3.2 Қазіргі шетел және қазақ прозасындағы әлем астаналарының моделі
Қазіргі әлемдік әдебиеттануда көркем шығармадағы астананың образын зерттеу өте маңызды болып отыр. Өйткені, белгілі бір елдің басты қаласы туралы жазылған шығарманы зерттеу арқылы сол елдің тарихын, өнері мен мәдениетін, мәдениетаралық байланыстарын тереңірек тани аламыз. Мұндай егжей-тегжейлі зерттеу, бір жағынан, қала өмірі, қала адамдарының менталитеті мен психологиясы, олардың өмір сүру жағдайлары туралы түсінік берсе, екінші жағынан, сол шығарманы тудырған жазушының танымы арқылы қаланың белгілі бір кезеңдегі тарихын білуге мүмкіндік береді.
Біз зерттеу жұмысымызда әртүрлі елдердің жазушыларының қалалық прозасындағы астана моделінің бірнеше түрін ұсынамыз: Питер Акройд (Ұлыбритания), Анна Гавальда (Франция), Сергей Шаргунов (Ресей Федерациясы), Баубек Бұлқышев, Серік Асылбекұлы, Тұрысбек Сәукетаев және Дүкенбай Досжан (Қазақстан Республикасы).
Астананың елдің саяси және мәдени өміріндегі рөлі ерекше екені белгілі. Әлемдік әдебиетте Бағдад, Афина, Пекин, Рим, Париж, Лондон, Мәскеу және т.б. әйгілі әлемдік астаналардың өмірі мен мәдениеті бейнеленген көптеген шығармалар бар. Оноре де Бальзак, Эмиль Золя, Виктор Гюго, Александр Дюма сияқты әйгілі жазушылар Париждегі өмірді сипаттаса, Даниэль Дефо, Джонатан Свифт, Чарльз Диккенс, Уильям Мейкпис Теккерей, Генри Джеймс, Оскар Уайльд, Генри Уэллс, Сомерсет Моем, Артур Конан Дойл, Агата Кристи, Алан Мур сияқты жазушылардың шығармаларында Лондондағы өмір бейнеленген. Бұл жазушылар мыңдаған адамдар тұратын ел тарихындағы басты қаланың ерекше бейнесін жасап қана қоймай, сонымен қатар үлкен қала аясында жеке кейіпкерлердің жалғыздығын, қуанышы мен қайғысын көрсетті.
Орыс әдебиеттануында көркем шығармалардағы астананың образы жүйелі түрде зерттелуде. Осы тақырыптағы бірқатар зерттеу мақалаларында Ресей астанасын сипаттаған жазушылардың шығармалары талданды. Айталық, зерттеуші Н.В. Корниенконың «1910-1930 жж. орыс әдебиетіндегі Мәскеу мен Санкт-Петербургтің аталуы» («Имя Москвы и Петербурга в русской литературе 1910-1930-гг.») мақаласы Мәскеу мен Санкт-Петербург-Петроград-Ленинградтың осы жылдардағы орыс әдебиетіндегі образдарына арналған [88]. Зерттеуші В.С. Абрамова «1890-1900 жылдардағы А.П. Чеховтың прозасындағы провинциялық және астаналық топостардың арақатынасы мәселесі» («Проблема соотношения провинциального и столичного топосов в прозе А.П. Чехова 1890-1900-х гг.») мақаласында «астана/ауыл» оппозициясы Чехов шығармаларының құрылымы арқылы көрінбейтіндігін дәлелдейді. Зерттеуші А.П. Чеховтың орыс әдебиетінің көптеген мәтіндеріне тән түбегейлі қайшылықты, атап айтқанда «провинция/астана», «тұрмыс/болмыс» («быт/бытие») қарсылығын жойғандығын мысалдар арқылы дәйектейді [89]. Зерттеуші М.В. Селеменева «ХХІ ғасырдың басындағы орыс әдебиетіндегі Мәскеу образы» («Образ Москвы в русской литературе начала XXI века») мақаласында Сергей Шаргуновтың, Роман Сенчиннің, Ольга Славникованың прозасы мысалында Ресей астанасының образын бейнелеудің поэтикасын қарастырады. Мақала авторы мынадай қорытындыға келеді: «... ХХІ ғасырдың қалалық прозасында астана мансап қаласына айналды» [90]. Зерттеуші Ю.В. Малыгинаның «Орыс классикалық әдебиеті тіліндегі қала образы» («Образ города в языке русской классической литературы») мақаласы орыс классиктерінің шығармаларында бейнеленген қала образын талдауға арналған. Орыс әдебиетінің «қалалық мәтіндерінің» корпусында қаланы әр түрлі түсіну ұсынылған: оқиғалар өрбіген фоннан бастап шығарманың тәуелсіз кейіпкеріне дейін. Автор осы классикалық шығармалардың арқасында қала образы қазіргі әдебиетте де өзекті болып отырғандығын айтады [91].
