Алаш айнасы. 2010. №194. 9 қараша Сұхбаттасқан



Дата15.09.2017
өлшемі215,91 Kb.
#32967
Алаш айнасы. – 2010. - №194. – 9 қараша

Сұхбаттасқан Айбын БАҚЫТҰЛЫ
Ауыл шаруашылығы мамандығын оқыту құқы үш оқу орнында қалса жеткілікті

Ветеринария ғылымының докторы, профессор Айтбай Бұлашевпен сұхбат.

Алашқа айтар датым...

Ауылшаруашылық мамандықтарын қазір елімізде 23 оқу орны даярлайды екен. Соның үшеуі ғана бейімді. Қалған 20-сы аймақтық, тіпті классикалық үлгідегі университеттер. Бұл – сол ауылшаруашылық мамандықтарына бөлінетін азын аулақ білім гранттарын талан-таражға салу деген сөз. Мысалы, еліміздегі орманның аумағы – 4-ақ пайыз. Ал орман шаруашылығы мамандықтарын 10 ЖОО дайындап жатыр. Яғни осы мамандыққа арналған гранттар 10-ға бөлінгендіктен, кейбір оқу орындары екі-үш студенттен ғана оқытып жүр. Сонда ол жерде қандай оқу сапасы болады? Сондықтан ауылшаруашылығы мамандығын оқыту құқы материалдық-техникалық базасы, ғылыми әлеуеті бар екі, асып кетсе үш оқу орнында қалса, біздің Қазақстанға жетіп жатыр.
- Құрметті Айтбай Қабыкешұлы, ұстаздық пен ғылымды, басқару ісін бірдей ұстап жүрген адам ретінде отандық ғылымның бүгінгі деңгейі туралы не айтар едіңіз? Ғылымның бүгінгі басты проблемасы неде? Әлқиссаны осыдан бастасаңыз...

- Әрбір елдің ғылымының деңгейі ғылым зерттеу жұмыстарына бөлінетін қаржы көлеміне тікелей байланысты болып келетінің ешкім жоққа шығармас. Кейінгі он жылда республикамыздың ғылымға бағытталған шығыны бес есе өсіп, жалпы ішкі өнімінің 0,26 пайызын құрап отыр. Ал экономикасы жақсы дамыған елдерде бұл көрсеткіш - орташа есеппен алғанда 3 пайыз көлемінде. Бір шекпеннен шыққан көрші Ресейдің өзінде ғылыми жұмыстарға ЖІӨ-нің 1,2 пайызын жұмсап келеді. Шетелдік сарапшылардың пайымдауынша, егер ғылымға бөлінетін қаржы мөлшері ЖІӨ-нің 1 пайызынан аспаса, онда мұндай мемлекеттің ғылымын жауып қоюға болады екен. Міне, сондықтан да қазіргі кезде бізді ғылымымыздың деңгейі емес, оның тағдыры көбірек мазалайтыны шындық. Осыған орай, қиын-қыстау кезеңді еңсеріп, экономикасы дамып келе жатқан мемлекетіміз ғылым саласын қаржыландыруды күшейтпек. Айталық, 2014 жылы ғылымды дамытуға ЖІӨ-нің - 1 пайызы, ал 2020 жылға қарай 2 пайызы жұмсалмақ. Айта кететін бір мәселе - бұл межеге жету жолында әлемдік дағдарысқа сілтейтіндей ешқандай сылтау болмауы керек. Алпауыт мемлекеттер, керісінше, ғылымды дағдарыстан алып шығатын бірегей сала ретінде қарастырып, қиын қыстау кезде оған қомақты қаржы бөле бастайды.

Отандық ғылымның екінші бір проблемасы - университеттер мен ғылыми зерттеу институттарының (ҒЗИ) арасында әлі де болса тығыз ынтымақтастықтың жоқтығы. Еліміздің ғылыми әлеуетінің жоғары оқу орындарында шоғырланғанына қарамастан, ғылымға бөлінген қаржының дені ҒЗИ-лардың үлесіне тиіп жатыр. Бұл жағдай ЖОО-лардың білім сапасына, ҒЗИ-дың ғылымға бейімі бар жастарды іріктеп алуына кері әсер етуде. Бірақ бұл түйткілдің болашақта шешілетіні анық. Өйткені, «Ғылым туралы» заңның жобасында осы мәселе ескерілді. Атап айтсақ, болашақта құрамында бірнеше ғылыми зерттеу институты бар зерттеу университеттері құрылмақ. Олар ғылымның басыңқы бағыттары бойынша жетекші ұжым рөлін атқаратын болады. Сонымен қатар мұндай мекемелерге дайын ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу мақсатында инновациялық кәсіпорындар ұйымдастыруға құқық берілмек.

Бұдан басқа, қазіргі кезде ғылымымыздың дамуына қолбайлау болып отырған бірнеше проблемалар, айталық, ғылыми жобалардың іріктелу кезінде көптеген сатыдан өтуі, олардың «Мемлекеттік сатып алу» Заңы бойынша қаржыландырылуы, ғылыми мекемелердің коммуналдық-шаруашылық шығындарының гранттар есебінен өтелуі тағы басқа түйткілдер жаңа заңымыз күшіне енгеннен кейін келмеске кетеді деген үміттеміз.



- Ғылымға қазір жастар мүлде келмей жатыр деп жүрміз. Аграрлық университеттегі жағдай қандай? Жалпы, жастардың ғылымға, оның ішінде аграрлық, салаға келуі үшін не істеу керек деп ойлайсыз? Нақты бір ұсыныстарыңыз бар ма?

- Ғылыми кадрларды даярлаудың классикалық жүйесінің, яғни аспирантура мен докторантураның тоқтатылуына дейін жастардың ғылымға ұмтылысын тежейтін негізгі себеп ғылыми педагогикалық кадрлардың жалақыларының төмендігі болатын. Ал қазіргі кезде жастардың ғылыммен шұғылдануына магистратура мен докторантураға бөлінетін мемлекеттік гранттардың мардымсыз саны да қосылып отыр. Дегенмен біз қол қусырып отырмай, университетіміздің бюджеттен тыс қаржылары есебінен магистрлар мен философия докторларын өз күшімізбен және шетелдік жоғары оқу орындарымен жасасқан келісімдер негізінде даярлап жатырмыз. Жастардың ғылымға бет бұрысы үшін керекті жағдайлар «Ғылым туралы» заңның жобасында көрініс тауып отыр. Айталық, заң бекітілгеннен кейін зерттеу жұмыстарымен белсене шұғылданып жүрген қызметкер ұтып алған ғылыми гранттары есебінен және мекеменің мақсатты бағдарламаларын орындау арқылы негізгі жалақысын еселей алатын болады. Белсенді зерттеушінің бірнеше ғылыми жобалары болуы мүмкін. Ал идеясы жоқ қызметкер негізгі айлығын алып жүре береді. Яғни ғалымның жобалары Ұлттық ғылыми кеңестің қолдауын тауып, қаржыланып жатса, оның академиялық ортада беделі де, алатын жалақысы да өсе түспек.



- Ауыл шаруашылығы - ел экономиикасының аса маңызды бұтақтарының бірі. Ал қандай шаруашылық болсын ғылымсыз өрге баспайтыны анық. Осы орайда, еліміздің астықты өңірінде орналасқан аграрлық университеттің ғылыми ұжымы бұл салаға қаншалық үлес қосып отыр? Өсімдік шаруашылығы мен жер өңдеу, мал тұқымдарын асылдандыру, мал ауруларының алдын алу бағыттарына жеке-жеке тоқталсаңыз.

- Біздің ғалымдарымыз бруцеллез, туберкулез, лептоспироз, сібір жарасы және құс тұмауы секілді адам мен малға ортақ жұқпалы ауруларды дер кезінде және үлкен дәлдікпен анықтай алатын әдістерді әзірлеп, өндіріске ұсынып отыр. Жүргізген өндірістік сынақтар бұл диагностикумдардың шетелдік үлгілерімен салыстырғанда артықшылықтары бар екендігін көрсетті.

