4. Тауарлы өндiрiс және оның түрлерi. Ақша және оның қызметтерi. Егер адамдардың экономикалық әрекетiне ретроспективада қарайтын болсақ, онда шаруашылық жүргiзу формаларының қалай өзгеретiнiн байқауға болады.
Өндiрiстi экономикалық ұйымдастырудың тарихи типi 2 түрлi болып келедi:
1) натуралды өндiрiс;
2) тауарлы өндiрiс.
Натуралды өндiрiстiң (шаруашылықтың) байлығының негiзгi түрi болып белгiлi бiр тұтыну құны бар натуралдық өнiм, яғни материалдық игiлiк, табылады.
Натуралды өндiрiс әмбебап қол еңбегi негiзделген, анағұрлым таза түрiнде қоғамдық еңбек бөлiнiсiнен хабары жоқ және өнiмдерiн өзара айырбастамаған алғашқы қауымдық халықтарда болды. Өнiм жеке тұтыну мақсатында өндiрiлдi. Өндiргiш күштер мен оларды ұйымдастыру аса қарапайымдылығымен сипатталды. Мұнда «не өндiру керек?», «қалай өндiру керек?» және «кiм үшiн өндiру керек?» деген мәселелер оңай шешiлдi. Ал, тауарлы өндiрiс натуралдыққа қарағанда анағұрлым күрделi және дамыған болып келедi.
Тауарлы өндiрiс деп пайдалы өнiмдер нарықта сатылуы үшiн өндiрiлiп, ал өндiрушiлер мен тұтынушылар арасындағы байланыс нарықтың көмегiмен жүзеге асырылатын шаруашылықты ұйымдастырудың типiн айтамыз. Осыған сәйкес экономикалық ұйымдастырудың негiзгi мәселесi (ненi? қалай? және кiм үшiн?) нарық талабына сай шешiледi.
Тауарлы өндiрiстiң пайда болуының қажеттi шарты – нақты бiр өнiм шығаруға өндiрушiлердiң мамандануын бiлдiретiн қоғамдық еңбек бөлiнiсi. Тауарлы өндiрiстiң пайда болуы алғашқы қауымдық құрылыстың (б.э.д. 7-8 мыңжылдық) ыдырауымен сәйкес келедi. Оның даму сипаты айырбас пен нарықтың дамуына байланысты. Әрбiр нарықтың үлгiсiне (реттелген, еркiн, т.с.с.) тауарлы өндiрiстiң ерекше моделi сәйкес келедi (жай тауар өндiрiсi, нарықтықэкономика, реттелетiн және деформацияланған нарықтық тауарлы өндiрiс).
Тауарлы өндiрiстiң екi трi болады: жай тауар өндiрiсi және капиталистiк тауар өндiрiсi.
Тауарлы өндiрiстiң бастапқы нүктесi, шешушi категориясы, оның «экономикалық клеткасы» болып тауар табылады. Сондықтан да, тауарлы өндiрiстi зерттеу тауарды зерттеуден басталады.
Тауардың 2 қасиетi бар, ол – тұтыну құны мен өлшемдiк құны. Өйткенi, оған сiңген еңбек те екi түрлi: жеке (пайданы) және қоғамдық (жалпы адамдық).
Барлық нарық өнiмдерiнде бiрдей және ортақ болатын не? Ол – құн.
Құн – бұл тауардың табиғи қасиетi емес, ол қоғамдық қасиет. Құн – адамдар арасында бiрлесiп еңбек етудiң салдарынан және нарықта еңбек өнiмдерiнiң айырбасталуы кезiнде пайда болатын қоғамдық қатынастардың көрiнiсi.
Құнның келесiдей тарихи даму формалары бар: жай немесе кездейсоқ формасы, толық немесе кең көлемдегi, жалпыламалы (эквиваленттiлiк) және ақшалай формасы.
Құнның мөлшерi ақшалай көрiнiс табады. Ақша ежелгi заманда пайда болған. Ол тауарлы өндiрiстiң дамуының бiрден-бiр шарты болып табылады.
Ақша – өндiру мен бөлу процестерiнде адамдар арасында белгiлi бiр экономикалық қарым-қатынастарды көрсететiн экономикалық категория және де абсолюттi икемдi айырбас құралы болып табылады.
Ақшаның атқаратын келесiдей қызметтерi болады: құн өлшемi, айналыс құралы, төлем құралы, қазына жинау (немесе қорлану) және дүниежүзiлiк ақша қызметтерi.
Тауарлы өндiрiстiң негiзгi экономикалық заңы болып құн заңы табылады.
Құн заңы - бұл тауар өндiрiсiнiң дамуын басқаратын баға заңы. Оның негiзгi атқаратын функциялары мынадай: тауар өндiрiсiн реттеу, еңбек өнiмдiлiгiн ынталандыру, тауар өндiрушiлердi дифференциалдау.
Қазiргi таңда қағаз ақшаларға қарағанда несиелiк ақшалар көптеп қолданылады. Өйткенi, олар өте икемдi әрi тиiмдi.
Ақшаның ролi әрқашанда оқымыстыларды қызықтырған. Құн формасының ақшалай түрге көшуiнiң өзiндiк ерекшелiгi бар. Әр түрлi халықтарда ақша ретiнде ерекше танымал айырбас құралдары қолданылған. Олардың құны тұрақты деп есептелген. Олар мал, қолөнер бұйымдары, маталар, терi, жүн, қару-жарақтар және т.б. болған.
Ақшаның пайда болуының зерттелуiнде екi көзқарас бар: субъективтi және объективтi.
Субъективтi көзқарас кезiнде ақша адамдар арасындағы сапалы, тиiмдi келiсiмнiң нәтижесiнде пайда болады деп есептеледi. Ал, объективтi көзқарас кезiнде ақшаның жалпы эквивалент ролi бекiтiлген, көптеген тауарлардың iшiнен бөлiнiп шыққан тауарлы-ақша қатынастарының дамуының нәтижесi екендiгi айқындалады.
Осы теорияларға сәйкес ақшаның пайда болуы тауар айырбасының дамуына байланысты болады.