Қазақ әдебиетінде астана туралы жазылған шығармалар жетерлік, бірақ астананың образы егжей-тегжейлі зерттелген бірде-бір зерттеу жұмысы жоқ. Бұл біздің зерттеу жұмысымыздың өзектілігін құрайды.
Зерттеу нысанына ағылшын жазушысы Питер Акройдтың «Лондон: Өмірбаян» («Лондон. Биография») (2000), француз жазушысы Анна Гавальданың «Жай ғана бірге» («Просто вместе») (2004), орыс жазушысы Сергей Шаргуновтың «Фотосуретсіз кітап» («Книга без фотографий») (2011), қазақ жазушылары Баубек Бұлқышевтың «Алматы – қалам менің» (1941-1942), Серік Асылбекұлының «Мейман» (2005), Тұрысбек Сәукетаевтың «Ай қараңғысы» (2011) және Дүкенбай Досжанның «Ақ Орда» (2005) романдары алынды.
«Лондон: Өмірбаян» («Лондон. Биография») романында жазушы Питер Акройд Лондонды тірі жан ретінде бейнелейді: қала туады, өседі және дамиды. Мысалы, «Теңіз» тарауында біз Лондонды Атлант суларында шомылып жүрген эмбрион түрінде көреміз. Келесі «Тастар» тарауы қаланың туу көрінісін басқаша бейнелейді: мұнда Лондон «гомункулге» ұқсайды. Осылайша, қаланың табиғаты туралы екі жақты түсінік қалыптасады: бір жағынан, бұл тірі тіршілік иесі, ал екінші жағынан – гуманоидты құрылым. Шығармада Лондонның жасына байланысты да бірізділік жоқ: қала біресе сәби/жас жігіт бейнесінде берілсе, біресе ауру қарт/өлі адам ретінде көрінеді.
«Лондон: Өмірбаян» («Лондон. Биография») романының құрылымы да қызық. Роман 32 тақырыптық бөлімге құрылған 79 тараудан тұрады. Бұл құрылым шығарманы энциклопедия сияқты кез келген тараудан бастауға мүмкіндік береді, оның мозайкасын толықтырады, ойын элементін енгізеді және оқырманның туындыны құрудағы рөлін күшейтеді. Яғни, романның өн бойынан интермәтінділік элементтер айқын аңғарылады.
Романда Ч. Диккенс, У. Блейк, В. Вулф, Д. Дефо, Т. Мор және басқа да жазушылар, ақындар мен драматургтердің шығармаларынан үзінділер кездеседі. Сонымен қатар, жазушы әлеуметтік мәселелер туралы сөз қозғағанда, ағылшын және еуропалық экономистер мен әлеуметтанушылардың көлемді деректі еңбектерінен, оның ішінде Дж. Холлингсхедтің зерттеуінен және басқа да зерттеу еңбектерінен дәйексөздер алған. «Жабайы жаратылыстар» («Дикие существа») атты 4 беттен ғана тұратын тарауда 14 дәйексөз келтіріледі.
Аталмыш тарау Чарльз Буттың сөздерінен басталады: «Егер африкалық қараңғылық болса, онда ағылшын қараңғылығы да бар сияқты... біз соборлар мен сарайлардан екі қадам қашықтықта Стэнлидің экваторлық ормандарда тапқанындай қорқынышты көрмейміз бе?» [92] («Если есть тьма африканская, то есть, похоже, и тьма английская… не увидим ли мы в двух шагах от наших соборов и дворцов ужасы, подобные тем, что Стэнли обнаружил в необозримых экваториальных лесах?»). Питер Акройд бұдан әрі Чарльз Буттың сөзін жалғастыра отырып, бұл сөздің тұрмысы нашар адамдарға қатысты айтылып отырғандығы туралы айтады: «адам кейпінен айырылған ергежейлі тұрғындар, олардың құлдыққа берілуі, бостандықтан айырылуы және бақытсыздығы» [92, с. 660] («карликообразные жители, лишенные облика человеческого, рабство, в которое они отданы, их лишения и несчастья»). Жазушы өркениетті Лондон тұрғындарының белгілі бір бөлігі өте кедей және надан екеніне қатты өкінеді. Осыған байланысты Питер Акройд Мэйхьюге сілтеме жасайды: «Ол өзін христиан санайды», – деп жазды Мэйхью жас «бозторғай» туралы, яғни өзен қоқысын жинаушы туралы жазды, – бірақ христиан деген не, ол туралы оның түсінігі жоқ» [92, с. 661] («Он считает себя христианином, – писал Мейхью о юном «жаворонке», то есть сборщике речного мусора, – но что такое христианин, ему невдомек»). Басқаша айтқанда, жазушы Мэйхью өзін христиан деп атайтын адамдар тіпті христиандық өмір салтын білмейді де дейді. Питер Акройдтың айтуынша, адамдар қаладағы өмірдің қиындығынан түрлі қылмыстарға барады, дәлел ретінде Питер Акройд Томас Бимздің шығармасынан үзінді келтіреді: «Лондонға келген ирландықтар оны пұтқа табынушы қала ретінде көретін сияқты, сондықтан олар бірден тәртіпсіздік пен қылмыс жолына түседі» [92, с. 661] («Приезжающие в Лондон ирландцы, кажется, видят в нем языческий город, и поэтому тут же становятся на путь разнузданности и преступлений»). Осылайша, жазушы қаладағы қиын өмір адамдарды жануар деңгейіне түсірді деп санайды. Осыған байланысты жазушы Верленнің Лондонға келуіне байланысты айтқан сөздерін еске алады: «Мен варварлардың арасында өмір сүремін». Біз «варвар» сөзінің гректің «жат жерлік адам» деген сөзінен шыққандығын жақсы білеміз. Олай болса, түрлі мақсатпен, түрлі көзқараспен Лондон қаласына ат басын тіреп, өмір сүріп жатқан халықты «варварға» теңеген Верленнің сөзін Питер Акройдтың еске түсіруі бекер емес.
Питер Акройд тарауды Лондон қаласының лабиринттерін сипаттаумен аяқтайды және Джон Обридің «Пұтқа табынушылық пен иудаизмнің қалдықтары» («Останки язычества и иудейства») (1686) еңбегінен үзінді келтіреді. Жазушы Артур Макеннің де сөздерін де еске алады: «Ақыры осы қуатты тас шөлден шықтым-ау! Содан кейін мен бұрышқа бұрылғанда, кенеттен алдымнан қызыл кірпіштен салынған үйлердің қатарлары көбейді, сонда өзімнің әлі де лабиринтте екенімді түсіндім» [92, с. 663] («Наконец-то я вырвался из этой могучей каменной пустыни! Затем я сворачивал за угол, и передо мной внезапно вырастали ряды грубых краснокирпичных домов, и становилось ясно, что я все еще в лабиринте»). Сонымен қатар, Питер Акройд сәулет теоретигі Бернар Чумидің Ұлыбритания астанасы туралы ғылыми еңбегінен үзінді келтіреді: «Оны толық көруге де, білдіруге де болмайды. Сен оған байланасың – ол саған шығуға да және оны тұтас көруге де мүмкіндік бермейді» [92, с. 663] («Его нельзя ни полностью увидеть, ни выразить. Ты к нему приговорен – он не дает тебе выйти и взглянуть на целое»). Сәулет теоретигі Бернар Чумидің бұл сөзі барлық елдің астаналарына арналып тұрғандай. Себебі, кез келген елді алып қарасаңыз да халық астанаға ұмтылады, өзінің болашағын астанамен байланыстырып жатады.
Сонымен, жазушы Питер Акройдтың «Лондон: Өмірбаян» («Лондон. Биография») романында интермәтінділіктің келесі элементтері қолданылғандығын көрдік:
1. Біз зерттеу нысанына алған 62 тарауда Ч. Бут, П. Мейхью, Т. Бимза, Ф. Достоевский, А. Теннисон, А. Макен, Б. Чуми, Г. Уэллстің еңбектерінен 14 дәйексөз алынған.
2. Питер Акройдтың шығармасында танымал әдеби шығармаларға сілтемелер жасалған. Бұл тұрғыда романның тараулары мен тақырыптық бөлімдерінің атауларын қарау да жеткілікті. Мысалы, «Жарық болсын» («Да будет свет») тарауының атауы Киелі кітапты, «Лондондық қуылғандар» («Лондонские отверженцы») бөлімі В. Гюгоның «Қуылғандар» («Отверженные») шығармасының атауын, «Қылмыс пен жаза» («Преступление и наказание») бөлімі Ф. Достоевскийдің дәл осындай атақты туындысын еске түсіреді.
3. Жазушы Питер Акройдтың «Лондон: Өмірбаян» («Лондон. Биография») романын оқи отырып, автор сілтеме келтірген әлемге әйгілі адамдардың сөздері мен шығармаларын еске түсіреміз. Бұл құбылыс реминисценцияға тән.
Сонымен, Питер Акройдтың «Лондон: Өмірбаян» («Лондон. Биография») романы постмодернизм дәстүрінде жазылған деп айтуымызға толық негіз бар. Себебі, роман дәйексөздерге, аллюзиялар мен реминисценцияларға толы. Бұл сөзімізге 4 беттен ғана тұратын 62 тараудың өзінде 14 дәйексөздің келтірілуі дәлел бола алады.
Осылайша, «Лондон: Өмірбаян» («Лондон. Биография») романын талдай отырып, келесі астана модельдерін анықтадық: «астана – тірі ағза», «астана – интермәтін».
Әлемдік әдебиет тарихында шығарма сюжетінің басты іс-әрекеттері Париж қаласында өтетін романдар жетерлік. Бұл тұрғыда В. Гюгоның «Париж Құдай Анасының соборын» («Собор Парижской Богоматери») (1831) немесе Э. Золяның «Жерминаль» (1885) шығармасын еске түсіру жеткілікті. Біз зерттеу нысанына алып отырған француз жазушысы Анна Гавальданың «Жай ғана бірге» («Просто вместе») (2004) романынындағы оқиғалар да Париж қаласында өтеді. Шығармада еуропа астаналардың біріндегі қарапайым адамдардың өмірі, олардың жалғыздығы туралы баяндалады.
Зерттеуші Т.И. Васильеваның айтуынша, жиырмасыншы ғасырда «қала» концептісі екі парадигмаға (технократтық тәсіл және органикалық тәсіл) біріктірілді. Технократтық тәсілге сәйкес, қалалық өмір салты өндірістік үрдістердің функциясы ретінде, ал қаланың өзі өндіріс пен өмірді ұйымдастырудың ең ұсақ бөлшектеріне дейін жобаланатын және жүзеге асырылатын құрылым ретінде танылады. Органикалық тәсілге сәйкес, қала дамудың ішкі заңдылықтары бар, өзін-өзі дамытатын тұтастық ретінде әрекет ететін әлеуметтік-мәдени ағза ретінде қарастырылады, онда адам өзінің тіршілігін мәдениеттің құндылықтарына сәйкес қалыптастырады» [20, с. 94].
Төрт негізгі кейіпкердің өмірі туралы әңгімелей отырып, Анна Гавальда екі негізгі әлеуметтік мәселені танытады:
Достарыңызбен бөлісу: |