Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
18
әскерін басқарады. Осы Ноғай қырық жылдай бүкіл Жошы тұқымына айтқанын
істеді. Алтын Орда хандарын өз қолымен отырғызып,
өз қолымен алып тастай
алатын әмірші болады. Ақырында Алтын Ордаға Мөңке ханның бесінші баласы
Тоқтағу (қазақтар оны Тоқтайхан деп атаған) хан болады. Бұл кезде Ноғай
батырдың қартайған шағы. Жас ханмен кәрі тарлан айқаса кетеді. Дәшті Қыпшақ
елінің ру-руға бөлінген алауыздығын пайдаланып, Тоқтағу әскері Ноғайды жеңеді.
Ноғай он жеті нөкерімен Башқұрт жеріне қашады. Жолай оны Алтын Орда
қызметіндегі бір князьдің жауынгері ұстап алып өлтіреді. Басын Тоқтағуға әкеп
береді. Бірақ жауынгер қылығынан шошынған Тоқтағу «Қарапайым адам хан
тұқымына қол көтермес болар» деп өзінің басын алдыртады.
Хан атын алмағанмен, Ноғай Ұлы би аталған.
Дәшті Қыпшақ жерінің батыс
бөлегі Ноғайлының хандығына айналады. Бұл хандықтың негізін қалаған Маңғыт
руы.
Әбілқайырдың да өзінің қол астындағы Арғын, Қыпшақ руларының белді
адамдарынан сескенуінің де бір себебі осында. Ноғай батыр секілді Ақжол бидің
де (бұл ел қойған аты, шын аты Дайырқожа) артында тұрған қалың Арғын елі бар.
Ал Майсара Қобыланды батырдың соңынан ерген Қызыл бас елін шауып, қисса
жырына айналған арғы бабасы Қара Қыпшақ Қобыландыдан қалған жау жүрек
бықыған айбарлы Қыпшақ жұрты тұр... Қайсысының сөзін жақтау керек. Бұдан
қиын хан басына сын бар ма?
«Жалғанда не қиын, қазақтың ру таласын шешу қиын. Бірақ оны шешудің
қандай қажеті бар? — Әбілқайыр хан мырс-мырс күлді. — Шыңғыс тұқымының
хан тағына осыншама ұзақ отыруының себебі де осында емес пе? Егер ру-ру боп
бөлінген бар қазақ бірігіп кетсе не болар еді? Жоқ-жоқ, бұл жұрт — абайлап
ұстамасаң қолыңды алып түсер қылшылдаған ұстара.
Абайлап ұстаудың жалғыз
жолы — біріне-бірін бақтырып қою. Сонда ғана бұл өткір ұстара қауіпсіз».
Бұл — Әбілқайырдың ойы. Ал Жәнібек болса, осынау ру таласына өзгеше
қарайды. «Қазір Әбілқайыр қиын халде, — деп болжайды ол, — Ордасының да
айбары бұрынғыдай емес, жан-жағы түгел аш қасқырдай талауға әзір жаулары.
Оңтүстік-күнбатыс жағынан Қорасан қайтадан бас көтере бастады.
Мауреннахр
бұқарасының да өшпендігі күшеюде. Ақсақ Темір ұрпақтары іштен тынып, сәтті
күнін күтіп отыр. Солтүстік-батыс тұсы да жауар күндей түнеріп тұр. Ал Еділ
өзенінің арғы бетіндегі Ноғай Ордасы күннен-күнге іргесін әрі салып бара жатыр,
достықтан қастық тілеуі басым. Ежелден бәсекелес жаулары Қазан мен Қырым
хандықтары да бел алып кеткендей. Астрахань сұлтандары Әбілқайырдан көрі,
соларға қарай иек артпақ... Бұның бәрі құр доңайбат емес, бір хандықты жүн етер
қаһар. Ал Алтын Орданың өзінің іші қалай? Жиди бастаған теріге ұқсас. Хан
салған алым-салықтың зардабына шыдай алмай әбден ауаланып алған. Күні бүгін
Әбілқайырдан бөлінгелі тұрған қазақ рулары аз емес... Тек солардың санын
көбейте түсу керек».
Жәнібек,
қырға шыққан сайын, ел тауқыметін көріп, ордасына үнемі ренжіп
қайтатын. Әсіресе, өткен жылғы, бір оқиға сұлтанның көз алдынан кетпей-ақ
қойған. Ол аңнан келе жатып Әбілқайыр лашкерлері шауып кеткен бір ауылдың
үстінен шыққан. Шаңырағы күйрей жерге түскен үйлер... Ұлдары сойылға
жығылып, ботасы өлген інгендей боздаған аналар...
Жәнібекті таныған ақсақал: