АЛТЫН ОРДА ҰЛЫСЫНАН ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ДЕЙІН
Ұлт тарихы бейне үлкен дарақтың тереңде жатқан тамырындай тарам-тарам. Ағаштың әр бұтағындағы әрбір жапырақ терең тамырдан нәр алатыны секілді, әр мемлекеттің бүгінгі бағыты кешегі жүріп өткен жолымен байланысты. Қазақ халқының тұғырын бекітетін ең басты саланың бірі – тарих. Тарихын білмеген ұлт тамырынан алыстаған өсімдік секілді нәрсіз, кез келген тосқауыл мен кедергінің алдында дәрменсіз болмақ.
Бүгінгі тәуелсіз еліміздің тарихының тамыры тереңге таралғанына, қатпар-қатпар тарихи деректер мен еліміздің әр жерінен табылып жатқан құнды жәдігерлер куә.
Әлем тарихынан ойып орын алған «Алтын орда»ұлысына 750 жыл толуын тойлап өту,бүгінгі ұрпақ біз үшін мақтан.Тарихи тың деректер мен зерттеулер қазақ елінің «Алтын орда» мемлекетінің мұрагері екенін айқындап берді. «Алтын орда» ұлысы туралы тоқталсақ:
Шексіз Евро Азия кеңістігінде дүниені дүр сілкіндірген ұлы Шыңғыс ханның ұрпақтары ғасырлар бойы жер жаһанның тізесін дірілдетіп жаңа мемлекеттер құрды.Жарты әлемді жаулаған, аты дүниенің төрт бұрышына әйгілі Шыңғыс ханды кім танымайды дейсіз? 1227 жылы Шыңғысхан қайтыс болды.Бірақ көзі тірісінде Құланбасы жазығында құрылтай өткізіп,жаулап алған ұланғайыр өлкені үлкен әйелі Бөртеден туған төрт ұлына бөліп береді. Жошының еншісіне Ертістен батысқа қарай, Жетісудың теріскей бөлігін қамти отырып, төменгі Еділ бойына дейінгі жерді қоса, бүкіл Дешті Қыпшақ аймағы тиеді. Ордасы Ертіс өзені бойында орналасты.Бұл яғни қазіргі қазақ даласы еді.Ол кезде «Алтын орда» ұғымы болмаған. «Жошы ұлысы» немесе «Қыпшақ елі» деп аталған.
Бұл атау жайлы араб тарихшылары мен орыс,түркі тілінде «Қыпшақ елі», «Қыпшақ қандығы»деп жазылған.Монғолдың көне құпия шежіресінде (Монголын нууц товчоо) «Алтын орда» ұғымы бұл тарихи түпнұсқада жоқ екені расталды. Сонда Алтын орда мемлекеті қай кезеңдерден басталды?
Шыңғыс хан өмірден өткен соң тақ мұрагерін Жошының екінші ұлы Бату жалғастырды.Бату хан өз заманында атағы әлемге жайылды.Оның Шығыс Еуропаны талқандаған екпінді жорығы барысында кең байтақ жерге ие болды.Бату ханның ұлы Сартақ (1255-1256),онан кейін Сартақтың баласы Ұлағжы (1255-1256) хан болып қайтыс болған соң, тақ мұрагері Жошы ханның баласы Берке болды. 1269 жылы Талас өзенінің бойында шақырылған Шыңғыс ұрпақтарының құрылтайында бір-бірімен татулықты сақтай отырып, өз ұлыстарында тәуелсіз саясат жүргізуге өзара мәміле жасасып, өз алдына дербес империя екенін толық мойындатуға қол жеткізді.
Жошының ұлдары Бату хан негізін қалап, Берке хан іргесін бекіткен «Алтын Орда» мемлекеті осылай құрылған еді. Беркенің кезінде Алтын Орда мен Египет сұлтаны Бейбарыс арасында байланыс күшейе түсті. 1262 жылы Бейбарыс Алтын Орда ханы Беркемен өзара достық қарым қатынас орнату үшін өз елшісін жіберді. Мұнан кейін екі ел арасында әскери, сауда, діни, мәдени байланыстар орнады. Берке хан тұсында Алтын Ордаға ене бастаған ислам діні кейін Өзбек хан тұсында үстем дінге айналды. Осылай Алтын орда Жошы хан ұлысы көптеген хан ұрпақтарының басқаруымен шарықтап тұрып, XIV-ғасырда бөлшектеніп кетті. Алтын орда орнында XIV-ғасырдың екінші жартысында Жошы ұрпағы Орыс хан басшылығымен Ақ орда ұлысы құрылды.Алайда 1428-нші жылы Әбілхайр Шайбани Орыс ханның шөбересі Барақ ханды өлтірткізіп, Ақ орда тағына ие болды. 1457-нші жылы шығыстан басып кірген ойрадтардан Әбілхайр Шайбани әскерінің ойсырай жеңілуі Дешт Қыпшақ халқының жаппай наразылығын тудырды.
Ақ Орданың заңды мұрагерлері Болат сұлтанның баласы Керей,Барақ ханның баласы Жәнібек сұлтандар көшпелі қазақ тайпаларын бастап қатыгез билеушінің бұғауынан шығып, көшпелі халықты елдікке шақырды.Еркіндікпен бостандықтың жолында сұлтандарға ерген көшпенділерді қиян кескі, қанқұйлы шайқастар,қатал сынақтар,өзекті өртеген шығын мен жеңістің ұлан асыр қуанышы күтіп тұрды.Осылай әлем картасында ұлы даланың жаңа ұлысы қазақтар «Қазақ хандығы» тарих сахнасына шықты. Қазақ хандарының барлығы Шыңғыс ханның ұрпақтары, яғни Шыңғыс хан әулетіне жатады. Керей мен Жәнібек ханнан кейін ұрпақтары жалғастырды.Қазақ хандарының елі,жері үшінгі күрестері,ерен еңбектері біздің санамыздан өшпейді.Қазақ хандары өз дәуірінде дүркіретіп, өткен сара жолдары болды. Қасым хан дәуірінде "Қасқа жол", Есім хан тұсында "Ескі жол" және Тәуке хан заманында "Жеті жарғы" атты заңдар жинақтары жарық көрді.Қазақ хандары тарих парақтарына, үш жүздің басын қосқан Абылай хан, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, қазақ хандығының соңғы ханы, әскери қолбасшы,ержүрек батыр Кенесары Қасымұлының елі жері үшін,ұрпағы үшін, басын берген ерліктерімен артына өшпес із қалдырды.
Достарыңызбен бөлісу: |