Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
122
жақсылықты ақтады. Ал, Нигер-Сұлтан-Бегім болса Қасым ханды он жыл аңсап
күтті. Он жылдан кейін барып ең алғашқы ақ төсінен тоят алған қыран бүркіттің
құшағына қайта кірді.
Бос қол қайтқан себебін сұраған әкесіне сұлтан: «Итаяқтағы жуындыдан
бұралқы төбетті қуып жіберіп өзі жалай бастаған арлан тазыдай, біреудің бауыр
баспақ аруын әбдірашит сұлтаннан тартып алып өзім иемденгім келмеді» деді.
— Ал, Рабиу-Сұлтан-Бегімді неге босаттың? — деді Жәнібек.
— Ұлықбек мырзаның аруағын сыйладым.
«Түсіп қалған мұзалимның
1
биігі жаман. Тоят ала алмай қалған әйелдің күйігі
жаман» деп қарайтын сорақы заманның Жәнібек те бас иген перзенті. Бірақ
баласының жауабы миына қона кетті.
— Дұрыс еткен екенсің, адам қартая бастағанда жауымнан кегім қайтпай
қалады-ау деп көп ойлайды екен. Менікі де сол болар... — дей салды. Сөйтті де
Қасымға тағы қарады. — Көзім тірісінде өмір деген өткелдің қыл көпірдей
сынынан өте бер... Істеп жүргендерің теріс болса да өзің пішіп, өзің сөккенің
ұнайды... Оқасы жоқ, құс ұша түзеледі.
— Құс дұрыс қанаттана алса, түзу ұша алады.
— Дұрыс айтасың, — Жәнібек баласына тағы тесіле қарады да қойды.
Осылай талас-тартыста тағы төрт жыл өтті. Қазақ елі Шу, Сарысу бойын әбден
мекен етіп алды. Әдеттегідей жұрт жайлауға көшкелі жатқанда, бір күні Жәнібек
Қасымды тағы шақырды.
— Мүмкін Мұхамед-әкім эль Таразидың тойына Бұрындық ағаңмен сен
барарсың? — деді ол.
— Барсам барайын.
Мұхамед-әкім эль Тарази Жаңғы шаһарында тұратын аты-шулы саудагер. Түбі
араб. Бір шеті Үнді, Қытай, Монғолия, Тибет, екінші шеті Византия, Түркия,
Мәскеу, Киевке дейін жүздеген түйемен жылда екі-үш рет керуен жүргізетін,
қытай жібегі, манат, шағиы, үнді шайы, жемісі, Киев кендірі, қызыл бидайы,
Дәшті Қыпшақ малы, тері-терсек, жүн-жұрқасы, Стамбулдың қолөнершілері
істеген білезік, жүзік, күміс ыдыс, алтын жалатқан құман, зер жүргізген
жайнамазына дейін сатып, сауда арқылы күншығыс пен күнбатысты
байланыстырып тұратын. Әр ханның өзіне бағынатын хандығы болса, бұның сол
хандықтарды да өзіне бағындырар байлығы бар адам. Жеке сауда патшалығы бар.
Алтын ақшаны сандықтап жинаған саудагер, Әбілқайыр ханнан кезінде ишік-ата
атағын алған. Осы мал-мүлкі бықыған байдың бар тілегі жалғыз ғана бала
болатын. Бірақ жаратылыс осыншама байлықты мұрагерсіз қалдырайын дегендей,
оған бала бермей қойды. Сөйтіп жүргенінде отызыншы әйелі былтыр екі қабат
болып, биыл бір ұл тапқан. Жиырма тоғыз әйелінің қағанағын қарық ете алмаған
саудагер, отызыншысына келгенде ұрық берер қуатты қайдан тапқанын кім білсін,
әйтеуір қайқы төс, саулық құйрық жас тоқалынан аппақ сазандай ұл көрген.
Кейбіреулердің «япырмай, Мұхамед-әкім эль Таразидың мына баласы інісі
Махмуд-Рақым эль Таразидан қалай аумаған. Туған әкесі өзі болса мұндай ұқсас
тумас» деген күңкіл сөзіне қарамай, Мұхамед-әкім эль Тарази бүкіл Тибет,
Қорасан, Мауреннахр, Дәшті Қыпшақ, Қырым, Қазан жерлеріне жар салып, ұлан-
асыр той істемек болған. Мұндағысы оның атақты саудагер Көк Орда ишік-атасы
1
М ұ з а л и м — көне түркі тілі, қызмет дәрежесі деген мағынада.
Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
123
— Мұхамед-әкім эль Таразидың мұрагері бар екен деп жер-жиһанға дәріптеп,
айды аспанға шығарған той жасау. Тойға жүлде етіп, Стамбулда сом алтыннан
құйылған үш алтын құс белгіледі. Әрқайсысы сегіз батпаннан. Жүлде тиген адам
егер бұл алтын құсты алғысы келмесе, бағасы содан артық емес, тілеген затын
беремін деп жариялады. Жүлде беретін шарты да таңғажайып. Бірінші жүлде —
кімде-кім жаяу жарыста он фарсат жерден озып келсе, соған беріледі деді.
Мұнысы жиһанкез саудагердің рум халқынан алған өнегесі. Екінші жүлде —
кімде-кімнің түйесі жиырма фарсат жерден озып келсе соған беріледі деді...
Мұнысы сонау Мысыр арабтарынан алған үлгісі. Үшінші жүлдені — кімде-кімнің
аты отыз фарсат жерден озып келсе, сол алады деді. Бұл Дәшті Қыпшақтың
ежелден келе жатқан көне салты.
Жәнібек сұлтанның айтып отырғаны осы той еді.
— Барар болсаң, жаяу жарыс сұлтандарға лайықсыз, ат жарысы мен түйе
жарысына дайындалу жөн, — деді Жәнібек, — Қырым менен Қорасаннан да
кісілер келуі ғажап емес.
Жәнібектің айтқаны оң келді. Той болар күні бір шеті Қорасаннан, екінші шеті
Қырымнан қадірлі қонақтар, бұл жалғанның тетігін қолына ұстап тұрған сан алуан
саудагерлер жиналды. Талас өзенінің жағасында тігілген жүз ақ боз үй кісіге лық
толды.
Жаяу бәйгеден Египеттен қашып келген ғалым, жараған арғымақ аттай сидиған
ұзын бойлы, күйген кірпіштей қара қошқыл отыз бес жасар араб жігіті эль Мүлік
ибн Зархум келді.
Бұл бәйгеге сұлтан, бек, шынжыр балақ, шұбар төс қазақтың мырза жігіттері
қорланып қатыспады.
Екінші бәйгені қарасына бірде-бір түйе ілестірмей, Бұрындықтың қара бурасы
алды. Үшінші бәйге Әбілқайырдың Тарланкөгінің тұқымы, он бес жасар Мұхамед-
Шайбанидың әзірге маңдайына басқан жүйрігі Ақтанкерге тиді.
Бірақ бұл үшеуі де салмағы сегіз батпан тартатын сом алтын самырұқ құсты
жүлдеге алудан бас тартты.
Эль Мүлік ибн Зархум:
— Алтын құс тек мені ғана байытады — деді, — Мұхамед-әкім мырза, егер
қарсы болмасаңыз, бұл алтын құстың орнына Мауреннахр диқандары мен Дәшті
Қыпшақ малшыларының тұрмыстарына жәрдем беретін және екі елдің қарым-
қатынасын жөндейтін Сейхун дарияның үстінен көпір салайын. Бұл көптен бері
ойлап жүрген арманым. Ніл өзеніне осындай көпір саламын деп үлгісін
істегенімде өздеріне пайдасы жоқ болған соң фараондар мені қуып жіберді. Ал
Сейхун дарияға бұл өте қажет. Осыны салуға қаражат беріңіз.
Мұхамед-әкім эль Тарази сәл ойланды да:
— Жақсы, — деді, — бұл сұраған қаражатыңды берейін. Тек менің ғалым
есепшілерім қанша пұл керек, соны санасын.
Бірақ сол күні түнде Мұхамед-әкім эль Таразидың жігіттері «сен халық қамын
ойлап, Сейхун дарияға көпір салмақ сабазсың ғой, олай болса сол Дарияның
қызығын алдымен өзің көр» деп қосында ұйықтап жатқан жерінен эль Мүлік ибн
Зархум ғалымды ұстап алды да, түнімен жедел жүріп отырып, мойнына тас
байлап, Сейхун дарияның сарғылт толқынды суына лақтырып жіберді.
— Байлығым өз басыма жетеді. Алтын құсты басыма қоямын ба, маған алтын
құсыңдай қымбат ұл тауып берген тоқалыңның өзін бер, — деді Бұрындық өзінің
|