Сыбайлас жемқорлық туралы ұғымдардың даму тарихы. Ежелгі дереккөздерді талдау сыбайлас жемқорлық мемлекеттік аппараттың туындауымен қатар пайда болған және әртүрлі тарихи даму кезеңінде барлық елдерге сол немесе өзге дәрежеде тән болды. Сыбайлас жемқорлықтың пайда болуы алғашқы деректерінің бірі – Ежелгі Вавилон мұрағаттары (біздің эрамызға дейінгі XXIV екінші жартысы), кейіннен вавилон патшасы Хаммурапидің атақты заңдары (біздің эрамызға дейінгі XIX ғасыр). Ежелгі құқық көздерінде сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттер жасағаны үшін нақты жазалануы тиіс екені көрсетіледі: «Егер судья істі талқылап, шешім шығарып, мөрі бар құжатты дайындаса, сосын өз шешімін өзгертсе, онда бұл судьяны шешімін өзгерткенін әшкерелеген жөн және осы істегі талап сомасын жиырма есе етіп төлеуі тиіс, одан бөлек жиналыста оны судьялар орынтағынан қуылуы тиіс және ол орнына қайтып келіп, сотта судьялармен бірлесіп отырмауы тиіс. Егер адам құдайдың затын ұрлап алса, ол адам өлтірілуі керек, сонымен қатар оның қолынан ұрланған затты қабылдаған адам да өлтірілуі тиіс».
Сыбайлас жемқорлық туралы кең ауқымды мәліметтер антик дәуірінің мұрасында кездеседі. Ежелгі грек ойшылдары Платон мен Аристотель өз жұмыстарында бірнеше рет билікті асыра пайдалану мен парақорлықтың қоғамның экономикалық, саяси және рухани өміріне күйретуші және бұзушы ықпалы туралы ескерткен, пайдакүнемдік – мемлекеттік басқаруда жол берілмейтін, сыбайлас жемқорлықтың себептері деп атаған.
Аристотель «Саясат» деген еңбегінде сыбайлас жемқорлықты мемлекетті күйретуге әкелмесе де, азғындауына әкелетін маңызды фактор деп атап көрсеткен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті Аристотель мемлекеттік тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізі деп санаған: «Кез келген мемлекеттік құрылыста ең бастысы – бұл заңдар және қалған тәртіп арқылы істі лауазымды адамның пайда таба алмайтындай етіп құру керек». Кейіннен Гегель былай деп атап көрсетті: «Афинада әрбір азаматтың қандай қаражатқа өмір сүретіні жөнінде есеп беруге міндеттейтін заң болған, ал қазіргі кезде бұнда ешкімнің шаруасы болмауы тиіс дейді».
Италия ойшылы мен саясаткері Н. Макиавелли (1469-1527 жж.) еңбектерінде сыбайлас жемқорлықты пайымдауға маңызды серпін берілген. Өзінің «Билеуші» атты еңбегінде (1513 ж.) ол сыбайлас жемқорлықты «жария мүмкіндіктерді жеке басының мүддесіне қарай пайдалану» ретінде анықтады, сыбайлас жемқорлықты алдын ала қиын анықталатын, бірақ жеңіл емделетін, ал ол асқынып кеткенде, анықталуы оңай, бірақ емделуі қиын аурумен салыстырған.
Ағылшын мемлекеттік қайраткері және философы Т. Гоббс (1588– 1679 жж.) «Левиафан» атты еңбегінде (1651 ж.) былай деп жазады: «Өз байлығына былыққан адамдар қылмыстарды батыл жасай береді, себебі олар мемлекеттік әділетпен сыбайласу арқылы жазадан қашып құтыламын немесе ақшаға не басқа да сыйақы түрімен кешірім аламын деп үміттенеді». Гоббс бойынша сыбайлас жемқорлық «барлық уақытта да және кез келген қызықтырып азғындау кезінде барлық заңдарға деген жек көрушілік туындайтын тамыр». XVII ғасырдың ортасында жасалған осы тұжырым ХХІ ғасырда да өзекті болмақ. Неміс философы М. Вебер (1864-1920 жж.) сыбайлас жемқорлық туралы ұғымның дамуына өз үлесін қосты. «Саясат міндет және кәсіп ретінде» (1919 ж.) еңбегінде ғалым саясаттан өзінің кәсібін және міндетін жасаудың екі тәсілін бөліп көрсетті: «не саясат «үшін» өмір сүру, не саясат «есебінен» өмір сүру... Саясат «есебінен» кәсіп ретінде оны тұрақты табыс көзіне айналдыру тырысатындар, ал саясат «үшін» өзге мақсатты көздейтіндер өмір сүреді» . Вебер парақорлық пен сыбайлас жемқорлық орта ғасыр қоғамына тән әкімшілік аппараттың ажырамас қасиеті деп санады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы алғашқы ескертулерді тарихшылар біздің эрамызға дейінгі XXIV ғасырға – шенеуніктердің тарапынан асыра сілтеушіліктің жолын кесу мен сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттер үшін жауапкершілік белгілейтін мемлекеттік аппарат реформасын ұйымдастырған шумер билеушісі Урукагиннің уақытына жатқызылады. Осылайша, шамамен төрт мыңжылдық бұрын Ежелгі Вавилонда парақорлық үшін жауапкершіліктің болғанын Хаммурапи патшаның заңдары, сондай-ақ египет фараондарының заңдары көрсетеді.