Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы



бет19/69
Дата11.12.2023
өлшемі0,7 Mb.
#196277
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   69
Байланысты:
АЛКА

Тарих пен ақын

Сәбиттің кейінгі мақаласындағы "Буын" деген бөлімде тарих жайында берген түсініктерін "башка не работает" деп бастапты. Бұл Сәбит қандай мысқылшыл? Салтыковтан бір кем болсашы! Бірақ біз оған өкпелемедік. Дұрысын - дұрыс дедік.


Бұл " Буын" деген бөлімде тарихқа берген осы жолғы түсініктері біздің білгенімізше дұрыс. Бірақ Сәбиттің былтырғы айтқаны мен биылғы айтқанының арасында жер мен көктей айырмасы бар.
Оқушыларды тек “біздің былтырғы мақалаларымызды қарап оқы" деп сілтеп жіберіп отырсам, бірінші, ол ынталы оқушыларға үлкен әуре болар, өйткені Сәбит екеуміз айтысады екен деп кім қолына әуре болып барлық газеттерді, жорналдарды жинап жүр дейсіз. Екінші, оларды ақтарып жатуға көп уақыт керек. Сондықтан өз мақаламнан, Сәбиттің мақаласынан толық бір-екі кесім келтірейін, дұрыстығын, терістігін оқушылар өздері сынасын.
Мінеки, Сәбитің былтырғы жазғаны.
"Тарихтың жүрісінің буынын айыру өте қиын, тарих тұтасып отырады" дейді Бухарин. Ұлтшыл әдебиеттің басын кесіп 17-ақ жыл деуге болмайды..."
"Қазақ ұлтшылдары өз бетімен өркендеп кетті дегенге мен қарсымын. Орысқа бағынғаннан бастап біздің өскен ортамыз (среда) жалпы Ресей үкіметі болды. Қәзір де солай, қазақтың өзі жеке орта емес..."
"Зелинский деген поляк ақынының "Қазақ" ("Киргиз") деген өлеңі бар..."
"Құлдықта шіріген қазақ, тағдырдың жауыз тырнағына іліккен қазақ" деп бастайды, ол өлең жазылғанына биыл 96 жыл, олай болса, орыс түгіл күн батыс Еуропа төңкерісінің салқыны қазаққа бұдан жүз жыл бұрын тигеніне Қошке қалай қарайды..." (Еңбекші қазақ, 5 январь, 1927 жыл, N3).
Осы айтылғанның бәрін оқушының сынына адал ниетпен толық әкеліп отырмыз. Осы айтылған сөздер бір мақаладағы әр жерде айтылған сөз болса, әр біреуінің мағынасы алдындағы пікірлермен байланысты (болмаса), бұлар(дың) бір-бірімен жалғасы аз болар еді. Жоқ, бұл келтірген сөздер Сәбиттің көркем әдебиет туралы бір газетте жазылған бір мақаласының "ұлтшылдар туралы" деген бөлімінде, бұл жоғарғы сөздер бірімен-бірі жалғасулы, араларында бір-екі-ақ жол қалды.
Ал енді осы айтылған сөздерден тұтас бір пікір туғызуға бола ма?
Тарихтағы уақиғалардың бәрі бірімен-бірі жалғасып отырады. Жөн. Біздің ортамыз жеке орта емес. Біздің тарихымыз жалпы Россия тарихымен байланулы, жөн болсын. Жалпы, Россия да жеке орта емес, оның да тағдыры басқалармен байланулы. Басқа жер жүзінде болып жатқан уақиғалардың салқыны мұнда да болады. Мәселен: Пырансы (Франция) төңкерісінің төте салқыны декабристер болып шықты, Парижская Коммунаның Октябрь төңкерісімен не 1905-інші жылғы қозғалыспен байланысы бар, ал Октябрь төңкерісінің салқыны күллі жер жүзіне тиді, Германияда, Австрияда төңкерістер болды, күншығыс елдерінде қозғалыс басталды. Осының бәрі жөн.
Бірақ осымен отырып қазақтың әдебиетінің тарихын мөлшерлеп айтуға болмай ма, жалпы қазақтың тарихын жазуға болмай ма, жеке алып Октябрь төңкерісінің тарихын жазуға болмай ма?
Сондықтан менің берген жауабым мынау еді:
"Ұлтшыл әдебиеттің басын кесіп 17 жыл деп айтуға келмейді" деген Сәбит жолдастың сөзіне түсіну қиын. "Біздің көркем әдебиеттің өмірі пәленше жылдық" деген сөзге таласуға болады. Қошке әптекте дәрі өлшегендей мысқалдап "17 жыл" деп отырса, бұл дұрыс емес. Бірақ Сәбиттің сол жоғарыдағы көрсетілген мақаласының әлгі айтылған жерінен бастап ақырына шейін оқып шыққанда туатын пікір: бірінші, көркем әдебиетіміздің тарихын айыру қиын, екінші, көркем әдебиетіміздің басы жоқ, аяғы жоқ ұшан теңіз бір нәрсе..."
"Сәбит жолдасқа айтатын жауабымыз: рас, тарихтың буындарын айыру қиын, тарих тұтасып, қайталап отырады. Бұл - диалектика, материализмнің жолы. Бірақ диалектиканың өзі тарихты дұрыс тану үшін керек..."
"Не нәрсенің болса да тарихын тексергенде, шұбалаңдатып 100 жыл, 200 жыл деп дәлелсіз құрғақ сөздерді айта берсек, онан тарих та шықпайды, диалектика да табылмайды".
Міне, енді оқушы өзі сынасын. Меніңше, Сәбит былтырғысынан биыл түзелен, диалектиканы да дұрыс түсінуге шыққан.
Сәбит шынын айтса болмай ма: "былтырғы жазғаным ішті ауыртатын "қойыртпақ" екен, биыл жаңа түсіндім" - деп дұрысын айтып қатесін мойнына алса, тоны су бола ма екен.
Ал енді бір ақсақ, бір тоқсақ Сәбит екеуміз бірігіп жүріп тарихтың жүйесіне түсінсек керек. Жә, Сәбит жолдастың, қазақ айтқандай, "айналшық жеген кісідей" шыр көбелек айналдырып асыл сөзін пұлсыз, қадірсіз етіп жіберетін мінезі (бар).
Жоғарыда айттық қой: "соңғы мақаласындағы тарихқа берген түсінісіне риза болдық. Өзіміздің білгенімізше дұрыс таптық" - деп. Ал сол мақаласының аяғын әкеліп былай деп қойған:
"Абайдың ар жағында да қазақтың жақсылы-жаманды әдебиеті болған. Сол әдебиеттер сарқылып келіп, Абай заманында бір қазық қағып өтті. Осының кезеңіне Абай кез келген соң, даяр табақтың иесі, даяр тоқпақтың ұрушысы, даяр қазықтың қағушысы болды да жүре берді..."
Жөн, жөн, Сәбит!!!
Онан да, қазақша "Абай - арамтамақ" деп бір-ақ айтсаңшы. Көп сөз сөйлеп әуре болып жататын не бар! Елдің бәрі мұндай қысқа, өткір тілге оп-оңай түсінеді ғой.
"Етікші де — ақын, балташы да — ақын" деген сөздерге, мұнан былай ақын дегендер тек тарихтың жасап бергенін ішіп-жеп кететін "арамтамақтар" десек те болмай ма?
Ойлаймын, Сәбит жолдас біраз заманнан кейін бұл қатесін тағы түсінер, тек мені мұқату үшін қызу үстінде айта салған болар.
Тарихта жалғассыз ешнәрсе жоқ. Қазақтың бұрынғы кәкір-шүкір әдебиеті болсын, орыс әдебиеті болсын, Абайға азық болды, олар барып Абайды туғызды. Абай болған соң, Байтұрсынов болған соң, бұл күндерде Сәбит шықты.
Орыс әдебиетінде Ломоносов, Державин, Карамзиндер болған соң, Пушкин шықты. Әрине, алдында бұлар болмаса, Пушкин екі аяғы салақтап аспаннан түспес еді. Пушкинсіз, Гогольсіз Достоевскийлер де, Некрасовтар да аспаннан жаумас еді. Бұл айтылғандар болмаса, "арамтамақ" болып біреудің даяр дастарқанына Толстой мен Горький отыра қалмас еді.
Бірақ, ақын ойыншық емес, ақын арамтамақ емес. Қазақша айтқанда, ілуде біреу ғана тарихтың жүгін көтереді. Сондықтан ондай адамдарды жалпы бұқарамен араластыра алмайсың. Екінің бірі Маркс, Ленин болмайтыны секілді, екінің бірі тек үйренсе ақын болып кетпейді. Адам баласының тумысында бір-бірінен артықшылығы болмаса, дүниеге туған соң, көрген соң, жүрген соң, ортасына, заманына қарай әр түрлі болады. Ірі адамдардың бәрі - тарих, тұрмыс таңдап алып, мөрін басып, белгі салып кеткен адамдар. Коммунизм заманында ғана ел бәрі теп-тегіс бірдей ақылды, бірдей ақын болар. Онан беріде Абайдың аты - Абай болады. Толстойдың аты - Толстой болады. Лениннің аты - Ленин болады.
Сәбиттің тарих жүзінде белгілі орын алып қалған адамдарды "арамтамақтарға" ұқсатуына мейлінше қарсымын.
Сәбит жолдастың кісіге айтпаған пікірді жабыстырып қоятыны бар. Сәбит жолдас бұл мінезді қалдырмаса, түбі шатақ болады.
Мәселен: Жансүгірұлына жазған Сәбиттің жауабында ("Еңбекші қазақ", 11 апрель, 1928-інші жыл, N 12) мен Абайды тап тартысынан тысқары қылып қойыппын. Және де соңғы, осы сөз қылып отырған мақаласында Сәбит "Ұлтшылдық" деген бөлімінде былай дейді: "тап тартысынан тысқары әдебиет болмаса, Ыдырыстың Абайды: "Абайдың заманы — қазақтың кең байтақ заманы, ұлтшылдық дәуірі тумаған", байдың пісіп қатпаған (шикі бай да бола ма екен?!) заманы болатын деуі қалай? Абайдыкі әлде әдебиет емес пе? Әдебиет болса, ол тап тартысына бұл арада неге жанаспайды". Сонан кейін Сәбит баяғы менің мақаламдағы келтірілген сөздерді менің өзіме айтады.
Сәбит-ау! Мұндай сотқарлық неге керек? Мені, не Абайды ұнатпасаң, соны айт, анық қате пікірді көрсең, соны айт. Әйтпесе, "ақ" пен "қараны" айырып оқы, кісіге бос жала жаппа!
Ойыңдағы айтайын деп отырғаның мынау ғой: Ыдырыс әдебиет мәселесіне идеалисшілдер көзімен қарайды, әдебиетті, ақынды тап тартысынан тысқары қояды, Маркстің жолынан шығып отыр демекшісің ғой.
Сәбит-ау! Мұндай "жатыпатар" мінез саған қайдан бітті?
Былтырғы "Қызыл Қазақстанда" жазылған мақаламда мен былай дегемін: "түбінде, саясат, ғылым, пәлсапа, әдебиет, дін — барлығы да шаруашылыққа байланады. Өндіріс қатыстарының өзгеріп отыруымен бірге бұлар да өзгеріп отырады. Бірақ бұлар белгілі бір дәрежеге жеткеннен кейін бұлардың да шаруашылыққа, қоғам тұрмысына зор әсері болады. Адам баласының тарихы, тап тартысының тарихы, саясат, әдебиет — барлығы да тап тартысына байланулы. Тап тартысынан тысқары өмір сүрген әдебиет жоқ".
Міне, мен не дедім. Бұл келтірілген сөздің бір шетін өзің де мақалаңда көрсетіпсің ғой. Енді не керек?
Ал мұнан әрі мен мақаламда "Өнерді, көркем әдебиетті қалай түсіну керек" деген бөлімінде мен былай дедім: "Өнер — өнер үшін. Өнер деген нәрсе былғаныш дүниемен қатынасы жоқ, өнер — періште, пәк, таза деген нәрсе, оның ішінде көркем әдебиет таза рухтың (дух) жемісі" деп көп шатасу болған. Мұндай пікірлердің бір заманда туып өсуінің түп негізінде құдайшылдық, идеалшылдық бар". Мұнан әрі осы айтылған сөздерге әр елдің әдебиетінен мысалдар келтіріп Абай туралы былай дегемін: "Қазақ ішінде капитал дәуірі араласып, дала қазағының тұрмысы қаламен байланысты болып, орыс елі аркылы қазақ мәдениетінің шет-жағасын көре бастаған соң, Абай заманында қазақтың ұлт әдебиеті туды".
Сәбит жолдас! Дұрыстап оқысаң, түсінейін деген ниет болса, түсінер едің. Мен "Абайдың заманы — кең байтақ заман, ұлтшылдық дәуір тумаған, байдың пісіп қатпаған заманы еді" десем, мұнан Абай тап тартысынан тысқары еді деген сөзім емес. "Кең байтақ" деген сөзім орыстың отаршылдығының ол уақытта аса күшейе қоймағандығын еске алып айтылған сөз. "Байдың пісіп қатпаған" деген сөзім — қазақ ішіне сауда капиталы араласпастан бұрын, қырдың жай бықсыма байларының орыстың отаршылдығына қарсы тұруға жарамай, ұлтшылдық сезімі ашыла қоймаған уақыты деген сөзді түсіндіргенім. Ар жағында дәл осы мәселе қақында екі беттей түсініс бергемін. Ұқпасаң, амалым жоқ. Бірақ ұғып отырып керітартпалап теріске жүріп отырсаң, — "сәбитшілеу" деген сонан туады.
Қысқасын айтқанда, менің бұрынғы мақаламда ақын кім, әдебиет не деген сауалдарға берген менің жауаптарымнан Сәбит қанша іздесе де қате пікір таба алмайды.
Біздің бұл пікірімізге қазірде қосатынымыз: ақын қанша дана, данышпан дегенмен де, ақынға екі үлкен тірек керек.
Бірінші, ақын үйрену керек. Үлкен білім керек. Қандай атақты зор ақынды алсақ та, білім деген үлкен азығы болған, үйреніп, тәжірибе көріп барып ерлеген. Екінші, ақын заманымен, тарихпен қатар отыру керек. "Жынынан айрылған бақсыдай" деп қазақ айтқан секілді, заманы өткен, қожалығы кеткен таптың ақыны да жыр-жырлай алмайды. Оның ақындығы сарындама сары уайым "жоқтау" болып шығады.
Ақын кім, көркем әдебиет не?- деген сауалдарға кейбір жолдастар Белинскийді көлденең ұстай береді.
Белинский — әдебиет жүзінде Пушкинмен бірдей адам. Көркем әдебиеттің сынын көбінесе Белинскийден үйрену жарайды. Бірақ сол Белинскийдің өзін де байқап отырмаса болмайды. Белинскийдің сындарының өзінде де екі түрлі із бар.
Бір уақыт Белинский немістің Гегель деген философына бас ұрып, идеализмнің нағыз атасын соққан. Белинскийдің бастапқы сындарында "өнер — өнер үшін", "көркем әдебиет - саясат, тұрмыс тартысынан тысқары өзімен-өзі жасайды" деген пікір үстем. Ол уақытта Белинский романтизм, идеализм ағымында Шекспир, Гетелердің құлы болып жүрген.
Артынан барып Белинский көркем әдебиет, өнер деген нәрселерде жолбасшы бір негіз болу керек ("идейное искусство") деп бұрынғы пікірін өзгерткен. Ол уақытта нағыздық жолындағы Гоголь секілді адамдарды артық көрген.
Белинскийдің сындарында Пушкин секілді, Шиллер секілді ақындар туралы екі түрлі пікір табасың.
Сондықтан Белинскийден көркемдік жағын үйрену керек. Бірақ жоғарғы айтылғандар еске алынып отырмаса, ақын кім, әдебиет не?- деген мәселеге келгенде, марксизмге үйлестіре алмай қалып жүрерміз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   69




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет