Алаш аманаты және біз



Дата09.01.2023
өлшемі16,24 Kb.
#165185
Байланысты:
Эссе


Алаш аманаты және біз

Қазақтың жалпақ тілінде «аманат» деген ұғым бар. «Аманат» ұғымы бір адамның екінші адамға сеніп тапсырған мүлік-заты немесе қоғамдық қатынастар барысында өте терең маңызға ие тарихи-әлеуметтік оқиға. Бұрынғы ата-бабаларымыз аманат ұғымының астарында сарқылмас сауап пен тарқамас жақсылық жатқанын жақсы білген. Тіптен шариғатта ер азаматқа мал-мүлкі, бала-шағасы оған аманат делінген. Сондықтан да аталарымыз «аманатқа қиянат жүрмейді» дейтін бұлжымас қағиданы өз өмірлеріне темірқазық етіп ұстанған. Менің ойымша, бұл тақырыптың өзектілігі осыда. Ең үлкен аманат – елінің біртуар азаматтары бес арыстардың, үш бәйтеректердің, қазақ үшін жаны оқ құшқан талай боздақтардың аманаты. Олар енді бізден не күтеді? Аманат бұйымтайы қандай?


«Алты Алаш» сөзі ел, халық сөздерімен астасып, тулы елдің тұғырлы түсінігіне айналды. «Алаш арыстары», «Алаш қайраткерлері» дегенде ұлттың болашағын ойлаған ұлтжанды, елдің ертеңін ойлаған елжанды тұлғалардың мұрасы – құнды қазына ойға оралады. Олай болса, олардың идеясын, бағалы да маңызды еңбектерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу жауапкершілігі өте жоғары болуы керек.
Алаш қайраткерлерінің бағалы мұраларын жан-жақты зерттеп, болашаққа аманаттау – уақыт тұрғысынан да, жаһандық даму үдерісі тұрғысынан да аса маңызды міндет. Біріншіден, көкірегі ояу, ойы озық жан дүниенің байлығынан рухани қазынаны жоғары қояды. Абай қырық үшінші қара сөзінде «Ақыл, ғылым – бұлар кәсіби. Көзбенен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады» деп, рухани қажеттілік сипатын ашқан.
Екіншіден, ғылымның кәсіби арнасын тапқан жан осы ғажайыпты өзгелерге жеткізуді мақсат еткені дұрыс. Үшіншіден, ағартушы сипаттағы Ыбырай, Абай, «қараңғылықты серпілтетін күн болуға» ұмтылған Сұлтанмахмұт, ел болашағын ойлаған алашорда арыстары – Әлихан, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек және басқалардың еңбегі – теңдессіз ерлік және қандай кезде жасалған десеңізші! Ерлік болатыны – алаш тағдырын алапат апаттан аман алып қалу жолын іздеуі, өркениеттің даму көзін ғылым мен білім биігінен көре білуі. Бұл – кемеңгерлік пен даналық өлшемі.
Аманатқа адалдық, адами жауапкершілікті міндеттейтіні – Алаш қайраткерлерінің еңбегі рухани зор арна екендігінде! Ол Алашорда арыстары мұраларымен шектелмей, қазақ елінің ғылыми биігін биіктетуге үлес қосқан ұлтжанды тұлғалардың ізденістері, шығармашылықтарымен еселене түсті. Бүгінгі күнде уақытпен оралып, рухани жаңғыру кезеңіне мазмұны үйлескен бағалы пікір – Орынборда өткен жиында көтерілген мәселелер. Осы жиын көтерген әліпби, жазу ережелері тақырыптары бүгінгі күнде де өміршеңдігін танытты, тәуелсіз елдің әліпбиін қабылдауда ескеріліп, негіз болды, маңызды рөл атқарды. Демек, Алаш қайраткерлерінің еңбектері – болашаққа батыл қадам, берік бағдар.
Қазір сіз бен біз аманаттың қадірін түсінбей, білмей жүргеніміз болмаса бұрынғылар аманаттың алдында арын да, намысын да, ұятын да, салтын да сатпаған. Аманатқа қылдай қиянат жасамаған. Шындығына осы күні біз ақын Қадыр Мырза Әлі ағамыз айтқандай, «Даланың шыдамтөзімін, Дарытқан бойға алыппыз, Асылын әттең өзінің, Әлі ұқпай жүрген халықпыз...».
Қорытындылай айтарымыз, Алаш қайраткерлері еңбектерін зерттеп қана қоймай, оны алты алаштың аса құнды, өміршең қазынасына айналдыру – алдымызда тұрған аманат пен жауапкершілік. Көзі қарақты жанның парызы кейінгіге құнды мұра қалдыру, жақсыны жария ғып, бардың бағасын ашып ұсыну. Бұны орындау болашақ ұрпақтың берік тәрбиесі мен тұлғалық тұғырын нығайта түспек. Бұл – әр адамға қойылған заманауи талап, қоғамның әр мүшесі адами борыш ретінде атқаратын жауапкершілік. Себебі рухани қазына мұрағаты молайған сайын ұлт құндылықтарын, әр ұлт тұлғасының мұрасын дәріптеу алдыңғы орында тұруы керек. Олай болса, аманатқа адалдық пен зияткерге тән жауапкершілік үлгісін көрсетуге ден қою – қоғам міндеті. Сіз осы үдерістен тыс қала аласыз ба?

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет