Алаш партиясы
21.11.2014
Алаш партиясы — қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық партиясы (1917 — 20). 20 ғ-дағы қазақ тарихында терең із қалдырған А.п-ның өмірге келуі, біріншіден, қазақ елінің қоғамдық дамуының жаңа экон., саяси және рухани негізде қайта құру қажеттілігінің пісіп жетілгендігін, екіншіден, Ресей империясының Қазақстанда орнатқан отарлық басқару жүйесінің терең дағдарысқа ұшырағандығын көрсетті.
Қазақ зиялылары қоғамдық сұранысқа сай партия құру әрекетін бірінші орыс революциясы жылдарында (1905 — 07) қолға алды. 1905 жылғы 6 тамыздағы Мемл. Дума құру жөніндегі патша манифесі басқа ұлттармен бірге қазақ еліне де депутат сайлау құқын берді. Сайлау науқанына араласқан қазақ зиялылары отарлық тәуелділіктегі қазақ халқының мүддесі тұрғысынан қоғамдық үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, депутат сайлап, оған аманат тапсыру ісіне мұрындық болатын саяси ұйымның қажеттігін айқын аңғарды. 1905 жылдың соңына қарай Орал қ-нда өткен қазақ облыстары өкілдерінің съезі “Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын” құру туралы шешім қабылдады. 9 адамнан тұрған оның ОК мен бағдарламасы жөніндегі хабар “Фикер” (Пікір) газетінде жарияланды (1905, 25 желтоқсан, №5).
1906 ж. 10 маусымда Семей қ-нда Мемл. Думаға қазақтардан депутат сайлау үшін өкілдер жиналысы өтіп, Ә.Бөкейханов жиналғандарды “Халық еркіндігі” (кадеттер) партиясының бағдарламасымен таныстырып, жиналыс оған қатысқандардың аталған партияға қосылатындығы жөнінде қаулы қабылдады (“Семипалатинский листок”, 1906, 13 маусым). Саяси күрес жолына енді ғана түсе бастаған қазақ зиялыларының осы кезеңдегі саяси-әлеум. бағдары, белгілі дәрежеде, ресейлік радикалдық-бурж. партия — кадеттердің қызметімен ұштасты. Бірақ осы кезеңдегі қазақ кадеттерінің өмірде ұстанған мұраттары орыс кадеттерінің бағдарламасынан мүлдем өзгеше еді. Қазақ кадеттерінің бағдарламасында төмендегідей талаптар қойылды: қазақ жерін бүтіндей қазақ елінің меншігі етіп жариялайтын Заң қабылдау, ішкі Ресейден көшіп келушілердің легіне тежеу қою, қазақ жұмысшыларына еркіндік, теңдік беру, олардың мүддесін қорғайтын заңдар шығару, қазақ балалары үшін мектеп, медресе, ун-ттер ашу т.б. (“Фикер”, 1905, 25 желтоқсан №5). 1905 ж. жазда өмірге келген Қарқаралы хұзырхатының (петициясының) да талаптары осы мазмұндас болды. Отарлық езгіге қарсы жалпыұлттық бас көтеру толқынында пайда болған бұл алғашқы әрекеттер саяси партия құрумен аяқталған жоқ, өйткені оған қажетті алғы шарттар қалыптаса қоймаған болатын.
Қазақ зиялылары тарапынан жалпыұлттық саяси партия құру әрекеті 1913 ж. тағы да бой көрсетті. М.Сералин бастаған “Айқап”журналы төңірегіне топтасқан зиялылар ең өзекті қоғамдық мәселелерді талқылап, белгілі бір бағдарламалық тұжырымдарға келу үшін жалпықазақ съезін шақыру жөнінде бастама көтерді. Бірақ қазақ даласында орнаған қатаң әскери-отарлық тәртіппен есептесуге мәжбүр болған Бөкейханов бастаған топ мұндай әрекеттерге көшуге үзілді-кесілді қарсы шықты. Саяси партия құру үшін қажетті алғышарттар тек 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін ғана қалыптасты. Алғашқы жалпықазақ съезін өткізу үшін “ Қазақ ” газеті жанынан құрылған ұйымдастыру бюросы күн тәртібіне “Қазақ саяси партиясын жасау мәселесін” ұсынып, оған мынадай негіз келтірді: “Ресейде осы күнде түрлі саяси партиялар бар. Олардың көздеген мақсаттары программасында жазылған. Оны білетін адамдарға мағлұм: қай партияның да болса программасы түп-түгел қазақ мақсаттарына үйлеспейді. Сондықтан біздің қазақ мақсаттарын түгел көздейтін өз алдына партия жасалмайынша болмайды” (“Қазақ”, 1917, №234). 1917 жылғы 21-26 шілде аралығында Орынбор қ-нда өткен жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы мәселе қарап, мынадай шешім қабылдайды: “Қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуды тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съезд “Шора-и исламға” сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізі демократиялық федеративтік парламенттік республикаға құрылмақ...”. Съездің соңғы күні жаңа қалыптаса бастаған партияның басшысы Бөкейханов россиялық кадеттер партиясынан мүшеліктен шығатынын және оның себептерін мәлімдеді. Партияның ұйымдық тұрғыдан құрылуы күзге, яғни бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттар сайлау науқанына тұстас келді. “Қазақ” газеті (1917, №244) өзінің бас мақаласында партияның атын “Алаш” қойып, оған тілектестерді Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар тізімін осы партияның атынан жасауды ұсынды. Сонымен бір мезгілде “Қазақ” басқармасынан барлық облыстардағы Қазақ к-ттеріне қазақ саяси партиясының атын “Алаш” қою туралы жеделхаттар жіберілді.
А.п-ның обл. ұйымдары 1917 жылдың қазан айынан қалыптаса бастады. Бөкейхановтың тікелей ұйымдастыруымен және басшылығымен шамамен қазанның 12-20 аралығында партияның обл. ұйымдары алдымен Семейде, кейін Омбыда, ал қарашаның 10-на қарай Орынборда ашылды. Семей обл. партия к-тінің төрағасы болып Халел Ғаббасов, Омбы обкомының төрағасы болып Айдархан Тұрлыбаев, ал Торғай обкомының төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. Партияның арнайы съезін шақырып, басқару орындарын сайлауға, жарғысы мен бағдарламасын бекітуге уақыттың қолайлы жағдайдың болмауынан Орт. к-т құрылмады. 1-жалпықазақ съезі Бүкілресейлік Құрылтай жиналысында депутаттыққа кандидат есебінде тіркелген топ партияның басқарушы ұйтқысы болды.
Партияның бекітуге даярланған жарғысы жөнінде “Қазақ” газеті былай деп жазды: “Алаш” партиясының толық шартнамасы Орынборда жасалатын болды, дайын болғанда жұртқа жария қылынады. Қазіргі шарты — кіндік комитеттің айтқанын екі қылмайтын, бұйырғанын дәл орындайтын, “Алаш” партиясының программасын жақтырып, жөн көрген, программадағы мәселелерді іске айналдыруға тырысатын кісі кіреді. “Алаш” программасынан таймайтын, өтірік айтпайтын, шынынан қайтпайтын, жақындық, туысқандыққа бүйрегі бұрмайтын, дүниелікке қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура кісі осы партияға кіреді. Сыртын берсе іші басқа, тілін берсе жүрегі басқа болатын, сөзіне ісін үйлестірмейтін, “Алаш” жолынан ауып, айтысып-тартысуға жарамайтын, ауырлық келсе бұлт беретін қорқақ, айнымалы мінезі бар кісі “Алаш” партиясына кірмейді. “Алаш” партиясына кіремін деген кісі осы айтылған шарттарды ойлап, толғап, жүрегі қалайтын болса ғана кіруге жөн”. Партияның Орынбор қ-нда Торғай обл. к. ашылғандығы жөнінде хабарында “Қазақ” газеті “А.”п-ның ағзалық жарнасы 1 сом деп көрсетті (1917, №250).
А. п. жарияланған бағдарламасында Ресей мемл-нің демокр., федеративтік респ. болғандығын жақтады.
Бағдарлама бойынша шашыранды қазақ облыстары өз билігі өзінде тұтас бір мемл-ке бірігіп, автон. негізде Ресей Федерациясының құрамына енбек. Әлеум. қатынаста феод. аристократияны шектеу, таптық жіктелу мәселесі қойылған жоқ, керісінше, жалпыұлттық мүдде, ұлттық тұтастық бағытында тұрды. А. п. ғаділдікке жақ, нашарларға жолдас, жебірлерге жау болады. Күш-қуатын игілік жолына жұмсап, жұртты тарқы ету жағына бастайды деп көрсетеді. Салық мәселесі де осы тұрғыдан шешілуге тиіс болды. “Салық мал-ауқат, табысқа қарай байға — байша, кедейге — кедейше ғаділ жолмен салынады, ... бар жұмысшылар заң панасында болады”.
Бағдарламаның антифеод. сипаты “негізгі құқық”, “ғылым-білім үйрету” сияқты тарауларынан байқалады. “Россия республикасында дінге, қанға қарамай, еркек-әйел демей адам баласы тең. Жыйылыс жасауға, қауым ашуға, жария сөйлеуге, газет шығаруға, кітап бастыруға — еркіншілік”, заң орындарының рұқсатынсыз жеке адамдардың табалдырығынан аттап, ешкім тінту жүргізе алмайды, сот сұрап, билік айтылмай ешкім тұтқынға алынбайды т.б.
Қазақ мемлекетінде оқу орындарының есігі кімге де болса ашық және оқу ақысыз болмақ, оқу жалпыға бірдей жайылмақ. Қазақ тілінде орта мектептер, университеттер ашылады, бастауыш сыныптарда сабақ ана тілінде жүреді. Оқу ісі өз алдына автономия түрінде жүргізіледі, үкімет оқу ісіне араласпайды. Мұғалімдер мен профессорлар өзара сайлау арқылы тағайындалады.
Бағдарламадағы ең негізгі мәселе — жер мәселесі болды. Қазақ жері, оның асты-үсті байлығы қазақ елінің меншігі болуға тиіс. Қазақ елінің ықтиярынсыз ішкі Ресейден қоныс аудару тоқтатылады. Жер мәселесіне байланысты заң қабылданып, қазақ алдымен өз жерінен енші алады. Жер сыбағасы тұрған жерінен, атамекенін әркімнің тілегіне сай ауылға, ұлысқа, руға бөлінеді. Адам басына, жеке үй басына тиетін жер сыбаға шаруаға, жердің топырағына, жергілікті табиғатына байлаулы болады. Жер сыбағасын жергілікті жер к-ттері анықтайды. Заң жерді сатуға тиым салады. Ертіс бойындағы он шақырымдағы (десятиверстная) қазақ сол жерден үлес алсын. “Атты казак бермеймін дер, біз Ертістен кетпейміз, жер алмай қоймаймыз. Жерді жолмен, Законмен аламыз. Қазақ сыбаға жерін алған соң, қалған жер мемлекет қазынасына өтіп, оларды земство билейді” (“Қазақ”, 1917, №251).
1917 жылдың соңына қарай ұйымдық тұрғыдан қалыптасқан “А.”п-ның жергілікті ұйымдары обл., уездік Қазақ к-тері, ал жергілікті сауатты, патриоттық ниеттегі зиялылар партияның автиві, тірегі болды. А. п. күрделі 1917 ж. үш ірі мәселені шешуге үлкен үлес қосты. Біріншіден, партия мүшелері халық арасында, қазақ зиялылары ішінде ең алдымен шешілуге тиіс жалпыұлттық зәру мәселелерді талқылауға мұрындық болып, сол мәселелер бойынша ортақ тұжырымдарға келуде басты рөл атқарды. Бұл тұжырымдар партия бағдарламасының жобасында (“Қазақ”, 1917, №251) берілді. Екіншіден, партияның ұйтқысы болған қайраткерлер қазақ елінің Алаш автономиясы атанған ұлттық мемлекетінің өмірге келгенін жария еткен екінші жалпықазақ съезін (1917, желтоқсан) даярлап өткізді. Осы съезде өмірге Алашорда — Ұлттық Кеңес үкіметі келгені мәлім. Оның мүшелері түгелдей дерлік өздерін А. п-ның мүшесі санағандығы күмән тудырмайды. Үшіншіден, осы жылғы қарашада болып өткен Бүкілресейлік Құрылтайға депутаттар сайлауында барлық қазақ қайраткерлері А. п-ның атынан тіркелді және оның атынан депутат болып сайланды. Осы Құрылтайға депутаттар сайлау барысында барлық қазақ облыстарында А. п. ең көп дауыс алған партия болды. Объективті жағдай, күрделі де қатал өмір ағымы А. п-ның саяси күреске білек түріп араласып кеткен ірі саяси күшке айналуына мүмкіндік бермеді. Қым-қиғаш азамат соғысы тұсында ондай міндетті тек Алашорда үкіметі ғана атқара алатын еді. қ. Алашорда.
М.Қойгелдиев
Алаш партиясы[өңдеу]
Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
«Алаш» партиясы (1917—1920) — 1917 ж. Ақпан төңкерісінен соң Ресей конституциялы демократиялық партиясының қазақ мүше тобынан құрылған. Төрағасы — Әлихан Бөкейханов.[1]
Мазмұны [жасыру]
1 Алаш Орда үкіметі
2 Ақпан төңкерісі
3 Бірінші Жалпықазақ съезі
4 «Алаш» партиясының өмірге келуі
5 Қазақ АССР-і
6 Сыртқы сілтемелер
7 Фильмдер
8 Дереккөздер
Алаш Орда үкіметі[өңдеу]
Алаш партиясы мүшелері Алаш Орда үкіметінің құрамында барынша көпшілігі болған.[2] Тарихты халық жасағанымен, қоғамның тарихи даму заңдылықтарын реттеп отыратын заңдар мен құқықтық құжаттарды, саяси-құқықтық доктриналарды нақты тұлғалар жүзеге асыратыны белгілі, осы салада мемлекеттік тілдің де атқарар қызметі зор. Қазақ жері екі ғасырдан астам Ресей самодержавасының қол астында болған жылдарда, қазақ халқының өз тағдырын өзі билеу құқығынан айырғаны, көк түрік дәуірінен бастау алған бірегей саяси тарихы бар халық, түгелдей империялық заңдардың бұғауына түскені, біздерге тарихтан белгілі. Қазақ қоғамының осы бір қасіретін халықтың озық ойлы, көзі ашық өкілдері аңғара бастады. Олар халықты саяси күрес додасына бастап шықты. Бұған себеп болған 1917 жылғы Ресейдегі қос төңкеріс еді. Патша үкіметінің тақтан құлауы саяси күресті одан әрі қыздыра түсті. Қазақ зиялылары саяси қызметтің қатерлі жолына жалтақтамай, жанқиярлықпен күрескен көрнекті тұлғалар шықты. Олар: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов және т.б. болатын. Олар патша самодержавасының қазақ халқының саяси-сезімінің қалыптасып, оның саяси күреске ұласуына, барынша кедергі келтіріп отырғанын бірден түсінген еді.
Әлихан Бөкейханов
Ахмет Байтұрсынов
Міржақып Дулатов
Ақпан төңкерісі[өңдеу]
1917 жылы Ақпан төңкерісінің жеңісі күллі қазақ деген ұлт зиялыларының басын бір жерге қосуға мүмкіндік әкелді. 1917 жылдың сәуір-мамыр айларында көптеген облыс-уезд орталықтарында аймақтық қазақ съездері өткізіліп, қазақ комитеттері құрыла бастады. Олардың жекелеген өкілдері Уақытша үкіметтің жергілікті органдары болған облыстық және уездік атқару комитеттерінің құрамына енгізілді. 1917 жылы Қазақ сиездері Орынбор (Торғай облыстық), Орал (Орал облыстық), Семей (Семей облыстық), Омбы (Ақмола облыстық) т.б. қалаларында болды. Қазақ сиездерін өткізуге ұлт зиялылары белсене кірісті. Орал облыстық қазақтардың 1-ші сиезі 1917 жылы 19-22 сәуір аралығында Орал қаласында өтті. Сиезді уақытша қазақ комитетінің төрағасы Ғұбайдолла Әлібеков ашып, құттықтау сөз сөйледі. Осы сиезде бірінші кезекте Мемлекетті басқару туралы, Уақытша үкімет туралы және жүріп жатқан импералистік соғысқа көзқарас туралы мәселелер қаралды. Сиез төрт күнге созылды, съездің соңғы төртінші күні облыстағы оқу-ағарту, мәдениет және т.б. мәселелер қаралды. Сиез делегаттары Орал облысында қазақтар арасында бастауыш, орта, жоғары білім беру жүйесі қанағаттанғысыз деп тауып, төмендегі шешімдерді қабылдады: - мұғалімдер сиезін шақыру қажет; - Орал қаласында уақытша орта оқу орнын ашу қажет, ерлер гимназиясының бағдарламасы негізінде қазақ балаларына арнайы оқу орнын ұйымдастырып, оны қазақтар қаражатына салынған бұрынғы кәсіптік мектептің үйіне орналастыру жөн деп табылсын; - қазақ тілінде газет, брошюралар шығару қажет деп табылсын; Сиезде бұдан басқа да мәселелер қаралды, басқа қаралған мәселелерді қосқанда саны 23-ке жеткен. Орал сиезінің қарарында облыс орталығында орта мектеп ашу және кәсіби мамандардың қатысуымен халық ағарту ісін реформалау мәселелерін талқылау үшін мұғалімдер құрылтайын шақыру қажеттілігі көрсетілді [4]. Осы сиезде Жаһанша Досмүхамедов: «Біздің мақсатымыз – ел билеуді халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты елдің тұрмысын, тілін білетін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланысты қалай болғанда да біз Ресейден автономия алуға тиістіміз», деп өз ойын білдіреді [5]. Жаһаншаның жалынды сөзінде мемлекеттің саяси құрылысы мен оның мемлекеттік тілі, оның қолдану аясы ашық түрде айқын айтылғанын біздер ұғынуымыз керек. Кешегі өткен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының құрбандары болған жастар да Жаһаншаның ой-пікірін қайталағанын біз еске түсірмей кете алмаймыз. XX ғасырдың басындағы алаш ардақтылары халықты ұлтаралық бірлікке шақырды, олар ұлтшылдықты арқау еткен жоқ, керісінше ұлтын сүйген ұлтжанды азаматтар екенін танытты.
Бірінші Жалпықазақ съезі[өңдеу]
1917 жылы 21-28 шілдеде Бірінші Жалпықазақ съезінде «Алаш» атты партия құрылып, бұл съезде 14 мәселе қаралды. Осылардың ішінде ерекше атайтынымыз:
1) Мемлекет билеу түрі;
2) Қазақ облыстарында автономия;
3) Жер мәселесі;
4) Оқу мәселесі және т.б.
Мемлекетті билеу түрі Ресейде демократиялық, федеративтік парламенттік республика болу керек деп көрсетілген Н.Мартыненконың «Алашорда» атты құжаттар жинағында [6]. Ал 1917 жылы 24 маусымдағы «Қазақ» газетінде автономиялықтың негізі туралы әртүрлі пікір-ұсыныстар айтылған. Қазақ мемлекетінің әлде Федеративтік Россияның бір автономиялық бөлігі болғаны жөн бе? Қазақтар өз бетімен тәуелсіз ел бола ала ма, әлде тәуелсіздікке басқа халықтармен одақтасқан жағдайда жете ме деген сұрақтар талқыланды [7]. Бірақ бұл сиезде нақты пікірге келе алмады. Ал жер мәселесі Құрылтай сиезіне қалдырылды. Күн тәртібінде айрықша мәнге ие болған дін, оқу-ағарту, әйел мәселелері және сот жүйесі болды. Бұрынғы ескі сот жүйесі («Народный сот») таратылып, олардың орнына «Қазақ тұрмысына лайық айрықша сот құрылуға» тиіс болды. Келесі мәселе оқу-ағарту саласы: «міндетті бастауыш оқу енгізу», «бастапқы екі жылда оқу баланың ана тілінде» жүргізілу керектігі айтылып, тіл мәселесін айрықша назарға алған және білім берудің тегін болуы талап етілген. Білім алудың орта, арнайы, жоғарғы сатылары да айтылған.
«Алаш» партиясының өмірге келуі[өңдеу]
1917 жылдың 21 қараша күні «Қазақ» газетінде Алаш партиясы бағдарламасының жобасы және съез материалдары жарияланды. «Алаш» партиясының өмірге келуі үлкен саяси мәселе еді. Сол кездегі қазақ зияларының ғылыми жұмыстарымен де, оқу-ағарту ісімен де, алғашқы қазақ тілінде басылымдар шығару әрекетімен де, көркем әдебиетімен де айналысқанын көруге болады. «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасындағы тоғызыншы тарауда «Ғылым-білім үйрету» жөнінде
- оқу ордаларының есігі кімге де болса ашық, ақысыз болуы;
- жұртқа жалпы оқу жайлы; бастауыш мектептер ана тілінде оқылады;
- қазақ өз тілінде орта мектеп, университет ашуға;
- оқу жолы өз алдына автономия түрінде болуы;
- үкімет оқу ісіне кіріспеуі;
- мұғалімдер-профессорлар өзара сайлаумен қойылуы;
- ел ішінде кітапханалар ашылу туралы айтылады.
- газет шығаруға, кітап бастыруға еркіншілік - деп көрсетілген [8].
1917 жылғы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында Екінші жалпықазақ сиезі өтеді. Сиездегі қаралған аса маңызды мәселелер: қазақ-қырғыз автономиясы; милиция құру; ұлт кеңесі; оқу мәселесі т.б..
Бұл сиезде автономияны жариялау мерзімі туралы қызу тартыстар бірнеше күнге созылды. Осы сиезде Алаштың аяулы азаматы Міржақып Дулатов баяндама жасады: қазақ даласында медресе мен мектептердің аздығын, қазақ тілінде оқулықтардың жетіспейтінін, сондықтан міндетті түрде ұлттық мектептерді құру керектігін тілге тиек етті. Осы мәселе бойынша құрамы 5 адамнан тұратын бастауыш және орта мектептерге арналған қазақ тілінде оқулық жазатын комиссия құрылды. Комиссия орталық ұлттық кеңеспен бірге болу керек. Комиссияға оқулықтан басқа да жұмыстар жүктелді. Атап айтсақ: ұлттық мектептерге арналған бағдарламалар; мұғалімдерге арналған нұсқаулар; бала тәрбиесі жөніндегі кітаптар; барлық қырғыз-қазақ мектептерінде халықтық білім беру іс-шараларының Ережелерін жасау; қазақ тілінде жазу үлгілерін енгізу; қазақ тіліне пайдалы кітаптарды, брошюраларды аудару т.с.с. Комиссия 1918 жылдың басынан жұмысқа кірісу керек. Өздері құрастырған кітаптарын, бағдарламаларын баспаға жариялап отыру қажет. Комиссия құптамаған окулықтар басылымға шығарылмайды. Комиссия жұмысына қаражатты облыстық земстволар ұлттық қордан бөлуге тиіс делінген. Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, жаңадан құрылып жатқан «Алашорда» үкіметі алғашқы сағатынан бастап ұрпақ тәрбиесіне, ұрпақ болашағына зор көңіл бөлген. Жас ұрпақтың туған тіліне деген сауаттылығын арттыру үшін, ана тіліндегі оқулықтарды жасауға кіріскен. Бала тәрбиесіне, оқуына осындай қиын заманда жаңаша бетбұрыс, бұл болашаққа деген сенім еді. Білімді жастар, еліне салауатты да сауатты қызмет етеріне деген үміт болатын-ды [9]. Орынбордан қайтып оралған бойында Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер қазақтың батыс аймағын басқаратын үкімет құруға кірісті. «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметі – XX ғасырдың басында Жайық өңірінде орнаған мемлекеттік-автономиялық құрылым. Ол 1918 жылдың мамыр айының соңында Жымпитыда өткен ІҮ Орал облыстық қазақ сиезінің қарарымен құрылды. «Ойыл уэлаяты» уақытша үкіметінің атқарған істері: жерге жекеменшікті жойып, оны халықтың меншігі деп жариялады; халық сайлаған уәлаяттық, уездік соттар іске кірісті; ақша-финанс жүйесі жасалынды; халыққа өз саясатын жеткізу, түсіндіру үшін газет шығарылды (оның редакторы болып Ахмет Мәметов жұмыс атқарды. Ол М.Мәметованың әкесі, көрнекті Алашорда қайраткерлерінің бірі); жерді пайдалану, салық, дін, сот, білім, әскер істері жөнінде қаулы-қарарлар қабылдады.
Осыған қоса, іс-қағаздарын ана тілінде жүргізу туралы мәселе айқын жолға қойылды. Білім беру ана тілінде болуы керек делінген. Басылымдардың қазақ тілінде болуына ерекше назар аударған [10].
Алаш партиясының жетекшілері
1918 жылы 1 сәуірде Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Мәскеуге барып, Орталық Кеңес өкіметінің басшысы В.И.Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен кездеседі. «Алашорда» атты ұлттық автономиялық үкімет құрылғанын, «Алашорда» үкіметінің төрағасы Ә.Бөкейханов екенін мәлімдейді. Бірақ «Алашорда» мемлекетінің қойған талап-тілектерін Орталық Кеңес өкіметі толықтай мойындамайды. Дегенмен де РКФСР-дің ұлт істері жөніндегі комиссариатының құрамында қазақ бөлімі құрылады [11]. «Тіл адамның даңқын асырады. Адам ол арқылы бақыт табады» деп Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білік» еңбегінде жазғандай [12] тіл саясатын көтерген XX ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамындағы басты ағымдарының бірі – автономиялық басқару жүйесіндегі мемлекеттік құрылыс болса, екіншісі – Мемлекеттік тіл саясаты еді. Ана тіліне деген үлкен жауапкершілік еді. Алаштың арыстарының бірі – Ахмет Байтұрсынов «Дүниеде ешбір тіл өз-өзінен шықпайды. Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап, пісіп дүниеге келеді,» - десе [13], Күнбатыс Алашордасының идеологы саналған Ғ.Қараш: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды, яғни ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады. Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді», - деген [14]. Батыс Алашорда үкіметі жетекшілерінің бірі Х.Досмұхамедұлы тіл туралы: «Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздерін ғылым жолына салып реттесе, ешбір жұрттың тілінен кем болмайды», - деген пікірді айтқан [15].
Қазақ АССР-і[өңдеу]
Қазақ АССР-і орнағаннан соң 1924 жылы Орынборда маусымның 12-сінде Қазақ (қырғыз) білімпаздарының тұңғыш сиезі шақырылды. Осы сиезде 12-13 жыл бойы қолданылып, орнығып қалған қазақ тілінің дыбыстық табиғатына лайықталып өзгертілген, ресми түрде қабылданған альфавиттің мәні жөнінде, дыбыс әдісімен оқыту ісі жөніндегі мәселелер талқыланды [16]. Ал 1927 жылы Қызылордада жазу (графика) мәселесіне арналған конференцияда А.Байтұрсынов сиезде айтқан пікірін қуаттай келе: «Түрік жұртының 90%-і баяғыдан бері араб әрпін пайдаланып келеді. Әрқайсысының араб әрпімен жазылған хат мәдениеті бар (хат мәдениеті –сауаттылық, оның жүзіндегі өнер-білім, ілім, емле, үйрету әдісі, баспа істері, баспа мамандары, жазба мамандары, жазылған, басылған барша сөздер т.т.). Хат мәдениеті бар халыққа бір әрпін тастап, екінші әріпті ала кою оңай нәрсе емес», – деп өз ойын білдірген. А.Байтұрсынов – қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсаған адам. Осы талапты жүзеге асыру үшін А.Байтұрсынов қазақша сауат ашатын тұңғыш әліппе құралын жазды. Ол «Оқу құралы» деген атпен тұңғыш рет 1912 жылы Орынборда шығарылса, 1925 жылы Орынборда 7 рет қайта басылады.
Ал 1926 жылы «Әліппенің» жаңа түрін жазып ұсынады, бұл суреттермен берілген оқулық. 1926 жылы Қызылорда Ташкент баспалары бірігіп шығарған [18]. Қазақ тілін талдаптануда А.Байтұрсыновтың еңбегін және бір тұрғыдан ерекше бағалау керек. А.Байтұрсынов тіл мен әдебиет қана емес, этнография, тарих мәселелерімен де шұғылданғанын айту керек. Ахмет Байтұрсынов XX ғасырдың 20 жылдарында Қазақстанның оқу-ағарту комиссары, Алаш қозғалысының мүшесі, ғылым, әдебиет, өнер салаларында шығармашылық жұмыспен шұғылданды. А.Байтұрсынұлы «Ғылыми және практикалық білімнің жиынтығын бойына сіңірген халық қана айбарлы да бай болады» деп санады [19]. Ғасыр басында Алаш ардақтылары Қазақ АССР-ның Қазақ-Қырғыз Білім Комиссиясында жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде, халқын мәдениетке сүйреуде жан аямастан қызмет етті. Білім Комиссиясы жұмысына Мағжан Жұмабайұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Иса Тоқтыбайұлы, Санжар Асфендиярұлы, Халел Досмұхамедұлы т.б. қатысты [20]. Алаш ордасы партиясы қазақ халқына
Мағжан Жұмабайұлы
Жүсіпбек Аймауытұлы
XX ғасыр басында Алаш қайраткерлері көтерген тіл мәселелесі бүгінгі XXI ғасырдың да ең өзек жарды мәселесі болып отыр. М.Әлімбаев:
« «Туған жерді сүю – парыз, сүю үшін білу парыз» »
- десе, ана тілімізді бәріміз де сүюге, қастерлеуге тиіспіз.[3][4]
Сыртқы сілтемелер[өңдеу]
Алашорда әскерінің ұраны: «Жасасын, Отанның адал ұлдары!»
1. Н.Назарбаев Қазақстан халықтарына арнаған жолдауы. Алматы, 2005.
2. М.Шахановтың өлеңдері // Қазақ тарихы. 2005. №5
3. Құл-Мұхамед. Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы. Алматы: Атамұра, 1998.
4. Д.Сүлейменова. Алашорданың Батыс бөлімінің тарихы. Тарих ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алуға арналған диссертация. Алматы, 2004.
5. Ж.Ақбаев. Жанша. Орал, 1994.
6. Н.Мартыненко. Алашорда сборник документов. Алматы, 1992.
7. Н.Мартыненко. Алашорда сборник документов. Алматы, 1992.
8. «Қазақ» газеті//21 караша, 1917.
9. Д.Сүлейменова. Алашорданың Батыс бөлімінің тарихы. Тарих ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алуға арналған диссертация. Алматы, 2004.
10. Д.Сүлейменова. Алашорданың Батыс бөлімінің тарихы. Тарих ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алуға арналған диссертация. Алматы, 2004.
11. Н.Нұрпейіс. Алаш һәм Алашорда. Алматы, 1995.
12. Қазақстан тарихы // әдістемелік журнал, 2006, №3
13. Р.Сыздықова. Ахмет Байтұрсынов. Алматы, 1990.
14. Қазақ тарихы // журналы, 1997, №5.
15. К.Нұрпейіс, М.Құлкенов, А.Мектепов, Б.Хабижанов. Халел Досмұхамедұлы және оның өмірі мен шығармашылығы. Алматы: Санат, 1996.
16. Р.Сыздықова. Ахмет Байтұрсынов. Алматы, 1990.
17. Р.Сыздықова. Ахмет Байтұрсынов. Алматы, 1990.
18. Р.Сыздықова. Ахмет Байтұрсынов. Алматы, 1990.
19. Қазақстан Республикасының ҰҚК - нің мұраты. №06610-іс
20. К.Нұрпейіс, М.Құлкенов, А.Мектепов, Б.Хабижанов
лаш партиясының құрылуы және ұлт зиялылары 01 Сәуір 2017 5286 0 Еліміз егемен болып, атымыз шартарапқа танылып жатқан кезімізде еліміздің өткенін жаңғырту - әр азаматтың қасиетті борышы. Қазақ тарихында XX ғасырдың бас кезі – түрлі оқиғаларға, саяси өзгерістерге толы кезең. XX ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыс тарихының өзекті мәселелерінің бірі – Алаш партиясының құрылуы, оның тарихи негіздері, саяси әлеуметтік сипаты және тарихта алатын орны. Қазақ зиялылары саяси партия құру әрекетін бірінші орыс революциясы жылдарында-ақ қолға алған болатын. XX ғасырдың басындағы елдегі аласапыран қиын кезеңде халықтың қамын ойлаған саяси күш – Алаш қозғалысы болатын. Осы қозғалыстың басында – саяси мәдениеті әлемдік деңгейге көтерілген, оқыған, сауатты, кәсіби даярлығы заманына сай адамгершілік-имандылық қасиеттері ата-бабамыздың сан ғасырлық қастерлі құндылықтарымен сусындаған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Ж.Ақбаев, Б.Қаратаев сияқты дүлдүлдер тұрса, солардың ізін басқан болашақтың нарқасқа ұлдары – Ж.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, М.Шоқай, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов тағы басқалар одан әрі дамытты. М.Сералин бастаған «Айқап» журналы төңірегіне шоғырланған қазақ зиялылары ең өзекті қоғамдық мәселелерді талқылып, белгілі бір бағдарламалық тұжырымдарға келу үшін жалпықазақ съезін шақыру жөнінде бастама көтерді. Сонымен, жалпықазақ кеңесін шақырып, онда ұлт өміріне қатысты өзекті мәселелерді қарау, соған сай саяси партия құру ісін қолға алуға қажетті алғышарттар тек ақпан революциясынан кейін қалыптасты [1]. Тұңғыш жалпықазақ съезін шақыру туралы шешім 1917 жылғы сәуір айында өткен Торғай облыстық қазақ съезінде қабылданып, съезд оны даярлауды Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов бастаған бір топ қазақ зиялыларынан құрылған айрықша бюроға тапсырды [2]. Бірінші жалпықазақ съезіне қатысқан М.Шоқаев өзінің естеліктерінде бұл жиынға өзбек және татар елдері өкілдерінің де қатынасып, өздерінің ыстық ықыласын білдіргендігін айтып: «Сөйтіп құрылтай ұлы түркі халықтарының бас қосқан үшеуінің мызғымас бірлігін көрсететін сахнаға айналды» - дейді. Бірінші жалпықазақ съезін ұйымдастыру бюросы «Қазақ» газетінің 24-маусым күнгі санында съездің тәртібіне қойылатын мәселелерге байланысты ел талқысына өз тұжырымдарын ұсынды. Тезистер түрінде баяндалған бұл мәселелердің бәрі дерлік кейін бірінші жалпықазақ съезінің күн тәртібіне енді. Съездің күн тәртібіне енгізуге ұсынылған мәселелердің бірі – «қазақ саяси партиясын жасау мәселесі» болды. Бұл мәселелерге байланысты бюро жасаған тұжырым мынау еді: Ресейде осы күнде түрлі саяси партиялар бар. Олардың көздеген мақсаттары бағдарламасында жазылған. Қазақ мақсаттарын теріп, бағдарлама жасап, сол мақсаттарға жету шарасын қарастырып қазақ партиясын қалай жасау, қандай жол құру, оны осы жалпықазақ съезінде кеңесуіміз керек [3]. Саяси партия құруға байланысты айтылған бұл тұжырымның мынадай мәні бар. Біріншіден, ол тарихи деректермен толық таныс емес қайсібір авторлардың «Алаш» партиясы шілдедегі жалпықазақ съезіне дейін-ақ қалыптаса бастады деген пікірін біржола жоққа шығарды. 1917 жылғы жалпықазақ съезіне дейін қалыптасып дамыған «Алаш» партиясы емес, кейін алаштық атанған ұлттық интеллигенция басқарған ұлт-азаттық қозғалыс болатын. Ал бұл қозғалыстың бастаушы ұйытқысының саяси партияға бірігуі бірінші жалпықазақ съезінен басталғаны тарихи факті. Екіншіден, бұл айтылған тұжырым «Алаш» партиясының саяси мәнін кеміту мақсатында оны ресейлік кадеттер партиясының филиалы есебінде бағалаушылар пікірінің негізсіз екендігін көрсетеді [4]. Империялық езгідегі қазақ қоғамы жағдайында «Алаш» партия ретінде өзінің идеологиялық негізі етіп, әрине, жалпыұлттық мүддені, қазақ шындығын алуға тиіс болды. Бұл толық табиғи құбылыс және басқаша болуы да мүмкін еместін. Ә.Бөкейханов «бұл болып тұрған заман Алаштың азаматына зор жүк. Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт-махаббат жолына түсті. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере-бере жүретін алдымызда зор шарттар бар! Осыны аңғар, жұртым қазақ!» деп көрсетіп, бюроның атынан депутаттыққа кандидат деген 43 адамның атын атап, халықтың талқысына ұсынды. Олардың арасында Ж.Ақбаев, А.Бірімжанов, Х.Досмұхамедов, Р.Мәрсеков сияқты белгілі қайраткерлерден бастап А.Кенжин, С.Сабатаев, М.Төлебаев сияқты саясатқа енді араласа бастаған жастар; Уақытша үкімет комиссарлары мен мұғалімдер, дәрігерлер мен шығармашылық интеллигенция өкілдері бар еді. Сонымен, тұңғыш жалпықазақ съезі 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өтті. Съезд жұмысына Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарынан және Бөкей ордасынан мәселелер қойылып, олардың арасында мемлекет билеу түрі, қазақ автономиясы, қазақ облыстарындағы жер жағдайы, әскер құру, земство, әйел теңдігі және басқа мәселелер бар еді. Сөйтіп, бірінші жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы шешім қабылдағанымен, күзге дейін, яғни Құрылтай жиналысына депутаттар сайлау науқаны қызғанға дейін ол партияның түрлі деңгейдегі ұйымдарын құру ісімен ешкімде айналыса қоймады. «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 5 қазандағы санында Ж.Досмұхамедовтың хаты жарияланады. Ол Құрылтай жиналысын дайындайтын кеңесте, «Шура-Исламда» , Бас жер комитетінде және басқа көптеген орындарда жалғыз өзі жүргендігін білдіріп, қазақ партиясының бағдарламасын жазуға уақыты мүлде қалмайтындығын айтып шағым жасайды. Уақыттың тым аз қалғандығын түсіне отырып, «Қазақ» газетінің басқармасы Ж.Досмұхамедовтың хатын алған соң, 5-қазан күнгі санында «Алаш партиясы» деген бас мақала жариялап, онда былай деп көрсетеді: «Әр саяси партия өз ұранын шақырып, өз ұраны атынан список түзеп, сайлау ісіне кірісе бастады. Қазақ партиясының программасы жасалмағанымен жалпықазақ съезінің қаулысы жасалмақ программаның негізі болсын делінген еді. Съезд қаулысы халыққа мағлұм. Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш » ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сөйтіп, қазақ саяси партияның атын «Алаш» қою, ойлап әуре болмастан ауызға түсіп тұр. Жалпықазақ съезінің қаулысын қабыл етіп, қазақ өз алдына саяси партия болуын қостайтындар, сайлауда кандидат списогін «Алаш» партиясының списогі деп жүргізулері керек». «Алаш» партиясының ұйымдарын ашу және бағдарламасын жазу қалай жүрді. Ғылыми әдебиетте «Алаш» партиясы негізін сәуір және мамыр айларында құрылған қазақ комитеттері құрды, ал осы комитеттердің активистері «Алаш» партиясының мүшелері болды деген пікір бар. «Алаш» партиясының облыстық ұйымдары 1917 жылдың қазан айынан қалыптаса бастайды. Мәселен, Ә.Бөкейхановтың тікелей ұйымдастыруымен және басшылығымен қазан айының шамамен 12-20 жұлдызы аралығында партияның облыстық ұйымдары алдымен Семейде, сонан соң Омбыда, ал қарашаның 10-на қарай Орынборда ашылады. «Алаш» партиясының Семей облыстық комитетінің ашылуы Ә.Бөкейхановтың Тамда 8-10 қазан аралығында болып өткен Сібір автономистері съезінен қайтар сапарында іске асырылады. Ол қайтар жолында Семей қаласына тоқтап 12-13 қазан күндері қала жұртшылығымен кездесулер өткізіп, баяндамалар жасайды. Ал оның соңы «Алаш» партиясының 15-кісіден тұратын уақытша комитетін ашумен аяқталады. Комитеттің төрағасы болып Халел Ғаббасов, хатшысына Сыдық Дүйсенбин, қазынашы Әнуар Молдабаев сайланды. Комитет мүшелері оған құрметті төраға етіп Әлихан Бөкейхановты сайлайды. «Қазақ» газеті өзінің 1917 жылғы 14 желтоқсандағы санында «Алаш» партиясының Орынборда Торғай облыстық комитетінің ашылғандығын мәлімдейді. Комитетке мүшелікке Орынбор қаласында «тұратын 10 қазақ һәм 4 уезден 4 қазақ, барлығы 14 ағза» сайланады. Комитеттің төрағасы болып Ә.Бөкейханов, төраға серігіне А.Байтұрсынов, хатшысына М.Дулатов, қазынашысына Ж.Жәнібеков сайланады. «Алаш» партиясының жарияланбағанымен, белгілі дәрежеде дайындалып қойған шартнамасы (жарғы) да болған. Ол жөнінде партияның Семейдегі облыстық комитетінің құрылуына байланысты «Қазақта» жарияланған материалдан мынадай деректі оқимыз: «Алаш» партиясының толық шартнамасы Орынборда жасалатын болды, дайын болғанда жұртқа жария қылынады. Қазіргі шарты-комитеттің айтқанын екі қылмайтын, бұйырғанын дәл орындайтын «Алаш» партиясының программасын жақтырып, жөн көрген программадағы мәселелерді іске айналдыруға тырысатын кісі кіреді. «Алаш» программасынан таймайтын, өтірік айтпайтын, шышынан қайтпайтын, жақындық, туысқандыққа бүйрегі бұрмайтын, дүниелікке қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура кісі осы партияға кіреді. Сыртын берсе іші басқа, тіліп берсе жүрегі басқа болатын, сөзіне ісін үйлестірмейтін, «Алаш» жолынан ауып, айтысып-тартысуға жарамайтын, айнымалы мінезі бар кісі «Алаш» партиясына кірмейді. «Алаш» партиясына кіремін деген кісі осы айтылған шарттарды ойлап, толғап, жүрегі қалайтын болса ғана кіруге жөн» [5]. Қорыта келгенде, Алаш - Қазақ елінің мемлекет құру тәжірибесі мен мемлекетшілдік мүддесінің үзілмеген арқауы. Алаш- Қазақстанның «Мәңгі ел» ел мұратын саясат пен руханият тұрғысынан айқындаған, айшықтаған кезең атауы [6]. Ұлт зиялыларының қажырлы еңбегі кеңестік мемлекеттік мекеменің негізін қалады. Кешегі Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан! Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрын тыйым салынған – Алаш қозғалысы тақырыбы қазіргі таңда отандық тарихымыздың маңызды құрамдас бөлігі ретінде қайта зерттелуде. Алаш зиялыларының өмірі мен ісін мұқият зерттеп, олардың жетістіктерін бағалап, қателіктерінен сабақ алу, даналығын бағамдап, олар ашқан ақиқатты пайымдау қажет. Айгерім ЖҮСІПОВА, ҚР Ұлттық музейі Қорларды жинақтау, есепке алу және сақтау қызметі, қорларды жинақтау секторының қызметкері
Источник: http://e-history.kz/kz/contents/view/5222
© e-history.kz
«Алаш» қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 145 жыл толды
04 наурыз, 2011
Алаш қозғалысының һәм Алашорда үкіметінің жетекшісі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов. Жеке мұрағаттан алынған сурет.
Бөлісу
Пікірлерді көріңіз
Принтерден шығару
Терең білім, ұлт тарихына құрмет, қазақ халқының азаттығы мен құқығы үшін күрес – «Алаш» қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның кісілік келбетінің бір қыры ғана.
Әлихан Бөкейхан – XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласында кеңінен қанат жайған ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда ұлттық аутономиясы Халық кеңесінің төрағасы болды.
«Алаш» қозғалысы жетекшісінің іс-қимылы мен рөліне қазақтың қазіргі заманғы тарихында алғаш рет, 1920 жылдары осылай баға берілді. Қошмұхаммед Кемеңгерұлы (Қошке Кемеңгеров) «Қазақ тарихынан» деп аталатын тарихи очеркінде: «Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан», – деп жазды.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі саясаткерлердің бірі, тарихшы, журналист, жазушы және драматург Қошмұхаммед Кемеңгерұлы бұл очеркін 1922 жылы аяқтап, 1924 жылы Мәскеудегі СССР халықтарының орталық баспасынан шығарды. Совет өкіметінің қуғын-сүргініне ұшыраған Әлихан Бөкейхан өмірінің соңғы 15 жылын осы Мәскеуде өткізіп, Кремльдің жіті бақылауында болған еді.
ҚАЗАҚ КӨСЕМІ
Әлихан Бөкейхан 1866 жылы 5 наурызда дүниеге келді. Бұл кез отаршылдық саясат салдарынан қазақ халқы ғасырлар бойғы қалыптасқан көшпенділердің дәстүрлі рулық-қауымдық қатынастарынан, жерінен де, оны пайдалану құқынан да ажырай бастаған, көшпенділердің байырғы құндылықтары шеттетіліп, жаңасы қалыптаса қоймаған алмағайып кез еді.
Патшалық Ресейдің отыршылдық саясаты жыл өткен сайын күшейіп, қазақ ішіне дендеп ене түсті, соның кесірінен хандық биліктің байырғы құрылымдары жойылып, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетіне және оның өз жерінде дербес этнос ретінде өмір сүруіне қатер төнді.
Патшалық биліктің озбыр саясатын жастайынан көріп, түйсініп өскен Әлиханның бойында отаршыл билікке ғана емес, жан алып, жан беріспей-ақ отарлық қамытты киюге мәжбүр еткен өз халқының
Әлихан Бөкейхан ауторы әрі редакторы болған «Голос степи» газетінің 1907 жылы қаңтардың 13-і күні шыққан саны.
салт-санасы, тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы туралы сыншыл көзқарасы да ерте қалыптасты.
1889 жылы «Особое прибавленіе къ «Акмолинскимъ областнымъ ведомостямъ» газетінің қазақ тіліндегі қосымшасы – «Дала уалаятының газетінде» жарияланған өзінің алғашқы мақалаларында-ақ қазақ қоғамының жағымсыз жақтары мен қара халықты қатыгездікпен қанап жүрген надан молда, болыс пен старшынды, тойымсыз байдың сойылын соғып жүрген екіжүзді ақындар мен оқыған қазақтарды аяусыз сынға алды.
«Қырда кім болса да сол молла болады. Аз ғана оқу білетін қазақ, я қашқын ноғай, я сарт, я тәжік. Сол адамдар бек надан һәм нәрсені... білмейді һәм солар надан болған соң қазақтарға ауып, оларды мейлінше бұзады. Қай қазақ моллаға нанбайды, ашық күнді жауын қыламын деп тұрған соң... (Құдайындай иланады)... Бір сорлы қазақ бар ма екен... «жақсы» атанып жүрген қазақтар менен моллалардан көрмеген?.. Сол моллалар надандығыменен дінге қарсы өтірік айтады...» деп жазды «Қ. оязындағы моллаларының баяны» деген мақаласында.
«Баспаханаға хат» атты мақаласында аутор Зұлымбай Қарымбаев секілді қазақ бай-болыстарының, сондай-ақ Мүсәпір Бейшарин тәрізді қазақ кедейлерінің жиынтық кейіпкерін жасады: «Біздің сөзіміздің растығын байқайын дегендер елдегі тілмәштің список жорналын алып, кез-келген жерінен оқып көрсе болғаны, мына жорналдан Зұлымбай Қарымбайұлын көрсе, 15 жылқысы, 100 қойы бар деп жазулы тұрады. Анығы 300 жылқы, 700 қойы болса да һәм Мүсәпір Бейшараұлын көрсе - 50 қойы бар, 5 жылқысы бар деп жазылып тұрады. Ол сорлының іліп алар һеш нәрсесі болмаса да сондай бейшаралар, яғни уақытымен алым бермеймін, һеш нәрсем жоқ деп азар да базар болады».
Ол болыстарды, писарлер мен тілмәштарды «сұм», «залым» адамдар қатарына жатқызды.
Басқа бір мақаласында аутор былай дейді: «Қыр халқы бос жүреді. Бос отырған бастарына ауыр сын тумаған соң мехнат-жұмысқа иленбей, мал шаруасыменен күнелтіп жүрді. Мал бағу өз жөніменен жүре береді. Өлгенге шейін бір қазақ мал бағуды түзеуге ойлаған жоқ, қанша заманнан бері ата-бабаның жолыменен жүреді де отырады».
23 жасар Әлихан сол кездегі қазақ қоғамы мәдениетінің төмендігін, адами әдеп пен ахлақтың жоқтығын өкіне отырып айтады. Халықтың жаппай сауатсыздығы, болыстық билік үшін ру аралық күрес, барымта, байлар мен күштілердің кедейлер мен әлсіздерді аяусыз езуі етек алды деп санайды.
Бұл жылдары, Әлиханның көзқарасынша, қазақ халқы бай мен надан молдалардың және отаршыл биліктің үш жақтан бірдей езгісіне түсті.
Бірақ Әлихан қазақтар туралы: «Қыр халқы... ғылым-білім жайып жатқан һәм өздері ғылым-білімге көңіл бөлген себебінен кешікпей-ақ жақсылықты біліп, еңсесін көтеруге аяқ басар, өздерінің сүйектеріне берген ақылы-санасы болған соң...», – деп жазды.
Достарыңызбен бөлісу: |