Ұлттық арнаның көрермендері – біздің достарымыз
Қазақстанның телеарналарында қазақша еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері көбейіп келеді. Мая Веронская, Ирина Ким, Оксана Лоскутова, Оксана Питерс сынды журналистер қазақ тілін шебер меңгеріп, көгілдір экранның сәніне айналып, елді қуантуда. Біз солардың ізімен жүріп келе жатқан, бүгінде қазақ тілді көрермендердің көзайымына айналған «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Таңшолпан» ақпараттық-сазды бағдарламасының жүргізушісі Ирина Тенмен аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Ирина, «Таңшолпан» шығармашылық ұжымына бейімделу қиынға соқпады ма?
– «Таңшолпан» ұжымына келгенде, шынымды айтсам, көңілділер мен тапқырлар клубына кіріп кеткендей әсер алдым. Ұжым қызметкерлері шетінен тапқыр, қазақы қалжыңмен орағытып әкеткенде бір күніңнің қалай өтіп кеткенін сезбей де қаласың. Ал мәселе жұмыс жағына ауысқанда, әрқайсысы өз істеріне жетік, қандай тақырыпқа салсаң да қамшы салдырмайтын қыз-жігіттер. Бірін аға, бірін әпке тұтып, таңғы бағдарламаның қиындығынан қызығы басым, қуанышы көп екендігіне тәнті болдым.
– Қазақ тілін жетік меңгеруіңе кімдер ықпал етті?
– Менің туған жерім – Қызылорда облысының Арал өңірі. Қазақ халқының салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмаған, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсететін құтты аймақта өскенімді мақтан тұтамын. Өзімді қоршаған жора-жолдас, ұстаздарымның арқасында қазақ тілін жетік меңгердім. Әйтсе де, білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз деген сөздің жаны бар екен. Білгенімнен білмегенім көп. Әріптестерім дайындаған небір танымдық сюжеттер арқылы сөздік қорымды байытуға, білім көкжиегімді кеңейтуге мол мүмкіндік алдым.
– «Таңшолпанның» тұрақты, ең белсенді көрермендерімен тікелей араласқан кездерің болды ма?
– «Таңшолпан» көрермендермен байланысты нығайту үшін көптеген байқаулар ұйымдастырады. Бұдан бөлек күн сайын таңғы эфир арқылы танымдық сауалдар жолдаймыз. Хабарымызға атсалысып, белсенді түрде хабарласатындарға сый-сияпатымыз да әрқашан дайын. Көпшіліктің «Таңшолпанға» тұрақты хабарласатындығын ескеріп, «Таңшолпанның» 20 жылдық мерейтойында үздіктерді марапаттаған болатынбыз. Сол кезде Атыраудан тағдыр тауқыметіне мойымаған Дүйсенәлі аға, ал Мойынқұмнан Бекмұрат мырза, Алматыдан Серғазы замандасымыз келді. Ұлттық арнаны тамашалаушылар – біздің досымыз деп білемін. Алда да талай қызықты кездесулер күтіп тұр деген сенімдемін. Біз көрермендер үшін қызмет етеміз, олардың көңілінен шығуға тырысамыз.
Конец формы
2-мәтін
Достарыңызбен бөлісу: |