Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы



бет67/86
Дата05.02.2022
өлшемі5,84 Mb.
#14445
1   ...   63   64   65   66   67   68   69   70   ...   86

ИМАН КҮШІ




"Ер иманы тау қозғайды" деген сөз әр жұрттың арасында бар. Бірақ мұның анық мысалын бұ күнге шейін біз қазақ тіршілігінде көргеніміз жоқ еді. Жалғыз-ақжүрегіндегі иманына сиынып, іс бастап, Айсадан алғыс алған қазақ баласы аз. Қайта сорымызға қарсы, арамызда имансыздар, ұлт жұмысына селқос қараушылар көп. Міне, осы бауырларымның алдына төмендегі мысалды ұсынамын:
1913 жылдан бері Орынборда шығып тұрған "Қазақ" газетін бұл күнде білмеген, көрмеген Алаш баласы жоқ шығар. Болса да әшейін санақта ғана Алаш есебіне алынып өзі мал қатарында жүрген дүлейлер бар болар. Міне осы газет заманның ең қысылшаң шағында жұрттың да баспасөзге елеусіз мезгілінде дүниеге шықты. Ол заманның мұндай ұлт қызметіне қандай жағымсыз, қандай ызғарлы заман екені әлі ешкімнің есінен шығарлық болған жоқ.
Сондай заманның жағдайсыздығына, жұрттың елеусіздігіне қарсы бұл іске кіріскенде шығармашының сүйенгені жалғыз-ақ иманы еді, халыққа, халықтың санасына иманы еді. Сол иманның күшімен шығарушы бұл іске батылдық қылды да кірісті. Баста бірсыпыра адамдар бұған уақыты жетпей шала туған балаға қарағандай қарап, сенімсіздік көрсетсе де, оған қарап күшті иман қажымады, ісін істей берді.
Оның иман еткен жұрты да азаматын түңілтпей әлінен келгенше көтермеледі. Соның арқасында бұрынғы иман онан сайын қуаттанып, өсіп төрт жылдан артық заманның тарлығына да, қаскүнемдердің зорлығына да бой бермей ақыры кеңшілік, игі заманға жетіп отыр. Енді "Қазаққа" бұрынғыдай уақытсыз туған шала деп қарау құриды. Мұнан былай оның алды ашық, жолы даңғыл.
Ағұстың 11-де шыққан "'Қазақтың" өзінде оның баспахана сатып алған хабарын оқыдық. Азамат серіктігінің ақшасын тоғыз мың сомға түсіріп, екі машинасы бар, орысша харіптері мол, саймандары түгел құрылып, бір баспахана алыпты. Оған мұсылманша харіптер жасау үшін Қазан қаласындағы біреуге заказ беріп, алдырғалы тұр екен. Сонда бұл қазақша һәм орысша басатын баспахана қырық мың сомға түсетін көрінеді.
Міне бұл хабар иманның күшін анықтап, сол нөмірде баспахана туралы Міржақып жазады: "Көптен "Көңіл жетсе де қол жетпей, айналып бастан бұлт кетпей" жүретін еді. Сәті бүгін түсті. Қуаныштымыз", - деп. Бұл қуаныш Алаштың бәріне жалпы. Соның үшін "Қазақпен" бірге бүкіл Алашқа құтты болсын айтамыз. Рас. бұл қазақтың бірінші баспаханасы емес. Құдайѓа шүкір, мұнан өзге Семейде, Ақмолада, Хан ордасында қазақ баспаханалары бар. Бірақ мұның жөні бөлек. Үйткені бұл әуелде кішкенеден бастап бес жылдай әр қилы ауырмалықтарды басынан атқарып барып қолѓа түсіп отыр. Бұл бес жыл ішінде "Қазақтың" қандай ауырмалықтар көргені қысқаша Міржақыптың мына сөздерінен көрінеді. Ол жазады: "Бір күндерде бүйтіп баспахана аламыз, газетті көркейтеміз деген ой жоқ еді. "Қазақты" қай күні жауып тастайды, өзімізді қай күні айдап жібереді деген қауіп зор еді. Бірақ Нұржан ақын айтқандай: "Бел байлап тәуекелге шоқыта бер, қансырап қашан барып жығылғанша" деп, біз құдайдың не салғанына риза болып жолымыздан тоқтамадық. Ақырында бұл күнге жеттік", — деп.
"Мұңы бірдің сөзі бір" деген мақал бар ғой. Соның үшін сөз реті келгенде біз де өз мұңымызды айтып өткіміз келеді. Осы күні "Бірлік туының" да діңкесіне тиіп тұрған мәселе - осы баспахана мәселесі. Оқушылар байқап отырған шығар, "Бірлік туының" басылуы өте нашар. Бірінші, әріптері тым уақ; екінші, нағыз қазақ емлелеріне тура емес; үшінші, іші де онша таза болып шықпайды.
Міне, осы кемшіліктердің бәрін де көре, біле отырсақ та олардан құтылуға әзір амалымыз жоқ. Үйткені бұ күнде бұл кемшіліктердің бәрін түгелдейтін Ташкенде баспахана табылмайды. Бар баспаханалардың қазақ емлесіне жетерлік харіптері жоқ. Сүйтсе де әзіргіден көрі тазарақ басатын біреуіне көшейік десек, баяғы қолдың қысқалығы жібермей тұр. Бүгін болмаса ертең жұртшылықтың арқасында бұл қиындықтардан құтылуға иманымыз мол. Осындай иманмен басталған істің көркейгенін көріп, "Бірлік туының" иманы онан артық бекіп отыр. Оның бержағында кеше Ташкенде болып өткен аймақ жиылысы да "Бірлік туын" көтермелеуге қаулы шығарып, үмітімізді ұлғайтып кетті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   63   64   65   66   67   68   69   70   ...   86




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет