Алашұлы. –Алматы: «Өлке», 2011. 239 бет


Рақымжан ТҰРЫСБЕК, филология ғылымдарының докторы



бет4/5
Дата14.11.2016
өлшемі4,15 Mb.
#1695
1   2   3   4   5

Рақымжан ТҰРЫСБЕК, филология ғылымдарының докторы,

профессор



АСЫЛ СӨЗДІҢ АРЛЫ ӨКІЛІ

(Академик Рымғали Нұрғали және руханият мәселелері)




  1. СЫР

Адам. Өмір. Өрнектер...

Адам өмірінің белесті, кезеңді тұстарында-есте қалатын, жадыңда жүретін, қилы сәттерде таяныш-тірек тұтатын тұғырлы тұлғалар болады. Айталық, бәрі-баршамызға ортақ - орта мектепте оқу-білім берген, бағыт-бағдар көрсеткен, үміт-сенім артқан аяулы жандар - мұғалімдер ауыл-елге барғанда, алыс-жақында жүргенде ой-санаңда сәулеленіп, адамдық іс, білім нәрі, тәлім-тәрбие туралы әсерлі әңгімелері, мейірім нұры мен ізгілікті жолдары әр кез-ақ есіңе түсіп тұрады. Артық-кем тұстарыңды түзетіп, балалық-балдәурен кезеңінің қызықты, әсерлі өтуіне, алаңсыз өсіп-есеюіңе, оң-солыңды дұрыс таңдап, қалыптасуыңа да игілікті ықпал етеді. Кездесіп, қауышқың келіп тұрады. Ардақты аты, бейнесі мен болмысы, есімі мен еңбегі жан-жүрегіңе мәңгілік ұялап қалған-ды. Бас иіп, қол ұсынып, құрмет көрсеткің келеді. Ол-оқу-білім бастауында тұрған, тәлім-тәрбие ісіне оң әсер-ықпал еткен-асыл адам, алғашқы ұстаз!

Бұл-оқу-білімнің бастапқы баспалдағы болатын-ды...

Келесі кезең, жарқын шақ пен студенттік қызық-қимас сәттермен бірге оқытушы-ұстаздардың өмірі мен еңбегі, шығармашылық мұра-мирастары да жадыңда жатталып қалады. Өзіңе үлгі-өнеге тұтып, еңбегін-ісін үнемі есте ұстайтын ұстаз-оқытушылар ұлағаты-айрықша әлем, өзгеше сыр. Қадір-құрметке, мадақ сезімге әбден-ақ лайықты //мысалы, Б.Кенжебаев, М.Қаратаев,З.Қабдолов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Б.Құндақбаев, З.Ахметов, М.Базарбаев, Р.Бердібай, С.Қасқабасов, Р.Нұрғали, Б.Шалабаев, М.Сер-ғалиев, Т.Сайрамбаев, Х.Кәрімов т.б. //.Ал, өмір, еңбек жолыңда ақыл-парасаты мен білім-білігі мол – ұстаз-оқытушылармен қайта кездесіп, қатар жүрген тұстарда әлгі байланыс, әсер-ықпал бұрынғыдан да жарқырап-жанданып, жаңа қырларынан көрінетіні бар. Бұл тұстарда, сөз жоқ адами болмыс-бедері, ұстаздық-ғалымдық қырлары, білім-ғылым жүйесіндегі еңбек-мұралары, өмірдегі өнегесі мен орын-үлестері бұрынғыдан да жарқырап, асқақтай түсері анық.

Бұл-білім-ғылымға батыл бет бұрған,арман-аңсарға қанат қаққан салтанатты, сәулелі сәттер тұғын...

Қысқасы, орта және жоғары мектептің әлгінде еске алғандай, адам өмірі мен еңбегінде, өз орныңды тауып, қажетті мамандық таңдау ісінде, абырой биігіне көтеріліп, жетістіктерге жетуде де өзіндік өзгешелігі бар.

Бұл тұстарда да ұстаз-оқытушының орын-үлесі үлкен, маңыз –мәні зор.

2.ӘСЕР

Бастапқы сөзді- оқу-білім төңірегінде өрбіткен едік.

Ақиқаты сол, халық даналығын айналып өту қиынның қиыны. Өйткені: «Оқу-инемен құдық қазғандай». Бұл-өмір шындығы, тәжірибе тәлімі.

Осы реттен келгенде, білім-ғылымның жолы да, жөні де тым бөлек.

Білім-ғылым жолы – қашан да қиын, күрделі болған-ды. Бұған күнделікті өмір-тұрмыстан да, ұлт мақтаныштары һәм оқымыстыларының даналық та, қанатты сөздері арқылы да көз жеткізер едік. Айталық, әл-Фараби: «Білімді болу деген сөз – белгілі нәрсені ашу қабілетіне ие болу деген сөз. Ал белгісіз нәрсені аша білу деген сөз – ол теориялық өнердің барлығына тән ортақ жәйт» десе, Абай:

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,- деген-ді.

Немесе, М.Әуезов: “Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім”,-деп жазды. Оқу-білімнің маңыз-мәнін айқындай түсті. Сыр-сипаттарын ашты.Мәдени-рухани нәрін үлгі етті.

Бұдан, сөз жоқ білім-ғылым жүйесі – “талант–тумыстан” қағидасына келіп саяды. Оның өзі ізденіс іздері арқылы кең өріс алады. Ақыл-парасат нұрымен нәрленіп, сәулеленіп, мейірім шуағын алысқа түсірері хақ.

Әдебиетке, ғылымға келу - өмірі мен тағдырын, ізденіс-еңбектерін, мақсат-мұраттарын осы бағытқа бұрған адамның саналы әрекеті. Руханият әлемінде мұның мысал, деректері көп-ақ...

Осы тұста еске түседі, орта және жоғары мектепте білім-ғылым ісіне бағыттаған, ақыл-парасаты мен мейірім-шуағын шашқан ұстаз-оқытушылардың өмірдегі өнегесі, еңбектегі ұнамды белгі-ерекшеліктері әр кез-ақ көңілге нұр құяды. Жан жылуымен ұмытылмастай әсер қалдырады. Адами бейне-бедерлері асқақ та айбынды, тым биік көрінетін-ді. Айталық, академиктер З.Қабдолов пен С.Қирабаев байыпты-қалыпты қасиеттерімен аз сөзге көп мағына беріп, ұлт мұраты мен руханиятқа қатысты қайсыбір мәселеге де маңыз-мәні жоғары салмақ қосады. Бағыт-көзқарасын, үміт-сенімін де соған сәйкес сыйымды, жүйелі жеткізеді. Профессор Т.Кәкішев қай кезең, қайсыбір істе де көңіл төріндегі, жан-жүрегіндегіні сол сәтте –ақ боямасыз-бұлдырсыз, қаз-қалпында айтады. Ой-сөз жүйесіне екпін түсіріп, шеберлік пен шешендікке табан тіреп, серпінді сөйлейді. Ал, академик Р.Нұрғали өмірде, білім-ғылым ісіне қатысты көзқарас-танымын дәйек-дерекке құрады. Жады мықты, санасы сергек. Ой-сөзге жүйрік. Қаламы жүрдек. Танымы терең. Кездесу-қауышу тұстарында, жүздесу-сұхбаттарда жан-жүрекке еркін енеді. Арғы арналардан тартады. Көз бен көңілдегіні тереңнен барлайды. Дәрістегі сәті тым бөлек-ті...

3.ТАҒЫЛЫМ

Университет аудиториясы. Сабақ кестесінде - «Әдебиет теориясы» пәні.

Қырық қыз және жеті жігіт - 90 минут тоқтаусыз сөйлеген оқытушы –ұстаздан көздерін айырар емес. Көңіл дүрбісі солай бағытталған. Жан-жүректе-руханият әлеміне құштарлық басым. Дәріс барысында-асыл сөздің арғы-бергі кезеңдері, мәдени-рухани нәрі,әсер-ықпалы,бәрі-баршасы кеңінен қамтылды. Әсіресе, әдебиет теориясындағы ағым-бағыттар мен әдіс-тәсілдер, әдеби байланыс пен даму заңдылықтары, әдеби туынды табиғаты мен тағылымы, көркем шығарманың идеялық-эстетикалық құрылымы мен мәдени-рухани құндылықтары, поэтика мен эстетика мәселелері, әлемдік ақыл-ой алыптарының көркемдік-әдіснамалық мектептері жүйелі сөз етілді. Арғы арналардан, Аристотельден-Әл-Фарабиге, Абайдан-Әуезов әлеміне дейінгі кезең, Эллада эстетикасы, Рим, Үндістан жұртының мәдени-рухани жәдігерлері мен ескерткіштері, алыс-жақын елдердің білімпаз-оқымыстыларының еңбек-мұралары, Алаш ардақтыларының белгілі-белгісіз туындылары, жазушы еңбегі мен шығармашылық үдеріс мәселелерінің қыр-сырлары жіпке тізгендей, қолға ұстағандай қалыпта көз алдыңа келді. Дәріс табиғаты мен мазмұны, тақырыптың баяндалуындағы шеберлік пен шешендік көңілге қонымды, жүрекке жылы ұялайды. Әсер-құштарлық, рухани сұраныс арнасынан асып, бәрінен басым түсіп жатты.Сол сәтте-ақ,ұстаз-оқытушының әдеби-ғылыми һәм шығармашылық ғұмырбаянына құштарлық артты.Ізденіс,еңбектерін оқып-танысуға да мүмкіндік алдық...

Қысқа шегініс жасасақ, кешегі журналист-филолог, бүгінгі академик Рымғали Нұрғали “Лениншіл жас” (“Жас Алаш”) газетінің солтүстік облыстарындағы тілшісі бола жүріп баспасөз жанрларына белсене қалам тартты. Қазақ фольклорының нұсқаларын жинады. Әсемдік әлемі - әдебиеттен, оның көркемдік-рухани қуат-күшінен нәр алды. Өмірге құштарлығы артты. Руханият әлеміне, өнер өлкесіне, ондағы өрнекті өрістерге, үлгі-өнегелерге құмартты. Ел әңгімелері мен көне жыр, қиссалардан бастап Алаштың қайраткер-қаламгерлерінің мұра-мирастарын, алыс-жақын елдер әдебиетінің інжу-маржандарын іздеп-жүріп оқыды. Жіті танып-зерттеді. Осы бағыттағы зерттеу мен зерделеулерін, ойлары мен толғаныстарын БАҚ жүйесі, кітап әлемі арқылы қалың көпке ұсынды.

Р.Нұрғали зерттеулерінің алтын арқауы – М.Әуезовтың өмірі мен шығармашылығы, оның ішінде алғашқы ізденіс, еңбектері дер едік. Алдымен айтарымыз, М.Әуезовтың өмірі мен қоғамдық қызметін, алғашқы шығармашылық кезеңін деректік-құжаттық тұрғыдан, әрі мың сан салыстырулар негізінде тамыршыдай тап басып, танып-таразылады. Қазақ қаламгері – “Әлемнің Әуезові” атанған танымал суреткердің халық аңызы негізінде жеткен “Еңлік-Кебек” трагедиясының жазылу тарихын, бірнеше нұсқаларын санап та, талдап та көрсетумен бірге көркемдік талаптар тұрғысынан шеберлікпен, шешендікпен сөз етті. Әдебиет зерттеушісінің Әуезов әлеміне еркін еніп, алғашқы ізденіс-мұраттарынан бастап айқын көзқарас, бедерлі қолтаңба, өрнекті өнеге, үлгілі үрдістерін шығармашылық мұра-мирастарымен байланыстыруы, осы бағыттағы зерттеу мен зерделеулер, таным мен талғам деңгейі мәнді, мағыналы болып табылады. Айталық, «Алаш ұранды әдебиеттегі Мұхтар Әуезов көтерген азаттық идеясы» атты мақала // «Заман-Қазақстан»,1997, 22 тамыз// дүбірлі дәуір, күрделі кезеңнің көріністерін, әсіресе Алаш ардақтыларының есімі мен еңбектерін қалың көпшілікке уақыт талаптары тұрғысынан байыпты бағалап, зерттеп-зерделеулерімен мәнді болып табылады. Ол туралы: «Әділіне келгенде, Алаш қозғалысына қатысқан азаматтардың басым көпшілігі ұлт мүддесіне арналған күнделікті аршынды іс, қарымды әрекеттерімен айналыса жүріп, қуғын-сүргін азабына қарамастан, әдебиет, публицистика, ғылым, аударма салаларында орасан бай мұра қалдырды.

Кейін қолдарынан билік кетіп, халыққа қызмет етудің бір-ақ жолы-оқу-ағарту саласы ғана қалған аз уақыт тыныс шақта ұлт тілінде ғылымның барлық жүйесі бойынша оқулықтар жазуға кірісті. Алаш ұранды әдебиетті жасаған қаламгерлердің жеке басына, шығармаларына ортақ, сапалы белгілер олардың тағдырын, мұрасын біртұтас құбылыс ретінде қарауға мүмкіндік береді...»,- деп жазды. Кезең-уақыт шындықтарына еркін енеді. Уақыт тынысына ден қояды. Тарих пен танымға, тұлғалар тағдырына, еңбек-мұраларына маңыз беріледі. Өмірдің бұралаң жолы, тағдырлар талқысы, арғы-бергі кезеңнің қилы да сындарлы тұстары дәйек-дерек көздері құжаттық-материалдар арқылы нақтылы баяндау, мәнді талдау-саралаулармен байланысты өріс алады. Көзқарас мұраты, танып-талдау мәнері жүйелі, шебер, серпінді сипат алады.

Ал, М.Әуезовтің ұлт мұраты мен руханият ісіндегі елеулі еңбегі - қазақ прозасы мен драматургиясын әлемдік биікке көтергенін айрықша атайды. Бұдан басқа – «Әдебиет тарихы», «Хан Кене», «Қилы заман» туындылары ұлт тарихымен байланысты сөз болады. Аталған туындылар тағдырлы тарихымен, көтерген мәселелерімен, ең негізгісі адам өмірі мен еңбегі, жанр мен жауапкершілік, көркем бейнелер мен тіл мүмкіндіктері, шеберлік пен шешендік сынды белгі-ерекшеліктер қалың көптің рухани қажетін өтейтіндігі дәлел-деректермен жүйелі жеткізіледі. Түйінді тұста: «Қазіргі зерттеулердің нәтижесінде анықталып отырғандай, Мұхтар Әуезов мұрасы елу томнан асып жығылатын телегей теңіз байлық, оның ішінде мыңсан сөз, сарын, ой толқындары тербеліп жатыр. Солардың ішінде ең үлкен ағыс-азаттық, тәуелсіздік, дербестік идеясын арқау еткен қазақ халқының арғы дәуірлердегі, ХІХ ғасырдағы, ХХ ғасыр басындағы арпалысты күрес жолына арналған отыз жасында тудырған бір зерттеу, бір пьеса, бір хикаятымен-ақ Мұхтар Әуезов бүгінгі еркін Қазақстанды жасаушылардың бірі болып отыр» , - деп байыпты байлам жасайды. Қазіргі кезең, әдеби үдеріс, даму сипаттары негізгі назарда болады. Қысқасы, Алаш мұраты мен мұрасы, жазушы еңбегі мен шығармашылық үдеріс жайы,зерттеу мен зерделеу ісі – кеше –бүгін байланысы, қазіргі кезеңнің талап-тілектері тұрғысынан сөз етіледі.

Р.Нұрғали еңбектері арасында 1980 жылдардың соңғы кезеңінде баспасөз беттерінде жарияланған - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Бюросының “Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың және Жүсіпбек Аймауытовтың творчествалық мұрасы туралы” қаулысынан кейінгі “Алыптар қайта оралғанда” атты зерттеу мақаласының орны алабөтен дер едік (“Қазақстан коммунисі”, 1989, №4,5,6) Біздіңше, бұл зерттеу Алаш мұраты, оның қайраткер-қаламгерлері хақындағы алғашқы ізденіс, байыпты талдау, байсалды бағалау, оңды көзқарастарының бірі болатын. Мақала табиғатынан Алаш әлемі, руханият мұраты, оны зерттеу мен зерделеу жүйесі жіті сараланады.

Біздіңше, бірнеше бөліктен тұратын мақалада («Ұлттық мәдениетіміздің мақтанышы, «Мөлдір сезім, биік парасат», «Сегіз қырлы , бір сырлы дарын») Алаш ардақтыларының (А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытұлы) кезеңі мен қызметі, өмірі мен шығармашылық мұралары, ХХ ғасыр басындағы жазықсыз жазалау мен орынсыз зорлық-зомбылықтың, қуғын-сүргіннің зардап‑кесапаттарының сыр-сипаттары кең көлемде қарастырылады. Мақаланың бастапқы бөлімінде: «... кезінде репрессияға ұшыраған, жазықсыз жапа шегіп, мерт болғандардың аты қайта тірілді, сөнгеніміз жанып, жоғалғанымыз табылды. Жарты ғасыр бойы жасырын болған мәдени тарихымыздың тағы бір беті жаңарып, шындық қалпына келтірілді. Алатаудай алыптарымыз туған халқымен қауышты», - деген елдік мұраттан туындаған ортақ мүдде, арман аңсарлары, көңіл қуанышы айқын аңғарылады. Алаш мұраты, ел ардақтыларын аңсау, қалың көпшіліктің ортақ мақсат-мүдделеріне қатысты келелі де кемел ойлар қозғалады. Кезең, уақыт сырларына маңыз беріледі. Ақиқат жайттар, шындық сырлары ашылады. Адал іс‑әрекеттер көрсетіледі.

Орайлы тұста еске алсақ, А.Байтұрсыновтың өмірі мен кезеңі, әлеуметтік қызметі – Алаш қозғалысымен, «Қазақ» газетіндегі еңбегімен, Ташкент, Алматыдағы ұстаздық өнегесімен, одан кейін – А.Самойлович, А.Кононов, С.Сейфуллинмен т.б. деректік-құжаттық материалдарымен дамытылса, Мағжанның әдеби-шығармашылық мұрасы әр жылдары жарық көрген кітаптары (1912,1922,1923 т.т.), ондағы бейнелілік, суреттілік пен сұлулықты арқау еткен өлең-жырлары талдау-саралаулардың өзегі етіледі. Ал, Ж.Аймауытұлының қысқа ғұмырда соңына бағалы да мәңгілік мұра қалдырғанын – ақындығы мен аударма саласындағы еңбектері, ұлттық прозадағы асқақ даңқын танытқан – «Күнікейдің жазығы», «Қартқожа», «Ақбілек», үздік драмалық туындылары – «Қанапия-Шәрбану», «Мәнсапқорлар», «Шернияз», ұстаздық қызметтің рухани олжалары – «Комплекспен оқыту жолдары», «Психология мен өнер таңдау» т.т. өзіндік өзгешеліктермен, аса көркем терең идеялығымен, тілдік-стильдік сипаттарымен мәнді де жүйелі жеткізіледі. Алаш мұраты мен оның ардақтыларының даралығы мен даналығы, қайраткерлігі мен қаламгерлігі, талант табиғаты мен тағдырлы тарихтары қысқа-нұсқа үлгіде, шебер де шешен сипатта кең өріс алады. Қысқасы, Алаш мұраты мен мұрасы, дүбірлі дәуірдің көріністері кезең‑уақыт шындықтарымен сабақтастықта сөз етіледі. Алаш ардақтыларының есімі мен еңбектері, бағыты мен көзқарастары, арман‑аңсарлары да кеше‑бүгін байланысы, дәстүрлер сабақтастығы тұрғысынан таразыланады.

Сондай-ақ, Р.Нұрғалидың ізденіс-көзқарастарының бірқатар жиынтық үлгісін, ұстаздық-ғалымдық қырларының ұзақ жылдарғы тәжірибесін, зерттеу мен зерделеу мұраттарын ‑ «Әдебиеттану мен әдебиет сынының методологиясы (1960-1990 ж.ж.)» атты мақаласынан да терең тануға болар еді. //Көкейкесті әдебиеттану.-Астана, ЕҰУ, 2008. – 5-32 беттер//.

Әдебиет зерттеушісі алғашқы тұста ұлттық әдебиеттану мен әдеби сынның кадрлық әлеуеті, бағыт-арналары, жемісті кезеңі – 1960-90 жылдар аралығын айрықша атайды. Әсіресе, алыс-жақын елдер тәжірибесін, әдістемелік тәсілдер мен түрлі мектептердің үлгі-өнегелік қырларын жіті саралап, жүйелі дамытқанын, байланыс-сабақтастыққа маңыз бергеніне ден қояды. Аталған кезең аралығындағы тақырыптық ерекшеліктер, жанрлық-көркемдік мәселелер, осы бағыттағы зерттеу мен зерделеу ісі, ұжымдық жинақ, кітаптарға талдау жасап, ұтымды-ұнамды тұстарына мән береді (6 бет). Сыр‑сипаттары ашылады.

Ақиқатын айту керек, әдеби мұра мен оны зерттеу, жинау мен жариялау ісі, жазушы еңбегі мен шығармашылық тәжірибе тағылымдары, аударма мұраты мен әдеби байланыс, жанрлар жүйесі мен ондағы ағым-әдістер, көркемдік-эстетикалық сипаттар, тіл мен стильдегі алуан белгі-ерекшеліктер т.т. әдеби үдеріс, салыстыру мен сараптаулар арқылы кең өріс алады. Әдебиет жанрлары мен оның көрнекті өкілдері – М.Әуезовтің 12 және 20 томдық шығармалар жинағы, Ә.Тәжібаевтың поэзия туралы теориялық һәм тәжірибелік үлгі-өрнектері («Өмір және поэзия»), І.Омаровтың әдебиет пен қоғам байланысы төңірегінде толғам-толғаныстары, З.Серікқалиұлының полемикалық-проблемалық мақалаларының маңызы, З.Ахметов зерттеулеріндегі әдебиеттің поэтикалық элементтері, көркемдік құндылықтары, құрылым-өрнектері, З.Қабдоловтың оқулықтары мен әр жылдардағы кітаптарындағы композициялық принциптер, өнердің көркемдік табиғаты т.т. назар аударылады. Ұлттық сөз өнерінің ұлы мұраты – адамдық істі ардақтау, адамгершілік пен ізгілік иірімдері бар қырынан көрініс береді. Сондай-ақ, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Р.Бердібай, М.Базарбаев т.б. әдебиеттану мен сын саласындағы зерттеу еңбектері, жас қаламгерлер мен шығармашылық бағыттағы әдебиетші-ғалым, сыншылар ізденісі, «Уақыт және қаламгер», «Сөзстан» секілді жинақтар, әдебиет теориясы мен поэтика дамуына қатысты көзқарас‑мұраттары, ғылыми ойлау мен көркемдік ойлау жүйесі, әдеби уақыт пен қабылдау психологиясы, эстетикалық әсер, сыр-сезім иірімдері т.т. түрлі тәжірибе, алуан-көрініс, сабақтастық пен салыстырулар негізінде кең арна алады. Әрбір әдебиетші‑ғалымның ізденіс‑көзқарас мұраттарынан бастап білім‑ғылым жүйесіндегі, зерттеу бағыттарындағы басты арналар мен ұстанымдар нақтылы көрсетіледі. Ерекшелік‑белгілер, ізденіс арналары, қолтаңба мәнері т.с.с. жіті де сергек, серпінді беріледі. Осы реттен келгенде: «Сан ғасырлық тарихы бар көркем әдебиетті зерттеудің ғұмырнамалық, мәдени-тарихи, салыстырмалы-тарихи, салыстырмалы, социологиялық, психологиялық, герменевтикалық, пішіндік, түзілімдік әдістерінің өз орайларында беретін мүмкіндіктердің орасан зор екендігін әр уақытта, әр топырақта, әр түрлі материалды талдап‑жинақтаған дарынды оқымыстылардың қол жеткізген нәтижелері мен іргелі еңбектері көрсетіп берген болатын. Зерттеуші дүниетанымы, дарыны, тәжірибесінен күш-қуат алатын ізденіс дәуірдің әлеуметтік-қоғамдық, эстетикалық-көркемдік дәстүрлерінің арнасында туған жеке шығарманы, құбылыстарды бағалау үшін қолайлы деген талдау әдісімен жұмыс істемек, шындығына келгенде, бірде-бір әдіс басқа тәсіл-амалдарды жоққа шығарып тастай алмайды», - деген көзқарас‑тұжырымдардан арғы-бергі кезеңдердің тарихы мен тағылымы, көркемдік мұраттар мен эстетикалық талап-талғам, даму үдерістері мен сабақтастық сырлары терең танылады (32 бет). Тақырып табиғатын жан‑жақты ашу, басты мәселелерге мән беру, жаңалық‑жетістікке

көңіл бөлу, көркемдік‑эстетикалық мұраттарға табан тіреу сынды сипаттар ұнамды, тағылымды тұстарымен айрықша маңызға ие болады.

Мақала мұраты да осы.

Р.Нұрғали қазақ, орыс тілдерінде “Трагедия табиғаты” (1968), “Трагедии М.Ауезова” (1967), “Талант тағдыры” (1969), “Қазақ драматургиясы” (1974), “Өнер алды - қызыл тіл” (1974), “Өнердің эстетикалық нысанасы” (1979), “Поэтика драмы” (1985), “Телағыс” (1986), “Арқау” (2 томдық, 1991), «Айғақ», «Сырлы сөз» (2000) т.т. ұлт әдебиетіндегі әдіс, жанр, стиль, поэтика мәселелерін, дәстүр мен жалғастық диалектикасы, драматургия жанрларын көркемдік-теориялық тұрғыдан танып-талдаған көптеген зерттеу еңбектерін жазды. Бұл еңбектерде ұлттық сөз өнері, оның арғы-бергі тарихы мен басты өкілдері, олардың ерекшеліктері мен эстетикалық принциптері, көркемдік пен кемелділік, жанр мен шеберлік, стиль сипаттары, аударма және оның даму заңдылықтары, келелі мәселелері алуан салыстыру, талдаулар арқылы жүйелі, нанымды сөз етіледі. Зерделі зерттеушінің ізденіс-көзқарастарынан ұлт мұраты, руханият әлемі, жекелеген ақын-жазушылардың өзіндік өзгешеліктері байыпты, сергек сараланады.

Осы орайда,сөз жоқ Р.Нұрғалидың асыл сөздің табиғаты мен тағылымы, жанрлар жүйесі мен көркемдік-эстетикалық мұраттар туралы таным-түсініктерінің қазіргі кезеңде де маңызы айрықша болып табылады: «Қазір қазақ драматургиясы жалпы драмаға тән қасиет-сапаларға, жанрлық-структуралар мен формаларға түгел ие. Аз уақыттың ішінде қалыптасқан, тарамдалған жанрлық жүйе ұлтымыздың жаңа мәдениетімен, әдебиетімен бірге өсіп, жетіліп отырды, Әдебиеттің ерекше бір түрі - драматургия театрды нысана етеді, сахнаға қойылу үшін жазылады. Танымдық, тәрбиелік мәні бар, идеялық-эстетикалық әсері орасан күшті өнер - драматургия тағдырлар тоғысуы, характерлер қақтығысы, сезімдер шайқасын көрсетіп, аса қатал композиция талаптарын ескере отырып, ерекше көркемдік құрал-диалогтар мен монологтар арқылы болмыстың сан алуан шындықтарын ашады, өмір құбылыстарына баға береді, билік айтады.

Бүгінгі таңда жанр проблемасына әдебиеттану, өнертануда ерекше көңіл бөлініп отыр: бұл салада көптеген зерттеу еңбектер жарияланды.

Жанр және олардың сан алуан түрлері әлемдегі барлық халықтардың мәдениеті мен әдебиетінде кең орын алатын жалпылық мәні бар құбылыстардың қатарына жатады» // Арқау.-8 бет//, «Еш уақытта ешбір елдің әдебиет, өнері томаға-тұйық қалыпта, ұлттық шеңбердің ішінде ғана өсіп-жетілген емес. Ана топырағында жаратылған өнер басқа жұрттардың озық, асыл қазыналарынан нәр алып байығанда ғана өркен жаймақ. Әдебиеттің интернационалдық сипаты-көптеген халықтар өнері тәжірибесін қорыта отырып, байлам, тұжырым жасайтын теориялық мәні бар күрделі проблема»// Арқау.- 92 бет//, «Романның тууы әдебиет кәмелетінің, өнердің марқайғандығының белгісі ғана емес, халықтың рухани өмірдегі есеюінің көрсеткіші. Зады, жалпы роман жанрына тән қасиеттер мен заңдылықтар, романның ұлт әдебиетіндегі көрінісі бажайланып, тиянақты зерттелуі ләзім. Проблема құр термин төркінін іздеумен, ежіктегендікпен, сөздің мағынасын, ауыспалы мәнін білумен тынбайтындығын ұғуға үлкен ғұламалықтың қажеті жоқ.

Мәселе, ең алдымен, романның туып, қалыптасуындағы заңдылықтарды ашуда. Европалық әдебиеттерде бұл жанр Ренессанс заманының соңын ала өмірге келгендігін көптеген материалдар дәлелдейді. Ол көктен түскен, жерден шыға келген, біреу ойлап тапқан өткінші дүние емес, әлеуметтік тілектен, халық тілегінен, қоғамдық тілектен туған жаңа жанр. Өзінің шарттары, талаптары бар, ішкі мүмкіндіктері мол соны форма.

Роман табиғатын арнайы зерттеген ғалымдар жанрдың шығуын халықтық әдебиеттегі үлгілермен, оның ішінде әр түрлі диалогты материалдардың басын қосатын нұсқалармен сабақтастыра қарайды»// Арқау.- 160 бет//.

Р.Нұрғалидың мағыналы өмірін, жемісті жылдарын оқу-ғылым саласынан бөлек алып қарастыруға әсте болмас еді. Әр жыл сайын жаңарып-толығып, жас шәкірттерге жол тартып келе жатқан “Қазақ әдебиеті” атты оқулықтардың (11 сыныпқа арналған) тұрақты авторы.

Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасында жемісті еңбек етті. “Қазақ әдебиетінің тарихы”, “Жазушы шеберлігі”, “Алаш ұранды әдебиет”, “М.Әуезовтың шығармашылық шеберханасы”, “Драма поэтикасы” атты жалпы, арнаулы курстардан тағылымды дәрістер оқыды. Бұл тұстарда ұстаз-ғалымның бітім-болмысынан биіктік пен білімпаздық, кісілік пен кесектік, талапшылдық пен таланттылық, байқампаздық пен тереңдік, мейірімділік пен қамқорлық, жан-жақтылық сынды белгі-ерекшеліктер танылатын-ды.

Р.Нұрғали қаламынан “Дән”, “Полигон әңгімелері” атты новеллалар жинағы мен “Атшабыс ертең”, “Жартастағы қарағай”, “Оқ” секілді повестері туды. Бұлардың бәрінен де елін, жерін сүйген арлы азаматтың көңілін жарқын, жүрегін ашық ұстап, қаламын өткір ұштаған биік тұлғасы танылар еді. Қаламгердің ізденіс іздері мен көркемдік-рухани құндылықтарынан айқын қолтаңба мен көзқарас, образдар жүйесіндегі нақтылық пен бедерлілік, тіл-стиль сипаттарындағы байыптылық пен қалыптасқан үлгі-өрнектер сенімді әсер қалдырады.

Р.Нұрғали аударма өнерінде де өзіндік өрнек жасап, өнімді еңбектің үлгі-өнегесін көрсетті. Олардың қатарындағы – П.Брагиннің “17 жайлы хикая” Л.Толстойдың “Әзәзіл” повестері мен Н.Погодиннің “Салтанат жыры”, А.Кешоновтың “Соңғы шақырым” драмалары мен бірнеше көркем фильмдерді ұлт тілінде жатық та тартымды сөйлеткені және бар. Бұл еңбектерде де ұлттық-руханияттық ерекшеліктерімізге сай еркіндік пен кеңдік, көркемдік өрнектің алуан үлгі-белгілері бар. Бұл жайттардан, әрине Р.Нұрғалидің руханият әлеміне еркін еніп, оның келелі де түйінді тұстарын тамыршыдай тап басып, зерттеп-зерделеудің негізінде кең көлемді ізденіс, кешенді барлау-саралаулар жасалды. Алаш әлемі мен оның ақиқаты айтылды. Қайраткер-қаламгерлердің өмірі мен өнегесі көрсетілді. Жанр мен шеберлік, стиль сипаттары зейінді зерделенеді.

Р.Нұрғали ұлттық басылым - “Қазақ совет энциклопедиясы” Бас редакциясының Бас редакторы болып істеген жылдары қазақ, орыс тілдерінде “Қазақ ССР” (4томдық), “Ол кім ? Бұл не?” (3 томдық), “Қарағанды”, “Шаңырақ”, “Абай” атты энциклопедиялық басылымдар мен көптеген анықтамалық,сөздіктердің жарық көруіне кең жол ашты. Ұлт жанашыры, білікті басшы екендігін көрсетті. Бұл басылымдар мен анықтамалық, сөздіктер бай дерек көздерімен, мол материалдарымен, танымдық-тағылымдық қырларымен қазіргі кезеңде әлеуметтік-қоғамдық һәм руханият әлемінде кеңінен қолданылып келеді.

Бұл айтылғандар, сөз жоқ Р.Нұрғалидың қоғамдық-қайраткерлік, ғалымдық қырларын , ел алдындағы парызы мен қарызын арлы азаматқа тән адал атқарып келе жатқанына мысал, дерек бола алады.

Осы жәйттарды айтып, баяндаған тұстарда ағылшын философы Ф.Беконның : “ Поэзияда – тапқырлық, математикада –ойлылық, жаратылыс ғылымында –тереңдік, философияда –пайымдылық, логика мен шешендікте – айтыса білушілік қажет” деген бағыт, ұстанымдарында зор маңыз, үлкен де тағылымды шындықтыр бар. Бұл, әрине академик Р.Нұрғалидың адами бітім болмысын – биік те бедерлі, қайраткерлік-қаламгерлік көзқарас, ұстанымдары – айқын да байыпты, ұстаздық-ғалымдық қырлары – білімпаздық пен тереңдіктен тұратынын айқын аңғарар едік. Қысқа қайырғанда, академик Р. Нұрғали өз заманының тұғырлы тұлғасы, білім-ғылым көкжиегіндегі биік белес, руханият тамыршысы.

Академик Р.Нұрғалидің еңбек-мұраларында асыл сөздің арналы ағыстары, ұлт мұраты мен руханият мәселелерінің түйінді тұстары сергек сана мен серпінді ойлар арқылы қуатты бастауларға, көркемдік-эстетикалық құндылықтарға ие болып, зерделі де зейінді зерттеулер жүйесі негізінде жаңа бағыт,соны сапа,кең өріс алды.

Асылы, академик Р.Нұрғали ұлт руханиятында, білім-ғылым жүйесінде, қазақ әдебиетінің тарихы мәселелері бойынша іргелі ізденістер жасап, айқын көзқарас пен бедерлі қолтаңба қалдырды. Өзіндік бағытын айқындап, ғылыми мектеп қалыптастырды. Асыл сөзден сыр ұқты. Сырлы әлемі ағынды ағыс құрады. Ағыстың арналы, кең өрісті, тебіреністі де толқынды болғанын әркім-ақ қалайды.

Алайда, өмір-өзеннің де шет-шеті бар. Уақыт таңбасы да өз бедерін түсіріп, салмағын салады. Мұның адам әлеміне, білім-ғылым һәм руханият ісінің көрнекті өкіліне тікелей қатысы, артар жүгі, түсірер салмағы аз болмасқа керек. Табиғи қуат, ерен еңбек, шығармашылық еркіндік осы тұстарда қажет-ақ.

Жүрдек уақыттың да межелі жері, шет-шегі бар. Жыл мезгілдерін, күн-түнді, ертелі-кешті, тіпті шекараны да танып-түстеп, талғап тоқтамасы және анық. Уақыт керуенінде тоқтау жоқ. Алайда, өмір өлшеулі. Адам ғұмыры тым қысқа. Жаратылыс, табиғат сыйы осы.

Жат елде, шет жерде сыр берсе ше?!

* * *


Академик Р.Нұрғалимен соңғы төрт жарым жыл бедерінде ұстаздық қызметті қатар жалғастырып, әлденеше рет кездесіп, сұхбат құрудың сәті түсті. Өмірдің бұралаң жолынан өтіп, білім-ғылымның терең иірімдеріне еркін еніп, бел-белестеріне де ерен еңбегімен көтерілгені жүріс-тұрысынан, сөзі мен ісінен айқын аңғарылатын еді.

Қайсыбір тұстарда:

- Сен жас болсаң да, ісің мен еңбегің арқылы алға озған азаматтардың бірісің ғой. Әдебиет тарихын, Алаш мұратын еркін меңгердің. Архив көрдің. Оның дерек, материалдарын пайдалану мен жеткізудің жолын жетік білесің. Білім-ғылым ісін де қиындықсыз меңгердің. Оның корифейлерімен де етене араластың. Бірге еңбек еттің (мысалы, М.Қаратаев, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, М.Базарбаев, Р.Бердібаев, З.Ахметов, Б.Құндақбаев, А.Қыраубаева, Ә.Нарымбетов, Ә.Нұршайықов т.б. атап айтты – Р.Т). Олардың өмірі де теп-тегіс, даңғыл деуге келмейді. Олардың өзін де, сөзін де есте сақтаудың әр алуан әрекеттерін ойластырған жөн, - дегенді еске салатын. Еңбек елеусіз қалмауы керек қой,- дегенді де екпінсіз, емеурінмен жеткізетін-ді. Талап пен талғам да, салмақ пен сыр да айқын аңғарылатын.

- Менің өмірімде де бұралаң тұстар, кедергі-кемшіліктер көп-ақ,- дейтін-. Оның бірсыпырасының білім-ғылым ісіне де қатысы мол. Айталық, бір ғана кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғау тұстарында қилы кезең, қиындықтар көп кездесті. «Трагедия табиғаты» атты монографиялық еңбегім басылған тұста – Алаш мұратын, оның өкілдерін мадақтаған деген айып-жаламен А.Қарасартов әртүрлі айла, амалдар жасады. Ұрмай-соқпай кедергі келтіргендер де кездесті. Осы тұста қазақ ғылымының көрнекті қайраткерлері – Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин, Т.Нұртазин, Г.Ломидзе, И.Сұлтанов т.б. демеп, қол ұшын берді. Оны ұмыту мүмкін емес. Әр кез-ақ айтып, жазып та жүрмін. Көңілге көлеңке, жүрекке салмақ түсірген тұстарын қалай жадыңнан шығарарсың?!

Елге қызметті – білім-ғылым ісімен бірге энциклопедиялық басылымдар шығару арқылы да дамыта түстім (мысалы, «Абай», «Ислам», «Боздақтар», «Шаңырақ», «Негеш», «Алматы», «Қарағанды» т.т.). Оның қалың көпке, ұлт руханиятына үлкен үлес болып қосылғанын әр кім-ақ біледі. Ұлттық идея, елдік мүдденің бір көрінісі осы еді.

Бұдан басқа 1949 жылы атом бомбасының алғашқы сынағын 20 шақырым жерден байқап едік. 1954 жылғы сутегі бомбасының сынағы да көз алдымызда өтті. Оның да кері әсері көп болды. Көңілді үмітті – күдікті тұстар алмастыратыны бар. Көңілді кеңге салғың-ақ келеді. Уақыт таңбасы аңғарылып қалады. Көз, аяқ ауырады. Жүрек шаншиды...

«Жүрекке әжім түспейді» дегенді әр кез-ақ айтамыз. Алайда, мәңгілік ешнәрсе жоқ емес пе?

Сол жүрек сыр берді...

Жат жерде...

Тым алыста...



Айтмұхамбет ТҰРЫШЕВ,

филология ғылымдарының докторы,

профессор

ҒЫЛЫМНЫҢ ЖІЛІГІН ШАҒЫП, МАЙЫН

ІШКЕН НАҒЫЗ ҒАЛЫМ

(Рымғали Нұрғалидың 70 жылдығына арналады)

Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған…

(Абай).

Әлқисса. Біз Р.Нұрғалиев деген ғалымның есімін алғаш 1977 жылы естідік. Әдебиет теориясынан тәжірибешілік жазғанда сілтеме жасайтынбыз. Ғалымның «Талант тағдыры», «Өнердің эстетикалық нысанасы», «Қазақ революциялық поэзиясы» т.б. ғылыми еңбектері мен монографияларын тауып оқудың өзі қиын болатын. Сол кезде Рымғали ағаны көз алдымызға өмірді көп көрген қария сияқты елестететінбіз. Тәйір-ай, қазір ойласам, қылшылдаған қырықтағы жас шағы екен. Кейін көргенде Рымғали аға сол баяғы баз қалпы, уақыт тоқтап қалған сияқты да, біз өзіміз шау тарта бастағанымызды білмей қалдық. Сол уақыттағы Н.Крупская атындағы Семей педагогикалық институтында Рымғали ағамен кездесулер өтіп, бір-екі рет көргеніміз бар. Елеңдеген жастық шақпен талай нәрсені жазып алмай, құр қалғанымызды енді біліп отырмын. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы ма әлде?

1994 жылы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу жырының тілі мен стилі» тексеру комиссиясынан өтпей қалғанда Қуандық Жүсіп-ВАК-та ағаң Рымғали бар емес пе, бармайсың ба? – деп ақыл айтқанда қырсығым ұстап бармай кетіп едім, артынан опық жедім. Барсам, «өзім өзегімнен теппеуші» еді ғой деп ойлаймын. Тек қана ғалым ағаларым С.Исаев пен Б.Әбілқасымовтың алдынан не жазығым бар еді деп, өттім де қойдым. Кейін, Рымғали аға Астанаға көшіп келгелі жиі көретін болдық. 2008 жылы Баянауылдың «Сабындыкөлінде» ПМУ-дің демалыс үйінде Ерлан Арынның арқасында Зейнел-Ғабиден аға досымыз Жамал апайымыз бар, демалуға бардық, сонда аға мен Қадиша жеңгей де рахаттанып дем алып жүр екен, жандарында, жаңылмасам, кішкене қыздары бар. Одан соң Мәшһүр-Жүсіп оқуларына бір келіп, шешіле сөйлегені әлі есімде.

Аға өмірден қайтқанда, Қазақстанның Отандық ғылымы қаншалықты орны ойсырап қалды десеңізші. Тіпті, жақында Еуразия университетінде қорғауға қатыстым, онда да Рымғали ағамның жоқтығы сезілді. «Қазақ әдебиеті» кафедрасының ұжымы үш арысынан этнограф ғалым – Ақселеу аға, фольклорист ғалым – Болатжан және өте туған ғалым Рымғали ағадан айрылып қаламыз деген ой үш ұйықтаса, түсіне кірмеген еді. Әрине, маңдайлары жарқыраған, қазақтың мүйізі қарағайдай ағаларымызды бірінен бірін айырмаймыз. Дегенмен, әр нәрсенің өзінің орны бар деген. Алдыңғы ағалар туралы да кезі келгенде өзіміздің жүрекжарды сөзімізді айтармыз.

Рымғали аға дүниеден озғанда қара жер қаққа айрылып кеткендей болды. Құлағымыз естіген сөзге сенгіміз жоқ. Теледидардан берген суыт хабардан соң ғана жүрек сене бастағандай болды. Бұқаралық ақпарат құралдары жайсыз хабарды еліміздің түкпір-түкпіріне естіртіп жаты.

Жұрттың алды боп ең алдымен Елбасы Н.Назарбаев көңіл білдірген жеделхатын жіберді онда:



«Белгілі әдебиетші-ғалым, ұлағатты ұстаз, абзал азамат Рымғали Нұрғалиевтің кенеттен дүниеден озуына байланысты аса ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Р.Нұрғалиев – кемел білім мен халқын қалтқысыз сүйген үлкен жүректің иесі еді. Ол бүкіл саналы ғұмырын туған халқын рухани тұрғыдан кемелдендіруге арнады. Оның қаламынан шыққан қомақты монографиялар мен зерттеу мақалалары оқырманды қашан да эстетикалық талғамының тереңдігімен, айтар ойының қанықтығымен, пайымдауларының тосындығымен баурайтын ғалым еліміздің ең басты жоғары оқу орындарында ұстаздық етіп, Қазақ Совет энциклопедиясында бас редактор қызметін атқара жүріп, көптеген лайықты шәкірттер мен рухани ізбасарлар даярлады…» - деп ғалымға құрмет, жоғары баға берілді. Асылы ұстаздарға Елбасы айрықша көңіл бөліп, мән беруін – адамгершіліктің ең жоғары сатысы деп ұғынуымыз керек. Қазақстан Республикасының Үкіметінің де көңіл білдірген жеделхатын қайыра оқысақ, тіршілікте көңіл бөлмей жүрген көп жайтты аңғарамыз:

Қазақ ғылымы мен мәдениеті ауыр қазаға ұшырады. Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, жазушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғали дүние салды.

Рымғали Нұрғали 1940 жылы 1 маусымда Семей өңіріндегі Абыралы ауданының Қайнар ауылында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген соң ол еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінде бастап, кейін Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеді. Одан соң Қазақ мемлекеттік университетінің доценті, профессоры, филология факультетінің деканы болды. 1986-1996 жылдарда Қазақ совет энциклопедиясының бас редакциясына басшылық етті. Өмірінің соңғы күндеріне дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі болып қызмет істеді.

Р.Нұрғали қазақ театры мен драматургиясының тарихы, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов және басқа қазақ әдебиеті классиктерінің шығармалары туралы іргелі монографиялық еңбектер жазды. Ол белсенді ғылыми-педагогикалық қызметін әдеби шығармашылықпен қатар алып жүріп, роман, көркем әңгімелер мен повестер жазды. Әлем және орыс әдебиеті классиктерінің бірқатар еңбектерін қазақ тіліне аударды, өз еңбектері мен көркем шығармалары да біраз елдердің тілдеріне тәржімаланды.

Р.Нұрғали республикадағы энциклопедия ісін дамытуға айрықша үлес қосты. Мемлекет алдындағы еңбегі үшін ол бірқатар мемлекеттік марапатқа ие болды. «Парасат» орденімен марапатталды, «Қазақстанның ғылым мен техникаға еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді, ал 1988 жылы әдебиеттану саласындағы трилогиясы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Көрнекті ғалым, педагог, абзал азамат Рымғали Нұрғалидың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады.

Рымғали ағаның қысқаша ғұмырбаяны осы хатта берілгендіктен, қайталап әрі қарай жазбаймыз.

Рымғали ағаның сүйікті газеті «Қазақ әдебиетінде» Рымғали аға туралы алғашқы жүрекжарды естеліктері жарық көрді. Еңбек Ері, жазушы Ә.Кекілбаевтың, академиктер С.Қирабаев, М.Жолдасбековтың, абайтанушы Т.Ибрагимов, ф.ғ.д., профессор Б.Жақып, б.ғ.д., профессор Б.Шайкенов, белгілі қаламгер С.Оразбаев, сол сияқты Төлек Тілеухан, Қасымхан Бегмановтар Рымғали ағаны аз да болса, әр қырынан ашып, барынша ықшамдап ойларын тұжырымдай білген. Республикаға әйгілі ақындар Ф.Оңғарсынова, Нұрлан Оразалин өздерінің Рымғали ағаға деген көңілдерін өлең шумақтарымен жеткізді.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин:

Қайран да қайран сыни пікірінің ақ семсері!

Қайран да қайран қазақ көркем ойының қара көрігі!

Қайран да қайран алаш жүректі адалымыз!

Қайран да қайран қазақ рухани көшінің қара нары!

- деген еді. Рымғали аға туралы осыдан артық қалай жеткізуге болады, біз де біле алмай отырмыз.

Осы орайда, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы, Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімшесі, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты: Рымғали Нұрғалиевті «Іргелі зерттеулер мен құнды монографиялардың авторы, ұлттық әдебиеттану ғылымы мен әдебиет сынының дамуына айрықша үлес қосқан...» ғалым деп атап өтіп, «Академик Р.Нұрғали өмірінің барлық кезеңі М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен тығыз байланысты болды. Институт ғалымдары дайындаған «20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті» ұжымдық монографиясы мен он томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» негізгі тарауларын жазуға ат салысып, «Алаш қайраткерлері шығармашылығының мұрасының мәдени-рухани және ғылыми дамумен сабақтастығы» ғылыми жобасына жетекшілік етті» - деп жазды. Бұл – Рымғали ағаның істеген жұмысының теңіздің тамшысындайы ғана еді. Ал қалған еңбектері туралы басқа естеліктерде бірінің айтпағанын бірі жан-жақты толықтырып өтті.

Республикалық «Казахстанская правда» газетінде: академик С.Қасқабасов, жазушы Ә.Тарази, танымал театр сыншысы Ә.Сығай, жазушы Р.Сейсенбаев, ф.ғ.д., профессор Қ.Алпысбаев, әдебиеттанушы М.Сұлтанбеков т.б. бір топ өнер, ғылым қайраткерлерінің Рымғали аға жайында қысқа, қысқа да болса нұсқа шынайы естелік ойлары жарияланады.

Соның ішінде Рымғали ағаның ұжымы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жазған мына пікіріне көңіл аударсақ:

«Свыше тридцати лет профессор Р.Нургали преподавал в Казахском национальном университете. Неоценимый вклад он внес и в развитие научно-педагогического потенциала кафедры казахской литературы ЕНУ им. Л.Н.Гумилева, которую возглавлял последние десять лет. Его блестящие лекции слушали во многих университетах стран СНГ, в Америке, Германии, Франции, Англии, Чехии, Словакии, Венгрии, Турции, Иране, Индии, Китае, Корее, Монголии» - дейді. Адамға ең ыстық екінші үйіндей болатын ол – айтпаса да түсінікті ұжымы. Ұжым – кімнің болса да шыңдалып, өсіп шығатын ортасы. Ұжымсыз адам – аралда 27 жыл қалған капитан Робинзон Крузомен тең. Демек, Рымғали аға жайында ағынан жарылып жазған ұжымының бұл – естеліктері әлі де жалғасын табары сөзсіз.

Жаман сол жақсы сөзді ұға алмаса,

Ұстаз болмас молдадан дұға алмаса.

Молда есімін алған жан бірдей емес,

Неге керек ғалымдық бойға жұға алмаса

(Шал ақын).

Ұстаздың бақыты сол – шәкірттері өзі біліп бір-ауыз лебізін білдіріп жатса. Мысалы Жұмабай Шаштайұлының «Рымғали Нұрғалиев лекциясы» атты мақаласын дем алмастан оқып шықтым. Рымғали ағаның психолог екендігіне қайран қалдым. Мақалада: Рымғали аға: - Сендер ұнатпайтын ақындарыңның есімін атаңдаршы қазір. Оның бүкіл шығармашылығын қолма-қол атап-атап берейін, - дейтін жері бар. Сонда Жүкең бір нашар ақынның есімін атап беріп, Рымғали аға «Жайлауда» - деген өлеңінің дымын қалдырмай талдап береді. Біздің ұққанымыз Рымғали ағаның жадының мықтылығы, әйтпесе, не көп, ақын көп, соның бәрінің өлеңдерін есіне қалай сақтаған? Оның үстіне, Жүкеңнің болашақта еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болатынын қалай білді, психолог болмаса. Мінекей, бұл Рымғали ағаның ашылмай жатқан тағы да бір қыры деп білеміз.

Жүкең ұлы ұстазының ұстаздық бейнесін аша келе: «Рекең дәрісін қалай бастап, қалай аяқтайтынын сезбей қалатынбыз. Білгір адамдардың сөзіне құлақ асып, ой түйініне бойлаған мезет мынандай ой үрдісінің қайнар көзін қайдан тапты екен деп ынтығатының бар. Тап сондай дәлдік пен нақтылық Рымғали Нұрғалиев бойынан табылатыны есіңе түсіп қана қоймай, сол заманда талқыға салынбайтын тақырыпты елетпей қозғап, байқаусызда санаңа құйып тастайтын қасиеті шеберлікке жата ма, жоқ, өзіндік кісілігі ме, оны тап басып айыру қиын. Олай болатын себебі, бұл кісі дауыс әуенінің әр иірімін үзіп, үздігіп әуреге түспей, ой-пікірін лапылдатып әкетпей, байсалды да байыпты сарынынан жаңылмай, сөйлеген сайын бейнелер тіріліп, көз алдыңа сол қалпы елестейтін» - деп сонау алыс студенттік шағын еске түсіреді. Жүкеңнің суреттеуінен расында да стол басында ойланып отырған, Рымғали ағаның шынайы портреті көз алдыңа келеді.

Бір күннен кейін іле-шала Еліміздің бас газеті «Егеменді Қазақстанда» белгілі қаламгер, жазушы, ф.ғ.д., профессор Тұрсын Жұртбайдың «Ардакүрең» деген үлкен мақаласы жарық көрді. Түкең Рымғали ағаның мінезін тап басып, құтты айнытпай келтіріпті. Тура биде – туған жоқ. Расында да Рымғали аға өте әділ және бет жүзіңе қарамай тура сөйлейтін еді ғой. Алмағайып заманда Түкеңді Шәкәрім арқылы састырған Рымғали аға ақыры өзінің айтқанынан таймайды. Сөйтіп, Түкеңді де болашақтағы расын айтуға қиын өнер ғылымға бет бұрғызады. Бірақ, мұны Түкең сол уақытта аңғармаса да, өзінің осы мақаласында мойындайды. «Ойлап отырсам, менің балаң санама көркемдік талғам мен ойлау жүйесінің жүлгесін есіп берген де, жазушылықтың терең сырын түсіндірген де, адамдық тағдырдың қилы сәттеріндегі қиналысының куәсі де осы адам екен. Тіпті менің бойымдағы кейбір мінездер де осы Ардакүреңнен (Жәнібек, Несіпбек үшеуміз Рағаңды осылай атайтынбыз) ауысқанын өзім де аңғарып қаламын. Мұны еліктеудің де, тәрбиенің де жемісі деп қабылдауға болар» - дейді Тұрсын ағамыз.

Тұрсын Жұртбайдың да Рымғали ағаның дәріс оқыған сәттері айна қатесіз студенттік жадында жазылып қалыпты. Түкең: «Ал Рымғали ағаның оқыған лекциясын айтсаңшы. Алла, сөз бен білім дәл осылай қабысып та шығады екен-ау. Пафос қандай! Өзің де көтеріліп отырасың. Кейде бойыңды шымырлатып, кейде тітіркендіріп, кейде суытып, миыңның ішін шаңдатып кететін. Әдебиет теориясына келтірген мысалдарын алдындағы алақандай тілшеге қарап қойып:

Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді құлыным,

Сексен асып тақағанда тоқсанға үзілді ғой жұлыным, –

деп лапылдатып жібереді. Ілиястың теңеулерін Уольт Уитменен, Поль Элюармен, Пабло Нерудамен шендестіріп, қазақта мынадай да ақын болған деп, Мағжанның «Түркістан», «Шойын жол» атты өлеңдерін жатқа айтатын» - деп, Рымғали ағаның білімінің тереңдігін, өлеңдерді талдап қана қоймай, жатқа да оқи білетінін тіліне тиек қылады. Түкең, әсіресе, Рымғали ағаның докторлық диссертациясын қорғаған сәттерін де еш бүкпесіз жазған екен.

Докторлық диссертацияны екі рет қорғамасам да, кандидаттық диссертациядан бір рет сүрініп кетіп, екінші рет тиянақ тапқанымды басында жазғанмын. Сондықтан да ғылымның Түкеңнің «ньюанстар ғылым, диссертация деген салада көп болады екен» дегеніндей, ондай құқайлар қазақтың қанына сіңіп алғанын тарихтан жақсы білеміз. Сонау Мәскеуге Ілияс Есенберлиннің үстінен бір вагон арыз барса, Грузин Домбадзенің артынан бір вагон шампанский барыпты деген әңгіме ел ішінде әлі күнге дейін айтылып жүргенін неге жасырамыз? Абайды сабаған қазақ, Шәкәрімді атқызған қазақ Рымғали ағаға неге қылышын сілтемесін?! Өзінің ұлылығын бағалап, өнерлісін күте білмеген қазаққа не тәйірім. Сөйтеді де, ғұламасының жүрегіне жара салады, ол айықпас дертке айналарын білсе де, айызы қанғанша сойып салады да, артынан аһ ұрып, өкініп жатады. Қазақ мінезі деген осы болар. Кім білсін?

Түйін. Түкең айтпақшы: Ең жас доктор, ең жас академик, ең жас лауреат болған ардакүрең де дүниеден өтті. Егер тірі болса, 1 маусымда жетпісін ел болып, ағаны ортаға алып, тойын тойлар ма едік. Тағдыр оған жазбады. Тағдыр отбасына көңіл айтуды жазды. Кеңестің бір отырысында жеңгеміз ф.ғ.д., профессор Қадиша Рүстембекқызы сағына және сарғая Рымғали аға жөнінде бірнеше мәрте еске ала сөйледі. Жалпы, мәжіліс Рымғали ағаға қатысты болмаса да артындағы ұжымы кафедра мүшелері, кеңес мүшелері, басқа да ғалымдар Рымғали ағаның тәлімін ауыздарынан тастамады, айта отырды. Кеңесте де, кафедра отырысында да Рымғали ағаның орыны үңірейіп бос тұрды. Бәлкім, топырағының әлі кебе қоймағанынан болар деп топшыладым. Дегенмен, орыны бар оңалар деген. Ағаның артында қалған «Рымғали» мектебінің шәкірттері жетерлік. Қисайған көшті түзетіп, әлі-ақ алып кетер. Уақыт расында да емші. Іштегі қайғы бірте-бірте қайтар. Бірақ, Рымғали ағаны енді ешкім қайтара алмасына көңіл де, үміт те әбден сенді. Сол мәжілістен мен көңіліме: «жақсының жақсылығын – айт ырысы тасысын» деген осы екен ғой деген сөздің растығына көзім жетті.

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,

жазушы

РЫМҒАЛИ НҰРҒАЛИЕВ ЛЕКЦИЯСЫ

Рымғали Нұрғалиев қырықтың қырқасына жаңа іліккен жастау шағында ұлттық университеттің филология факультетінің сырттай оқитын студенттерін лекция оқып тұрып, қалт кідіргені бар.

– Сендер ұнатпайтын ақындарыңның есімін атаңдаршы қазір. Оның бүкіл шығармашылығын қолма-қол атап-атап берейін – деді.

Сырттай оқитынның көбі әдебиетке деген ынтызарлығы бәсең әйел балалар, мұғалім жігітттердің де құлшынысы шамалы, содан бәрі сен айтсаңшы дегендей маған жаудырай қарасты. Өзім нашар санайтын ақынның есімін іркілмей атап кеп жіберсем де, осынымда оспадарлық бардай қуыстанушылықтан арыла алмадым. Рекең кідірмей іліп ала жөнелді. «Жайлауда» деген поэмасын талдап, кейбір жекелеген өлеңдеріне тоқталып өтті. Ары қарай түк болмағандай жөнімізбен тарасқанбыз.

Күндердің күні болғанда Рекеңе емтихан тапсырудың кезі келді. Менің алдымдағы қыз бала «Оянған өлкенің» авторын білмей қалғанда қай сыныпқа сабақ беретінін сұрады. «Оныншы сынып» деген жауабын естіп, қаны басына шапқаны сонша – қолына әлдене ілінсе былш еткізіп бетіне лақтырып жіберетіндей ашуға мінді. – Балаларға обал емес пе, – деді ақыры шарасы таусылып. – Зачеткаңа бәрібір қанағаттанарлық деп қоямын, әйтпесе қыр соңымнан қалмай мазамды аласың.

Әлгі қыздан кейін қарсы алдына қорқасоқтап отырып, зачеткамды жүрексіне ұсынғаным сол еді, бірдеңелерді жазып, өзіме кері қайтара салды. Түктің мәнісіне бармай сабақ айтуға кіріскенімде қабағын кіржитиіп, «бара бер» - деді.



Былай шыға қарасам, баттиған бестік деген баға. Сол бестің желі біраз күнге дейін ұшырып-қондырып, есіме түскен сайын көкірегімді ыстық толқын желпіп өтетінді шығарды. «Білік-білімімен зор бедел жинаған, студенттердің «кумирі» саналатын Рымғалидың өзі саған бес қойса тегін адам емессің-ау шамасы», деген мақтаныш сезім көкірегіңді кернеп, соны бөлісетін адам таппай аласұрғаның есіңде ме, жазған-ау? Жылт еткен шоқтай сол кішкентай ғана нәрсе бағаланатыныңның алғашқы тәуір нышаны ма, жоқ әдебиетке деген ынтызар арманыңның өмірге ұласатынына сенім ұялатты ма, әйтеуір өзіңді бұрынғыдан есейгендей өзгешерек ұстадың. Келесі жылы диплом қорғаудың сессиясы алдында Рекеңе бір әңгімемді ұсындым. Кездескен сайын оқыды ма екен деп жүзіне жаудырай қараймын. Ұмытып кеткен сияқты жұмған аузын мүлде ашпайды. Сұрауға жүрек қайдан дауаласын. Бір күні есіктің көзінен жолығып, танымаған кісідей сүзіле қарап кідірді де:

  • Әңгімеңді студенттердің біріне тапсырдым, сол данышпандардың талқысынан өтсін, – деді. Жөні солай шығар дегеннен басқа ой басыма кірген жоқ. Бесінші курстың күндізгі бөлімінде өткізіп жатқан сабағына шақырды-ау шамасы. Келсем бір қора студент, аудиторияның қақ ортасында – Рекең. Бес жыл бойы үздіксіз осылайша оқып келе жатқан қыз-жігіттердің сынай барлаған көздерінен қатты қысылып барам. Ұстаз мән-жайды түсіндіріп келіп, «мына замандастарыңның әңгімесін талдайсыңдар» деген кезде бетімнен отым шыға жаздады. Ол уақыттың жастары жазған нәрсесінен мүлт кетіп, жаңылып қалам ба деп қорқатын. Сөйлеген жігіт қазіргі Әмірхан Меңдеке ме екен деп те ойлаймын. Шығарма жөнінде сөзін жалғастырған сайын басқа біреу турасындағы қызықты әңгімеге елтігендей елдің жүзіндегі құбылыс әсерді ұрлана шоласың. Селт еткен өзгеріс өңінен байқалмаған Рекең қолын айқастырып алған қалпы бір орнынан тапжылмай қаздиып отыр. Әмірхан Меңдекенің жас шағына ұқсаған жігіт менің жазған шатпағымды жақсы шығармалардың қатарына жатқызғаны сол еді – Рымғали Нұрғалиев сөздің желісін үзбеген күйі «автордың өзі не дер екен»- деп, дереу маған кезек беріп жіберді. Жақсы лепестен кейін желпініп кеттім бе екен кім білсін, сөзіме кісімсінудің сарыны араласты ма, ұстазымыз әйтеуір елең ете қап, қасы-көзін кере маған таңырқана қараған мезет ішім қып ете қалды. «Мынауың бөспе екен-ау» деп ойлағаннан сау еместей көрініп, былай шыққан соң сол күдіктен құтыла алмай бірталай әлекке түскенім есімде. Орталықтан сыртта жүрген мен сияқты пақырға коммунистік идеологияның екпіні қатты тиетінін Рымғали Нұрғалиевке жақындаған сайын аңғара түсетінді шығардым. Бұл сөздің шындығын тегінде, аудандық ахуалдан шыққан адамдар жақсы түсінуге тиіс. Өйткені партияның аудандық құрылымының билік ерекшелігі бүгінгі заманнан мүлде бөлекше. Бірінші хатшы жарты патша. Рымғали Нұрғалиев ол жүйені ашықтан-ашық жамандап, қарсы тұрмаса да қыспағы қиын заманда адам өзін қалай ұстау керектігін меңгерген терең ақыл иесі екенін кейін барып аңғардым.

Аудиториядағы талқылаудан кейін сырғып өтіп жатқан күндердің бірінде сырттай оқитын жігіттердің арасынан сені «Рымғали Нұрғалиев іздеп жүрген» дегені. «Жайшылық па екен?» деп ойладым да қойдым. Күтпеген жерден есіктің көзінен ұшырасқанда көзін бақырайта іркіліп:

  • Сен қайда жүрсің? – деді дүрсе қойғандай. Былай шығарып алып ұсқыныма бірталай үңіле кідірді де:

  • Тура осындай он шығарма жазсаң, қазақ әдебиетінің тарихында қаласың - деді.

  • «Құдайым-ау, бар-жоғы он-ақ шығарма ма?» - деді, сол замат астамшылыққа толы ішкі дауыс. Осыдан кейін мен түк бітірмесем де өзімді жазушы санай бастадым.

Қазір де тындырып тастағаным шамалы. Ағалық лебізге сусап жүргенде кезіккен Рекеңе деген інілік ынтызар сезімді бозбала шақтағыдай басымнан қызық өткердім. Бір ауыз лебізін естімекке сонау Отар даласынан күн сайын үйіне телефон шалғанда: «Сен сол жерде қашанғы жүрмексің, Алматыға қарай ауыспайсың ба?» дейтін.

Үлкен қалаға етене жақындамай келіп-кетіп жүріп, сырттай оқыған адамның ірі орталыққа сіңісуі қиынға соғады екен қазір ойлап қарасам. «Адамды адам түсіну бір ақыретті» ашық айтқан ақын тағдыры тап осындай ахуалды басынан кешкен соң шығарған тоқтам-түйіні ме дейсің. Міне, сондай уақытта Рымғали Нұрғалиевке қайта-қайта жолығып, ығыр қылған да шығармын. «О, сормаңдай, провинция» дейтін классикалық кітап кейіпкерлерінің бірі. Нақ сол сөзді Рекеңнің маған айтатын жөні. Бірақ Рымғали Нұрғалиевтің мәдениеті ондай кісәпірлікке аттап басып бармайтын. Оның кескін-келбетіндегі осы бір артықшылықтың қадірін тұстастарымен араласу барысында салыстырып барып бір-ақ білдім. Рымғали Нұрғалиев үлкендігін бұлдап өктемсімейді, жүрекке салмақ салатын ауыр сөздерді айтпайды, жайма-шуақ әзілі мен өтімді базынасын тартымды жеткізе алатын бұрынғының ақсақалдарын еске түсіреді. Оның адам танығыш ерекшелігі қазақтың әулие қарттарының қасиетінен бөлініп-жарылмай бүтін күйінде сақталғанымен бағалы. Жазушы болып бастап, ғалым болып аяқтағандарды суқаны сүймейтінін байқатқан мінезі қасаң қаттылықтан ада, ондай қадамды өзі ғана түсініп, өзі ғана кешіретін үлкендігі бардай болымсыз езу тартып қана қояды. Аттары елге танылып қалған әлденеше есім төңірегінде айтқан болжамдарының көбі кейін дәлме-дәл келді. Өмірінің орта жолында ақындықтан айнып әкімдікке, сыншылдықтан саудагерлікке бет бұрғанын көргенде Рекең солардың қандай қылығынан байқады екен деп дал болатының бар. Өнімді қарасөз жазатынды кейін ғылымға ауысатынын айтқан кезде бояушы, бояушы дегенге келетін сәуегейлігін ішімізден мазақтап күліп үлгеретінбіз. Біздің шалдардың бойында осындай көрегендік барын қазір Рымғали Нұрғалиевтың «Сен әкеңе тартпапсың» деген сөзін есіме алып барып түсінетіндейсің.

Аудиторияда түксиіп отырып жылдардың түрлі маусымында дәріс тыңдаудың ұзақ мерзімі бұйырмаған пақыр болсақ та, оқытушылардың көбі, шынын айтқанда, жалықтырып жіберетін. Рекең дәрісін қалай бастап, қалай аяқтайтынын сезбей қалатынбыз. Білгір адамдардың сөзіне құлақ асып, ой түйініне бойлаған мезет мынандай ой үрдісінің қайнар көзін қайдан тапты екен деп ынтығатының бар. Тап сондай дәлдік пен нақтылық Рымғали Нұрғалиев бойынан табылатыны есіңе түсіп қана қоймай, сол заманда талқыға салынбайтын тақырыпты елетпей қозғап, байқаусызда санаңа құйып тастайтын қасиеті шеберлікке жата ма, жоқ, өзіндік кісілігі ме, оны тап басып айыру қиын. Олай болатын себебі, бұл кісі дауыс әуенінің әр иірімін үзіп, үздігіп әуреге түспей, ой-пікірін лапылдатып әкетпей, байсалды да байыпты сарынынан жаңылмай сөйлеген сайын бейнелер тіріліп, көз алдыңа сол қалпы елестейтін. Тек ішкі тебіренісі өрекпеген кезде ғана қабағын шыту арқылы айтып отырған жайын үдете түскісі келетін әрекетінің келісімі керемет шығатындай көрінетін. Бұл кісінің сол уақыттағы өң-түсінің өзгерісі мен көңіл-күйінің құбылысы қазақ ұлтының қамына бағытталатын. Оны ашып айтпаса да қиын кезеңде кім өзін қалай ұстағанын сипаттау арқылы көкейге түйдіріп, опасыздыққа бармай елдің серкесі болуға ұмтылатын сезіміңді «буырқантып-бұрсантып, мұздай темір құрсандыратындай» халді экстаз дей ме, соған дейін өршітіп апаратын.

Ол әлбетте құлақ қойғанға байланысты нәрсе. Көктен іздеген тақырып аяқ астынан жерден табыла кеткенде естен тана жаздамағанда енді қайтпек едік. Қазір сол уақыттағы тазалығыңды аңсайсың, Рымғали Нұрғалиевтың тартымды сұлу жаратылысын сағынасың. Көркем шешім жөніндегі бір айтар кесімін естігің келеді...

Соңында «сондай өмірдің мағына-маңызына қалай жетпегенмін» – деген өкініш иектейтіні несі екен?!

Гулнар ЕЛЕУКЕНОВА,

доктор филологических наук,

профессор

АКАДЕМИК Р.НУРГАЛИ

Рымгали Нургалиевич Нургали относится к тем казахским ученым, чье становление и творческий рост начинались в годы социального и духовного возрождения мира. Не случайно, 1960-1980 гг. прошлого века называют золотым периодом национальной литературы. Перед ними стояла задача структурного размежевания художественной литературы и науки, когда последняя выдвинулась на первый план, представляя собой образец формирования научного мышления. По воспоминаниям соучеников Р.Нургали, его товарищей-студентов, в нем филологический талант проснулся очень рано. В 1958 году он поступил на филологический факультет Казахского Государственного университета (ныне КазГУ им. аль-Фараби). По семейным обстоятельствам перешел на факультет журналистики единственного в ту пору университета. Но замечено, что научное мышление едино, как профессиональное мышление. Отсюда – из молодого журналиста вскоре формируется исследователь художественного слова. Об этом говорит небольшая книжка, написанная в соавторстве с профессором Б.Кенжебаевым о писателе Сабыре Шарипове (1961). Последующая научная биография состоит из трудов, изданных на казахском и русском языках. Названы лишь некоторые из них – «Трагедия табиғаты» (1968), «Талант тағдыры» (1969), «Өнер алды – қызыл тіл» (1974), «Поэтика драмы» (1979), «Өнердің эстетикалық нысанасы» (1979), «Зерно» (1981), «Айдын» (1985), «Телағыс» (1986). И, безусловно, большую значимость обретают для нас исследования, написанные незадолго и в первые годы государственного суверенитета Республики Казахстан – «Дерево обновления» (1989), «Арқау» (2-томник), «Әуезов және Алаш», «Вершины возвращенной казахской литературы» (1998), «Сырлы сөз» (2000), «Драма өнері» (2001), «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» (2002), «Алашординцы» (2005), «Эпическая драматургия» (2005). Разносторонние интеллектуальные, эстетические и, главным образом, научные интересы автора. Однако следует заметить, что в науке, как и в критике, большое значение имеет развитие индивидуального начала. Ибо личность и ее труды особенно связаны в гуманитарных науках. Имя академика Р.Нургали неразрывно связано с исследованием драмы.

Драма – наиболее трудный для читательского восприятия род литературы. Восприятие драмы, ее понимание требуют развитого воображения читателя: при чтении он должен создать в своем воображении некое действие, мысленно представить, как оно происходило бы на сцене. Формирование читательских и зрительских умений исследователя Р.Нургали имеет единую основу. Вот почему установка его научных размышлений на соединение литературоведческих и театральных знаний представляется правомерной.

Термин «драма» употребляется в двух значениях: «в широком – как один из родов литературы (наряду с эпосом и лирикой) и в узком – как один из видов драматического произведения». Автор использует термин в первом значении. Начальные теоретические разработки по драматургии отражены в исследовании «Өнер алды – қызыл тіл». Автор изучает в нем вопросы возникновения и эволюции художественной драмы от ее древнегреческих истоков, эпохи ренессанса, представленного драматургией Шекспира и советского периода истории.

Жанровые аспекты драмы рассматриваются ученым в трех основных ресурсах – драматический конфликт, композиция драмы и взаимосвязи драматического произведения с его театральной постановкой. По определению Р.Нургали, драматический конфликт выявляет жанровую суть объекта столкновения, тем самым, открывая его значимость и актуальность. Там, где нет конфликта, нет и драмы. Он же определяет особенности формы драматического конфликта. На основе анализа конкретных произведений исследователь показал, что только драматургия вбирает в себя такие жанровые формы как миракль, мистерия, моралите, форе. Автором изучаются возможности бытования данных жанровых разновидностей на сцене. Довольно свободно ориентируясь в истории литературы и критики, он называет опальные по тем временам имена Мажита Даулетбаева, который перевел на казахский язык произведения Шекспира в 1931 году; Габбаса Тогжанова, автора книг «Абай», «Вопросы литературы и критики», «О казахском театральном искусстве», репрессированные в сталинскую эпоху. Это стало препятствием для готовой докторской диссертации (1974).

Годы Независимости Республики Казахстан способствовали переосмыслению литературных фактов. Особую значимость в этом плане обретает для исследований литературы монография «Драма өнері» (2001). В ней впервые с высот эпохи Независимости комплексно рассматриваются вопросы казахской драматургии. Жанрово-системный подход к произведениям позволил автору исследования не только выявлять особенности драмы, но и углубиться в тот историко-социальный период, когда рождалось то или иное произведение. Таким образом, читатель имеет возможность ознакомиться с поэтикой национальной драмы. Жанровая классификация драмы, вышедшая из-под пера академика Р.Нургали, состоит в том, что, опираясь на традиционные виды драмы – трагедия, комедия, драма, он, в свою очередь, идет далее и исследует возможности их проявления путем обнаружения особых внутренних характеристик каждой из пьес.

У Нургали был свой собственный взгляд не только на возможности современной драматургии в литературном процессе, академик постоянно находился в русле творческих поисков. Ни один серьезный исследователь литературного процесса не обойдет вниманием творческое наследие Абая, М.Ауэзова. Размышления автора по этому поводу освещены в монографиях «Қазақ революциялық поэзиясы» и «Телағыс». Последняя работа посвящена осмыслению сборника произведений М.Ауэзова. Автор не забывал высказываться относительно творчества и своих современников – писателей и критиков, высказывая при этом заметный такт и заинтересованность в объекте изображения.

Следует отметить, что Р.Нургали с особым трепетом, бережно относился к своим одноклассникам, одногруппникам, дружбу с которыми сохранил до последнего часа своей жизни и по-своему гордился тем, что среди них находились такие крупные фигуры как Абиш Кекильбаев, Мухтар Мағауин и другие.

Когда умирает человек, хочется запомнить прежде всего его человеческие черты. Весомый вклад ученого в науку останется вместе с нами. К научным трудам ушедшего мы всегда сможем обратиться. А вот человека не стало! И, каждый, кто по долгу службы, по-соседски (как автор этих строк) имел возможность общаться с ним, понять о том, что с ученым можно было часами говорить на самые разные темы, не взирая на разность в возрасте, общественном положении и т.д.

Рымғали-аға никогда не отказывал в дельном совете, относился с глубоким пониманием к личной просьбе, всегда можно было расчитывать на его компетентность и поддержку. И вот теперь мы должны по достоинству оценить его самого, – того, кто проявлял заботу о достойной памяти других! Неслучайно появление ряда статей в периодической печати. Одна из которых названа «Келдік талай жерге енді» и посвящена Р.Нургали. В этом году академику исполнилось бы 70 лет. Писатель Отен Ахмет написал эссе по этому поводу («Қазақ», 20.04.2010). В нем автор, возвращаясь в дни своей юности, вспоминает о начале крепкой студенческой дружбы с Рымгали. В частности, повествуется о большой любознательности молодежи тех лет. Рымгали происходил из семьи, читающей и любящей книги. Его же друг – О.Ахмет прошел определенную школу жизни, проработав шахтером 2 года. И они как бы дополняли друг друга. Но Рымгали отличался большей начитанностью.

Автор не скрывает, что именно от Рымгали он услышал впервые о запрещенном тогда казахском поэте Шакариме Кудайбердиева, а стихотворение Магжана Жумабаева записал из уст Р.Нургали. Эссеист также вспоминает и о необычайной интеллектуальной зрелости своего однокурсника, которой тот смог удивить свое окружение. Школа журналистики помогла ему обогатить жизненный опыт, сформировать отношение к людям, явлениям, художественному творчеству. Далее буквально по датам публикуются дневниковые записи автора. Улавливаются настроение, движение души и т.д.

Мы еще много будем говорить о Рымгали Нургалиевиче Нургали. Он оставил о себе прочную память, и это не только исследования по поэтике казахской драматургии, но и труды по национальной литературе и критике. Его научный путь не был устлан розами. Наша задача состоит не только в том, чтобы сохранить его научное наследие, но и в том, чтобы сберечь живой облик неустанного исследователя.



Али Аббас ЧЫНАР,

Түркия Муғла университетінің доцент докторы,

қазақ және түркі халықтарының

фольклор-этнографиясын зерттеуші

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАҒЫ БІР АЛЫП БӘЙТЕРЕГІ ҚҰЛАДЫ:

ПРОФЕССОР РЫМҒАЛИ НҰРҒАЛИ ЖӘНЕ ОНЫҢ

ТҮРКИЯДАҒЫ ОРНЫ

Профессор Р.Нұрғали, Түркияда, әсіресе түркі әлемінің әдебиеті төңірегінде зерттеумен айналысатын ғалымдар арасында танымал ғалым әрі сүйікті адам еді. Оның қазіргі заман қазақ әдебиетінің тарихшысы ретінде жасаған зерттеулері мен еңбектері Түркияға да таныс. 1.06.1940 жылы Семейде дүниеге келіп, 16.02.2010 жылы қайтыс болды. Оның бұл қазасы түркология ортасына да, оны танитын дос-жарандарына да үлкен қайғы әкелді. Тәңірім жатқан жерін жайлы қылсын.

Қазақстанда және басқа да көршілес елдерде көбінесе алпыс жастан бастап, бес және он жас сайын ірі ғалымдар туралы жиындар, конференциялар немесе симпозиумдар жасалып, түрлі шаралар ұйымдастырылады. Бұл шаралар әсіресе жетпіс жастан бастап тіпті де көркем түрде атап өтіледі. Бұл дәстүр арқылы бір жағынан жасы келген ақсақал ғалымдарға құрмет көрсетілсе, екінші жағынан бұл ғалымдардың істеген қызметтері мен еңбектерінің мемлекет тарапынан да, ғылыми орта тарапынан да еленуіне жағдай жасалады. Осы арқылы ғылым саласындағылар ынталандырылып, оларды көбірек шығармашылықпен айналысуға итермелейді. Түркияда қалыптасқанындай профессор болған кісі «мен болдым, жеттім! Осынша жұмыс істегенім жетіп артылады!» тәріздес түсініктен аулақ болады. Мұндай жиындардың тағы бір қыры, жиынға себеп болатын кісілердің осындай күнге дайындалып, ерекше бір тебіреністе болуы болса керек. Соның арқасында, жасы ұлғайған ғалымдар өзін қажетсіз деп санамай, керісінше, дүниеге деген көзқарасын оң ұстайды. Түркияда да осындай жиындар жасауға болмас па еді? Түрік ғылым және білім саласына немесе түрік мәдениеті мен қоғамына еңбегі сіңген қадірлі тұлғалар жайлы осындай шаралар ұйымдастыруға болмас па еді? Өте пайдалы болатынына сенімім мол және осындай шараларды ақсақал ұстаздардың шәкірттері қадағалауы тиіс деп есептеймін. Қазақта мынадай сөз бар: «жақсының жақсылығын айт, ырысы тасысын» дейді. Білімге, ғылымға, қоғамға қызмет еткендердің бұл еңбектері олардың сау кезі де ескерілуі тиіс және тым болмаса жетпістен бастап әр бес, он жас сайын арнайы шаралар ұйымдастырылуы тиіс.

Р.Нұрғали, міне, осындай кезеңінде ортамыздан кетіп қалды. Жетпіс жылдығын тойлауға дайындықтар жасалып жатқан кезде Тәңірге оралды. Қазақстанның Мәдениет министрлігі, Ғылым және Білім министрлігі және Еуразия университеті бұл қадірлі тұлға жайлы арнайы симпозиум ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған еді. Әрине осы мекемелерді және бұл шараға еңбегі тиген кісілердің бәрін құттықтаймын. Р.Нұрғали жайлы симпозиум 2010-шы жылдың 28-ші мамыр күні Астанадағы Еуразия университетінде өтті. Бұл жиынға біз де шақырулымыз. Сол үшін өзімді бақытты сезіндім. Рымғали ағаның қазасы жайлы хабарды маған ол кісінің шәкірті, қазіргі профессор, доктор Құныпия Алпысбай жеткізген еді. Әрине қатты мұңайдым. Бірден жаза алмады. Алайда, кеш те болса қолға қалам алу маған парыз болды.

Р.Нұрғалимен ең алғаш 1992-ші жылы Түркияда таныстым. Түркияның Мәдениет министрлігі «түркі тілдері және орыс тілі» курсын ашқан еді. Менің қазақша үйренгім келіп еді. Курс 1991-ші жылдың қыркүйегінде басталып, 1992-ші жылдың мамыр айының соңында аяқталған еді. Р.Нұрғали осы аралықта, шамамен 1992-ші жылдың мамыр айында Қойшығара Салғараұлымен бірге Анкараға келіп, сол курсқа да соққан еді. Қазақстан елшілігі жаңа ғана ашылып, елшінің өзі әлі келмеген еді. Қазір президенттің көмекшісі қызметін атқаратын Қайрат Сарыбаймен бірге танысқан алғашқы қазақтардың бірі Рымғали Нұрғали болды. Түркияның Стамбул және Салихли қалаларында қазақтар бар еді. Измирде Ширзат Доғру мен Хасан Оралтайдың, Анкарада Ұядан Ақайдың есімдері аталатын еді. Бірақ олармен әлі таныспаған кезіміз еді, әрі олар Қазақстаннан келген қазақ емес-тін. Бұлар Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық республикасынан 1950-ші жылдары көшіп келген қазақтар еді. Елу-алпыс жыл бойы Түркияда тұрып келе жатқан еді. Ал біз болсақ, Қазақстанның қазағына құмар едік. Р.Нұрғали және Қ.Салғарамен әңгімелестік. Рымғали аға қазақ әдебиеті туралы баяндама жасады. Сөйтіп, қазақ мәдениетімен алғаш танысуыма себеп болған қадірлі кісілердің бірі болды. Әрқашан тек алғашқылардың қатарында болды. Ертесіне тағы жолықтық. Қазіргі Мәдениет министрлігіне тиесілі Улутағы ғимараттың үлкен бақшасында, тағы бір топ жолдастармен бірге, келген қонақтарды күтіп алдық. Бірге ас іштік.. Қазақтарға деген қызығушылығымды, қазақ әдебиетіне деген достығымды алғаш рет Рымғали ағаның кілтімен аштым. Анкарада болған бір аптаның ішінде күнде кездесіп тұрдық, мекен-жай алысып-берістік.

