Алаш партиясы



бет2/4
Дата08.07.2018
өлшемі0,51 Mb.
#48341
1   2   3   4

КҮРЕС ПЕН ҒЫЛЫМ

Омбы техникалық училищесін аяқтаған Әлихан сол кездері жұрт жапа-тармағай ұмтылатын заңгер немесе әскери кәсіпті таңдамай, Санкт-Петербургтегі Орман институтына түсіп, ормантанушы-ғалым дипломын алып шықты. Кейіннен Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне төтенше емтихан тапсырып, заңгер дипломына да ие болды.

Міне, осылайша Әлихан Бөкейхан Дала өлкесі – Қазақстанның халық шаруашылығы бойынша сарапшы маман, ірі ғалымға айналды. Сондай-ақ экономист, тарихшы, этнограф, әдебиетанушы ретінде танылды. Қазақ егіншілігі мен мал шаруашылығы, соның ішінде қазақтың сиыр, қой және жылқы шаруашылығы туралы іргелі зерттеулер жариялады. Қазақ тарихы, этнографиясы, әдебиеті мен фольклоры туралы жүздеген мақалалар жазып, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» секілді халық ауыз әдебиетінің бірнеше үлгілерін жинақтып, баспа бетіне шығарды.

Ол ғылыми атаққа да, ғылыми дәрежеге де ұмтылмады, өйткені негізгі күш-жігерін саяси күреске жұмсады. Кейде ғылыми жұмыстарын еріксіз саяси күрес барысында жазуға тура келді. Академик Әлкей Марғұланның естеліктерінде, Алаш көсемінің 1925-1927 жылдар аралығында Ленинград мемлекеттік университетінің профессоры болғандығы айтылады.

Қазақ жерінің отарлануы мен байырғы жер иесі – қазақ халқына сол кездің өзінде тиіп отырған және алда да тигізе беретін аса ауыр зардаптары туралы бірқатар ірі еңбектері Әлихан Бөкейханның алға қойған мұратының жарқын мысалдары бола алады. Әлихан Бөкейхан бұл зерттеулерді Семей түрмесінде сегіз ай отырған кезінде де жазған еді.

«Қазақтың суармалы егістік жерлерінің алынуы», «Дала өлкесінің түкпірлеріндегі орыс қоныстары», «Ақмола облысындағы переселендердің жер үлестері» деп аталатын мақалаларының тақырыптарынан-ақ оның қандай өзекті мәселелерді арқау еткені айқын аңғарылады. Әлихан Бөкейхан бұл мақалаларды басқа жерде емес, отаршыл метрополияның дәл жүрегінде – Петербург қаласында, «Сибирскіе вопросы» журналында жариялады. 1908 жылы, туған жерден жырақта, бостандықтықтың дәмін татар-татпастан-ақ Самараға айдалып кетті.



САЯСАТКЕР-РЕАЛИСТ

Әлихан Бөкейхан кезіндегі құдыретті Қазақ хандығының бірлігі мен күш-қуатынан айырылып, отарлық тәуелділікке қалай түскенін егжей-тегжейлі зерделеп шықты.

Ол қазақ хандары мен сұлтандарының, ру көсемдері мен билерінің Ресей империясы өкілдерімен жазысқан хаттарын зерттей келе кейбірін газеттер мен арнайы жинақтарда жариялады. Сондай-ақ даланың тағы бір көшпелі элитасы – Кенесары хан бастаған қарулы көтеріліс туралы ел ауызындағы аңыз-әңгімелерді жинақтады. Әлихан Бөкейхан осы ізденістердің арқасында бірнеше келелі тұжырымдар жасап, ой қорытты.

Қазақтың бірлігі мен тәуелсіздігін сақтай алмауының ең басты себебін ол ел тізгінін ұстағандардың, тіпті ең қатерлі кездің өзінде, яғни жоңғар шапқыншылығы кезінде де ел ішінде ауызбірлік орната алмауынан көреді.



Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан шығарған "Иртышъ" пен "Омичъ" газеттері.

«Бұрынғы билеушілердің көпшілігі, – деп жазады Әлихан Бөкейхан, – күш-қуатының барлығын өзара талас-тартыс пен қырқысқа сарп етті» (Түрік баласы. Қазақтың тарихы. «Қазақ», 1913, № 2.).

Алып Ресей империясымен алысып, байырғы тәуелсіздікті қарулы көтеріліспен қалпына келтіру мүмкін емес деп тұжырған Әлихан Бөкейхан «бұл жолды халықтың жаппай қолдауы да неғайбыл, Кенесары көтерілісінің жеңіліске ұшырауы – соның бір көрінісі» деп есептеді.

Алаш жетекшісі отаршыл империяны саяси тұрғыдан реформалап, федеративтік демократиялы мемлекетке айналдыру арқылы ғана қазақтың әуелі өзін-өзі билеп, кейін толық тәуелсіздікке қол жеткізуіне болады деп санады.

Ол мұның ұзақ та азапты жол болса да, ең дұрыс жол екенін көре білді. Сондықтан да 1905 жылы «Халық бостандығы» немесе Конституциялық-демократиялық партияның (кадет партиясы) Ақмола облыстық және Омбы қалалық комитеттерінің ұйымдастырушылары мен жетекшілерінің бірі болды.

Партия 1905 жылы 23 сәуір мен 17 қазандағы манифестердің аралығында дүниеге келді, бірақ аз уақытта-ақ Ресейдегі ең ірі әрі аса танымал оппозициялық ұйымға айналды. Кадеттердің бағдарламасы мен алға қойған мақсат-міндеттері қазақ халқының арман-тілегіне сай келді. Бұл партия «адамның жеке басына қол сұқпаушылықты; ұлтына, діни сеніміне, тегі мен жынысына қарамастан азаматтардың теңдігі мен бостандығын қамтамасыз етуді; халық өкілдіктеріне де, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына да жалпыға бірдей, тең, төте және құпия сайлау құқығын жүзеге асыруды; жер реформасын заңнамалық тұрғыдан шешуді, ұлттық талаптарды әділ орындауды» талап етті.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет