АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ЭССЕ
Тақырып: Қазақ тілі әдістемесінде философияның маңызы
Пәні: Ғылымның тарихы мен философиясы
АЛМАТЫ, 2022 Қазақ тілі әдістемесінде философияның маңызы Қазақ философиясыда таза қазақ тілімен байланысты, тек қазақ тілін меңгерген адамға түсінікті ұғым-категориялар тән деп ойлаймын. Сондықтан да, қазақ тілі қазіргі философияның объектісі бола алады және мемлекеттік тілді оқытуда жалпы философияға, соның ішінде қазақ философиясына, тіл мен философияның интеграциясына сүйену бұл істі табысты етері сөзсіз деп санаймын. Кез-келген ғылым белгілі бір әдістемеге негізделген.
Әдістемеде үш деңгейді бөліп көрсетуге болады: жалпы философиялық әдістеме, жалпығылымдық әдістеме және бір ғылымға ғана тән жеке әдістеме. Осы тұрғыдан алғанда тілді лингвистиканың объектісі ғана деп қарастыруға болмайды, міндетті түрде оның философиялық негізін талдау қажет. Себебі, тіл – материалдық пен идеалдылық тығыз байланысып, күрделі астасып жатқан нақты құбылыс және пәнаралық зерттеу объектісі.
Адам тілді табиғи немесе тікелей және логикалық жолдар (оқу, сөздіктер, грамматика, тілашарлар және басқа көмекші құралдар) арқылы игеретіні белгілі. Бірінші жол 12 жаспен шектеледі, бұл кезеңде тілді игеру оңайырақ. Жоғары оқу орнының студенті қазақ тілін логикалық жол арқылы игеруге мәжбүр болатындықтан, міндет қиындай түседі. Сондықтан да, тілді меңгеруге ықпал ететін мүмкіндігінше толыққанды орта қалыптастыру аса маңызды. Дүниенің танымдылығы туралы философиялық тұжырым тілді зерттеудің нәтижесі ылғи да салыстырмалы екендігін, тілді танып-білу және меңгеру үрдісі шексіз болатындығын көрсетеді. Таным үрдісі – шексіз. Танымның объектісі туралы білім өмір бойы толықтырылып, дамып отырады. Қазақ тілін толық меңгерген адамның өзін оның ғажайып қырлары мен бай табиғаты таң қалдырып, тілді тереңірек игеруге және зерттеуге жетелеп отырады.
Тілді оқыту барысында философияның негізгі заңдары мен ғылыми принциптерді ескеру қажет. Құбылыстардың жалпы байланысы және өзара шарттастығы заңы бойынша, тілді оның әлеуметтік өмірдің әртүрлі құбылыстарымен – қоғаммен, мәдениетпен, этноспен, ойлаумен маңызды байланыстары арқылы оқыту қажет. Қозғалыстың материяның өмір сүру тәсілі екендігі заңы тарихилық принципінің негізін қалайды. Тарихилық принципі тілді эволюциялық түрде, тарихи дамып отыратын құбылыс ретінде түсінуге мүмкіндік береді. Осы арқылы тілдің тарихи дамуы кезеңдерін салыстырмалылық принципіне сүйене отырып талдауға болады.
Ойымды қорыта кетсем, мемлекеттік тілді оқыту барысында философия ғылымының негізгі тұжырымдары мен заңдарына сүйену аса маңызды. Себебі, тілдің қолданбалылық қызметімен шектелуге болмайды, ол таным үрдісімен, халықтың өмір сүру салтымен, рухани энергиясымен, ақылымен және жанымен, философиялық пайымдауымен тығыз байланысты.