1992-ші жылдың қыркүйек айында бір топ жолдастарыммен бірге Қазақстанға сапар шектім. Ол кісіге телефонмен хабарластым. Ол кезде Қазақ энциклопедиясы басшылығында еді, сол жерде кездестік. Рымғали аға көптеген кісілермен кездесіп, танысуымызға жол көрсетті. Жылы ілтипат, жақындық танытты. Үйіне апарды. Түркияны жақсы көретін еді және түріктердің досы еді. Қазақстанның әлемге ашылған сәулесін танытқысы келетін еді. Ол кісінің үйінде қазақ халқының достығы мен қонақжайлылығының ең жақсы үлгілерін көрдім. Қонақ үйде емес, біздің үйде жат деп көп қолқа салды. Түркияда көрмеген достықты сол кісіден көріп қатты әсерленген едім. Жылап жібермеу үшін өзімді әрең ұстадым. Рахмет айттым. Бірақ ол кісінің үйінде біраз кісілерді бірнеше апта бойы қонақ қылып жатқанын білетін едім. Солардың бірі сол қазақ тілі курсында бірге болған жолдасым инженер Селим еді. Бірнеше рет апталатып сол кісінің үйінде жататын. Ол кездері бойдақ еді. Анкарада танысқанымызда қазақ қызға үйленгісі келетінін көп айтатын еді. Біз оған күле қарайтынбыз. Рымғали аға қазақ тілі курсының баяндамашысы болған күні, Селим еш қысылмастан тілегін білдірді. Оның бұл тілегін Рымғали аға түсіністікпен қабылдады. Намык Кемал Зейбек сияқты, ол кісі де Қазақстан мен Түркия арасындағы достықты үйлену жолымен арттыруға болатынын айтатын еді. Ақырында, ұзақ іздеулер мен таныстырулардан соң Селим дегеніне жетті. Әрі Түркияда, әрі Қазақстанда тағы бір есік ашылды.

Қазақстандағы алғашқы күнім еді. Рымғали ағаның үйінде қазақтың ұлттық асы бесбармақ жедім. Қазақ достығының тағы бір нышаны домбыра бұл дастарханның айрылмас бөлігі еді. Рымғали аға сол күні мені өзінің шәкірті әрі сенімді досы десем болар – Құныпия Алпысбаймен таныстырды. Құныпия Алпысбаймен арамыздағы достықтың іргетасы да сол жолы Рымғали ағаның үйінде, сол дастарханда қаланып еді. 1992-ші жылы басталған сол достық, жыл сайын жаңа белестерге көтеріліп, ұлғая берді. Сол жылдан бері, Қазақстанға әр сапарымда бір жағы Рымғали ағаның, екінші жағынан Құныпия Алпысбайды көрмей қайтпайтын болдым. Рымғали ағаның үйіндегі сол дастарханда Құныпия қазақ әндерінің небір үлгілерін шырқады. Рымғали ағаның қызы Ләйлә ол кезде әлі кішкентай еді. Түрік тіліне қызығушы еді. Рымғали аға Ләйләні түрікше үйренуге бағыттаған еді. Түркология саласында зерттеулермен айналысуға үгіттейтін. Бұл мен үшін Түркияның азаматы ретінде үлкен мақтаныш болып еді. Рымғали ағаға жақындай бердім.

1993-ші және 1995-ші жылдары Рымғали ағаның үйінде қонақта болдым. Ол кісінің ұлы Азаттық радиосында қызмет атқаратын еді. Әр барғанымда Азаттыққа интервью беретін едім. Қазақ телеарнасымен де байланыс орнатып, ол жерде де сөз сөйлеуіме жағдай жасайтын еді.

Рымғали аға Түркия мен Қазақстан достығының дамуына және нығаюуына көп еңбек ететін. Оның басты себебі – қазақ пен түрік халқының тамыр бірлігіне деген сенімі еді. Бұл туралы сөздерінің арасында көп айтатын. Түркияға бірнеше рет сапар шегіп, халықтың салт-дәстүрі жайлы хабардар болды. Кония, Стамбул, Анкара, Измир, Маниса, Салихли, Кемалпаша т.б. сияқты көптеген қалаларды аралып, халықпен жақын араласты. Осы сапарларының бірінде бірге болдық. 1993-жылы Түркияның Мәдениет министрлігі Қажы Бекташ ауданында ұйымдастырған “Халықаралық Қажы Бекташ салтанатына» шақырылған еді. Аңыздарда, сенімдерде және Қажы Бекташ әулиенің өмірі жайлы жазылған Уәләятнама атты еңбекте көрсетілгеніндей Қажы Бекташ – әулие болған, Лоқман Парендеден алғашқы дәрісін алған және Қожа Ахмет Яссауидің ілімін жалғастырушы кісі. Сондықтан да ол Яссауидың Түркиядығы «ізбасары» ретінде танылады. Бұл шараға Қазақстаннан Салтанат, Сазген ансамблі де шақырылған еді. Алматы қаласы Мәдениет басқармасының бастығы Елеусіз Жампейіс те бар еді. Нағима Есқалиева ансамблдің солисті еді. Бәріміз бірге шарадан бұрын Қажы Бекташқа бардық. Анкара мен Қажы Бекташ арасы бес сағаттық жол еді. Рымғали аға Яссауидің ізбасары саналатын Қажы Бекташ әулиенің кесенесін тезірек зиярат еткісі келген еді. Тебіренісін жасырмады. Қалаға барғанымызға бір сағат болған жоқ, Рымғали аға қоярда қоймай әулиенің кесенесіне бардық. Бешташлар, Зияреттепе деген жерлерді араладық. Халықтың түрлі нанымдарын өз еліндегілерге ұқсатты. Тіпті мұндағы халықтың сенімдері мен дәстүрлерін Қазақстандағы ежелгі Тәңіршілдік дінімен байланыстырып, ұқсастықтар тапты. Қажы Бекташта сөйлеген сөзінде де осыны айтты. Біз де оның осы бір білім сәулесінен пайдаландық. Р.Нұрғалидің бұл кең пайымдауы, салыстыруы сол жерге жиналған ғалымдар мен халықты таң қалдырды. Сол жерде болған төрт күн бойы айрылмадық. Мен, қазақ әдебиетіне қызығатын адам ретінде, қасымдағы осы бір дариядан қайтсем көбірек алып қалам деген ниетпен үсті-үстіне сұрақ сұраумен болдым. Рымғали аға жалықпастан жауап берумен болды.

Рымғали ағамен арамыздағы жақын достық қатынастарымыз жалғаса берді. Ұзақ жылдар бойы Қазақ энциклопедиясының бас редакторы болған еді. Алайда бұл құрылым тек энциклопедия ғана емес, қазақ мәдениеті мен әдебиетіне, өнеріне қатысты көптеген еңбектер жариялайтын еді. Менен де материал сұрайтын еді. Қажет материалдарды Түркияда өзіне бердім. Таба алмағандарымды кейін тауып жібердім. Ол энциклопедияда Түркияның және Түркиядағы үлкен құндылықтардың болуын қалайтын еді. Ол кісінің сондай кең көзқарасының арқасында Қазақ энциклопедиясының көптеген бөлімдеріне Түркия және түрік тұлғалары, құндылықтары кіргізілді. Ол жерде Мұстафа Кемал Ататүрк те, Фатих Сұлтан Мехмет те, Түркия Республикасының президенттері де енді. Рымғали ағаның бұл еңбектерін, ол кісінің Астанадағы Еуразия университетіне ауысыуына байланысты басқа кісілер жалғастырды. Оның достық қатынастарды нығайтуға бағытталған ойлары кейін де жүзеге асырылып жатты. Қазақ мәдениеті, әдебиеті, өнері жайлы жүздеген еңбектері оның Қазақ энциклопедиясының басшысы кезеңінің жемістері. Бұлардың ішінде Абай энципклопедиясы да бар, көп томды Шәкәрім де бар. Оның әрі өзінің жиғаны, әрі басқарушы ретінде қазақ қоғамына ұсынған еңбектері әлеуметтік мұраның, ұлттық мұраның таңдаулыларының қатарына жатады. Ұзақ жылдар бойы басқарған және өзі де мақала жазған Қазақ энциклопедиясының біршамасы Түркиядағы кітапханалардан да орын алды.

Соңғы жылдары кездесе алмадық Рымғали ағамен. Бірақ сәлеміміз үзілген емес. 2008-ші жылы қыркүйек айында Астанада Құныпия Алпысбаймен бірге Рымғали ағаны еске алдық, телефонмен хабарластық. Шынайы достықтың адамы еді. Достарды, жақындарды ұмытпайтын еді. Түркияда Измимрдегі Кемалпашада құрылған Ширзат Доғруның қымыз жайлауына да барып қонақ болатын еді. Ширзат Доғрумен де жақын достық қатынастары бар еді. Рымғали аға Түркияға келген сайын бетпе-бет көрісе алмасақ та маған телефон соғып, сөйлесетін едік. Бұл сөйлесулер көбінесе Ширзат ағаның үйінде болушы еді.

Р.Нұрғали Түркияда Абай, Мұхтар Әуезов және қазіргі қазақ әдебиеті туралы көптеген баяндамалар жасады. Түркияда құрылған Қазіргі заман түркі тілдері және әдебиеттері бөлімдерінде «Қазақ әдебиеті» сабағы да бар. Бұл сабақтарда да Р.Нұрғалидің кітаптары мен мақалалары басты әдебиет ретінде қолданылады. Маңызды әдебиеттер арасында сол кісінің еңбектері көрсетілетін еді. Оның Абай, Шәкәрім, Әуезов туралы еңбектері жіті қадағаланатын. Оның дамытқан және теориясын қалыптастырған қазіргі заман Қазақ әдебиеті жайындағы жазғандары Түркияда да қадағаланды. Оның еңбектерін, өзім беретін Қазақ әдебиеті сабақтарымда, мен де көп қолдандым.

Р.Нұрғали отыз жыл бойы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оқытушылық қызмет атқарды. Одан кейін біраз уақыт Еуразия университетінде де осы қызметін жалғастырды. Көптеген магистранттар мен аспиранттар тәрбиеледі. Оның жетекшілігімен қорғалған 14 докторлық, 42 кандидаттық диссертациялар да оның қазақ білім беру мен ғылым жүйесіне қосқан үлесінің нышаны болса керек. Берген сабақтарының арасында Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті, Мұхтар Әуезов шығармашылығы, қазақ театры: тарихы, түрлері және поэтикалық қыры, Алаш әдебиеті, т.б. бар. Бұл сабақтардың аттарының өзі тақырыпқа философиялық тереңдік беретіні байқалады.

Тоқтау дегенді білмейтін жігерімен қазақ әдебиетінің теориялық мәселелерін әрқашан еңбектеріне арқау етті. Соңғы жылдары дүниеге әкелген көптеген еңбектері маңызды кітап боп басылды. Ғылым әлемінде көптеген марапатқа ие болған Р.Нұрғали, «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» (2002) атты еңбегі үшін Шоқан Уәлиханов орденімен марапатталды. «Драма өнері», «Сөз өнерінің эстетикасы» атты еңбектерімен Қазақстанның ғылым әлеміне маңызды із қалдырды. Қазақ ұлтын сақтап қалу үшін күрестің жетекшілері, Алаш қозғалысының ерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулат, Халел Досмұхамед, Мағжан Жұмабай, Мұстафа Шоқай сияқты тұлғалар туралы маңызды ақпарат пен зерттеулерді негізге алған мақалалар жинағы да Р.Нұрғалидің жетекшілігімен дайындалған еді.

Профессор, доктор Р.Нұрғали жүздеген еңбектің редакторы және ондаған еңбектің авторы. «Өнер алды – қызыл тіл» (1974), «Мұхтар Әуезов» (1987), «Әуезов және Алаш. Әдебиеттегі ұлттық рух» (1997), «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» (2002), «Әдебиет теориясы» (2003), «Қазақтың жүз романы» (2003), «Шығармалар жинағы (7 томдық)» (2005), «Қазақ әдебиеті тарихы (10 томдық)» (2004-2008), «Қазақтың он мың мақал-мәтелі» (2010) т.б. сияқты кітаптар оның дүниеге әкелген еңбектерінің біразы ғана.

Ұлағаты мен мұрасының алдында басымды иемін. Қазақ халқына және жанұясына көңілімді білдіремін.



Әшірбек КӨПІШ,

жазушы

ТҰЛҒА

Рымғали Нұрғали секілді аса көрнекті зерттеуші ғалым турасында ой қозғамай тұрып, оның әдебиет дариясына қай бұлақтан келіп қалай қосылғандығын, арнасының ауқымы мен қуатын, оның жолына қойылған кедергілерді, ол өткен кейбір бұрылыс-бұлталаңдарды, ақыры – сірескен қалың бұлт арасынан жарқ еткен күннің шаншыла көтерілген отты семсеріндей серпінді ойларының ғасырлар бойында бабалар көмейінде сығымдалып келген, енді бір ұрпақ арқылы жебедей атырылып шыққан жігерлі үннің түпкі төркініне терең шомғанымыз дұрыс. Оның қаламгерлік рухындағы осы дауылпаз күрес пен толассыз арпалыс қасындағы адамды да, хас жүйрік қаламгерді де, қалың тыңдаушыларды да бірден өз биігіне көтеріп, үйіріп әкетеді. Және Нұрғалидің өз оқырманын көтеріп әкететін бұл биікке, қалай айтсаңыз да, өзгелер құлаш ұра алмайды. Бұл – ақиқат!

Рымғали Нұрғалидің әуелі адамдық бітіміндегі сирек бір келісімінен самғап шығатын аса айқын шығармашылық телегей-теңіз ағыстың жеке бір адамның ғана өмір-тағдырына қалай әсер еткенін сұрастыру жөн бола қоймас. Онан гөрі осы Тұлға әр кезеңде – өткен ғасырдың 60-жылдарынан бергі әдеби процеске тікелей қосқан үлесі қандай еді – бүгін осыны айтпай болмайды.

Бір ғана мысал айтайын. 1968 жылдың күзі. Қазақ университетінде екі жыл бойы негізінен жалпылама білім беретін пәндерді өз шама-шарқынша игеріп, әдебиет пен тілдің сан-салалы арнасын талдай оқып жүрген – үшінші курс студенттеріміз. Қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясынан, ауыз әдебиеті мен өткен ғасыр әдебиетінің даму барысынан бізге тамаша лекциялар оқитын Мәлік Ғабдуллин, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсембай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Ханғали Сүйіншәлиев, Белгібай Шалабаев, Зейнолла Қабдолов т.б. ғылым докторлары, профессорлар, ғылым кандидаттарының құнарлы лекцияларын әбден тыңдап, өсіп келе жатқан бізге бір күні өзіміз секілді жап-жас бір оқытушы келді. «Мен сендерге арнайы әдебиет сабағын беретін боламын» деді ол. Әлгіге біз күмәндана қарадық, күлдік те қойдық. Тіпті, оның алғашқы лекцияларына біріміз келсек, екіншіміз келмеуші едік.

Көп ұзамай-ақ әлгі аққұба, ашаң келген өзімізден жасы аз ғана ересек жігітті біз университет аудиториясында асыға күтетін болдық. Оның не сиқыры бар екенін кім білсін, лекция басталмас бұрын-ақ аудитория «аузы-мұрнынан шыға» толып кететін.

Анық байқағанымыз: ең әуелі, ол аудиторияда күтіп отыратын бізге асығатын. Тіпті оның жеке-басының мінез-бітімі бөлекше болды. Көше-көшеден өтіп келе жатқан Рекеңді көрген адам оны, тіпті де жоғары оқу орнында ұстаздық қызмет атқарады деп ойламайтын. Машина көрсе студент бала секілді көшеден жүгіріп өте салады. Жан-жағына жалт-жалт қарап, танысына бозбала секілді алыстан айғайлап қолын көтере қоятын, т.б. Ең бастысы, үстіне галстукты көйлекпен киген әдемі сәнді костюміне де қарамастан, жоғарғы қабатқа көтерілгенде екі-үш басқышты бір-ақ аттап, шығып кететін де, төмен түсе бастаса екі-үшеуін аттап өтіп, секіректеп түсетін. Бұл кезде шалқайта тараған қою қоңыр бұйралау шаштары ырғатыла селкілдеп, оның қимылына ерекше әдемі бір ырғақ беретін. Яғни, оның мінезінен таза жанды дала қазағының болмысы аңқып тұрды!



Екіншіден, ол бізге келген бойда өз лекцияларында Кеңестік қоғам бұғаулап бекітіп қойған сарысүйек, таптаурын методиканы лақтырып тастады. Журнал қарап, кім бар – кім жоқтығын, тіпті де тексермейтін. «Маған аудиторияда бес адам отырса – болғаны. Университетті мен үшін емес, өздерің үшін бітіресіңдер» дейтін. Журнал бойынша бір танысып шыққаннан бастап, әрқайсымыздың аты-жөнімізді анық білді. Және де қай лекциясын да біздің бойымыздағы немесе өмірдегі болымсыз бір детальдан бастап әкетіп, бүкіләлемдік процестерге апарып, ұластырып жіберетін.

Үшіншіден, ол әрбір лекциясын аудиторияда жүректері жалын атып отырған тыңдаушы жастармен тікелей қарым-қатынасқа, пікіралысу мен өзара диспутқа құрды. Ол лекция оқитын аудитория тура «араның ұясына» айналып қоя беретін. Және де ондай «араның ұясын» қажет кезінде сап басып тастайтын, қажет кезінде «дуылдатып, дауылдатып» жіберетін – оркестр дирижерінің қолындағы таяқшадай – бұл кісіде бір қасиет болды.

Төртіншіден, ол өз лекцияларын жан-жүрегімен оқыды. Ол біз секілді жастармен бетпе-бет келіп, жолыққанда өмір сүруге құштарлығы бұрынғыдан да артып, алдымызда тұрған уыздай жас жігіттің патриоттық рухы асқақтап шыға келетін. Оның лекцияларының бұрын-соңды ешбір ғалымдардан байқамаған, асқан поэтикалық рухы біздей жастарды бірден өзіне тартып, қалың ағыспен алды да кетті...

Рекеңнің бойындағы осындай нәзік те асқақ ақындық ойлары астасып жататын терең ғылыми талдаулары қазірде кез келген шығармасын өрнектеп тұрған жоқ па?!



Бесіншіден, ұстаз Рымғали Нұрғали – сол кезеңдегі әдебиетке деген көзқарасқа төңкеріс жасаған адам. Ол бұған дейін біз оқып-танысып келген әдебиеттегі процестерге мүлде жаңа көзқарастар жүйесін әкелді. Оның лекция кезіндегі шын мәніндегі революциялық талдаулары, қайдағы бір кітаптардан жазып алып келген үзінділері мен заманға қарама-қайшы келетін логикалық жетік дәлелдері, адам мен уақыт арасындағы бірлік пен қарама-қарсылық күресінен пайда болған ақын-жазушылардың шығармаларын жаңаша бағалай білу – міне, мұның барлығы біз бұрын-соңды естіп, әрі, батылымыз жетіп ойлап көрмеген дүниелер еді! Кеңестік қазақ әдебиеті туралы айта отырып, ол туысқан халықтар әдебиетіне, орыс және батыс әдебиетіне, тіпті, дүниежүзі халықтарының шығармаларына еркін қанат жайып шыға келетін. Тіпті, Абайдың арғы жағын тіреп тұрған қазақ ақындарын көне грек ойшылдарымен, Шығыс ғұламалаларын Египет пирамидаларымен салыстырып оқыған лекциялары қазір де есімізде тұр. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Шыңғыс Айтматов, Лев Толстой, Иван Тургенев, Иван Бунин т.б. секілді әр ғасырда, әртүрлі өмір сүрген қаламгерлердің шығармаларындағы біркелкі әдеби сюжеттер мен шешімдер туралы айтқан өндірдей жас ғалымның ордалы пікірлерін өз аузынан естігенімізде – біздің жүрегімізге шоқ түсіп, көзіміз жайнап кетті!.. Тіпті ол кезде қоғамдағы жетпіс жеті “қара құлыптың” астында жатқан Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсыновтардың есімдерін біз тұңғыш рет Рекеңнің аузынан ашық естідік. Алашордашылардың қоғамдағы қызметін талдай келіп, олардың да өз халқының тағдыры үшін күрескен мықты топ болғанын Рекең бізге алғаш рет “меңзеген” еді.

Міне, осындай өткір талдаулар мен тарихи-әдеби фактілерге құрылған лекциялардан соң біздің бұған дейін кеңестік қатаң жүйемен қалыптасып қалған дүниетануымыз төңкеріліп түсті. Аңқамыз ашылды. Рекең бізге өмірде бірімізбен біріміз ашық пікірлесіп жүру керек екендігін түсіндірді. Тіпті, XVIII-XIX ғасырлардағы орыс әдебиеті мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде жастардың астыртын құрылған үйірмелерінде өздерінің қолжазба шығармаларын талқылап отыратындығын да анықтап айтып берді. Бізге осыған дейін дәл осылай жан-жүрегімен жақын келіп сырласып, бәрін ашық айтып берген ұстаз болған емес еді...

Біз сендік. Қалтықсыз сендік! Осыншама ашық пікірлі өткір лекциялардан кейін біздің курстағы самаладай самсап, арманына жете алмай аңсап жүргендер дүрк көтерілді. 50-жылдардың екінші жартысындағы орыс әдебиеті мен 60-жылдардың бас кезіндегі қазақ әдебиеті жаңа өкілдерінің жасампаздық жаңалықтарын өзінің өр ізденістері арқылы біздің санамызға саулата құйып берген – Рымғали Нұрғали өзінің, шын мәнінде, қатты ізденісте жүрген өрттей жас студенттердің алтын діңгегіне айналғанын байқамай да қалған болар?!. Бұл – рухани жорықтағы нағыз қолбасшылық еді?!

Біздің курста әдеби қозғалыс күрт күшейді. Әркімнің ізденіс бағыттары айқындала бастады. Біздің курстың негізінде астыртын алғашқы әдеби үйірме құрылып, оған өзге қарайлас курстар мен факультеттерден шығармашыл достар келіп қатыса бастады. Алматыда өзге де талантты жастарды іздей бастадық. Астыртын үйірмеге өз қолжазбаларын ұсынған достарымыздың алғашқы шығармаларын “тас-талқан” етіп тастадық. Бір-бірімізге пікірді ашық айтатын болдық. Сол кезде шағын повестері, әңгімелерімен белгілі болған бір топ жас жазушыларды Жазушылар одағы арқылы университет залына кездесуге шақырып алып, трибунаға бірімізден кейін біріміз шығып, әлгілерді “турап” тастадық. Университетте әдеби қабырға газеті бұрынғыдан мығым шығатын болды. Махамбеттің өлеңдерін оқитын консерватория студенттерімен кездесу өткізіп, пікір алмастық...

Осындай бір кезде: “Ойбай, КазГУ-де бір топ әсіре солшыл жастар пайда болыпты. Беталыстары жақсы емес. Әдебиетте төңкеріс жасамақшы екен!” - деген дабыс ана жер, мына жерден естіліп жатты. Ол жоғары жақ арқылы біздің партия, кәсіподақ ұйымдарына келіп, енді университеттің байырғы оқытушылары, деканат арқылы бізге тұсау сала бастаған еді...

Міне, бәрін бірдей айтпасақ та, осы лектің дені дәл 70-жылдардан бастап әдебиет майданына тікелей лап қойып еді. Олар: Сағат Әшімбаев, Алма Қыраубаева, Әділбек Тауасаров, Ризабек Әдуов, Сайлаубек Жұмабеков, Баққожа Мұқай, Нұрлан Оразалин, Смағұл Елубаев, Сұлтанәлі Балғабаев, Алдан Смайыл, Лұқман Асылов, т.б. Бұл – Рымғали Нұрғалидың біз әңгімелеп отырған бір қыры ғана.

Ал, оның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі мүлдем бөлек әңгіме болса керек. Рекеңнің бізден кейінгі курстардан шыққан зерттеуші, ғалым, қаламгер, журналист шәкірттері қазір Қазақстанда қаншама! Рымғали Нұрғалидің сол жылдан басталған рух-дариясы 1968 жылы “Трагедия табиғаты”, 1969 жылы “Талант тағдыры” кітаптары болып басылып шығып, оқырмандарды дүр сілкіндіріп еді. Бұл кітаптармен бірге қазақ оқырманына заман арнасына әзер сыйып тұрған түбегейлі жаңа ой, жасампаз түсінік еніп, әдеби-ғылыми ізденісте жаңа бағыттар айқындалған болатын.

Рымғали Нұрғали – сол әуелгі тәжірибесіз қалпында өмірінде тұңғыш рет аудиторияға еніп, лекция оқыса да, біздің ұрпақ үшін парасаты өте биік Тұлға – Ұстаз болып қала береді.



Сәуле ТАПАНОВА,

филология ғылымдарының докторы,

профессор

АКАДЕМИК-ҰСТАЗ

Өз ісіне жетік білгір адамға берілетін академик деген ат ұлағатты ұстаздықпен қатар келген, әмбебап ғалым, ғалымдардың рухани ұстазы, болмысындағы табиғи талант пен еңбек егіз ұштасқан еліміздің біртуар азаматы Р.Нұрғали ағамызды бүгінде еліміз мақтанышпен айтады. Әдебиет саласында араласпаған, қалам тартпаған бірде-бір жанры жоқ десек, өтірік айтпаған болар едік. Оның айғағы – кешегі студенттен бүгінгі академик деген атқа жетуі. Менің бүгінгі арнайы тоқтағалы отырғаным – көп қырлы ғалымның бір қыры, оның ұстаздығы.

Ұстаздық – мәңгі көнермейтін, қандай қоғам, қандай кезең болса да өзінің қайта түлейтін қуатымен қасиетті де абыройлы мамандық. Ғұмыр бойы ізденуді, мазасыз толғанысты, өзін-өзі рухани жетелеуді керек ететін, жауапкершілігі шексіз кәсіп, әрі адамзат баласының ең бір қадір тұтатын пірі.

Ұстаз еңбегі күнделікті өндірілетін өнім емес, оның жұмысының нәтижесі, өлшемі – шәкірттеріне берген білімі. «Бала – балқытылған алтын» оны қандай қалыпқа құйып, мүсін жасаймын десе де ұстаздың өз қолында» - деген даналық сөз бар. Осы сөздің астарына білім шырақшыларының бүкіл қасиеті сыйып тұр десе де болады. Әрбір адам өз өмірін ойша шолып өткенде, есіне әуелі ата-мекені, ата-анасы, туған үйі, әрине, ұстазы оралады. Ендеше жалған дүниенің қызығына, білім әлеміне енді-енді ене бастаған әрбір шәкірттің көңіл төрінен орын алған, жанына жақын ұстазы болуы да заңды.

Ұстаздық – Р.Нұрғали үшін орны бөлек ұлық қызмет. Ұстаздың ұстазы болған профессор Б.Кенжебаевтың мақтанышпен ауыз толтырып айтқан шәкірті. Р.Нұрғали Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде ассистенттен профессор дәрежесіне дейін үлкен өмір тәжірибесінен өткен. Академик Р.Нұрғалидың басшылығымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында қыруар жұмыстар жүргізді. Алдынан бірнеше ғылым кандидаттары мен докторларын, сан мыңдаған жоғары білімді мамандарды тәрбиелеп, дайындап шығарған. Академик-ұстаздан білім мен тәрбие алған шәкірттері бүгін де республикамыздың бетке ұстар үлкен қайраткерлеріне айналды. Білім мен ғылым, әдебиет пен өнер, ел басқару саласындағы бүгінгі белгілі басшы қайраткерлердің көпшілігі Рымғали ағамыздың шәкірттері болып отырғаны – ұстаздың елге сіңірген еңбегінің байлығы мен баяндылығының анық та айқын көрсеткіші.

Үлкен талант рухы, шығармашылық шабыт, терең теориялық білім, үздіксіз іздену, өнердің, әдебиеттің даму процесіне әлемдік биік талап тұрғысынан қарау – Р.Нұрғали қаламгерлігінің өнегелік сипаты болса керек. Ғалымның қаламынан туған сын, зерттеулер мен көркем туындыларға көз жіберсек, ерен еңбектің, қажырлы таланттың куәсі болғандаймыз. М.Әуезов трагедияларын жан-жақты саралаған «Трагедия табиғаты», Жұмат Шаниннің өмірі мен шығармашылық жолын ашып көрсеткен «талант тағдыры», қазақ драматургиясының поэтикасын зерттейтін «Күретамыр», әдебиет пен эстетика негіздеріне талдау жасайтын «Өнер алды – қызыл тіл», «Өнердің эстетикалық нысанасы», «Айдын», «Телағыс», «Драма өнері», «Сырлы сөз», жаңа тұрғыда жазылған «20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті» ұжымдық монографиясына телеавтор болып қатысуы, «Абай» энциклопедиясының бас редакторы, 11 сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығының телеавторы, прозалық шығармалары мен аудармалары елімізге таныс дүниелер. Осындай еңбектері қазақ әдебиеті ғана емес, жалпы әдебиеттану ғылымындағы ірі жетістіктер болып саналады. Жоғарыда аталған еңбектері әдебиеттану ғылымын жаңа қорытынды, дәйекті тұжырым, соны ойлармен байытты.

Қоғамдық ойдың, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің алып бәйтеректері, отызыншы жылдар саясатының құрбандары Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаевты ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия мүшесі болып, ақталуына әдебиеттанушы ғалым ретінде, ұстаз ретінде белсене ат салысушылардың бірі болды. Студенттер алдында қайта оралған есімдердің мұраларын ғылыми тұрғыдан талдап, тұшымды дәрістер оқып, тұңғыш ғылыми мақалалары мен «Әуезов және Алаш», «Вершины возвращенной казахской литературы» атты кітаптарын жарыққа шығарды.

Ғалым-педагог Р.Нұрғали еліміздің ең ірі деген оқу орындарында еңбек етіп, республика көлемінде, алыс-жақын шетелдерде өткен түрлі ғылыми-теориялық конференцияларға қатысып, қазақ әдебиеті, мәдениеті, тарихы туралы баяндамалар жасағаны бәрімізге белгілі.

Бүгін де еліміздің мақтанышы болып отырған ғалым-ұстаздың алдынан дәріс алған мыңдаған жастар өздерін бақытты санайды. Осындай бақытты күн бізге, Жезқазған университетінің студенттеріне, еліміз үшін үлкен тарихи мәні бар жыл – тәуелсіздік алған он жылдығымызбен орайласып келген еді.

2002 жылы қазақ халқының бесігі, елдің ұлт болып ұйысуына ұйытқы болған құт мекен – Ұлытау аймағында орналасқан Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының арнайы шақыруымен келген, академик Р.Нұрғали Астананың үлкен жаңалығын, өзі еңбек ететін университетінің қуанышын ала келген болатын. Ол қуаныш – төл тарихымыздың ең әйгілі ескерткіштерінің бірі, түріктің ұлы қолбасшысы Күлтегін батырдың құрметіне орнатылған тас ұстынның тұңғыш рет жасалған ғылыми көшірмесінің Еуразия ұлттық университетіне қойылғандығы. Мәңгі тасқа: сөз, жыр, өлең, өсиет етіп жазылған ескерткішке түркі халқының барлығы да ие болуға қақысы барлығы, бірақ соған қарамастан қазақтар күллі түркі елі енші алып тарағанда, қазақ халқы қара шаңыраққа ие болып, бір жағы Еуропаны, бір жағы Азияны жайлап жатқан мына ұлы даланың белінде жатып, көне түріктердің рухын, әдет, салт-ғұрыптарын сақтап қалған ел екендігін жас буынға жеткізе айтып, ақын Мағжан Жұмабаевтың:

Тұран түрік ойнаған

Ұсап отқа,

Түріктен басқа от боп

Жан туып па?

Көп түрік енші алысып,

Тарасқанда

Қазақта қара шаңырақ

Қалған жоқ па?

деген өлең жолдарымен түйіндеген. Біздің ұлы бабаларымыз Бұмын, Естемі, Құтлық, Қапаған, Біліге сияқты қағандардың, Тоңұқұқ, Жолығ-тегін сияқты ақылгөй даналардың, Күлтегін сияқты ұлы қолбасшы батырлардың есімдері сол замандағы әлемнің небір айтулы тұлғаларының есімдерімен әбден қатар тұра алатындығын мақтанышпен айтты, тыңдаушы жастарға үлкен ой тастады.

Тәжірибелі ұстаздың жастармен болған алғашқы кездесу барысындағы әңгімесінің басы – ел қорғаған батырларымыздың, сөз бастаған шешендеріміздің елді, мемлекетті сақтап қалу, халқының бақытты өмір сүруі үшін ұлын құл қылдырмау, қызын күң қылдырмау мақсатында шайқасқан батыр, данагөй бабаларымыз туралы болуы тегін емес. Осындай елі үшін еңіреп туған, сол жолда қанын төккен, жанын қиған бабалар аруағына адал болу керектігін жастарға ескертіп өткендей болды. Ендігі жерде еліміздің болашағы жарқын болуға, елдің елдігін көрсететін оның әдебиеті, мәдениеті, тарихы, тілі, діні болуға тиіс екендігіне тоқталған. Болашақ елдің тізгінін ұстайтын жастар біріншіден, ел бірлігін, екіншіден, еліне адал қызмет етуі керектігін, яғни бүгінгі қоғамның жастардан күтер талабы да осы екендігін айтқан.

Филология мамандығы бойынша дайындалып жатқан студент, магистрант, аспиранттарға оқылған алғашқы дәріс сұрақ-жауап түрінде өтіп, жастарды ойландырар мәселелер төңірегінде сөз қозғалған. Үш сағатқа созылған алғашқы кездесу барысында ғалым бойынан: ұстаз мәдениетін, ұстаздықтың сара жолын ұстаған парасаттылығын, терең білімділігін, лекторлық шеберлігін көзімен көрген, көкейімен ұққан жастар сол дәрісханадан үлкен рухани азық алып тарасқан.

Жаңа ХХІ ғасыр әкелер ұлы өзгерістер егеменді еліміздің келешегі – жас ұрпаққа - әлемдік ғылым мен прогресс деңгейінде білім беріп, адамгершілік рухта тәрбиелеуді керек ететіндігіне тоқталған.

Бүгінгі таңда қоғамның жаңаруына сәйкес әдебиет, өнер саласында да біраз өзгерістер барлығын, бұрын әдебиетте белгілі бір мерекені немесе қазақ қыздарының басындағы теңсіздікті жырлағанды төбемізге көтеретін болсақ, ал енді ол концепцияның ескіре бастағанын, қазір тәуелсіздік, елдің жайы, адам тағдыры туралы қандай мәні бар сөздер айтылды соған назар аудару керектігі қазіргі әдебиетіміздің басты тақырыптарының бірі деп түйіндеген. Сонымен қатар, ірі қаламгерлеріміздің кезінде Кеңес үкіметін жақтады, компартияны айтты деп құнды, татымды туындыларын сыртқа тебуге болмайтындығы жайлы да сөз қозғалды. Қазіргі қоғамдағы ойды зерттеуші философ, эстетик, әдебиетшілер көркем туындылардың бұрынғыдай таптық мәніне, мазмұнына, идеясына қарап талдауымызды екінші тұрғыға қалдырып, шығарманың көркемдік әлемін, алдағы уақыт пен кеңістіктің көрінісі жөнінде өнерлік сипатына мән бере бастағанымыз жайлы және ендігі болашақ зерттеушінің жұмысының бағыты, өрісі көне түркілік тамырларымызды табуға, тануға, бағалауға жұмсалуы керектігін баса ескертті.

Р.Нұрғалидың тек өзінің төңірегіндегі жастарға ғана емес, сонау шалғайда жатқан жас ғалымдарға да жасалып жатқан қамқорлығы, ғылыми жетекшілік көмегі айтарлықтай. Оның дәлелі – осыдан он жыл бұрын бүгінгі Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті қазақ әдебиеті кафедрасының төрт оқытушысына ғылыми жетекші болып бекітілгендігі, бүгінде оның екеуі кандидаттығын қорғап, одан әрі екі оқытушының докторлық жұмысына ғылыми кеңесші болып отырғандығы осының айғағы. Сонымен қатар, университетіміздің студент, магистрант, аспиранттарына әдебиеттің көкейкесті мәселелері бойынша дәрістер оқып, мемлекеттік емтиханның төрағасы болды. Студенттердің үздік қорғалған дипломдық жұмыстарын әрі қарай жалғастыру керектігі жөнінде кеңестер беріп, әділ бағалаған кезінде ғалымның үлкен жанашырлық қамқорлығына риза болған студенттер күні бүгінге дейін атын ілтипатпен атайды.

Бүгінде академик Р.Нұрғалидің қаламынан шыққан барлық еңбектері университетіміздің кітапханасында жеткілікті данамен қамтамасыз етіліп, студенттер толығымен пайдалануға мүмкіншілік жасалған. Ғалымның әдеби мұрасын зерттеу мақсатында бір магистрлік жұмыс жазылу үстінде.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, көрнекті сыншы, жазушы, энциклопедияшы, педагог Р.Нұрғалидің өмірі мен творчествосын жан-жақты зерттеу бүгінгі жас ғалымдарымыздың алдында тұрған келелі мәселелердің бірі деп есептеймін.



Гүлдәрия ЕРЖАНОВА,

филология ғылымдарының кандидаты,

доцент

СОҢҒЫ ЖАҢА ЖЫЛ

2010 жылды қарсы алуға байланысты халықтың қарбаласып жатқан кезі. Екі мың тоғыздың отыз бірінші желтоқсаны жұмыс күні болып есептелгенімен, Астана жұрты аласапыран күйге түскен, адамдар мүмкіндігін тауып, жұмыстың ара-арасында дүкендерге жүгіріп, кешкі мерекеге дайындалуда.

Осы күні таңертең академик Рымғали Нұрғали үйіндегі жеңгеміз Қадиша Рүстембекқызы үйге телефон шалып:


  • Рекең Жаңа жылды жеке жайда-коттеджде қарсы аламын деп жатыр, деді.

Алғашында тосын хабардан бірден жауап қата алмай, үндемей тұрып қалдым, себебі онда көптен бері адам тұрып көрмеген бос үй, іші суық болуы мүмкін, далада қақаған аяз...

Бәрінен бұрын Жаңа жылды қарсы алу үшін шай ішетін ыдыс-аяқ, тамақ жасау үшін қазан, асты жеу үшін қасық, шанышқы деген сияқты заттар, ішкен тамақты басып, рахаттана бойға сіңіру үшін кілем, төсек-орын, төсекте жатып алып көңіл көтеретін теледидар, тағысын-тағылар.... жоқ, ештеңе дайын емес.



  • Ол үй жылу келіп тұрса да, адам тұрмаған, суық болуы мүмкін және де онда ыдыс-аяқ жоқ, қалай Жаңа жылды қарсы аласыздар? – дедім.

- Мен де соны айттым, бірақ Рекең көнбей қойды, тек сол үйде қарсы аламын деп, давай, сөзді қой, тез үйге кел, бірге барып дүкеннен барлығын сатып алуымыз керек.

- Бүгін Жаңа жыл ғой, менде тамақ жасап, дайындалуым керек, сонан кейін жаңа заттар сатып алудың қажеті не, өздеріңіз тұрып жатқан үйде ыдыс-аяқтан көп нәрсе жоқ емес пе, соны апара салмайсыздар ма? – деп едім:

- Жоқ, өзіміз тұрып жатқан үйдің ештеңе алмаймыз, бәрін жаңадан сатып аламыз, жаңа үйде бәрі де жаңа болуы керек, Рекең солай деп жатыр.

Сонымен не керек, менде уақыттың тапшылығын айтып, ары-бері бұлтақтатып едім, болмады, содан тез киініп ағайдың үйіне бардым. Есікті Рымғали ағайдың өзі ашты. Жағдай сұрасқаннан кейін:

- Ана үй дайын болмаса да, Жаңа жылды сонда қарсы аламын деп шештім. Керекті заттардың барлығын бүгін алыңдар. Мына қан қысымы деген бәле болып тұр ғой. Кең жер, таза ауа әсер ете ме деп отырмын, - деді.

Ағайдың арманы сол үйдің тезірек бітіп, сонда қоныстануы еді. Ол үйге ағайдың көп еңбегі сіңді. Алғашқы тасы түскеннен бастап, үй біткенге дейін басы-қасында болды. Архитекторы да өзі болды, ақыр аяғы шыршаларға дейін өзі таңдады.

Мен ойланып қалдым. Ағай бірнәрсе жасырып отырғандай көрінді. Сонда... Жолда келе жатып Рымғали ағайдың өмірі, шығармашылығы жайлы ойға кеттім.

Рымғали ағайдың бірінші принципі – «Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін» - болатын. Балаларының барлығын қазақ мектебінде оқытты, өз отбасында бір ауыз басқа тілді қоспай, тек қана қазақша сөйлейтін. Энциклопедияда жүргенде «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті мен өнері», «Ислам», «Қазақша-орысша сөздік», «Қысқаша орысша-қазақша сөздік», «Орысша-қазақша тілашар», «Шаңырақ» т.б. имандылықтың негізіне құралған танымдық кітаптар шығарды. Арманы: әрбір ата-ана өз үйінде ұрпағымен қазақша сөйлессе, әрбір қазақ баласы алдымен ана тілін біліп, артынан басқа тілдерді үйренсе әрбір үйде радио, теледидар қазақша сөйлеп тұрса, әрбір мемлекеттік іс-шаралар қазақша іске асырылса дейтін.

Екінші көп айтатын, үнемі мақтанышпен еске аталатыны – ұлт қаһармандары еді. Оның ішінде Бауыржан Момышұлын, Тоқтар Әубәкіров және Мұхтар Шахановты ерекше бөліп алатын. Бауыржан Момышұлының ірілігін, батылдығын, батырлығын ерекше қадірлейтін. Оның М.Әуезовке, С.Мұқановқа, Қ.Сәтпаевқа, Ғ.Мүсіреповке қаймықпай қатты сөздер айтқанын, дұрысын айтқанын, әділ сөзге тоқтаған олардың Б.Момышұлына ренжімегенін үнемі еске алатын. Тоқтар Әубәкіровтің халық батыры, үлкен азамат, ғарышты бағындырған тұңғыш қазақ, жай қазақ емес, батыр қазақ деп, ал Мұхтар Шахановты ешкімнен тайсалмай, Мәскеудің Жоғары Кеңесінің үлкен мінбесінен, қалың орыстың алдында тұрып, Желтоқсан оқиғасына байланысты айтқан ойы, қазақ жастарының көтерілісі екенін бүкпей ашық айтуы - ол кезде үлкен ерен ерлік болатынын, сондықтан оны батыр деп есептейтін – осы үшеуі қазақтың тірі батырлары, ұлт қаһармандары екенін үнемі айтып отыратын.

Көп ойланып, толғанатын, жаны ауыратын тақырыбы – қазақтың білімі, ғылымы, зиялы қауымы еді. Рымғали ағаның ойынша, шетелде оқып жатқан қазақ жастарының барлығынан үлкен маман, қоғам қайраткерлері шығады деп есептемейтін. Маман болу үшін бірнеше тілдің білудің қажеті жоқ, ол үшін шетелде оқудың да қажеті жоқ деп ойлайтын. Маман болу үшін адамға дарын, қабілет, іскерлік қажет. Шетелде оқыды деген марапат сөздер маманға берілетін сипаттама емес, маман еңбекте, әрекетте, күресте көрінуі керек деп есептейтін.

Ғылымда болып жатқан жаңа реформа туралы да өз пікірі болатын. Ғылым ешқашан тоқтамауы керек, алға жылжып отыруы тиіс, ғылым кандидаттары, ғылымы докторларының орнына «Ph.D докторы» дегеннен ештеңе шықпайды, бізде ол жүйе әлі қалыптаспаған, бұрынғы жүйе дұрыс, ғылым даму керек деп есептейтін.

Мектеп он екі жылдық жүйеге көше сала оның сапасы артпайды, ЖОО «кредитік жүйе» енгізгеннен студенттер білімді болып кетпейді, сапасы жоғарыламайды деген пікір айтатын.

Ғалымның ерен еңбегі – қазақ драматургиясын түгел зерттеді және Алаш қайраткерлерінің еңбектерін алғашқылардың бірі болып халыққа танытты.

Энциклопедияда еңбек еткен жылдары Қазақстанның әрбір облысына арналған жеке-жеке энциклопедиялар шығаруды қолға алып, «Алматы» және «Қарағанды», «Қарағанды облысы» кітаптарын шығарды. Қалалар есімізге түскенде Рымғали ағайдың әлемінің бүкіл жерінде болғанын айта кетуді жөн көрдік. Армения, Әзірбайжан, Грузия, Латвия, Литва, Молдовия, Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Эстония, Мәскеу мен Ленинградты қосқанда, Америка, Англия, Моңғолия, Индия, Франция, Венгрия, Чехословакия, Түркия т.б. елдерде болып, баяндама жасаған. Мекке қажылыққа барып қайтқан ғалым екенін білеміз.

Әрбір барған жерінен өзіне керекті мәліметтерді жинап, кейін халыққа үлгі етіп айтып отыратын. Үнді еліне барған сапарынан кейін үнді жұртының кішіпейіл, қарапайым, қанағатшыл, төзімді, сабырлы ел екенін айта келе, әлемге әйгілі Тәж-Махал туралы небір аңыздарға тоқталатын. Он екі миллионнан астам халық тұратын Дели қаласының тұрмыс-тіршілігін сөз ететін.

Түркияға барған сапарының бірінде ол жақтағы энциклопедия шығару ісімен танысқанын, оларда әмбебап энциклопедияларды бір адамның авторлығымен шығып та жатқанын айтып, оған өз қарсылығын да білдіріп отыратын.

Ойдан - ой жалғасып жатты...

Үлкенге – қызмет, кішіге – ізет етіп қалған мінезім бар және Рымғали ағайдың өтінішін жерге тастамай, жеңгемізбен бірге дүкен аралап, жоғарыда аталған заттардың барлығын алдық. Бірнеше рет барып-қайтуымызға тура келді. Дүкендерде қаптаған адам, аяқ алып жүрер жер жоқ және алатын дүниелеріміз біреу-екеу емес, үлкен бір коттедждің бүкіл жабдығы.

Рымғали ағайдың бір ерекшелігі – жұмысты тез әрі шапшаң істегенді жақсы көретін, сол себепті демалуға уақыт қалдырмай кешке қарай барлығын дайындап қойып, енді азық-түлік әкелуге кеттік. Сағат алтылар шамасында тағамдарды алып келсек, үйде ағайдың өзі жүр, Дәулеткерей мен Наурызхан соғымды бөліп жатыр, Қадиша жеңгеміз қазыларды айналдырда жүріп, тездетіп ағайға тағам дайындауға көшті.

Жеңгеміз ағайға тамақты тек ғана өзі дайындайтын, диеталық тамақ... тұзы жоқ, бұрышы жоқ, картоп жоқ, күріш жоқ...бірақ, дәмді дайындайтын, етті мол етіп салып, қымбат тұратын адам ағзасына керекті витаминдерден құралған тағамдардың неше түрін жасайтын.

Қадиша Рүстембекқызы өзі ғылым докторы, профессор, бірнеше монографиялық кітаптардың авторы болғанымен ағайдың жағдайын жасай білді, тамағын уақтылы беріп, дәрі-дәрмегін дайындап, қан қысымын сағат сайын өлшеп, киіндіріп, аяқ-киімін өзі байлап жұмысқа шығарып салатын. Қадиша Рүстембекқызы орыс, шетел және қазақ әдебиетінен бірнеше шәкірт дайындады, салыстырмалы әдебиеттану ғылымы бойынша бірнеше ғылым кандидаттарын шығарды.

Ағай Жаңа жылды жалғыз қарсы алмайтын, көршілерін, кафедра оқытушыларын, жолдастарын шақыртып алатын. Әсіресе, Серікзат Дүйсенғазинді отбасымен, балалармен бірге алдыратын. Қадиша жеңгемізге: «Тығып қойғаныңды шығар, Серікзатқа, келінге бер, сөмкесіне тамақ салып бер, олар жатақханада тұрады, балаларына сыйлық бер»,– деп отыратын. Жатақхананы алғанға дейін Серікзаттың тұрған пәтері сыз әрі суық болды, жас балалары жиі ауыратын, «бір күн болса да үйде болсын, балалары жылынсын» дейтін.

Өмір деген артыңа бір сәт қарауға мүмкіндік бермейтін, жанталасқан дүние екен ғой...

Рымғали Нұрғали қызығы мен қуанышы, ащысы мен тұщысы қатар аласапыран ғұмыр жолын басынан өткізді.

Ұстазы Бейсембай Кенжебаевтың көп қамқорлығын көрді. Шәкәрім қажының еңбегін кітабына енгізгені үшін жазықсыз жапа шеге жаздап, соңына түскен Абзал Қарасартовтың қаһарынан да ұстазы алып қалды. Үлкен ғалым Бейсембай Кенжебаев шығармашылық өмірде айқайдан гөрі, мәнді іс тындырып, қазақ әдебиетін жаңаша дәуірледі. Осы жолда көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Соның бірі – Рымғали аға болатын. Екінші курс студенті болғанына қармастан, архив ақтартқызып, Сабыр Шәріповтың екі томдық шығармалар жинағын қолына беріп, ғылыми еңбек жазуға отырғызып, жиырма бір жасында зерттеу кітабының авторы етті.

Бойында жылылық, қамқорлық, кеңдік, батылдығы бар Б.Кенжебаевтыңғылымға деген адалдығын, алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын қасиеттерін үйренген Рымғали ағай да алған бетінен қайтпады, өрге қарай ұмтыла берді, ұмтыла берді...



Жанат АЙМҰХАМБЕТОВА,

филология ғылымдарының кандидаты,

доцент, ақын

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ, РУХАНИ ТІРЕГІМІЗ ЕДІ...

Білгір ғалым, ұлағатты ұстаз, үлкен жүректі әке...

Рымғали Нұрғали туралы ойланғанда әуелі осы сөздер еске түседі. Айналасын сөзіне ұйытып, пікіріне бас изеткен осы бір парасатты тұлғаның ортамыздан кеткеніне жыл толып қалыпты. Әрқайсымызға асқар таудай пана, қамқоршы, ақылшы болған қайран ағаның орны ойсырап-ақ тұр. Өзіміздің ғана емес, бала-шағамыздың, әке-шешеміздің хал-жағдайын да ұмыт қалдырмай сұрап жүретін, әрқайсымыздың «мықты да» «осал» тұстарымызды қапысыз аңғарып, мақтауын да, ескеруін де орнымен айта білетін қайран ағамыздың сапарда жүріп бақиға аттанып кеткеніне өкінішіміз қандайлық болғаны өзімізге мәлім...

«Әй, балам, сабыр сақтасаңшы, ақылға сал» деп тоқтам айтар сәті, әзілге салып: «бой бермей ғой, болмаса бетін тырнап ал» деп, ашуланған сәтімізде күлдіріп жіберетіні – бәрі-бәрі ұлағатты жанның бізге берер үлкен тәрбиесі еді. Кафедрада отырып, коридордағы аяқ дыбысынан «Мына келе жатқан Жанат», «Мынау аяқтың дыбысы Қарлығаштікі», «ал, мынау – Сәулеш» деп, сырттан жасаған болжамы дәл келетініне таң қалатынбыз. Сөйтсек, ағамыз әрқайсымызға ерекше назар аударып, күллі табиғатымызды таныған екен де. Әркімнің өзіне тән болмысын танып, соған дәл мінездеме беріп отыратын. Бір шәкірті туралы «бір аяғын қарға басса, екінші аяғымен ол ізін өшіріп тастайды» деген сөзі есімде. Жек көріп емес, ерекше жылылықпен, әзіл етіп айтты. Ол шәкіртін өзі өте жақсы көретін. Шындығында да, ол кісімен араласа келе, артық сөз айтпайтын сақтығын, өзгелердің көзіне артық түсе беруді қаламайтын қарапайымдылығын көрдік.

Тапқыр сөз, орынды әзіл – ағаның өзіне ғана тән басты ерекшелігі еді. 2000-2001 жылдары болар, Рымғали аға мен Мырзатай (Серғалиев) ағамыз жиналыстан, сол кездегі гуманитарлық институт директоры Тілеген Садықов ағамыздың алдынан шығып келе жатыр екен. Қастарында қазіргі қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі – Сарқыт Қалымов. Ағай кафедрадағы сағат жүктемесіне жауапты доцент Гүлдария Ержанованы іздеді. «Қазір шақырайық» дедік. Сол кезде екі ағаның қасынан Сарқыт та жөнеле берді. Екеуі де «Қайда барасың, ешқайда кетпе» деп бөгемек болып еді, Сарқыт: «Қазір, Гүлдария Баймырзақызын алып келейін» деді. Сонда Рымғали ағамыз: «Атаңның басын ұстарсың Гүлдарияны» дегені. Біз күлкіге қарық болдық. Кей кездері Гүлдария апайды іздегенде таппай қалатынымыз рас еді. Сондайда ағамыз айтатын: «бәрің жабылып, бір Гүлдарияны таба алмайсыңдар» деп. Гүлдария апайды «кафедраның әжесі» дейтін. Бір-бірімізді сыйлаудың жолын осылайша көрсетіп отыратын. Апайдың үйіндегі Нәмет жездемізге деген сыйластығы ерекше еді.

Балаларымыздың да халін сұрап, қолынан келсе, көмегін беруге ұмтылатын еді. Қалай оқып жатыр, қалай өсіп жатыр дегенді үнемі есінен шығармайтын. Ұлым Едігенің халін үнемі сұрап, кей кездері жеңгеміз Қадиша апайға: «Сабаққа киетін костюмін сен алып бересің» деп міндеттейтін. Үйге телефон соғып, онымен қалжыңдар айтып сөйлесіп тұратын. Бірде мені іздеп, телефон шалғанда мен жоқ болып, Едіге телефон көтерсе керек. Сонда маған: «Ана ұл кеше ғана кіп-кішкентай еді, енді ержетіп кетіпті. Телефоннан бала қошқардай маңырайды ғой» дегені. Содан ұлымды бәрі қалжыңдап, көпке дейін «бала қошқар» деп жүрді. Ата-анамның қолында болған қызым Ақеркені де қалаға келген кезінде өз қызындай еркелетіп, үйіне шақырып, ерінбей әңгімелесіп отыратын. Кафедра мүшелерінің, шәкірттерінің балаларының бәріне де солай қарайтын. Елден ата-анамыз қыдырып келгенде үйіне шақырып, дастарханынан дәм татқызуды ұмытпайтын. Кейде олардың келгенін айтпай қалсақ: «Әй, балалар, сендер қазақтықтан кеткенсіңдер ме?» деп жазғыратын. Айта берсек, ағаның мұндай өнеге боларлық істері көп... Бәрімізді жақсы көрді, бәрімізді еркелетті, бәрімізге жақсылық жасады. Бірақ, сол жақсылығын міндетсіген кезі болған емес. «Бәріне болсын деңдер» деп отыратын.

Ағамыз ұстаз ретінде бәрімізге мақтау айтып, «осы тақырыпты өзіңнен артық ешкім білмейді» деп көңілімізді өсіріп отырса, қамқоршы ретінде, рухани әке ретінде де жылылығын, мейірімін аяған жоқ. Сондықтан да біз ұстазымызды ерекше жақсы көрдік. Ол кісінің бойындағы жақсы қасиеттерге тәнті болдық. Асқар таудай панамыз бола білген ағаның амандығын тіледік. Әттең, тағдыр жазуы жасын жетпіске де жеткізбеді... Өкінішімізде шек болмады. Жазмыштан озмыш жоқ деген... Бірақ, «жақсының өзі өлсе де, ісі өлмейді» дегендей, біз сияқты қаншама шәкірттеріне үлгі-өнеге болып қалды.

Қарлығаш БАЙТАНАСОВА,

филология ғылымдарының кандидаты,

доцент

ТҰЛҒАНЫ ТАНЫТҚАН ТҰЛҒА

Халқымызда “асқар тауға алыстан қара” деген ұлағат бар. Шамасы, таудың асқақтығы имендіріп, оған жақындатып, иемденуге көне бермейтін болуы керек. Кейде, сол биіктеген дүниелердің көлеңкесінде жүріп, жақсыны танисыз.

Академик Р.Нұрғалидан үйренер дүниелер мол еді. Кафедрада бірге жұмыс жасаған жылдары Рымғали ағаның бойынан жақсы қасиеттерді үнемі аңғарар едік.

“Мықты мектептен оқыдық” деп айтқанындай, жас кезінен тамырға сіңген тәлімді есейе келе жүйелі білім алумен ұластырған алпысыншы жылдардың толқыны туралы сұраған тілшіге Р.Нұрғали: “Елуінші жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың басында Қазақстанның әлеуметтік, мәдени, әдеби өміріне аяқ басқан буынның баршасына ортақ сипат бар екені рас. Ең алдымен, бұлардың балалық шағы соғыс жылдарының азапты күндерімен, қиыншылықпен, жоқшылықпен бірге өткен. Қиындық қазанында қайнап шыныққандықтан, олардың өмірге деген құштарлығы, табандылығы орасан зор болды. Болашақ қалам иелері әдебиетті Мұхтар Әуезовтен, тілді Ісмет Кеңесбаевтан, тарихты Мұсатай Ақынжановтан, шетел әдебиетін Михаил Мадзиган, Александр Жовтистен оқып білді. Ол кездің зерек студенттері кітапханалардың сирек, ерекше рұқсатпен кіретін қорларынан бастарын бәйгеге тіге жүріп тиым салынған кітаптарды оқыды. Ахмет, Әлихан, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбектермен танысты...”, дейді (5-бет, Сырлы сөз. Әдеби сын зерттеу. А., 2000).

Осы бастамашы ұрпақтың өлмес ісі алаштың арыстарын көпке танытты. Универитетте оқылатын дәрістерде Рымғали аға алаш арыстары туралы шым-шымдап студенттердің құлағына сіңіре берді, кітаптарын қолтықтап ала барды.

Академик Р.Нұрғали халқының ұлтжанды, біртуар перзенттерін танып, жақын тұтуын жалғастыра берді. Түркияға жол түскен сапарында (1992) қайраткер, ұлтжанды азамат Хасен Оралтаймен кездеседі. Сондағы танысу-білісу үстінде Қазақ энциклопедиясының бас редакторы Р.Нұрғали өзінің тапқыр оралымды сөйлеуіне сайып, “Мен коммунизм құлап бара жатқан кезде ғана “Қазақ Совет Энциклопедиясына жас академик басшы керек деген кезде, басқасы табылмай, дереу қолдан жасалған коммуниспін, ұлттық сана-сезімді сонау ауыр күндерде де, шамамыздың келгенінше дәріптеуге тырысқандардың бірімін”-деп Х.Оралтаймен танысады (398-бет, “Елім-айлап өткен өмір”, А., 2005). Сол тұста-ақ өздерінің ұлттық көзқарастары бір жерде тоғысқан екі тұлға Алаш әрекеті мен Алаш Ордаға байланысты ұзақ-ұзақ әңгімелер шертеді. Бұл жөнінде Х.Оралтай “тәуелсіз Қазақстанның жазушы (Қ.Жұмаділов), ғалым (Р.Нұрғали), тарихшы (Қ.Салғара) көрнекті үш тұлғасымен көлемді кеңесіп, халқымыздың басына түскен өткендегі ауыртпалықтарды тұңғыш рет кең отырып, еске алып мұңдасуым еді” деп тебірене жазады (398-б). Кейіннен бұл таныстық рухани жақындыққа ұласып, Р.Нұрғали “Азаттық” радиосына ұлт арыстары, қазақтың рухани дүниелері туралы маңызды мақала, материалдар әзірлеп беріп отырады.

Академик Р.Нұрғали Хасен Оралтайдың Қазақстанға келу сапарларының бірінде қаламгерді студенттер қауымымен кездестіріп, “Еуропа жұртшылығына қазақты, алашты танытқан мықты ағаларың Хасен Оралтай осы кісі” деп көңілден кетпес аса әсерлі жүздесуге себеп болды. Хасен ағаны кафедра мүшелерімен таныстырып, сұхбат құрғызды.

Осындай іссапарларының бірінде Германиядан алашшыл тұлға Хасен Оралтайдың жеке мұрағатын әкеліп, қаладағы академиялық ұлттық кітапхананың қорына өткізді. Осы қайраткердің мол дүниесінен кейіннен кітапхананың жабық қорына бара жүріп, үш-төрт папкаларды қарадық. Х.Оралтайдың “Азаттық” радиосында істеген жылдары жариялаған мақалаларын қарастырып, “Елім-айлап өткен өмір” ғұмырнамалық шығармаларына арқау болған үзік материалдарымен таныстық. “Елім-айлап өткен өмір” туындысының мемуарлық, жанрлық-құрылымдық сипатын тақырып етіп студенттер мен магистранттарға ізденіс жұмыстарына ұсындық. Осының бәріне дәнекер болған ғалым Р.Нұрғалидың тек отандық әдеби үдерісті ғана емес, шетелдегі әдеби мұралардың да жағдайын біліп, танып жүргенін, рухани мұралардың көпшіліктің игілігіне айналуын көздеген жанашырлығын аңғартады.

Х.Оралтай Рымғали ағаға да үлкен ілтипат білдіріп отырған. Басқасын айтпағанда, қаламгердің жоғарыда аталған ғұмырнамалық туындысында Р.Нұрғали есімі жиірек аталып отырады. Кітаптың беташарында қаламгер “Елім-айлап өткен өмір” сонымен бірге кей жазушы және ғалымдардың кітаптарында да тілге тиек етілді. Мәселен, академик ғалым Рымғали Нұрғали 2004 жылы Астанада жарық көрген “Қазақтың 100 романы” деген кітабының 167-168 беттерінде: “Шетелдегі қазақ диаспорасының көрнекті өкілдерінің бірі, қоғам қайраткері, журналист, қаламгер Хасен Оралтайдың “Елім-айлап өткен өмір” шығармасын жанр жағынан алғанда, өмірбаяндық роман деуге болады. 1999 жылы Стамбул қаласында жарық көрген сегіз жүз бетке жуық туынды С.Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешу”, С.Мұқановтың “Өмір мектебі” романдары сияқты автордың басынан кешкен өмір жолынан мол мағлұмат береді”,- дейді (5-бет).

Қазақтың жанашыры Х.Оралтай халқының жоғын түгендеуге жат ортада саяқ жүріп кірісті. Қазақстанның қай жерде екенін білмей қиналған американдықтың әрекеті жігерін құм қылған Хасен қазақ үшін үлкен әрекетшілдікке барады. “Азаттық” радиосында қызмет еткен жылдары қазақша бағдарламалардың уақытын көбейтіп, алаш арыстары туралы тағылымды хабарларды үзбей ұйымдастырып отырады. Бұл жөнінде радионың қазақ бөлімін басқарған Х.Оралтай: “Азаттық” радиосы қазақ бөлімі әр ай сол айдағы қазақ тарихындағы маңызды оқиғаларды анықтап, сол жөнінде жыл сайын арнайы программа беруді берік дағдыға айналдырған-ды. Мәселен, 13.12.1917 жылы Алаш Орда үкіметінің құрылған күні, Мұстафа Шоқайұлының туған және қайтыс болған күндері, Шығыс Түркістан қазақтарының ұлттық батыры Оспан батыр Ісләмұлының қытайлар жағынан атылған күні, Әлихан Бөкейханұлының мүшел жылын, Мағжан Жұмабайұлының, Кенесары Қасымұлының мүшел жылын және қазақтың басқа да ондаған ұлттық тұлғаларының мүшел жылдары мен діни мейрамдары, тарихи аза күндерді 1953-тен 1995-тің маусым айына дейін 42 жыл ұдайы атаумен өтіп келді”,-дейді (257-бет). Сонымен қатар “Шығыс Түркістан қазақ түріктері еркіндік жолында”, “Ұлы түркішіл Мағжан Жұмабайұлы”, “Абылай дастаны”, “Алаш-Түркістан түріктерінің ұлт-азаттық ұраны” кітаптарын жазды. Алаш идеясын шетел басылымдарына таныстырды. Осындай жанкешті тірлігі де екі тұлғаның табысуына себеп болған болуы керек.

Қайраткер Х.Оралтай: “Академик Р.Нұрғалимен тоқсаныншы жылдардың басында танысып, содан кейін көп кездесіп, дәм-тұзымыз араласып кеткен, тонның ішкі бауындай адамдармыз. Ең бастысы ұлт мәселесіне, әсіресе Алаш қозғалысы, Алаш азаматтары, Қазақстан тағдырына байланысты ой-пікіріміз ұқсас. Менің кейде алдыма келгенді тістеп, артыма келгенді теуіп жіберетін тарпаң мінезімді көп адамдар кешіре алмай, теріс айналса, бұл іні, досым “Альпінің тауларында жалғыз өзі ұлып тұрған Керейдің көксерегі” деп арқамнан қаға салғанына мен мәзбін”,-деп жарасымды достық пен ілтипатты да аңдатып отырады (188-бет, “Елім-айлап өткен өмір”ден соң”, Ізмір, 2006).

Бұл ғалым Р.Нұрғалидың жақсыға тигізер шарапаты, кең мінезділігі, қадау-қадау мағыналы істерге ұйытқы болуы еді.

Р.Нұрғали осылайша қазақтың біртуар тұлғасын еліне танытқан тұлға еді.

Бәтима МЕШІМБАЕВА,

педагогика ғылымдарының кандидаты,

доцент

ҰЛТТЫҚ РУХТЫ ЖОҒАРЫ КӨТЕРГЕН ҒАЛЫМ-ҰСТАЗ

Әдебиеттану ғылымының бәйтерегі, қазақ халқының біртуар азаматы Рымғали ағаны Абай, Шәкәрім, Сәрсен Аманжолов, Зәки Ахметов сияқты алып тұлғалар, Төлеген Тоқтаров, Қасым Қайсенов сынды ержүрек батырлар дүниеге келген, тілші-әдебиетшілерге,ғалымдарға, қоғам қайраткерлеріне бай Шығыс өлкесінің, туған елінің көңілінен шыққан перзенті ретінде мақтан тұтамыз.

Рымғали аға – кемел білім мен халқын қалтқысыз сүйген үлкен жүректің иесі еді. Ол бүкіл саналы ғұмырын туған халқын рухани тұрғыдан кемелдендіруге арнады. Ұлттық рухты жоғары көтерген Рымғали аға өзінің кәсіби мамандығымен қатар терең зерттеуші, сыншы, жазушы, білімді ғалым, білікті ұстаз ретінде көпшілікке танымал. Еңбектерінде әсіресе қазақ елінің тарихын, қазаққа тән мәселелерді зерттеп, белгілі арыстарымыздың әдеби мұраларын халқынының игілігіне айналдыру мақсатында маңызды жұмыстар атқарды. Рымғали аға "Толғауы тоқсан қызыл тiл" (Алматы, 2009) еңбегінде алаш қайраткерлерiнiң басын қосқан, күресiп өткен басты идеяны: "Алаш қайраткерлерiнiң түпқазық идеясы-қазақ мемлекетi. Ол үшiн ата-баба қанын төгiп қорғаған, сақтап қалған» деп айқындайды.

Телағыстан нәр алған Р.Нұрғалиев - қазіргі ғалым-сыншыларының айдынды легінде өзінің шығармашылық жетістіктерімен мәлім. Әдебиет зерттеуші, сыншы, жазушы Рымғали Нұрғалиұлы Алаш қозғалысына қатысқан азаматтардың басым көпшілігі ұлт мүдделеріне арналған күнделікті іс-әрекеттерімен айналыса жүріп, қуғын-сүргін азабына қарамастан әдебиет, публицистика, ғылым, аударма салаларында қалтырған бай мұраларын зерттей келе, оларды жариялау, насихаттау ісінде қыруар жұмыс атқарды. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ әдебиетi мен мәдениетiнiң алып бәйтеректерiн халқына қайта табыстыруда Р.Нұрғали айтарлықтай еңбек сiңiрдi. Алыптарды ақтау жөнiндегi Мемлекеттiк комиссияның мүшесi болған ол Қауiпсiздiк комитетiнiң архивтерiнде шаң басып, түкпiрде жылтырап жатқан ұлы шығармаларды жарыққа шығаруда, оларды оқырмандармен таныстыруда қыруар жұмыстар жасады; алыптар туралы алғаш мақалалар жазып, халқымен қауыштырды. Мысалы: 1988 жылы Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларын жинақтап, жеке том етіп шығарса, «Әуезов және Алаш» атты монографиясында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев т.б. туралы, солардың ізін қуған М.Әуезовтің шығырмашылығы жөнінде рухани-идеялық сабақтастығы жайында құнды туындылар қалтырды. Рымғали Нұрғалиев драматургияның күрделi мәселелерiн теориялық тұрғыдан сөз етiп, дәлелдеген тұлға.



Р.Нұрғалиевтың ғалымдық келбетіне тән қасиет - жүйелі білім мен айрықша тіл байлығы, стиль сұлулығы, әдеби материалға еніп, қаһарман, тартыс сырларын психологиялық тереңдікпен талдай ашады. Автордың кейде талдап отырған көркем шығарманың кiлтiн тауып, iшiне кiрiп, шешен тiлмен шабыттанып кететiн кездерi де болады. Кандидаттық диссертациясына оппо­нент болған Әбділда Тәжібаевтың: “Рымғалидың тілі асып-төгіліп жатыр”- , деп сүйсінгені соның айғағы болса керек.

Р.Нұрғалидың ғылыми зерттеулерi кезiнде ғалымдар, замандастары тарапынан жоғары бағаланды. Әдебиеттің, мәдениеттің қоғам да­муындағы, қоғамдық сананы қалыптас­тырудағы рөлі туралы жасаған зерттеу­лерінің бәрінен Р.Нұрғалидың энцикло­педиялық білім деңгейі көрініп қана қоймай, оның азаматтық тұлғасы мен болмысы танылады.

Ғалымның қазақ драматургиясы туралы зерттеулері аса ерекшеленіп, қарастыр­ған мәселелері мен жасаған талдаулары ғылыми жұмыс қандай болуының эта­лоны болды. Ғалымның елу, алпыс жылдығы, ҚР Мемлекеттiк сыйлығын алған тұстарында жазылған көптеген мақалаларда оның ғалымдық, азаматтық бейнесi жарқырай көрiндi. Р.Нұрғалиев ұзақ жылдар бойы басшылық жасаған ұлттық энциклопедиямыздың жаңа биіктерге көтерілуі, жеке облыстар, қалалар жайлы энциклопедиялар шоғыры - оның ойы мен қиялының тікелей жемісі. Ұзақ жылғы шығармашылық ізденістердің алып қорытындысындай болып өмірге «Абай» энциклопедиясының келуіне де орасан еңбек сіңірді. Кейінгі жарық көрген іргелі еңбегі – “Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры” арқылы Алаш арыстарының мол мұрасын қайта зерделеді. Ғалымның үш кітаптан тұратын әдебиеттанушылық еңбектері «Әдебиет теориясы», «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті» жалпы курстары, «М.Әуезовтың шығармашылық ұстаханасы», «Қазақ драматургиясы: тарихы, жанрлары, поэтикасы», «Алаш ұранды әдебиет» арнаулы курстары бойынша жазылған еңбектері қазір жоғары оқу орындарының білімгерлеріне, магистранттарына кеңінен қолданылады. Р.Нұрғали (Х. Әдiбаев, М.Базарбаев, З.Қабдоловтармен бiрге) – төрт рет қайта басылым көрген 11-класқа арналған "Қазақ әдебиетi" оқулығының да авторы.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған ерекше дарын иесі белсендi әдеби шығармашылығын ғылыми-педагогикалық қызметiмен қатар алып жүрді. Парасат-пайымы терең Рымғали Нұрғалиев бүкіл өмірін рухани ағарту ісіне арнады. Нағыз педагог, шынайы ұстаз отыз жылдан астам Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің филология факультетінде, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі кезеңдерінде білімгерлерге дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеу тәліміне баса назар аударып, қазақ халқының талантты ұлдары мен қыздарына терең білім мен саналы тәрбие берген тұғыры биік тұлға.

Елорданың еңсесі биіктеуіне, ондағы әде­би-мәдени өмірдің жандануына қомақты үлес қосып, жаңа астана­мыз­дағы ғылыми-рухани ортаның қалып­тасуына елеулі еңбек сіңірген ғалым-ұстаз еліміздің түкпір-түкпіріндегі рухани-мәдени мәселелердің барлығына белсенді араласты. Бек­зат бітімді, бекем пікірлі ұстаз аға Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы педагогикалық университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс қазақстан мелекетік университеті, өзім жұмыс істейтін Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеттерінде өткізілген ғылыми-теориялық, ғылыми-әістемелік конференцияларға қатысып, тақырыпқа сай өзінің маңызды ойларын, идеяларын ортаға салатын. Ғалымның баяндамаларында мәдениеттер тоғысуы тән қазiргi дәуiрiмiздiң өзектi мәселелерi жайлы байсалды пiкiрлері орын алатын. Жан-жағына сәуле түсіріп жүретін жанның шәкірттері де көп болды. Республика жоғары оқу орындарына ғы­лыми кадр дайындау ісіне де айрықша үлес қосып, талаптыны өрге, зерделіні төрге оздырғанша тағат таппайтын қамқор аға, ғалым-ұстаздың шәкірттері бүгінде еліміздегі ірі білім ордаларында дәріс беріп, ұстазымыздың берген білімін әрі қарай шыңдап жүр.

Жоғарыда атап өткен "Толғауы тоқсан қызыл тiл" атты еңбегінде ұлтжанды азамат қазақ тiлiнiң ертеңгi күйi жайында: "Ендi сөз додасын, той-томалақты азайтып, нақтылы iс атқаратын кезең туды. Қазақ тiлiн сауда-саттықтың тiлiнен бастап, ғарыш кешенiнде халықаралық мәмiлелерге қолданылатын тiлге айналдыру үшiн барлық сала бойынша ұғымдар мен атаулардың ана тiлiмiздегi баламасын жасап, бiр жүйеге түсiруiмiз керек", - деп жазады. Ғалымның тіл мәселесі жайлы келесі пікірлері: "Қазақтың қаймағы бұзылмай, тұтасып отырған кезiнде тiл проблемасы болған жоқ. Бұл – отаршылдықтың күшеюiне байланысты туған тауқымет", "...елiмiздiң мектеп оқушылары ана тiлiн, ұлттық тiлдi алдымен игерiп, өзге тiлдi өз талабы бойынша содан кейiн бiлсе де жетiп жатыр", - деген ойлар төңірегінде өрбиді.

Энциклопедиялық бiлiм иесi, эстет, қазақтың сыншыл ойының дамуына аса зор үлес қосқан Рымғали Нұрғалиевтiң мұрасы, әсiресе, оның әдеби зерттеулерi мен әдеби-сыни туындылары ешуақытта ескiрмейдi. Қазақстан Республикасы ҰҒА академигi, Мемлекеттiк және Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтардың иегерi, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалидың қазақ ұлтына сіңірген еңбегі қомақты. Оның қаламынан шыққан құнарлы туындылар ұлттық рухани қазынамызға үлес болып қосылады. “Алашым”, “Елім” дегенде кеудесі қарс айырылатын, ұлтының рухы мен на­мысына екі дүниеде ештеңені тең­гер­­меген, қазақ дейтін халықтың қаба­ғын жерге қаратпау үшін бар саналы өмірін арнаған санаулыларымыздың бірі, жаны жайсаң, мінезі мәрт аға Рымғали Нұрғалиұлының еңбегі елі үшін қызмет ете береді. Осындай ерен еңбек тек рухы биік, халық намысын қорғай білген қазақ ержүректер ұландарының, Алаш қайраткерлерінің қолынан келеді.

Әдебиеттер

1. Нұрғалиев Р. // Абай. Энциклопедия. Бас ред.Р.Нұрғалиев.-Алматы: Атамұра, 1995.

2. Нұрғалиев Р. Телағыс:Монография .- Алматы: Жазушы,1986.

3. Нұрғалиев Р. Айдын: Монография.-Алматы:Өнер, 1985.

4. Тудым, өстім, есейдім, ен далам - анам, мен - балаң: (Р.Нұрғалиев - 60

жаста) // Арна.-2000.-26 мамыр.

5. Нұрғали Р. Толғауы тоқсан қызыл тiл.- Алматы, 2009.

6. Нұрғали Р. Абыралы: тарихы мен трагедиясы // Егемен Қазақстан.-2003.-22 наурыз.

7. Құрмамбаева Қ. Рымғали Нұрғали туған жерде // Ертіс өңірі.-2004.-2 желтоқсан.

8. Тоқсанбай Қ. Тамыр жаяр кең өріс // Егемен Қазақстан.-2005.-3 наурыз.



Тұрсынбек БАЙМОЛДАЕВ,

педагогика ғылымдарының докторы,

профессор,

Жайна САМЕТОВА,

аға оқытушы

ТАУ СІЛЕМІНДЕЙ МОЛ МҰРА ҚАЛДЫРҒАН

(Ғалым Р.Нұрғалидың жалпы білім беретін орта мектептің 11-сыныбының жаратылыстану-математика бағытына арналған

«Қазақ әдебиеті» оқулығы жайлы бірер сөз)

Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін орта мектептерге арналған негізгі құжаттарының бірінде: «Білім берудің басты мақсаты – оқушының білім алуына, өзгермелі дүние жағдайында өздігінен әрекет ету, өзін таныту, әлеуметтік дағдыларды меңгеру қызметтерін орындауына қажетті іскерліктерді қалыптастыра отырып дара тұлғаның қабілеттерін дамыту» деп айқындалса, оған қоса оқытудың жаңа технологиясын меңгеруге қол жеткізу, тәрбиені ізгілендіру, білім берудің жаңа жүйесіне көше отырып, оқушылардың жан-дүниесін ұлттық құндылықтарды игеру талаптарына бейімдеп, тұтастай алғанда рухани кемелденген, төл мәдениетіміздің тұнығын қанып ішкен адам тәрбиелеу әдебиет пәнінің басты міндеттерінің біріне айналып отыр.

Әдебиет пәні орта мектептегі негізгі эстетикалық пән әрі нағыз сөз өнері екендігі белгілі, сонымен қатар адам бойындағы шексіз мүмкіндіктерді ашып, халықтың ұлттық құндылықтарынан сусындауға бастау болады. Сөз өнері жеке адам бойындағы эстетикалық талғамды дамытып қана қоймайды өнер туындысындағы, табиғаттағы, адамдар қарым-қатынасындағы жарасымдылық пен әсемдікті тани да ұға білуге, дұрыс бағалауға, олардан жан ләззатын тауып әсерленуге, терең пайымдауға үйретеді. Осы ретте ұлы жазушы М.Әуезов әдебиет пәнінің қызметін: «Әдебиет мектеп ішіндегі ақыл, сезім тәрбиелеп, қалыптасып жетілуден басқа оқушыға қазақ деген елдің өткендегісі мен бүгіндегі пішінін танытуға керек»,- дейді. Ендеше еліміз егемендік алғаннан бастап жазылып жатқан әдебиет оқулығы осы үдеден шығуға талпыныстар жасап келеді. Филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалидың (авторлық құрамда белгілі ғалымдар Р.Бердібай, Б.Ыбырайым бар) орта мектептің жаратылыстану-математика бағытына арнап жазған 11-сыныбының «Қазақ әдебиеті» оқулығындағы 10 тарауын (А.Байтұрсынов, М.Дулатов, жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы әдебиет, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, І.Жансүгіров, Ә.Тәжібаев, І.Есенберлин, Қ.Жұмаділов) бөліп алып қарастыруды жөн көрдік. Сонымен, алғашқы А.Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығына арналған тарауда тұнып тұрған тың деректер, соны зерттеулер беріледі. Мысалы, «өзі орысша жазған «Жизньописание» (1929, 8 наурыз), «Биография» (1929, 21 тамыз) атты материалдары айрықша бағалы. Бұлар ҚазПУ мұрағатында сақталған» дей келіп, пікірін «кезінде Ахмет Байтұрсынов, оның ғылыми еңбектері туралы орыс ғалымдары профессор А.Самойлович (Литература турецких народов. «Литература Востока», вып.І.ІІ., 1919), Е.Поливанов (О киргизско-казахской орфографии. «Бюллетень СГУ», вып.7, Ташкент, 1924) әділ әрі бағалы пікір айтқан болатын» деп жалғастырады. Одан әрі 1929 жылы Мәскеуде «Коммунистік академия» баспасынан шыққан «Әдебиет энциклопедиясының» І томында «А.Байтұрсынов – аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі және педогогі...Ол – қазақ тілі емлесінің реформаторы, грамматиканың және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы» деген бағалы пікірді оқушы назарына ұсына келіп, М.Әуезов, С.Сейфуллин, А.Н.Кононов, т.б. әдебиетші-тілшілердің, жас ғалымдардың, газет-журнал беттеріндегі Ақаңның туындылары туралы зерттеулерін айта кетіп, «...ескі газет-журналдарды, мұрағаттарды ақтарған, көне кітаптарды оқыған сұңғыла жандар алдынан тұтастай тау сілеміндей болып Ахмет Байтұрсынов мұрасы шығар еді» деп бағалайды. Одан әрі А.Байтұрсынов мұрасының негізгі арналарына тоқталады. «Мысалмен айтылған көп ойлар» тараушасында орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсұнғандығын, мысал арқылы әлеуметтік ойға ықпал етуді көксегендігін айта келіп, әсіресе «Қырық мысал», «Маса» атты екі жинағының қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, тың идеялармен, терең ойлармен, түрлі өрнектермен байытқандығын айта келіп, «Үлес», «Жиған-терген» секілді т.б. біраз өлеңдерін талдайды.

Оқулық авторы ірі ғалым-тілші, әдебиет зерттеушісі А.Байтұрсыновтың баспа беттерінде жарияланған мақалаларын тізбектей отырып, шығармашылығының келесі бір қыры ретінде «Ер Сайын» жыры мен қазақ тарихының 400 жылдық мерзімін қамтитын 23 жоқтау, трагедиялық жырларын өңдеп бастырғандығын айта келіп, 1926 жылы Ташкентте басылған «Әдебиет танытқышы» кітабына ерекше тоқталады, қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым, көсемсөз шебері, қоғам қайраткері екендігін баса айтады.

Ғалым Р.Нұрғали келесі тарауда Міржақып Дулатовтың Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, алдыңғы қатарлы татар, орыс зиялылары Г.Н.Потанин, Ә.Диваев, профессор А.Крымский, академик В.А.Горлевскийлермен араласқанын, атын әлемге паш еткен «Оян, қазақ!» кітабына енген өлеңдерін саралай келіп, «Оян, қазақ!» кітабының әлеуметтік-қоғамдық мәні, айрықша салмағы – өз заманының шындықтарын ашып, келешек көш жолдарын іздеген бағдарламалық сипатында азаматтық, ұлттық берік рухында жатыр»,-дейді, Міржақып шығармаларындағы адами игіліктерге, имандылыққа, білімге, адамгершілікке, оқуға, мәдениетке үндеу ақын таңдаған арна ретінде қарастырады. Ақынның «Азамат» (1903), «Терме» (1915) жинақтарында, одан кейінгі жазған өлеңдерінде, ең алдымен, сөз сұлулығына, тіл тазалығына ерекше мән беріліп, дидактикалық, үгіттік, насихаттық ойлар азайып, оның есесіне, поэтикалық образға, ішкі қисынға, астарға, емеурінге, ишаратқа айрықша көңіл бөлінеді. Тақырып ауқымы кеңеюмен бірге, өлең формалары құлпырып, ұйқас-ырғақ тынысы арта түсетіндігін, оқушының оқырмандық қызығушылығын арттыруға әрекет етеді. Міржақыптың ақындық ізденістерінде әзіл-қалжың өлеңдер, табиғат лирикасы үлгілері, тәмсіл, мысал нұсқалары да бар. Орыс тілін жетік білген, қос тілде қатар жазған қаламгер А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов өлеңдерін, Н.И.Анов пьесасын, көптеген ғылыми, тарихи еңбектерді қазақшаға дәл де шебер аудару арқылы әдеби тіліміздің қалыптасуына көп үлес қосқан. Бұдан кейін қазақ әдебиетінің тарихындағы тұңғыш роман «Бақытсыз Жамалға» талдау жасайды. Роман жайлы: «Өмір құбылыстарын жан-жақты қамту, сан алуан қақтығыстар үстінде көрінген күрделі бейнелерді жасау, көркемдік талаптарға жауап беретін іргелі қазақ романдарыны басы – «Бақытсыз Жамал» романы болды»,-деген баға береді. Бұл әдебиетші-ғалым Р.Нұрғалидың ізденімпаздығы мен зерттеушілік деңгейінің тереңдігін әрі оны ғылыми дәлелдермен негіздей отырып, жатық, жеңіл тілде оқырманға ұсына білетін шеберлігін, кәсіби тұрғыда өз ісіне адал маман екендігін де айғақтайды.

ХХ ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарындағы қазақ әдебиеті – қуғын көріп, алапат қиыншылықтарды бастан өткерсе де, тапталып қалмай, айдын жолға шыққан, ұлтының рухани өмірін, күресін, үміт-тілегін бейнелеп берген күрескер әдебиет. Сол жылдары прозаның барлық негізгі жанрлық формалары туып, қалыптасып, стильдік көркемдік, идеялық-эстетикалық ізденістер кең өріс алды. Жанрдың әңгіме, повесть, роман үлгілері кәсіби дәрежеге көтеріліп, қоғамдық өмірдің сан алуан құбылыстарын бейнелеу талаптарын орындап, әлеуметтік сұранысты қанағаттандыра бастады. Оқулық авторының сөзімен келтірсек, «қазақ әдебиеті қанша қуғын-сүргін көріп, оның небір алыптары лагерьлерде, түрмелерде азап шегіп, атылып-шабылса да, өнердің ұлы арнасы құрғап қалмай, ұлттың рухани өмір көші ілгері басты».

Автор қарастыратын келесі бөлім өз туындыларында азаматтық ұстанымдарды бірінші қатарға қойған, өнердің әлеуметтік, тәрбиелік мәнін аса қатты құнттаған, шығармалары арқылы қоғамға қолма-қол ықпал жасауды ойлаған жазушы Сәкен Сейфуллин шығармашалығына арналады. Оның барлық жанрдағы туындыларының басты ерекшелігі – өз заманының, уақыттың көкейтесті мәселелерін көтеріп, соларға көркемдік-идеялық саралау жасауында жатыр. С.Сейфуллин поэтикасында символ дәрежесіне көтерілген бірнеше тұрақты образ бар. Олар – асау тұлпар, қызыл сұңқар, аққу, домбыра, экспресс, альбатрос, сыр сандық, толқын. Осылардың ішінде сұлулық, тазалық идеалы ретінде алынатын бейне – аққу. Бұл образ «Көкшетау» поэмасында, «Жемістер» повесінде кең суреттеледі. Әсіресе «Аққудың айырылуы» поэмасында ақын аллегориялық тәсілмен көркем ой айта білген, мәңгілік махаббатты жырлаған. «Көкшетау» поэмасын оқулықта жан-жақты саралай отырып, «Бейнелеп айтқанда, бұл шығарманың архитектоникасын әр түрлі формадағы ғажап сұлу тастар текшелеп жиналған Көкше тауларына ұқсастыруға болар еді» деп жазады. Бұдан әрі:

«Жетсе егер қорқынышты қара түнім,

Басса дерт, әлім құрып, шықпай үнім.

Көңіл ашар, кеудеме жан кіргізер

Өлең менің – Шолпаным, Айым, Күнім»,– деп толғаған Мағжан Жұмабаев өмірі мен шығармашылық жолын тұтас қарастырып, кең көлемде ақпарат береді, ақынның күрделі өмір құбылыстарын, тарихи кезеңдерді бейнелейтін, реалистік сипаттармен қоса, символдық, мистикалық, фантастикалық сарындарға бой алдыратын аса күрделі өлеңдерін, философиялық, трагедиялық жырларын, шерлі, мұңды толғауларын, еріксіздік азабы, түрме тауқыметіне арналған шығармалар шоғырын, ғашықтық жырларын, поэмаларын, мақалаларын, психологиялық астарлы сырлары бар реалистік пейзаж үлгілерін тізбектей отырып, түсініктер береді де «Батыр Баян» поэмасын жоғары сынып оқушысына түсінікті жеткізуге жан-жақты дайындықтар жасайды.

Сегіз қырлы, бір сырлы дарын Ж.Аймауытов шығармашылығын «Көркем проза» тарауында «Қартқожа», «Ақбілек» романдары мен «Күнекейдің жазығы» хикаятына, «Реалистік драма» бөлімінде құнарлы тіл өрнегімен, дара мінезді кейіпкерлерімен ерекшеленетін «Қанапия-Шәрбану», «Рабиға», «Мансапқорлар», «Ел қорғаны», «Шернияз» драмаларын оқушы назарына ұсынуға тырысады.

Әдебиетші-ғалым Рымғали Нұрғали Жетісу жерінде дүниеге келген І.Жансүгіровтің алғашқы өлеңдерінен бастап, қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмалары, «Жолдастар» романы, «Кек», «Түрксіб», «Исатай-Махамбет» пьесаларын әр жылдары жазған өлеңдеріне жан-жақты тоқталады. Ілиястың пейзаж лирикасының ішіндегі ұлттық бояуы айрықша қанық, қазақ тілінің бейнелеу қуаты молынан көрінген, стильдік-көркемдік тұрғыдан айрықша туындысы – «Жетісу суреттері». Бірнеше тараулардан тұратын «бұл шығарма асқан шебердің картиналар сериясынан тұратын кесін өнерінің кемел полотносындай әсер етеді»,-деп ой түйеді автор.

Ғалым: «Үздік шығармалар беріп, әлемдік даңққа бөленген, көп салалы, мол сырлы, алуан әуезді қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің алдыңғы қатарында ауызға алынып, құрмет етілетін қаламгерлердің бірі – Әбділда Тәжібаев»,- дей келіп, шығармашылығын поэзия, драматургия, ғылыми-сын еңбектер, проза салаларына бөліп алып, әсіресе ақынның туған жері Сырдарияны жырлауына ерекше мән бере айтады да «Майра» драмасына талдау жасайды.

Одан әрі жоғары сынып оқушысына Ілияс Есенберлин шығармашылығы жайлы «Бес поэма, төрт пьеса, үш киносценарий, он алты роман жазған қаламгердің берекелі таланты қазақ халқының ғасырлар панорамасын көрсетіп берді. «Көшпенділер», «Алтын Орда» трилогиялары, «Қатерлі өткел», «Ғашықтар», «Алтын құс», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Қатерлі өткел» романдары жайлы мәлімет береді.

Әдеби білім беру жас ұрпақты адамзаттың ғасырлар бойы жасаған ұлттық

құндылықтарымызды бағалай, терең түсініп, ұғына білуге бағыттайды десек, оқулықтарымыздың бетінен қазіргі әдебиет өкілдерінің озық шығармаларын енгізу қажеттігі туындайды. Әдебиеттің көркем шындық көрінісі екендігін тірек ете отырып, әдебиеттің адам болмысын, көзқарасын қалыптастыруға ұйытқы болатын, жас ұрпақ бойына ұлттық қасиеттерді сіңіретін бірден-бір тағылым көзі екендігіне ерекше басымдылық берілуі қажет. Осы ретте оқулыққа енгізілген Қабдеш Жұмаділов шығармашылығына шолу жасай отырып, «Соңғы көш» романын сұрыптап, зерттеп алады да, «романда әр тұста беріліп отыратын билер сөзінен фольклор дәстүрінің жақсы сабақтарын, халықтық айшықтарды аңғартады. Қ.Жұмаділовтің мақал-мәтелдерді, тұрақты сөз тіркестерін, қанатты оралымдарды кең пайдаланағанын жазады. Осындай білім мазмұны ХХІ ғасыр ұрпағының рухани өсуіне ықпал ететін әрі қоғам дамуының жаңа дәуірінде білімнің өмірлік дағдыларының базасына айналдыратын ұстанымы болмақ.

Қазіргі жалпы білім беретін орта мектептің мақсаты да бәсекеге қабілетті жеке тұлғаның өзіндік қабілетін дамытуға мүмкіндік жасау болса, шынайы біліктілік білім мазмұны арқылы да, оқушының жалпы табиғи өсу қалпына сәйкес ұйымдастырылатын оқыту түрлері арқылы да, әр тақырыптың, тіпті оның әр кезеңінің ерекшелігімен қабысып жататын оқыту әдістері арқылы да жан-жақты әрі үзілмес тінге байланғанда мүмкін болады. Ал әр ұрпақтың алдындағы ең қасиетті парыз – ана тілін, төл әдебиетін құрметтеу, өзінен кейінгіге рухани аманат ретінде табыстау болса, осындай міндеттің абыройы мен жауапкершілігін сезіндіре оқыту оқушының әдеби білім сапасын меңгеру құзыреттілігіне айналады.



Қорыта айтсақ, ғалым, оқулық авторы Рымғали Нұрғалидың ғылыми-зерттеу жұмыстарының жан-жақтылығы, өзінің тілімен айтсақ, «тау сілеміндей мол мұра» қалдыруын жаратылыстану-математика бағытының 11-сыныбына арналған оқулық материалдарының топтамасынан көруге болады. Ескеретін жайт, оқулықта берілетін білім ауқымының молдығы, ондағы деректемелік материалдардың кеңдігі, әдеби мазмұнның мұғалім мен жоғары сынып оқушысының өмірлік қажеттілігіне саралап пайдалана білу шеберлігіне келіп тіреледі. Оның үстіне мұндай әдеби білім ұлттық болмысты қалыптастырудың және ұлттық құндылықтарды меңгертудің бірден-бір тетігі боларын да қаперде ұстаған жөн.

Жамал БОРАНБАЕВА,

филология ғылымдарының кандидаты,

доцент

РЫМҒАЛИ НҰРҒАЛИ ТІЛІНІҢ КӨРКЕМДІГІ

Әл-Фараби өзінің «Ғылым жүйесіндегі поэтиканың орны» деген еңбегінде «Төртінші ғылым-поэтика; ол сөздерді деңгейіне және реттілігіне қарай орналастыру керектігіне үйретеді» [1] деп жазса академик В.В.Виноградов «Поэтика дегеніміз форма, түр, шығарманы сөздік-көркемдік жағынан ұйымдастырудың құралдары мен әдістері туралы ғылым»[2] дейді. Ал А.А.Потебня «Поэтикалық шындық дегеніміз-сөздің дәлдігі» [3] десе. В.В.Кожинов «Поэтика-көркем сөз туралы ғылым. Қаламгердің көркем сөзінің мазмұнымен байланысындағы өзіндік формасының бір түрін зерттеуге бағытталған» [4] деген сілтеме береді. Әр заман ойшылдарының осылайша берілген пікір-анықтамалары поэтиканың зерттеу ауқымының кеңдігін және уақыт озған сайын күрделене түсетіндігін көрсетеді. Әдеби тілге үстеме мағына беріп, оның көркіне көрік қосатын, сол арқылы әдеби шығарманың мазмұнын құнарландырып, пішінін ажарландыратын, көркемдеу құралдарын дұрыс пайдаланып, заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсететін, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттейтін қалам шеберлері екендігін нақтылайды. Адамды ғылымға итеретін-ой, идея, көркем тіл, терең көзқарас. Бұған дәлел құнарлы ойдан, құнды сөз шығаруымен ел-жұртты өзіне қаратқан тіл шебері Рымғали Нұрғалидың тамаша еңбегінің бірі «Телағыс» кітабын ашқанда поэтика, әдебиеттегі стиль, грамматикалық категориялар, методологиялық принципті әдістер жайлы сөз қозғап, оқырманын әр жақты ойға жетелей білген ғалымның көркем де, әсем сөз саптауындағы өзіндік ойларын таңқала қабылдайсыз. Әлемдік әдебиет тынысын, оның аясында қазақ әдебиетінің сол күрделі шығармашылық тіршілікке үндескен тұстары мен даралық, ұлттық бояу, ерекшеліетерімен қатар, салыстырмалы талдауындағы шеберлігі, әдебиет әлеміндегі эстетикалық көзқарас мектебі хақындағы тың теориялық байламдары таптырмас құнды ойлар екендігін білесіз. Шал ақын, Бұқар жыраудан бастап бүгінгі ірі қаламгерлер шығармашылығна дейінгі аралықтағы күрделі өсу, кемелдену өзектерін саралаудағы дәлелді тұжырымдары, психологиялық талдаулары, мифологиялық сарындардың қазіргі әдеби қозғалыстағы трансформациясы, түркі тілдес халықтар арасындағы хикаялардың (Алдар Көсе, Қожанасыр, т.б.) кейінгі шығармашылық даму процесі әсеріне қатысты пікірлері, жеке бір жазушы шығармалары: Шекспир, Кафка, М. Әуезов, ғ. Мүсірепов, Ә. Нұрпейісов т.б. туралы толғаныстары, әдеби жанр проблемалары: драматургия, проза, революциялық поэзия жөніндегі алуан түйінді: «Қазақ драматургиясы», «Өнер алды-қызыл тіл», «Поэтика казахской драматургии», «Қазақ революциялық поэзиясы» атты көркемдік – аналитикалық талдаулар, зерттеулерінің парасат деңгейі жас ғалымдардың ғылыми өрісін кеңейтіп, ой саларлықтай еңбектер екендігін түсінесіз. Қазақ әдебиетінің тарихын, тыныс-тіршілігін, дүние мәдениетінің арғы-бергі даму ерекшеліктерін, қалпын саралауды, әдебиет шығармаларын түсіндіруімен, қажет жағдайда олардың өмір-өнердегі орнын, мән-мағынасын анықтауды жақсы түсініп баққан озық ойлы, батыл да принципшіл ғалым келешекке көз жібере отырып, шығармаларды қалай жөндеп, жетілдіру жолдарын көрсетуінің куәгері боласыз. Драматургияның дамуын түсіндіріп, бағалап-таразылап қана қоймай оның дамуына өз әсерін тигізе білуінің салдарынан жарық көрген М. Әуезовтің «Қилы заман» романы, «Алуа», «Дос-Бедел-Дос» драмалары туралы мақалалары, С. Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіров драматургиясы туралы зерттеулері, әсіресе ұлттық театрымыздың негізін қалаушы қазақтың тұңғыш профессионал режиссері Жұмат Шаниннің режиссерлігін, драматургиясын танытқан «Ай қанатты арғымақ» атты романынында оның өнерімен өзектес өмірін, Сталиндік репрессия кезіндегі қиын тағдырын көрсетудегі қаламгердің көркемдік сөз қолданысындағы түрлі бояулары, шығарма мазмұн байлығымен қатар тіл байлығын дамытудағы әдіс-тәсілдері, заттың не құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ оны басқа затпен, құбылыспен салыстыру арқылы шығармасының мазмұнын құнарландыратын, пішінін ажарландыратын көркемдеу құралдарын қолдану әдісінен жазушының көрікті ойдан-көркем сөз жасай білген шеберлігін танисыз. Академик З. Қабдолов айтқан: «Жазушының тілі шұрайлы, сөздік қоры мол болуы керек. Бұл – қалам иесіне қойылар бұлжымас талап. Тіл байлығы сөз өнеріндегі мазмұн байлығына әкеледі. Ал халыққа қажет шығарма-мазмұнды шығарма»[5] екендігінің дәлелін табасыз. Мәселен: «... Көк құнан, жирен құнан қос садақтан қатар атылған қос жебедей заулай жөнелді», [6] деген жолдардан жүйріктікті нысанаға алып, бүйірі қызған дарабоздарды садақтың жебесіне теңеу шеберлігін танысаңыз.

«... –Албан елі аспан зәулім, төбесі көк тіреген тауларды мекендейді. Биік-биік шыңды таулар көмкеріліп тұрған дәл осы Қояндының жазығы секілді ғажап жайлаулары бар. Қысы - жазы ерімейтін мәңгі мұзының бауырынан жаратылған бұлақтары лақша секіріп отырып, біріне-бірі қосылып, өгізше отырған киіз үйдей тастарды оймақтай лақтырып, допша домалатады» [6] дегендегі өзен мен бұлақ ағысын жануарлардың мінез-құлқына сай етіп образ жасауынан, ойнақтап аққан бұлақты-лаққа, біріне-бірі қосылып аққан өзенді-өгізге теңеуінен жазушының сөз қолдануындағы жаңа ізденістерін байқайсыз. З. Қабдоловтың: «Жазушы өзінің сөз қорын молықтыру үшін жалпы халықтық тілдің телегей-теңіз бай қазынасын, мүмкіндігінше, молырақ игеруі, оның қилы қилы қиын әрі қызық құбылыстарын жеке түсінуі, әр сөздің мәні мен мағынасындағы ұланғайыр өзгерулер мен өңдеулерді, ауысулар мен алмасуларды, құбылулар мен құлпыруларды дәл аңғара білуі қажет»[5] дегендегі пікірін түсінеміз.



«...Айтқысы келген сырын, танытқысы келген шындығын жан тебірентер әсерлі суретке айналдырып, қағаз бетіне көңілдегі қалпынан айнытпай түсіру үшін ең қажетті бірден бір сөз іздеп табу-шебер суреткердің қасиетті парызы» [5] екендігін білесіз. Бірімен-бірі сәтті қиыса келген теңеулерді: «Қаншырдай қатқан, мейіздей кепкен жүйріктер оқ жыландай сусылдап, ойқастап жүр» [6] деген жолдардан байқасаңыз, «Алатаудың қыр арқасында қазақтар Көкқайрақ, қырғыздар Көкойрақ дейтін арыстандай гүрілдеп ағып жататын тау өзенінің екі жағасына екі ел жаз жайлауда қатар қонатын еді» [6] дегендегі тау өзенінің ерекше белгісін өкірген өгізге, ақырған арыстанға теңеуінен қаламгер ойының ұшқырлығын танисыз. «Қызық, рахат, ләззат – бір қалыппен, бір ырғақпен үдей түсіп, енң кһсіліп шабу. Буын буыны балқып, сүйек-сүйегі еріп, кең жойқын, шетсіз-шексіз дария-теңізде жүзіп келе жатқандай. Көкжиекте жібек шымылдықтай судырап тұрған сағымның ішіне енді бір ырғыса еніп кететін шығар» [6] деген үзіндідегі фразеологизммен ұласқан тас атауының теңеу болып, сыңғырлап өзгеше сипат алуынан сөз зергері, өнер иесінің шын дарындылығын танысаңыз». ... Өзгелер қостаса есіл домбыра тұсаулы ат секілді текіректейді де қалады» немесе «Шағын, он шақты кісі сиятын бөлменің іші де қызық екен: орындық атаулы түйенін өркеші секілдендіріп ағаштан ойылып жасалған» [6] деген жазушының төрт-түліктің мінез-құлығымен жымдасқан теңеу сипатындағы сөздерді қолданудағы шеберлігін көресіз. Бұл шығармадағы сындарлы ойға сымбаттылық дарытатын теңеу сөздер тобы табиғилығымен, тартымдылығымен ғана емес, тосындылығымен де өзгеше екендігін аңғарасыз. Жасалу қалпына қарай теңеулердің сан түрлі болып келетінін байқайсыз. Академик З.Ахметовтың «Бірде теңеу екі нәрсені тұтас алып салыстыру арқылы жасалса, енді бірде айтылып отырған нәрсенің бір сипатын-белгісін, түсін, дыбыс үнін тағы басқадай жеке ерекшелігін өзге нәрсемен салыстырып бейнелеу негізінде туады. Сонымен қатар бір нәрсені басқа нәрсемен қимыл қозғалысындағы ұқсастықтықты тірек етіп салыстыру жолымен жасалған теңеулер де жиі кездеседі», [7]деген пікірінің дәлелін табасыз. «Жұмат қалың қою қара мұртын саусақтарымен басып қойып, үлкен көздері боталап, креслода қушиыңқырап, ұзын желкесіне шашы түсіп, төменшік күйде отыр еді» [6] дегенді «қалың қою қара», «үлкен», «ұзын», «төменшік» секілді айқындауыштар кейіпкердің көңілсіздік сезімін суреттеуде айрықша маңыздылыққа ие екендігін байқасаңыз. Шығармада кездесетін «салқын жүзді», «аузы ауыр тұңғиық кісілер», «жылы жүзі», «мейірімді көңілі» деген тіркестердің адамның яғни кейіпкердің мінез ерекшелігін танытудағы, эмоциялық реңкінен хабарлар берудегі ролінің зор екендігіне көзіңізді жеткізесіз. «Көркемдегіш құралдардың ішінде эпитет яғни айқындау заттың, құбылыстың айырықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз». [8] деген А.Байтұрсыновтың пікірін түсінесіз. «Өңкей атан жілік, піл сауырлы жігіттер бірін бірі ала алмай, тартысып келе жатып, өлерменге деткенде, көкпардың лағын Көкқайрақтың тас жұтып, мұз түкіріп жатқан суына лақтырып жіберді» [6] деген үзіндіден ер жігіттің күштілік, қайраттылық қасиетін айқындайтын «атан жілік», «піл сауырлы» сынды күрделі көркемдеуіштердің «жігіт» сөзін айшықтап тұрғандығын сезсеңіз. Көкқасқа жүйріктің даралығын көрсетуде қаламгердің «аузымен құс тістеген» деген секілді тұрақты тіркестерді де айқындауыш ретінде пайдаланып, сөз мәйегін келтірудегі шеберлігіне сүйсінесіз. Енді бірде «жаулықтары дағарадай екі-үш бәйбіше күміс белбеу, алтын түймелері күнге шағылысып, құлаш-құлаш барқыт жыртқызып алып, қыстарындағы жігіт ағасына ақша төлеттіріп тұр» [6] деген жолдарды оқып, «күміс белбеу, «алтын түйме» деген тіркестер иарқылы әйел затының әсемдігін үйлестіретін сән бұйымдарының ерекше белгілерін көрсетуіндегі айшықты сөз мәнерінен, сөз саптауындағы тіл байлағынан, көркем ойлау қиялының молдығынан, көкірек көзінің қрағылығынан, өмір құбылыстарын, айтар ойын, идеясын мейлінше көркем бейнеленуінен Міржақып айтқан: «Сөзімнің бар ма, жоқ па тамашасы», дегендегі тамашаның тамашасын танисыз. «Суреткер қолындағы сөз суретші қолындағы бояу секілді, иінін тауып мың құбылтуға болады. Құбылған сөз әсерлілік үстіне адам баласының танымын байтпақ; бір сөз бір ақ нәрсені танытса, оны түрлендіре құбылту арқылы тіршіліктің сан алуан сырын тануға болады», [5] деген З.Қабдоловтың пікіріне еріксіз жүгінесіз. «Сан ұлттың тілдерінде сан алуан сырлар шертіліп, әңгіме дариясының көмейі ағылған» [6] деген бір ғана жолдан әдеби тілден кездесетін басты құбылтулардың бірі – ауыстыру, яки метафораны кездестіресіз. Оқырманының жан жүрегін жұлқып жұлқып қалатын күшпен әсер жазушының сәтті іздеп тапқан «әңгіме дариясы» деген сұлу поэтикалық метафорасында жатқандығын байқайсыз. Кейіпкер тіліндегі қолданылған метафоралардың тілге бейнелілік, көркемдік беруімен қатар ойды да анық, дәл жеткізуде таптырмас құрал екендігін «Түнімен жауған жаңбыр жердің миын шығарып тастаған» [6] деген жолдардан аңғарасыз. Қаламгердің бейнелілік, суретшілдік шеберлігін кең далада алғашқы болып жайнап, көктемнің құлпыруына жол ашқан, оның ырысы болған жауқазын мен кең сахарамыздан орын теуіп, ұлттық өнеріміздің дамуының бірден бір қайнар көзіне айналған театрдың бір бірімен үндестік тапқандығын: «біздің театр еңбекші, жұмысшы, қара шаруалардікі, жаңа жұртшылықтікі, көктен түскендей тамаша олжа қазақ даласындағы ұлттық өнердің жауқазын қызғалдағы – театр» [6] дегендегі үзіндіден айқын көресіз. «Қазақ театры - ұядан қанат қағып, қалықтап ұшқан балапан. Қанаты талмай қонатыұған күй керек. Жас баланың мейіріңді қандырып сөйлемегі, қыран құстың көзге түсіп күйлемегі, қуарған жүнін мезгілінде тастап түлемегі иесінің бағып қағуына байлаулы. Алғашында талпынып еңбектенсе, ақ үрпек болып, ұядан басын көтерсе, қазір қаз қаз басып отыр, қара қанат болып ұядан ұшқалы отыр». [6] деген жазушының кейіпкер сөзі арқылы талай еңбектің, күш жігердің нәтижесінде бой көтеруі театрды қанаты бекіп, ұядан ұшқан балапанға балау шеберлігін аңғарасыз.

«... Аспандағы құдайдың бұлтымен арпаласып қайтесің. Күн жылынса, бұлт шіркін кетеді ғой. Басымыздан аумай тұрған сұм тағдырдың бұлтын айт онда да. Сол қасірет бұлтының тарқауын тіле» [6] деген жолдардан индивидуалдық, яғни авторлық метафоралардың көбінесе кейіпкер тілінде қолданылып, кейіпкердің ой өрісін, дүниеге деген көзқарасын, тапқырлығын, шешендігін көрсетіп тұрғандығын көрсеңіз. Сөз мәнін өңдендіріп, өзгертіп суреттеліп отырған затты не құбылысты айқындап, ажарландыра түсу үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа не құбылысқа балауды қаламгердің шығармаға дарытқан: «Ой, бауырым, Жұмат ау, айырылдық қой есіл Ғазизден...» Сәлімрахман көзінің жасы сора-сора болып көрісе бастады. Оны «Жұтты ғой қу өлім. Көктей солды талшыбық. Көп арманы ішінде кетті»[6] деген сөздерінен байқайсыз. Сөз бен сөзді, құбылыстар мен заттарды балаудағы жазушы талғампаздығының биік қырын сезесіз. Орыс жазушысы Лев Толстойдың: «Миллион сөз ойлап, соның тек бірін ғана тыңдау-қандай азап?» [5]-деген сөзін еріксіз есіңізге аласыз. «Құнарлы ойдан шыққан құнды сөз» [5] деген З.Қабдоловтың сөзін қостайсыз. «Әрбір ірі жазушының шеберлігінің өзгешелігі көбіне-көп оның шығармасының тілінен көрінеді» [9] -деген Л.Щепилованың ойының жалғасын табасыз. «Бақтияр ұлым шындап сұраса, осы үйдегі сілкіп алар тәуірді, көз тартатын жақсыны қазір тиеп жіберем» [6] -деген жолдардан кейіпкерлердің белгілі қасиеттерін ерекшелеп көрсету арқылы оқырман көңілін аудара білген жазушы шеберлігін көрсеңіз.

«-Мен неден ұялам? Бірақ Ұрым мен Қырымнан, жеті жұрттан сақадай сайланып, әбден дайындалып келген талай саңлақтар бар шығар» [6].

«- Ол сорлының тұқымы қайбір өскен дейсің? Тіпті, жаман да болса жалғыз тұяқ қалмады ғой» [6] деген қаламгердің «жалғыз тұяқ» деп «ұрпақ», «бала» деген сөзді оқырманына ұғындырып, түсіндірудегі шеберлігіне көңіл аударасыз..

«..Жуандар бірін-бірі кеміту үшін пәленшекеңді сүріндірдім, орға жықтым деген дықпырт жолында қора-қора қойды қырып салуға бар. Құдай жуандармен дауластырмасын» [6] деген «жуан» сөзі мен «бай» сөзін алмастыруындағы тәсілін көрсеңіз.

«... Ресейді азат ететін жаңа толқын, ұлы толқын туып келе жатыр...»[6] дегендегі «жаңа да ұлы тоқыны» - ертеңгі ұрпақ, болашақ жас жеткіншек. Ұғым әдеби тілде ой ықшамдығы үшін, кейде образ нұсқалылығы үшін қажет метонимия тәсілімен шартты түрде әдейі өзгертілгендігін көріп, сөз зергерінің тапқырлығына сүйсіне, «тағы да недей қызықтар тап болар екен»- деген оймен шығарма желісіне еріп кете бересіз.

«... Дәурен болса, қасына үзеңгілес ескі көз, үш досын ертіп, Алатаудың жан баспайтын терең сайына көшіп барып, Көкқасқаны баптаудың қамына кіріседі» [6].

« Мың екі жүз тұяқтан шыққан дыбыс дүниені көшіріп жіберердей болады» [6] деген жолдардан «дос», «жолдас» ұғымдарының орнына «ескі көз» деп, «ат» не «жылқының» орнына «тұяқ» деп бүтіннің орнына бөлшекті шебер қолдануымен алмастырудың бір түрі - синекдоха, яки мегзеуді көрсеткенін аңғарасыз.

«.. Тағалы тұяқтар тарсылдап, темірлі дөңгелектер тақылдап, жат сарын, бөлек дыбыспен сес көрсеткендей зор айбынмен заулап бара жатқан ұзын керуенге әрі өткен, бері өткен тұрғындар үрейлене қарайды» [6] деген үзіндіден қаламгердің темір дөңгелекті «ұзын керуендей» деп, ұзын пойыз ұғымында түсіргендігін байқайсыз.

«..-Өй, қара пұшық, аузың ашылып неге таңырқап тұрсың?» [6] деген жазушы синекдоханы кейіпкердің сыртқы кейпіне қатысты белгісін көрсету мақсатымен қолданғандығын көріп, В.Инбердің «Тіл, дәлдік және қысқа жазу-шеберлік материгі осынау үш киттің үстінде тұр»,[5]-деген сөзін еске алып, жазушыға керек үш нәрсенің анығын табасыз. Қаламгер шеберлігінің түпкі түйіні-жазушының өз жан-жүрегіндей сезім мен сырды өзгенің ой-санасына мейлінше әсерлі және сұлу жеткізу, ұтымды және дәл дарыту екендігін ұғынасыз.

«... Екі бала, екі құнан төбе басында тұр. Сарыарқаның елеусіз ғана, жатаған көп төбелерінің бірі бұлар үшін үлкен белес, биік тұғыр секілденіп, кең аспан, жазық даланың барша сұлулығын көз алдына тартады: зеңгір көкте қалықтаған қаз бауыр бұлт, сахарада жөңкілеген сағым-баршасы таяуда ғана жаратылғандай пәк, таза, сұлу көрінеді. Желпіп соққан самал селеу мен жусанның құлағына әлдеқандай құпияны асығыс сыбырлап кеткендей болады. Жыбырлаған құмырсқа, шырылдаған бозторғай-екеуі де асығыс, тойға, қуанышқа ынтыққан көңілде болатын дегбірсіздік бар» [6] деген үзіндіні оқи отырып, қазақ жерінің әсемдігін, азынай соққан самал желін , иісі мүңкіп құлпыра жайқалған жусанын, көгілдір аспанмен шектескен жазық даласын, өркеш-өркеш көп төбелерін, қоңыраулатқан бозторғай үнін шебер суреттеуінен, мың құбылған түрі бар, сан иірім сыры бар қазақ жерін көз алдыңызға елестетесіз. Іс-әрекеттің шеңберін кеңейтіп, яғни туындыға кеңістік пен көкжиек дарытқан, сонымен бірге композициялық тұтастығы мен сюжеттік желіні табиғат әсемдігімен әрлеп, шығармаға тыныс беріп, шырай енгізген пейзажды көресіз.Әсем табиғат қойнауына кейіпкерлерімен бірге саяхатқа шыққан жазушы қатарына қосылып, бір ғажайып сұлулық әлеміне енесіз. Туған жер табиғатының қадірін түсінесіз. Өзіңізді Сарыарқа бойында тұрған құландай сезініп, таусылмастай эстетикалық ләззат аласыз. Академик З.Қабдоловтың «Көркем шығармаларда суреттелетін табиғат көріністерін, яки пейзажды да әшейін бір уақыт пен кеңістіктің дерегі ретінде даралап қарамай, адам образын толықтыра түсетін тәсіл десек, ағат айтқан болмаймыз»,[5]-деген сөзін қостай отырып, сөз өнерінде адамнан тыс, адам тағдырынан тыс бірде-бір өрнек-өмір суреті жоқ және болуы да мүмкін емес екендігіне көзіңізді жеткізесіз.

«... Елубайдан бес жас кіші Құрманбек қасы-көзі қиылып, тісі маржандай жарқырап, адамның ішіне кіріп, елжіреп тұрған бір перизат. Ташкентте оқыған. Тамаша баритон дауысымен ән шыққағанда, қыз-келіншектер сілекейін жұтады. Дос дегенде қоң етін кесіп беретін жомарт, өнер үшін ғана туған жан. Сырт тұлғасы, дауысы, сөзі, білімі, бекзаттығы, тапқырлығы, әзілі, күлкісі, шыншылдығы, қиялы Құрманбекті Кебек, Сырым, Шернияз бейнелерін жасау үшін арнап тудырғандай. Европа театры сахнасына шығарсаң, ешкімнен ұялмайсың. Бишілігін айт» [6]. Деген үзіндіден автордың адам образын ашу мақсатында аса шеберлікпен қолданыс тапқан портрет тәсілін көресіз. Шығарма кейіпкерінің мінезін біліп, сөзін естей тұра сырт пішінін, кескін-кейпін көруге зарыққан оқырманына Құрманбек портретін аса шеберлікпен жеткізе білген автордың сөз саптау шеберлігінен өзі айтқан Құрманбектің ән шырқауын тыңдап, сілекейін жұтқан қыз-келіншектер сияқты сілекейіңізді жұтып, автордың өзімен көзбе-көз сұқпаттасқандай әсер аласыз.

«...Киіз үйдің іші қоңыр салқын екен. Ортада дөңгелек үстел. Жағалай кілем тұтылған, киіз, сырмақ үстіне көрпе жайылып, жастық тасталған» [6] деген жолдардан Ақтамақ атты кейіпкердің тұрмыс-тіршілігіне қатысты киіз үй ішінің бейнеленуін көріп, шығармада адам образын, көркемдік ерекшелігін айшықтауда интерьердің де маңызды екенін түсінесіз. Халықтың рухани бай әдеби мұрасынан күш-қуат алған Рымғали Нұрғали шығармасын оқу барысында «Көңіл көрген жерде», «Жиен ел болмас, желке ас болмас», «Жаман иттің атын Бөрібасар қояр», «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Айтылған сөз – атылған оқ», «Жұт - жеті ағайынды», «Өзекті жанға – бір өлім», «Сыйға – сый, сыраға - бал», «Жаман күйеу қайын сақ», «Түйенің өзі – түйе, құмалағы – түйе емес» деген сөз мәйегі – мақалдың түр-түрін кездестіресіз. Мақалдарды қосу арқылы шығарма шырайын жандандырып, даралық сипат танытқан, ұшқыр ойын салмақтап, шығарма әлемінде өз ойын, өмір шындығын, көркем тілде жазушылық биік тұрғыла тұтас шеберлікпен бере білген талант иесін танисыз.

«Қабағынан қар жауып», «салы суға кеткендей», «жүзіктің көзінен өткендей», «ат құйрығын кесу» тәрізді тұрақты тіркестерді, яғни фразеологизмдарді ой тереңдігін ұғындыру мақсатында пайдаланған автор шеберлігін байқайсыз. Сатыков-Щедриннің «Әдебиет – ықшамдалған әлем» [5], деген сөзін еріксіз қайталап, әдеби шығарма сол нұрлы әлемнің сырлы бөлшегі екендігіне налыйсыз. Сонау грек елінен бастау алып, бой көтерген, өнердің асқар тауы театрдың даму тарихын, ежелгі грек драматургтерінің өмірін, шығармашылық жолдарын қызықты да әсерлі бейнелеген туындысы тарихтың терең қатпарларынан сыр шертіп, шындықтың шынайы беттерін ашатындығымен аса биік көркемдікке ие екендігін түсінесіз.

«Күнде қонақ, күнде кәде. Ұлдың сүндеті, шілдехана, келін түсіру – осылардың бәрінде көкпар тартады, ат жарысады, палуан күреседі, мал сойылады, табақ тартылады» [5], деген салт-дәстүр, әдет-ғұрып арнасынан көрініс тапқан жолдарды оқып, қазақ халқының ата салтқа, ұлт дәстүрге деген биік тағзымын көрсете білген қаламгердің жан-жақтылық қасиетін аңғарасыз.

«...Тәңірім, бұл шаңырақты өртей келген оттан сақтасын, жаламен келген соттан сақтасын, жат қылықтан сақтасын, залым ұлықтан сақтасын, мезгілсіз өлімнен сақтасын, жауынсыз желден сақтасын, көк долы көк бет келіннен сақтасын, дұшпанын қара таспен батырсын, аллакпар, Әумин!» [6] деген Құдайбергеннің берген батасын өз құлағыңызбен естігендей әсер аласыз, шын пейілмен өз дастарханыңызға берілген батадай қабыл алып, ризашылық білдіресіз. Шебер қолынан шығып, әйел саусақтарына әсемдік берген зергер бұйымдай өз қасиеттілігімен де, көркемділігімен де шығармаға ерекше өң, кейіп беріп тұрғандығын байқайсыз. «Сөзден сөз жасап шығару деген жұмыс әркімнің қолынан келе бермейді» [10], деген А. Байтұрсыновтың сөзін есіңізге алып, қаламгер шығармасының даралық қасиетін, өзіндік қолтаңбасын танисыз. Беранже айтқан: «Әркім бір қолданып, әбден ығыр қылған арзан сөздерге жоламай» [5] ойды анық, сезімді нәзік жеткізер тың және тартымды суреттер жасай білген қаламгердің таудай талабының тамсанып, басыңызды ие алғысыңызды айтасыз. Ғалым еңбектерін талдап, саралап оқып түсінген сайын халқымыз айтатын «білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз» дейтін нақылына еріксіз жүгінесіз. Қазақ әдебиетінің даму эволюциясын танып, бағалап, түсіндіріп қана қоймай, бүгінгі өрісінің өсіп-кеңеюіне теориялық толымды, практикалық ықпал жасап, шеберліктің биігін бағындыра білген ғалым Рымғали Нұрғали өз артынан өшпес мәңгілік мұра қалдырып кетті. Мағжан Жұмабаев айтқандай «Ғалымның хаты өлмейді, Жақсының аты өлмейді», асыл адамның өзі өліп кеткенімен оның игі істері, жақсылықтары, адамдық әрекеттері, ерліктері халық жадында мәңгі сақталары һақ.



Пайдаланылған әдебиеттер

1. Аль-Фараби. Трактаты о музыке и поэзии. А., Изд. Ғылым, 1992.

2. Виноградов В.В. Стилистика теория поэтической речи. Поэтика. М: Изд. Акад. наук СССР, 1963.

3. Потебня А.А. Теоретическая поэтика. М: Высшая школа, 1990.

4. Кожинов В.В. Слово и образ. М: Изд. Просвещение, 1964.

5. Қабдолов. З. Сөз өнері. А., 1976.

6. Нұрғали. Р. Ай қанатты арқымақ. 1990.

7. Ахметов. З. Өлең сөздің теориясы. А. 1973.

8. А. Байтұрсынов. Шығармалары. А., 1989.

9. Щепилова Л. В. Введение в литератураведение. Москва. 1956.

10. Қазақ әдебиеті. №2. 1993.

11. Нұрғали. Р. Драма өнері. Алматы. 2001.

12. Серікқалиұлы. З. Тағдыр және біз. Алматы. 1996.

13. Базарбаев. М. Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы. Алматы. 1973.

14. Нұрғали. Р.Телағыс. Алматы. 1986.

Саулеш АЙТУҒАНОВА,

филология ғылымдарының кандидаты,

доцентт

КЕҢ ЖҮРЕКТІ ҰСТАЗ

Белгілі ғалым, ұстаз Рымғали Нұрғалидің әрбір шәкірті үшін орны ерекше. Ағай үнемі әр шәкіртіне жеке көңіл бөліп, сырласатын, ақылын айтатын. Олардың ешбірін алаламай, бәрін түгел қанатының астына алып, қамқорлық жасайтын. Ағайдың шапағаты тимеген шәкірті жоқ десем қателеспеймін деп ойлаймын. Ол ұстаз ғана болып қойған жоқ, бәрімізге қамқор әкедей болды. Әрқайсысымыз үшін алаңдап, қолынан келгенінше демеп жіберуге, көмек көрсетуге дайын еді. Алдына бармасақ та, біреумізден біреуіміздің жағдайымызды сұрап-біліп, шақырып алып, жөн сілтейтін. Өзіміздің ғана емес, үйдегі балаларымызды да үнемі түгендеп, жағдайларын, сабақтарын сұрап, әр түрлі қызықты оқиғаларын айтып, күлдіріп отыратын еді.

ҚазМҰУ-де студент болып жүрген кезде дәрістерін тыңдаған ұстазым – Рымғали ағайды алғаш көргенде менің болашақтағы еңбек жолымның қалыптасуына ықпал етіп, қамқор болады-ау деп ойламаған да едім.

Ағаймен жақынырақ 1998 жылдың ақпан айында таныстым. Бір күні кафедра мәжілісінде кафедра меңгерушісі, академик Зейнолла Қабдолов бұған дейін диплом жұмысыма, одан кейін кандидаттық жұмысыма жетекшілік еткен белгілі ғалым филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Майтанов ағайдың басқа жерге жұмыс орнын ауыстыруына байланысты менің ендігі жетекшім Рымғали ағай болатынын айтты. Бірнеше күннен соң, ағайдың кафедраға келетін уақытын біліп, аспирантураға түскен бір жарым жылдан бергі жинаған материалдарымды алып, бір жағы қорқып, бір жағы тағатсыздана күтіп отырдым. Ойымда: «Қандай кісі екен? Қалай қабылдар екен? Не айтар екен?» деген сияқты сұрақтар. Бір кезде ағай да келді. Бар қағазымды көрсетіп, тақырыбым туралы айта бастағаным сол еді:



  • Жоқ, бұл тақырып жарамайды, басқа тақырып алу керек. Ойланайық, - деді. Мен одан бетер қорқып, не дерімді білмей, үнсіз отыра бердім. Бір мезетте:

  • Жаңа тақырыбыңды жазып ал. Шағын прозадағы адам мен табиғат концепциясын қарастырасың. Мұхтар Әуезовтен бастап, кейінгі қаламгерлер шығармаларындағы дәстүрдің дамуын көрсетесің. Айтматовтың, орыстардан Траепольскийдің, Казаковтың шығармаларымен салыстырсаң болады,-деп тоқтамастан айтып жатыр, мен үлгергенімше жазып жатырмын. Осының бәрін әп-сәтте айтып болды да, орнынан тұруға ыңғайланды. Мен сасқалақтап, не істерімді білмей:

  • Ағай, мен енді бір жарым жылда жазып үлгермеймін ғой,-деппін.

  • Қорықпа, жайлап жұмыс жасай бер. Мақалаларыңды жазып, шығар. Жұмысыңды дайын болғанда бірден әкеліп көрсетерсің,-деп қысқа қайырды да, орнынан тұрып жүре берді. Енді не істеймін деген қорқынышпен үйге қайттым. Бірақ ағайдың нақты тапсырмалары, даусы құлағымда естіліп тұрғандай болды. Амал жоқ, ертеңіне кітапханаға барып, жаңа тақырып бойынша жұмыс бастадым. Кейін түсіндім, бұл Рымғали ағайдың талап қоя білуімен қатар, өз бетінше жұмыс жасап үйренсін деген ойы екен.

Келесі жылдың күзінде жұмысымды бітіріп, компьютерде теріп, ағайдың қолына ұстаттым. 3-4 күннен соң, бетінде бір парақ қағазға жазылған 9 ескертпесі бар жұмысты қолыма ұстатып:

- Осы бойынша жұмыс жаса, келесі айда талқылауға шығасың, - деді. Осылайша көп ұзамай, ретімен кандидаттығымды қорғап та үлгердім.

Бір таңқаларлығы: Рымғали ағай әрбір шәкіртінің не жазып, қалай жазып жүргенінен әрдайым хабардар болатын. Қай кезде болсын кездесіп қалған сәтте, жазғандарымызды оқығанын айтып, ақыл-кеңесін аямайтын.

Астанаға келіп университеттің қазақ тіл білімі кафедрасына жұмысқа орналасқаннан кейін ағайды ғимарат ішінде кездестіріп қалдым. Бұл талқылаудан өткеннен кейінгі кездесуім. Талқылауға денсаулығы болмай ауруханада жатқандықтан келе алмай, пікірін алуға барған кезде көргенмін. Астанаға ауысуына байланысты қорғауыма да қатыса алмаған. Университетке келгелі сәлем беріп баруға, жұмыс сұрағандай болармын деп ыңғайсызданып жүргем. Мұның бәрін естігеннен соң:

- Қызым, осы сенің ұялшақтығынды қоятын кезің болды ғой, - деп алдымен ұрысып алды да, сосын ақылын айтты. Енді тағы бір кездескенде, жағдайымды сұрап болған соң:

- Қызым, сен менің өзіме келсең не қылады? - дегенде, қуанғанымнан:

- Ағай, сізде орын бар ма? - деп қалай сұрағанымды өзім де байқамай қалдым. Ағай әзілдеп:

- Сен келем десең, табамын ғой, - деді. Не керек осылайша бірнеше күннің ішінде қазақ әдебиеті кафедрасына келдім.

Ойлап отырсам, осы кезге дейінгі еңбек жолымдағы әрбір жеткен жетістіктеріме ағайдың ықпалы болған екен. Жұмыстарын жасап жүр, басқа не керек демей, үнемі біздің қамымызды ойлап, шақырып алып:

- Мынаны жаз, мына конкурсқа құжат тапсыр, бос жүрме. Басқаларға қарашы, тыным таппайды, сендер шеттеріңнен аңқаусыңдар, - деп бір жағы ренжіп, бір жағы қайрап, алға қарай ұмтылдырып отыратын.

Міне, осындай болмысы, жаратылысы бөлек, шәкірттері үшін әкедей болған кең жүректі ұстазымыздан айырылғанымызға да бір жыл болып қалыпты. Бірақ Рымғали ағай әрбіріміздің жүрегімізде, оны әрдайым ерекше ілтипатпен, үлкен сағынышпен еске аламыз.

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», - деп Абай атамыз айтқанындай, соңына сарқылмас мұра, өшпес із қалдырған ұлағатты ұстаздың аты ешқашан ұмытылмайды. Рымғали ағайдың шапағаты тиіп, қамқорлығын көрген шәкірттері арқылы ол үнемі жасарып, жаңа қырынан танылып отыруы тиіс.

Лилия СЕРҒАЗЫ,

филология ғылымдарының кандидаты,

доцент

САҒЫНЫШ

Ардақты ағайым, аяулы да қадірменді ұстазым Рымғали Нұрғалиұлының дүниеден озғанына да бір жыл толып қалыпты... Уақыт шіркін пенделерін өз ырқына бағындырып, зымырап жатыр.

Аяулы ұстазымды университетке іздеп келген кезім он жыл өтсе де күні кешегідей көз алдымда. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдап, «М.Әуезов драмаларындағы ғалымдар бейнесі» деген тақырыпта Р.Нұрғалиұлынан диплом жұмысын қорғадым. 2000 жылы осы университеттің магистратурасын «әдебиеттану» мамандығы бойынша бітірдім. Ол кезде де Рымғали ағаның жетекшілігімен «М.Әуезовтің «Хан Кене» трагедиясындағы тарихи шындық пен көркемдік шешім» тақырыбында магистрлік диссертация қорғадым. Магистрлік диссертация қорғау барысында комиссия мүшелері сұрақ қоюға ыңғайлана бастағанда, ағаның «ал, білмейтіндеріңді менің қызымнан сұрап алыңдар!» деп аудиторияны күлкіге кенелткені есіме түседі.

Құжаттарымды аспирантураға тапсырып, күзде университетке нәтижесін білейін деп келсем, аспирантура бөлімінің меңгерушісі «Рымғали Нұрғалиұлы Астанаға ауысып кеткен, енді басқа ғылыми жетекші тағайындауымыз керек» деп қарсы алды. Біреу суық суды төбемнен төңкере салғандай есеңгіредім де қалдым. Содан көп ойланбастан, «мен тек Рымғали ағадан ғана тақырып аламын» деп тәуекелге бел буып, Астанаға жол тарттым.

Қарашаның ортасында жаймашуақ Алматыдан Астана вокзалына түскенде үскірік аяз бен түтеген боран қарсы алды. Таңертең ағаны іздеп Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне келдім. Аға әлі келе қоймапты, кафедраның алдында: «Мені тани қояра ма екен? Қалай қабылдар екен?» деген сан сұрақтар мазалап, ойға шомып кетіппін. Бір мезгілде: «Ойпырм-ай, бізді де іздеп келетін адам бар екен ғой», - деп құшағын айқара ашып келе жатқан ағаның мейірімді жүзін көргенде көзімнен жас мөлт ете қалды. Осылайша, ағаның ыстық құшағына еніп, күдікті ойлардан арылып сала бердім.

Кабинетіне кіргізіп, аға жағдайымды сұрай бастады. Тәуекелге бекініп, өзін іздеп келгеніме балаша қуанып, енді ешқайда жібермейтіндігін айтып, бірден университеттен жұмыс қарастыра бастады. Жарты сағаттың ішінде жан-жаққа телефон соғып, ғалым хатшының көмекшісі болып қызмет атқаратынымды айтты. Мені бірден қабылдап, өз жанына қалдырады деп мүлдем ойламаған да едім.

Осылайша ертеңіне көмекшілік қызметімді атқара бастадым. Бір аптадай өткен соң автобуста келе жатсам университетте екі курс жоғары оқыған, қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айтуғанова Сәулешті кездестіріп, туғанымды көргендей мәре-сәре болып қалдық. Ол практикалық қазақ тілі кафедрасында оқытушылық орын барын айтты. Тағы да ағама келдім. Аға ести сала қолымнан жетектеп практикалық қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА академигі Мырзатай Серғалиевтің кабинетіне алып келді.

Мырзатай ағаға бірден: «Мына баланы танисың ба?» - деді. Мырзатай аға да: «Танымағанда өзіміздің шәкіртіміз ғой, фамилиясы да менікіне ұқсас, менің қызым ғой», - деп жатыр. Рымғали аға: «Осы қызым мені Алматыдан іздеп келіпті, кафедраңызда орын бар екен, ендеше қызымды жұмысқа алыңыз», - деді. Сол жерде өтінішімді жазғызып, Мырзатай ағаның келісімін алып, қолымнан жетектеп жүріп институт директоры мен проректорға өзі қол қойғызып, кадр меңгерушісіне жіберді. Осылайша он шақты күннің ішінде университет оқытушысы болып шыға келдім.

Ағаның сол қамқорлығы ешқащан жадымнан кетпейді.

Кейін қазақ әдебиеті кафедрасынан аспирантураны бітіріп, ағаның жетекшілігімен «М.Әуезовтің «Хан Кене» трагедиясының тарихилығы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғадым. Қандай жетістікке жетсем де, аға «менің сары қызым, жарайсың», - деп маңдайымнан иіскеп, батасын беріп отыратын.

Елге барып келген сайын құшағын жайып, маңдайымнан иіскеп: «Әке- шешең аман ба? Жақсы барып келдің бе? Жолда шаршап қалмадың ба?» - деп жағдайыңды сұрап, мейірімін төгіп, бір марқайтып тастайтын еді. Өзі де іссапарға шығып келсе, немесе сырқаттанып екі-үш күн келмей қалып, жұмысқа келсе алдымен маңдайымнан иіскеп, өз жағдайымды сұрап барып жұмыс бабына көшетін еді. Қазір де ағаның мейірімді жүзін, аялы алақанын сағынып жүрмін...

Бір аптадан соң келеді деп ағамызды күтіп жүргенде, қаралы хабарды естіп, қабырғамыз сөгілді. Зар еңіреп, ағамыздан айрылып қалғанымызға сене алмай есеңгіреп қалдық. Жетпісін бірге тойлаймыз деп дайындалып жүргенде мұндай суық хабар аламыз деп кім ойлапты?!

Қатал тағдыр тағы да дегенін істеп, пенделерін өз ырқына көндірді.

Кішкентай Рабиға, ағаның ізбасары алдымнан жүгіріп шыққан сайын оны құшағыма алып тұрып, маңдайынан иіскеп, ағаны еске алып көзіме жас аламын.

Біз үшін аға әлі де алыс сапарда жүргендей, қайта оралатындай...

Мен үшін аға әлі де жаймен басып, «Сары қызым, халың қалай?» - деп кафедраға кіріп келіп, маңдайымнан иіскейтіндей...

Сіздің аялы алақаныңызды, мейірімді жүзіңізді сағынып жүрмін...

Сағындым сізді, аға...





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет