Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы



бет12/69
Дата11.12.2023
өлшемі0,7 Mb.
#196277
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   69
Байланысты:
АЛКА

КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ ТУРАЛЫ


(Айтыс ретінде)

Газет бетінде көркем әдебиет жайынан әңгіме қозғалып жатқанын көріп, қозғаушылардың мақсаты қалайда әдебиетті гүлдендіру шығар деп жорып, талас мәселелер ашылуға әнтек қолқабысымыз тиер ме екен деп қалам ұстадық.


«Бәрі жиыльш бір терінің пұшпағын уқалауға арналған адамдар бірін-бірі ұғынудан, бірін-бірі сыйлаудан кетсе бітпес дауға кеткенмен (дәл мәнісі: Бабыл мұнарасын орнатам деген) бір бәс. Бұдан жаман нәрсе жоқ» (Воронский) - дейді, осы күнгі бір дәріпті сыншыл. Олай болмас, ұғысармыз деген үмітпен жазып отырмыз. Ұғыса алмасақ, амал не, әдебиетіміздің әлде бағына, әлде сорына көтерілген бір әңгіме больш қала берер.
Газетте сөз жазған адамдар: Сәбит, Әбдірахман, Қошке. Олардың талас мәселелерін түгел альш қарамақшы емеспіз, кейбір басты-басты маңызды пікірлеріне пікір жасамақпыз. Әуелі Әбдірахман пікірлері жайында.
Жиып-теріп келгенде Әбдірахман сөзінің түйіні:
«Әдебиетімізде екі-үш түрлі бағыттың барлығы анық, оларды, әрине, тұрмыс туғызып отыр... тұрмысымыз көшпелі дәуірде болғандықтан әдебиетімізде де осы көпшілік болып отыр... Бұл дәуірде көбінесе нағыздық (реализм) пен төңкерісші сарындамалық (романтизм) бағыттары есеюге тиіс», - дейді.
Бұл пікірге қарсы емеспіз, тек толықтырып өткіміз келеді. Әбдірахман пікірін дәлелмен бекітпеген, жетілдіріңкіреп, бетін шырпып өте шықканға ұқсайды.
Әдебиеттің бағытына реңк беретін маңызды себепкерлер (фактор) болу керек. Біз сол себепкерлердің бірталайын көрсетпекпіз.
Олар:
1) Пәлендей әдебиеті бар халықтың мәдениеті қай мүшелдегі мәдениетке жатады?
2) Ол халықтың тұрмыс жағдайы қандай?
3) Дін әсері.
4) Әлеумет кұрылысы, одан туған әлеумет пікірі (ұлтшылдық, бүқарашылдық, тапшылдық деген секілді).
5) Заманындағы үстем пікір (Идея).
6) Ақыл, қиял, сезім таластары.
Жазушының жан сипатындағы өзгешеліктер... Енді осы себепкерлерді қоздатып, түсіндіріп көрейік. Мәдениеті марқайған ел - асарын асап, жасарын жасаған ел, нешелер дәуірді басынан кешіріп, ой көзін өсірген ел; қиядан қияға, тереңнен тереңге, жаңа пікір, жаңа өнер, жаңа тұрмыс табуға құлаш сермеген ел - табиғат сырын дендеп білген, табиғатты жеңген ел. Ондай ел жалбырауыққа балаша қызығып алданбайды: пайдасызға, ақылға, қонымсызға малданбайды. Ондай елдің ақыл, қиял, көңіл тілегі де өскен, ұстарған, нәзіктелген. Азға тұрғысызға, тайызға қанағат етпейді, талғаушыл, таңдаушыл келеді. Талғау жолында шалықтап ор қияға бір шығады; кейде тым шеткері теріс бағытқа да түсіп кетеді. Мұндай елдің қиялынан да ақылы күшті болады. Міне, мұндай елдерде биттей де қатып-піскен, кемеліне келген нағыздык (реализм) түрін көбірек қолданады.
Мәдениеті көпей ел дүниені, табиғатты білім жолымен, ақылмен өлшеп танымайды; жорумен, аңыз қылумен таниды; бүгінгі мәдениетті елге әншейін, жай нәрсе тәрізді көрінген табиғат сырлары, істері, күштері бұларға жат, керемет болып көрінеді. Бұлар жоққа нанады. Дүние мәлімсіз күшпен (құдай) жаратылып, мәлімсіз себептермен өмір сүріп тұр деп сенеді. Бүлар дүниеде өздеріне зияиы тиетін, қаскүнем күштер (иелер) бар, өздеріне болысатын, пайдасы тиетін дос күштер бар деп біледі. Дос күштер: құдай, періште, пайғамбар, әулие, ілияс, аруақ... Қас күштер: дәу, пері, жын, шайтан, тажал, ібіліс, албасты, жалмауыз, жезтырнак, сұмырай... Мұндай елдің ақылынан да қиялы басым келеді. Қазақ, міне, әлі осындай ел.
Аңшылык, бақташылык, егіншілік кәсіптерімен күн көрген халық қалай да табиғат күшінің ықпалынан арыла алмайды. Жұт індет, құрғақшылық, боран, дауыл, жауын-шашын, нажағай, өрт, күн, ай тұтылуы секілді кұбылыстардың бәрі де керемет тәрізденіп көрінеді. Құрғақшылык болып шаруасына зиян келерін білсе, жақсы кұдайдан жаңбыр тілеу; күн тұтылса, пәле таянды деп тасаттық беру; топалаң келсе, аруаққа жалынып молаға түнету немесе молдаға хатым оқыту, дертке үшкірту, бақсыға қарату... бәрі де табиғат сырын білмегендіктің салдары. Қазақ әлі осындай ел.
Мәдениеті көпей, табиғат сырына ақылы жете алмаған елде дін әсері де күшті болады. Жоққа нанудың, бұлдыр қиялдың ұясы, дін, бақсы, балгерге, әулиеге, кереметке, дуаға, тұмарға, ішірткеге, аруаққа жалыну, кітап көтеру, жан бар деп, жұмак, тамұқ бар, көр азабы бар, қиямет, сиарат бар деп сену - бәрі де дін мұрасы. Дін әсері күшті болғандықтан дін әдебиеті осы күнге шейін келіп отыр. Ел ішіндегі өлеңшілер кұдайсыз, пайғамбарсыз, «пісімілдә», «ағузысыз» әлі де өлең айта алмайды. Біз осыны жазып отырғанда, ел ішінде әлде бір хат білетін жігіт немесе әйел «Заркұмды», «Салсалды» оқып отырмағанын қайдан білеміз. Міне, қазақ әлі осындай ел.
