«Жазығым не?» - А.Байтұрсыновтың хаты. Тұңғыш рет «Ақиқат» журналының 1996 жылғы №9 санында жарияланған. Сол нұсқа бойынша ұсынылып отыр.
«Ұлтшылдық» - Ж.Аймауытов пен М.Әуезов шығарған «Абай» журналының 1918 жылғы №2 санында пікір алысу ретінде жарияланған. Оған ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы журналдың келесі санында өзінің «Бір ауыз сөзін» қосқан. М.Тұрғамбаевтің өмірін зерттеуші С.Тәбәріковтің ұсынуымен «Абай» журналының 1992 жылғы №2 санында қайталанып басылды.
«Қазақ тілін іске асыру» - "Қазақ тілі" газетінің 1923 жылғы 24 желтоқсандағы N 124 санында жарияланды. «Абай» журналының 2003 жылғы №3 санында қайталанып басылды. Материалды архивтен тауып алып, баспаға әзірлеген семейлік қаламгер Сейітжан Тәбәріков. Мұнда көтеоілген мәселелер бүгін де өзінің құнын жойған жоқ.
“Ортақшыл Мария” – А.Неверевтің “Большевичка Мария” атты әңгімесінің аудармасы. 1927 жылы Мәскеуде жоғарыда көрсетілген жинақта жарық көрген. Б.Қайрбекұлының алғысөзімен “Абай” журналының 1998 жылғы №1 санында қайталанып басылған.
“Мен өмірге жерікпін” – А.Неверовтің “Я хочу жить” деген әңгімесінің аудармасы. Кеңес Одағындағы елдердің Мәскеудегі кіндік баспасынан 1927 жылы “Ортақшыл Мария” әңгімесімен біріктіріліп жеке жинақ болып шыққан. Мәкен Турағұлқызы Мұхамеджанованың жеке қорындағы нұсқа бойынша Т.Жұртбайдың дайындауымен “Жұлдыз” журналының 1989 жылғы №3 санында жарияланған. Кейіннен Б.Қайырбекұлы екі әңгіменің басын қосып, өмірбаяндық түсініктеме жасап “Абай” журналының 1998 жылғы №1 санында бастырды. Мәскеудегі Ленин атындағы (қазіргі мемлекеттік) кітапханада сақталған кітаптың фотокөшірмесінен крилл қарпіне түсірген М.Бейсенбаев. Тағыда бір микро-фильмге түсірілген көшірме Алматыдағы ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар қорында сақтаулы.