1. Роман кейіпкерлерінің жастық шақтағы жалғыздығы (Франк, Камилла және Филибер). Мұның себебі – махаббаттың жетіспеуі, отбасындағы жанжалдар және соның салдарынан орын алған психикалық бұзылулар. Мысалы, Камилла Фок бала кезінен анасымен түсінісе алмаған, сондықтан ересек өмірде де ол өзін жалғыз, ешкімге керек емес сияқты сезінеді.
2. Қарттық кезеңдегі жалғыздық (Полетта). Бұған себеп – туған немересінің әжесінің бақыты мен денсаулығын өз жауапкершілігіне алудан бас тартып, әжесін қарттар үйіне рәсімдеуі.
Романның соңында барлық кейіпкерлердің жалғыздық мәселесі толығымен шешіледі. Идеалдар мен анти идеалдардың феномені туралы Т.И. Васильева, Н.Л. Карпичева, В.В. Цурканның «ХХ ғасырдағы орыс әдебиетіндегі көркем концептілер антологиясында» айтылған: «Өнер мен әдебиеттегі уақытша кеңістіктік анықтамалар әрдайым эмоционалды және құндылыққа ие болғандықтан, «қала» концептісі идеалдар мен анти-идеалдарды өзіне сіңіреді, белгілі бір адамның жан-дүниесімен және тұтастай алғанда әлеуметтік шындықпен қарым-қатынаста түсіндіріледі [20, с. 86]. Осылайша, бір кейіпкердің бойында идеалдың да анти-идеалдың да ерекшеліктері біріктірілуі мүмкін.
Анна Гавальданың «Жай ғана бірге» («Просто вместе») шығармасында Париж – бұл оқиғалар орын алатын орын – кеңістік қана емес, сонымен бірге мұнда астана – бұл кеңістік пен уақытты байланыстыратын және кейіпкерлердің санасында жылы сөздер мен сезімдерді тудыратын хронотоп: «Керемет квартал...» – деді Карина. Камилла мұны қара баспалдақтың жүз жетпіс екі сатысының біріншісіне қадам басқанда есіне түсірді. Керемет, дұрыс айтасың ... ол Марс алаңында орналасқан сәнді үйдің сегізінші қабатында тұрды, және бұл тұрғыда – иә! – шынымен де керемет орын болатын: өміріңізге қауіп төндіре отырып орындыққа шықсаңыз оң жағыңыздан Эйфель мұнарасының жоғарғы жағын көруге болатын» [93] («Шикарный квартал…» – так выразилась Карина. Камилла вспоминала об этом, ступая на первую из ста семидесяти двух ступенек черной лестницы, которая вела на ее голубятню. Шикарный, ты права… Она жила на восьмом этаже роскошного дома, выходившего на Марсово поле, и в этом смысле – о да! – место было шикарным: встав на табурет и наклонившись с опасностью для жизни, справа можно было увидеть верхушку Эйфелевой башни»). Анна Гавальда Париж қаласына, Эйфель мұнарасына таңданған екі көрші қыздың сезімін осылайша шынайы түрде жеткізеді. Франция астанасының сұлулығы онда тұратын адамдарға ұмытылмас әсер қалдырады, сондықтан болар олар өздерін таңдаулы адамдардай сезінеді.
Зерттеуші Т.И. Васильеваның сөзімен айтсақ, «қаланы кейіпкер шынайы кеңістіктік топос ретінде ғана емес, уақыт кезеңі, алғашқы махаббат сезімімен, шығармашылық жолдың басталуымен байланысты өмір кезеңдерінің бірі ретінде қабылдайды» [20, с. 108].
Демек, «Жай ғана бірге» («Просто вместе») романында жазушы танымындағы астананың келесі модельдері айқын көрінеді: «астана – хронотоп», «астана – әдемі қала», «астана – естеліктер қаласы». Әдебиеттегі «мәскеулік мәтіннің» тарихы тым әріден басталады. Бұған көз жеткізу үшін Н.М. Карамзиннің «Кедей Лиза» («Бедная Лиза») (1792) әңгімесін, Л.Н. Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» («Война и мир») (1865) роман-эпопеясын еске түсіру жеткілікті. Орыс әдебиеттануында көркем шығармадағы астана образы жүйелі түрде зерттелуде (В.С. Абрамова, Н.В. Корниенко, М.В. Селеменева және тағы басқа зерттеушілердің зерттеу еңбектерін қараңыз).
Қазіргі орыс әдебиетіндегі Ресей астанасының көркем образын жазушы Сергей Шаргуновтың «Фотосуретсіз кітап» («Книга без фотографий») (2011) өмірбаяндық романынан көруімізге болады. Романның алғашқы тарауында кейіпкер Ресей астанасындағы православие соборлары туралы айтып, балалық шағын осы соборлармен байланыстырады, осылайша «астана – православиелік қала» моделі қалыптасады. Кейінірек, шығармада 2000 жылдардағы Мәскеу қаласы «астана – мансап қаласы» моделі ретінде көрсетілген, өйткені мұнда басты рөлді үлкен ақша мен саяси билік атқарады. Романның басты кейіпкері Сергей Мемлекеттік Дума сайлауына қатысып, жеңіліске ұшырайды. Кейіпкердің мансап баспалдағынан құлауы өзін оқшаулауына және жалғыз қалуына әкеп соқтырады.
Сайлауда жеңіліс тапқаннан кейін Сергей мен баспагердің арасында орын алған диалогтан сол кезеңдегі мәскеуліктердің мінез – құлқын көруімізге болады: «– Бұл маған маңызды емес. Мен жазатын боламын. – Қайда? Бағаналардағы парақшаларға ма? – Ал не маңызды? – Табыс» [94] (– Мне неважно. Я писать буду. – Куда? Листовки на столбах? – А что важно? – Успех). Осы диалогтен біз мегаполистің әділеттілікті іздейтіндерге емес, жетістікке жететіндерге басымдық жасайтынын көреміз, бірақ басты кейіпкер үшін әділеттілік маңызды.
Сергейдің әкесі дін қызметкері болып, оған кішкентай күнінен Құдайдың заңын үйреткеніне қарамастан, оның бойында дінге деген терең сенім жоқ. Басты мәселе де осында. Бас кейіпкер сенімділікті кеңестік шындыққа қарсы тұрудың бір түрі ретінде түсінеді. Бас кейіпкер үшін ең бастысы шындық пен әділдік: «Ертегі кейіпкері сияқты мен шындықты іздедім. Мен өмір сүру үшін маңызды нәрсені білгім келді» [94, с. 175](«Как герой сказки, я искал правду. Хотел узнать что-то важное, чтобы жить дальше»). Бас кейіпкердің шындыққа деген ұмтылысы оны Ресейдің солтүстік аймақтарын аралауға, соғыстан кейінгі Шешен Республикасына, төңкерісшіл Қырғызстанға және соғыстан кейін қирап қалған Цхинвалиге алып келді. Содан кейін Сергей Ресей астанасына оралады, онда ол тағы да жалғыздыққа ұшырайды. Содан бас кейіпкер тарихи мекенін есіне алады. Нәтижесінде Сергей Шаргунов өзінің шығармасын кейіпкерінің Воскресенка ауылына келуімен аяқтайды. Романдағы Сергей мен Володя ағайдың әңгімесінен үзінді келтірейік: «– Қалай өмір сүру керек? – деп сұрадым мен. (...) – Бұлшық еттеріңді жаттықтыр! Итеріл. Жүгір. Отырып тұр. Ал мен міне өз шаруашылығыммен айналысудамын – ана жерді қазамын, мына жерді шабамын және соған жүрегім қуанады!» [94, с. 218] («– Как жить-то? – спросил я. (...) – Мышцу качай! Отжимайся. Бегай. Приседай. Я вот со своим хозяйством качаюсь – там вскопаю, здесь выкошу, и сердце радуется!»). Бір қызығы, автор Володя ағайды «соңғы шаруа» деп атайды және бұл Фенимор Купердің әйгілі «Могикандардың соңғысы» атты шығармасын еске түсіреді. Жазушының кейіпкерін осылайша «соңғы шаруа» деп атауы бекер болмаса керек. Осылайша, жазушы адамның рухани және адамгершілік тамыры ауылда екендігін көрсеткісі келген сияқты.
Қорыта айтсақ, Сергей Шаргуновтың «Фотосуретсіз кітап» («Книга без фотографий») шығармасын талдау барысында келесі модельдерді анықтадық: «астана – православиелік қала», «астана – мансап қаласы». Қазақ әдебиетінде қазақ елінің бұрынғы астанасы болған Алматы қаласы туралы көптеген шығармалар жазылған, бірақ Алматының астана ретіндегі образын егжей-тегжейлі зерттеген бірде-бір зерттеу жұмысы жоқ. Бұл біздің зерттеу жұмысымыздың ғылыми маңыздылығын айқындайды.
1927 жылдан 1997 жылға дейін қазақ елінің астанасы болған Алматы қаласы қазақ әдебиетінің көптеген шығармаларында көрініс тапқан. Жазушы Баубек Бұлқышев өзінің аяқталмаған «Алматы – қалам менің» (1941-1942) атты романының алғы сөзінде осы қалаға деген өзінің махаббаты мен қастерлі көзқарасын білдіреді: «Алматы – менің қалам! Сондықтан да «Менің Алматым» деген мақтаныш мені толқытып, жоғары көтереді. ... Пай-пай, тамашасың-ау, Алматы! Неге ғана жұрт сені сұрамайды қазір? Неге ғана Алатаудың сұлулығын маған айтқызбайды?!» [67, б. 44]. Жазушы Алматы қаласын суреттеуде қаланы Алатаумен байланыстырады, яғни оқырманның танымында «Алматы мен Алатау» егіз, біртұтас дүние ретінде қабылданады. Романның кіріспесінен Ұлы Отан соғысы кезінде ұрыс алаңында болған жазушының терең ойларын оқи отырып, қала мен адамды біртұтас дүние ретінде қарағандығын көруімізге болады: «Тыңда, Алматы! Сен тылдасың, сен бірақ тілектессің, сен ұрысты көрген жоқсың, бірақ ұрыстағы қалалармен жаның бір... Сенің жіберген жәрдемдерің майданның қажетіне жұмсалуда. Сенің жіберген ұлдарың – алматылықтар майданда, Москва, Ленинградты қорғауда асқан ерліктер көрсетуде» [67, б. 44]. Бұл жерде Алматы қаласы жаумен азаттық үшін соғыс жүргізіп жатқан алып елдің ажырамас бөлігі ретінде ұсынылған. Біз бұдан жазушының Алматы қаласын ерекше құрметтейтінін көреміз.
Баубек Бұлқышевтың «Алматы – қалам менің» романында Алматы қаласының Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі бейбіт өмірі көрсетілген. Шығармада сол кезеңдегі қаланың әлеуметтік мәселелері көрініс тапқан. Осындай маңызды әлеуметтік мәселелердің бірі – тұрғын үй мәселесі, дәлірек айтқанда, жұмыс істейтін жастар үшін тұрғын үйдің жетіспеушілігі. Мұны мәтіндегі келесі жолдар дәлелдейді: «Алматыда үй мәселесі қиын, ретін тапсаң жазға қарсы көшіп кел!» [67, б. 59]. Тұрғын үй алудағы қиындықтарға қарамастан, кейіпкер Алматы қаласын жантсынбайды, керісінше, оның қалаға бауыр басуы беки түседі. Шығармадан кейіпкердің қалаға бауыр басу мотивін көреміз: «Абыздың Алматыдан шыққанына бір-ақ ай. Бірақ осы бір айдың ішінде Алматыны аңсап сағынды. Алматының қызық, думан қала екенін осы бір айдың ішінде білді. Оның туған жері Алматы болмаса да, ол алматылықпын дейді. Оның өскен жері, білім алған, адам болып қатарға қосылған жері Алматы. Алматыға келгенде ол кішкентай қара бала еді. Оған Алматы «жігіт» деген атақ берді. Оны оқытты, өсірді. Ол өзінің өмірінің биік шыңына Алматыда шықты» [67, б. 79]. Абыз Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге де дәл осы Алматыдан аттанады.
Сонымен қатар, романнан сол кездегі жастардың кітап оқуға, театр мен цирк сияқты мәдени орындарға баруға деген қызығушылығының жоғары болғандығын түсіну қиын емес: «Біздің қазіргі жастардың бір қатары роман оқумен шұғылданып жүр. Осылардың қатарына біздің Абыз да қосылатын еді» [67, б. 60]. Ал Алматыны көрмегендер үшін бұл қала нағыз аңызға айналған. Мұны Абыздың анасының Алматыға алғаш келе жатқандағы сол кездегі астананы қабылдауынан көруімізге болады: «Вагоннан олардың үлесіне тигені асты-үсті екі тақта төсек еді. Бұлар жата-жата қажыған соң, үстіңгісін түсіріп жіберіп, төмендегі терезесінің екі жағынан екеуі отырды. Абыз Алатау көрінгеннен-ақ көзін айырмады. – Әже, – деді Абыз қолымен нұсқап тауды көрсетіп. – Анау Алатау?! – Жарықтық, баяғы Қырғыздың Алатауы ма? – деді ана терезеден үңіле қарап. – Қырғыздың Алатауы осы Алатаудың жалғасы, әже!. – Алматы қайда? – деді ана. – Бер жақ бауырында. Таудан 18 шақырым бері [67, б. 80].
Романда алматылықтар арасында кеңінен танымал көшелердің атаулары айтылады. Келесі жолдарға назар аударайық: «Алматылықтарға Абыздың жүріп келе жатқан Карл Маркс көшесі таныс. Олар бұл көшемен талай жүрген. Бұл Гогольдің Невский проспектісінен бір де кейін емес... Бұл көшемен жүріп келіп театрға да, паркке де, моншаға да, магазинге де, фотоға да бұрыла салуыңа болады. Бұл нағыз Невскі проспектісі» [67, б. 81]. Жазушының бұл көшені Гогольдің Невск даңғылымен салыстыруынан алматылықтар үшін бұл көшенің қаншалықты маңызды екенін түсінуімізге болады.
Автордың ойы бойынша роман төрт бөлімнен тұруы керек болған. Бірақ жазушының бұл идеясы жүзеге аспады. Өйткені, Баубек Бұлқышев романның бірінші және екінші бөлімінің басын ғана жазып үлгерді. Дегенмен, «Алматы – қалам менің» романының бірінші бөлімінен Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі алматылықтардың өмірі туралы білуге мүмкіндігіміз туды. Романды оқи отырып, Алматының қазақ халқы үшін маңызды қала болғанына көз жеткіздік. Осылайша, Баубек Бұлқышевтың «Алматы – қалам менің» романында мынадай модельдер ұсынылған: «астана – бауыр басу», «астана – үлкен мүмкіндіктер қаласы». Алматы қаласының ХХ ғасырдың 70 жылдарындағы образы жазушы Серік Асылбекұлының «Мейман» әңгімесінде көрсетілген. Шығарма нақты уақыт пен кеңістікті суреттеуден басталады: ««Қызыл құдық» совхозының бас зоотехнигі Қойшан (паспорт бойынша Қойшығұл) Сексенбаев 197... жылдың 18 қыркүйегін астананың орталық мейманханасының он бір ме, он екінші ме – әйтеуір жоғарғы қабаттағы люкстерінің бірінде қарсы алды» [95]. Қонақ үйде көрсетілген қызметке ерекше таңданған кейіпкердің сөзінен ауыл адамдары үшін мұндай қызметтердің әлі жетпегендігін көруімізге болады: «Үй күтуші әйел бұл ұйқыда жатқанда бәрін жинастырып үлгеріпті. Енді қарасаң, түк болмағандай. Шіркін мәдениеттің аты мәдениет қой, ең ар жағы желдеткіш екеш желдеткішті ашуды да ұмытпауын қарашы!» [95, б. 144].
Әңгімеден бас кейіпкер Қойшанның тоғыз жыл бұрын Алматыдағы жоғары оқу орындардың бірінде оқығандығы белгілі болады. Енді ол Алматыға мейман ретінде оралып отыр. Шығарманың бас кейіпкерінің астананы қабылдауынан сол кезеңдегі қарапайым халықтың астананы қалай қабылдағандығын аңғарамыз: «Цивилизация, супермәдениет, жиырмасыншы ғасырдың комфорты!.. Қойшанның бұдан әрі тізе беруге ойы жеткенмен, тілі жетпейді. Ех, Қойшеке-Қойшеке!.. Өмірден қозы көш кейін қалыпсың ғой. Сүйте тұра біреу-міреу осы «отсталыйлығыңды» бетіңе басса, жатып келіп тулаған болар едің-ау. Тфу, мещанство какое!» [95, б. 144]. Кейіпкер тек қалада ғана жақсы өмір сүру үшін жағдай жасалынған деп ойлайды. Кейіпкердің осы ойы арқылы жазушы сол кезеңге тән қала мен ауыл арасындағы қарама-қарсылықты және қалалықтардың ауыл адамдарына қарағанда өздерін жоғары санағандығын көрсеткісі келген сияқты. Сонымен бірге, автор бұл дүниетаным сол кезеңдегі ауыл адамдарына ғана тән екенін баса айтады. Сондай-ақ шығармада жазушы ауылда да өркениеттің болуы мүмкін екенін көрсетеді. Жазушы Серік Асылбекұлының «Мейман» әңгімесінде мынадай астана модельдері көрсетілген: «астана – жатсыну», «астана – өркениет». Жазушы Тұрысбек Сәукетаевтың «Ай қараңғысы» романы арқылы оқырман 1986 жылғы Желтоқсан окиғасы тұсындағы Алматы қаласының образымен танысады. Шығарманың баяндау құрылымында автор-баяндаушы ретінде көрінген жазушы тарихи шындықтың көркемдік шындыққа ауысуын сәтті шығарған. Қаламгер өмірде болған және де әлі де арамызда жүрген тарихи тұлғалардың бейнесін сомдай отырып, көркем шығармадағы көркем бейнесін жасайды. Олардың қатарында көрнекті қоғам қайраткері Д. Қонаев, белгілі ақын О. Сүлейменов, С. Миронин, А. Айтуаров, КОКП ОК-нің Бас хатшысы М. Горбачев, желтоқсан оқиғасының қаһармандары Қ. Рысқұлбеков (романдағы Әзиз-Сұлтан), С. Мұхаметжанова (романдағы Сәбира) бар.
Романда автор Алматы қаласының образын тарихи зорлық-зомбылық көрген жастардың бейнесімен қатар суреттеп отырады. Осылайша, қала мен қазақ жастары сол қорқынышты кезеңдегі оқиғаларды бастарынан бірге өткереді. «Жаралы жас Алматы» тарауында жазушы: «Қансырап, жарасы жанға батқан Алматы ыңырсып жатыр. Талай тағдырдың шырқыраған дауысы тас түрменің ішінде тұншықты» [96], – деп, бір ауыз сөзбен бүкіл қазақтың басына төнген қасіретті бейнелейді. Сондай-ақ автор алаңдағы оқиға кезінде жастардың жанынан табылмаған қоғам қайраткерлерінің бейшаралығын баса айтып, тіпті таң да ұяла атып келе жатыр деп суреттейді: ««Мен» деген талайдың бейшаралығына куә болғысы келмей қорғалақтаған тағы бір таң беті қызарып ұяла атып келе жатты Алматы аспанында» [96].
Осылайша, Тұрысбек Сәукетаевтың «Ай қараңғысы» романында Алматы образы өте маңызды рөл атқарады. Біріншіден, Алматы – іс-әрекеттер жүзеге асқан кеңістік ретінде қолданылса, екіншіден сол кездегі ел астанасы болған қаланың философиялық көзқарас тұрғысынан да маңызы ерекше. Бұл турасында жазушы: «Өз елінің астанасында адам сияқты тіршілік ете алмау, келімсектей қағажу көру, әлбетте кімге де болса қорлық» [96], – деп, сол тұстағы күллі қазақтың басына төнген ауыртпалықты жеткізеді. Жазушы осылайша астананың тағдыры мен ХХ ғасырдың соңындағы тұтас ұлттың болашағы сияқты өзекті мәселелерді қозғайды. Сол кездегі әрбір қазақты толғандырған өткір мәселелерді жазушы қазақ елінің басты қаласы болған Алматының ұжымдық бейнесі арқылы көрсетеді. Сонымен, Тұрысбек Сәукетаевтың «Ай қараңғысы» романынан мынадай модельдерді көреміз: «астана – студенттік өмірдің куәгері», «астана – саяси өмірдің кеңістігі». 1997 жылы Астана қаласы (қазіргі Нұр-Сұлтан) Қазақстан Республикасының астанасы болып бекітілді. Елдің бас қаласын оңтүстіктен солтүстікке көшіру оңай мәселе болмады. Дәл осы кезеңде орын алған оқиғалар жазушы Дүкенбай Досжанның «Ақ Орда» (2005) романы арқылы оқырманына жол тартты.
Романның «Астана архитекторы» атты төртінші бөлімінде Есіл өзенінің сол жағалауында жоспарланған жаңа астананың жобасын жасау туралы сөз болады. Романнан осы жобаның барысында әлемге әйгілі сәулетшілердің пікірлерінің ескерілгендігін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елеулі үлес қосқандығын байқаймыз. Жазушы Елбасы ««Астана» десе ішкен асын жерге қойып, әйтеуір көруге, зерделеуге уақыт табады» деп, әсерлі суреттейді [87, б. 463].
Романда жазушы Елбасының бейнесі мен Астана қаласының образын ерекше суреттейді. Елбасының мақсатына жететін және жігерлі басшы ретіндегі бейнесі елордада салынған ғимараттардың құрылысы кезінде орын алатын диалогтар барысында көрінеді: «Бұл жолы да қаланың қақ төріне орнайтын биік мұнараның нобайын елестетуге, оңтайы келіп, шабыт көзі ашылып сызыла қалса – қай тұсқа құрастыруды ойласып, жоба сызып қайтуға жөппелдеме жетіп отыр... Нобай-нұсқаға жан бітті. Талай қалада көрген көз сүріндірген мұнараның ешбіріне ұқсамайтын, әрі зәулім, әрі сәнді, тік шаншылған уықтарға келетін ондаған сызықтың ұшар басында, я нұр шапағы шашырай шығып келе жатқан күнге, я керегенің басына орнаған жер шарына ұқсаған, әлем дүниені дөңгелетіп келтірген алып мұнараның сызбасы жобаға түсті. Президенттің қарындашы қалтырамады, ақ қағаз бетімен жеңіл жосып, әлгі нұсқаға және бірер сызық қосты. Төменгі жағына қолын қойды» [87, б. 463].
Автор сол жылдардағы оқиғаларды егжей-тегжейлі сипаттайды: ен даладан еуропалық үлгімен заманауи шығыс қаласының салынуы, Астананың сәулет жобаларын жасауға үлкен ынтамен және ерік-жігермен кіріскен Елбасының ерен еңбегі, арманындағы қаланың әр бөлшегіне, әр ғимаратына ерекше назар аударуы. Қазақ астанасының Сарыарқа даласына ауысуымен ел өмірінде орын алған елеулі өзгерістер романда толық қамтылған.
Жазушы Дүкенбай Досжанның «Ақ Орда» романын талдай келе, қазақ әдебиетінде «астана – жаңа мемлекеттің символы» моделінің пайда болғанын көреміз. Бұл модельдің әлемдік әдебиетте теңдесі жоқ.
Сонымен, Лондон, Париж, Мәскеу, Алматы және Нұр-Сұлтан сияқты әлем астаналарын суреттеген қазіргі заман жазушыларының романдарына талдау жасау арқылы біз астананың төмендегі модельдерін анықтадық: «астана – тірі ағза»; «астана – интермәтін»; «астана – хронотоп»; «астана – әдемі қала»; «астана – естеліктер қаласы»; «астана – православиелік қала»; «астана – мансап қаласы»; «астана – бауыр басу»; «астана – үлкен мүмкіндіктер қаласы»; «астана – жатсыну»; «астана – өркениет»; «астана – студенттік өмірдің куәсі»; «астана – саяси өмірдің кеңістігі»; «астана – жаңа мемлекеттің символы». Қорытындылай айтсақ, осы зерттеу аясында біз зерттеу нысанына алған авторлардың шығармаларында астананың түрлі типтегі образын байқадық: ағылшын авторының романында астана – тарихи материалдар мен мәдени зерттеулерден тұрады; француз жазушысының романында Батыс әдебиетіне тән болып келетін мегаполистегі кейіпкерлердің жалғыздығы мәселесі суреттеледі; орыс жазушысының романында ХХ ғасырдың екінші жартысындағы орыс әдебиетінің көптеген шығармаларында көрініс табатын кейіпкердің қаладан ауылға оралуы баяндалады; қазақ жазушысының шығармашылығында – ел басшысының бейнесіне сүйсіну және ен даладан жаңа Астананың пайда болуы баяндалады.
Біз осы тарауда алдымызға қойған мақсатымыз бен міндеттерімізге толық қол жеткіздік деп санаймыз. Талдау барысында ағылшын жазушысы Питер Акройдтың «Лондон: Өмірбаян» («Лондон. Биография»), француз жазушысы Анна Гавальданың «Жай ғана бірге» («Просто вместе»), орыс жазушысы Сергей Шаргуновтың «Фотосуретсіз кітап» («Книга без фотографий»), қазақ жазушылары Баубек Бұлқышевтың «Алматы – қалам менің», Серік Асылбекұлының «Мейман», Тұрысбек Сәукетаевтың «Ай қараңғысы» және Дүкенбай Досжанның «Ақ Орда» романдарындағы кейіпкер мен қаланың арасындағы өзара байланысты анықтадық, жүргізілген талдау негізінде астананың көркемдік моделіне тән белгілерді айқындадық. Әр түрлі авторлардың әлем астаналары туралы жазылған шығармаларын салыстырмалы талдау авторлардың танымы арқылы көрініс тапқан астананың түрлі модельдерін анықтауға мүмкіндік берді.