Қазақ кешегі заманға шейін хандарға, билерге, батырларға, болыстарға бағыньш, соларды - «жақсыларды» жыр қылып келіп отыр. Ақсақал дәуірі, ру таласы осы күнге дейін қалмай келіп отыр. Бұрын елді топ — бұқара, кеңес билеген жоқ, жеке адамдар билеп келді. Әлеумет кұрылысы мұндай болудың, бір адамға бағынудың әсері халықтың жан әлеміне (психологиясына) да терең із қалдырды. Үлкенді сыйлау, «пәленше білсін» деу әлі күнге бар. Осы күнге шейін исполкомдардың «болыс» атанып, «болыс есепті іс қылып», «ауыл кеңестерінің» ауылнай болып жүруінде сондай терең себеп бар. Әлеумет құрылысы қандай болса, халықтың ой-жүйесі де, жан қалпы да соған ылайықтанып, икемденіп, қалыптанады. Жаңа жұртшылык әлі қалыптана алмай жатыр. Бұрын жеке адамға бағынған дарашылдық пікір үстем болса, енді көпшілдік, тапшылдық пікір туып отыр.
Мұның бәрі әдебиетке әсер еткен, етіп отыр, етбек. Әдебиетке тағы да әсер етуші себепкерлер бар.
Әр заманда бір үстем пікір (идея), үстем ұран шығады. Әрине, оны ешкім ойлап шығармайды. Тұрмыс туғызады. Орыс әдебиетінде бір заманда жаурапашылдық, сылаваншылдык, бір заманда халықшылдық бағыттар болған секілді, қазақ та бір кезде ұлтшылдык, діншілдік, батыршылдық бағыттар болған. Ұлтшылдык бағыт әр ұлтта бар, әсіресе, байларында бар. Алайда, ұлтшылдық бағыт орыстың осы күнгі әдебиетінде де көрініп отыр. Орыстың Есенин, Иванов, Пильняк тәрізді жазушы-ақындары орыс төңкерісін ұлтшылдық бағытта суреттеп отыр. Ескі бағыт, ескі ұғым жуырда арыла коймайды. Тұрмыс жаңа түрге түсіп, жаңа тәрбие орнаған сайын, барып-барып қалады.
Әдебиет бағытында тағы да әсер ететін себепкерлер бар.
Атам заманнан адам баласының тарихында ақыл-қиял, сезім таласы калмай келе жатыр. Бір заманда киял-сезім үске шығып, әдебиетте санашылдық (идеализм), сарындамашылдық (романтизм), күйректік (сентиментализм) бағыттарын туғызса, кей заманда ақыл жеңіп, натурализм, реализм, материализм бағыттарын туғызып отырған. Адамда ақыл, қиял, сезім (көңіл) деген сипаттар бар. Бір дәуірдің жазушылары (ойшылары) бір жола ақылдан немесе қиялдан безіп кете алмайды. Адам әр алуан болып жаратылады. Біреудің ақылы басым, біреудің киялы, біреудің сезімі басым болады. Сондықтан әдебиетте нағыздық (реализм) бағыты басталды-ақ, сарындамашылдық (романтизм) бағыт пышақ кескендей тоқталады деп ұғу дұрыс емес. Екі бағыт араласып жүріп отырады, тек біреуі басымырақ болғандықтан пәлен бағытта деп айтылады. Толстой сынды нағызшыл (реалист) жазушысы бар орыс әдебиеті нағыздық бағытын тұтынып жүрген кезде Максим Горький тәрізді сарындамашыл (романтик) ақыны да болған. Қазақ бір жағынан Абайдың, Ахметтің, Міржақыптың нағыздық бағыттағы өлендерін жаттап жүргенде, бір жағынан «Тотының тоқсан тарауын» да, «Мың бір түнді» де, «Бақытсыз Жамалды» да жақсы тыңдаған. Ақын-жазушы біткенді бір қалыпқа соғуға болмайды. Қиялы күшті ақын романшыл болса, ақылы күшті ақын нағызшыл болса, неге бұлай болмай, олай болсын деу — «өзіңді қайта жарат» деген сөз.
Ұзын сөздің қысқасы — қазақ асарын асап, жасарын жасаған мәдениеті көпей ел; табиғат сырына ақылы жетіп болмаған, бақташы, диханшы ел; дін тұманынан әлі арылмаған ел; жан жүйесі, ой жүйесі, рух әлемі жаңа қалыпқа әлі қалыптанып жетпеген ел, ұлтшылдық сезімі кемеліне келмеген ел; тапшылдық, әлеуметшілдік пікірін жаңа ғана естіп отырған ел. Өткендегі хандарын, билерін, батырларын жырлап, ақыл-ойы ертегімен, қыссамен, қиялмей суарылып келген ел; ескі өкіметтің зорлығын көріп, жерінен, еркіндігінен айрылған ел; сондықтан қазақ әдебиетінің бұл күнгі бағыты көбінесе, сарындамалық, қала берсе, нағыздық бағытта болуға тиісті, осы күнгі азды-көпті әдебиет табыстарымыз осыны көрсетеді (мысал келтіріп жатуға орын тар). Бұл бағытты ешкім кесіп-пішіп бермейді. Ешкім мына бағытты алсын деп күштей алмайды, оны тұрмыс, тарих ағымы өзі белгілейді. Сыншының міндеті: барды - бар, жоқты - жоқ деу; бұлай болса тәуір болар еді деп, түзеу, жөн сілтеу, жазушыға жәрдемдесу (керек).
Жалғыз-ақ сарындамашылық қай түрде болу керек? Қайткенде пайдалырақ болар еді? Осыны тілек қылу керек. Әрине, сарындамашылдық өршіл болу керек деген дұрыс пікір, бірақ өршіл болу үшін жалпы көптің, бұқараның тұрмысы өрге жүзу керек. Тұрмыс бір басқа болса жүре алмайды. Ол әдебиет болмайды, тегінде, әдебиет болғанды көбірек жазады; болашақты жазса ол қиял болып шығады.
...Анығында әлеуметшілдік, камүншілдік (коммунистік-Т.Ж) тұрмыс алдымызда деп отырмыз. Алдағы жетсем-ау деген нәрсе арман болады. Арманға жету үшін қиялға сүңгімей болмайды. Қиялға сүңгімей нағыз өмірді жазған болмайсың. Идеализм, романтизм деген осындайдан туады. Ал нағыздық бағытпен жазғанда, бүгінгі тұрмыс нағыз қалпында суреттелу керек. Бүгінгі әлі қалыпталмаған, кем-кетігі көп өмір сондай сұлу ма? Осы өмірді аудармай жазған қалай? Қияға құлаш ұра, жақсылықтың шетін қылтылдата жазған калай?
«Не нәрсе өмірден гөрі жақсы болса, не нәрсе өмір шындығынан да артық шындыкка ұқсаса, сол — өнер. Всеволод Иванов осы жолға түсулі. Өйткені ол қүдайдың мейірімен «жаратылған талантты ақын» (Воронский).
«Біздің еңбекші бағытындағы «тапшыл» жазушыларымыз жабайы сүр өмірді жазуға әуестеніп, өнер болу жағын ескермей кету қаупы бар. Қолма-қол пайдасы тиетін, үгіт болмаса, «еңбекші» деген сөзді қыстырмаса, дәретсіздігі сезілетіндей, тым қысыла-қыстырыла жазатын тәрізді. Өнердің пайдасы күнбе-күн, қолма-қол тие беруі шарт болмаса керек; өнерден пайда күткен көзқарас төңкерісшіл көзқараспен қандай ауыл үй қонса, ескішілдік көзқараспен де отаса кетеді. Ондай көзқарасқа бейімдік неден туады десеңіз, бұл шарт - қай түрлі болсын әлеумет кұрылысына, немесе әлеумет мұратына жан салып, бүйрегі бұрылудан туады. Бұл шарт әлде бір себеппен жоғалса, ондай бейімдік те жоғалады», — дейді Плеханов.
Бұл мысалдарды келтіргенде, біз өнер үшін деген жолды тұту керек дейміз. Өнердің тұрмысқа, тұрмысты ұғуға, жан әлемін тәрбиелеуге пайдасы болуға тиіс деген пікірді қолдаймыз.
Қошке мен Сәбит айтыстарының маңызды жерлері, қазақ әдебиетінің өсу-өспеуі, қандай адам жазушы, ақын болуы, казақ жазушыларының қазіргі бағыттары жайынан көрінеді.
Қазақ әдебиеті, оның ішінде еңбекші тап әдебиеті, жақын арада тез күшейеді, тез өседі деуге толық себеп жоқ. Кеңес өкіметі орнап, еңбекші тапты жақтағандықтан, сүйгендіктен, келешекте еңбекші тап кенеледі деп сенілгендіктен әдебиет тез күшейіп кетеді деу тым ұшқары, тым желпілдеткен сөз болуға мүмкін. «Үкіметті тартып алудан, оны ұстап тұрудан өнер-білім табу анағұрлы қиын» деген Воронскийдің сөзі дұрысқа келетін тәрізді. Жалаң Воронский емес, көшпелі дәуірде әдебиеттің, өнердің тез көтерілмейтінін басқа білгіштер де сынаттап отыр.
Барлық көшпелі дәуірлерде сын көсемсөз (публицистика) рухымен суарылады: кейде сын емес, нағыз көсем сөздің өзі болады да қояды, деп Плеханов айтады.
Құрғак ойға, құр даурыққа, көсем сөзге беріліп, көшпелі дәуірдің көркем әдебиеті күшеймейді деуге кәзір де келіп отыр. Еңбекші таптың жазушылары көбінесе үгіт сөз, үгіт өлең жазуды дұрыс тауып жүр. Бұл өнер емес, қара сөз, көсем сөз екеніне өздері де таласа алмайды. Ендеше әлгі айтқан білімдардың сөздері тура шыға келгені ме? Жоқ па? Шыға келгені. Үгітшілер бұлай жазғанына өздерінше дәлел келтіреді: «Еңбекші таптың партиялық мақсатын орындап жүрміз», — дейді (партияның жолын өнерсіздікпен емес, өнермен орындауға болмайтын-ау!), оның үстіне жазушының, ақынның міндетіне тым сәл көзбен қарайды. Ақын - сөзді ажарлаумен ақын болады. «Ақын да, арбашы да, қойшы да... өз орнында ақын...» деген сөздер ақын міндетін тым жабайы көрсеткендік, ақынның өнерін де, өрісін де тым тарылтқандық болады. Ақын көтермекші, атарман-шабарман деген сөз болады. Мұндай пікір орыстың ең солшыл, өнерсіз жазушыларында бар.
«Солшыл» жазушылардың ішінде мұндай көптің ұғымына қарамай өз әуестенуімен жазып кетушілік әсіресе Сәкенде бар. «Экспресс», «Аэроплан», «Так-так-так-Рудзутақ»... сықылды өлеңдері көпке, оның ішінде, еңбекші қазаққа қандайлық ұғымды, жұғымды болар екен?
Қазақ төңкеріске жолдан қосылған жұрт. Төңкерістен бұрын коммунист жолында болған қазақ жоқ. Қазақ саясаттың өзіне кеш кірісті. Төңкерістен бұрын қалам ұстағанның бәрі ұлтшылдық бағытта жазып жүрді, төңкерістен кейін кейбір жазушылар еңбекшілік, тапшылдык, төңкерісшілдік бағытқа түсті. Бұрынғы ұлтшыл жазушылардың енді еңбекшіл, тапшыл болуына, әрине, төңкеріс, үкімет, саясат кұбылуы әсер етті. Саясат, әлеумет құрылысы өзгерген соң, пікір де өзгермек қой. Алайда, қазақ жазушыларының бұрынғы ұлтшылдық сезімі пышақ кескендей жоғалып кетуі табиғи нәрсе ме? Төңкеріс болмаса, патша үкіметі құламаса, отаршылық саясат өрши берсе, сонда да сол тапшыл болып отырған жазушылар ұлтшылдық бағытын тастар ма еді? Орыстың төңкеріс туғызған жазушыларының өзінде ұлтшылдық пікір қалмай отырғанда, қазақтың төңкерістен бұрын ұлтшыл жазушыларында неғып ескіліктің жұғыны аз да болса қалмады? Қалмады десек шын болар ма? Міне, бұл ойланатын нәрсе? Троцкий айтқандай «боялып, қу болып» жүрген жазушылар бізде жоқ деуге болмайды. Шын жүректен табиғатынан қайнап шықпаған сөзде жан болмайды, ондай сөз ақындыққа жатпайды, «бей намаздың» намазы болып шығады. Міне, осы себептен де әдебиетіміз, оның ішінде тапшыл әдебиетіміз жуырда аяқтана алмайды.
Төңкерістен соң қалам үстағандар өздерін төңкерістің «бел баласы» деп санап жүр. Кеп төңкерістен кейін қалам ұстауда емес, жергілікті «тума пікірінде». «Пікірінде» дейтініміз: байдан, не кедейден шыққандығымды дәйім пікірге әсер етеді деуге болмайды. Энгельс сынды бай адам жұмыскер, тапшыл болуы, бай балаларынан шыққан кейбір қазақтың коммунист болып жүруі кедейліктің шарт емес екенін көрсетіп отыр. Сөз жоқ, жұрттың бәрі Энгельс бола алмайды. Пікір (идея) үшін өмірін құрбан қылуға ірі адам болу керек.
Бүгінгі төңкеріс туғызған жазушыларымызда енбекші таптың дүние танысын, жан дүниесін, тілеген арманын өнер моншағының көзінен өткізіп көрсетерлік күшті қалам әзір білінбейді.
Біздің еңбекші тапты қолдаушы жазушыларымыз орыстың пролетариат (жалшы) жазушыларының жолын тұтынып жалшы ақындарының ұйымын (ВАПП) ашып отыр. Қазақта аз да болса, жалшы, жұмысшы бар. Бірақ, қазақтың жазушылары жауропаныкіндей соқа басынан басқалығы жоқ. Қара қасқа жалшы (пролетариат) емес: бір аяғы кенде, тұзда, балық кәсібінде, шойын жолда, зауытта болса, бір аяғы елде жүрген жалшы, өйткені олардың азды-көпті малы, шаруасы бар, ағайын-туысқанымен байланысы бар; атасынан, руынан, құдандалы тамыр-таныстан қол үзіп кеткен жоқ. Олардың ақыл, ойы, рух әлемі ел кедейлерінен қара үзіп кеткен жоқ. Алғашқы кезде кәсіп іздеп қалаға барған мұжықтан шыққан жалшылар да осындай күйде болған; олар жүре-жүре поселкеден қол үзген соң, машина күпшегіне басын мықтап байлаған соң барып пролетари болған. Олай болса қазаққа шын пролетариат әдебиетін жасауға әзір болар ма екен?! «Ә, құдай, пәле-жалаңнан, жұтыңнан сақтай гер!» деп күннің көзіне қарап, көктен жақсылық күтіп отырған елдегі жаман тымақты қыруар кедейге машина әдебиетін ұқтыруға келер ме екен? Бұл тым «айға шыққандық», тым «сақалын бояғандық» болмас па?! Қазақ былай тұрсын, әуелі орыста да жалшы әдебиетші жоқ деп білгіштер жазып отыр. Троцкий сияқтылар: байлар мәдениетіне, байлар өнеріне жалшы мәдениетін, жалшы өнерін қарсы қоям деу түбінен дұрыс емес. Жалшылардың мәдениеті де, өнері де тегінде болмақшы емес, өйткені жалшылар тәртібі уақытша өткінші тәртіп. Оның пікірін дұрыс емес дейін десе, төңкерістің бас қайраткері.
Жалшылар әзір өз жазушыларын келешектен күтіп отыр. Бүгінгі әдебиетіміздің жалпы бағыты халықшылдық (народничество), қала берсе, оқыған (интеллигентский) халықшылдық деп басты сыншының бірі Воронский тағы да жазып отыр.
Біздің Сәбит: «Шөре-шөрелерде тиянақты пікір жоқ. Күш кімде болса олардың тілегі сонда, кеңес үкіметін тамағы тойса жақсылайды, тамағы ашықса жамандайды. Бір күн байды жырласа, бір күн кедейді жырлайды» деп отыр. Оған мысалға Мұхтар мен Жүсіпбекті келтіріп, «бұлардың өзі кедей болса да, пікірі байшыл интеллигент. Ондай интеллигенттерде табан болмайды, тап күресі туған күні, дүние аласапыранға айналған күні олардың басында миы қалмайды. Қайда барарын білмейді. Жанын қорғап қалғысы келеді...» - деп отыр.
Әбдірахман: соңғы кезде «жатып атарлық қылу» әдісіне түскен ұлтшылдық бағытпен қатар, тапшылдық, төңкерісшілдік және жолбикелік бағыттар таласулы» - деп отыр. Сүйтіп, бұлар «шөре-шөре жолбикелерді» кұлдыратып жамандап отыр. Сәбит, Әбдірахмандар бұлай десе, орыс сыншылары не дейді екен, көз салайық:
«Жолбикелер әдебиеті өз алдына кеңестің жаңа бұқарашылдығы, бұл күнде орыс әдебиетінің маңызды әскері «жолбикелер» (Троцкий).
«Бүгінгі мәдениет — өрелік өткінші дәуірдегі кеңес мәдениеті. Бұл мәдениетте не көп, мұжықтың, «бұқарашыл» оқығандардың қосқаны көп. Жалшылардікі аз, өйткені бұлар әлі жол үстінде тұр» (Воронский).
Сәбит интеллигент жазушыларды табансыз, пікірсіз, жанын қорғағыш, пайдасыз деп тауып отырса, еңбекші тап әдебиетін қара күшпен, «интеллигентсіз-ақ» соғып шығарамыз деп отырса, өнерлі жұрттың сыншылары не дейді?
Біздің өнеріміз оқығандар (интеллигент) — мұжық пен жұмысшының арасында (Сәбитше), «шөре-шөреде» жүрген жаратылысы екеуіне де жанаса алмайтын, алайда, өзінің ерлік халіне, өзінің байланысына қарағанда, жұмысшыдан гөрі мұжыққа икем оқығандар: бұлар нағыз мұжықтың өзі бола алмайды. Бірақ «мұжықшылау» қолынан келеді (Троцкий).
Сәбит: «шөре-шөрелерді пайдаланамыз, тым еркелеп бара жатқаны болса, так-так дейміз».
«Жақсысын аламыз, жаманын тастаймыз» деп жолбикелердің еңбегіне жол бергісі келмей отырса, өзге жұрттың білгіштері:
«Қай ақын төңкерісшіл, қай ақын қарсы деген өлшеуішті қойып отырып, көркем әдебиет жөнінен бойы өсіп, өз бетін нығайтуға оларға да (ақындарға) толық еркіндік беруіміз керек», — деп отыр Воронский.
«Бізде ақынды көмуге тырысатын әдет бар». Өйткенше оларға қалай көмек беруді ойлаған жақсы емес пе? Біздің жазушыларымыз мейлі еңбекшілеріміздікі, мейлі емес болсын, бәрі де бұл күнде ауыр дағдарысты басынан кешіріп тұрғанын ұмытпау керек» (Троцкий).
Міне, көргенді ел жазушыларына, ақындарына осылай қарайды екен, сыпайы келеді екен. Қаламынан пайда күтіп, бағалайды екен, сонда барып әдебиет көркейеді деп шамалайды екен.
Үйірге жаңа түскен сәурікше бірін-бірі сауырламайды, мүйіздемейді екен, сынаса өзін емес, сөзін сынайды екен.
Әдебиеттің күшеюіне, қаламшыларға азды-көпті еркіндік керек. Мүйіздеп қысымшылық көрсете бермеу керек, «жатып атар» ұлтшылдық қылып жатса, «мына жерің ұлтшылдық» деп сынау керек. Ұлтшылдықтан орыс әдебиеті де құтылған жоқ деп айттық. Ұлтшылдықты отаршылдық туғызғанына Сәбиттер таласпайтын болар. Бір күнде отаршылдық та, ұлтшылдық та жоғалып кетпекші емес. Бірі қалғанда, екіншісі де қалады. Бұдан артық қаза беруге болмайды.
«Қашанда кей кәсіп тез, кей кәсіп кеш өседі, кәсіптің қайсы бірі кейде әлде бір себептермен мүлде жоғалып кетеді. Салт сана (надстройка) жүзінде де солай. V ғасырда Афин (грек) жұртында техника жаман болса да, пәлсәпе жақсы күшейген. XX ғасырда Америкада техника күшті болғанмен, пәлсәпа артта қалған. Салт-сананың ең жоғарғысы - әлеумет (высщие надстройки) рухының «бұтақтары» (Энгельс), қай бұтақ қай бір себеппен көбірек нәр жесе, сол бұтақ артығырақ өспек» (Бухарин).
«Сәулет өнерінен өзге өнердің бәрі де техникаға тек ұшығы ғана барып тіреледі. Техника барлық мәдениеттің іргесі. Өнердің, өте-мөте сөз өнерінің іс жүзінде зат техникасына байланысы тым құрдым. Сондықтан Американың ауа кемесін, аспанмен тілдескен заңғар үйлерін, сүңгуір қайықтарын жырлаған поэманы Резан губернесінде отырып та мұқыл қарындашпен сүр қағазға жазуға болады» (Троцкий).
Ендеше, техникамыз төмендіктен әдебиетіміз төмен болып отыр деуге болмайды, жалпы мәдениетіміз, шаруамыз төмен болғандықтан және жоғарғы көрсетілген себептермен төмен болады, төмен болмақ десек сияды.
Сәбит әдебиетті техникаға тіркеп, Жәңгір хан тұсындағы талантсыз Байтоқ жыраудың шоқбұт өлеңімен дәлелдемек болған. Бұл тым ожар батылдық, бірлі-жарым жаман өлеңмен де, жақсы өлеңмен де бір дәуірдегі әдебиетке баға беру шетін пікір. Өткендегі әдебиеттен жақсы мысалдар көрсетуге болады. «Қобыланды», «Тарғындарды» шығарған Марабай ақындардың сөзі кімнен кем? Сол Жәңгір тұсындағы Махамбет батырдың Баймағамбет төреге айтқаны әуелі осы күнгі асқан ақыныңнан табылар ма екен? Бұл өзі таласуға да тұрмайтын сөз еді, тек солақайлау болған соң ай-тып отырмыз.
Сәбит жаратылыста ақын болып туады деген пікірге қарсы. Ол: «Қай адам болса да ақындық әсері болады. Акындыққа арналған мида бір бөлшек болады. Барлық адамның ақын болмайтын себебі, ақындыққа арналған миының бөлекшесін қозғап жіберерлік оның өмірінде себеп кездеспейді. Сонымен ақындық миы ұйықтаған қалпымен етеді», - дейді.
Бұл пікір бұл күнде мансұқ болған, ежелгі грек данышпаны Аристотельден қалған «зейін қисыны» («Теория способностей») деген пікір. Ақындыққа немесе басқа өнерге арналған мидың бөлшегі жоқ, тек жалпы ақыл-ой, сана қызметін басқаратын үлкен ми бар. Дененің бар мүшелерін қозғап, басқарып тұратын мидың бөлімшелері бар екені рас, мидың осы бөлімшелерін Сәбит әлде ақындық туғызатын бөлімдер деп шатастырып отыр немесе Аристотельдің ескі пікірін айтып отыр. Аристотельдің ол қисыны XIX ғасырдын, аяқ шенінде, Герберт тұсынан бері білім тәжірибелері мансұққа шығарған. Бүгінгі затшыл, тәрбиелі әлімдер «зейін қисыны» сөз екен деп аузына да алмайды.
Сәбиттің «жаратылыста ақын болып тумайды. Барлық адам бірдей болып жаратылады» дегені де білім жолына қайшы. Тегіне тартудың шындығын, сүйекке біткен соқыр сезім, серпілісі (реакция) дегендердің барлығын бүгінгі «ілім» «биоегенетический законмен» бекітіп отыр. Қазақтың «ер тағайына тартады» дегені тәжірибеден шыққан, білім растап отырған пікір. Тегіне тартқандықтан, сүйегіне біткендіктен адам әр түрлі болып жаратылады. Сүйегіне біткен соқыр сезімді, серпілісті ғана тәрбиелеуге, жетілтуге болады. Сүйегінде, жаратылысында ақындығы жоқ болса, «май құйсаң да» ақын болмайды. Сүйегіне бітпесе хат білмейтін Марабай, Махамбет, Шөжелер кімнен үйреніп ақын болды? Жасы, тәрбиесі, оқытуы бірдей болса да, мектептегі балалардың біреуі зерек, біреуі миқұла, топас болатынын Сәбит немен дәлелдейді? Үйретумен ақын қыламыз деу болмайтын әңгіме. Аржағында «бір шағым миы» болмаса, қалай үйретсең де оңбайды. Үйретіп ақын қылу деген ақылға да, білімге де сыймайды. Сатылған Сабатайыш неше факультет бітірсе де, отыз жыл оқыса да түк болмаған.
Манадан бергі сөзіміздің қорытындысы: «қазақтың ұлтшылдығы үстемдігі, бағындыруды көксеген, шегіне жеткен, озбыр ұлтшылдық емес, алдымен бас қорғауға, жансауға қылуға, жете алса теңдік алуға талпынған тіленші ұлтшылдық. Тұрмыс жүзінде уақ ұлттардың қалың бұқарасы теңгерілмей тұрғанда, ұлтшылдық жоғалмайды. Бұрынғы жалаңаш ұлтшылдық, бұл күнде бұқарашылдыққа айналса, бұл бір саты, бұл табиғи жол. Қазақ капитал дәуірін аттап өтіп, тегістік тұрмысқа жетсе, кұба-құп. Жете алмаса, әдебиетті аттадым дегенмен, тұрмыс аттатпайды. Қазақ жұмыскерлері шын мәнінде пролетари емес. Бұхара көпшілігі кедей мен орта шаруа. Ендеше орыстікі тәрізді, біздің әдебиетіміздің мінезі де халықшыл бұқарашыл болуға тиіс. Әдебиет техникаға байланса, онда тым бұқарашыл болу керек.
Әдебиетті, өнерді - оқығанның өнерлісі, оқымағанның самар оттары жасайды.

Әмина МАМЫТ КЕЛІНІ





КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ ТУРАЛЫ
Соңғы кезде баспасөз бетінде көркем әдебиет туралы әңгімелер басылып келеді. Дұрысында бұл сүйсінерлік нәрсе. Сондықтан бұл жөнінде мен де пікірімді оқушыларымыздың алдына салуды лайық көрдім.
Көркем әдебиет деген не нәрсе, қай заманнан қалайша басталған, не нәрсеге байланысты, бұған болатын сын қандай түрде болмақ? - деген мәселелерге қысқаша пікірімді жазып өтуге тура келеді.
Қоғам тұрмысының негізі өзгеріп, екінші жаңа өмірге аяқ басқаннан бері қарай сол қоғам негізі қалай қарап бет алса, солай қарай домалайтын жалпы бұтақтарында да (надстройка) өзгеріс болды. Белгілі бір шаруашылық негізіне құрылған тұрмыстан туған тілек (идеология) сол тұрмыстың бұтағында, тұрмыс (тілек болсын, басқа болсын) барлығына негіз болады.
Көркем әдебиет деген нәрсе де қоғам тұрмысының түрлерінен келген көп тілектердің біреуі. Сондықтан ол сол қоғам тұрмысының зарын зарламай, мұңын мұңдамай өз бетіне жайылып кете алмайды. Неге десеңіз сол қоғамға, сол тапқа көркем әдебиеттің де бас-аяғы байлаулы. Сондықтан біздің осы күнгі социализмге жетеміз деп отырған кездегі көркем әдебиет те тізгінді қолға алып отырған таптың тілегіне, жалпы алған жолына түсіп жырын жырлап, мұңын мұңдауы керек.
Белгілі бір тап тізгінін қолына алып, мемлекеттің өз тілегіне өзі жол салып болған соң да, таптың алдыңғы қатардағы сана-сезімінің жетекшілері де көркем әдебиетті сол жолға, сол тілекке аударып алуға ұмтылады. Бұл шаруашылық өзгерген сайын сонымен қатар өзгеріп, қабырғаласып келе жатқан тұрмыстың жалпы заңы, бұған тарих айғақ.
Бұған дейін қай нәрсені болса да сынға салып келе жатқан адам баласы көркем әдебиетті де сынамай кете алмайды.
Бізде осы күні «сын» деген нәрсенің төбесі көріне бастады. Бірақ, ол сын қалайша, қай түрде болу керек? Әсіресе, көркем әдебиет туралы (болса). Бұл жағы әлі де болса бір бағыт алып, тура соқпаққа түсіп болған жоқ. Білім көзімен қарап сынауға жол ашық тұрған кезде, орынсыз жүз жырту, бет тырнау, өткенді қазбалау деген, менің ойымша, сынға білім көзімен қарамағандық. Көркем әдебиетке сын деген нәрсенің дұрыс шығып, жалпыға ұғымды болуы (керек). Жалпы алғанда әдемі өнер (эстетическое искусство) деген не нәрсе? Соны біз қысқаша шолып озғанды жөн деп білдік. Неге десеңіз көркем әдебиет дегеніміз де сол әдемі өнердің ішіндегі бір түрі болады. Әрбір көзі ашық саналы адамдардың бәріне де белгілі, осы күнгі диалектика қолданған затшылардың (материалистердің) әдемі өнерге болған көзқарасы бір күн ішінде, я болмаса осы төңкеріс кезінде ғана болып отырған нәрсе емес.
Бұл көзқарас адам баласының түрлі кездегі түрлі өмірлерін, сана сезімдерін талдап тексеріп, тарихтан оқып шығарып отырған қорытынды. Жалпы алғанда әдемі өнер деген не нәрсе, қала берді, жоғарыда мұның бір бұтағы деп өткен көркем әдебиет деген не нәрсе? Міне осыларға келейік.
Айтайын деп келе жатқан әдемі өнер ішіне кіретін: музыка, скульптура, живопись, поэзия деген нәрселер адам баласы жаралып, жер жүзіне орын тепкен күннен бастап, бірге жасап өсіп, өніп келеді. Жоғалған жоқ...
Осы күндегі Ресейде еңбекші тап мемлекет тізгінін жеңіп қолға алып отыр. Енді мұнан былай да өздерінің істеген, еңбегі сіңген нәрселерді түгел меңгеріп алу үшін, болып озған капитал дәуірін, байлар билігін, олардан қалған мұраларды инесінен-жібіне дейін қалдырмай түгел тексеруі, оқуы, білуі (қажет). Келешек өмір, қоғам тұрмысын құру жолында үлкен шарттар (бар). Бұлай тексеру, білуменен ол өткендегі капитал тұрмысының қисыны жоқ, адам баласы өміріне үйлеспейтін жерлерін көреді, үлгі алады. Содан келіп келешектегі жалпыға бірдей болатын еңбекші тап көксеген жаңа тұрмысты орнатады, құрады.
Енді көркем әдебиетке келсек те осы. Мұны да өзінікі етіп алу үшін ескі көркем әдебиеттерді де бастан аяқ тексеру, оқу, білу керек. Керегін алып, келіспеген оғаш жерлерін мінеп, сынап, еңбекші өз көркем әдебиетіне, оны көгертіп, көркейтуге құрал етеді. Оған бұрынғы өткен капитал кезіндегі Пушкин, Лермонтов, Толстой, Тургенев сықылды жазушылардан, ақындардан қорқатын түк жоқ. Олар өз дәуірлерінің тұрмыстарын көркем суреттеп, шебер келтірген заманның данышпандары. Олардан біздің пролетариат жазушысымын дегендеріміз де үлгі-өрнек алулары керек. Сол сықылды жаңа тұрмыс түрлерін де әдемі суреттей білулері керек. Олардың шеберліктерінен орынды пайдаланып, дұрыс еліктей алсаң (әрине, еңбекші тап тілегіне бұрып) елдікі болмайды, өзіңдікі болады. Еңбекші тап жазушылары Жуковский сықылды басқа тілден көркем, өзінікіндей етіп (Шиллерден аударған балладалары сықылды) аудара алса, еңбекші тап ондай жазушысына адастың дей қоймас деген сөздерді саналы ортақшылдардың барлығы да айтып отыр. Бүған Луначарский, Лениннің өзі сықылды көсемдеріміздің сөздеріменен таныс жолдастар қарсы болмаса керек. Қысқасы ескілерді тексермей, білмей, олардан үлгі алмай тұрып, айтып жүрген «пролетариат әдемі өнері, көркем әдебиеті» деген нәрселер көктен түспейді. Тек болғаны - өткендегіден пайдалана, үлгі-өрнек ала білуіміз керек. Сонда ғана еңбекшілердің көздеген, көксеген әдемі өнері де, көркем әдебиеті де ойдағыдай болып көркейер, гүлденер.
Енді осы арада әдемі өнер, көркем әдебиет деген не нәрсе, қалайша туады, тарихы қай түрде болғандығын қысқаша білдіріп, сөз қорытындысында аз ғана болса да өзіміздің қазақ әдебиеті туралы да бір-екі сөз айтып озайық.
Біздің осы күнгі жазушы, сыншыларымыз көркем әдебиетті сынай қалса, жұлып алғандай белден (баса) аяқ салады. Орта белінен келіп бастайды. Көбінесе айтатындары — осы күнгі көркем әдебиетіміз қандай болу керек. Қалайша басталуы жөн, ана ақын неге өткенді көксей береді, мына ақын неге әлдеқашан артта қалған, қазақ ұлтының көрген кемшіліктерін зарлайды? — деген сықылдылар.
Біздің көркем әдебиетіміздің басы қайдан басталады, негізі қайда жатыр? Осы айтып, жазып жүрген анадай болсын, мынадай болмасын деген жастар болса, әдебиетіміздің дүниеге шығуына өткендегі жаман, жақсы болса да әдебиетіміздің әсері болды ма? Жоқ болмаса, көркем әдебиет деген бізде бұрын болмай, тек болғаны осы соңғы 2-3 жыл ішінде ғана шығып жүре ме? Бұл туралы дұрыс ауыз ашқан адам санаулы, яки, тіпті жоқ.
Біздің ойымызша осы көркем әдебиетімізді сынаудан бұрын алдыменен талдап, оның тарихын тексеру керек. Әзірге басынан бастап тарихын қозғап отырған адам аз. Біз қанша таудай талап етсек те бұрынғы «жаманымызды» біліп алмай, жөндеп тексермей, жаңа жақсыны жасай алмаймыз. Тыңнан ойып түсе алмаймыз. Қанша айтсак, та, жазсақ та жақсының түбі (основа) сол өткен «жаманда» жатыр. Жоғарыда елдің тұрмысынан, адам баласының өмірінен тыс нәрсе жоқ, барлығы өмірден, тұрмыстан, шаруашылықтан туады деген едік. Әдемі өнер де, көркем әдебиет те өмір жемісі, тұрмыс тілегі деген едік. Бұл талас жоқ, осы күнгі затшылдар қисыны еді. Олай болса біздің өткеніміз жоқ па? Бұрын да тұрмысымыз, шаруашылығымыз болып, өткенде өмір сүріп тіршілік еткеніміз жоқ па? (Кешегі) болмай, тек болғаны төңкерістен соң ғана бар болып отырмыз ба? Міне осы жақтарға неге көз жіберіп қарамаймыз, жаңаны бастамастан бұрын, өткен өміріміздің жақсы-жаманына неге тарих сыбағасын беріп алмаймыз? Өте ескідегі қазақ тұрмысын көрсететін өмір шаруашылығының не нәрсеге байлаулы екенін суреттейтін:
Басынан Қаратаудың көш келеді...
Айырылған жақынынан жаман екен,
Мөлтілдеп екі көзден жас келеді..., —
деген сықылды халық әдебиетін былай қоя тұрайық. Бұл туралы сыншылар «ләм-мим» деген жоқ. Бер жағындағы өзімізбен қатар жасады деуге болады дейтін Абай, Ахаң туралы қанша сөз айтып отырмыз.
Дұрыс ойлап қарағанда, өзіміздің тұрмысымызға (кешегі) Абайдың өзінің Пушкин, Лермонтовтардан несі кем еді. Орыста осы күні өткеніміз бар, тарихымыз бар, деп мақтанғанда, көркем әдебиетін тексергенде алдыменен сол Пушкиндерін қолдарына ұстап шығады. Ахаңның Чернышевскийден несі кем еді. Осы күні бізден мәдениеті анағүрлым артық орыстар - сол Чернышевскийді көкке көтеріп отырған жоқ па? Ол Чернышевский марксшіл де, ортақшыл да емес еді. Бірақ ол - заманның төңкерісшілі еді.
Қорлықта жүрген қара шаруалардың зарын зарлаған, мұңын мұңдаған, сондықтан түрмеден басы шықпаған. Патшашылдар дегеніне жүрмеген данышпан еді. Осы күні университеттерде Чернышевский жолын, оның көркем сөздерін оқуға, үйренуге жол беріп отыр. Жаңылған, адасқан жерлері болса да «заманы сондай еді» деп заманына жауып отыр. Қысқасы Чернышевский сөзі десе, оны тексеру десе, көсемдерімізден (вождь) бастап жалпы кірісіп отыр. Қай жағынан да тексеріп, тарихтан тиісті орнын беріп отыр. Саналы жұрт былай етсе, оның данышпан Чернышевскийі оған ылайық та еді. Университетке (Саратовтағы) тағылған «император Николай II» атын жұлып алып әдемі өнер орны(на), қала театрына (бұ да Саратовта) Чернышевский(дің) атын қойса, оның халыққа да, көркем әдебиетке де жұмыстары сондай еді.
Бұдан мен орыстарға еліктеп, ал Ахаңды мақтайық деуден аулақпын. Бірақ тарихтағы тиісті орнын берейік дегім келеді. Ахаң әдебиетке жұмыс етпеді ме? Қолынан келгенше заманына қарай, жалтыраған түймесін жұлып тастап, құл болған, теңдіксіз болған, жұрт екен деп есепке алынбаған қазақ жұртына, заманына көре, білгенінше, түсінгенінше жөн сілтемеді ме? Қара жүрек, арам саясатты патша үкіметінің түрмесіне түспеді ме? Оның бәрі де болды. Әлі күнге сақал-шашы ағарғанға дейін тынбай жұмыс етіп келеді. Міне, осындай жерлерімен Чернышевскийге салыстырып отырмын. Бұған Чернышевскийді білгендердің дауы болмас. Мысал үшін Ахаңның «Масадағы» бірнеше өлеңдерін алайық. «Туысыма» деген өлеңін алыңдар. Онда: өзінің нашарлықта екенін, жан-жағына қолын соза алмай, қол-аяғы байлаулы, ауызы буулы, тар көрдің тірідей қуысына тығылғанын, шын сөздерін сөйлеуге шағымшы — доносшы жакындарынан қорыққанын, тағы басқаларын айтпай ма?
«Жұртыма» деген өлеңі — қазақ тұрмысының кемшілігін, дұрыс сөзге түсінбейтінін, надандығын көрсетіп, айнадағыдай суреттеп, заманында алдыңа салмады деп кім айтар. Және сол «Масадағы» «Ғылым» деген өлеңінде алдаушы молдаларға еріп, дін уыменен халықтың басы айналғанын көрсетіп берген жоқ па?
Осы күні бізге бұлардың бәрі оңай, 8-9-дағы жеткіншектер де (пионерлер де) біледі. Бірақ (мұны) заманында Ахаңнан басқа адам айта алған жоқ еді ғой. Міне, осы сықылды өткен әдебиетшілерімізде де алатын, құлақ қоятын нәрселер толып жатыр. Сөйтіп тексере бастасақ біздің қөркем әдебиетіміздің өткені - тарихы жоқ емес. Тек болғаны тексере білу, жаман-жақсысын айыра білу керек.
Бұл арада осы күнгі төңкерісшіл көркем әдебиет жазушылардың, затшыл сыншылардың, «өткендегі көркем әдебиеттен қорқудың қисыны жоқ. Біз олардың керегінен үлгі-өрнек алып, өзіміздің тілегімізге түсіріп аламыз», - дегенін тағы бір рет қайтарып айтқым келеді. Бұл талас жоқ дұрыс нәрсе. Неге десеңіз - «белгілі бір қоғамның тұрмысы, сол қоғам санасының бұлағы, жетекшісі». Бұдан біздің көркем әдебиетімізде тұрмысымызды, шаруашылық түрлерімізді дұрыс суреттеп, бұларға қосып, төңкеріс толқынын жақсы сипаттап алдымызға салып, айнадағыдай көрсетуі керек дейміз...
... Біздің қазақ ақындарында «пролетариат ақыны» деген туралы сөйлеуге де орын жоқ. Фабрик-завод тұрмыстарын қазір суреттеп жаза алмайды. Себебі тұрмыста жоқ. Болса жалпыға түсініксіз. Бірақ, барымызды айтпай кете алмаймыз. Бейімбет, Сәбит сықылды ауыл тұрмысын, олардан да (басқа) кедейлер-жарлылар өмірін суреттеушілер бар. Міне, бұлардың өтірікке қатыспай, шын өмірді келтірулері, әрине, осы күнгі гүлденіп келе жатқан жас еңбекшілер тұрмысындағы көркем әдебиетімізге бастама болады деп айта аламыз. Ал енді бізде бұлардан басқа да жазуға табынушы, көркем түрде етіп келтірушілер де жоқ емес, бар. Бұларды да келген жерден тойтарып тастамай, өте сақ, өте саналы көзбен қарау керек. Бұл туралы Луначарскийдің бір орынды, үлгі боларлык, сөзін келтіріп озайын:
«Біз жолымызға, алған бағытымызға келмейтін жерлерін білім жолыменен-ақ сынап, мінеп, кемдісін көрсетіп бере аламыз. Жауып, тыйып шығармай тастамаймыз. Әдемі өнершіл ақын деген басқалардан бөлегірек өз алдына бір адам екенін ойдан шығармасқа керек. Біз ақындардың барлығы бірдей яки көбі саясатшыл болсын деп ешбір уақытта да айтпаймыз. Көбінесе ақын адамдар (художник) алды, артын байқап көп сынамайтын, ойламайтын, қара басында еркі аздау, айта салатын, жаза салатын жаққа бейімдеу түрдегі кісілер болады. Бұған алдымен түсінген Карл Маркс. Ол Гете, Гейне сияқты ақындарға өте абайлап сөйлеп, ақырын келген», - дейді. Сөйтіп біз өзіміздің жолбасшымыз болған Ресей жұмыскер табынан, оның алдыңғы қатардағы көсемдерінен үлгі алатын болсақ, оны ала білу керек, тексере білу керек.
Және бір ойлайтын жер — кіндік Ресейде болған, оның өміріне үйлестіріліп жасалған жобалар, айтылған сөздер тұп-тұтасыменен біздің қазақ жұртының қазіргі тұрмысына, шаруашылық түріне, жаңа ғана көтеріп, басын қылтитып келе жатқан мәдениетімізге дәл келе береді - деуге де болмайды. Сондықтан оғаш жерлерін тұрмысымызға қарап (әрине, жалпы төңкеріс ағымына туралап) бұрып, бойымызға қарап тон пішуге жөн. Бұған саналы адамдар қарсы бола алмас. Бұл тұрмыс заңы, өмір тілегі. Мұндай тұрмыс заңы, өмір тілегі әр халықтікі әр түрлі екендігіне осы күнгі Октябрь төңкерісінен соңғы құралып, отауын өзгелеп отырған ұлт республикалары дәлел болып жетсе керек. Жалпы одақтағы жұрттың тұрмысы да, өмір түрлері де бірдей, айырмасы жоқ болса, келешекті болжағыш, қыр аса көретін жұмыскер үкіметі мұндай бөлек отаулар да тігіп азаптанбас еді. Жалпы жұртын бір қазанға қаратып, жол-жобаның барлығын да Мәскеуден ғана алып отырар едік.
Бұлай етіп отырған үкімет жоқ. Тұрмысың басқа, шаруашылық түрлерің басқа, өмір, тіршілік жолдарың басқа болғандықтан соларыңа қарап, жалпы нысанаға туралап, кедейлердің тілегіне келмейтін жерлерді ұлы бағытпен өзгертіп, бұрып өз мәдениетіңді өздерің қүрыңдар, деп айырым республикалар жасап беріп отыр.
Енді бұлай болса, біздің көркем әдебиетімізде де толып жатқан айырмашылықтар болуы даусыз нәрсе. Неге десеңіз «пролетариат ақыны» боламын деп ақындарымыз Мәскеудің аспаны менен трубасы таласып, түтіні бұлт шалған фабрик, зауытын жырласа, өлеңге қосса лаққан болар едік, тұрмыстан шығып аяқтарымызды артық көсіліп «көрпеден» шығарып алған болар едік, сондықтан жүрегінде желі бар, көңілінде болаты бар жас ақындарымызды кілт қайтарып, тойтарып тастай бермей, аяқты ақырын басып, ақырын келу керек, бұл бір. Өте лағып көріне көзге бостандыққа қарсы болмаған сөздерін де «сен Қойшыбайсың ғой» деп бетке соға берсек, жаңадан құрамыз, жолға саламыз деп жүрген жас көркем әдебиетімізге ұлы кесел, ілгері баса алмауына үлкен себебі болады, бұл екі. Әдебиетімізді көркейтеміз, алға бастырамыз десек жоғарыда жазылған Гете, Гейнеге қараған Маркс, жалпы әдемі өнер, көркем әдебиетке қараған Луначарский көздеріменен қарап, солардан үлгі алу керек, бұл үш. Бұлардан қала берсе қазіргі көркем әдебиетке сын жазушылар орта белден алып, осы күнгі екі-үш ақындарды жұлмалай бермей, болашақ көркем әдебиетіміздің, негізі болған өткендерді тексеруден басталу керек. Сонда ғана осы күнгі жазылып жүрген сындарымыз дұрыс жолға, нағыз білім соқпағына түскен болады. Сонда ғана көркем әдебиетіміз - көркем әдебиет болып, тұрмысымызды да дұрыс суреттеп, өзімізден мәдениеті жоғары жұрттардың ізіне түсіп бетін түзеп, алға басады.
Сөйтіп, біздің ойымызша, жазушыларымыз, сыншыларымыз осы жазылғандарды, қисындарды қолданып сынға кіріссе мақсатқа тезірек жетер едік, жылдам түсінісіп сөздеріміз бірге, пікірлеріміз бір қорытындыға келуге себеп болар еді дегім келеді.

Ыдырыс МҰСТАМБАЙҰЛЫ


КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ ТУРАЛЫ


(айтыс ретінде)
Соңғы кезде көркем әдебиет туралы айтыс бастаған Сәбит пен Қошке жолдастар еді. Екеуі де сөздерінің басын айтыс болғанда мұқату, кекету секілді нәрселер болмауға керек-деп бастап, аяғында бір-бірімен ұрсысуға айналып кетті («Еңбекші қазақтың» 27-жылы 30 ғинуарда шыққан 23-санын қараңыз). Бірін-бірі:«Түк білмейтін мылқаусың, сенімен айтысып әуре болмаймын» - деп, иә болмаса:«Сен контрсың, ойлаған ойыңның бәрі арамдық» -деп кекетіп ұрсыса берсе елдің айтысудан да көңілі қалады. Дұрыс пікір бұғып, ел алдына түспейді. Біз де Белинский, Чернышевский, Добролюбов секілді сыншылар жоқ. Белинский болмағанмен де әр кім пікірін айту керек. Пікір таласа келе шындық шығады. Айтыс ішінде қызулықтан шыққан орынсыз сөздер, не болмаса біреуді жек көргендіктен айтылған артық міндер ақырында екшеле келіп, өз-өздігінен аяқсыз қалып қоймақ. Түбінде шын нәрсе - шын болып шығады. Жақсы зат – жақсы болып табылады. Көркем әдебиет туралы (44-бет) мезгіл-мезгіл 24-ші жылдан айтыс болып келеді. Осы айтыс арқылы кейбір негізгі мәселелер ашылып, жол салынып қалды. Соңғы мезгілде айтыс қозғаған Сәбит, Ерғали, Әбдірахман, Қошке жолдастардың («Еңбекші қазақтың» 26-шы жылғы 227, 228, 248, 267, 269 сандарында және осы 27-ші жылдағы 3-4 сандарында) сөздерінің ішінде өзім байқаған кейбір қателерді, кемшіліктерді жазып өтуді міндет көрдім.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   69




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет