Алтын Орда дәуірі. Қыпшақ тіліндегі мұралардың көркемдік ерекшелігі



Дата28.02.2022
өлшемі23,79 Kb.
#133698
түріҚұрамы
Байланысты:
bahridenova-z.s.-altyn-orda-daewiri.-qypshaq-tilindegi-muralardyng-koerkemdik-ereksheligi


Алтын Орда дәуірі. Қыпшақ тіліндегі мұралардың көркемдік ерекшелігі

Алтын Орда халқы өздерінің этникалық құрамы жағынан әр түрлі еді. Соған қарамай, Алтын Орданың мемлекеттік тілі – қыпшақ тілі болды. Әйтсе де, «қыпшақ тілі» дегенде мынадай бір жайтты мықтап ескерген жөн сияқты. Ұланғайыр өлкелерді өз ішіне қамтып, әрі іштей ұсақ-түйек ұлыстарға, тайпаларға, рулық құрылымдарға бөлініп жатқан Алтын Орда сияқты үлкен мемлекетте қыпшақ тілінің түрлі диалектілері бар еді. Алайда мұндай диалектілердің бір-бірінен айтарлықтай айырмашылығы жоқ болатын.


Алтын орда дәуірінен бізге жеткен мұралар - Сайф Сараи, Хорезми, Құтб, Дүрбек, Лутфий, Сайдахмат, Әли Атаи, Рабғузи, т.б. шығармалары. Осы дәуірден кейбір ақын-жазушылардың лақап есімдері ғана мәлім.
Бұл кезде өмірге келген көркем туындылардан ақын Хорезмидің «Мұхаббат наме» поэмасы, Сайф Сараидің «Түркі тіліндегі Гүлстан» дастаны, Құтбтың «Хұсрау уа Шырыны» мен Дүрбектің «Жүсіп-Зылиқа» дастандары, Рабғузидің «Қиссасул әнбиясы» ерекше мәшһүр болды.
Дүрбек діни аңыздар сюжетіне құрылған «Жүсіп-Зылиқа» қиссасын өз бетінше қайта өңдеп, оны осы реалдық өмірдің қызығы мен қиындығын шыншылдықпен жырлаған дастан етіп жаңадан жазып шықты.
Орта ғасыр әдебиетінен елеулі орын алатын шығарманың енді бірі-қыпшақтар өмірін сипаттайтын «Махаббат нама». Бұл Сыр бойында жазылған поэма. Авторы – Хорезми. Хорезми (Рауанди) – өз заманының білімді ақыны.
Зерттеуші Александр Михайлович Щербак осы дастанның тіліндегі көптеген өзгешеліктерді атап көрсетеді. Ол: «Дастанның тілі ұйғыр тілі нормасына жатпайды, біздің байқауымызша, мұның тілі қазақ тілінің нормасына дәл келетін сияқты. Мысалы, мүлкіңе, нұрына, ешіткеш, ішәлі (ішу етістігі), көңілім, өзім, наутман (жуытпан), унутпан (ұмытпан), иәбүрман (жібермен), күтермен (күтермін), ісер (ішер), иүр, сайраур (сайрар), көріклі (көрікті), татлу (тәтті), айиүіді (ай жүзді), шірін сөзді (тәтті тілді), иырықтан бақмаға імкән йоқ (жырақтан қарауға мүмкін емес), айқын әпсекін (аяғыңды сүйейін, өбейін), урам (орам, көше), айман (имену), кудук (құдық) және басқа да сөздер қазақ тілі үшін жат емес» дейді.
Әрі қарай осы мысалдарды ұйғыр тілінен өзгеше дей келіп, бұлардың қыпшақ диалектісіне жататынын ескерткен. Осыған сүйеніп ол сөзін Алтын Орда әдебиетінің дастанға тигізген әсерін байқауға болады деп қорытқан.
Келесі шығарма – С. Сараидің «Түркі тіліндегі Гүлістан» дастаны. Бұл өзі парсы-тәжік әдебиетінің классигі Сағди Ширазидің «Гүлістан» атты шығармасының еркін аудармасы.
Ал сайф Сараи осы «Гүлістанды» қашан қыпшақ тіліне аударып біткені жайында өз кітабының соңында мынадай мәлімет береді:

Біз баян еттік сіздерге насихат сөзін,


Жетпістің жетегіне ерген кезім.
Хижра бойынша жеті жүз тоқсан үш
Бойдан қуат қашып, азайды күш.
О, қадірлім, тамыылжыған тамыз еді,
«Гүлістан» жырын жазып, бітірдік іс.

Бұл мәліметтерге қарағанда, Сайф Сараи хижра жыл санауы бойынша, 793 жылдың тамыз (шаввал) айында «Гүлістанды» аударма жасап бітірген. Бұл – жаңаша жыл санау есебі бойынша, 1391 жылдың тамыз айы.


«Түркі тіліндегі Гүлістанның» аудармасы жайында тұңғыш рет ғылыми пікір айтып, С.Сараи аудармасын әдеби, тілдік, тарихи тұрғыдан талдаған ғалым А. Баттал-Таймас болды. Ол аудармаға ғылыми шолу жасай келіп, оның стильдік құрылысына, әсіресе, тілінің фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік, лексикалық ерекшеліктеріне сараптама жасады.
Алайда қыпшақ тілінде жазылған орта ғасырдың аса құнды әдеби жәдігерлігі – «Гүлістан бит-түрки» шығармасын егжей-тегжейлі зерттеген түркітанушы ғалым Н. Әмір Нәжіп болды. Ғалым С.Сараи шығармасының жазылу тарихын, оның әдеби мәнін, тілін, сол дәуірдің әдеби және тілдік ерекшеліктерін кең көлемде зерттеп, «Гүлістан бит-түркиді» қазіргі орыс графикасы бойынша транскрипция жасады, әрі орыс тіліне жолма-жол аударма жасап шықты. Сондай-ақ С.Сараи аудармасының өзіндік ерекшеліктерін ашты, шығарманың қыпшақ тілінде жазылғанын толық дәлелдеп берді. Бұл әдеби жәдігерлік көне түркі әдеби тілдерінің ішінде қазіргі қазақ тіліне өте-мөте жақын тұрғанын ашып көрсетті.
Еділ сағасындағы сарай қаласынан шыққан аса көрнекті ақындарының бірі Құтб еді. Ақын XIV ғасырдың орта кезінде өмір сүрген. Алғаш Құтб Сырдария бойындағы мәдени орталықтардың бірі-Сығанақ қаласында тұрады. Ал Тыныбек Алтын Орда мемлекетінің тағына отырған кезде ол Сарай қаласына қоныс аударды. Кейінірек ол мәмлүктік Египетке барып, сонда тұрып қалған.
Құтбтың біздің дәуірімізге дейін сақталып қалған жалғыз шығармасы бар. Ол – «Хұсрау мен Шырын» атты поэмасының аудармасы. Оны түп нұсқадан, яғни парсы тілінен қыпшақ-оғыз тіліне еркін аударған ақын Құтб болды.
Құтб ақынның дастаны қазақ оқырманы арасында ерте кезден-ақ тарағаны жақсы мәлім. Әзербайжан халқының кемеңгер ақыны Гәнжәуи Низамидің «Хұсрау мен Шырын» поэмасын Құтб ақын қыпшақ-оғыз тіліне 1341-1342 жылдары аударған болса керек. Бұл – Тыныбек пен Алтын Орда тағына отырған кезі. Аудармашы дастанды Тыныбек пен Ханша Малика-Хатунға арнайды.
«Хұсрау мен Шырын» дастанын алғаш зерттеушілердің бірі поляк ғалымы А. Зайончковский болды. Бұл туындыны ол түрік тілінің қыпшақ диалектісінде жазылған аса құнды әдеби мұра деп бағалады. Мұны ол Низами поэмасының тікелей аудармасы емес, қайта өңдеп жазылған туынды шығарма деп таныды. Ал Е.Э. Бертельс болса, оны Низами поэмасының толық, көркем аудармасы деген болатын.
Көрнекті кеңес түркологі Ә.Н. Нәжіп парсы тіліндегі «Хұсрау уа Шырын» түпнұсқасы мен қыпшақ-оғыз тіліндегі «Хұсрау уа Шырын» нұсқасының өзек-арқауы бір екенін ерекше атап көрсетеді. Ғалым бұл дастанның Құтб жасаған аударма нұсқасын жартылай төл туынды, дербес роман деп бағалайды.
Құтбтың «Хұсрау мен Шырын» дастаны қыпшақ-оғыз аралас тілінде жазылған.
Сонымен, Алтын Орда мемлекеті мен Египет елінде өмірге келген әдеби жәдігерліктер екі түрлі аралас тілдің бірінде, яғни не қыпшақ-оғыз аралас тілінде (Ә.Нәжіптің сөзімен айтқанда, қыпшақ тілінің Алтын Орда-хорезм нұсқасы) немесе оғыз-қыпшақ аралас тілінде (қыпшақ тілінің Алтын Орда – Египет нұсқасында) жазылған.
Құтб аударған «Хұсрау-Шырын» поэмасын қазақ тілі тұрғысынан жан-жақты зерттеп, бұл дастанның ғылыми сөздігін жасап шыққан ғалым Арсен Ибатов болды. Бұл сөздікте осы дастандағы 4400-ден астам сөз бен сөз тіркестеріне түсінік беріліп, нақты мысалдармен дәлелденген. Сөздіктің Құтб аударған «Хұсрау-Шырын» дастанының тілі қазіргі қазақ тіліне мейлінше жақын тұрғанын аңғару қиын емес. Мысалы: аваз-әуез, ағач-ағаш, ағыр-ауыр, адаб-әдеп, арслан-арыстан, асман-аспан, балчық-балшық, баш-бас, біліг-білім, ғазаб-азап, дәрт-дерт, даріға-дариға-ай, т.б. – дейді.
Қорыта келгенде, «Хұсрау-Шырын» дастаны қазақтың лиро-эпостық жырларымен сарындас, үндес, соларға мейлінше жақын болып келеді. Мұны Құтб дастанының идеясы мен мазмұны, композициялық құрылысы мен баяндау тәсілдері, көріктеу құралдары, т.б. толық дәлелдейді.
Алтын Орда дәуірі әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі – Дүрбек ақын. Ақынның өмірі мен щығармашылығы туралы мәлімет сақталмаған. Тіпті оның толық аты-жөні де мәлім емес. Дүрбек – әдеби лақап аты. Ақын XIV ғасырдың екінші жартысы мен XV ғасырдың бас кезінде өмір сүрген. Ол «Жүсіп пен Зылиха» дастанын 1409 жылы жазған.
Жүсіп пен Зылиха жайындағы қызықты аңыз-хикаялар Дүрбекке дейін де кең тараған еді. Бұл тақырыпқа кезінде Фирдоуси, Балхий, Шерозий, Ансари сияқты атақты шайырлар қалам тартқан болатын. Алайда олардың бәрі парсы тілінде жазылған еді. Дүрбек – осы сюжетке тұңғыш рет Орта Азия түркілерінің көне өзбек тілінде дастан жазған шайыр. Бұл туралы ақын:

Бұл қисса парсылардың тілінде еді,


Соны ойлап-ақ жүрегім тілімделді.

Жүсіпті мәңгі есте қалдырайын,


Түрікше сөзден сурет салдырайын.

Хикаясын Жүсіптің баяндайын,


Түркі тілі тұрғанда аянбайын.

Қолыма қағаз бенен қалам алдым,


Бейнебір кестешідей өрнек салдым,-

дейді (188, 7).


«Жүсіп пен Зылиха» дастанының 1516 жылы көшірілген ең көне нұсқасы Түркияның Топқани кітапханасында, ал 1563 жылы көшірілген, екінші нұсқасы Париждің Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар қорында сақтаулы тұр.
Жүсіп пен Зылиха тақырыбы қара сөзбен де жазылған, яғни прозалық түрдегі туындылар да бар. Е.Э. Бертельстің пікірі бойынша мұндай проза түріндегі әдеби туындыны Абдуллах Ансорий (1006-1088) жазған болу керек.
Ақын Дүрбектің «Жүсіп пен Зылиха» дастаны туралы өзбек ғалымдары С.Хайдаров, Ж.Лапасов, В.Валихожаева, сондай-ақ түрік ғалымдары Ф.Көпрулзаде, С.Н. Банарлы т.б. ғылыми зерттеулер жасап, бір қатар еңбектер жариялады. Әсіресе, Ф.Сүлейменованың «Жүсіп пен Зылиха» дастанының Париж Қолжазбасы жайындағы зерттеуіне аса құнды еңбек деп білеміз.
Атақты түркітанушы ғалым Ә.Н. Нәжіп өз зерттеулерінде Дүрбек ақынның «Жүсіп пен Зылиха» дастаны – Алтын Орда дәуір әдебиетінің классикалық үлгісінде жазылған туынды екенін дәлелдей келіп, арғы тегі қыпшақ-оғыз немесе оғыз-қыпшақ тілдерінің бірі болып келетінін көне өзбек тілінде жазылғанын ерекше атап көрсетеді.
Алтын Орда дәуіріндегі Қыпшақ тіліндегі шығармалар қатарын - «Кодекс куманикус» толытырады. «Кодекс куманикус» - орта ғасыр әдебиет ескерткішінің бірі. Латын тілінен аударғанда «Кумандар жинағы (кітабы)» деген мағына береді. Қолжазбаның түп нұсқасы готикалық деп аталатын көне жазумен жарияланған. ХІІІ-ХІV ғасырлар мүлкі. Авторы белгісіз. Қолжазба Италиядағы Венеция қаласындағы Марк шіркеуінің кітапханасында сақтаулы тұр. Оны кітапханаға Италия елінің ХІV ғасырдан аты мәлім ақыны Франческо Петрарка 1362 жылы сыйға тартқан.
«Кодекстің» Петрарка тапқан сөз болып отырған нұсқасы батыс ғалымдарының назарына ерте (ХVІІІ ғ.) іліккен. Мысалы, Лейбниц, одан кейінгі Датил Корнидес, Генрих Клапорт сияқты ғалымдар бұл еңбекті алғаш хабарлаушылар, бағалаушылар болды. Ал венгер ғалымы Геза 1880 жылы «Кодексті» латын тіліне аударып, Будапешт қаласында бастырып шығарды. 1884-1887 жылдары онымен Ресей түркологы В. Радлов та шұғылданды.
Геза Кун «Кодекс» кітабына 9 тараудан тұратын ғылыми кіріспе жазып, талдаулар жасады. Онда қолжазбаның мәлім болу тарихын, жазылу сапасын, кумандар мен түркі тайпалары туралы білгендерін, олардың тілің, басқа елдер тілімен байланыстыратын, фонетикасы, морфологиясы, лексикасы, синтаксистік құрылыстары туралы өз байқағандарынан мәлімет берді.
«Кодекс» тілі – қазіргі қыпшақ (қазақ, қарақалпақ, қырғыз, татар, башқұрт, ноғай, құмық, қарайым) тілдерінің тарихи даму көзі – деп көрсетеді «Куманша-қазақша жиілік сөздік» авторлары. Бұл сөз жоқ, ақиқат баға. Жоғарыда аталған еңбек қазіргі түркі халықтары тілі мен көне түркі ескерткіштері («Күлтегін», «Тоныкөк») тілін байланыстырар, асу сатысының аралық жіктеріне дәнекер болар бірден-бір дерек. Сондай-ақ қыпшақтармен көрші, тағдырлас оғыз түркілері тілінен де хабар берері айқын. Мұнда әр алуан жергілікті тайпалар тілі ерекшеліктерін танытуға тиісті мәліметтердің кездесуі де заңды. Бірақ, зерттеуші лингвистердің байқауынша: «Орта ғасыр қыпшақтары бір тілде сөйлеген, қай өңірді жайлап, қай атырапта жүрсе де олардың ана тілі біреу болған...»
Көне ескерткіштер тілін зерттеушілер орта ғасырлық әдеби ескерткіштерді тіл өзгешелігіне қарай үш топқа бөледі:
Қарлық тілдері (шығыс түркі) ескерткіштері;
Оғыз тілдері (оңтүстік түркі);
Қыпшақ (солтүстік-батыс түркі) тілдері ескерткіштері.
Соңғы қыпшақ тілдері ескерткіштерінің сөйлеу тіліндегі және жазба тіліндегі ескерткіштерге бөлініп, жазба ескерткіштің әдеби тілі үлгісі «Кодекс куманикуспен» белгіленетіні дәлелденген.
Қорытындылай келетін болсам, қазақ әдебиетінің ежелгі тарихында Алтын Орда дәуірі (XII-XV ғасырлар) деп аталатын үлкен бір тарихи кезең бар деп білеміз. Бұл дәуірде ақын Хорезмидің Сырдария бойында туындаған «Мұхаббат наме» поэмасы, Еділ бойындағы Сарай қаласынан шыққан белгілі ақын Сайф Сараидің «Түркі тіліндегі Гүлстан» дастаны, Мысыр (Египет) мемлекетінде өмір сүрген қыпшақ ақыны Құтбтың «Хұсрау уа Шырын» поэмасы, Дүрбектің «Жүсіп-Зылиқа» дастаны қыпшақ-оғыз тілдерінің негізінде жазылғаны мәлім.
Сондай-ақ, осы кезеңде қазақтың тұңғыш тарихшысы Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди», Қадырғали Қосынұлы Жалаиридің «Жамиғ-ат-тарауих» («Шежірелер жинағы»), Захириддин Бабырдың «Бабыр наме» атты шығармалары жазылған еді. Атақты тарихшы Әбілғазы Бахадүрханның «Шежіре-й түрк» («Түрік шежіресі») және «Шежірей терекіме» («Түрікмен шежіресі») деп аталатын екі шығармасы да қазіргі түркі тілдес халықтардың әдебиет тарихына қосылған елеулі үлес болды.
Түйіндей айтқанда, жоғарыда біз арнайы қарастырған шығармалардың барлығы Алтын Орда дәуірінің әдеби тілі – қыпшақ тілінде жазылып, адамзат мәдениетінің тарихына қосылған асыл қазыналар болып табылады. Алтын Орда дәуірінде бұдан басқа да қыпшақ тілді әдеби жәдігерліктерді зерттеу ісі әлі де жалғаса түсетініне сеніміміз зор.
Қ.Шайменов атындағы ЖББ мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Бахриденова Зарина Серікжанқызы

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет