Аманғазықызы мөлдір қазіргі қазақ прозасындағы қала моделі және ұлттық ментальділік


Қазіргі қазақ прозасындағы қала адамының тұлғалануы



бет28/31
Дата16.04.2024
өлшемі314,84 Kb.
#200889
түріДиссертация
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   31
Байланысты:
aman-azy-yzy-m-phd-povtorno (4)

3.3 Қазіргі қазақ прозасындағы қала адамының тұлғалануы
Тәуелсіздік тұсындағы жазушылар өз шығармаларында кейіпкерлердің ішкі сезіміне ерекше назар аудара бастады. Кейіпкер жанының жай-күйін, оның психологиялық хал-ахуалын, әрбір оқиғаға, жағдаятқа сай болмысының өзгеріске ұшырауын, рухани толғаныс-толғамдарын көркемдік биікте танып-білуге деген ұмтылыс психологиялық негізде жазылған туындылардың қатарын молайта түсті. Яғни, жазушылар өздері өмір сүріп отырған қоғамның даму бағытының түбегейлі өзгеріске ұшырауы мен оның адамдардың тағдырына әсерін көркем әдебиетте бейнелеуді басты тақырып етіп ала бастады. Бұл өз кезегінде әдебиеттегі тұлға концепциясының қалыптасуына жол ашты.
Тұлғаның көркем концепциясын зерттеу қазақ әдебиеттануында өте маңызды болып табылады. Себебі, қаламгерлердің шығармаларында кездесетін көркемдік идея (авторлардың жеке концепциясы) авторлардың белгілі бір өмірлік құбылыстарды мақсатты түсіндіруі мен бағалауын және әлемге деген көзқарасының көрінісін қамтиды. Шығармадағы авторлық тұлға мен авторық позиция жөнінде әдебиеттанушы М. Оразбек мынадай тұжырым жасайды: «Авторлық тұлғаны немесе авторлық позицияны көркем мәтіннен, шығармадан бөліп алу мүмкін емес. Себебі, көркем шығарманың композициясы, сюжеті, конфликт-тартыстары, кейіпкерлер әлемі, пейзаждық суреттеулері белгілі бір авторлық позициядан туындайды. Автор тұлғасы мен авторлық позицияны қарастырғанда, бұл екі әдеби ұғымдар контексте әрдайым бір-бірінен ажырамас бірлікте, бір-бірін әрқашан ішкі табиғаты жағынан толықтырып, тұтаса танылады» [66, б. 14]. Осы орайда кей шығармаларда қаламгердің көркем концепциясының шығармадағы тұлға концепциясына өзгеретіндігін айта кетуіміз керек.
«Тұлға концепциясы» термині әдеби сөздіктерде кездеспейді, бұл ұғымның анықтамасы тек осы тақырыпта жазылған докторлық диссертацияларда берілген. Әдебиеттану ғылымында «тұлға концепциясы» терминін ХХ ғасырдың 50 жылдарының ортасында ғалым И. Тимофеев енгізген болатын [97]. Ғалым В.Г. Шустердің пікірінше, «тұлғаның көркем концепциясы – әдеби шығарманың этикалық және эстетикалық категориясы, оның ішінде жазушының әдеби кейіпкерге қатысты философиялық, онтологиялық, діни және адамгершілік көзқарастарының жүйесі» [98]. Яғни, тұлғаның көркем концепциясы – жазушының адам өмірінің мәні, оның идеалды тұлға туралы идеясы туралы жетекші дүниетанымдық ұстанымы болып табылады. Әдебиеттанушы М. Оразбектің тұжырымдауынша: «... автордың шығармашылық тұлғасы шығарма мазмұнындағы күллі кейіпкер атаулының мінез-құлқы, іс-әрекеті, болмыс-бітімі арқылы танылады. Шығармашылық тұлғасы қуатты автордың туындысында бас қаһарманнан бастап барлық кейіпкер жүйелі, әрқайсысы өзіне тән, бір-біріне ұқсамайтын ерекше болмысымен ұйымдасқан түрде әрекет ете отырып автор идеясына жетекшілік етеді» [66, б. 10]. Дегенмен де, автор болмысының шығармадағы бас кейіпкердің бойынан ерекше танылатындығы жасырын емес. Себебі, шығармадағы барлық оқиға бас кейіпкердің айналасында өрбиді. Басқаша айтқанда, кез келген шығармада бас кейіпкердің басында болған оқиға суреттеледі. Автордың оқырманына жеткізгісі келген идеясына да жетекшілік ететін ең алдымен шығармадағы бас кейіпкер. Осылайша, автордың тұлғасы әсіресе бас кейіпкердің және өзге де кейіпкерлердің ығында жасырын қалып жатады. Көркем шығармадағы кейіпкер мәселесіне көңіл аударған В.И. Белецкийдің пікіріне сүйенсек, «Көркем шығарманы біз «қаһармандарсыз» немесе әрекетсіз бейнелер арқылы ойлай алмаймыз. Лирикада қай жағынан болса да бізге өзінің ішкі әлемін танытуға тырысушы басты қаһарман – ақын болып табылады. Эпоста – міндетті түрде бір немесе бірнеше қаһарман; көбінесе біреуі басты ойды жеткізуші ретінде бірінші орында жүреді, айрықша назарда болады, ал қалғандары оған қатыстылығы тұрғысынан құрылады» [99].
Белгілі орыс ғалымдары М. Бахтин, В. Виноградов, Б. Корман, т.б. автор мәселесін сөз еткенде, шығармадағы сюжеттік оқиғалар мен кейіпкердің күрделі қарым-қатынасын, автор мен кейіпкер арасындағы арақатынасты анықтауға ұмтылады. Жалпы, шығармадағы автордың болмысы туралы мәселе орыс әдебиеттану ғылымында ХХ ғасырдың басынан бастап қолға алынса да, әлі күнге дейін өзекті мәселелер санатында қалып отыр. Әдебиеттану ғылымында автор мәселесіне байланысты түйіні шешілмеген мәселелер әлемдік әдебиеттанудың да күн тәртібінен түскен жоқ. Ғалым В. Виноградов автор мәселесін лингвистикалық аспектіде қарастырса, М. Бахтин автор мен кейіпкер арақатынасын эстетикалық бірлікте ала отырып, әрқайсысының өзіне тән философиялық, психологиялық және эстетикалық астарын ашуға ұмтылды. Сондықтан «Қаһарман, автор-көрермен [автор-зритель] – міне, нағыз шынайы сәтте шығарма оқиғасына басты қатысушылар және шығармаға тек солар ғана жауапты болып қала береді» [100], – деп, көркем шығарма мазмұнындағы оқиға табиғатына кейіпкерлердің автормен бірдей жауапкершілікте болатындығына баса назар аудартады.
Қазақ әдебиеттану ғылымында көркем шығармадағы автордың шығармашылық тұлғасы жөнінде З. Ахметов мынадай ой айтады: «Автордың идеялық нысанасы, көзқарасы, ұғым-түсініктері, наным-сенімдері, көркемдік принциптері, суреткерлік шеберлігі – бәрі-бәрі кең, толық мағынасында, әрине шығарманың өн-бойынан, бүкіл құрылыс-бітімінен, идеялық-көркемдік сипатынан танылады. Бұл оның шығармашылық тұлғасы, жазушылық, суреткерлік сипат-өзгешелігі» [101]. Әдебиеттанушы А. Ісімақова Абайдың «Қара сөздері» туралы ой-толғамдарында автордың кейіпкер мен оқырманға қатынасын, үшеуінің эстетикалық тығыз байланысын «автор-қаһарман-оқырман» атты нақты үштаған негізінде қарастырса [102], ғалым Г. Елеукенова автордың шығармадағы көркемдік әлемі мен психологиялық позициясын оқырманның қабылдау позициясымен тығыз байланыста қарастыра отырып, «автор-мәтін-оқырман» деп осы үшеуінің бір-біріне ықпалы тұрғысынан [103] зерттеуді ұсынды.
Нақты шығармашылық, саяси тұлға өмірі негізінде тақырыптық-идеялық тұрғыдан жаңа көркемдік ізденістердің көрініс табуы, адам мен қоғам мәселелері, дүниетаным мен мінез ерекшелігі, қоғамда күн сайын өзгеріске ұшырап жататын құбылыстар легі сөз өнерінде, оның ішінде қазіргі қазақ прозасында жазылған шығармашылық тұлға, саяси тұлға шындығын арқау еткен тарихи, ғұмырнамалық, өмірбаяндық романдарда көрініс тапты. Қаламгерлер өз туындыларында ұлт тағдырын, елде болып жатқан саяси-әлеуметтік жағдайлар мен өтпелі кезең қиыншылығы тұсындағы адам табиғатының құбылуын, оның ішкі жан дүниесінің арпалысы мен қоршаған ортамен қабыса алмай, айналадағы адамдармен тіл табыса алмай жалғызсырауын, адам мен қоғам арасындағы қайшылықтар мәселесін тереңнен қозғады.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жазылған, автордың шығармашылық өмірбаянынан дерек беретін мемуарлық романдар – Ә. Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» (1994), Мұхтар Мағауиннің «Мен» (1998), «Жармақ» (2007), Қабдеш Жұмаділовтың «Таңғажайып дүние» (1999) атты еңбектері шығармашыл тұлғалардың шығармашылық өмірбаянынан көрініс берсе, Қайнар Олжайдың «Президент пырағы» (1994), Бейбіт Сапаралының «Президенттің балалық шағы» (1995), Дүкенбай Досжанның «Ақ Орда» (2005), Уәлихан Қалижановтың «Президент» (2008) шығармалары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қайраткерлік қырын танытады.
Жазушы Дүкенбай Досжанның «Ақ Орда» романында жазушының көркем концепциясы шығармадағы тұлға концепциясына өзгеретіндігін анық байқаймыз. Бұл өзгеріс «оның (яғни автордың) дүниетанымы мен дүниені қабылдауы, ойлау тәсілі халқының ойлау дәстүрімен тығыз байланысты болғанда ғана мүмкін болатындығы» [104] белгілі. Жазушы өзінің «Ақ Орда» романында ел өміріне қатысты маңызды мәселелерді көтере отырып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жан дүниесіне терең енеді.
Нақты саяси тұлға өмірі негізінде тақырыптық-идеялық тұрғыдан жаңа көркемдік ізденістерін таныта білген жазушы тәуелсіздік алған тұстағы ұлт тағдыры, елде болып жатқан саяси-әлеуметтік жағдайлар мен өтпелі кезең қиыншылығы тұсындағы саяси тұлғаның ішкі жан дүниесіндегі арпалыстарды тереңнен қозғайды.
Концепцияның көзқарастар жүйесі, негізгі пікір дегенді білдіретіндігін білеміз. Олай болса, белгілі бір топтың немесе қоғамдық құрылыстың, саяси идеологияның ықпалымен концепцияның да өзгеріп, кейде тіпті өзгеше мәнге ие болуы әбден ықтимал. Мәселен, кеңес дәуірінде саяси тұлғалардың өмірі туралы шығармалардың жазылуындағы өзіндік ерекшелік, сол тұстағы саяси жағдайлардың қатаң ескерілуі қаламгерлердің өз концепцияларын анық жеткізулеріне мүмкіндік бермеген болатын. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін жарық көрген тарихи романдарда саяси тұлға туралы авторлық концепцияның айқын аңғарылатынын жоққа шығара алмаймыз.
Тәуелсіздік алған тұстағы оқиғалардың кең көлемде суреттелуі, кейіпкердің тұлға болып қалыптасуындағы өмір жолының баяндалуы тұрғысынан эпопея деңгейінде жазылған Дүкенбай Досжанның романында уақыт пен кеңістік маңызды болып табылады. Сондықтан автор өзінің романын басты кейіпкердің балалық шағынан бастайды және бірінші бөлім «Бал дәурен» деп аталады.
Романның басында автор оқырманын бас кейіпкердің әкесімен таныстырады: «Әбіш әкесі соңғы төрт-бес жылда маңайын сипалап зағип боп қалды. Бұрынғы сүйексіңді кәсібі – бағбандық, аңшылықтан мүлде қол үзіп, есік алдындағы ағаш тапшанда малдас құрып, көкбарқын жоталарға ери сіңіп бара жатқан күнге ұзақ қарап телміретін әдеті. Әлде таусыла бастаған, қыл аяғы құрдымға кетіп жіңішкере түскен өмір жолына іші ашиды ма, әлде алдыңғы күнге үміті – төрт перзентінің тағдырын ойлайды ма, әйтеуір шам түбінде қағазға үңілген ғұламаға ұқсап, әлде шошаққа қонған дала бүркіті секілденіп сағаттар бойына тапжылмайтын мінез жамады» [87, б. 10], содан кейін әңгіме бірден кейіпкердің алғашқы ұстазы жөніндегі естеліктерге ауысады: «Нұрсұлтанның көз алдына алғашқы әліппені, әріпті үйреткен тұңғыш ұстазы – Тәкура, бейне, қараңғы үй ішіне шырағдан жағып жібергендей елестеуші еді. Әрі өңді, әрі әппақ бал құрақтай келіншек есікті ашып жіберіп, бөлмеге кіріп келгенде, өзгеге қайдам, бала Нұрсұлтанға бейне жап-жарық сәуле бөлме ішіне құйылғандай сезілетін» [87, б. 11]. Бала Нұрсұлтанның ойында әжесінің мына бір сөздері жатталып қалады және өмірлік бойтұмарына айналады: «Тұқымымды жалғайтын жарығым... – Қарасайдың жетінші ұрпағы өзіңсің, бойыңда ешкімге белгісіз әлемет құйын сол батыр бабаңнан қалған. Ешкімге кеудеңді бастырмай, байрағыңды көтере ұстап, өз бағытыңды өзің түзеп, өз тағдырыңды өзің құрастыр, қарағым?» [87, б. 25].
Жазушы Дүкенбай Досжан бас кейіпкердің жас кезінде қиын екенін біле тұра металлург мамандығын таңдағанын, өз мамандығына адалдық танытып, кездескен қиындықтарға тайсалмағандығын суреттейді. Романнан кейіпкердің алғаш рет қаланы «құмырсқаның илеуіндей» қабылдағанын көреміз: «Үлкен қала әуелгіде Нұрсұлтанның көзіне құмырсқаның илеуіндей көрінді» [87, б. 59]. Осы үзіндідегі қала – Мәскеу қаласы болатын. Осы Мәскеу қаласы арқылы кейіпкер көне қала Днепродзержинскіге аттанады: «Днепродзержинск. Кәрі халықтың түтіні бұрқыраған, домнасы ұшқын шашқан шаршаулы қаласы. Шаршамай қайтсін! Тоғыз жолдың торабы, Сібірдің суығынан қашқан жатыпішер, жан ауыртпай, ауызбен орақ орып, мал тапқан тоғышар, жылы орын іздеген партияның қолшоқпары, дардан қашқан, сайдан қашқан не қилы сұмырайлар осында кеп тоғысады екен» [87, б. 72].
Жазушы кейіпкерінің тұлға ретінде қалыптасуында әкесінің, алғашқы ұстазының, әжесінің және осы қаланың рөлі ерекше болғандығын жеткізу үшін қаланың шынайы образын алған. Бұл жөнінде әдебиеттанушы Н. Ақыш мынадай тұжырым жасайды: «Түрлі ауыртпашылықтарды, өзіне тән емес жат ортаны көре жүріп, қандай алуан түрлі сынақтардың өтуі де болашақ Президенттің азаматтық тұғырнамасының қалыптасуына ықпал еткен алғышарттар еді. Негізінен ер адамдардан тұратын жұмысшылар қауымының қарадүрсін ортасы – адамдар арасындағы өзара бауырмалдықпен бірге қаталдықтың, безбүйректік мінездердің де қақтығысып қалып жататын жері. Біріне бірі күш көрсету, балағат сөздерге иек арту – олар үшін қалыпқа түскен күнделікті көрініс. Сонымен бірге өмір сүрудің Кеңес адамына тән өзіндік үлгісі, партиялық қатаң талап жас адамның өз тұғырын тауып, жетілуіне тікелей ықпал жасап отырады. Романда осы жағдайлар жас Нұрсұлтанның қабылдап, түйсінуі, сезінуі арқылы өрбіп, дамып, әр қырынан көлденеңдей ашылып жатады. Днепродзержинскідегі оқу мен Теміртаудағы қорытпашылық – болашақ Президенттің өмірлік ұстанымын орнықтырып, қиял қанатын қатайтып, ең алдымен адамгершіліктің, адалдық пен еңбекқорлықтың сара жолын салған өмірлік факторлар екендігіне ерекше көңіл бөлінген. Осы жолда кездескен түрлі адамдардың барлығы да жас кейіпкерді өмірдің оңды жақтарына баулып, бірыңғай жақсы әсерге бөлей берсе, реалистік ұстанымдарға салқыны тиер еді. Әр түрлі көлеңкелі істерге азғырып, өзі әу бастан шырақ етіп бағыттаған бағдарынан ауытқымау үшін әрекет жасайтын пиғылы теріс Атабектің шырмауына жас Нұрсұлтан түсе қоймайды. Оның азғыруына ермейтіні, имандылық пен ар-ождан жолынан ауытқып кетуді ойға да алмайтыны кейіпкердің әу бастағы адамгершілік тінінің мықтылығын көрсетсе керек» [105].
Романның үшінші бөлімінде түрлі ғылым салаларына өзгеріс әкелген қоғам қайраткерлерінің есімдері, лауазымдары еш өзгеріссіз берілген. Мәселен, романда 2004-2007 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі болған Бірғаным Әйтімованың есімі еш өзгеріссіз алынған. Министрдің Президентпен кездесу үстінде ұсынған тұжырымдары (12 сыныптық орта білім алуға көшу, жоғарғы сатының – бакалавр, магистр, докторантуралық жүйеге шығуы) егжей-тегжейлі баяндалады. Расында, тарихи тұрғыдан алып қарасақ та, білім саласындағы іргелі өзгерістер осы кезеңде жүзеге асқан. Роман авторы кейіпкеріне бас кейіпкердің ойы арқылы баға беріледі: «Мына министр – реформаға жанып жүріп жалын жастығын қиған, үндемей, дабырламай-ақ көп іс тындырған дарынды тұлғаның бірі. Көзге түсемін деп кеуде кермейді, шешендік танытамын деп мінбеге өрмелемейді; әйтсе де «ғылым жаңалығы» деп аталатын дүние пәлені терең біледі. Алғырлығы алмас қылыштай, Абай айтқан «ақылы мен еңбегі екі жақтап алып шыққан» еңбекқордың, тума дарынның нақ өзі. Қай қиынға салсаң да – майыспай, қайыспай алып шығар, алдаспан қылыш секілді. Өр мінезді өжет жан!. Министр туралы Президент ойы осылай еді» [87, б. 384]. Әдебиеттанушы ғалым Н. Ақыш «Ақ Орда» романындағы кейіпкерлер жөнінде төмендегідей пікір білдіреді: «Осы тәуелсіздіктің он бес жылы ішінде Н. Назарбаевтың арқа сүйегені – өзінің айналасына топтасып, жоғары эшелонда қызмет еткен жүздеген қайраткер тұлғалар. Олардың қайсысы қандай үлес қосқанын шежірені парақтай отырып, тауып алуға болады. Бір қызығы, романда олардың арасынан аталатын адам аттары санаулы ғана. Ерекше еңбегі сіңген адам ретінде көбірек аталатын есімнің бірі – Камалтин. Бұл арада автор кейіпкерді іріктеп алу жолында қандай қағидатты негізге алды деген сұрақтың төбе қылтитуы әбден заңды» [105, б. 6].
Талданып отырған шығармада қаламгердің ақыл, қайрат, ынсап, адамгершілік деген ұғымдардың төңірегінде ұстамды ой қозғауы шығарманың бедерін айқындап, тамырын тереңдетіп, өресін биіктетіп тұр. Адамның мінезін, оның ішкі құпияларын, қоғамға, қоршаған ортаға көзқарасын, сезім дүниесін ашуда жазушы өзінің жеке пікірі мен бағасын шынайы, әділ, негізді деп біледі. Мұның өзінен де жазушының саяси тұлға туралы концепциясының дара сипаттары белгілі болады.
Жазушы романға екі негізгі мәселені негіз етеді: біріншісі, бұл басты кейіпкердің ішкі, психологиялық мәселелері болса, екіншісі жалпы қоғамдық мәселелер. Дей тұрғанмен, жазушының бас кейіпкердің ішкі әлеміне, оның жеке басына қатысты мәселеге ерекше назар аударатындығын байқаймыз. Жазушының жеке басының көркем концепциясы оның кейіпкерінің келбеті арқылы анықталады, мысалы: батылдық, парызға адалдық, қиын жағдайларда соңына дейін тұра білу, т.б.
Жазушы бас кейіпкердің әр реформаға тиянақты қарауынан халқының тағдырына, өзінің мойнына жүктелген әр адамның тағдырына, ел болашағы алдындағы міндетіне жауапкершілікпен қарайтындығын аңғартады. Бұл сөзімізді романдағы мына сөздер айғақтайды: «Шекара белгілеуді жанын салып жылдам жүргізуге қосты, асықтырып қамшылай түсті» [87, б. 418]. Шекара мәселесіне қатты алаңдаған кейіпкердің ішкі толқынысы романда былай суреттеледі: «Түн жарымы ауа ұйқысынан оянып, кірпігіне шөп тірегендей, ой ішінен ой теріп жатып: келер ұрпаққа ауыр жүк қалдырмай, делимитациялауды өзім аяқтап кеткенім жөн дейтін» [87, б. 418]. Кейіпкердің Астана қаласын салу кезіндегі жауапкершілігі романда ерекше суреттеледі: «Астананың әр тасы беріктен қаланғанша, досқа сүйініш, дұшпанға күйініш болып қазақтың аруақты ордасына айналғанша, Есілдің қос қабағына қолдың саласындай сәулетті сарайлар бой түзегенше, Эйфель, Александрийск мұнарасынан еш кемдігі жоқ Бәйтерек мұнарасы орнағанша – түн аз ұйықтап, күндіз аз демалып, бейнетке белшесінен батып тер төккені төккен. Жұмыс үстеліне төніп қарындашын алып, Астанада көзге ыстық, жүректің төрінде жүретін мұнараның нобайын сызуға тәуекел етті. Көрінбейтін нүктеге қадалып ұзақ отырды. Сосын іштей күбірлеп: «Иә, жаббар ием, сәтін сала гөр!» – деп жаратқан иеге сиынғандай болып қаламын қыса ұстады» [87, б. 460].
Романда бас кейіпкердің Польшадан келген сәулетшімен болған диалогы үстінде де ұлтына деген құрметі, адалдығы айқын сезіледі: «Мәртебелі Президент, Қазақстан көп ұлтты ел, жүздің үстінде ұлт пен ұлыс бірлесіп өмір сүріп жатыр. Сол себепті Есіл бойына бой көтерген астанасы гүлдесте-букет секілді әр көше әр ұлттың символын бейнелеп тұрғаны ләзім», – дейді алабажақ кемпірқосаққа ұқсайтын нобай-нұсқасын түсіндіріп. Нұрсұлтан Әбішұлы қарадай тіксініп қалды, әйтсе де әуелгіде қонағына сыр бермеуге тырысты. – «Мәртебелі Президент, қала көшелері әр ұлттың дәстүрі мен тарихынан хабар беріп тұрса қанекей». Нұрсұлтан Әбішұлы шыдай алмады, сексеуілше шарт сынды. – Сонда қалай, архитектор мырза, осынау ұланғайыр даланы шығыстағы қара қытай, қара қалмақтан қорғап, батыстағы ормандай орыс, башқұрт, құба қалмақтан қорғап жан алысып, жан берісіп, түстігінде қоқан қоқималары, хиуа ләшкерлері, түрікпен азбанымен күніге найза тіресіп... әр сайда домалап басы қалып жүріп... төрт жүз жылғы жұлқыстан аман қалып... енді тәуелсіздікке жеттік пе дегенде... түрлі саяси дүмпуден көзіне көк шыбын үймелеп, жанын шүберекке түйіп ауып келген ұлт пен ұлысқа иіліп төрімізді беріп, төбемізге шығара алмаймыз» [87, б. 443]. Белгілі әдебиет зерттеушісі Ш. Елеукенов: «Адамды сөйлету арқылы да мінез-құлқынан талай сыр түюге болады немесе әркімнің сөзі арқылы өзін танимыз. Өйткені әркімнің сөйлеген сөзінде оның бүкіл ішкі болмысы, өзіне тән психологиялық өзгешелігі, оның сезімі, ұғымы, нанымы, танымы, білімі, мәдениеті түп-түгел тұнып тұрады» [106], – деп тұжырымдайды. Аталған романда бас кейіпкер мен сәулетші диалогіндегі жай айтылған тәрізді сөздердің астарында олардың пиғылы ғана емес, бүкіл дүниетанымы, соның әсері арқылы көрініс табатын мінез-құлқының көріністері жатыр. Романда адам мінезінің негізінде жатқан осы бір түрткі, сезімдерді кейіпкерлер сөздері, диалогтер арқылы көрсету қаламгердің таланты мен шеберлігінің қаншалықты қуатты болғанынан хабар береді.
Жазушы Дүкенбай Досжан «Ақ Орда» романында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірбаяндық және психологиялық портретін нақты тұжырымдап берді.
Өмір шындығын суреттеуде әр жанрдың өз мүмкіншіліктері бары анық. Қазіргі қазақ прозасында саяси тұлғалардың өмірі мен саяси қызметін шынайы суреттеуде, біздің ойымызша, роман ең қолайлы, тиімді жанр болып табылады. Ал оның көркемдік дәрежесі автордың сол тұлға туралы жеке концепциясының кемелдігіне байланысты анықталмақ. Сондықтан да Дүкенбай Досжанның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы романындағы тұлға концепциясы елдің ынтымағы мен бірлігін нығайтуға, қоғамдық сананы кемелдендіруге қызмет ететін ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген деп толық сеніммен айта аламыз.
Қаламгер Мір Шайырдың «О, Данышпан дүние» атты трилогиясында да Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың саяси тұлғасы жасалады.
Романның бірінші кітабында Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлік қыры қарапайым халықтың баға беруі арқылы жеткізілген: «Бұл күндері бірінші хатшы Колбинді Москваға қызметке ауыстырады деген қауесет күшейіп тұрғандықтан, оның талабы жиналған халықтың ойымен орайласа кетті: – Қазақстан Республикасын өзінің азаматы басқарсын! Орта жастардағы азамат ентелей дауыстады: – Бірінші хатшылыққа кандидатураны да жазып жіберейік! – Ал, айтшы кімің бар? – деп сұраған жаңағы жасыл телпекті ақсақал оның жауабын күтпестен, дауыстады: – Жаз Назарбаев деп. Тәуір азамат. Жарайды осы. Енді көбейтпе» [107].
Романның екінші кітабында Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент болып сайланғаннан кейінгі бейнесі сомдалады. Мәселен, Президенттің Ақтау қаласына келгендегі өткізген жиыны романда былайша көрініс табады: «Сіздер мен біздерге тағдыр өте күрделі, шешуші, сонымен бірге өте бақытты кезеңде өмір сүріп, қызмет етуді жазыпты, – дейді Президент. Бұл осы жиынға қатысып отырған әркімнің бүгінгі таңдағы өз маңызын қадірлей түсетіндей дәрежеде асқақ естілді. Әрі бұл сөздерге жас егемен мемлекеттің тағдыры, елдің қазіргі қиындау күйі бейнеленген ауыр мағына сыйып тұр» [108]. Осы үзіндіден Президенттің ресми болмысын анық байқаймыз. Президенттің сөзі ары қарай келесідей жалғасады: «– Экономика саласындағы қазіргі халіміз біздердің ешқайсысымызды қанағаттандыра алмайды, – деп жалғасты Президент сөзі. – Қайта құру жылдарында тәуелсіздік алғанға дейін, өндірістік салалардың қарқыны тым бәсеңдеп кетті. Енді қайтадан екпін ала алмай, әлек. Осындай шақта біз басқарудың жаңа үлгілерін де қалыптастыруға құлшыну үстіндеміз. Ол ол ма, республика ішінде, сондай-ақ алыс және жақын шетелдермен жаңа экономикалық, өндірістік қатынастарды, нарықтық қатынастарды жеделдете орнатуға ұмтылып бағудамыз. Бұған қоса өндіріс салаларын модернизациялау, жаңа технологияларды енгізу де жүріп жатыр. Ол үшін жаңа кадрлерді оқыту, даярлау, іске кірістіру өз алдына бір жұмыс. Өмірге келген ұлттық валютаның позициясын нығайту, құнсыздануына жол бермеу тегеуірінді ақыл мен тәсілді қажет етіп отыр. Сөйтіп, біз жүргізіп жатқан экономикалық реформалар өміріміздің барлық салаларын қамти, ауыр жылжып келеді» [108, б. 37]. Осылайша Президенттің сөзі ресми тілде беріледі. Саясаткер тілінің ресми стильден басқа стильде берілуінің мүмкін еместігі де белгілі. Бұл жөнінде әдебиеттанушы Н. Ақыш мынадай тұжырым жасайды: «Кең тынысты көлемді шығарманың ара арасында осы келтірілген үзінді сарындас ресми тілмен жазылған, сіреспе мәтіндерді берудің айта қаларлықтай оғаштығы бола қоймас та. Бірақ автор кейіпкерінің жан дүниесіне еніп, оның адам ретіндегі кескін-келбетін, ішкі әлемінің иірімдерін беру үшін ішінара таза көркемдік үлгілеріне де жүгініп отырғаны абзал болар еді. Сонда жоғарыдағыдай ресми стиль мен көркем проза стилі өзара кезектесіп, кейіпкерге айналып отырған ел Президентінің жеке адам ретіндегі тұлғасын аша түсуге қызмет етері сөзсіз. Автордың бұл арада ептеп мүлт жіберіп алған тұсы стильдердің осы айтылған үйлесімдіктерін сақтай алмай, тек бір-ақ ұстаныммен шектеліп қалуында болып тұр.
Президент тұлғасын жасауға аса сақ қараймын деп, көркем ойдың ауанына түсе алмай, ресми стильмен ғана шектеліп қалған сияқты. Тізгінді тең ұстай алмаудың салдарынан автор көркемдік жүгін бір жағына қарай ептеп аунатыңқырап алған. Шынында да, аса жоғары лауазым иесін көркем әдебиеттің кейіпкеріне айналдырудың өзіндік қиындықтары болатынына көз жұма қарауға болмайды. Автор сол сақтықтан аса алмаған деген пайым жасай аламыз» [105, б. 12]. Дегенмен де, жазушының осы шығармасы арқылы елін соншама ауыртпалықтар мен қиыншылықтардан және өтпелі кезеңнің буырқанған асау өзенінен өткелін тауып, амалын тауып өткізген Елбасының шынайы әрі көркем бейнесін көреміз.
Жазушы Сәбит Досановтың «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясының төртінші кітабының бас кейіпкері – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Кітапта Кеңес Одағының ыдырап, президенттік тізгін қолына тиіп, елдің болашағы мойнына жүктелген ел басшысының ішкі толғанысы былайша суреттеледі: «Қазақстан мұхитта жүзген алып кеме – деп ойлады ол. Ал, оны мекендеген сан ұлт пен ұлыстан тұратын республика тұрғындары сол кемедегі шығарда жаны бір, тағдыры ортақ жолаушылар. Халық маған сол кеменің штурвалын ұстатты. Ал оның құрметінен көрі, салмағы басым, жауапкершілік жүгі аса ауыр. Бұл кеме социализм жағалауынан ұзап кетті. Әзірге аты белгісіз арғы жағалауға жеткенше алда ұзақ жол жатыр. Ал оның қауіп-қатері көп, қиындығы да аз емес. Жолдың азабына шыдармын ба? Күні кеше жай ғана толқыған мұхит бүгін арыстан жалды ақшулан толқындарын аспанға атып, жүген-құрық тимеген шу асудай тулап жатыр. Көбіміз асау толқынның алғашқы дүмпуіне шыдамай, сыр бере бастадық. Кеудесін күнге сүйгізген көкала мұхит төсінде екпіні қатты тоғыз валдық дауыл тұрып, алып кеменің өзін асықпай атып, қақпақыл ғып қақпасына кім кепіл? Сондай шторм кезінде штурвалда кірпік қақпай тұруға шыдаймын ба?! Шыдауын шыдармын-ау, Теміртаудың темір пешінде екі мың градустық отты көсетіп, өмірдің талай тезінен өткізген қиын тағдырым төзімділікке де тәрбиелеген жоқ па? Мәселе тек қажыр-қайратта ғана ма екен, күрмеуі қатты күрделі ситуациялардан адастырмай алып шығатын ақыл-айла да керек емес пе? Ел тағдыры шешілер тұста жағдайлы жерде жанай, жағдайсыз жерде жарып өту парыз. Қандай қиын кезде де жол табуым керек. Қателесуге қақым жоқ...» [109]. Осылайша жазушы кейіпкерінің ішкі толғанысы арқылы оның өткен өмірінен де, яғни «Теміртаудың темір пешінде екі мың градустық отты көсетіп», ауыр еңбекпен шыңдалғандығынан да хабар береді.
Жазушы елдің өркендеуі жолында кейіпкердің орасан күш-жігер жұмсағандығын, зор ұйымдастырушылық қабілет көрсеткендігін нақты мысалдар арқылы дәйектейді: «Нұрсұлтанның жұмсақ жымиған жылы жүзі мен орайын тауып айтқан орынды әзіл-қалжыңнан соң Ельциннің қасаң тартқан қасқыр жүрегі жіби бастады... Дәл ортада Назарбаев пен Ельцин. Нұрсұлтанның жүзі жарқын. Жауар бұлттай түнерген Борис Николаевичтің бетіне қан жүгіріп, өңі кіріп қалыпты. Асқар Ақаев садақтай иілген қоп-қою қара қасын керіп, басын қайта-қайта изеп, күлімсіреп отыр. Қаршығадай Кравчук саптағы сырбаздай сыптай боп, Шушкевич қоян алған бүркіттей қазандай басын қақитып, Тер-Петросян бүкшиген екі иығын жазып, Ниязов кеудесін керіп еркін отыр. Өзге президенттердің де қабағында кірбің жоқ. Қуанышта тасымайтын, қиындықта жасымайтын Каримов қанына сіңген қашанғы әдетімен түсін билеп сыр бермей отыр» [109, б. 89]. Дәл осы он бір мемлекеттің басшылары қатынасқан баспасөз мәслихатында «жүзінен жұмсақ нұр төгілген Нұрсұлтан журналистерге былай деп хабарлады: Алдын ала мұқият дайындалған құжаттар жобалары, жан-жақты талқыланғаннан кейін Тәуелсіз мемлекеттер Достастығын құру жөніндегі Келісімнің хаттамасына бұрынғы КСРО-ның құрамына кірген он бір тәуелсіз мемлекет басшылары қол қойды» [109, б. 90]. Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру Президенттің сыртқы саясаттағы алғашқы жеңісі. Осы оқиғаның дүние жүзіне таралуы жөнінде роман-эпопеядан мысал келтірейік: «Он бір мемлекеттің басшылары қатынасқан баспасөз мәслихаты аяқталысымен кеңестік кеңістік пен алыс шетелдерден келген ұзын саны бес жүзден асып жығылатын жорналшылар өз елдеріне шұғыл хабарлар жөнелтіп жатты. Сол шұғыл берілген шұғылалы хабарлардың мазмұны бір болғанмен тақырыбы сан алуан. Ассошиейтед-пресс тілшісі жөнелткен хабардың тақырыбы: «Ғасырдың ғажайып оқиғасы». Француздың «Фигаро» газетінің тілшісі былай деп факс жөнелтті: «Тұйықтан шығар жол табылды». «Назарбаевтың көрегендігі». Бұл Франс-пресстің берген бағасы. «Санди Телеграфқа» «Мұсылмандар мен славяндар достығы» атты мақала жөнелтілді» [109, б. 90].
Елорданың Алматыдан Сарыарқаның сары даласындағы Ақмолаға көшіріліп, тарихи қысқа мерзім ішінде сәулетті қала Астананың бой көтеріп, әлемді тамсандыруы да жиырмасыншы ғасырдың ғажайып оқиғасы. Роман-эпопеяда Астана қаласының бас сәулетшісі Нұрсұлтан Назарбаев екендігі кейіпкерлердің сөзі арқылы дәйектеліп отырады: «Естуім, Нұрекең бала кезінде саз балшықтан үй соғып, қала тұрғызып ойнайды екен. Анасы Әлжан мен Әкесі Әбішке: «Мен өскенде Қаскелеңнен үлкен қала саламын. Біздің өз қаламыз болады» десе керек. – Сол кезде аузына Құдай салды ма екен. Сол кезде аңыз еді ғой ол. Сол аңыз бүгін ақиқатқа айналды. Міне, бүгін Нұрекең бастап, халық қостап жас мемлекеттің жаңа астанасы салынды. – Иә, Астана қаласы Елбасының көрегендігі мен ерлігінің бір белгісі. Бұған дейін қазақ өз бетінше қала салған емес. Қала салу – ұлт болып ұйысудың, халықтық биікке көтерілудің бір белгісі» [109, б. 156].
Жоғарыда аталған шығармаларды талдай келе, саяси тұлғаның өмірі арқау болған көркем шығармалардың өзіндік ерекшеліктері болатындығын байқадық. Анықталған негізгі ерекшеліктер 2-кестеде ұсынылды.

Кесте 2 – Саяси тұлға өмірі арқау болған көркем шығармаларға тән ерекшеліктер





Ерекшелігі

Шығарманың авторы және атауы

Көркем шығармадан мысал

1

2

3

Өмірде болған оқиғаларға негізделуі

Дүкенбай Досжан «Ақ Орда»

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың мектепке алғаш барған сәтінен бастап ел Президенті болып, түрлі саяси реформаларды жүргізгенге дейінгі сәті хронология бойынша суреттеледі

Мір Шайыр «О, Данышпан дүние»

Қазақстан тарихындағы желтоқсан оқиғасынын бастау алатын ірі қоғамдық саяси мәселелер көтеріледі

Сәбит Досанов «Жиырмасыншы ғасыр» (төртінші кітап)

Тәуелсіздік жылдарындағы басты оқиғалар суреттеледі

Өмірде бар адамдардың бейнеленуі

Дүкенбай Досжан «Ақ Орда»

Н.Ә. Назарбаев, әкесі Әбіш, анасы Әлжан, ұстазы Тәкура, жары С. Алпысқызы, Б. Әйтімова, т.б.

Мір Шайыр «О, Данышпан дүние»

Н.Ә. Назарбаев, Н. Марабаев, И. Тасмағанбетов, Ә. Кекілбаев, т.б.

Сәбит Досанов «Жиырмасыншы ғасыр» (төртінші кітап)

Н.Ә. Назарбаев, Д.А. Қонаев, Б.Н. Ельцин, И.А. Кәрімов, А.А. Ақаев, Р.Н. Нәбиев, т.б.

Ресми стильдің, термин дердің қолданылуы

Дүкенбай Досжан
«Ақ Орда»

Экономика, реформа, т.б.

Мір Шайыр «О, Данышпан дүние»

Экономика, модернизация, валюта, нарықтық қатынас, азамат, т.б.

Сәбит Досанов «Жиырмасыншы ғасыр» (төртінші кітап)

Штурвал, регламент, т.б.

Сонымен, зерттеу жұмысымыздың аталмыш тарауында қазіргі қазақ прозасындағы, атап айтар болсақ, жазушы Дүкенбай Досжанның «Ақ Орда» романындағы, Мір Шайырдың «О, Данышпан дүние» трилогиясындағы, Сәбит Досановтың «Жиырмасыншы ғасыр» (төртінші кітап) роман-эпопеясындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бейнесін қарастырдық. Себебі, қала мен адамды, қала мен тұлғаны бір-бірінен ажырата алмаймыз. Кез келген қаланың тарихы белгілі бір тұлғаның есімімен байланысты болады. Тарихта сол қаланың тарихына қатысы бар тұлғалардың есімімен аталатын қалалар аз емес. Мәселен, Вашингтон қаласы АҚШ-тың алғашқы Президенті Джордж Уошингтонның құрметіне қойылса, Петербург қаласы І Петр есімімен байланысты. Қазақ елінің бүгінгі жаңа астанасы да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың құрметіне орай Астана атауынан Нұр-Сұлтан атауына өзгертілді.


Осылайша, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ еліне сіңірген ерен еңбегімен, азаматтық тұлғасымен еліміздің егемендік жолындағы күресінің символы болып қазақ әдебиетіне енді. Тарихи-қоғамдық алмасулар кезінде еліне бас болып, елінің арман-тілегін арқалаған, сенімді басшы бола білген саяси тұлғаның ұлттық әдебиетіміздің бас қаһарманы болуы – тарихи заңдылық екені де даусыз. Оны бүгін заман шындығы да, әдеби даму үрдіс те, тарих та дәлелдеп отыр. Қазақ қаламгерлері өз шығармаларында Елбасын тәуелсіздікті аяғынан нық тұрғызған, қазақ елін әлемге танытқан саяси тұлға ретінде бейнелеуде. Осылайша, Елбасының әлемдегі, саяси аренадағы биік парасаты мен абыройын мақтан тұтып, келер ұрпаққа жеткізуді мақсат етуде. Қазақ тарихындағы Есім, Тәуке, Қасым, Абылай сынды қазақ хандарының жолын жалғастырушы деп бағалауда.
Олай болса, біздің сөз еткеніміз – осы құбылыстың тууы, көркем шығарма ретінде танылуы, кейіпкердің бейнесін ашу жолындағы алғашқы ізденістер мен әдеби тенденцияны тану ғана. Бұл әдеби тенденцияның ары қарай толығып, нақтылана берері хақ.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   31




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет