Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
169
сенімін сақтай алмады. Елді ел ету қолынан келмеді. Ал біз ше? Біз оны көгерте
аламыз ба? Көгерткен күнде келешек жұрт ісімізге қандай баға береді?
Япырмау, менің бұным не? Болашақ ұрпағымыз не айтады екен деп өз
борышымызды атқармай өтпекпіз бе? Жоқ, келешектің бағасы үшін емес,
солардың алдында өзіміздің ар-ұятымыз таза болу үшін, ел-жұртымызға деген өз
борышымызды адал атқарып өтуіміз керек. Қорғай алмаса өз обалы өзіне, біз
халқымыздың алғашқы мемлекеттік отауын тіктік! Тігу үшін қан майданда жан
құрбан дедік!»
Жәнібек төсектен басын көтеріп алған. Сол күні Сауранды билеп тұрған хакім
Құлмұқамет-тархан «Күшің жетсе — жеңіп ал» деп Жәнібектің хатына жауап
берген. Ал Жәнібек те сол сағатта Сауран шаһарын шабуға әскеріне жарлық
шығарған:
Бүкіл Сыр бойын алып жатқан қалың
әскер қайтадан жасаққа бөлініп,
шабуылға дайындала бастады. Хат жіберілген өзге шаһарлардан жауап келгенше
екі аптадай уақыт өтті. Жәнібек бар уәлиеттен жауап алмай тұрып, Сығанаққа таяу
Сауранды шабудан әзірге бас тартқан. Әбілқайырдың өлгенін естіген жұрт,
хакімдеріне қан төгіспей қалалардың қақпаларын аштыртар деп үміттенген. Бірақ
бұл ойы ақталмады. «Әбілқайыр хан өлгеннен кейін не болар екен?» деп күткен
хакімдер тез жауап бере қоймады. Жұрт осындай дағдарыс халде жүрген шақта,
тағы бір хабар келді. Әбілқайыр ханның тағына үлкен баласы Шайх-Хайдар
отырыпты деген лақапты құс қанатты ұзынқұлақ бүкіл Дәшті Қыпшақ жеріне бір-
ақ күнде таратты.
Жәнібек тағы ойға қалды. «Әбілқайыр жорыққа бастап шыққан жүз мың
әскерді Шайх-Хайдар дәл қазір таратып жібермейді. Әрине, Шайх-Хайдар Көк
Ордаға хан болып жарытпайды. Бірақ оның нағашы жұрты — өзбек Қоңыраттары
қазір бел алып тұр. Сондықтан да Шайх-Хайдарды хан көтерді. Ал, Шайх-Хайдар
қанша табанының бүрі жоқ, осал болғанмен де, әкесі құрған мынау жүз мың
әскерді пайдаланып, абырой алып қалуға тырысады. Бұны Әбілқайырдың
серіктері — әскер қолбасшы батырлар да қолдайды. Қайткен күнде де
тастай
түйілген әскерді жорыққа жұмсайды. Тек қай елді шабу керек, соған қарай
әскерінің бетін бұрады. Әрине, Көк Ордаға қазір Моғолстаннан қазақ елі қауіпті.
Оның үстіне біз Сығанақ уәлиетін алып қойдық. Өз елінің де, өзге елдің де көз
алдында қадірін түсірмес үшін, Шайх-Хайдар Сығанақ пен Созақты қайтаруға
барын салады. Сөз жоқ, әскерінің бетін ол Түркістан өлкесіне бұрады. Ал Шайх-
Хайдардың әкесі Әбілқайырдың бабына келтірген жүз мың әскеріне,
бар қару-
жарағы сойыл мен көне Қыпшақ кезінен келе жатқан қайың садақтарын саптаған
қазақ жігіттері қарсы тұра алмайды. Бұндай соғыста жеңіп шығу үшін тек жазды
күні жиналатын ер жүрек жігіттері ғана емес, қан майданда әбден шыныққан,
соғыс тәсілін мейлінше үйреніп алған қару-жарағы мұздай, тұрғылықты әскер
керек. Ол әскер қазір тек Шайх-Хайдарда ғана бар. Сонда қалай, Шайх-Хайдардың
әскері күшті екен деп ұрыстан күні бұрын тайып кету керек пе? Жоқ, өйтуге
болмайды. Шайх-Хайдардың мұздай қару-жарақтанған әскеріне қарсы бөтен
күшті пайдалану керек. Ол күш — Көк Орда
хандығына қарсы батырлардың
басын біріктіру, солардың әскерін Шайх-Хайдардың жан-жағынан қаптату,
бүйідей тигізу. Мүйізі қарағайдай алып өгізді жан-жағынан тиген он бүгелек
қызыл танау етіп шапқылатып, жанын қоярға жер тапқызбайды. Бүкіл қастар
жиналсақ бір Шайх-Хайдарға әліміз жетпей ме? әрине жетеді.