Айгүл Кемелбаеваның “Майя” шығармасын оқу барысында оқырман “дүние”, “фәни”, “сезім”, “адам”, “өмір” сөздерін басқа мағыналық тұрғыдан түсінеді. Автор басында тозған дүниенің өткінші уайым-қайғысыз ақпа уақытын суреттейді. Дәл осы тозған дүниедей күй кешіп жүрген бас кейіпкердің де жан дүниесін шебер суреттеп, өмір мен қыздың ішінде болып жатқан сезімдерді де асқан шеберлікпен байланыстырады. Майяның өзінен басқа (және кейде Мүсіншіге) түсініксіз ойлары арқылы, оның тән ауруына емес, жан ауруына шалдыққандығын оқырманға жеткізеді. Яғни, Майя өз ойларының құрсауында қалып, одан қанша қашып кеткісі келсе де амалын таппай, ішқұса болып, баз кешіп жүр. Осы кезде барлық әлем оған зілді, қараңғы болып көрінеді. Демек, автор адамның ішкі ойлары, дүниесі, сезімі қандай тас қараңғы, ауыр, көңілсіз болса, ол адамды қоршаған “өмір”, “дүние” де дәл сондай зілді салмақты болатындығын көрсетті. Десе де, Майяны да түсінетін, кейде оның ойларымен өзінің ойларын ұқсас санайтын Мүсінші бар. Ол жалғыз емес, үміт бар. Мүсінші де өзі құрып алған әлемде өмір сүреді. Сол себепті оған Майяны түсіну сәл де болса жеңіл.