Сонымен қатар университет зертханаларында жел мен күннің қуатын энергия көзі ретінде тиімді қолдануға мүмкіндік беретін қондырғылар жасалып жатса, агрономдарымыз шаруашылықтарға бидайдың жаңа «Бәйтерек» сұрыпын ұсынып отыр. Аталмыш сұрып аудандастырылған жаздық жұмсақ бидайлармен салыстырғанда, әрбір гектардан төрт-бес центнерден артық өнім береді. Егіс алқабын өңдеу кезінде бір мезгілде минералды тыңайтқыштарды топыраққа сіңдіре алатын арнайы машинаның тәжірибелік үлгісі құрастырылды. Бұл техниканың мәні мынада: Бізде солтүстік аймақтарда бір егіс алқабының көлемі, негізінен, 400 гектардан бөлінген. Агрономның тапсырмасы бойын­ша тыңайтқыш сол алқаптың, мысалы, әр гектарына 200 келіден есептеліп, бірыңғай себіліп шығады. Бұл - ескі технологиялық әдіс. Мұнда сол 400 гектарлық егіс алқабының топырак құрамы, оның құнары бірдей ме, жоқ әлде алашабыр әркелкі ме, ол жағы ескерілмейді. Ал жаңа технология бойынша қазір Еуропада талғап тыңайту әдісі қолданылып жүр. Яғни алқаптың қай жерінде топырақ тыңайтқышты қаншалық қажет ететіні сараланып. соған сай ғана мөлшерде тыңайтылады. Мұндай технология топырақтың құнарсыздануы мен шамадан тыс тыңайтылуы салдарынан улануының алдын алады. Бізде құрастырылған машина - осы технологияға негізделіп жасалған кешенді техника. Ол егіс алқабын тыңайтуды, былайша айтқанда, ақылмен жүргізеді. Яғни жүріп келе жатып, қай жерге қаншалық тыңайтқыш қажеттігін анықтап, соған сай ғана мөлшерде тыңайтып отырады. Бұл - бір өзі бірнеше ғылыми әзірленім патенттерін алған үлкен кешенді техника.

Ал мал шаруашылығына келетін болсақ, әріптестеріміз Солтүстік Қазақстанның табиғи жағдайларына бейімделген қара ала сиырдың қазақи типін, сонымен қатар қойдың жергілікті етті-майлы-жүнді түрлерін шығарды.



- Білуімізше, сіз биотехнология саласының маманысыз. Ал био­технология бүгінде жетекші демесек те, әлемдік ғылыми-техникалық дамудың маңызды буынына айналып отыр. Біздегі жағдай қандай? Био­технология саласында мынау біздің жаңалығымыз деп айта алатындай жобалар бар ма?

- Иә, биотехнология еліміздің бес басыңқы ғылыми бағыттарының бірі болып табылады. Әлемдік деңгейде дайындалған әзірлемелер де жоқ емес. Олардың қатарына тауық тұмауына қарсы екпені (вакцина), ісік жасушаларын талқандайтын және қан аздығын (анемияны) жоятын дәрі-дәрмектерді, мұнай өнімдерімен ластанған топырақты және ауыр металдары бар ағын суларды тазартатын микроорганизмдердің түрлерін, жараларды, күйікті және үсікті емдеуге арналған препараттарды, топырақта азоттың мәлшерін көбейтетін «нитрагин» атты тыңайтқыш секілді көптеген ғылыми жетістіктерімізді жатқызуға болады.



- Өзіңіз А.Бараев атындағы мемлекеттік сыйақының лауреаты екенсіз. Осы сыйлыққа негіз болған еңбегіңіз жайлы айтып өтсеңіз?

- Академик А.Бараев атындағы мемлекеттік сыйлық маған және менің шәкірітеріме заманауи биотехнологияның жетістіктерін қолдана отырып, туберкулезге шалдыққан малды дер кезінде және дәлірек анықтай алатын жаңа тәсілді әзірлеп, зертханалық қолданысқа усынғанымыз үшін берілген болатын. Қазіргі кезде бұл тәсіл медицина дәрігерлерінің де назарына ілігіп, тиісті сынақтардан өтіп жатыр.



- Ол қандай тәсіл екенін де айта кетсеңіз? Ауылдағы Алаш баласы біле жүрсін.

- Бізде мал туберкулезі теріге арнайы дәрі егу арқылы анықталады. Мұны «аллер­гиялық әдіс» дейміз. Егер малда туберкулез бар болса, әлгі еккен дәрінің әсерінен теріде қабыну пайда болады. Осындай белгі шыққан мал туберкулезге шалдыққан деп танылып, пышаққа ілінетін. Бірақ бұл әдістің туберкулезді анықтаудағы дәлдігі мал дәрігерлерінің көңілінен шықпай отыр. Әйткені терінің қабынуын көптеген басқа себептер де тудыра алатынын ғылым дәлелдеген болатын. Міне, сондықтан қаншама мал басы жазықсыз шығынға кетіп жатыр десеңші! Ал мына біздің жаңа әдіс «иммунды фермент талдауы» деп аталатын заманауи сезімтал тәсілге негізделген. Ол былай жүзеге асады: малдан қан алынып, оның құрамында туберкулезге қарсы антиденелердің бар-жоғы, яғни малдың ауру немесе сау екендігі, зертханада анықталады. Мүндай әдістің дәлдігі ете жоғары болғандықтан, ол онсыз да аз мал басын кемітуге жол бермейді, яғни «нақақ» туберкулез деп танылып, пышакқа ілінуден сақтайды.



- А. Бараевтың кезінде жаппай тың игерудің салдарынан болған топырақ эрозиясын тоқтатқанын білеміз. Бүгінгі қазақ ғалымдарының ішінен осындай елеулі еңбегі бар кімдерді және қандай , ғылыми еңбектерді атауға болады?

- Қазіргі топырақты эрозиядан қорғау мақсатында no till - қазақша мағынасы «соқасыз» дегенді білдіретін ноутиль технологиясы қолданысқа ене бастады. Бұл әдіс бойынша егістік алқап өңделмейді, сабан және өсімдік қалдықтары жиын-терін кезінде ұсақталып, сол жеpгe шашып тасталынады. Ал тұқым кектемде бірден аңызға себіледі. Бұл технология арнайы қымбат агрегаттарды қажет еткенімен, кейіннен қаржының үнемделуіне әкеледі. Ноутиль технологиясын Қазақстанның құрғақ дала аймағына биімдеу бағытында ғылыми зерттеулерді ғалымдар жүргізіп келеді.



- Ал енді оқу ісі мен тәжірибенің ұштасуы қалай болып жатыр? Аграрлық мамандарды даярлайтын оқу орны болғасын, студенттердің ауылшаруашылық кәсіпорындарында тәжірибеден өтуі аса маңызды ғой.

- Иә, бұл - өзекті мәселелердің бірі. 90-жылдары қай оқу орнына болсын студенттерін өндірістік тәжірибеден өткізуге жағдайлары бар мекеме табу оңайға соқпайтын. Қазір экономика көтеріліп, ірі шаруашылықтардың пайда болуымен бірге, студенттерімізді өндірістік тәжірибеден өткізу мүмкіндігі де кеңейіп қалды. Кейбір ірі ауылшаруашылық нысандары өздері сұратып жатады. Бірақ ондай ірі компаниялардың қатары әлі де болса тым аз. Соған қарамастан осындай өз аяғынан тұрып, алға ұмтылып келе жатқан ауылшаруашылық кешендермен арада келісім-шарттар жасауды қолға алдық. Соның нәтижесінде соңғы төрт-бес жылдың көлемінде өндірістік тәжірибемен толық қамтып отырмыз. Дегенмен біртүйткіл бар. Ол жаңа технологияларды қолданысқа енгізген шаруашылықтар мен кәсіпорындардың аздығы болып отыр. Сол себептен әлі де болса студенттеріміздің бәрі өндірістік тәжірибеден заман талабына сай өтіп жүр деп айта алмаймыз.



- Ал енді жүмыспен қамтылудеңгейі ше?

- Бұл жағынан кейіңгі кездері 65-68 пайызта жеттік. Бұл - өте жоғары көрсеткіш. Оған біз жұмыс беруші, студент және уни­верситет арасында жасалатын үшжақты келісімшарттардың нәтижесінде келіп отырмыз.



- Демек, студенттеріңіз ауылдық жерлерге барып жатыр ғой?

