Лилия Серғазы
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты
М.ӘУЕЗОВТІҢ «ХАН КЕНЕ» ТРАГЕДИЯСЫНДАҒЫ
АЛАШШЫЛ ИДЕЯ
Қазіргі кезде М.Әуезовтің бүкіл шығармашылық жолының өн бойында алашшыл көзқарастың созылып жатқаны жиі сөз болып жүр. Қаламгердің «Қараш-қараш оқиғасы», «Хан Кене», «Қилы заман» шығармаларынан ортақ ой-пікір жалғастығын, көзқарас сабақтастығын көреміз.
Қазақ елінің бүгінгі қол жеткізген тәуелсіздігі биігінен көз салсақ, ұлттың рухани әлемінде әділ бағасын ала алмаған талай «ақтаңдақтарды» көруге болады. Ауыз әдебиетінің үлгілері мен ондағы фольклорлық деректер ұлтымыздың рухани жан дүниесінің биіктігін көрсетумен қатар тарихымыздың зерделі айшықтарын тануымызға да зор ықпал жасайды. Тарихшы ғалым Е.Бекмаханов: «Тарихи ірі оқиғалар ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп отырған халықтың ауызша шығармашылығы: дастан, өлең, қисса, батырлар жыры, ертегі, аңыз тағы басқалар арқылы қазақ халқының есінде сақталған. Осы фольклорлық материалдарда қазақтардың қоғамдық және әлеуметтік құрылысы, тұрмысы мен әдет-ғұрпы және ақырында, халықтың өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғалар айқын бейнесін тапқан» 1, 42, – деп атап көрсетеді.
Семинарияда оқып жүргенде «Алаш» газетінің 1917 жылғы 16-санында жарық көрген «Қазақтың өзгеше мінездері» атты тұңғыш тырнақалды мақаласымен белгілі бола бастаған М.Әуезов бертін келе «Сарыарқа», «Абай», «Қазақ тілі», «Шолпан», «Таң», «Сана», «Жас Азамат», «Еңбекші қазақ», «Кедей айнасы», «Жаңа мектеп», «Жас қайрат» тағы басқа газет-журналдарда саясат, мәдени-ағартушылық, дүниетанымдық бағыттағы келелі ойларын алға тартып отырған. Ұлт-азаттық сарындары да осы кезеңде қалыптаса бастады.
Мұхтардың Абай ортасынан шығып, Абай мектебінің сынынан өтуі, қисса дастандарды, батырлар жырын жаттап өсуі оның бала жүрегіне мәңгілік елдік сезімін қалыптастырып, ел ішіндегі түрлі әлеуметтік жайлар, қазақ халқының басындағы сол кезеңдегі ауыр халдер, отаршыл саясаттың әрекеттерімен таныс болуы оны ел ісіне араласуға итермелеген еді. Алаш тұсындағы көзқарастары мен кеңес тұсындағы қоғамдық қызметі де оның ой өрісін жан-жақты дамытып, өзіндік жеке пікірін қалыптастырғаны да шындық. Мұның бәрі жинақтала келе болашақ дарын иесінің шығармашылық бастауларына айналды.
Алғашқы жылдары жазылған көркем шығармаларында елдің тұрмыс тіршілігі, әлеуметтік жағдайлары суреттелінсе, жиырмасыншы жылдардың ортасына қарай қазақ даласында өтіп жатқан түрлі өзгерістерге орай ұлт тағдырына деген алаңдаушылығы шығармаларында жиі көрініс тауып отырды.
Ұлт-азаттық идея – халықтың арман тілегінен туған асыл мұрат. Бұл тұста ұлттық сана мен рухани тұтастықты сақтап қалу үшін Ахмет, Әлихан, Міржақыптар «Оян, қазақ!» деп халық танымына тура жол сілтеп ұрандаса, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Жүсіпбек, Мұхтарлар төл әдебиетімізде ұлт-азаттық күрес тақырыбын дамытуды көздеді. Ұлттық рухымыздың биіктігін танытатын М.Жұмабаевтың «Ертегі», «Оқжетпестің қиясында», «Батыр Баян», С.Сейфулиннің «Көкшетау», Ж.Аймауытовтың «Қартқожа», «Ақбілек», М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек», «Қилы заман», «Хан Кене» сияқты әртүрлі жанрдағы көркем шығармалары әдебиет үлгілеріне айналды. Тақырып жағынан алғанда, жиырмасыншы-отызыншы жылдары әдебиетте көбінесе халық аузындағы жыр-аңыздарды, өткен тарихи оқиғаларды, тарихи адамдар өмірі мен жеке адам тағдырын жазу кең өріс алды. М.Әуезовтің де ұлт-азаттық тақырыптарға бой ұруы бірнеше таным талқысынан өткен. Әуезов ұлт-азаттық идея сарындарын көркем шығармада сонау ауыз әдебиетіндегі эпос, тарихи жырлар, тарихи оқиғалар, ұлт-азаттық қозғалыстар шындығынан желі тартып уағыздайды. Яғни, өз заманының шындығын беру үшін оны өткен заманның елдік сырлары мен ой-өрісі әрекеттерімен сәйкестендіре отырып, тарихи оқиға желісін шығарма өзегіне айналдырады. М.Әуезовтің жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы тарихи тақырыпқа жазылған шығармалары өз заманының ащы шындығын, отаршылдықтың қоғам мен санаға жасаған залалдарын көркем тіл арқылы жеткізуімен ерекшеленеді. Әдебиеттанушы ғалым З.Қабдол: «М.Әуезовтің күрделі де, іргелі туындылары негізінен тарихи тақырыпқа арнала тұрса да, түптің түбінде өз дәуірінің шындығын жазуды мұрат тұтқан» 2, 256, – деген пікірін бұған дәлел ретінде алуымызға болады. Әуезов туған халқының басынан өткен сан қилы өмір өткелдерінің ақиқатын сезіне жүріп, қатерге толы қилы заманда батыл әрекетпен тарихи тақырыптағы «Хан Кене», «Қилы заман» шығармаларымен бірге «Әдебиет тарихы» зерттеу еңбегін жазады. Бұл «Әлемге танылған «Абай жолы» эпопеясына дейінгі отыз жасар Мұхтар қаламынан туған Алаш ұранды әдебиеттің азаттық идеясын көтерген туындылары болатын» 3, 12.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігін қорғап қалуға бағытталған ұлт-азаттық қозғалысы, оның кемеңгер қолбасшысы, халқымыздың соңғы ханы – Кенесары Қасымұлы мен жанын шүберекке түйіп, отаршылдық жүйеге қарсы күрескен Наурызбай, Ағыбай сияқты батырлардың ерлігі тарихи тұрғыдан зерттелсе де, дәл осы айтулы оқиғаға қатысушы қаһармандарымыздың рухани мұраларымызда сомдалуы жан-жақты зерделенген жоқ. Елін, халқын ойлаған ұлы жазушымыз түбінде жазадан құтылмайтынын білсе де, жан дүниесін, санасын, рухани дүниетанымын талқыға салды. Әуезовтің талқыға түсуіне себепкер болған шығармаларының бірі – «Хан Кене» трагедиясы. Хан, сұлтан, би, батыр туралы жазғандарды қатал сынға алып, қуғынға ұшыратып жатқан кезде қазақ халқының соңғы ханы Кенесары Қасымұлы туралы шығарма жазу ол кез үшін үлкен ерлік еді. «Қилы заман» тарихи романы мен «Хан Кене» трагедиясының жарық көру уақыты осы шығармалардың күрделі тағдырының бастауы болды. Бұл кезде кеңестік идеологиямен сусындағандар ұлттың шын мәніндегі ұлт екенін тану үшін өткенге соқпай өтпейтінін түсінбей, таза ұлттық қасиеттерді ешбір идеологияның бояуынсыз айқындау қажеттігін басқаша пайымдап жатқанда, осы бағытты қолдамаған қаламгерлерден «ұлтшылдық» таңбасын көруге асыққан кезең еді.
«Ескі сарындағы байшыл, ұлтшыл әдебиет өкілдері» деп қазақ қаламгерлерін жікке бөлушілік саяси науқанға айналып, жиырмасыншы жылдардың соңына таман жарық көрген И.Сталиннің «Большевизм тарихының кейбір мәселелері туралы» хатынан соң мүлдем ушыға түскен. «Мерзімді баспасөз бетінде ұлтшыл жазушыларды қаралаған мақалалар жиі көріне бастады. Қазақ әдебиетіндегі ұлтшылдықты әшкерелеген материалдар, әсіресе, өлкелік партия комитетінің органы «Еңбекші қазақ», «Советская степь» газеттерінде тұрақты орын алды 4, 46, – деп жазды ғалым Д.Ысқақұлы.
М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, Б.Күлеевтермен ұлтшыл бағыттағы жазушылар қатарына іліккен М.Әуезов те саяси идеологияның қысымына түсті. М.Әуезовтің «Алаш» үкіметінің ісіне араласуы, большевизмді сынауы сыныққа сылтау болып, коммунистік партия мен кеңес үкіметі жазушының жеке басына, шығармашылық ізденістеріне сенімсіздікпен қарай бастады. Саяси идеология сол тұста жарық көрген «Қилы заман» романы мен «Хан Кене» пьесасын «ұлт араздығын қоздыратын, орысқа жат жазылған, саяси қатесі мол» деген үкім шығарып, оқуға тыйым салды.
Еркіндік пен тәуелсіздік аңсаған елдің күресін бейнелеген, соның салдарынан тағдыр соққысын көрген «Хан Кене» трагедиясын Әуезов сұқ көзден қызғыштай қорғайды. Коммунистік саяси идеологияның патшаға қарсы күрес уақытын пайдалана отырып ойды бүкпелеп, астарлап жеткізу арқылы тарихи материалды идеясына, негізгі айтар ойына бағындырады. «Хан Кене» трагедиясын өз заманының шындығымен салыстыра береді. «Хан Кене» пьесасы туралы қарама-қайшы пікірлердің тууы, ең алдымен, оның нысаны мен тақырыбына, тарихи тұлғаны драматургтің қалай көрсеткеніне байланысты. Осы кезге дейін Кенесарыны өз мансабы үшін қарапайым екі халықты жауластырып, араларына сызат түсірген қарақшы ретінде танып келді. Ал екінші біреулері қазақ халқын тұтастыққа, азаттық жолындағы күреске шақырған, сол бостандық жолында мерт болған тарихи тұлға ретінде бағалайды. М.Әуезов екінші пікірді жақтағанымен, Кенесарыны құр мақтамай, оқиғаның шындығын көрсетуге тырысады. Ұрпақтың санасына теріс ұғым қалыптастырып үлгерген саяси идеологиялық принциптердің салдарынан ұлт-азаттық қозғалысы ғана емес, Қазақстан ғылымы, әдебиеті мен тарихы едәуір бұрмалаушылықтар мен қателіктерге ұшырады. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген соң ғана тарихи ақиқаттардың беті ашыла бастады. Еңсесі түскен елді егемендік пен бірлікке шақырған белгілі қаламгерлердің шығармаларындағы ақиқат пен аңыз арада қаншама уақыт өтсе де, өз маңызын жойған жоқ.
Жетпіс жыл бойы үкіметтің саяси идеологиясымен бірге «мың құбылып» келген тарих ғылымы Кенесары көтерілісін де мансұқтап, қасақана қалтарыста қалдырып, зерттеушілердің ашық сипаттауына батылдары жетпей келді. Тіпті Кенесарының жеке тұлғасы туралы нақты тұжырымды пікір қалыптасқан жоқ.
«Хан Кене» трагедиясы туралы қарама-қайшы пікірлердің тууы оның нысаны мен тақырыбына, тарихи тұлғаны драматургтің қалай көрсеткеніне тікелей байланысты. Кенесары есімімен байланысты өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдарындағы оқиғалар – қазақ тарихында ұзақ уақыт бойы пікірталас тудырып келген мәселелер. Кенесары туралы пікірлер екіге бөлінді. Бір тобы Кенесары хан тағы үшін күрескен, сол ойлаған мақсатына жету үшін ешкімді де аямаған, халықты азапқа салған қатыгез деп кінә тақса, ал екінші топтағылар оны қазақ халқының еркіндігі үшін жан аямай күрескен халық қаһарманы, ұлт батыры деп мадақтады.
Мұхтар Әуезов «Хан Кене» трагедиясында өмірі де, өлімі де шырғалаңға толы ірі тарихи тұлғаны терең зерттеп, бейнелеуге батыл қадам жасады. Тұлға мен заманның, дәуір мен тағдырдың, тұлға мен халықтың қарым-қатынасын әдеби бейнелер арқылы көрсетіп, қазақ ұлтының тарихи болашағына толғанып ой жібереді. Жазушы шығармашылығында көркем сомдалған тарихи бейнелер терең философиялық мән табады. «Хан Кене» трагедиясының сюжеті «терең филисофиялық сарындарға толы. Бірақ бұл жайлар әдебиеттану ғылымында жете зерттелмей келеді. Кенесары тағдыры біздің санамызда жалпы адам баласындық мәселені қозғайтын сауалдарды тудырады. Адам өмірінің мәні неде? Тұлға тағдырын, ұлт тағдырын қандай сапалар айқындамақ? Кенесары ханды дүние қызығынан, қазына байлықтан бездіріп, азаттық күресінің жолына жетелеген қандай күш? Ол бұл майданға не мұратты көздеп шықты? Бұл сұраулардың жауаптары жеңіл емес» [5, 177].
Ең алдымен, Мұхтар Әуезов қазақ әдебиетінде қазан төңкерісіне дейінгі халық тарихының шежіресін жасауда ерлікке барабар батыл қадам жасады. Өйткені бұған дейінгі кезеңде тарихи тақырыпқа салқын көзқарас ұлттық әдебиетте ұзақ уақытқа дейін белең алып келді. Тарихи тақырыпқа деген ерекше ұмтылыс елуінші-алпысыншы жылдарда байқала қойған жоқ. Оның өзіндік себебі де бар еді. Ұлы Отан соғысы есеңгіретіп тастаған ел әлі де есін жиып үлгере қоймаған.
Қазақ әдебиетін әлемдік аренаға шығаруда, қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салуда, қазақ драматургиясының, қазақ сахна өнерінің іргетасын қалауда – жалпы қазақ мәдениетін дамытуда көшбастаушылықтан бір танбаған Мұхтар Әуезов тарихи танымды таразылауда да сол дағдысынан айнымапты. Олай дейтініміз, 1928 жылы ол «Хан Кене» атты пьеса жазып, қатерлі 1934 жылы аталмыш шығарманы сахнаға қойыпты. Бір таңданарлығы, дәл осы аралықта, яғни 1930 жылдың 17 қыркүйегінен 1932 жылдың 20 сәуіріне дейін ол тұтқында болып, өзінің «ұлтшылдық», «байшылдық» көзқарастары үшін үш жылға шартты түрде қамауға кесілген. Одан соң, 1932 жылдың 10 маусымы күні «Социалды Қазақстан» газетінде жарияланған «Ашық хатында»: «мен өз шығармаларымның көпшілігінен анығында беті ашық ұлтшылдық күйіндегі жазушы боп шықтым» 6, 264 деп кешірім сұраған М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасы премьерадан соң «халықтың қас жауы, кертартпа хан – Кенесарыны» суреттегені үшін репертуардан алынып тасталған. Әріптестерін бірінен соң бірін қамауға алып, өзі түрмеден енді ғана босанған тұста басын қатерге тігіп, осындай шығарма жазып, қазақ тарихындағы тәуелсіздікке, дербес ел болуға ұмтылған ең елеулі қозғалыстың маңызын айқындап түсіндіріп, өзінің алашшыл идеясын әдебиетке паш етті.
«Хан Кене» пьесасы жазылғанына елу үш жыл болса да жарық көрмей, М.Әуезов мұражайының қызметкерлерінің ерлігі арқасында 1983 жылы жиырма томдық шығармалар жинағының он төртінші томына енгізілген. Бұл туындының көркемдігі, академик Рымғали Нұрғалидың сөзімен айтқанда, «драмалық жанрдың барлық талап-тілегіне толық жауап береді» 7, 188. Шығармадағы жиырма екі кейіпкердің барлығы да тарихи тұлғалар, қозғалыстың басы-қасында болған жандар. Пролог пен қырық жеті көріністен тұратын бес перделі тарихи пьеса жылдың қыркүйек айындағы Кенесарының хан сайланған кезеңінен бастап, өмірінің соңына дейінгі, яғни 1847 жылдың жазына дейінгі аралықты қамтиды.
«Алашорда» қайраткерлері тап болған зауал әлемдегі бір де бір ұлт-азаттық қозғалыс басынан кешпеген зауал еді. Оларды патшалық монархия бір, империялық мемлекет екі, кеңес өкіметі үш жақтан жаныштап, қуғын мен түрмеден көздерін аштырмады. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов те сол «қилы заманға» тап болды. Ұлт азаттығы үшін ұмтылған ұрпақтың өкілі ретінде қазақ халқының саяси, әлеуметтік және рухани бостандыққа жетуіне барлық азаматтық қажыр-қайратын жұмсады. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Халел, Жаһанша Досмұхамедовтерді рухани дос ете жүріп, қазақ мемлекетінің дербестігі үшін жанын сала еңбек еткен Мұхтар Әуезов азаттық жолына барлық жастық қуатын арнады» 8, 186.
Бұған дәлел ретінде жазушының 1932 жылы жазған «Ашық хатын» алуымызға болады. Кеңес өкіметінің барлық жазалау саясатын басынан өткерген М.Әуезовтің тағдырына бұл хаттың ерекше әсері бар. Сол кездегі саяси жағдайға байланысты өмір үшін өнерінен бас тартудан басқа М.Әуезовтің лажы жоқ еді.
Қазақстан Республикасының бірінші басшысы болған Голощекин қазақ зиялыларының көзін жою мақсатымен 1928 жылдың күзінде жаппай жазалау науқанын бастады.
Қазақ ұлттық театрының тұңғыш директоры Дінше (Дінмұхамед) Әділовті қамаудан бастау алған, одан басқа жетпіс бір адам тартылған Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіндегі тергеу ісі 1928 жылдың 17 желтоқсанында басталған. Жетпіс бір адамның ішінен жоғарыда аталған ашық хатты жазған Мұхтар Әуезов пен қазақтың алғашқы математик, профессоры Әлімхан Ермеков қана тірі қалған. Бірақ олардың тағдыры барлық саяси жазалау кезеңдерінде басты нысана болды.
Пьеса театр сахнасынан аластатылғаннан кейін «Мұхтар Әуезов бұл шығармасына қайта оралған жоқ, өйткені ол өзінің концепциясын болашақ «Абай жолы» арқылы оны өткізу жолынан қарастырады. Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің даналығы – ол жүйеге қарсы тура шабуылдан беті қайтқан кезде оның тылын айналып өтіп, маневр жасай, өзінің мәңгілік ұлы туындысы «Абай жолы» арқылы осы концепциясының негізгі буындарын өмірге келтірді, өз есімін биік тұғырға қондырып, өшпес есімін мұрат етіп мәңгілікке қалдырды» 9, 3.
Мұхтар Әуезов «Хан Кене», «Қилы заман» сияқты шығармаларынан өздігінен бас тартқан деудің ешбір қисыны жоқ. Бұларда жазушы отаршылдықты әшкерелеп, халықтың басына түскен ауыр жағдайды тебірене бейнелегені белгілі. Кейін мүмкіндік туғанда «Қилы заманды» қайта өңдегені «Хан Кененің» қазақша екі нұсқасын, орыс тілінде үшінші нұсқасын жазып шыққаны тегін болмаса керек.
Әуезов – өз ұлтын қадірлей білген ұлтжанды азамат. Тек Әуезов қана емес, басқа да қоғам қайраткерлері, әдебиет өкілдерінің жеке өмірі мен шығармашылығын таразының екі басындай теңдей етіп көрсетуде ешкім мәжбүрлік етпеуі тиіс. Мұхтардың аталған жылдардағы шығармашылық қызметін, азаттық идеясын сөз еткенде, ең алдымен сол тұста орын алған саяси-әлеуметтік жағдайларға иек артатынымыз анық. Себебі жазушының ойға алған мақсатын, идеясын жеке алып қарастыратын болсақ, тағы да шындықтың сыртынан тон пішкен болар едік.
Уақыт тереңіне көз жіберсек, бұл жылдар қазақ қаламгерлерінің үлкен шоғырына талай аласапыран кезеңдерді бастан өткергізген. Өйткені олардың көпшілігі патша өкіметінің қанқұйлы саясатын әшкерелемек болған. Коммунистік идеология бұл тақырыпты қозғамауға барын салды. Халықты сендіру үшін олар «мұндай тақырыптар ұлтараздық қақтығыстарды қоздырады» деп тұжырымдады. Ал азаттық идеясымен қаруланған қазақ жастары мәдениет және ағарту саласында қауымдасып, бірнеше ұйымдар құрып, қимыл-әрекетке көше бастады. Алаш өкіметі мен Алаш партиясының және «ұлтшылдық» әдебиеттің жасаған істері олардың күрес жолындағы идеяларының көрінісі болатын.
Алашшылдардың ресми өкілі болмаса да, Мұхтар олардың маңайында жүріп, ұлт мүддесі жолындағы істерге араласып, қолдау көрсетіп отырды. Оның ең алғашқы жарық көрген мақаласынан бастап-ақ ұлттық идеяларды жетекші сарын етіп, кейінгі мақалаларында жалғастырғанына дәлел көп. Сондықтан М.Әуезов шығармаларындағы ұлт-азаттық сарындарды айқындауда жазушының қайраткерлік қызметі публицистикалық ізденістерімен тығыз байланыста қарастырылуы тиіс.
Қара халықтың басына түскен 1916 жылғы көтеріліс қаупінің бұлты төнгенде оларға басу айтып, үгіт-насихат жүргізуде бір «Қазақ» газетінің шамасы жетпей жатқанда, екіге жарылған қазақ зиялыларын топтасуға, бірігіп күрес жүргізуге үндеп, «Қазақ қалам қайраткерлеріне», «Ескеру керек», «Қазақ оқығандарына» тағы басқа мақалалар жазған М.Әуезов болатын.
Жазушының ұлт-азаттық идеялары тек мақалалары мен зерттеу еңбектерінен ғана емес, тарихи тақырыптағы көркем шығармаларынан да көрініс тауып жатады. Жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы қаншама кедергілерге қарамастан бұл тақырыпқа қалам тартушылар батыл қадамдар жасап, орыс отаршыл империясы салған сойқанды ашық көрсетуге тырысты. Әуезовтің де ақиқат шындықты жазған «Қилы заман», «Хан Кене» сияқты шығармаларында коммунистік идеология, таптық көзқарас жоқтың қасы.
Елінің еркіндік жолындағы қаһармандық күресін жырлаған шығармасы үшін жазушының көп қуғын көріп, ауыр жапа шеккенін баян ететін бір мысал – «Хан Кене» трагедиясының тарихы.
М.Әуезовтің бұл шығармасы отызыншы және елуінші жылдарда республикалық газеттер мен журналдардың беттерінде өршіген өткір әдеби айтыс-тартыстың нысаны болды. Осы дауда қырағы «қызыл көздер»: «Хан Кене» – контрреволюциялық пьеса», ал «М.Әуезов шығармашылығының бастапқы кезеңі совет өкіметіне қарсы жаулық әрекетке бағышталды», – деген болатын.
Халық жүрегінде сақталатын мәңгілік шындықты келешек ұрпаққа жеткізетін де, жаңғыртатын да уақыт және қаламгер. Тарихтың бүтіндігі мен кемшілігінің санада дұрыс қалыптасуы көп жағдайда қалам иесіне байланысты болып жататыны рас. М.Әуезов «Хан Кене» трагедиясы арқылы тарихты, тарихи ақиқатты жаңғыртты. Оқиға шындығымен қоса, ел есінде мәңгілік сақталған Кенесары, Наурызбай, Ағыбай секілді қаһарман есімдері де тарих қойнауынан үн қатқандай болады.
Жетпіс жыл бойы өткен тарихымызды, ұлтымыздың өткен ғасырлардағы өмір ақиқатын дұрыс танып біле алмадық. Халқымыздың қаһармандары – хандар мен батырларды теріс қырынан көрсетуге тырысып, азаттық үшін болған ұлт-азаттық күрестерді феодалдық, ұлтшылдық көтерілістер деп таныдық. Ұлт тарихына деген кеңестік саясат көзқарасы осылайша болды. Ел тарихын, ірі тұлғаларымыздың ерлігінің мәнін бүгінгі егемендігіміздің арқасында сезіне бастағандаймыз. Қазақ еліне іштей іріткі салып, бодандық саясатқа көшкен Ресей қазақтың көптеген би-болыстарының мансабын көтеру арқылы бір-біріне айдап салып, қарсы қоюға күш жұмсады. Соның салдарынан ұлт-азаттық көсемі Кенесары ханға би-болыстар, аға сұлтандар толық тіреніш бола алмады. Кейбір болыстар, керісінше, патша саясатының қолдаушысы болды. Осындай қиын шақта Ағыбай, Иман, Бұқарбай, Наурызбай сияқты ер жүрек батырлар хан Кененің тірегі болды. Кенесары ханның басты мақсаты ел мен жердің тұтастығын, ұлтымыздың тәуелсіздігін сақтап қалу еді.
М.Әуезовтің «Хан Кене» трагедиясы осы тарихи шындықты көркем тілмен жеткізген алғашқы пьеса.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы, 1994.
Қабдол З. Әуезов. Алматы, 1997.
Нұрғали Р. Алаш ұранды әдебиеттегі Мұхтар Әуезов көтерген азаттық идеясы // Заман Қазақстан, 1997, 22 тамыз, Б. 11-12.
Ысқақұлы Д. Талант пен тағдыр. Алматы, 1997.
Дәуітова С. «Хан Кене» трагедиясындағы авторлық концепция // Жұлдыз, 1998, №12, Б. 176-181.
Жұртбаев Т. Талқы. Алматы, 1997.
Нұрғали Р. Драма өнері. Алматы, 2001.
Жұртбай Т. Өмір үшін өнерінен бас тартқан // Абай, 1995, №2, Б. 186-187.
Қозыбаев М. «Хан Кенедегі» халық тарихының көріністері // Түркістан, 1997, 10 қыркүйек, Б. 3-4.
Өрт шалған тудай жаралы тілім,
желбіреп желмен шалқыдың,
қақ жарып шығып
даланың түнін,
жусан мен қымыз аңқыдың.
Фарабилер мен Бейбарыстардың
өсиеті де өзіңде,
Махамбет сынды жолбарыстардың
қасиеті бар сөзіңде.
Қалайша қынға көмейін сені
Қылшылдап тұрған қылышым,
Құдайдың тілі демейін тегі
Табиғаттың өз тілісің!
Ұлықбек Есдәулет
Достарыңызбен бөлісу: |