«Айбөпе» ортаңғы тобының 2020 – 2021оқу жылының жылдық қорытынды есебі Топ тәрбиешілері:Уажитова Бакытгуль Измбергеновна Халелова Жанна Утемисовна «Айбөпе» тобында барлығы 16 бала. Оның 11 ұл бала, 5-і қыз бала.
2020-2021 оқу жылының басында пандемияға байланысты ата – аналар жиналысы ZOOM платформасы арқылы 3 рет өтті. Жиналыста пандемияға байланысты ережелер, бала психологиясы, мониторинг қорытындысы сияқты мәселелер талқыланды. «Айбөпе» ортаңғы тобының білім деңгейінің мониторингтік көрсеткішіне келетін болсақ, жыл басында диагностика нәтижесі 60% пайызды құраса, оқу жылы аяғында 80% құрады.
Балалардың жоспарға сәйкес күн тәртібі бойынша таза ауада серуендеуі, кестеге сәйкес оқу қызметтері, қимылды және креативті ойындары және де күнделікті 8-10 минут көлемінде таңертеңгілік жаттығулары өткізілді. М.Ә. Султангерееваның дене шынықтыру оқу қызметінде жоспар бойынша креативті ойындар кірістірілген жарыс оқу қызметін өткізді. Балалар аса қызығушылықпен қатысып, ойынға белсенді араласты.
Шығармашылық, қатынас, таным және әлеумет салалары бойынша да үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес ілгерлемелік жоспар құрылып, күннің бірінші жартысында кесте бойынша оқу қызметтері, ал күннің екінші жартысында креативті ойындар өткізілді. Сонымен қатар 5 сала бойынша ашық оқу қызметтері де өткізілді.
Барлық ашық сабақтар «Ботақан» бөбекжай-бақшасының фэйсбук парақшасында жарияланып отырды.
2020 – 2021 оқу жылы күнтізбедегі мерекелік күндерге орай «Айбөпе» тобында балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында ертеңгіліктер және тақырыптық сағаттар өтті.
«Алтын күз», «8 наурыз халықаралық әйелдер күні», «Көрісу», «Әз наурыз», «Ғарышкерлер күні», «Жеңіс күні» сияқты мерекелік ертеңгіліктерде балалар белсенді қатысты. Өлеңдер мен тақпақтарын айтып, би биледі.
Бұл мерекелік ертеңгіліктер де балабақшамыздың фэйсбук парақшасында өз уақытында жарияланып отырды.
Қараша айында «Тұзды көл қалай пайда болды?» жобасы аясында балалармен бірлескен шығармашылық – тәжірибелік жұмыстар жүргізілді. Балалар тұз туралы мағлұмат алып, тәжірибеге қызығушылықпен қатысты. Бұл жобаның нәтижесінде балалар тұздың түсін, дәмін, қайдан алынатынын, тағамға дәм беретінін білді. Сонымен қатар тұзбен тәжірибе жүргізіліп, дәстүрден тыс сурет салудан шығармашылық жұмыс жасалды.
Ақпан айында топ тәрбиешілері педагогикалық оқуға қатысып, Б.И.Уажитова: «Балабақшада балаларға иірімжіппен жапсыруды үйрету арқылы эстетикалық талғамын кеңейту» тақырыбында, ал Ж.У. Халелова: «Люллия шеңбері арқылы баланың тілін дамыту» тақырыбында баяндамаларын қорғады. Бұл педагогикалық кеңестің нәтижесінде Б.Уажитова алғыс хатпен марапатталды.
Балаларды еңбексүйгіштікке тәрбиелеу де біздің басты мақсатымыз. Сондықтан да сәуір айында «Терезе алдындағы бау – бақша» жобасы аясында, балалармен және топ ата-аналарымен бірігіп көкөністер дәндері егіліп, олардан өсінді шығуды бақылау жұмыстары жүргізілді. Балалар суару, топырақ қопсыту сияқты жұмыстарды ұқыпты жасап, еңбек етудің нәтижесінде көкөністерді өсіруге болатынына көз жеткізді. Бау-бақша жобасының қорытынды нәтижесінде, «Айбөпе» тобы III орынды иеленді.
Сәуір айында «Мектеп жасына дейінгі балалардың «Интеллектум» логикалық ойындары арқылы ойлау қабілетін жетілдіру» тақырыбында балабақша ішілік семинарға «Айбөпе» тобының балалары да қатысты. Тәрбиеші Б.И. Уажитованың «Балабақшадағы балалардың креативті ойындар арқылы қиялын дамыту» тақырыбындағы шебер-сыныбында балалар креативті логикалық ойындар ойнады.
Сонымен қатар балабақшаішілік жас мамандар арасында «Сурет салуда инновациялық әдіс тәсілдерді қолдану» тақырыбында шебер сынып откізілді. Әр тәрбиеші дәстүрден тыс сурет салу әдістерімен бөлісіп тәжірибе алмасты. Шебер сыныптың қорытындысы нәтижесінде Б.И. Уажитова III дәрежелі дипломмен марапатталды.
Елімізде болып жатқан пандемияға байланысты көптеген байқаулар онлайн түрінде өтті. Балалар оқу жыл барысында сондай онлайн форматтағы сурет салу байқауларына қатысып, өз жетістіктерін көрсетті.
Жас ұрпақтың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ата-ана мен тәрбиешінің басты міндеті. Алдағы оқу жылында да жақсы жетістіктерге жетеміз деген сенімдеміз!