Қарашыңның Тоқтар-Бегім деген қарындасы болатын. Көгал шөптің арасында жалғыз өскен қызғалдақтай, басқа қыздармен келе жатса анандайдан көзге түсер көркем. Оның үстіне ағасы Қарашың Әбілқайырдың аса бір ардақты батыры болғандықтан, анау-мынау адамды менсінбейтін тәкаппар, өр мінезді де, Бұрындық осы қызға Әбілқайыр қол астында жүрген кезінде ғашық болған. Қыз онда он үш жасар-ды. Бұрындық оған көңіл қосайық деп жеңгетай салған. Қыз: «Кескен томар секілді Бұрындық менің теңім емес», — деп жауап берген. Намысқа шапқан Бұрындық әкесі Керей сұлтан арқылы «қарындасын маған тоқалдыққа берсін» деп Қарашыңға құдалар жіберген. Әбілқайыр хан мен Жәнібек, Керей сұлтандардың арасының нашар екенін білетін Қарашың: «Қарындасымды Ташкенттің бір бекзадасы айттырып қойған» деп бермеген. Артынан, Жәнібек пен Керей Әбілқайырдан бөлініп көшіп кеткеннен кейін, осы Тоқтар-Бегімді өзінің қарамағындағы қыз ұнатқан бір жас батырға қосқан.
Осыған өшіккен Бұрындық: «Қап, бәлем Қарашың, қан майданда бір кездесерсің!» деп жүргенінде мына айқас дөп келді. Бұрындықтың көктен сұрағаны жерден табылды. Кекшіл батыр мұндайда өш алмай бұғып қала алар ма! Қамбар батырды тоқтата сап, өзі ақ бураны тебініп қап «шу!» деді.
Сала құлаш мойнын төмен тастап жіберіп, шудалары желкілдеп, аузынан көбік атып ақ бура тайраңдай шаба жөнелді. Өзіне қарсы түйелі Бұрындықтың шыққанын көріп Қарашың да ұмтылды. Бұл алыптардың айқасы еді. Бір жағында қара жартастай қара арғымақ мінген Қарашың. Екінші жағында көбік шашқан ақ бура мінген, айдалаға отырғызып қойған балбала тәрізді абажадай Бұрындық. Жұрт мұндай алып денелі батырлардың айқасының немен тынарын білмей, демдерін іштерінен алып жым-жырт тына қалған.
Астындағы қара арғымағын құйындата шауып келе жатқан Қарашың батыр оң қолындағы шоқпарын ыңғайлай үйіріп, жауына таяй беріп, шоқпарын сілтейтін Бұрындықтың қолынан еш қару көре алмай, сәл абыржи қалды. Ананың қолында әдеттегідей не шоқпар, не сойыл жоқ екен. «Бұ қалай?» деді ол ішінен, сөйтті де сол қолындағы ақ алмас алдаспанын көтере берді. Ақ бура қылыш сілтеу жерге таяса болғаны, ирелеңдеген мойнын ұшырып түсірмек! Бірақ бұл ойына жете алмады. Ақ бурасын еңкілдете шауып келе жатқан Бұрындық, он қадамдай жерге таянғанда, түйенің тасасында оң қолында ұстаған қыл арқанын сумаң еткізіп Қарашыңға қарай лақтырып жіберді де, сол шапқан бойы тоқталмастан орағыта бұрылып, өз тобына қарай ананы ат-матымен сүйрете жөнелді. Қарашың мойнына түскен қыл арқанды алдаспанмен шауып түсіруге де үлгермей қалды. Алдаспанын сілтегенше шауып келе жатқан екпінімен Қарашыңды кейін тартқан қыл арқан заматта тынысын тарылтып, аттың артына қарай аударып әкетті. Бірақ ер үстінен сырғып кетпес үшін, қарасанынан мықтап шырмаған қыл шылбыр жібермеді. Үзеңгіден аяғын суырып ала алмады. Кенет кейін қарай кілт тартқан күшке шыдай алмай барып жерге күрс етті. Қыл арқанды тақымынан өткізіп, ақ бураның алдыңғы өркешіне байлаған Бұрындық ай-шайға қарамай, орағыта, өз тобына көкпар алған адамдай «Аруақ! Аруақ!» деп айқайлай шапты. Басына киген тор дулығасының етегі алқымына түскен қыл арқанның мойнын жұлып әкетпеуіне себеп болған Қарашың батыр, екі қолымен жанталасып жерді сыйпай, ат-матымен сүйретіле жөнелді. Осының бәрі көзді ашып-жұмғандай уақытта өтті. Алып күш алыптығын көрсетті. Шап-қан бойы Бұрындық өз шебіне жеткенде, үзіліп кеткен ер-мерімен шұбатыла сүйретіліп келе жатқан Қарашыңның жаны аузына келіп, енді шығуға таяу еді. Қарашың құлаған жерге таяу тұрған Қасым атынан секіріп түсіп, қыл арқанды наркескенімен орып жіберді.
Бұрыннан да қазақ жағының күші басым екенін байқап, жүрегі дауаламай тұрған Шайх-Хайдар, бас батыры Қарашыңның мұндай апатқа ұшырағанын көріп, енді шыдай алмады, атының басын бұрып алып кейін қарай шапты. Құбыжықтан машайық қашқан, қолбасшыларының өзі атын кейін бұрғасын, жауынгерлері де соңынан ерді. Қарашыңның әлегімен сәл көңілдері басқа жаққа ауған қазақ батырлары, жауының жапа-тармағай кейін шегініп бара жатқанын көріп, лап қойды. Бірақ ақ бөкенге екі ырғып жететін ақал-теке, теке жаумыттар бұларды қарасына да ілдірмеді. Қобыланды, Қамбар батыр секілді шапқанда аузымен құс ілетін тұлпарлары бар он шақты батырлар ғана соңдарынан қуып жетіп, жүзге таяу адамын сойылға жығып түсірді. Қалғаны ұзай берді. Бұдан әрі қуу қажет емес деп түсінген өзге батырлар атының басын тартқанмен, қызып алған алуан күштің иесі Қобыланды батыр тоқтай алмады. Жеткен жігіттерін тірсектен сойылмен бір ұрып, жерге құлатып, жау соңынан қуа түсті. Қобыландының жалғыз шауып келе жатқанын көрген сұлжық түрікменнің елу шақты сойылкер батыр жігіттері кенет аттарының басын кейін бұрып Қобыландыға қарай ат қойды. Жан-жағынан қоршап, ортаға ап қыса бастады. Көкжал қасқыр қанша арлан болғанменен, жан-жағынан жұлқылай түскен өзіндей кілең көк бөріге не істей алады? Қобыландының да халі осы көкжал қасқырдай еді. Қанша алысқанмен де көпке топырақ шаша ала ма, күші де баяғы жас кезіндегідей емес. Енді ажалдың таяу қалғанына көзі жетті. Дегенмен күші азая бастаса да, ол сойылын оңды-солды сілтеп, қасына жауын тақа жуытпай тұр. Бірақ бұл алыс ұзаққа бара ма? Ол анда-санда арт жағына қарап қояды. «Көп кешікпей өзі оралар» деп ойлаған серіктері мұны іздеп келе қоймады. Хал мүшкілге айналды. Қарашыңды жауына түсіртіп алған сұлжықтар, оның орнына Қобыландыны байлап әкетпек болды. Олар асау ұстаған жігіттердей, жан-жақтарынан қоршап, арқандарын Қобыландының мойнына лақтыруға ыңғайлана берді. Қалжырауға айналған Қобыланды енді өзінен дәрмен кетіп бара жатқанын түсінді. Намыстан да жан тәтті. Қобыланды батыр бір мезет атының басын кейін бұрып, қоршауды бұзып шығып, қашып құтылмақ болды. Көксеңгірдің ұрпағы Киіккетпес тұлпарын тебініп қап, жау шебін үзбек боп кейін шапты. Қобыландының айбарынан сескенген жігіттер қақ айырылды. Қобыланды орталарынан зырғытып өте берді. Бірақ өте алмады, екі жағынан лақтырған арқан мойнынан бірдей түсті. Ырғи жөнелген Киіккетпестің үстінен сыпырып жерге дүңк еткізді. Аспан-көк шыр айналып кетті. Құлап бара жат-
қанында құлағына жеткені ат дүбірлері мен «Ақжол! Ақжол!» деген айқай ғана еді. Ар жағында не болғанын өзі де білмеді. Тек көзін ашып, есін жиып, орнынан ақырын түрегелгенінде, алдында күлімсіреп қарап тұрған жас жігіт пен алтын зерлі жұмсақ сауыт киген, құралай көз сұлу келіншекті көрді. Арада сегіз жыл өтсе де, бұл екеуін Қобыланды бірден таныды. Шатыраштанып жасыл төккен мырза қарағай тәрізді сұңғақ бойлы сымбатты жігіт батыр Саян болатын. Ал қасындағы келіншек, оның жұбайы Әбілқайырдың туған қызы Гүлбаһрам-Сұлтан-Бегім еді.
Батыр Саян баяғы Сейхун дарияның жағасында Әбілқайырды жолбарыстан аман алып қалғаннан кейін, өзі секілді күштілерден қорлық көрген жүзге тарта батыр жігіттерді жинап, аламан болып кеткен. Сейхун мен Жейхунның арасында қасқырдай жортқан. Талай шонжарлардың малын шауып, Мауреннахр мен Түркістан арасында көшкен сан саудагерлердің керуенін тонаған. Ақырында Жетіқоңыр маңайында қазақ рулары бас қосып жатыр дегенді естіген. Енді аламандықты тастап, бір кезде өзін өлімнен құтқарған нағашы жұртына қосылмақ боп, қасындағы жүзге таяу серіктерімен, бес жасар баласын алдына отырғызып, Гүлбаһрам-Сұлтан-Бегім сұлуын ертіп жолға шыққан. Құмға өскен қалың сексеуіл арасында келе жатып, Қобыланды батырды қоршаған сұлжық түрікмендердің жігіттерін көрген. Қобыландыны аналар аттан құлатып, байлап жатқан кездерінде Арғынның ұраны «Ақжолдап!» айқайлап, шабуыл салған. Қазақтың көп сыпайлары жетіп қалған екен деп ойлаған сұлжықтар, қарсыласуға батылдары бармай, Қобыландыны тастап қашқан. Өздері жолаушылап алыстан талып келе жатқан батыр Саян жігіттері оларды қумаған.
Гүлбаһрамды көріп кәрі жүрек тағы толқып кетсе де, Қобыланды батыр өзін-өзі ақылмен тоқтатты. Бір кезде өзі өлімге қиған батыры, енді бұны ажалдан алып қалғанын түсініп, күрт өзгерді. «Қоянды — қамыс, ерді намыс өлтірер» болса, да батырдың аңғал бір ұрт мінезіне салып Қобыланды намысын жеңді.
— Қарағым, батыр Саян, ер шекіспей бекіспейді. Сен екеуміз шекістік. Айып менен, — деді. — Егер сен кешірсең, арамызда болған оқиғаны мен кешірдім.
— Мен де кешірдім, — деді батыр Саян күлімсіреп бірінші боп қол беріп.
Қобыланды батыр Саянның топ аламанын ертіп Хан Ордасына қайта келгеннен кейін Жәнібек ханның жарлығы бойынша, хан кеңесінің аз күнге мәжілісі тоқталып, жігіттердің жау қашырған құрметіне үш күн, үш түн той істеді. Дәл осы кезде Қырымды аралап Асан Қайғы жырау оралды. Бастығы Жәнібек боп бүкіл қазақтың ардақты батыр, биі қарт ақынды кілемге көтеріп қарсы алды. Өзіне арналып ақ орда тігіп, ту бие сойылды. Той үстіне той болды.
Осы тойдың нағыз қызып жатқан шағында, бір өліп тірілген, қараша күркеде сирағы сыртқа шығып шынжырлаулы жатқан Қарашың батырға Бұрындық келді.
— Қарашың батыр, — деді ол айтайын деген сөзіне бірден кірісіп. — Егер жаныңды сауға етіп, еліңе жіберсін десең менің шартымды орында.
— Қандай шарт?
— Тоқтар-Бегім сұлуыңды маған тоқалдыққа бересің. Сонда босатам.
— Ау, оның байы бар емес пе? Және былтыр бөпелі болған.
— Байынан айыр. Баласын байына қалдыр, не өзің асыра. Шешесін маған бер.
— Бұл мұсылманның сөзі емес.
— Сенің қарындасыңа мен мұсылман емеспін. Өзінің қылығына қарай кәпірмін.
— Жоқ, Мұқамет пайғамбардың дініне қарсы болар күнәға мен бара алмаймын. Одан да менің басымды ал.
— Маған сенің басың емес, қарындасың керек.
Бұрындық ертеңінде де, арғы күні де келді. Есіл-дерті кеше өзін менсінбеген Тоқтар-Бегімді қатын етіп, өшін алу болды. Қарашыңның «Тоқтар-Бегімнен де сұлу тағы бір қарындасым, екі қызым бар. Соның бірін ал» дегеніне көнбей қойды. «Не өзіңнің қаныңды ішем, не Тоқтар-Бегімді қатын қылам деді, қаныңды бірақ асықпай ішем, күніне бір қасықтан ғана ұрттаймын».
Түбі құтыла алмайтынын білген Қарашың ақырында еліне, аға-інілеріне кісі жіберді. Тоқтар-Бегімді Бұрындыққа тоқалдыққа беріп, өзін құтқаруды сұрады. «Құдыс батыр Тоқтар-Бегімнің сіңлісі Ажар бике мен өзімнің екі қызымның таңдағанын алсын», — деді.
Шайх-Хайдардың жорығы тек Бұрындық сұлтанның ғана мұратына жеткізіп қойған жоқ, бүкіл қазақ руларының мұратына жетуіне себепкер болды. Жи-налған батыр, билер енді қазақ руларының сөзсіз бірігуі керек екенін, егер бірікпесе Әбілқайыр хан, не басқа бір хан оп-оңай құл ететінін ұқты. Хан кеңесі қайтадан мәжіліске отырды. Барлығы келешекте үш жүзге бөлініп, бір ханға бағынуды мақұлдасты. Іштей наразы болғанмен де, Темір би де бұған сырттай қарсы болмады. Ұлы жүзге — аға рулар Үйсін, Дулат, Жалайыр, Орта жүзге жер ыңғайына, әдет-ғұрпы, салтына қарай Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ, Тарақты. Кіші жүзге Еділ мен Жайық бойын жайлаған Алшын, Байұлы, әлімұлы, Жетіру кірсін десті. Бірақ бұл үш жүзге бөліну мәселесі бұ жолы аяқталмады. Арада талай толқу болды. Тек осы мәжілістен алпыс жыл өткеннен кейін, Қасым ханның баласы Хақназар ханның кезінде ғана бүкіл қазақ рулары ақырғы бітімге келді. Үш жүз боп үш орда тікті. Ал, ол жолы күрделі басқа бір мәселе шешілді. Халық ақсақалы Асан Қайғы әр рудың белгісі етіп таңба үлестірді.
— Үйсіннен шыққан бабамыз Майқы би Шыңғысханның кезінде-ақ — деді саудыраған жағын жібек орамалмен таңып алған қарт жырау. — Қазақ деген атты ту етіп көтерген екен, Үйсін руының таңбасы жалау болсын.
Отырғандар бір ауыздан дұрыс деп мақұлдасты. Хан төлеңгітінің бір зергер жігіті қолына балға мен тескіш алып Қаратұздың күңгірт нұрасына жалау белгісін түсірді.
— Жер аймағының айналасы алты айлық, — деді Асан Қайғы сәл жұмылып кеткен көзін ашып. — От ортасында қалың Арғын елі... Арғынатаның белгісі көздесем көңілім көншігер.
Отырғандар бір дауыстан тағы да дұрыс деді. Шебер тағы да қолына бал-
ғасы мен тескішін алды.
Халқымызға жау тисе ең алдыменен атқа қонған жау жүрек Қыпшаққа айбалтаны таңба етелік — деді қарт жырау.
Осылай дәлелдермен Асан Қайғы қазақтың сол кездегі басты қырық руына таңба үлестірді. Бұл қырық таңба сол күні Нұраның Қаратұзының жарына түсірілді. Халық бұл жерді сол күннен бастап Нұраның таңбалығы деп атады. Асан Қайғы батасын беріп, ертеңіне Жәнібекті боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп, қайтадан бар қазаққа хан сайлады. Содан кейін барып келесі жаз шыға, қалың қол жинап Орысханның кезінде Ақ Орданың астанасы болған Сығанақтан бастап бүкіл Түркістан жерін жаулап алмақ болып, уәделесіп, ру бастықтары тарасты. «Басымыз бірігіп ел болдық, хан көтердік» деген ру біткеннің игі жақсылары, қараша адамдары мәз-мейрам еді. Тек Алшын адамдарын басқарып келген Темір би ғана қабағын ашпады. Оның қабағы өле-өлгенше ашылмай кетті. Ол соңынан Жәнібектің үшінші баласы Қасым хан бүкіл Дәшті Қыпшақ жерін алып, Еділ, Жайық бойындағы Кіші жүздің бар руларын өзіне ақылмен бағындырғанын көзімен көре алмады. Бұл кезде Темір би дүние салған. Бірақ тірісінде де қарсы күресуге дәрмені жетпеді, өйткені бар қазақ ел болып бас қосуды тілеген.
Үш күннен кейін Хан Ордасы Шу, Сарысу бойындағы қыстауына қарай көшті. Бұрындық сұлтан Талас етегіндегі қыстауына келіп қонған күні, Тоқтар-Бегімді алып Қарашың батырдың аға-інілері келді.
Қарындасын баласы мен ерінен айырып Бұрындыққа тоқалдыққа беріп, өз басына еркіндік алып, Қарашың батыр еліне қайтты. Бірақ Бұрындыққа деген өле-өлгенше өшпейтін кегін жүрегінде ала кетті.
Сол күні кешке Бұрындық жас тоқалы Тоқтар-Бегімге арнап тігілген ақ отауға келді. Үй ішіне шұлғауының шуаш иісін мүңкіте, жуан қоныш саптама етігін шешіп жатып, түрулі шымылдықтың ішінде, ақ мамық құс төсектің үстінде отырған, сазды жердің сары ағашындай, нәзік денелі жас тоқалына көз қиығын аударды.
Оның сұп-сұр болып қатуланып кеткен жүзінен, өзін жек көретінін жасырмай жалын атқан ашулы көз қарасынан, сүйіп қосылған байы мен бауыр етінен де тәтті екі жасар баласынан айырған Бұрындықтың күнәсін еш уақытта кешірмейтінін білді. Сұлтан ләм-мим демей, қолын созып, күміс бақан жанында отырған үкідей тарғыл мысықты ұстай алды. Кенет мысықтың «шар» еткізіп мойнын бұрап үзіп жіберді де, заматта қолын қол, бұтын бұт етіп, жұлып-жұлып быт-шытын шығарып, түндіктен сыртқа лақтырып жіберді. «Егер айт-
қаныма көнбесең, сені де өстем!» дегендей ол Тоқтар-Бегімге қайта қарады. Жаңа ғана шатынап отырған тоқалы «түсіндім» дегендей, Бұрындықтың бетіне көзін тоқтата алмай, төмен түсірді. Сұлтан езу тартып сәл күлімсіреді.
Сырт киімін шешіп тастап, бір төбе тастай боп ақ мамықтың үстіне барып отырды. Талдырмаш денесінің бір жерін ауыртып алармын деп қорықпай, добалдай қолдарымен жас тоқалының үзіліп кетуге таяу тұрған аш белінен ай-қара құшақтап, бауырына алып қысып, сәл уақыт үнсіз тына қалды.
— Егер жақсы қатын бола алсаң, өткен күнәңнің бәрін де кешірем, — деді ол, сөйтті де жас тоқалын құшақтаған қалпында ақ мамықтың үстіне жантая берді.
Бір жыл өткен соң осы тоқалынан, кейін Қасым ханнан қашып барғанында пана берген, Самарқант ханы Мұхамед-Шайбанидың кіші інісі Мұхамед-Темірханның әйелі болған Жауһар-Бике деген қыз туды.
ІІІ
Келесі жазда Жәнібек уәделескен әскерлердің келуін күтіп Арқаға көшпей қалды. Бірақ күткен әскері келмеді. Жайық, Еділ, Жем бойын жайлаған Кіші жүздің ойы жаңа құрылған қазақ хандығына өз үлесін қосу болса да, оның осы жазда ар жағындағы Ноғай Ордасы мен Қазан хандығының дүрбелеңі көбейіп кетіп, өз жер-суын қорғаудан қолы босамай, небары бес жүз жігіт жіберген. Бірақ бұл келгендер садақ таңбалы Адайдың батыр жігіттері еді. Торғай, Ор өзендерін жайлаған Қыпшақтар да жарытып жасақ жібере алмады. Қобыланды батыр қыс бойы төсек тартып науқастанып, қарамағындағы елді басқара алмады. Соның салдарынан жұрт өзі қызығын көрмеген хандықтың болашағына жөнді мән бермеді. Расында сонау дүниенің бір шетіндегі Еділ, Жайық, Торғай бойында жатқан қазақ руларын Шу мен Сарысуға келіп, Түркістанды жаулауға шық деу үстірт қараған адамға қиын тілек еді. Алайда таяу тұрған Қазан, Ноғай, Қырым хандарына бағынудан гөрі, Еділ, Жайық бойын жайлаған рулар, алыс болса да, ғасырлар бойы жауларына бірге аттанған, тілі, тағдыры, шаруашылығы бір қазақ хандығына қосылуды таңдаған.
Жалғыз алыстағы Кіші жүзден ғана емес, өзіне тән Арғын, Найман да бұл жолы мол әскер шығарған жоқ. Мұндай жағдай Арғын, Найман билерінің өзара ала ауыздығынан туған-ды. Сол жылы көктемде тоқсанға келіп отырған Арғын би дүние салған. Арғынның ардақты көсемін қоюға бұл рудың игі жақсылары жиналған. Қаралы қазаға көңіл айтуға, сонау Қорасаннан бірнеше күн жол шегіп, Хорезм уәлиетінің әмірі Сұлтан Хусаин мырза келген. Сұлтан Хусаин әмір ол күндегі Арғын руынан шыққан атақты адамның бірі болатын. Аталары Иранның шахы Құлағудың бас басқақтары болып бүкіл Шығысқа аты шықса, өзі Қаракөлдің әмірі тағына отырып, Хорезм уәлиетін басқарды. Сұлтан Хусаин әмір Арғын би еліне тарту-таралғысымен бірге, ел бірлігін бұзар арам ойын да ала келді. «Жәнібек хан үшін Арғын руының Түркістанды аламын деп қырылуының қажеті жоқ. Егер қысы-жазы малдарыңа жайылым болатын жер іздесеңдер, Қорасанға көшіңдер, кең өріс, мол қоныс берем. Сауда-саттығыңа да қолайлы. Ар жағында Ирак, Иран, Ауғанстан да алыс емес» деді ол қырқын беруге жиналған Арғынның би, батырларына. Арғын руы Арғынаты тауынан асып көшпегенімен де ел басы — Арғын биінен айырылған жұрт судай тол-
қып, сеңдей соғылысты. Осындай бәтуасыздықтың арқасында Есіл, Тобыл бойындағы түпкі Арғын руы жартымды бәлендей жасақ бере алмады. Ал, Найман, Керей болса, бұ жылы өзіне Амансанджи тайшының кезекті шабуылына қарсы шығудан қолы босамады. Бұл шабуылға қатыспайтын Мауреннахр жеріндегі Керей, Наймандар Әбілқайырдың сенімді адамдарының бірі Қожа-Уали бектің айтқанынан асып кетпеді.
Міне, осындай халге ұшыраған Найман мен Керейдің де Жәнібекке ойдағыдай көмек көрсету қолынан келмеді.
Ақырында Жәнібек хан өзіне еріп көшіп жүрген үш жүз мың шаңырақ Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Үйсін, Уақ және Бестаңбалы руларынан отыз мыңдай ғана әскер жинай алды. Мұндай әскермен кімді шабады? Бұл кезде бір Әбілқайырдың өзінде жүз мың атты әскер бар. Ал, елінің шетіне күнде тиіп отырған Қытайда, Торғауытта қанша күш бар екені кімге мәлім? Күншығысы мен оңтүстігі мұндай ауыр жағдайда болғанда, күнбатысы мен терістігі жетісіп тұр ма? Құбыласында Жошы ханның бір бұтағы Астрахань мен Ноғайлы хандарында қанша қол бар? Ар жағында Қырым ханы атақты Меңдігерей мен Қазан ханы Ибрагимның елі тұр. Бұлардың бәрі де Дәшті Қыпшаққа дос емес. Ал Жәнібек болса отыз мың әскермен аузынан жалыны атқан Әбілқайырдан Түркістанды тартып алмақ. Жоқ, Жәнібек, сен өзіңнен күшті арыстанмен алыс-
қың келсе, ең алдыменен бел омыртқаңның үзіліп мерт болмайтын жағыңды ойлауың ақыл. Ал мұратқа жетудің екі жолы бар. Бірі — күшің қазір шағын екен, онда өзің секілді Әбілқайырға қастардың басын қосып, майданға солармен бірге шық. Әрине бұл оңайға түспейді, бірақ қайткенмен де құм жиылып тас болуға тиісті. Ал екінші жолы — Әбілқайырмен алыспастан бұрын әбден күшейіп алуың шарт. Мұның да жалғыз жолы бар. Ол бүкіл Дәшті Қыпшақты өзіңе бағындырып, жылқыдай жусатып, қойдай өргізуің керек. Бұл екеуінсіз Көк Орда ханының жерін тартып алу қолыңнан келмейді.
Ал қас дегенде Әбілқайырға қас кім бар? әрине ең алдыменен өз тұқымы Сайбаннан тараған Қожа-Мұхамед ханның немересі, Махмудек ханның баласы Айбақ хан. Жатса-тұрса ойы Әбілқайырдың орнын басу. Содан кейін Әбілқайырға еріксіз көнген Маңғыт руынан шыққан Ақсақ Темір Ордасының әмірлері Аббас бек, Мұса бек, Жаңбыршы бек, Моғол Сұлтан-Махмуд хан, Жақия, Хайдар бектер.
әрине, осы күштің бәрі жиналса, оған Жағатай ұрпағы Сұлтан-Махмұд ханның інісі, Кішік Мұхамедтің баласы Ахмет ханның әскерін қосса бір Әбілқайырға күштерінің жететінінде сөз жоқ. Бірақ бұлардың бірде-біреуіне сенуге болмайды. Өз пайдасына қарай, оп-оңай сатып кетулері даусыз. Күшті болғың келсе баяғы бар Дәшті Қыпшақты тегіс қолыңа алуың мақсат. Өз іргең сөгілмей, берік отыра алатын күйге жетсең, қандай жаумен болса да алыса аласың.
Осындай шешімге келген Жәнібек енді бүкіл қазақ руларын өзіне бағындыру әрекетіне кіріскен.
Қарамағындағы қазақ руларын хан Ордасы шығыны мен әскер ұстау үшін алым-салық, қаржы-қаражат төлейтін етіп әбден бағындырғанша тағы жыл жарым өтті. Бірақ осы жыл-жарым қандай қиыншылыққа түсті! Дастарқанға төгілген бауырсақтай жайылып, жапан түзде біресе солтүстікке, біресе оңтүстікке бытырап көшіп жүрген қазақты ел етіп біріктіру үшін қаншама тәсіл, қаншама күш қолданылмады! Кейбір ауа жайылған, тек өз дегеніне болмаса ештеңеге көнбейтін кесір, тоң мойын ру бастықтарын ат құйрығына байлап құрбан етуге де барған жоқ па! Бері көш десе, әрі көшкен ауылдардың басына хан нөкерлері сырық ойнатып, сырмағын жүндей түтті емес пе? Қаншама мал барымталанып алынды! Қаншама ел ата мекен жерін тастап, жаңа қонысқа қонды!
Жәнібек осының бәрін неге істеді. Бұлай ету оған оңайға түсті ме? Сол үшін де Қотан қарт өлер алдында:
«Жәнібектің сырты ғана күлкі-әзілді паш еткен.