- Иә, бұрын ауылға баратын студенттеріміздің саны 30 пайыздан аспайтын. Осы жерде мына мәселеге де назар аударсам деймін. Бізде «Дипломмен ауылға!» деген жоба бар емес пе?! Идеясы, мақсаты жақсы жоба. Бірақ сол жоба аясында ауылшаруашылық мамандықтары бойынша диплом алған түлектерді ауылға жіберу оңайға соқпай тұр. Өйткені «Агроөнеркәсіп кешенін және ауылдық аймақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңда ауылға барған дәрігерлерді, мұғалімдерді қолдау шаралары қарастырылған. Бірақ ең қызығы - ауылшаруашылық мамандары ескерілмеген. Ал ауылдың тірегі - ауыл маманы ғой. Ауылға баратындар - бірінші кезекте осылар. Агроном да, мал дәрігері де, зоотехнигің де - ауылдың мамандары. Осылар болмаса, ауыл кайдан болады? Біз осы мәселені ескеріп, заңды толықтыру бойынша ұсынысымызды Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы бердік. Заңға сол ұсыныс кіретін шығар деген үміттеміз.

Сосын ЖОО бітірген түлектердің ауылға бармауының тағы бір сыры бар.

- Иә, ол қандай сыр?



- Қазір ауыл шаруашылығы мамандығын оқитындардың ішінде қала балаларының үлесі өсіп келеді. Ал ауыл баласының өзі ауылға әзер қайтып жатқанда, кала баласы тіпті бармайтыны анық. Жағдайдың бұлай қалыптасуының себебі оқуға түсер кездегі конкурстық ережеде жатыр. Өздеріңіз білесіздер, оқуға тапсырарда талапкер төрт мамандық таңдайды. Біріншісі - негізгі таңдауы, калғандары - косалқы, яғни біріншісіне ілікпесе, екіншісіне, одан қалса, кейінгісіне дегендей. Бұрынғы ереже бойынша негізгі таңдауына түсе алмаған бала келесі мамандыққа орын қалса ғана конкурсқа қатысатын. Ал енді 2007 жылдан бері конкурс біреу ғана. Соның нәтижесінде негізгі мамандығына өтпеген қала баласы, балы жоғары болса, келесі мамандығына (ауыл шаруашылығы болса) өтіп, ауыл баласын ысырып тастайтын болды. Өйткені қанша дегенмен, ауылға қарағанда, қала баласының білім деңгейі жоғары болып келеді. Міне, осыдан келіп, қаламаған мамандығы болса да, «әйтеуір, оқуға іліксем болды» деген өзін-өзі жұбатумен ауыл шаруашылығы мамандығына түсіп жатқан қаланың жастары көбейіп барады.

- Университеттеріңіз «Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды» деген Алаш арысы Сәкен Сейфуллиннің атын иеленіп отыр. Іс-қағаздарыңыз қай тілде?

- Іс номенклатурасы екі тілде. Ал өндірістік және қызметкерлер құрамы бойынша бұйрықтар тек мемлекеттік тілде жасалады. Ғылыми кеңесіміздің отырыстары, әртүрлі жиналыстар, кездесулер, лездемелер екі тілде жүргізіледі. Осыған орай, хаттамалар қатысушылардың сөйлеген тілінде жазылады. Баяндамаларды дайындауда, оларды талқылау кезінде қазақ тілі кейінгі жылдары үстемдік көрсете бастады. Қандастарымыз, оларға еліктеп кейбір орыс тілді оқытушыларымыз да университет басшыларына қызметтік хаттарын, өтініштерін мемлекеттік тілде жазады. Университет тарапынан берілетін сертификаттар, анықтамалар тек мем-лекеттік тілде рәсімделінеді. Ректорат мүшелері жұмыскерлерімізді қабылдауды мемлекеттік тілде жүргізеді, ал басқа ұлт өкілдері өтініш білдірген тілде қабылданады. Бүтінгі күні қазақ тілінде дайындалған шығыс хаттарымыздың үлесі 70 пайызға жетіп отыр. Бұл көрсеткіштің өсуін тежеп отырған мәселе - сырттан келген хаттардың ішінде, әлі де болса, ресми тілде жазылатын хаттардың көптігі. Дегенмен, кейінгі кезде біз орысша түскен хаттарға да, мемлекеттік тілде жауап бере бастадық. Заңды бұзды деп ешкім айтпау үшін ресми хатымызға оның орыс тіліне аударылған мәтінін әзірше тіркеп қойып жүрміз. Былтыр университетіміз Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған шарада «Мемлекеттік тілде іс жүргізуші үздік мекеме» номинациясын жеңіп алды.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет