ҚОРЫТЫНДЫ
Әлемдік әдебиетте ХХ ғасырдың басынан бастап ғалымдардың назарын аудара бастаған қала тақырыбы, қазақ әдебиеттануында кейбір мақалаларда ғана сөз болғаны ақиқат. Біз қорғауға ұсынып отырған «Қазіргі қазақ прозасындағы қала моделі және ұлттық ментальділік» атты диссертациялық жұмыс қазақ әдебиеттану ғылымында диссертация деңгейінде тұңғыш рет қорғауға ұсынылып отыр. Қазіргі кезде ауылдан қалаға көшу, қазақ ұлтының қалаларға жиналуы, жас ұрпақтың қала тәрбиесін алуы Қазақстандағы басты мәселе екені белгілі. Қазақ әдебиетінде де өткен ғасырдың басынан бастап қазақ жазушылары қала тақырыбын шығармаларына өзек еткені анық. Дегенмен, қалалық кейіпкерлердің психологиясын, ұлттық ойлау деңгейін суреттейтін шығармалар қазақ әдебиетінде көптеп жазылғанымен, қала тақырыбын арнайы зерттеу нысанына алған зерттеу жұмысы жоқ деп батыл айта аламыз. Сондықтан аталмыш тақырыптың зерттеліп, қорғауға ұсынылуы мынадай жағдайларға байланысты өзекті болып табылады:
Біріншіден, көркем әдебиеттегі қала адамдарының образын психоаналитикалық тұрғыда зерттеу арқылы қалалық жоғары интеллектуалды ұлт қалыптастыру үшін ұлттық ментальділік пен қалалық ментальділіктің өзара үйлесімі мен оған әсер ететін факторлар анықталады.
Екіншіден, ауылдан қалаға көшу, қала тұрмысына бейімделу, қаланың жаңа тұрпатты модельдерінің пайда болуы сияқты мәселелер көркем шығармалардың мазмұнынан, сюжетінен талданады.
Үшіншіден, ел астанасының мемлекеттің нығаюы мен өркендеуіне, әлемге танылуына негіз болатыны шетелдік және отандық жазушылардың шығармаларымен салыстырыла отырып талданады.
Төртіншіден, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік пен экономикалық дағдарыстың рухани дағдарысты туғызатындығы, қаладағы баспанасыздық, отбасы қаржысының жетіспеушілігі адамның психологиясына айтарлықтай ықпалын тигізетіндігі көркем шығармалардың негізінде анықталады.
Бесіншіден, ақпараттық технология, интернет жүйесі дамыған сайын адамды қоғамнан оқшаулап, оның санасына жалғыздық ұғымын орнықтырып, қатыгездікке ұрындырып, рухани жұтаң, санасы төмен ұрпақтың өсуіне жол берілетіндігі белгілі. Сондықтан, қалалық кейіпкерлердің мінез-құлқын суреттейтін шығармалар психология, педагогика, эстетика, әдебиеттану ғылымдарының аясында талданады.
Осы орайда, аталған диссертациялық жұмыс аясында жоғарыда аталған мәселелерді шешу жолдары қамтамасыз етілді. Зерттеу жұмысы үш бөлімнен, әр бөлім іштей үш тараудан құралған.
Біріншіден, «Қалалық проза: генезисі және зерттелуі» деп аталатын бірінші бөлімнің алғашқы «1.1 Көркем шығарманы модельдеу: теориялық және тарихи аспектілері» тарауында «модель» ұғымының әмбебаптығына байланысты ежелгі антикалық эстетикалық ойлаудағы негізгі үш мағынасы грек тілінде қолөнер, ғылым және өнерді білдірген «technē» ұғымымен, ал «модельдеу» ұғымының антикалық «мимесис» ұғымымен байланысты екендігі анықталды. Сондай-ақ, қаланың көркем моделінің әдеби шығармаларда автордың танымы арқылы көрініс табатындығы Г.П. Щедровицкийдің «Таңдамалы еңбектер» («Избранные труды»), Ю.А. Гастевтің «Гомоморфизмдер мен модельдер. Модельдеудің логикалық және алгебралық аспектілері» («Гомоморфизмы и модели. Логико-алгебрические аспекты моделирования»), Ю.М. Лотманның «Көркем мәтін құрылымы» («Структура художественного текста») еңбектерінің негізінде тұжырымдалды.
Екіншіден, «1.2 Әлем әдебиетінде қалалық прозаның дамуы» атты тарауда қаланың өмір сүру жағдайларының шартты келбеті белгілі бір тарихи-ұлттық колорит ретінде әдебиетте ежелгі дәуірден бері пайда болғандығы Мысыр, Вавилон-Ассирия, грек, рим мифтерімен байланыстырыла отырып көрсетілді. Ескі өсиетте алғашқы қала салушылардың қатарында Қабыл мен Нұхтың қарғысына ұшыраған Хам ұрпақтарының есімдері (Нимрод, Ассур) аталатындығы, Вавилон (оның тұрғындарының атаққұмарлығы мен мұнараны құдаймен теңестіріп, аспанға жететіндей биіктікте тұрғызуға деген құштарлығы үшін), Содом мен Гоморра қалаларының зұлымдық пен күнәға батқан қалалар болып таңбаланғандығы, Езекиел мен Еремия пайғамбарлардың кітаптарында құдайдың бұйрығы арқылы от, жер сілкінісі, су тасқыны сияқты табиғаттың алып күштерінің себебінен қирап, жойылып бара жатқан қалалардың суреттері сипатталатындығы пайымдалып көрсетілді. Сонымен қатар, әлемдік әдебиеттегі «қалалық мәтін» термині ХХ ғасырдың басында О. Бальзак, Ч. Диккенс, Т. Манн, А. Камю, Ф. Достоевский, А. Чехов, М. Горький, М. Булгаков, т.б. жазушылардың шығармаларына қатысты пайда болғандығы айқындалды.
Үшіншіден, «1.3 Әлемдік әдебиеттануда қалалық прозаның зерттелуі» тарауында әлем әдебиеттануында зерттеушілер «қалаулы ауыл» мен «қорқынышты қала» арасындағы қарама-қайшылықты және олардың ежелгі дәуірден бастап, қазіргі уақытқа дейінгі еуропалық мәдениеттегі мағынасын әртүрлі аспектілерде қарастыратындығы зерттеу еңбектерінің негізінде тұжырымдалды. Орыс әдебиеттануындағы «петербургтік мәтін», «мәскеулік мәтін» ұғымдары жан-жақты талданып берілді.
Төртіншіден, екінші «Қазақ әдебиетіндегі қала образы және қалалық ментальділік» бөлімінің, алғашқы «2.1 Көне түркі және орта ғасыр әдебиетіндегі қала модельдері» тарауында қазақ жерінде ІХ-ХІІ ғасырларда өмір сүрген әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Ясауи сынды ойшылдардың еңбектерінде де қалалар, қала адамдарының мінезі толыққанды суреттелгендігі анықталды. XV-XVI ғасырларда өмір сүрген Захир әд-дин Бабырдың «Бабырнама» шығармасында бүгінде Өзбекстан мемлекетінің шекарасында орналасқан Әндіжан, Маргилан, Ахси, Қырғызстан мемлекетіне тиесілі Ош, Тәжікстанның Исфара, Ходжент қалалары, сол қалалардың өзіне тән ерекшеліктері, тұрғындары суреттелгендігі мысалдар арқылы дәйектелді.
Бесіншіден, «2.2 Қазақ әдебиетіндегі қала моделі және ұлттық таным» тарауында ХХ ғасырдың басында жазылған прозалық шығармаларда қала – ғылымның, білімнің орталығы ретінде суреттелгендігі, ХХ ғасырдың 50 жылдарына қарай қала – өндіріс орталығы ретінде суреттеле бастағандығы, ал 1970-1980 жылдардан бері қарай жазылған шығармаларда қала тақырыбының аясының тіптен кеңейгендігі көркем шығармалардан мысалдар келтіріле отырып дәлелденді.
Алтыншыдан, «2.3 Қазақ прозасындағы қалалық кейіпкерлердің психологиясы және қалалық ментальділік» тарауында қазақ еліндегі 1990 жылдардан бастап енген саяси өзгерістер, айрықша қарқынмен дамыған сауда-саттық, жекеменшік қатынастардың пайда болуы, білім мен ғылым, мүлік, денсаулық сақтау, ақпарат, т.б. ұйымдардың түрліше сыйпатқа ие бола бастауы адам характері мен санасына соны өзгерістер үйіріп, сондай-ақ ел мінезінде қайшы қылықтар мен әрекеттердің тууына себеп болғандығы Талаптан Ахметжанның, Роза Мұқанованың, Дидахмет Әшімханұлының шығармаларының негізінде талданды. Сонымен қатар, ХХ ғасырдың соңындағы тұрмыстық жағдайдың басты назарға алынып, рухани жағдайға мән берілмеуі, осының салдарынан өнер адамдарының қоғамды жатсынуы, қоғамның өнер адамдарын бағаламауы жазушы Роза Мұқанованың шығармаларынан («Өзің», «Композитор») көрініс тапқандығы анықталды. Сондай-ақ, қоғамдағы ең өзекті әлеуметтік мәселе саналатын баспанасыздық мәселесінің қазіргі қазақ прозасынан көрініс тауып отырғандығы Қанағат Әбілқайырдың «Қағаз қала», Қойшыбек Мүбарактың «Пәтер» атты әңгімелерінің негізінде қарастырылды.
Жетіншіден, үшінші «ХХІ ғасыр прозасындағы қала модельдері» бөлімінің, бірінші «3.1 Қазіргі қазақ прозасындағы қалалардың көркем моделі» тарауында қазіргі қазақ прозасында қала тақырыбының өрісін кеңге жайып, даму үстінде екендігі Дүкенбай Досжан, Асқар Алтай, Роза Мұқанова, Айгүл Кемелбаева сынды жазушылардың шығармаларындағы қала адамдарының бейнесінің жан-жақты ашылып, қаладағы тыныс-тіршіліктің, дүниетанымның айқын суреттелгендігінен аңғарылатыны тұжырымдалды. Жазушылардың қаладағы тіршілікті суреттеудегі тәсілдерінің алуан түрлілігі Асқар Алтайдың «Қаладағы құтпандар» повесі, Талаптан Ахметжанның «Төрт кәнден» әңгімесі аясында көрсетілді.
Сегізіншіден, «3.2 Қазіргі шетел және қазақ прозасындағы әлем астаналарының моделі» тарауы қазіргі шетел және қазақ жазушыларының шығармаларындағы астананың образына арналды. Осы арқылы әлем астаналары туралы жазған авторлардың шығармаларында астананың түрлі типтегі образы ұсынылатындығын байқадық: ағылшын авторының романында астана – тарихи материалдар мен мәдени зерттеулерден тұраы; француз жазушысының романында Батыс әдебиетіне тән болып келетін мегаполистегі кейіпкерлердің жалғыздығы мәселесі суреттеледі; орыс жазушысының романында ХХ ғасырдың екінші жартысындағы орыс әдебиетінің көптеген шығармаларында көрініс табатын кейіпкердің қаладан ауылға оралуы баяндалады; қазақ жазушысының шығармашылығында – ел басшысының бейнесіне сүйсіну және ен даладан жаңа Астананың пайда болуы баяндалады.
Тоғызыншыдан, «3.3 Қазіргі қазақ прозасындағы қала адамының тұлғалануы» тарауында көркем шығармадағы автор, кейіпкер мәселесін терең зерттеген зерттеушілердің еңбектерінің негізінде автордың шығармашылық тұлғасы шығарма мазмұнындағы күллі кейіпкер атаулының мінез-құлқы, іс-әрекеті, болмыс-бітімі арқылы танылатындығы тұжырымдалды. Шығармашылық тұлғасы қуатты автордың туындысында бас қаһарманнан бастап барлық кейіпкер жүйелі, әрқайсысы өзіне тән, бір-біріне ұқсамайтын ерекше болмысымен ұйымдасқан түрде әрекет ете отырып автордың идеясына жетекшілік ететіндігі айқындалды.
Достарыңызбен бөлісу: |