Елбасы « Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ең алғаш алманың Қазақстандағы қазіргі Алматы жерінен өсіп шыққандығын айтты. Әрі осы алманы «Отандық бренд» бола алатындығын атап көрсетті.
Қазақстанда, Шу, Іле, Алатау жерінде өскен алғашқы жабайы алма түрі «сиверс» сорты. 1796 ж. Иван Сиверс Тарбағатай жеріне келгенде тапқан.
«Мұндай алманы бұрын еш жерде кездестірген емеспін» деп жазып, дүние жүзіне мәлім етті. Ол алманың сорты, сөйтіп, сол кісінің атымен аталып кетті.
Тойға барған қазақтар..
1913 жылы Мәскеуде үлкен тарихи оқиға болды. Романовтар әулетінің тұғырдан таймай таққа отырғанына 300 жыл толып, оны әлемдік деңгейде атап өтті. Патша ағзам өткізген ұланасыр тойда жан-жақтан Мәскеуге келген сый-сияпатта шек болмады. Алайда, қазақ топырағынан барған тартудың орны бөлек болды. Ол кәдімгі алма болатын. Алматы апортының даңқы осы сәтте бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп өтті.
Біздің қазақтың үш жүзінен барған ақсақалдар патша тойына Алматының апортын алып барған. Оның әрқайсысының салмағы 1 килограмм 200 грамм – 1 килограмм 300 граммнан шыққан еді. Тойға жиналған қауым сол жерде өлшеп көріп, Алматының алмасына таңқалысады. Небәрі 300 граммның айналасындағы өздерінің «Антоновка» сияқты алмаларын ғана көріп жүрген жұрт риза болғаны соншалық: «Мұны біздің патшамыздың құрметіне «Александра» деп атайық!» дейді сол жерде. Сөйтіп, біздің Алматының апорты сол атқа ие болып шыға келді. Негізі, апорт алмалар Қырғызстанда да бар, біздің елімізде де бар, басқа жерде де болуы мүмкін, бірақ нағыз апорт, өзінің топырағын тапқан апорт – Алматының апорты, – деген еді ғалым-биолог Құнанбай Ысмағұлов.
Әр нәрсенің өз Отаны болады.
Қазіргі Қазақстан жерінде керемет алмалардың өсетіндігін қытайлар 1240 жылдан бастап жаза бастаған, сондай-ақ алма тұқымының осы жерден таралғанын да айтқан. Ал біздегі жабайы алмалар осыдан 50 миллион жылдай бұрын да осында өскен, жер жүзіне осы өңірден тараған. Жабайы алманы ешкім қолдап, қорғап отырмайды, ол өзі дарвинизмнің эволюциялық даму заңдылығындағыдай, өзін-өзі сақтап, табиғи сұрыпталып, дамып жетіліп, таралып отырған. Мұны біздің лабораторияда Ботаника институтының ғалымдары әлемдік деңгейде зерттеп, дәлелдеп берді, – деген еді сөз арасында марқұм, ҰҒА академигі, биолог-ғалым Аймақ Жанғалиев.
Мынаны қайдан алғансыздар?
– Бұрынғы кездің өзінде жоғары жақтан келген ғалымдар таңқалысып «Оу, мынаны қайдан алғансыздар, бұл тіпті бізде – Мәскеуде, Ленинградта жоқ қой» деп жататын. Шындығында, біздің Ботаника бағы үшінші-төртінші орыннан түскен жоқ еді. Мәскеу, Ленинград, Киев қалаларындағы Ботаника бақтары ғана бізден сәл ілгерілеу болатын, алайда оларда жоқ, олар қол жеткізе алмаған өсімдіктер біздің бақта жайқалып тұрды.
Әр нәрсенің өз уақыты болады. Шет ел ғалымдарын қазір апорт алмасы емес, жабайы алма қызықтыра бастады. Өйткені, апорттың арғы атасы – жабайы алма. Мәселен, Америка ғалымдарының он екі жылға шарт жасасып, жабайы алма тұқымын сақтап қалу үшін 3 миллион доллар қаржы бөлуінің өзі осының айғағы. Бұл – алма тарихы одан ары жалғаса береді деген сөз. Ал біз жабайы алманы «Сиверс» деп, апортты «Александра» деп мәз болып жүрміз…