырдың орта тұсында тек Хиуа хандығынан көрген зорлық-зомбылығы ғана емес, сонымен бірге Қоқан хандығы тарапынан жасалынған қысым да ашық айтылғандығын байқаймыз. Бір көңіл аударарлық мәселе, И.В. Аничковтың орыс отарлаушылары туралы «орыс әскерінің баса-көктеп билік құра бастаған кезі» деп адал бағасын беруі. Осы жерде Т. Омарбеков пен Ш. Омарбековтердің «Қазақ тарихын зерттеумен белсенді айналысқан интеллигенция өкілдерін аса толғандырған мәселенің бірі – Қазақстандағы Ресей отарлауына қарсы ұлт-азаттық қозғалысы. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде жазылған еңбектер бұл мәселені шынайы да объективті тұрғыдан көрсету бағытын ұстанса, ал 30-жылдарға қарай тарихта таптық көзқарастың белең алуына байланысты тарихи ақиқатты сталиндік концепцияға сәйкес баяндауға тырысушылық байқала бастады»,-деген пікірлерінің құнды екендігін айта кетуіміз керек [3.256]. Шынында, кезінде КСРО құрамына енген халықтардың, оның ішінде қазақ халқының тарихын бұрмалау ХХ ғасырдың 30-жылдарынан басталады.
Хиуа хандығының Сыр бойы қазақтарына жасаған зұлымдығы туралы Орынбор батальонының прапорщигі И. В. Виткеевичтің Бұхараға барып қайтқан сапарлары туралы әңгімелері бойынша құрастырған жазбаларында да біраз мәліметтер берілген [4.88]. Жалпы Хиуа хандығы Сыр бойы халқын отарлауды ХІХ ғасырдың басында-ақ, Хиуа хандары Елтүзер мен Мұхаммед Рахим тұсында бастаған болатын. «Хиуа хандығы ХІХ ғасыр басында белсенді түрде өзінің солтүстігіндегі көршілері – түрікмен, қарақалпақ, қазақтарға үстемдік жүргізуге ұмтылды. Мұсылман дінін жалаулатқан Хиуа басшылығы Сыр бойы қазақтарын толық бағындыруды көкседі. ХІХ ғасыр басында Елтүзер хан (1800 - 1806), Мұхаммед Рахим (1806 - 1824) отырған тұста Хиуа ірі мемлекетке айналды. Хиуа хандығы алдымен Мерв түрікмендерін өздеріне бағындырған соң жоспарлы түрде Кіші жүз қазақтарын жаулап алуға ұмтылды. Мұхаммед Рахим Хиуа тарихында салық реформасын жасаушы ретінде де атағы шықты» [5.48-49].
Ақмешіт Хиуа хандығына қараған кезде қазіргі Сырдария (Тереңөзек) ауданы жеріндегі «Күмісқорған» бекінісіндегі хиуалықтар айналасындағы елдерге тыныштық бермей, зорлық-зомбылық жасаған. Осы зорлыққа төзбеген Табынның батырлары Байқадам, Бұқарбай, Қабан батырлардың басын біріктіріп, рухани басшылық жасаған Мысық би сол бекіністі алуға 1829 жылы келеді. Бекіністегі Хиуа ханының інісі және бас батыры Жұбанияз жекпе-жек деп атын ойнатып шыға келеді. Осы жекпе-жекке Бұқарбай Мысық биден бата сұрайды. Сонда Мысық би: «Бұқарбайжан сен әлі жассың ғой, бұғанаң әлі қатпаған. Бірақ сенен бұрын жолбарысың шықты ғой. Алла жар болсын, жеңіс сенің жағыңда болар»,-деп бата берген екен [6]. Бұл жас батыр Бұқарбайдың бірінші жеңісі болатын.
Елді Хиуа ханына қарсы бас көтеруге басшылық жасап, азаттық күресіне рухани басшылық жасаған Мысық би ХІХ ғасырда өмір сүрген тарихи тұлға. Шын аты – Есенжол, Кіші жүздің Табын руынан. Көнекөз қариялардың айтуынша Мысық би шамамен 1804 жылы туып, 1884 жылы 80 жасында Жаңадария бойында қайтыс болған.
Қазақ тарихындағы ерекше сипатқа ие ұлттық көтерілістің бірі - Кенесары бастаған көтеріліс. XIX ғасырдың 30-40 жылдарындағы Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалысы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейінгі бабаларымыздың елі мен жерінің біртұтастығын қорғап қалудағы қатты наразылығы, қазақ мемлекеттігінің тарихындағы ұлы оқиға. Ұлт-азаттық жолындағы көтеріліске Патша үкіметінің 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы Жарғысының» қалыптасқан хандық құрылымды, дәстүрлі билік үлгілерін жоюы, қазақ елін жалпыресейлік басқару жүйесіне сіңістіріп жіберуді көздеген жымысқы саясаты негіз болды.
Ресей билеушілерінің қазақ елінің ең шұрайлы жерлерін тартып алып, Ақтау, Ақмола, Қызылжар, Көкшетауда өз әскери бекіністерін салуы, Солтүстік, Шығыс Қазақстанда суы мен жайылымы мол Ертіс, Есіл өзендерінің бойындағы жерді біртіндеп орыс-казак шаруаларының иелігіне бөліп алуы, жергілікті халыққа алым-салықтың өсуі ұлт-азаттық қозғалысын тұтатты.
Кенесары Қасымұлы 1837 жылғы желтоқсанда Николай І – патшаға: «... Сіздің арғы бабаларыңыз, ал бізде менің атам Абылай патшалық құрған уақытта халық бейбіт және тыныш жағдайда өмір сүрді, оны ешкім бұзған емес. Екі жақ та өзара сауда жасады; біздің жұртымызға ешқандай да салық салынған жоқ. Ал одан кейінгі мезгілде бәрі өзгерді, біздің халқымыздан салық жинала бастады, оған басқа да түрлі таршылықтар жасалынды. Бұрынғы жасалынған бейбіт келісімді бұзып Сіздің төменгі қарауыңыздағы басшыларыңыз бүкіл қазақ халқы Ресей бодандығына қарады деп жалған көрсетті, соның салдарынан менің Абылай атама қарасты жерлерде сегіз дуан орнады. Бұл біздің халқымыз үшін өте қайғылы жағдай, әсіресе оған салықтың салынуы өкінішті-ақ. Сондықтан да біздің бүтін қазақ халқымыз таршылық көрмей, тыныш рахатты өмір сүрсе екен деп, ұлы мәртебелім, Сізге өтініш айтуға өзімді бақытты санап, біздің халқымызды сол бұрынғы күйінде қалдырып, даламызда орналасқан сегіз округтік дуандар мен өзге де мекемелеріңізді жоюыңызды сұраймын», - деп жазған-ды. Алайда заңды талап-тілегі орындалмай, өтініші аяққа басылып, елі мен жерінің біртұтастығына қатты қауіп төнгендіктен, Кенесары ту ұстап, тұлпар мініп, қол бастады. Ақылды саясатшы және шебер әскери қолбасшы ретінде ол соғысқа жан-жақты дайындалды. Жасағына қару-жарақ соғу, соның ішінде зеңбірек құю үшін орыс және өзге ұлт шеберлерін де өзіне тартып, оларға жақсы жағдай жасады. Көп ұзамай Кенесарының қол астына 20 мыңға жуық сарбаз жиналып, олардың ішінде Орта жүздің арғын, қыпшақ руларымен бірге Кіші жүздің де шекті, тама, табын, алшын, шөмекей, жаппас, жағалбайлы тағы да басқа руларының, Ұлы жүздің үйсін, дулат тағы да басқа руларының сарбаздары болды. Кенесары ұлт-азаттық көтерілісінде Ағыбай, Иман, Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жәуке, Сұраншы, Байсейіт, Жоламан Тіленшіұлы, Бұқарбай, Мыңжасар тәрізді батырларға арқа сүйеді.
Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне Кіші жүз қазақтары, оның ішінде Табындар да белсене қатысты. 1843 жылдың жазында Кенесары қосынына көптеген қазақ рулары, оның ішінде басым бөлігі Алшын руынан көптеген адамдар қосылды [7.67-71]. Олар Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне тек қатысып қана қойған жоқ, сонымен бірге материалдық көмек те көрсетті. Мәселен, 1840 жылы Кіші жүз қазақтары Кенесары әскеріне көп мөлшерде ұн берді [8.245]. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі туралы 1946 жылы Ташкентте кандидаттық диссертация қорғаған Е.Д.Ділмұхамедов: «Кенесары әскерінің құрамында өз жасақтарымен Кіші жүздің хас батырлары: Табын руынан (Сырдария) Бұқарбай батыр, Шекті руынан (Сырдария) Жанқожа батыр, Табын руынан (Ырғыз-Ақтөбе) Жоламан Тіленшіұлы, Тама руынан (Ембі) Құрман батырлар болды»,-дейді [9.118].
Бұқарбай батырдың Кенесары әскеріне қосылуы туралы бірнеше нұсқада айтылады. Бұқарбай батыр өзі: «Ауылым Қызылжыңғылда отырған кезде Кенесарының көп әскермен қырғызға кетіп бара жатқандығын естідім. Мен де соларға қосылып қырғызға бірге аттандық. Наурызбай төре менімен жасты болып шықты»,-дейді [10].
Екінші бір дерек көзінде: «Кенесары әскері 1841 жылы Төретамға келгенде оның 3 мыңдай әскері болды. Оған Табыннан Жоламан батыр Тіленшіұлы мен оның жиені Байтабын батыр жасақтарымен қосылған болатын. Кенесары Сыр бойына келген соң елдің билері мен батырларын ордасына шақырды. Өзінің қазақ елінің бостандығын көздейтінін, өз алдына дербес мемлекет құру саясатын ұсынатындығын түсіндірді...
Кенесары Байқадам, Қабан, Бұқарбай мен Қабылан батырларды арнайы қонақ етіп, кешкі кеңеске алып қалды. Кешкі мәжіліске Кенесары тарапынан Наурызбай, шұбыртпалы Ағыбай, Жоламан мен Байтабын батырлар қатысты. Кенесары Байқадам батырды Сыр бойынан қоқандықтарды қуғаны үшін мақтап өтті...
Кенесары енді Бұқарбай батырға қарады:

  • Жас батыр сен не дейсің? Күмісқорғанда Қоқанның атақты Ниязымбет дәуін тамұққа жібердің. Ол талай сыннан сүрінбей өтіп жүрген белді батырдың бірі еді. Әдіс-айлаңды одан асырыпсың. Сондай алып күш иесін мерт қылған сіз маған керексіз. Енді сізді тыңдайын.

Бұқарбай батыр да оң қабақ танытты:

  • Қазақ елінің өз алдына хандық құрып, мемлекет болғанын қалаймын. Сіздің қарауыңызға кіремін. Ерікті ел болғанға не жетсін, сол үшін де барлық тапсырмаңызды орындаймын»,-деді деп көрсетеді [11.72-73].

Бұқарбай батырдың Кенесары әскеріне қосылуы туралы К.Бердаулетов пікірі былайша өрбиді: «1841 жылы кыркүйекте Кенесарыны қазақ жұртшылығы астыртын үш жүзге хан етіп сайлаған. Жанболат елі қалмақтармен өліспей беріспегендей қиян-кескі соғыс жүргізіп жатқанда, ханның інісі Наурызбай төре бір топ адамдармен келіп Жанболаттың ордасына ойран салады. Жанболат өз үйінде сауық-сайран құрып жатады. Жаудан кезекті жеңіспен оралған Жанболат батыр мына сұмдықты естіп, жеделдетіп келіп, Наурызбайдың 90 жігітін өлтіріп, тұтқындап, көгендеп тастайды. Наурызбай – жас батыр, жайдақ атпен қаша жөнеледі. Қуғыншылар даярланады, Жанболатпен танысып та үлгермеген, бірақ тілектес адам Бұқарбай да аттанады. Наурызбай жеткен қуғыншыдан 2-3 адамды түсіріп кетеді. Жанболаттың інісі Ерболатты да жазым етеді. Бұл оқиға Кіші жүз жұртшылығының жан-жақтан анталаған жауға қарсы күресіндегі ауызбіршілігіне жасау түсіргендей болды. Жаңа таныс жас батыр Бұқарбайды таразының қай жағы басым, болашақта қалай болар екен, кім дос, кім дұшпан деген ой толғандырады. Тәуекел етіп, мынадай шешімге келеді: Кене хан орыс патшасының қазақ жеріне дендеп ене беруіне қарсы күрес жүргізбекші көрінеді, мен де осы сапта болуым керек.
Өзі сияқты жас батыр Наурызбайдың найзагерлігі Бұқарбайға өте ұнайды. Қашып бара жатқан Наурызбайдың алдынан көлденең шығып, татулыққа шақырады. Бұл жай-жапсар Кеңесары ханға жетеді. Ел бірлігіне нұқсан келтіріп, Жанболат батырды теріс қаратып алған бүлікшілік әрекеті үшін Наурызбай қатаң жазалануға тиіс болатын. Бұл жерде ара-қатынасқа Бұқарбай дәнекерлік жасайды. Кеңесары хан біраз ашуын басқан соң, Наурызбай Бұқарбайды бетке ұстап, «Жүз жігітке татитын бір батыр әкелдім, жүз басы да, мың басы да бола алады» деп кешірім сұраған» [12].
Бұқарбай батырдың Кенесары әскеріне қосылуы туралы келтірілген дерек көздері мен аңыздар бір-бірінен онша алыс кетпейді. Батыр Кенесарының ел азаттығы үшін күреске шыққандығын түсіне, түйсіне отырып, саналы түрде азаттық жолындағы күреске өз ғұмырын арнайды. Бұл жолда ол өз мақсатына жетті, талай жеңістер биігінен көрінді, жан алысып, жан беріскен отты шайқаста талай ажал аузынан аман қалды. Ел, ұлт алдындағы өзінің қасиетті борышын адал орындады.
Табын руынан шыққан Бұқарбай батыр Кенесарының ең жақын серіктерінің бірі... Жиырма бес жасынан бастап Кенесарының сарбазы болған Бұқарбай 1847 жылға дейін осы қозғалыстың басты батырларының бірі болды. Ол алғаш рет 1838 жылдың тамызында Ақмола бекінісін алуға қатысқан [13.68].
Сыр өңірінің біртуар перзенті Баһадүр батыр Бұқарбай ерлігі қазақ әдебиетінде жыр болып өріліп, проза тілімен айшықталды. Қазақ тарихында азаттық, ел тәуелсіздігі үшін болған ірілі-уақты көтерілістер, сол көтерілістерде жан аямай ерлік көрсеткен хас батырлардың қай-қайсысы болсын көркем әдебиеттің назарынан тыс қалған емес. XV-ХІХ ғасырдағы ұлттық поэзия сол дәуірдегі саяси оқиғалар мен қоғамдағы өзгерістерді, қалың бұқараның көңіл-күйі мен ой-арманын көркем шежіреге айналдырды. Сондықтан болса керек, қазақ тарихын жасауда өзіндік орны бар ғалым Е.Бекмаханов әдеби туындыларға: «Фольклорлық материалдың маңызы сонда, ол тарихи оқиғалар мен жеке адамдарға дәл және көбінесе дұрыс бағасын береді, тарихты жасаушы және суреттеліп отырған оқиғалардың тікелей қатысушысы халықтың өзі болып табылады»,-деп аса мән бере қараған [14.42]. Және өзінің тарихи еңбектерінде фольклорлық, әдеби туындыларды ғылыми дерек көзі ретінде пайдаланған. П.Лафаргтың: «Халық жыры оны иемденетіндердің рухы мен әдет-ғұрыптарына сай келгенде ғана қабыл алынады. Жыр көйлекке қосылатын соны сән сияқтандырып күштеп таңылмайды» [15.51-54],-деген пікірінің құндылығын айта кетуіміз керек. Шынында фольклорлық материалдар мен ел аузындағы аңыз-әпсаналардың негізінде тарихи оқиғалар жатады. Әрине, араға уақыт өткен сайын мұндай аңыздарға айтушылар тарапынан түрлі өзгерістердің енгізіліп отыратындығын да жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, аңыз түбі – шындық екендігі, оның халық басынан өткізген тарихи оқиғалардан алысқа ұзай қоймайтыны күман туғызбаса керек. Аңыз-әңгімелерге сүйене отырып жазылған көркем шығармалар, тіптен тарихи-ғылыми еңбектер де жоқ емес. Өзінің «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты монографиялық еңбегінде фольклорлық метариалдарды кең пайдаланған Е.Бекмаханов: «Кенесары және оның серіктері жөніндегі фольклор материалдарының құндылығы сонда, олардың көпшілігі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Кенесары батырларының өздерінің және көтерілістің басқа да қатысушыларының өз аузынан жазып алынған»,-дейді [14.189]. Бұған бірнеше мысал келтіруімізге болады. И.В.Аничков 1894 жылы жазған «Қазақ батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты тарихи очеркінің жазылуына байланысты: «...Екінші бір көз – кейде қиял-ғажайып ертегі сықылды көрінгенімен аса қызықты, батырдың өмірі жайында айтылған, ел арасында ауызша тарап жүрген аңыз-әңгімелер еді. Мен оның көбін Жанқожаның сарбазы болған, онымен Созаққа дейін бірге барған, 1847 жылғы тамыз айының 21-күні Жаңақала үшін болған шайқасқа қатынасқан, 1850 жылы Қоқан қамалы «Қосқорғанды» басып алу кезінде орыс әскерлерінің сапында болған қазақ қолының санатына кірген, кейіннен Жанқожа көтерілісін басу кезінде сол бүлікке қатынасам деп жараланған, баяғы бір ат басында жүрген шағының белгісі ретінде ақ найзасын қара үйдің іргесіне шаншып қойып, бүгіндері Жаңарықтағы өз аулында тірлік кешіп жатқан қарт батыр Байжанұлы Ізтілеуден естідім»,-деп естелік айтады [2.10-11].
Бірнеше тарихи жырлар мен дастандарға, прозалық шығармаларға кейіпкер болған Бұқарбай батыр да өз заманының шежіресі болғанға ұқсайды. «Түркістан түземдік газетінде» қызмет атқарған Молла-Әлим-Махмұд-Қажы 1928 жылы Ферғана хандарының ХІХ ғасырдағы Хұдияр ханға дейінгі тарихын баяндайтын «Тарих-Түркістан» атты еңбегінің Кенесары ханға байланысты бөлімін Бұқарбай батырдың айтуы бойынша жазғандығын айтады. Автор 1870 жылы Бұқарбай батырмен кездесіп, Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісі туралы әңгімелескені, Бұқарбай батыр көтерілісшілер айтатын жырды орындап бергендігі туралы мәлімет бар [14.19]. Аталған еңбекте Кенесары көтерілісі туралы Молла-Әлим-Махмұд-Қажының Бұқарбай батырдың айтуы бойынша Кенесары көтерілісі туралы: «Кенесары деген қазақ ханы қазақтардан әскер жинап Ресей шекарасындағы Қарқаралы, Қараөткел, Қызылжар деген жерлерді орыстардан босатады. Ресей мұжықтарын шауып, талан-таражға салып, шығып тұрған пішендері мен егіндеріне от қойып, өртеп кетеді. Одан кейін Түркістан шаһарына келіп, Шолаққорған, Созақ атыраптарын қоқандықтардан тазартады. Одан соң Алматы, Бішкек үстімен қара қырғыздарға шабуыл жасайды. Кенесары ханның Наурызбай төре, Ержан төре сияқты інілері қасында болды»,- деп жазғаны [16.134] тарихи деректерден алыс емес. Автордың айтып отырған Бұқарбай батыр орындап берген көтерілісшілер жыры «Бұқарбай батырдың қиссасы» болуы керек. Бір өкінішті жай, «Бұқарбай батырдың қиссасы» деп аталатын еңбектің табылмауы. Орталық Ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорына 1946 жылы М.Ахметұлы (№663 папка) «Бұқарбай батырдың қиссасын» өткізген. Қолжа қорында осындай тізіммен тұрған аталған тізбе (№663) жоқ болып шықты.
Кенесары бастаған көтеріліс қазақ әдебиетінде біршама көрініс тапты. Өкінішке орай, қалың оқырман бұндай туындылардан ұзақ жылдар бейхабар болып келді. Кенесары қозғалысының түрлі кезеңдерін қамтитын фольклорлық шығармалар жанрлық жағынан тарихи жырлар, ғашықтық дастандар, арнау өлеңдер, Кенесарының Арқа жұртымен қоштасуын бейнелейтін толғаулар, Хан Кене мен Наурызбай төренің қазасын жоқтауға арналған ғұрыптық жырлары, прозалық шығармалар және драмалық шығармалар болып келеді. Нысанбай жыраудың «Кенесары – Наурызбайы», Көкбайдың «Абылай – Кенесарысы», Нұрханның «Жасауыл қырғыны», Саяділдің «Кенесары» сияқты т.б. Бұл шығармалардың басым көпшілігі көтерілістен соң туған. Хан Кененің үзеңгілес серіктері Ағыбай, Иман, Бұқарбай жайындағы жырларда Кенесарының ақыл-парасаты, ұлт жандылығы қалай сөз етілсе, Кенесары туралы халық жырлары мен кейінгі кезеңдегі әдеби жанрларды Бұқарбай бейнесінсіз елестету мүмкін емес.
Осындай әдеби шығармалардың арасында Нысанбай жыраудың «Кенесары - Наурызбай» дастанының орны ерекше. Кіші жүзден шыққан Нысанбай Жаманқұлұлы Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтеріліске бастан-аяқ қатысқан. Сондықтан да Нысанбай жырау қаламынан Кенесары көтерілісін шынайы суреттеген «Кенесары - Наурызбай» тарихи дастаны туды. Аталған дастанда Кенесарының қырғыз еліне шабуылы, оның туу себептері, шабуыл кезіндегі хан жасағының ерлік-шеберліктері, шабуылдың жеңіліске ұшырауы мен оның себептері жырланады. Дастан алғаш 1912 жылы жарық көргенімен, кейін Кеңестік солақай саясаттың ықпалымен ұзақ жылдар бойы өз оқырмандарына жол таба алмай келді.
Кенесары мен Наурызбай, оның хас батырлары Бұқарбай, Ағыбай, Иман батырларға деген мадақ сөзден басталатын дастанда, қырғыздармен соғыс кезіндегі қазақ батырларының ерліктері жырланады. Кенесары жасағындағы батырлардың ерлігі жырға қосылған тұста Бұқарбай бейнесі жарқырап, ерекше көзге түседі. Қырғыз ханына елшілікке кеткен Кенесарының інісі Ержан төрені қырғыздар жібермей қолға ұстап отырғанын естіген Наурызбай, Кенесарының рұқсатымен қырғыздарға қарсы аттанады. Қырғыз батыры Бедер жекпе-жекке шақырғанда Байзақ батыр бастаған топтан ешкім шықпай, Наурызбай төренің өзі шығады. Артынан Меңдібай, Дулат, Ағыбай, Шәкір, Жәуке, Төребай, Қабан, Бұқарбай батырлар ілескенде оларды кейін қалдырып кетіп, Наурызбай Бедермен жекпе-жекке өзі барады. Жан алысып, жан беріскен екі батыр арасындағы жекпе-жек жырда:

Бедер менен Наурызбай


Жақындасып барысты.
Астарына мінген ат
Ауыздыққа қарысты.
Ат үстінде алысты
Найзаменен салысты,
Бір-біріне жабысты,
Керегедей қабысты,
Ерлерінің артына
Мініп-мініп қалысты.

...Найзаменен салғанда


Қайраттың тиді пайдасы.
Шолтаң етіп Бедердің
Аспанға ұшты найзасы,-

деп суреттеледі [17.262-263].


Жекпе-жекте өлген қырғыз батырының сүйегін алып кетуге қырғыздар лап қойғанда жалғыз қалған Наурызбайға Бұқарбай көмекке келіп, Бедердің сүйегін ала қашады.

Әртараптан қырғыздар


Жағалай шауып жиектен,
Тұс-тұсынан ат қойды,
Үмітті болып сүйектен.
Арасы алыс дауыстап
«Барма, мұнда кел» деуге.
Шауып барып Бұқарбай
Ат үстінен көлбеді,- [17.263]

Кене хан шайқаста көрсеткен ерлігі мен адалдығы үшін Бұқарбайды мадақтап, басқа батырларға үлгі етеді. Бұл әсіресе, қырғыз батырының сүйегіне емес, атын алып қалу үшін шапқан Ағыбайға сын еді. Сол жерде Кенесары Ағыбай әкелген қырғыздың сәйгүлігін Бұқарбайға бергізеді:


Бұқарбай батыр әкелді


Ер Бедердің сүйегін.
Барлық қазақ жабылып
Малақай қылды үйегін.
Ағыбай батыр шабады,
Қашқан атын көреді.
Қырғыздан қорқып таймады,
О да қайсар ер еді.

Алып қанға келеді,


Тарту қылып береді.
Бұқарбайды мақтады:
-Бәрекелді, ерсің деп.
Ағыбайды шақырды:
-Атын алып келсін деп.-
Сүйекке шапқан ер болар,
Атын бұған берсін деп.
Үлгі қылып сөз айтты,
Әркім мұны көрсін деп.
Жауға шапқан батырлар
Намыстанып өлсін,-деп [17.264-265].

Жыр жолдарынан Бұқарбай ерлігі ғана емес, намысқойлығы, ақылдылығы мен жігер-қайраты анық көрінеді. Сонымен қатар қазақтың соңғы ханы Кенесарының Бұқарбай батырға деген ықыласы да сезіледі.


Нысанбай жорық жыршысы. Дастанда болған оқиғаның барлығын көзбен көріп, жүрекпен сезген ақын. Сондықтан да өлең жолындағы әрбір сөз шынайы, өмірге соншалықты жақын. Бір айта кетерлік мәселе, дастанның өн бойында басқа батырларға қарағанда Бұқарбай ерлігі ерекше пафоспен жырланады. Бұл шын мәнінде Бұқарбай батырдың Кенесары бастаған көтерілістегі алар орнын, батырлық бейнесін, ер жүректілігі мен қайрат-намысын көрсетсе керек. Наурызбай бұл жекпе-жектен кейін қырғыздың Ораз батыры бастаған бірнеше батырларын жекпе-жекте өлтірген соң, қырғыздар лап қойып Наурызбайды ортаға алады, Ақауыз атын атып түсіргенде, Наурызбай жаяу қалады:

Наурызбайға лап қойды


Қалың қырғыз шоғынан.
Қызылсу мен Дуанның
Аңғарынан шаң асты.
Қырсықтың басы емес пе,
Төреден қазақ адасты.
Қырғыз, қазақ екіұдай
Наурызбайға таласты.
Қияда жүрген Бұқарбай
Атына қамшы бір басты.
Үзеңгісін шығарып,
Наурызбайға жанасты.
Бұқарбайдың алдына
Наурызбай кетті мінгесіп...

...Бұл екеуін қорғауға


Ағыбай сыртын айналды.
Шама келсе, тіресіп,
Алдырмасқа ойланды.
Бұқарбай мен Наурызбай
Салар еді ойранды,
Мінгесулі бір атқа
Бұлардың қолы байланды.
Сол уақытта қырғыздар
Басқын жетіп өрледі [17.269].

Жолдасқа адалдық адамның басына күн туғанда, іс түскенде танылады. Жалпы ел аузындағы аңызға қарағанда Наурызбай мен Бұқарбай арасында бақталастық та болғанға ұқсайды. Оны Кенесары да білген. Бірде Бұқарбайды шақырып алып оңаша сөйлесіп, жауда жолдасың мықты болса, сенің несібең, ауыздарың бір болсын, іш пікірді тазалаңдар, өкпе-қақпаны тастаңдар. Бұқарбай, сен бірінші батырлықты Наурызбайға қия бер, саған қосынның екінші батыры, мың басылық лайық. Ағыбайды аға тұт, оны халық Ақжолтай атауы да тегін емес, деп есте қаларлықтай ұлағатты сөз айтқан [18]. Сөйте тұра өзінің жорықтас жолдасы Наурызбай жау қолында қалып бара жатқанда алғаш көмек қолын созады. Жыр жолдарынан Бұқарбай бойындағы досқа адалдық, ер жүректілік, жолдас үшін қажет жерінде жанын да аямайтын көзсіз батырлық көрінеді.


Ел арасында Бұқарбай батырдың жанында үнемі екі жолбарыс еріп жүреді. Жауға қарсы шапқанда, жекпе-жек найзаласу үстінде екі жолбарыс қарсыласына сес көрсетіп, Бұқарбай батырға дем беріп отырған деген аңыз бар. Шын мәнінде Бұқарбай түрлі шайқастар мен жекпе-жектерді жеңіспен аяқтаған. Көнекөз қариялардан ауыздан-ауызға жетіп келе жатқан әпсана-аңыздарды жоққа шығаруға да болмас. Сөз бастаған би-шешендер мен қол бастаған батырлардың бойында ақыл-парасат, күш-қайрат, жігер-намыспен қатар көпшілікке беймәлім қасиеттердің болатыны да тылсым-табиғаттың бір сыры болуы ғажап емес. Осындай қасиетті бабаларымыздың бірі – Бұқарбай батыр болған. Жоғары біз мысалға келтірген жыр жолдарынан Бұқарбай батыр бойындағы осындай қасиетті де аңғаруға болады. Қоршаған қалың жаудың ортасынан аман шығу тек күш-қайрат, ептілік-шеберлік қана емес, қысылғанда қол ұшын берер тылсым күштің де баба бойындағы бар екендігін көрсетеді.
Жалпы алғанда Нысанбай жыраудың «Кенесары – Наурызбай» дастаны Бұқарбай батыр бейнесін барынша шынайы сомдаған шығарманың бірі деп айта аламыз. Дастан туралы академик Р.Бердібайдың: «Мұны шығарушы Нысанбай жырау – Кенесары жорыөтары кезінде бірге болған, барлық дерек, оқиғалардың куәгері, әрі азаттық аңсарын биік ұстаған ірі ақындардың бірі. Бұл жырда келтірілген істер мен деректердің молдығы әрі шыншылдығы оны тарихи жырлардың ең таңдаулысы қатарына қосады. Мұнда тарихи құжаттар арқылы мәлім болып келген оқиғалармен қатар ақынның өз көзқарасын білдіретін тұстар да баршылық»,-деуі [19.139] шығармаға берілген құнды пікір екені даусыз.
1838 жылдың күзінде Кенесарының ірі әскери әрекеті Ақмола бекінісін алты күндік қоршауға алып, ақыры өртеп жібереді. Бекіністі аға сұлтан Қ.Құдаймендіұлы мен әскери старшын Карбышевтың жасақтары қорғайды. 1838 жылғы 7 тамызда таң ата Кенесары шабуыл бастап,Ағыбай, Наурызбай, Бұқарбай үшеуі үш жүздей ғана сарбазбен орыстарды ойсырата жеңіп, көптеген қару-жарақтарды қолға түсіреді. Карбышев бастаған Ақмола гарнизонын талқандауда Басықара, Бұқарбай мыңдықтары ерекше ерлік көрсетеді. Шабуыл кезінде Басықара оққа ұшып, оның сарбаздары жаудың қылышына төтеп бере алмай, шегіне бастайды. Оның сүйегін жау қолында қалдырмауды талап еткен Кенесары шешуші шабуылды күтіп тұрған Бұқарбай жасағын лап қойғызады. Осы шабуылда Бұқарбай ерекше көзге түсіп, қалаға алғашқылардың бірі болып кіреді. Ол найзамен, қылышпен, кейбіреуінде сирек кездесетін шиті мылтықпен Кенесары әскері құрамында Ақмола бекінісіне шабуыл жасап, зеңбірек пен карабин, винтовкалармен мұздай қаруланған бекініс бастығы офицер Карбышев пен Қоңырқұлжа Құдаймендіұлын азғантай отрядпен қашуға мәжбүр етеді. Ақмола бекінісін алудағы ерлігі үшін Бұқарбай батырға мыңбасылық атақ беріледі. Бұқарбай ерлігі туралы «Кенесары - Саржан» дастанында:

Қару-жарақ жинатып,


Қарсыласын шулатып.
Қасқырдай тиді жауына,
Табыннан шыққан Бұқарбай.
Қашқындарын құтқармай,
Жалғыз емес тағы бар.
Иман, Дәулет, ер Тәуке,
Үйсіннен Шәкір, Төлебай.
Ақауыз аттың үстінде,
Ағызып келед Ағыбай.
Осындай қанды қырғында,
Тұрады қалай қан қызбай.
Жай отындай жалтылдап,
Жусатты жауды Наурызбай.
Өзіне найза салғызбай,
Жолбарыс жүрек Бұқарбай.
Көктен түскен қырандай,
Екі жүздей дұшпанды.
Жалғыз қырып ерледі,
Ешкімге дес бермеді.
Екі күн бойы батырлар,
Ақмола үстін шаңдатты.
Жау күші басым болса да,
Хас батырлығын аңдатты.
Қағындысын қаққандай,
Босағасын қандатты.
Зәресін алып дұшпанның,
Барлығын да зарлатты.
Қадалған жерден қан алар,
Катковский жанарал.
Қарсы тұрар қазаққа,
Енді қандай амал бар?!
Ылажсыздан бәрі де,
Тым-тырақай шегінді.
Осылайша сол күні,
Жаудың беті серпілді,-

деп суреттейді. Жыр жолдарынан Бұқарбай ерлігі, ерлігі ғана емес, соғыс өнерін шебер меңгерген найзагерлігі, шалт қимылы көрініс береді. Ақын Бұқарбай батырдың көтеріліс кезіндегі іс-қимылын ерекше шабытпен жырлайды. «Жолбарыс жүрек Бұқарбай, Көктен түскен қырандай» деуінің өзі батыр образын ерекше айшықтай түседі.


Бұқарбай батырдың көркем бейнесі Жамбыл, Доскей, Сүйінбай шығармаларында да жарқырай көзге түседі. Атағы әлемге тараған ұлы ақын Жамбылдың жыр жолдарындағы төмендегі үзіндіден Бұқарбай тұлғасын тануға мол мүмкіндік аламыз:

Беліне қылыш байлаған,


Жау қайда деп сайланған.
Алдағы ауыр айқасқа,
Бір кісідей қамданған.
Батырлар келді Қордайға,
Серт берісті, ант етті,
Ешкімге бодан болмауға.
Қасиетті жерін қазақтың,
Жат-жұрттардан қорғауға.
Кенесары алдында,
Өңкей көкжал бас қосқан.
Дұшпанды көрсе қуанған,
Қылышын қанға суарған.
Атақ-даңқын елінің,
Қан майданда шығарған.
Сондай ердің бірі еді,
Табыннан шыққан Бұқарбай.
Жау жағадан алғанда,
Тұрады қалай тұтанбай.
Абылайлап ат қойса,
Кететін ұқсап қыранға-ай.
Қадалған жерден қан алған,
Қан алып қоймай жан алған.
Тұла бойы батырдың,
От-жалыннан жаралған.

Жыр жампозы Жамбыл Бұқарбай батыр образын жасауда жыр нөсерін аямай төгеді. Көз алдымызға жауға қарсы аттандап шапқан дүлей батырды елестетеді. Ақын батырды қыранға теңей келе: «Қадалған жерден қан алған, Қан алып қоймай жан алған. Тұла бойы батырдың, От-жалыннан жаралған» деген өрнекті жолдары арқылы баба бейнесін биіктете, асқақтата түседі.


Қазақ әдебиетінде өзіндік дара дәстүрмен ерекшеленетін Сыр бойындағы әдеби мектептің өкілдері Базар жырау, Дүр Оңғар, Шораяқтың Омары мен Тұрмағамбет, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп Ешниязұлы мен Қаңлы Жүсіп Қадірбергенұлы Алаштың анасы атанған Сыр өңірінен шыққан би-шешендер мен батырларды әрқашан жырға қосып, мақтан тұтып отырған. Мақтан тұтып қана қоймай, ел басына күн туғанда елін қорғар батыр ұлдарын іздеді. Сол арқылы халық санасын оятып, ұлтты азаттық жолындағы күреске шақырды. Сыр сүлейлерінің осындай отты жырларынан Бұқарбай есімін жиі кездестіреміз. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар Сыр сүлейлерінің бірі – Базар Оңдасұлы Сыр бойынан шыққан батырлар туралы арнауында:

... Қаһары келсе хандарды,


Алтын тақтан тайдырған.
Жетіде тағам бір татқан,
Қысқа күнде қырық шапқан.
Жанқожа, Есет, Қыстаубай,
Сәрке, Сейіл, Бұқарбай,
Елқонды, Қабан, Қалдан бар.
Осындай ерді тудырған,
Кіші жүзде қандай арман бар.
Малайсары, Жантайлақ,
Сәмет батыр, Тоғанас,
Солар да өткен бұл дүние...

деп жыр төгеді. Жыр-кестенің сөз бояуы соншалықты қанық, көркемдігі жоғары. Биік талғам, өрелі ой өз тыңдарманын ынтықтыра түседі. Оның сыры - ақынның жыр жолдарында сөз етіп отырған елдің сүйікті перзенттері боғандығында. Соның бірі – ел азаттығы жолындағы күресте өр тұлғасымен ел жадында қалған Бұқарбай батыр.


Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ поэзиясында Бұқарбай батыр образын сомдаған шығармалар баршылық. Осындай әдеби жаратындылар арасында Сыр перзенті, қазақтың классик ақыны Әбділда Тәжібаевтың «Бұқарбай батыр - нашағым» атты толғау өлеңінің шоқтығы биік. Толғауда Бұқарбайдың жау жүрек батырлығымен қоса, оның кісілік келбеті, ішкі сезім-сыры, жан дүниесі көрініс тапқан:

Қырандай қағып қанатын,


Жауынан тоят табатын.
Абылайлап ат қойса,
От болып, лаулап жанатын.
Жауын жеңсе жаныштап,
Айызы бір қанатын.
Тілегін тілер халқынан,
Керемет қуат алатын.
Қазағым десе қан жұтқан,
Жыртқызбаған жағасын.
Бұқарбай батыр – нағашым.

Көрмеген таққа таласып,


Қорғап өткен қызғыштай,
Қойыны құтты даласын.
Шыдап баққан елемей,
Қан жоса болған жарасын.
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты
Бұқарбай батыр – нағашым.

«Қазағы үшін қан жұтқан» батыр образын ақын «тарының қауызына сыйып кетердей» аз ғана өлең жолымен ашады. Тек дәріптеу, мадақ сөз емес, ел азаттығы жолындағы ер ұлдың өмірлік ұстанымы ерекше айшық табады. «Көрмеген таққа таласып, Қорғап өткен қызғыштай, Қойыны құтты даласын»,-деген өлең жолдары арқылы батырдың өмірлік мұрат-мақсаты, ел қорғау, ұлтының азаттығы мен бостандығы жолындағы перзенттік борыш-міндетіне деген адалдығы көрініс табады. Әбділда жырының ерекшелігі де батырдың биік парасатын, кісілік келбетін аша алуында.


«Бұқарбай батыр – нағашым»,-деп іш тарта, жақындық таныта отырып, ақын Сыр бойынан шыққан баһадүр батырды өзінің мақтан тұтатынын жыр өрнегімен кестелей жеткізеді.
Қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар сөз зергері Асқар Тоқмағамбетов те өзінің даңқты жерлесі Бұқарбай батырдың өмірі мен күрескерлік жолына аса қызығушылықпен қарағандығын байқаймыз. Жалпы Асқар ақын шығармашылығының негізгі тақырыптарының бірі, тіптен бірегейі Сыр бойынан шыққан ақындар, би-шешендер, баһадүр батырлар тағдыры. Қаламгер қаламынан туған лирикалық жанрдағы арнау өлеңдер мен толғауларды айтпағанда, Сыр сүлейлерінің тағдыр-талайы сөз етілген «Жыр күмбезі», «Көтерілген күмбез» сияқты шығармалары осы сөзіміздің дәлеліндей. Осындай әдеби жаратындысының бірі – 1940 жылы жазылған «Бұқарбай батыр» поэмасы.
Суреткер һәм туынды. Тағдыр-талайы бір, егіз ғұмыр. Суреткерге бақ сыйлап, мерейін асырып, абыройын асқақтататын оның жан-жүрегін жарып шығып, «мидың мың градустық домна пешінде» қайнап-қайнап барып оқырманға жол тартатын көркем туындысы. Керісінше, оған кейде өмірдегі ауыр соқпақты бұйыртатын да оның шығармасы. Кешегі қылышынан қаны тамған кеңестік қызыл идеологияның тұсында бір ғана шығармасы үшін қаншама арыстарымыз темір торға тоғытылса, олардың қаламынан туған дүниелер оқырман үшін «қауіпті саналып», архивтің терең түкпіріне жөнелтілді. Тағдырластық дегеніміз осы болар, сірә.
Осындай шығарманың бірі 1941 жылы «Ленин жолы» газетінің 123 санында жарық көрген Асқар Тоқмағамбетовтің «Бұқарбай батыр» деп аталатын поэмасы. Поэманың үзіндісі газет бетінде жарияланысымен Асекең сын садағына ілінеді. Ескілікті жырлаушы, ұлттық батырларды дәріптеуші ақын ретінде біраз қуғынға да ұшырайды. Сондықтан болса керек, поэманың жалғасы жарық көрмеген. Бір қызығы, Орталық ғылыми кітапхананың сирек қолжазбалар қорындағы №1328 «Кенесары және оның батырлары жайындағы жыр-дастандар» деп аталатын буманың (папканың) мазмұнында ақынның аталған поэмасы көрсетілгенімен, шығарманың өзі жоқ болып шықты. Белгісіз себептермен о баста өткізілген поэма «қолды» болған. Заман сылайынан қауіптенген автордың өзі ме, әлде кеңестік жүйенің «қолшоқпарлары» алды ма, бізге бұл жағы белгісіз. Қалай дегенде, күманды ойда қалғанымызды жасыра алмаймыз.
Көңілге қуат, Ш.Уәлиханов атындағы Ұлттық кітапханадан ақын шығармасының газеттік нұсқасы (үзінді болып жарияланған) болса да табылды.
Біздің пайымдауымызша Асқар Тоқмағамбетов поэмасының сюжеттік желісіне негіз болған Орталық ғылыми кітапхананың сирек қолжазбалар қорындағы № 1331 бумадағы «Бұқарбай батырдың әңгімелері» болса керек. Зерделей қарағанда Асқар Бұқарбай батырдың аузынан жазылып алынған осы әңгімені өлеңмен өрнектеп, поэзия тіліне айналдырғандығы байқалады.
«Кіші жүз табын руынан шыққан Бұқарбай батыр Шұбыртпалы Ағыбай батыр және Кенесары, Наурызбаймен көп уақыт жолдас болған екен. Бұқарбай қартаң тартқан шағында бір әңгіме айтыпты: - Мен өзім талай соғыс, қырғын жорықтарда болып жүргенімде батырлығымның бір ісіне өте қатты сүйсіндім. Сырдарияның Шұға беттегі жағында Кенесары бастаған қалың ел орнап жатқан кезі еді. Ол кезде Созақ, Түркістан, Ақмешіт маңында Қоқандармен соғысып жүрдік. Батырлар күні-түні ат үстіндеміз. Сыр бойындағы бізге тілектес іргелес ел қалың қыпшақ.
Қыпшақта бір байдың аты Күреш деген сұлу қызы болды. Сол қызға Ағыбай, Наурызбай мен үшеуміз бірден қызықтық. Қызыңды маған бер, маған бер деп үшеуміз батырлық беделімізді салып сұрасақ та қыз әкесінің бізге берген жауабы: «Қызымды жалғыз атты жорықшы тентектерге бере алмаймын, жалғыз тұяқ берер қалың малдарың жоқ, нелеріңе қызығамын! Бүгін мұнда, ертең онда кезіп жүрген сендердің артыңа таңып, қанжығаларыңа байлап жіберетін қызым жоқ. Елі сай, жері сай, терезесі тең бір мырза кез келер»-деді.
Біз үшеуміз де байдың бізді менсінбеген мына қорлығына ыза болып, Кененің алдына келдік.
- Ол қызды біреуімізге бұйырыңыз, барып шауып алайық, рұқсат беріңіз-дедік. Кенекең үшеуміздің сөзімізді тыңдап болды да:
- Сендерге ел керек пе, қыз керек пе? Алыстағы жауды алмай іргелі елді бүлдірейін деп пе едіңдер? Қыз керек болса барып Созақтың қамалын бұзып сарттың қызын алыңдар! Мыналарыңа рұқсат жоқ-деді.
Бір күні әскер жаққа жорыққа аттандық. Ағыбай мен Наурызбай бір бөлек, мен Кенесарымен бір бөлек кеттім. Бір-екі күннен соң ауылға оралып келдік, Ағыбай мен Наурызбай әлі қайтқан жоқ екен. Астыма мінгенім 200 қойға сатып алған күрең тұлпар еді. Өз ауылыма келе жатқанда ауыл шулап қоя берді:
- Күрештің ауылын таңертең ертемен Қоқандар шауып кетті-деді. Сонан не болғанымды өзім де білмеймін көзіме қан толып, түгім түлеп сыртқа шығып:
- Олар қалай кетті,- деп сұрай бердім.
– Жаулар Ташкент жаққа беттеп кетті деді. Бір аяқ сусынды жұта салып, Кенекеңнен рұқсат сұрамастан жау жарағымды асынып, Ташкент жаққа шу деп тартып кеттім. Найзамды аспанға үйіріп құйғытып келем.
Түн ортасы ауған мезгілде ән салып шуылдаған көптің сарынан естідім. Кешікпей-ақ қалың қолдың артынан келіп жеттім. Топ-топ болып ән салып, таланған мал-мүлікті артып, жаулар кетіп барады. Менімен бір де бірінің жұмысы болған жоқ. Күреш көрінер ма екен деп қабырғалап шауып келем. Ілезде таң да ағарып атып қалды. Талай байлаулы матаулы сұлуларды көрдім. Бірақ Күреш көзіме түскен жоқ. Бір мезгілде алдыңғы топқа келіп жеттім. Жетсем түйеге мінген екі әйел кетіп бара жатыр екен. Сыртынан байқасам Күреш секілді. Жүгіртіп жанына жетіп келдім де: - Сен Күрешпісің дедім. Жылап бара жатыр екен, а деп бетін ашып алды. Бетін ашып қалған кезде «мін артыма» деп жауырынан алып, ап деп артыма салып жібердім. Түйе жетектеген кісі тұра ұмтылып еді, кеудеден найзамен бірақ іліп тастадым. Шө деп кейін жөнелдім. Сонда сарттар да менің жау екенімді біліп шуылдасып қалды. Бұл кезде мен бір талай жерге ұзап кеттім.
Қыз айтты: - Батыр жау жабылып артымыздан қуып келеді-деді. Мен: -Көңіліңді тайғызба тақ таянғанда айт-дедім. Жау таянып келгенде қыз айтты: «Бір тарлан атты келіп қалды»,- деді. Қызды аттан түсірдім де жауға қарсы мен де шаптым, ода шапты, екеуміз де қайтқанымыз жоқ. Найзаны ол да салды, мен де салдым. Найзасын аспанға бір қағып жіберіп, шұрқылтайдан көк семсермен дәлдеп тұрып беріп қалдым. Қорқырап барып, жығылды. Тарлан атты жүгіртіп барып шылбырын іліп алып, қызды жерден көтеріп алып атқа тастап жібердім. Екеуміз желіп жүріп кеттік. Артымыздан шапқан жау ту ұстаған батыры өлген соң барлығы да сол жерде ұйлығып тұрып қалды. Сұлулығына қанша сұқтанып жүрсем де жолшыбай қызға бірауыз сөз айтқаным жоқ. Жүріп отырып ертең түсте қыздың әкесінің үйіне келдік.
Қызынан айырылып еңреген шешесі айтты: Қарағым-ай осы еңбегіңді ұмытпаспын деді. Қызды үйіне тастап ауылыма жүріп кеттім. Ағыбай мен Наурызбай қызды босатып әкелгенімді естігенде – ту, сен батыр емес екенсің ғой, қызды мұнда неге әкелмедің деп өкінді. Мен: - Бірінші әкесінен рұқсат жоқ, екінші Кенекеңнен рұқсат жоқ дедім.
Арада бірнеше күн өтті. Науан мен Ағыбайдан гөрі қыз маған тән сияқты болып қалды, олар енді менімен таласа қоймады, тек жалынып сауға сұрай бастады. Бірақ мен өлсем де қызды оларға қиярмын ба. Мен бір күні қыздың үйіне барып, әкесінен балаңды бер деп едім, жау талап малым азайып қалды, дәулетім шайқалды, қолың ұзын ғой, матап қырық жетінің малын тауып әкеп бер де қызды ала бер деді. Жалғыз қарам жоқ, не бермекпін? Бөгеліп қалып, не айтар екен деп қызға қарадым. Қыз орнынан ұшып тұра келіп айтты: Әке мен Бұқарбай болмаса, сарттың бір бегіне күң болып кетпекші емес пе едім? Бұқарбайдың еңбегі менің бір қара басыма татитын болды ғой. Енді Бұқарбайдан басқа ешкімге бармаймын деді. Қыздың шешесі де: - Балаңның бақытына жаралған батырға, жалғыз қызыңды бермей қайтесің деп қостады. Бай ақыры көніп, ал, ал балам қадалған жеріңнен айрылғың келмей тұр ғой деп ризалығын білдірді.
Қызды киіндіріп, бір жорға атқа мінгізіп, үйіме алып келдім. Өзіміздің батырларды жинап, үлкен той жасадым. Тойға Кенекең бас болып, Науан, Ағыбай тағы басқа батырлар бәрі қатынасты. Сол алған әйелім сұлу, өзі ақылды болды. Бұл әйелімнен екі ұл туды. Батырлығыма бір сүйсінгенім міне осы Күреш сұлуды жаудан тартып алған ерлігім болды депті Бұқарбай [20].
Поэма сюжетіне арқау болған әңгіме осы. Бір өкініштісі, шығарма аяқталмай қалған. Оған бір себеп, біздің ойымызша ақынның ескіні жырлаушы ретінде сынға алынуы болса керек. Асқар Тоқмағамбетовтің ақындық арынын, эпикалық кең тынысын танытатын туынды поэма деп аталғанымен, жыр үлгісінде жеті-сегіз буынды болып келеді. Тирадалық шумақтар, ұйқас – барлығы дастан, жыр жанрына жақын. Оқиға, ширыққан тартыстан гөрі баяндау әдісінің басымдығы да жыр жанрымен жақындығын көрсетеді. Ақынның тілі шұрайлы, суреттеп отырған заман келбетін көз алдыңызға әкелетін әдеби стильге таңданбасқа болмайды. Әсіресе, батыр портретін жасау, ситуациялық портреттерді суреттеу кезіндегі ақындық шеберлік Бұқарбай батырдың тұтас образын сомдауға үлкен әсерін тигізген.

Тебінгісін тер тескен,


Ат арқасын ер кескен,
Екі талай егесте
Келелі жауға теңескен.
Бұғақтан басса бұқтырған,
Сағақтан салса сықтырған,
Шықшыттан қысса шыңғыртқан,
Айғайменен үй жыққан,
Тегеурінді тел өскен,
Табыннан шыққан Бұқарбай [21]!

Өзінің бас кейіпкері – Бұқарбай батыр келбетін осылай суреттеген ақын, Күреш сұлу бейнесін жасауда батырлар жырындағы Гүлбаршын, Құртқа, Ақжүніс т.б. сұлуларды көз алдымызға елестетеді. Бұқарбай ынтық болған сұлу Күреш эпикалық жырлардағы танымал арулардан асып кетпесе кем емес:


Тал бойына қарасаң,


Тал шыбықтай бұралған,
Тарқатылса қолаң шаш,
Өн бойына оралған.
Кірпігі жайдың оғындай,
Қар үстіне қадалған,
Қиыла біткен қиғаш қас,
Машықтай түскен қаламнан.
Қарға түскен қарақат
Қандай қара көрінер,
Қарақат көр де көзін көр.
Суға түскен ақша бет,
Қандай аппақ көрінер,
Сәдепті көр де тісін көр.
Аузын ашса ақылмен
Дүр төгілер сөзінен.
Күлсе лағла шашырап,
Нұр төгілер көзінен [21].

Бұқарбай батырдың жорықтас жолдастары Кенесары, Ағыбай, Наурызбай бейнелерін көз алдымызға бір-бір елестетіп алған ақын әрі қарай оқиғаның басталуын сөз етеді. Күреш сұлуға Ағыбай, Наурызбай, Бұқарбай батырлардың үшеуі бірдей ынтық болып, қыз әкесінен үшеуміздің біреуіне қызыңды бер деп қолқа салуы, оның жауабына намыстанған үш батырдың Кенесарыға келіп рұқсат сұрауымен поэма үзіндісі аяқталады.