Мезгілі көп оңаша қап жас төккен» —
деп бекер айтқан ба? Ал сонда өз елін өзі қанға бояғаны жөн бе? Бұл Жәнібекке қатты батты. Кей күні құса боп, төсек тартып жатып та қалады. Өз бетімен тағы болып өскен руларды айтқанына көндіре алмай, кейде тарығатын да, тіпті бағзы бір жағдайда соңынан ерген аяулы адамдардың орынсыз қылығына жаны күйіп, оңашада қалың қайғыға беріледі. Бірақ хан Жәнібек бір хадисті жақсы түсінетін. Тоғай арасында өскен күйкі шөп малға ас болмайды. Ал қыршын, қопа арасындағы шытыр, көкпек малды тек апатқа ұшыратады. Сол себепті ел бірлігіне кесірі тиетін жанды Жәнібек өз аузынан үкім айтып, дарға астырса өкінбейді, мұндайда ол табансыздық көрсетпейді. Өйткені үлкен арман құрбандықсыз орындалмайды — бұл ханға да белгілі қағида. Осындай қатаң саясаттың арқасында Жәнібек далиып жатқан Дәшті Қыпшақ даласын тегіс өзіне қаратпақ болды. Содан кейін барып ол қазақ хандығына Түркістан өлкесі мен Еділ өзенінің бойындағы Кіші жүздің асау руларын бағындырсам деген ізгі мұратына кірісуді ойлады.
Мұндай шешімге келген Жәнібек, ең алдымен өз ойын ағасы Керей балалары мен өз балаларының таразысына салмақ. «Бар ауыр қанды жорықты қай тұстан бастау керек? Күншығыстан ба, күнбатыстан ба?»
Жошы ұрпағы, Бадықтан туған Орыс ханның жеті ұлы болған; Тоқты-Қия, Құтлық-Бұғы, Тұғылық-Болат, Құйыршық, Тоқта-Болат, Сейдахмет, Сейтәлі.
Тоқты-Қиядан — Болат, Болаттан — Керей.
Құйыршықтан — Барақ хан, Барақ ханнан — Жәнібек.
Сөйтіп Жәнібек пен Керей бір атадан шөбере туыс.
Керейдің төрт баласы бар: Бұрындық, Шайхым, Санджор-Жақан, Жақан-Бахты.
Жәнібек ханнан тоғыз бала: Жиренше, Махмұт, Қасым, әдік, Жаныш, Қамбар, Тыныш, Ұснақ, Жәдік.
Шөбере туыс Керей мен Жәнібектен тараған осыншама баладан ата жолын қуып жауға шабар әке жолын қуып баққа таласары алтау. Керейден —Бұрындық, Жәнібектен — Махмұт, Қасым, Қамбар, әдік, Жәдік.
Қазақ ханының тағына ие болар деп Жәнібектің әсіресе үміттенері Қасым. Қасым қазір жиырма алтыда. Ұзын бойлы, кең жаурын, қара торы пішінді жігіт. Қалың қабағының астынан үлкен қоңыр көзі адамға әрқашан да ойлана қарайды. Он бесінен көкпарға, күреске түскен. Әзірге жамбасы жерге тимеген балуан. Жау жүректігі мен ақылдылығына қарап, хан болуға лайық, әрқашанда сабырлы деп ойлайтын Жәнібек. Қасымды ханның өзге балаларынан артық көрер тағы бір себебі бар. Қасымның шешесі Жаған-бике Жәнібектің жеті қатынының ішінде ең жақсы көрер бәйбішесі. Одан туған бала да ханға ерекше ыстық. Жағанды Жәнібек құр ғана жақсы көрмейді, оныменен санасады, ерекше сыйлайды. Ал Әбілқайыр ханның келіні, Шах-Будақтың әйелі Аққозы-бике Жағанның туған апасы. Аққозы мен Жаған Алтын ханда көшпелі Керей руының белгілі батыры Домбалықтың апалы-сіңлілі қызы. Жағаннан Қасым туса, Аққозыдан Әбілқайыр ханның ең жақсы көрер немерелері, соңынан бүкіл Орта Азияны жаулап алған Мұхамед-Шайбани хан мен Махмуд-Сұлтан туған.
Әбілқайыр мен Жәнібектің арасындағы қанды ұрысты өшпендікке қарамай, кезінде бүкіл Шығысқа аттары шыққан қос сұлу Жаған мен Аққозы біріне-бірі тарту, таралғы, кісі жіберіп сыйласып тұрған. Аралары балдан тәтті тату. Оның үстіне Қасым да, Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтан да Шыңғыс әулетіне жатпайтын, шешелерінің айтқандарын екі етпейтін мінез көрсеткен. Бұл әрине балаларын жастайынан өздерін сыйлайтын етіп өсірген аналарының қасиеттерінен туған ерекшелік.
Қасымның осындай жағдайын білетін Жәнібек, баласымен әңгімелескенде әрқашанда бәйбішесі Жағанды ала отыратын. Ал Жәнібек соңғы кезде Қасыммен жиі кездесетін болды. Оған себеп — ханның өзге ақылгөй үзеңгілес би, батыр серіктерінен гөрі, Қасымның қиын мәселелерде әкесіне анағұрлым дұрыс кеңес беруінен еді.
Күндегі әдеті бойынша, шаңқай түс шамасында хан Ордадан шығып, бәйбішесі Жағанның оқшаулау тігілген, шағаладай аппақ екі кигіз үйден кіндіктесе көтерілген ақ ордасына беттеді. Бұл кез көктем бітіп, жаз жадырай бастаған мезгіл еді. Хан Ордасы Сарысудан Ұлытау етегіне көшіп келген. Әлем сандықтан күн көзіне алып шыққан жанат ішіктей құлпырады. Жаңа көтерілген көк балауса жасыл шалғын көкірегіңді жарғандай жұпар аңқиды. Тау қойнауынан төмен қарай сарылдай аққан мұздай бұлақтардың мөлдір суы күн сәулесімен шағылысып, жерге тастаған күміс белбеудей жалт-жұлт етеді. Бұлақ жағаларында бұйралана өскен құба талдың басына қонып алып, бұлбұл құстар не бір тәтті әуенге сап ән шырқайды. Жәнібек әлемнің осынау бір ғажайып суретіне сұстана қарап сәл кідірді де, ақ орданың есігін ашты. Ханның келетінін күтіп, үйдің ортасындағы қызғалдақтай кілем үстінде алтын шарадағы уыз қымызды сапырып отырған Жаған түрегеліп, иіліп сәлем етті.
— Арсың ба, Жаған бикем?
— Барсың ба, хан ием.
Есік алдына күмістенген кебісін тастап жатып, хан әйеліне сұқтана қарады. Жаған қара торының сұлуы еді. Сұңғақ бойлы, оймақ ауыз, көген көз. Екі бала тапса да қыпша белі әлі де жіп-жіңішке. Қақтаған алтыннан жасалған ауыр шолпысы жерге тартып тұрғандай, білектей етіп өрген қос бұрымының ұшы шұбатылып кілем үстінде жатыр. Меруертпен шытырмалап, гауһар таспен безеген қызыл мауыты сәукелесі, аш белін қынаған алтын оқалы қызыл бар-
қыт камзолының түсін ашқандай жарасып тұр. Жаған иген басын әлі жоғары көтерген жоқ. Сонау бота көзін жауып тұрған ұзын кірпіктері найзадай Жәнібектің кеудесіне келіп қадалғандай. Жәнібектің қырықтан асқанға дейін сан айқаста мызғымаған тас жүрегі, кенет қолға түскен торғайдай тыпырши қалды. Хан көз алдында осы Жағанмен алғашқы кездескен шағы елестеп кетті.
Жәнібек жиырмадан жаңа асқан тұсында. Жазтоқсанның нағыз сарша тамыз ыстық кезінде Шах-Будақ сұлтанның серігі боп қырық жігіт құдаларды басқарып Алтын хан патшалығына барған. Әбілқайыр ханның баласының жанына ерген әнші, күйші, батыр, балуан, мерген, құсбегі — кілең өнерлері тасыған өрендер. Домбалық батыр сол маңда көшіп жүрген ең беделді рулар — Қытай, Найман, Керейдің бас батыры еді. Оныменен Цзинь богдаханы да, көршілес Ойрат қонтайшысы Исентайшы да мықтап санасады екен. Жәнібек бастаған Шах-Будақ тобы Теріскей Тарбағатайды жағалап Зайсан көлінен өтіп, Алтай тауының күнгей жағына шықты. Қалың Найман, Қытай, Керей тайпа елін көктей басып, үшінші тәулікте Домбалық аулына жетті. Бұл ауыл Қыдыркөл жағасына кеше ғана келіп қонған екен. Қамысты көлді жағалай кілең ақ шағаладай кигіз үй тігіліпті. Көк майса, жасыл шалғын белуардан келеді. Арғы қабағы қарауытып қана көрінген шалқар дария, көгілдір көлдің ақ айдынында сыңсыған қаз-үйрек, сыбызғыдай сызылған қоңырқай аққу әні алыстан талып естіледі. Көлдің қамысы аз күншығыс жағынан, сонау алыстағы белеске қарай өріп бара жатқан қарақұрым жылқы көрінеді. Шах-Будақ сұлтанның келе жатқанынан күні бұрын хабардар ауылдың қыз-келіншек, бозбалалары құдаларды көш жерден қарсы алды. Жәнібек Шах-Будақтың қалыңдығы Аққозыны бірден таныды. Қарсы алған ауыл қыз-келіншегін қырағы көзімен бір шолып өтіп еді, дәл осы ауылға бұл жалғанның бар сұлу қыз-келіншегін жинағандай екен. Ал Аққозы солардың ішінде топ қоңыр қаздың арасындағы аққу тәрізді. Сұңғақ бойлы, аққұба мөлдір көз бір керемет. Басындағы алтай құндызынан тіккен шоқ үкілі камшат бөркі де, үстіндегі дүрия шәйі қос етекті көйлегі де, белін қынай киген қамқа ішігі де, гауһармен безенген алқасы мен аяғын басқан сайын қоңыраудай сылдыр қаққан қақтаған алтын шолпысы да басқалардікінен анағұрлым қымбат, өзгеше. Қыздың сырт бейнесін көргеннен-ақ Жәнібек Домбалықтың атақты сұлуы Аққозы осы екеніне шек келтірмеді. Енді ол қалған қыз-келіншек арасынан Аққозының сіңлісі Жаған бикені іздей бастады. Былтыр Аққозыға құда түсе келген Әбілқайыр адамдарынан Жағанды Аққозыдан сұлу болмаса, кем емес деген лақапты естіген. Қарсы алдында тұрған қыз-келіншектің ішінде Аққозыға көркемдігімен пара-пар келетін ешкім көзіне түсе қоймаған соң, «Жаған мұнда жоқ екен!» деген. Неге екені белгісіз, Жаған Аққозыдан да асқан сұлу болуға тиісті деген ойдан ол арыла алмаған. Қайткенмен де Жағанды тезірек көруге құмарлана асыққан. Бірақ Жаған көзге түспеді. Тек қонақтарға ауыл кәдесін істеп, кешкі ойын-сауыққа кірісер алдында ғана Домбалық батырдың екінші қызының жылқы бағуға кеткенін білді. Қазақ руларының ғұрпы бойынша көне заманда жылқы бағу тек жылқышылардың ғана борышы емес, қыз-бозбаланың да шаруасы. Жасыл шалғынды ми далада, жаздың жылы айлы түнінде қыз-бозбала болып жылқы күзету — қазақтың ескі салтының бір қызық дәстүрі. Кең алқапта үйір-үйір боп бытырай жайылған қалың жылқы. Сол қара-құрым жылқыны екеу-екеуден серік боп, ән шырқап айнала жүрген қыз-бозбала. Қос жанында тай қазанда былқылдай қайнаған құлынның уыз еті. Үйірінен бөлініп кеткен саяқты іздеген боп сайға түсіп бара жатқан, сойылын сүйреткен бозбала. Арғы беттен астындағы жорғасын жанындағы серік қызына ұстатып, төмен қарай асыға аяңдаған үкілі бөрікті, былқ-сылқ басқан жас сұлу... Бұ да бір қызық заман! Жақсы көрсең де келмейтін, жек көрсең де оралмайтын, біржолата мәңгі өшкен алтын дәурен!
Жолдан шаршап келгендеріне қарамастан жігіттер түнімен алтыбақан теуіп, ән салып көңіл көтерісті. Әзіл-қалжың, айтыс, қазақтың көне заманындағы сауықтары «Түн қату», «Түйе жығу» секілді сан алуан ойындарын ойнап, таң шапақтап ата бастары жастыққа тиді. Ойын-сауық ертеңіне тағы басталады. Күрес, сайыс, көкпардан кейін кезек жамбы атуға келді. Міне, осы ойын кезінде Жәнібек сұлтан Жаған бикені көрді. Келген қонақтар мен ауыл жастары бәсекелесіп жамбы атып жатқан. Бақан басындағы қадаға ілген күміс жамбыны бір жүз қадам жерден екі жақтың бірде-бір мергені тигізе алмай-ақ қойған-ды. Жайшылықта құралайды көзінен ататын жігіттер бұ жолы қолдарын шайтан қағып тұрғандай, алыстан еміс-еміс ағараңдап көрінген жамбыға садақ оғын қанша көздесе де дөп қадай алмады. Біресе үстінен мүлт кетеді, біресе астындағы бақанға барып сарт етеді. Алақанның аумағындай күміс жамбының нағыз бір оқ қағары бардай, байлаған жерінен бірде-бір қозғалмай-ақ қойды.
Дәл осы кезде шоғырланған топ қыз-бозбала кенет шуылдап қоя берді:
— Жаған келе жатыр!
— Жол беріңдер! Жол беріңдер!
— Жаған жамбыны көздемей түсіреді.
— әй, Оқас, Жаған бикеге жамбы атып жатқанымызды айт!
Аққозы бикенің шабарманы «Бикем не бұйырады?» деп анадай жерде атын шідерлеп күтіп отырған қара торы бала жігіт, жанындағы көкбестіге міне сала, ән шырқатып қырқадан төмен түсіп келе жатқан бір топ қыз-бозбалаға қарсы шапты. Шабарман жетер-жетпестен аттан домалай түсіп, топ басында күміс ер-тоқымды ақ боз ат үстінде жантая отырған, басына нарттай қызыл түлкі бөрік киген қызға әлденені айтып жатыр. Түлкі бөрікті қыз жамбы жанында шоғырланған топқа қарап бірдемені сұрады да, қолындағы сойылын қасында тұрған жігітке ұстата беріп, оның садағын алды. Жігіт қорамсағынан екі-үш оқты суырып, таңдап біреуін берді. Қыз садақтың бауын, домбыраның шегін шерткендей, қолымен қатты тартып көрді де, сол қолымен жақты жоғары көтеріп, жебесін қойып кезенді. Сөйтті де, астындағы ақ боз жорғаны тебініп қалды. Жорға шоғырланған топқа қарай ырғала жөнелді. Жұлдыздай ағып келеді. Жамбы атып тұрған қыз-бозбала: «Жол беріңдер! Жол беріңдер!» «Иә, аруақ, қолдай көр!», «Қарақожа!», «Ойшыбай!» деп Керей руының ұранын айтып кейін шегіне берді. Жәнібек сұлтан қыз абыройын құрбы-құрдасының осыншама тілеуінен Жағанның осал бике емес екенін аңғарып қалды. Сөйткенше болған жоқ, ақ боз жорғаны теңселте ағызып, қыз да бұлар тұрған жерге таяй түсті. Ұзын қос бұрымын беліне қыстырып алған, ат үстінен бір жағына қарай жантая, садағын кезене ыңғайланып келе жатқан ерке сұлу, Жәнібек сұлтанның қасынан өте беріп, садағын тартып жіберді. Сол сәтте жұрт шу ете түсті. Шуда жіппен қадаға іліп қойған күміс жамбының кенет көкке атылғанын Жәнібектің өзі де көрді.
Шулаған жұрт жорғасын әзер тоқтатып кейін оралған Жағанға қарсы ұм-
тылды.
— Мың жаса, Жаған мерген!
— Қыз емес, қыран ғой!
— Сені тапқан анаңнан айналып кетейін.
— Қарақожа атаңның аруағын бір көтеріп тастадың ғой!
— Ел намысын жібермеген ер қызым, мың жаса!
Дабырлаған топ қызды ат үстінен көтеріп ап, сұлтандарға қарай жүрді. Олар Жәнібектер тұрған маңға таянғанда ғана қызды қолдарынан түсірді. Өздерінің тобына жақындап келіп, иіліп сәлем берген Жаған адамзаттың баласы емес, көктен түскен қор қызы боп көрінді. Қос бұрымы жерге тиіп шұбалып, құралайдың көзіндей танадай қара көздері Жәнібекке жайбарақат, мөлдірей қарады. Осы бір күнәсіз көзқараста жігіттің асау жүрегін тайдай тулатқан бір ғажа-
йып сиқырлы күш бар еді. Өн бойы қорғасындай балқып, Жәнібек өзін-өзі әзер ұстап қалды.
— Арсыздар ма, құда жігіттер? — деген Жаған сонда ұзын кірпіктерін Жәнібектің жүрегіне, дәл осы қазіргісіндей қадап.
— Барсыз ба, мерген құдаша? — деген жігіттер шулай жауап беріп.
Осыншама шудың ішінен тек Жәнібектің даусын естігендей Жаған сұлтан-
ға тағы да бір мәністі көз тастады. Сұлтан енді бұрынғыдан да бетер өртеніп кете жаздады. Сол күні түні бойы көз ілінбей шықты. Ертеңіне Жәнібек Жаған қыздың қалай асау үйреткенін көрді. Бойды алған жалын, ойды өртеген арман бұрынғыдан да өрши түсті. Ұлытауға қайтып келісімен сұлтан сонау Алтын хан еліне құдалыққа кісі жіберді. Келесі Жазтоқсанның басында он төрт жасар Жаған сұлуды үшінші бәйбішесі етіп ақ отауға кіргізді. Баяғы алғашқы жолы кездескенде «Барсың ба, ару қарындас?» деп амандасқаннан кейін, ол Жағанмен бірінші мәртебе осы ақ мамық — жар төсегінің үстінде сөйлесті. Төсектің ірге жағында көйлекшең отырған Жағанның жерге шұбатылып жатқан қос бұрымын оң білегіне орап, сол қолымен тастай қатты сүйір ұшты қос анарын кезек-кезек сәл ауырта қысып, ұяттан күйіп-жанып не істерін білмей жанта-
ласқан жас аруды бауырына тартты. Бетіне бетін таяп:
— Мен сені Жаған, жақсы көріп алдым, — деді.
әйел жынысын ол уақытта тек мүлік деп қарайтын еркектің бұлай дегеніне жас сұлу таң қалды. Сөйтсе де көңілдегі өкпесін айтты:
— Өткен жылы менімен ең болмаса бір мәртебе сөйлесуіңіз керек еді ғой. Мәжнүнді жақсы көрген Ләйлідей менің бөтен біреуді ұнатып қалмағанымды қайдан білдіңіз?
Қыз сөзі Жәнібектің еркектік намысына тиді. Ол кенет алқымына тығыла қалған ашуын әзер басып:
— Оны қазір көрерміз, — деді — ит тиген арам аста қадір бола ма? Келген жеріңде ауылың бар...
Үй іші тастай қараңғы болса да, Жәнібек қыздың езу тартып күлгенін сезіп қалды.
— Егер анамның ақ сүтіндей адал болсам, — деді қыз кенет даусы қалтырап шығып, — бір тілегім бар, орындайсыз ба?
— Қандай тілек?
— Егер ұл тапсам, оған атеке етіп біздің ауылдың Хасен деген бір жас жігіті бар, соны алдыр. Маған садақ тартып, асауды жуасытуды сол үйретіп еді.
Жәнібек бойын өртеп бара жатқан жалынды күшпен басып енді отыра алмады, қыз өтінішіне жауап берудің орнына, оны аш белінен құшақтай өзіне тартты, жаңа піскен мәуедей әбден дер кезіне жеткен жас сұлу да, бауырын жазып жігіт әуеніне қарай икемделе берді.
Тірі жан қол тигізбеген сырлы тобатайды алғашқы сындырған Жәнібек қатты ұйықтап кетті. Тек таң бозарып атып келе жатқанында, бойын тағы бір күш билеп қайта оянды. Құшағында жатқан, таң алдында ғана маужырап ұйқыға шомған жас жарының бетіне қарады. Бозғыл таңмен қара торы жүзі сәл ақшыл тартып, шие ерні сәл ашылып, дем алған тынысы сәл естілер-естілмес боп білініп, тәтті ұйқыда жатыр екен. Жәнібек өзін-өзі ұстай алмай, аш белінен қысып, жас аруын өзіне қарай икемдей берді. Ақ білегін мойнына салып, ұзын кірпіктері астынан еріне еркелей қараған Жаған:
— Кешегі өтінішіме жауап бермедің ғой, сұлтаным, — деді.
Жағанның адалдығына риза болған Жәнібек, дәл осы сәтте бойын билеп кеткен қуанышын баса алмай:
— Жарайды, айтқаныңды орындайын, — деген, келіншегін белінен құшырлана қысып.
Сөйткен Жаған сұлу осы. Сондағы тілек еткен Хасен деген жігіті анау... Жәнібек қабағын түйіп есік алдында сәл кідірді. Өмірінің ең алғашқы қуаныш сағатында Жаған тумай жатқан баласына Хасенді атеке ет деп бекер өтінді ме? Расымен... Жоқ, жоқ, ол мүмкін емес. Жан сезімі қалай туласа да, Жаған оны баса алады. Былтыр өзі айтқан жоқ па еді, «мінез деген бір асау байтал ғой, талай асауды үйреткенде өз сезімімді өзім үйрете алмаймын ба» деп. Ол өз сезіміне өзі ие бола алады. «Ал ие бола алмай жүрсе қайтем? Ақылдан басқа жүрек бар ғой. Ал жүрек деген құрық көрмеген шын тағы жылқы тәрізді емес пе? Басына түскен құрықты үзіп кеткен жүйріктер аз ба? Онда... онда... жоқ, жоқ, қазір әңгіме бұл жайында емес. Әңгіме бір қатынның тағдырынан көрі үлкен іс хақында. Халқымның тағдыры туралы... Ең алдымен соны шешу керек».
Жәнібек қабағы қайта ашылды. Ол кебісін тастап, қызыл сафьян мәсісімен төрге шығып төрт қабат шәйі көрпенің үстіне, ақ мамық жастықты шынтақтай отырды.
Жаған қымыз құйылған күміс шара мен алтын кесені әкеп, төменірек тізе бүкті. Иісі аңқыған сары қымызды күміс ожаумен сапыруға кірісті.
— Хан ием, жақсы жатып жайлы тұрдыңыз ба? — деді ол көзінің қиығын күйеуіне аударып. Ханымның бұлай деп сұрауының әзіл астары бар еді. Өткен түн хан Ақжол бидің кіші қарындасы Жанбике арудың ордасына түнеп шыққан. Жанбикені Жәнібек былтыр алған. Оның жас иістігі есіне түсіп, хан кейде әйелдерінің кезегін бұзатын. Жас тоқалының ордасында өзге әйелдерінің үйінен гөрі жиірек болатын. Өткен түн кезегі Жағандікі еді. Жәнібек өзге әйелдеріне істеген тұрақсыздығын бұған әлі істеп көрмеген-ді. Намысқой Жаған күйеуінің сол қылығына қарай, бұл сөзді әдейі тигізіп айтып отыр. Ол қабағын да шытпай күлімсіреген қалпында сөзін жалғай түсті.
— Жанбике тоқал өзгемізден гөрі төсекті жұмсақ төсей біледі дейді ғой.
Бүкіл Дәшті Қыпшақтың жиырма сегіз басты руының басын қосамын деп талпынған Жәнібек хан, ешуақытта да жеті қатынын тату-тәтті ұстаймын деп ойлаған емес. Жиырма сегіз руға әлі жеткенмен, жеті қатынына әлі жетпейтінін ол жақсы білетін. Өйткені әр қатынының дауы бір тайпы елдің дауынан кем түспейтін. Солардың ішінде мұндай ошақ басы жанжалға араласа қоймайтыны осы Жаған еді. «Бұ да кірісе бастаған екен» деді ол ішінен. Қазір оған қандай жауап берсе де, қыңыр сөзге душар болады. Бәрібір жеңе алмайсың. Қатынның аты қатын, басы алтын, арты күміс болса да, өз дегенінен шыға алмайды. Ал қатынның кішкентай өзімдік жан дүниесі бүкіл әлемге бергісіз. Одан да үндемей құтылайын деді Жәнібек. Осындай ойдағы хан Жағанның көңілін бөтен сөзге аударғысы келгендей, бәйбішесі ұсынған алтын кесені алып жатып:
— Қасымды шақыртшы, — деді сөйлесетін сөз бар...
Жаған көзін ойнақшыта қарады.
— Хасан атекесін де шақыртайын ба, үнемі бірге жүреді?
Жағанның бұнысы да әлгі қыңыр сөздің жалғасы.
Жәнібектің жүрегін мысық тырнап алғандай ашып кетті, сөйтсе де сыр бермей:
— Шақырт, — деді.
Жаған түрегеліп, талдырмаш мықынын ырғалта, сұлу денесін ойната, аяғын былқ-сылқ басып барып есікті ашты.
— әбен! — деді сырттағы нөкеріне дауыстап. — Қасымжан мен атекесі Хасенді шақыртшы! Хан әкесі сөйлесем дейді.
«әйелдің аты әйел, — деді тағы да Жәнібек ішінен ойлап, Жағанның есікті қалай барып ашқанына сүйсіне, — қашан да болса еркектің көзіне ұнамды жерін түсіргісі келіп тұрады».
Жаған орнына келіп отырғаннан кейін Жәнібек босаған алтын кесесін
ұсынды.
— Қымызың балдан тәтті екен, тағы да құйшы.
Жаған жадырап сала берді.
— Сабасын Керейлерше ыстатқам. Әдейі өзіңе арнап...
Жәнібек риза боп күлімсіреді.
— Менің бабымды өзің ғана табасың...
Осымен арадағы кірбің бітті. Енді олар бір-біріне жадырай қарасты. Осы уақытта үйге Қасым кірді. Сәлем беріп, әкесінің оң жағына барып отырды. Жәнібек баласына көз қиығын аударды да, Жағанға қарады. «Айнымаған шешесі тәрізді. Тек мұрны мен иегі, қоюланып өсіп қалған мұрты да өзімдікі».
— әкең атекеңмен бірге келсін деп еді ғой, — деді Жаған баласына алтын кесеге қымыз құйып беріп жатып, — Хасен қайда?
— Екі аптадай болып қалды-ау деймін, қайын-жұртына кеткен.
— ә-ә!
Жәнібек мырс етіп күліп жіберді. «Жаңа Қасымды атекесімен жұбын жазбайды» деп, Хасенді де шақыртқанда, әдейі менің жаныма тисін дегені екен ғой. Өткен түннің өшін менен осылай алмағанда қалай алсын, бейшара... Намысына тиген ерін шымшыған түрі де... Жоқ, жоқ, Хасеннің қайда жүргенін де білмейді. Демек, бұның онымен еш байланысы болмаса керек-ті...
— Көке, мені жай шақырттыңыз ба? — деді Қасым әкесінің ойын бөліп.
— Жай емес, Қасым жігіт, — Жәнібек қолындағы кесесін жерге қойды, — үйді дауыл кезінде емес, бұрын тігеді, ақылдасатын жай бар...
— Дұрыс айтасың, көке. Кигіз жамылған су болмас, ақылдасқан жөн...
— Өзің де байқап жүрген шығарсың, бір қияпат айқас таяп келеді. Бұны қазір қайта күшейе түскен Көк Орда, Моғолстан дайындығынан аңғаруға болады. Бүгінгі күні біз де осал емеспіз. Осының бәрі арамыздағы көптен бері келе жатқан жанжалдың үлкен жанжалсыз бітпейтінін көрсетеді.
— Дұрыс айтасыз, хан ием. Күз келері көктемнен мәлім, Көк Ордадан іргеңді бөлек салғаннан-ақ, түбі бір ұлы айқастың болары хақ ғой.
— Бірақ бұл айқас тек Көк Орда жағынан ғана көрініп тұрған жоқ тәрізді. Батысың да, шығысың да қауіпті. Батысыңнан сенің жеріңе көзін тіккен Қазан, Астрахань, Қырым, Ноғайлы хандары бар. Олардың ар жағында, алыстан тулап жатқан дариядан — Түрік пен Стамбул сүлесі көрінеді. Екі жағың да жетісіп түрған жоқ. Бірі болмаса бірі бас салатыны аян. Ал, ондай халге жетпес үшін, біз өзіміз ерте қимылдауымыз керек.
Достарыңызбен бөлісу: |