Ел аузындағы аңыз-әңгімелердің бірнеше нұсқада болып келуі заңды. Алғаш аңыздың шығуына белгілі тарихи оқиға немесе тарихи тұлғалар арасындағы қарым-қатынас себепші-негіз болғанымен, арада уақыт өте келе оны айтушылар тарапынан өзгерістер енгізіліп немесе бұрмаланып отыруы ауыз әдебиетіне тән құбылыс. Жоғарыдағы Асқар Тоқмағамбетов поэмасының сюжеттік желісіне негіз болған аңыздың да бірнеше нұсқалары бар. Бірінші нұсқасы деп қыпшақ қызы Күреш сұлу тағдырына байланысты айтылған аңызды алатын болсақ, екінші бір нұсқада осы аңыз жаппас руынан шыққан Бұқарбай батырдың жары Шынар анамызға байланысты айтылады. Шынар сұлуға байланысты айтылатын аңыздың өзін екі нұсқаға бөліп қарастыруымызға болады. Бірінде, жаппас елін шапқан төрелерден Бұқарбай Шынар сұлуды алып қалса, екіншісінде Наурызбай, Ағыбай, Бұқарбай үшеуі бірдей келіп, Шынарға сөз салады. Шынар алдыңғы екі батырды емес, өз жүрек қалауымен Бұқарбайды таңдайды. Ал үшінші нұсқада аңыз желісі қыпшақ қызы Күреш сұлу туралы аңызбен бірдей өрілгенімен ондағы кейіпкер қыз шекті руынан деп айтылады.
Біздің пайымдауымызша, бірнеше нұсқада айтылатын осы аңыздың тууына негіз Күреш сұлу тағдыры болуы мүмкін. Мұндай ой түюімізге бірінші себеп, Орталық ғылыми кітапхананың сирек қолжазбалар қорындағы (№ 1331 бума) «Бұқарбай батырдың» әңгімесінде осы аңыз айтылады. Бұл әңгімені қолжазба қорына өткізген белгілі ауыз әдебиеті мұралары мен Абай шығармаларын жинаушы Мұсылманқұл Жиреншин. Әңгіме Е.Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты монографиясына да енгізілген. Екінші себеп, Орталық ғылыми кітапханадан табылған мына бір естелік [22]:
Қазалы ауданына қарасты «Жаңарық» ауыл советінің председателі Меңдібаев Баспан. Жасым алпыс үште. 22 жасымда табын руынан шыққан Бұқарбай батырға жолығып сөйлесіп едім. Ақ сақалды, тапал, сары кісі екен. Ақсақал қырғызбенен Кенесары, Наурызбайдың соғысына барғаныңызды айтсаңыз, біз де өзімізден кейінгі ұрпаққа айтар едік дедім. Сондағы Бұқарбай батырдың айтқан әңгімесі:
«Менің әкем орта шаруа. Қоймінезділеу жуас адам еді. Мен өзім жалғыз бала болдым. Әкем жалғыз балама елдегі жоқ сұлу әперем деп, сұлу қыз іздеді. Он үш жасымда он жеті жастағы Шынар сұлуды алып берді.
Ауылым Қызылжыңғылда отырған кезде Кенесарының көп әскермен қырғызға кетіп бара жатқандығын естідім. Мен де соларға қосылып қырғызға бірге аттандық. Наурызбай төре менімен жасты болып шықты. Сары су самса деген қырғыздың өзеніне бардық. Ұлы жүз Байзақ батырдың басшылығымен қырғыз батыр Қанайұлы Кәрібозды шақыртып алып, қырғыздың Қоқилы деген көлін сұрадық.. Ол Қоқилыны тек ұрыста жеңілсем ғана беремін деп, көлді беруден бас тартты. Қырғыздың арғы жағалауындағы Көктөбет ханға елші жібердік. Елшінің бастығы қырғыз Бұғыбай, Кенесары ханның інісі Ержан төре т.б. Ержанды қырғыздар өлтіреді, басқалары да аман қалмайды, Бұғыбай қырғыз өзі қашып келді.
Мұны Кенесары мен Наурызбай естігенде Кенесары үш отырып, үш тұрды. Жолдастар, я өлейік, я қалайық, қырғызға шабуылға шығайық деп Кене хан айқай салды. Сонымен Қоқилы көлін жайлап отырған егінші қырғыздарды шауып, оларды бағындырдық. Кене хан бұл жорықта әділ болған жоқ. Қырғыздың қоқиланған қыздарын қос-қостан таратып, бөліп берді. Сонымен біздің 2500-дей адам қырғыздың жылқыларын айдап, бие байлап, қымыз ішіп, қыз құшып ойын-күлкімен жата бердік.
Қырғыздың халқы тау жайлауына қашып кетті. Кейін бітісейік деп Кене ханға елші жіберді. Кенесары бітіспеймін деп, елшінің мінген аттарын байтал секілдендіріп, күзеп жіберді. Осыдан кейін қырғыздың Кәрібоз батыры бастаған қол келіп Қызыл су самса деген жерде соғыс болды. Қырғызға ештеңе қыла алмадық, олармен алты жыл ұдайы соғыстық. Кенесары мен Наурызбай қолға түсіп қалды. Басқамыз елімізге қайттық.
Сол ұрыста Қарасақал руынан шыққан Жетекбаев Үргенішбай, шекті руынан Еспембет жырау, Төре Доғалақ жыраулар болды». Баспан Меңдібаев айтқан осы естелік Кенесары әскерінің қырғыздармен қақтығысы туралы тарихи құжаттармен сәйкес келеді. Тағы бір ескерер жай, Бұқарбай 80-нің үстіне шыққан шағында, шамамен 82-83 жасында Қазалыға барып, әлімнің ақсақалдарымен әңгімелесіп, Жанқожа туралы біраз естеліктер айтады. Осы әңгімені тыңдап, батырмен сұхбаттасқандардың бірі 22 жастағы жас жігіт Баспан Меңдібаев болуы да мүмкін. Сондықтан да Б.Меңдібаев естелігі шындыққа біршама жақын деп пайымдауымызға болады. Ендеше, осы естелікте айтылғандай, Бұқарбай Шынар сұлуды жаугершілікке дейін ел ішінде, әкесі – Естекбайдың айттыруымен алған.
Асқар Тоқмағамбетов аяқталмай қалған «Бұқарбай батыр» поэмасына кейінірек (1975 жылы) қайта айналып соғып, «Шынар туралы шындық» деп аталатын дастан жазады. Бір қызығы, дастан сюжетіне негіз етіп 1940 жылы жазған «Бұқарбай батыр» поэмасының сюжеттік желісіне арқау болған аңыз-әңгімені алады. Тек бұл дастанда кейіпкер қыпшақ қызы Күреш емес, жаппас руының қызы – Шынар сұлу. Дастанның алғашқы тарауларына сәл өзгеріспен ғана 1941 жылы жазған «Бұқарбай батыр» поэмасының аяқталмай қалған нұсқасын пайдаланып, оқиғаны әрі қарай сол кездегі ел ағасы, алғаш Бұқарбай батыр туралы мәселе көтеріп, мақала жазған Сейітнәби Мұқашевтің айтуы бойынша өрбітіп, аяқтайды. «Шынар туралы шындықта» ақын Кенесары есімін айтудан бойын аулақ ұстайды («Бұқарбай батыр» поэмасын жазған кезде қудалғандықтан болуы керек). Сөйтіп, Кенесарының орнына Лашын қартты сөйлетеді. Бұл ақындық фантазиядан туған кейіпкер екені сөзсіз. Дастан Шынардың өлімімен аяқталады.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, өзін қызықтырған Бұқарбай батыр тақырыбына Асқар Тоқмағамбетов 1985 жылы қайта оралып, «Екі дәуір, екі тағдыр» атты прозалық шығарма жазады. Бұл шығарманы тағы Сейітнәби Мұқашевтің әңгімесі ретінде өрбіткен.
Бұқарбай батырдың ерлік істері мен өмір жолын өзек еткен көркем туындылардың арасында жергілікті ақын, Сыр сүлейлерінің соңғы тұяқтарының бірі – Рахмет Батырбаевтың «Бұқарбай батыр» дастанының орны ерекше. Дастан «Бастау» деп аталатын кіріспе бөлімнен бөлек бес бөлімнен тұрады. Бірінші «Бұқарбайға дейін» деген бөлімде жалпы заман келбетін, Қоқан, Хиуа хандықтарынан жапа шеккен Сыр бойы халқының жай-күйі т.б. мәселелер сөз болады. Ал «Кек құны» бөлімі «Күміс қорған» оқиғасын суреттеуге арналған. Бұқарбайды батыр ретінде елге танытқан қорғанды алу кезіндегі Хиуа батыры Жұбаниязбен жекпе-жегі тартымды суреттелген.

Тұлға ғой тұла бойы тарамыстан,


Қойылған құдірет қой қара мыстан.
Толағай талқы білек толғағанда
Ақ найза қадалған-ды қарақұстан.
Батырдың бұланайы Бұқарбай-ау,
Жайрады салған жанға жара дұшпан.

Ақын жекпе-жек үстіндегі батыр бейнесін шынайы жасай алған. Бұқарбай портретін жасаудағы «Тұлға ғой тұла бойы тарамыстан, қойылған құдірет қой қара мыстан, толағай талқы білек толғағанда» сияқты өлең жолдары сәтті шыққан. Жаттанды, жауыр болған, әдеттегі батыр бейнесі емес, өзіндік стиль, дара сөз өрнегі жас Бұқарбайды жаңа қырынан танытады.


«Үш ноян, Шынар» деп аталатын бөлім ел аузындағы аңыз желісіне құрылған. Мұндағы жаңашылдық, ақындық қиял нәтижесінде Шынардың қолына найза ұстап, Бұқарбаймен бірге жауға қарсы шабуы.

Шынар да емес еді жай ғана жар,


Пәруар берген білім бойға әр, ажар.
Шектескен сұлулыққа шынайы ерлік,
Болды әйел ақыл, арман ойға базар.
Керілмей кезі келсе қылыш тартып,
Салатын “сері” де еді жауға назар.

Жалғыз үй жайлауда еді батыр бірде,


Жанында жасыл жебе, жатыр мір де.
Ай жарық, айқай шықты, атқа мінді
Ер ісін оңға бастап отыр пір де.
Бұқарбай торбестімен топқа тиді,
Қарайып қалды біраз пақыр мүрде.

Шынар да шыдап үйде отырмады,


Бабалар рухынан от ұрлады.
Бұрымын мықтап орап, мұрақ киіп.
Салды ұран “тостағандап”, аҺ ұрмады.
Дойыры Табын атам дөп тиді ме,
Құм құшып, талай доңғай топырлады [23.176-177].

Шынар анамыз қолына найза ұстап, жаумен күрескен-күреспегені біз үшін батыр жарының беймәлім қырларының бірі. Дастанға негіз болып отырған ел аузында әр кездері айтылып қалатын аңыз-әңгімені батырдың сүйген жарының образын сомдауда деталь ретінде пайдаланғандығы байқалады. Алпамыс, Қобыланды сияқты баһадүр батырлардың сүйген жарлары ел басына күн туғанда қолына қаруын алып, жауға қарсы шапса, астындағы аттары қажет жерінде батырға көмек көрсетті. Шынар анамызға байланысты ел аузындағы аңыз да осындай халық қиялынан тууы ғажап емес.


Дастанның «Қарабесбай, Бұқарбай», «Қарасор оқиғасы», «Қарабөгет хикаясы» бөлімдері де ел аузындағы аңыз-әңгімелерге сүйене отырып жазылған. Дастанда Бұқарбай батырдың Кенесары әскерінде болуы, Ақмола бекінісін алуға қатысуы сияқты ел азаттығы жолындағы күрес-жорықтары суреттелмеген.
Белгілі ақын, композитор Елена Әбдіхалықованың «Шынар көлі» поэмасы да Бұқарбай батыр мен оның сүйген жары Шынар анамыз туралы ел аузындағы аңыз әңгімелер негізінде дүниеге келген туынды. Бұқарбай батыр туралы бірнеше көркем шығармалардың сюжеттік желісіне негіз болған аңыздарды Елена да өз шығармасына пайдаланады. Бірақ ақын өзіндік ой, өзіндік өрнек таныта отырып, аңыз желісінен тың, соны шығарма тудыра алған.
Тарихи тұлғалардың өмірі мен күрес жолы суреттелген көркем шығармаларда ел аузындағы аңыз-әңгімелер мен әпсаналарды қайта жаңғырту арқылы көркем дүниені өмірге әкелу заңды құбылыс. «Көне классикалық эпостың қайсыбір белгілері (әсіресе ортақы қаһарманды биікке көтеріп, мінсіз етіп мадақтау, т.б.) сақтала тұрса да, мұндай жырлар бойында өзіне хас түрлі сонылықтар кездеседі. Кейде оқиғалар жазба тарих сарынына сәйкес баяндалса, екінші бір тұста қиялдау, көркемдеп жинақтау басым түсіп жатады. Иұның бәрі тарихи аңызға құрылған жырлардың елдің өткенін түсіну мен бағалауда құнды мағлұмат бере алатын қасиетін аңғартса керек» [24.362]. Қазақ әдебиетінде классикалық деңгейге көтерілген мұндай әдеби жаратындылар жоқ емес. Тек қазақ әдебиеті ғана емес, тұтас шығыс әдебиетіне тән бұл үрдістің бүгінгі күнге әдеби үдерісте жарқырай көріну сыры да оның ұлттық тамырдан нәр алуында болса керек. Әсіресе, шығыстық «назира» дәстүрінің негізінде ХІХ-ХХ ғасырдағы әдеби үдерісте ерекше көрінген шығыстық сюжеттерді жаңғырта жырлау, бір тақырыпқа бірнеше ақындардың қалам тартуы, халықтық аңыз-әңгімелер негізінде бірнеше ақындардың бір сюжетті өзінше жырлау арқылы бірнеше шығармалар тудыруы арқылы көркемдік дәрежесі биік, оқырман көңілінен шыққан бірнеше туындылардың өмірге келуі де таңсық емес. Қазақ тарихында өзіндік орны бар халық батыры – Бұқарбай Естекбайұлының өмірі мен күрескерлік тағдырын сөз еткен туындыларды саралай қарағанда да ұлттық әдебиетте өзін ақтаған осы үрдісті көреміз. Осы сөзіміздің жарқын көрінісі Елена Әбдіхалықованың «Өкініш» атты балладасы.
Шағын оқиғаға құрылған сюжетті өлеңге ел қорғау жолында жүрген Бұқарбай батырдың өмірлік өкінішіне айналған оқиға өзек болған. Әдебиетте батыр туралы сөз болғанда оның тек батырлық тұлғасын, ерлік істері мен жорық жолын баса көрсету дәстүрге айналып кеткендігін жасыра алмаймыз. Батырдың да сезім-сырлары, өкініш-қуанышы, мұң-қайғысы болады. Елена Әбдіхалықованың «Өкініш» балладасының ерекшелігі де адам жанының тереңіне бойлай баруында, ішкі сезім-күйін шертуінде. Шығармада Бұқарбай батырдың да, шет жерде жүріп Хиуа ханының қорлық-зорлығын көрген кейіпкердің де психологиялық жай-күйі әдемі ашылған.
«Ер етігімен кешкен, ат ауыздығымен су ішкен» алмағайып заманда елін сыртқы жаулардан қорғау мақсатында күн-түн қатып жүрген Бұқарбай батыр бетін тұмашалап, жан-жағын түйемен қоршап, өзіне тікелей келе жатқан адамды жау тыңшысы деп түсініп, найзамен түйреп түсірген Бұқарбай оның қыз бала екенін соңғы сәтте ғана байқайды.

Селк етті батыр жүрек, қызды көріп,


Сап болды кеудедегі сызды желік,
Атынан қарғып түсіп, сүйей берді,
Аруды қансыраған ізгі көрік [25.104].

Осы сәтті ақын аз ғана сөзбен шебер бейнелей алған. Ал өлім мен өмірдің тайталасында жатқан қыз сөзін тебіренбей, толқымай, көзіңе жас үйірілмей оқуың мүмкін емес:


«Ағатай, мен қазақтың бір қызы едім,


әкемнің аялаған құндызы едім.
Сыр бойы – бабам жатқан жерді аңсаумен,
Сары ала таңда сол-ды мұңды үзерім.

Туған жер, сені қоссам, жетер ме өлең?


Еліме борышым бар өтелмеген,
... Біз де бір Табын деген ел боламыз,
Нүкіс пен Қоңыратты мекендеген.

Хиуаның езгісінде біздің ауыл,


Сезіндім ерте жастан күз қырауын,
Үстімнен ұшса шыбын, қағып, баққан,
Үгіліп бара жатыр ізгі қауым [25.104].
Әсерлі шумақтар көз алдыңызға үміт арқалап, бақыт іздеп шыққан қыздың нәзік жанын ғана емес, қайсар мінезін де елестетеді. Осы бір оқиға Бұқарбай батырдың өмірлік өкінішіне айналады. Ақын батыр жанының нәзік тұсын тап баса таба білген, тауып қана қоймай оны әсерлі, әдемі өлең өрнегімен оқырманына жеткізе алған. Психологиялық иірімі мол, Бұқарбай батырдың жан күйзелісін аша білген туынды ақындық шеберліктің нәтижесі екендігін айта кеткеніміз абзал.
Қылышынан қаны тамып тұрған кеңес заманында жазылып, оқырманның ыстық ықыласына бөленген тарихи шығармалардың бірі - Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романы. Шығарма туралы академик Р.Бердібай: «І. Есенберлиннің «Қаһар» романы жазылған тұста «жетілдік, гүлдендік» деп келетін даңғаза ұрандар мен шақырулардың көп айтылып жүргеніне қарамастан, ұлттық мәдениеттер, соның ішінде қазақ тілінің беделі мен мәні тоқтаусыз құлдырап бара жатқан еді. Ал тарихшыларымыз болса, ежелгі дүние, орта ғасырлар шындығын зерттеуді жылы жауып қойып, көбінесе кеңетік дәуірдегі үрдістерді тексеруге бірыңғай дағдыланған. Ол кезде Кенесары аты аталса, оған тек қана күйе жағып сөйлеуге кім де болса «ерікті» еді.
Міне, осындай қысаң шақта «даулы» тақырыпқа бару қандай қаламгерден де саналы батылдықты керек ететін»,-деп жазған болатын [24.298-299]. Прозалық шығармаларда алғаш рет Бұқарбай батыр бейнесі І.Есенберлиннің осы «Қаһар» романында көрінді.
«Заты Кіші жүз, Табын руынан шыққан, он бес үйлі кедей болғанменен, зор денелі Бұқарбай батыр ат жалын тартып мінгелі бар өмірі жауынгершілікпен өткен. Ол әсіресе, Қоқан хандығының зекетші, барымташы сыпайларына ерекше қас. Өйтуіне себебі де бар. Табын руы тәрізді, қыс Сырдария бойында көшіп жүрген Шөмекей аулының бір қызын азын-аулақ қалың малын төлеп, «әне алам, міне алам» деп жүргенінде Ташкент құшбегі Мәмет әлімнің шабармандары «мал санын жасырып, зекетті аз төледің» деп сылтауратып Шөмекей аулын шауып жиырмаға тарта көрікті қыз-келіншектерін алып кеткен. Соның ішінде Бұқарбайдың қалыңдығы да бар екен. Осыдан кейін Бұқарбай да Саржан мен Кенесарыға еріп Қоқан шабарман сыпайларының талайын қырды, Мәмет әлімнің жігіттерінің де бері шыққандарын есірей етті. Бірақ күштілерге деген кегі қайтпады. Өз басының өшпендігіне енді жер-суынан айырыла бастаған ел өшпендігі қосылды. Сол себептен Бұқарбай батыр өз өмірін бүтіндей жауынгершілікке арнаған. Қоқан шапқыншылары айдап бара жатқан малын соңынан қуып барып қайтарып беріп, Шекті руының Күреш деген байының қызын алған. Қызын қалың малсыз бермеймін деген байға, айдай сұлу қызы «Бұқарбай қайтармағанда Қоқанның бір бегінің күңі болып жүрер едім, осы батырға тием», - деп безеріп отырып алған. Сараң әкесі қызын кедей батырға амалсыз берген. Жау десе қорқуды білмеген осы Бұқарбай батыр, баладай аңғырт, ақ болатын, әсіресе ол өлең-жырды жақсы көретін. Өзі де әрдайым, рабайсыз жуан даусымен ән салатын. Әсіресе құла дүзде келе жатқанда Бұқарбайды тыңдау бір ғанибет қызық дәурен. Қандай жыр-қисса болсын бәрін тек Ұлы жүз бен Сыр бойын мекендеген Кіші жүз елі айтатын «Бойым талдай» әуеніне келтіріп айтатын, «Жырдың бұл әнге буыны жетпесе оны «әлеуләйләй» не болмаса «қалауләйләй» мен толықтырып, ал буыны артық болса, сөз ұйқасымын былай қойып, оны екі бөліп, әйтеуір «бойым талдай» сарынына келтіріп соға беретін. «Ау, осы «бойым талдыдан» бөтен әндерің жоқ па, бөтен бір әуенге салсайшы», - деп серігі Ағыбай әжуа етсе, оған: «елімнің бар білген әні осы болса қайтейін», - деп қымсынбай жауап беретін.
Осы Бұқарбай бір күні Үйсін, Дулат, Алшында «Бойым талдыдан» бөтен әуен жоғы жайында бір ел арасында тараған аңызды айтқан-ды...
«Ән, деген Бұқарбай, құс тәрізді бүкіл жер-жаһанды кезіп ұшып жүріпті. Кей елдің үстіне тоқтап, ұзақ уақыт қалықтай шырқап әнін үйретсе, кей жұрттың үстінен қасқырдай ұлып өте шығып, ал кей ауылдардың төбесінен тіпті үндемей ұшыпты. Сол ән Жетісу, Сыр бойының тұсынан өткенде, жұмған аузын ашпапты, тек Арқа жеріне жеткенде ғана сан түрлі әуенге салып, ұзақ кідіріпті. Ұлы жүз бен Кіші жүз Орта жүздей әнші болмауының себебі әннің орнына, тек еміс-еміс сарынын ғана естіпті. Сол сарын «Бойым талдай» деседі. Сондықтан да біздің білетініміз осы сарын. Ән ордасы - Арқа. Ал бірақ ән қонған Арқадан үйреніп, қазір біз де әжептәуір әнші болып қалдық», - деп Бұқарбай ыржия күлген. Сондағы «әнші болып қалдық» дегені де баяғы бір «Бойым талдай» [26.312-313].
Үзіндіден Бұқарбайдың тек батырлық келбетін ғана емес, оның өмір жолынан, серілік, шешендік қасиеттерінен де хабардар боламыз. Жазушы осы детальді тектен текке пайдаланбаған. Негізгі мақсаттың бірі - Кенесарының жорықтас жолдасы, әрі бас батыры Бұқарбай бейнесін жан-жақты ашу болса керек. Біздің ойымызша суреткер бұл мақсатына жеткен сияқты. «... Соның ішінде Бұқарбайдың қалыңдығы да бар екен. Осыдан кейін Бұқарбай да Саржан мен Кенесарыға еріп Қоқан шабарман сыпайларының талайын қырды, Мәмет әлімнің жігіттерінің де бері шыққандарын есірей етті. Бірақ күштілерге деген кегі қайтпады. Өз басының өшпендігіне енді жер-суынан айырыла бастаған ел өшпендігі қосылды. Сол себептен Бұқарбай батыр өз өмірін бүтіндей жауынгершілікке арнаған»,-дейді. Жеке бастың өшпенділігін азаткерлік қасиетке айырбастай алған, ұлттық деңгейге көтеріле алған Бұқарбай образы осы бір аз ғана үзіндіден-ақ көрінеді. Батыр бойындағы намыс пен жігерді, ішкі рухтың мықтылығын автор жазбай таниды. Және оны оқырманына дәл жеткізе алған.
Кез келген суреткер үшін өз шығармасындағы әрбір кейіпкердің орны бөлек. Мейлі ол жағымды, мейлі жағымсыз кейіпкер болсын автор олардың әрқайсысын терең зерттеп, зерделеп, ішкі дүниесіне үңіле отырып, оның жан сыры мен жүрек тебіренісін, жан толқынысын сезіну арқылы ғана жанды образ жасай алады. Кейіпкерге жан бітіріп, сезім бере алғанда ғана суреткер өз мақсатына жетеді. Және өзі жасаған әдеби қаһармандарының әрқайсысына деген суреткерлік-авторлық сезім, ықылас қалыптасады. Әдебиетте өз кейіпкеріне жанашырлық сезіммен қарап, оны барынша қорғаштап, ақтау, жамандыққа қимау сияқты құбылысты М.Әуезов, С.Мұқановтардың шығармашылық лабораторияларынан білеміз. І.Есенберлин де өз шығармасында көп көзге түсе бермейтін Бұқарбай бейнесіне ықыласпен, мейіріммен қарайтынын байқаймыз.
«Жау десе қорқуды білмеген осы Бұқарбай батыр, баладай аңғырт, ақ болатын, әсіресе ол өлең-жырды жақсы көретін. Өзі де әрдайым, рабайсыз жуан даусымен ән салатын. Әсіресе құла дүзде келе жатқанда Бұқарбайды тыңдау бір ғанибет қызық дәурен. Қандай жыр-қисса болсын бәрін тек Ұлы жүз бен Сыр бойын мекендеген Кіші жүз елі айтатын «Бойым талдай» әуеніне келтіріп айтатын...»,-деп суреттейді жазушы. Бойында күші тасыған, жау көрсе айбаттанып кететін Бұқарбайдың жайбарақатта «баладай аңғырт, ақ көңіл-пейілі» батырдың жан тазалығын, жүрек жылылығын, сонымен бірге өнер әлеміне соншалықты жақындығын көрсетеді. Ал өнерді сүю мен бағалау, құрметтеу мен қадір тұту кез келген адамның рухани әлемінен хабар беретіні даусыз. Шайқастан босаған сәтте ел тағдыры, өнер тарихы, ән, жыр туралы өнегелі сөз айтып, кейде ән салып, сыр шертетін Бұқарбай бейнесі романда барынша шынайы қалыпта көрінген.
Сыр бойының тұтас бір кезеңін тарихи құжаттарға сүйене отырып, көркем бейнелеген шығарманың бірі – Зейнолла Шүкіровтің «Сыр бойы» романы. «Дүниеге періште болып келіп, сол қалпында дүниеден өткен» З.Шүкіров «Сыр бойы» романында Сыр бойы қазақтарының Қоқан, Хиуа хандықтарына қарсы азаттық күресін, ондағы ел қорғаған батыр ұлдар тағдырын келешек ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен суреткер.
Романда Кенесары хан жасағының батыры Бұқарбай образы Кенесарымен, Жанқожамен байланыс-бірлікте ашылған. Хиуа ханы Сыр бойы халқынан алым-салық, үсір-зекеті алумен ғана шектелмей, бара-бара небір адамның аза бойын тітіркендірерлік озбыр әрекеттер жасайды. Алым-салық төлеуден бас тартып, қарулы көтеріліске шыққан Әлім-Шөмендерді жуасыту мақсатымен олар ақырында Жаңадария арнасын Қышбөгеттің тұсынан тас қып бөгеп тастайды. Осылайша мол сулы арнаның төменгі жағына қоныс тепкен қыруар мал-жанды кырып жіберуді ойлайды. Қашаннан төсекте басы, төскейде малы қосылып, бір-бірімен құдандалы жекжат дегендей бір-біріне тілеулес ағайындар емес пе? Бұқарбай батыр бұған шыдап отыра алмайды. Мұның үстіне қанды көйлек қаруласы, жақсы көретін ағасы Жанқожа батырдың өтініші және бар. Суыт атқа қонып, бөгетті жығуға аттанады. Бөгетті күзетіп тұрған бірнеше жүздеген қаскөйлерін тұтқындап, әлгілердің өздеріне шіреп тұрған суды жыққызып, көңілін бір демдеп қайтады. Кейін осы бір аса маңызды иінді күзету, қатаң бақылауда ұстау батыр бабаның құзырына көшіріледі. Бұл жерде біз Жанқожа мен Бұқарбай батырлардың ортақ жауға тізе біріктіріп, әрқашан да бірлесе тойтарыс беріп отырғанын көреміз. Бұл хикаяттар жерлесіміз, көрнекті жазушы Зейнолла Шүкіровтің «Сыр бойы» атты романында да әдемі көрініс тапқан.
Бізге жеткен дереккөздерге қарағанда бабамыздың жүректілігі соншалық, тіптен қылышынан қаны тамып тұрған, айбарынан қара халық сескенетін хандардың да қаһарынан қаймықпаған. Қара қылды қақ жарарлық туа бітті сол турашылдық қасиетінен әсте айнымаған. Мұны өзімен қарулас болған қанды көйлек жолдастары арғын Ағыбай да, Әлім Жанқожа да, қыпшақ Жаназар да, сондай-ақ сарай ақыны, жерлесіміз ашамайлы керейт Нысанбай жырау да жоққа шығармаған.
Бәйбішесі Күнімжанның айдап салуына еріп, Кене хан Бұқарбай батыр жорықта жүргенде Ақмырзаның (Жанқожа батырдың туған ағасы) әруағын аяқасты етіп, Бәтима есімді қаршадай қызын қойдың соңына салып қояды. Бұл батыр бабамыздың қатты ашу-ызасын тудырады:
- Бәтима, айналайын-ай, мынау иттер қор қылған екен ғой. Бүгін есіттім. Сенген жоқ едім...
- Ағатай, кім едіңіз?
- Бұқарбай деген ағаң боламын. Руым – Тартулы табын. Жәкемнің жақсы көретін інісінің бірімін...
Жанқожаның аты аталғанда Бәтима көз жасына ие бола алмады...
- Адалмын, ағатай. Бұл жамандықтың қалай таңылғанына қайранмын. Бар кәдігім бәйбішеде, тоғыз қатын бір әйелдің ізіне түскен соң оңдыра ма? Түбіме жетті...
- Мен қазір барып Кенекеңе сөйлесемін. Сұлтан сүйегін қорламайды. Абылайханның тоқал қатынынан туған ешкім жоқ. Қорламасын!
- Ағатай, менің боларым болды ғой. Бір бұрымнан айрылдым. Қорғаймын деп жүріп, өзің жазым боларсың. Жәкеме хабар тисе, келіп алып кетер еді...
- Бұлардың некелі қатыным деп шалқаятыны болады ғой... Жәкемді қозғамайық...
- Талақпын деп өзі айтты. Жәкем келсе, мені байлап ұстап тұра алмайды!
- Онда тіпті жақсы! Бұқарбай үзеңгіге аяғын салып тұрып Бәтиманы жұбатты. – Хан маған бірдеңе істер деп қорықпай-ақ қой. Жанқожа мен Сейіл тірі тұрғанда, Бұқарбайға қол көтеруге артына бақсын!
Бұқарбай бастаған Табынның жігіттері хан сарбазының үштен бір бөлігіне жақын еді. Кенесары маңындағы көп жаман Табыннан шыққан адуын батырға сескене қарайды. Солай еркіндікке бойы үйреніп қалған Бұқарбай Кене ханның үстіне сұраусыз кірді...[27.147].
Хан ордасына кіріп барған Бұқарбай төре тұқымынан шыққан Кене ханға бұл ісінің әділетсіз екендігін қаймықпай айтып салады:

  • Ей, Бұқарбай, Табынан шыққан ер едің! Бір шектінің намысын жыртып, саған не жоқ!

Кенесары екі беті нарттай жанып, ашудан жарылғалы отыр. Бірақ өзін-өзі ұстады.

  • Атасын айтса алыс емес, Шекті де менің бауырым! Мені жұмсап отырған осындағы Кіші жүздің жігіттері. Сүйегімді қорламасын деп отыр [27.148].

Кенехан мен екеуінің арасындағы осы әңгімеден кейін хан Бұқарбай батырдың көзін жоюды мақсат етеді. Інісі Наурызбайды шақырып алып, Табын батырын қапысын тауып өлтіруге тапсырма беріп жатқанын қымыз тасып жүрген Тақжан естіп қалып, Бұқарбайға айтып келеді.
«Тақжан шошынғанмен Бұқарбай қыңқ еткен жоқ. Жалғыз Бопай емес, Кене ханның алдында кінәсі көп екенін біледі. Бәтимаға ара түсті... Кіжініп тұрған Наурызбайдың қолын ұстады... Ондай қылмысты хан ордасының кешірмейтіні белгілі. Одан бұрын да күтініп жүретін. Бұқарбай тікесінен Кене ханның шатырына барды. Ішке кірмейді. Аттың үстінде айқай салған. Кене ханның бар қоймасын ақтарды.

Өлтірмек түгіл сен менің,


Қисайта алмайсың қылымды...
Қолыңнан келсе істеп көр,
Жанқожа мен Сейілдің
Өзі-ақ алады құнымды!

Осы үзінділер арқылы З.Шүкіров Бұқарбай қайсарлығын, кейде тіпті басына төніп тұрған қауіптің өзін адалдық, әділдік үшін жеңіп кете алатын жігерлілігін шынайы аша білген.


Бұқарбай – Табын руына ұран болуымен қатар тарихи тұлға дәрежесіне көтеріле алған батыр. Өйткені ол ел мүддесі үшін күресіп, соның барын жоғалтпауға, берекесін кетірмеуге ұмтылған. Жерін жаудан қорғауда, елдің елдігін сақтауда ерлік көрсетіп, ғұмырын арпалыспен өткізген. Батырдың әр кездегі ерліктері мен ел үшін жасаған жақсылықтары халық жадында сақталып, күні бүгінге дейін жеткен [13.73].
Орыс оқымыстысы А.Герн: «1850 жылы Қоқан хандығының билеушілері қазақ халқын Жаңадария өзені бойынан біржолата көшіріп, бостыру мақсатында Жаңадария бойындағы «Қарабөгет» деген жерден суды байлап тастап, төменгі жаққа жібермей қояды. Жаңадария бойындағы мыңдаған қолмен жасалған егіншілік жерлер құлазыған шөлге айналады, ел тіршілігі тығырыққа тіреледі. Бірақ қазақтан шыққан Бұқарбай батыр 1852 жылы 2000-нан астам жергілікті халықтан қол жинап, қоқандықтарға қарсы шығады, сөйтіп, Қарабөгетті бұзады. Сол уақыттан бастап Сыр суы қайтадан Жаңадария бойымен аққан, одан Қуаңдария нәр алған. Сөйтіп, Сыр – Қуаңның арасы қайтадан ел қонысына айналған» деп жазады.
Бұқарбай батырдың ел қамы үшін жасаған осы ерлік-қамқорлығы да әдебиет назарынан тыс қалмады. Жергілікті ақын С.Ембергеновтің «Қарабөгет хикаясы» атты дастаны мен жазушы А.Тілеулиевтің «Бұзылған бөгет» атты әңгімесінде Қарабөгетті бұзудағы Бұқарбай ерлігі сөз болады.
Қорыта айтқанда, Бұқарбай батыр ел азаттығы үшін тұтас ғұмырын арнаған халқымыздың біртуар ұлы, батыр-би. Ол тек Сыр бойы қазақтарының ғана емес, қазақ халқының қамын жем, оның тәуелсіздігі жолында күресіп өткен ел перзенті. Бұқарбай батырдың жасаған ерліктері мен күрес жолының жыл өткен сайын халық жадында жаңғыра түсіп, қашанда әдебиеттегі тың тақырып күйінде қалуы да осыдан.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2023
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет