Амантаев, Ө. Жарты ғасырда жаһан жаңа / Ө. Амантаев // Орталық Қазақстан. 2013. 21 мамыр (№79-80).



Дата21.11.2016
өлшемі81,37 Kb.
#2266
Амантаев, Ө.

Жарты ғасырда - жаһан жаңа / Ө. Амантаев // Орталық Қазақстан. - 2013. - 21 мамыр (№79-80). - (ЭКСПО: 1967-2017).
Ежелден адамзат тарихи жазба ескерткіштерді сақтауға ұмтылған. Баршаға мәлім, құжатсыз болған тарихыңды дәлелдей алмайсың. «Қазақтарда тарих болған жоқ, шекара болған жоқ» деген дәргүмән әңгімелер осындай жағдаяттардан өрбіген. Демек, құжатсыз тарих болмаса, тарихсыз мемлекеттің болғандығын, ұлттың бар екендігін растай алмайсың. Сондықтан, мұрағат ісі әрі мемлекеттік маңызы бар, әрі ұлттық маңызы бар іргелі іс. Осы жайды жіті ескергендіктен, Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қорында да, үлкенді-кішілі басқа да мемлекеттік мұрағаттарда да халқымыздың тарихи, ғылыми, мәдени және т.б. ұлттық құндылығы бар құжаттары кең көлемде жиналып, мұқият сақталып, ел игілігі үшін жаратылуда.

Қоғам жаңарып, жаңарғанымен, экономика дамып, түрленгенімен, өткен шақтағы білім мен тәжірибеге сүйенбей, оларды пайдаланбай қоғамның материалдық және рухани өмірі дамымайды. Тарихты зерделеп, өткенге көз жүгірту үшін, әлбетте, мұрағат қоры деректеріне сүйенеріміз анық. Орталық Қазақстан өңірінің тарихи жәдігерін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуде облыстық мемлекеттік мұрағат қорының атқарар қызметі аз емес. Мұнда Қарағанды облысы тарихының құнды құжаттары, өнеркәсіпті өлкенің өмірбаяны, саяси-экономикалық және мәдени-тұрмыстық, тағы да басқа маңызды дерек көздері сақталуда.

Қазіргіні түсініп, ертеңгіні болжау үшін өткенді білу керектігі шарт. Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам бағдарламасына сай ақпараттық қамтамасыз ету деңгейін біршама жоғарылатып, Интернет-технологияның мүмкіндіктерін пайдаланып, мұрағат пен жеке және заңды тұлғалар байланысын нығайту мәселелерін кеңінен қолға алу міндеті тұр.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағаттар комитетінің ұйымдастыруымен биылғы 27 наурызда Елордада «Ұлттық мұрағаттық қор және мұрағаттар туралы» ҚР Заңының 15 жылдығына орай жас мұрағатшылардың «Мұрағат – халықтың тарихи алтын айнасы» атты республикалық конкурс өтті. Бұл іс-шараның мақсаты – мұрағатшы мамандығының беделін көтеру, мұрағат мекемелері қызметшілерінің кәсіби біліктілігін жетілдіру, мұрағат ісін дұрыс ұйымдастырудағы нормативтік-құқықтық білімін нақтылау, сондай-ақ, олардың шығармашылық күш-қуатын арттыру болып табылды.

Облысымыздан үш бірдей команда қатысып, барлығы мұрағат жұмысының үш бағытын – құжаттарды сақтау және пайдалану ісін қамтамасыз ету, жинақтау әдістерін көрсетумен қатар, мұрағат ісінің келешегі мен даму үрдісін де тамаша бейнеледі. Өзекті тақырыптар ашылып, түйткілдер ортаға салынды. Қарағанды жұртының абыройын асқақтатып, барлық жүлделі орындарды қанжығаларына байлап, облыс мұрағатшылары өздерінің істе – мықты, жұмыстарында – ұқыпты екендіктерін баршаға танытып келді.

Бағдарламада өскелең ұрпақтың рухани-парасаттылық тәрбиесі тәсілдерінің бірі, туған жерге деген махаббаттың, отаншылдықтың негізі – Өлкетану болып табылатыны айрықша айтылған. Мұрағаттан тек облыс өңірлерін таныстыратын анықтамалық деректерді ғана емес, сонымен бірге кең көлемдегі тарихи құнды құжаттарды табуға болады. Құжаттар ағымдағы жұмыс барысында қолданылып қана қоймайды, сонымен қатар, оларды дәйекті дереккөздер ретінде әр сала өкілдері мен тарихшылар, ғалымдар мен қаламгерлер т.б. пайдаланады.

Халықаралық деңгейде Қарағанды облыстық мұрағаты Румыния, Венгрия, Литва, Финлияндия, Жапония, Ресей және де басқа алыс-жақын шет мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас үстінде.

Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының негізінде экономиканы әртараптандыру, ұлттық инновациялық жүйе, білім беру, денсаулық сақтау, ұлттық қауіпсіздік, ішкі тұрақтылық - осының бәрі ел азаматтарын әлеуметтік қорғау және әл-ауқатын арттыру үшін жасалып жатқан игілікті істер. Сонымен бірге, республикада энергетиканы технологиялық жаңғырту және энергия үнемдеуді дамыту ісін жеделдете отырып, жаһандық жылыну проблемаларын шешу де қарастырылған. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығын, әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта ұқсатуды одан әрі дамыту көзделген. Осы жоспарлардың жүзеге асуы үшін нәтижелі мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және қызметті кәсібилендіру міндеті алға қойылған. Өскелең ұрпақтың білімді, жоғары өнегелі, сыншыл ойлайтын, дене жағынан да, рухани жағынан да дамыған, өзін-өзі дамытуға және шығармашылыққа қабілетті азамат болып қалыптасуына баса, назар аударылған.

Бүкіл халық, көрші мемлекет өкілдері, дүниежүзілік қоғамдастық институттары, халықаралық ұйымдар, көрнекті әлемдік тұлғалар, басқа мемлекеттердің басшылары, дипломаттар, саясаткерлер бәрі-бәрі дерлік бір ауыздан кең қолдауға ие болған Елбасымыздың халыққа «Қазақстан-2050» Жолдауы. Ұлт көшбасшысының алға қойып отырған стратегиясы мен жаңа саяси бағытының басты мақсаты – осы ғасыр ортасында әлемдегі ең дамыған 30 елдің санатына қосылу. Егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру.

Жастар белсенділігін арттыру, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарымызды ардақтау секілді мәселелер де қозғалып, ортақ мақсатқа жету жолдары айқындалған.

Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті мемлекеттің қатарына кіру жолындағы іс-әрекетке үдемелі ықпал ету үшін әр сала өкілдерінің тер төгетіні сөзсіз. Елбасының туған елінің болашағы үшін қолға алған, мақсат еткен игі мүддесін әрбір қазақстандық, солардың қатарында, әрине, облыстық мұрағат қызметшілері де жауапкершілікті сезіне, барынша қолдап, жүзеге асуына бүкіл білімдері мен күш-жігерлерін салуда.

Ғасырлар өтіп, ескі жаңамен ауыстырылып жатыр, ал осы аралықтағы кезең жөнінде мұрағат құжаттарынан ғана таба аламыз. Мұрағатта қазақ, орыс жазуларын былай қойғанда, араб, латын, кириллица жазуымен жазылған өте ертеректегі мәліметтер бар. Бұлар – кеңестерді құру, кеңестердің жаппай ұйымдастыру жұмысы, ауыр өнеркәсіп, кен игеру, металлургия, көмір өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік, байланыс, денсаулық сақтау, халыққа білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт туралы құжаттар, фоно, фотоқұжаттар.

Міндетті түрде атаулы күндерге, айтулы оқиғаларға дөңгелек үстелдер, конференциялар, көрмелер, жиындар жиі ұйымдастырылып, қатысушылармен ой бөлісіп, пікір алмасып, тиісті мақалалар мен хабарлар бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жарияланып тұрады. Оқушылар мен студенттерге тұрақты түрде экскурсиялар өткізіледі. Өткенді айтпағанның өзінде, соңғы жылдың өзінде тарихтан сыр шертетін көлемді кітаптар жарық көрді.

Бүгінде әлеуметтік-экономикалық іргетасы бекіген еліміз халықаралық қоғамдастықты қайран қалдыратын қадамдар жасауда. Оған жарқын мысал күні кеше «ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік көрмесін өткізу құқығын жеңіп алуымыз болып табылады. Ұзақ мерзімге бағдарламалар жасалып, сенімді тіректерді дәлелдейтін басқа да мысалдар көп. Міне, елу жылда – ел жаңа деген, қазақстандықтар әлемді мойындатып, сол халықаралық ЭКСПО көрмесі 1967 жылдан бергі елу жылдан кейін, 2017 жылы еліміздің Астанасында өтетіні біз үшін, әрине, зор мақтаныш. Осы жолда табысқа жету үшін ғалымдардың талай буынының тәжірибесіне сүйенетініміз рас. Халық даналығының қазынасы – ұлы ғалымдардың еңбегі екені даусыз.

Бүгінде ғұламалар өмірі, уақытты артқа тастап, тарих еншісіне қалдырған сайын, алыстан биіктеп көрінетіні анық, сондай ғұламамыз – Евней Арыстанұлы Бөкетов ағамыз. Облыстық мемлекеттік мұрағатта жеке қорлардың ішінде, құжаттардың арасында қадірлі ағамыздың бірегей, әрқайсысы жеке тоқталуға тұрарлық көптеген құнды құжаттары сақталуда. Алаштың ардақтылары бірін-бірімен аса сыйластықта өтіп, бірін-бірі қадірлей білген, оның ішінде Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтің өмірбаяны, ғалым туралы естеліктер, мақалалар, хаттар, әр түрлі бейне материалдар мен құжаттар жеке топтастырылған. Сонымен бірге Әлкей Марғұланмен, Ақжан Машановпен т.б. танымал тұлғалармен хат-хабар алмасулар, олардың болашақ туралы толғаныстары, өрелі ойлары тәлім-тәрбие қайнары ғана емес, сонымен бірге қазіргі ұрпаққа осындай алыптардың өз қолдарымен жазған жазбаларын көрудің өзі бір ғанибет емес пе?!

Евекең ғалымдықпен қатар жоғары мектеп саласында басшылық қызметте болып, қарымды қаламгер ретінде әдебиет, өнер, өнеркәсіп, өндіріс, экология хақында қалам тартқаны және танымал жазушылар мен ақындардың шығармаларын қазақ тіліне аударғаны баршаға мәлім.

Шәкірт тәрбиелеп, отыздан астам ғылым докторлары мен кандидаттарын даярлап ғалымдарды қанаттандырған. Жүз отыздан астам монографияның, ғылыми мақаланың авторы және ондаған өнертапқыштық куәліктердің иесі.Осыдан елу жыл бұрын Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Председателі С.Б.Ниязбеков бастаған республика делегациясының Канадада өткен Бүкіл дүниежүзілік «ЭКСПО-67» көрмесіне қатысқаны тарихтан белгілі. Біреу біледі, біреу білмейді, Монреальда орналасқан кеңес павильонында 1967 жылғы 10 шілдеде Қазақ КРО күндері ашылған болатын. Көрмеге қатысқан алғашқы қазақстандық делегацияның құрамында Қазақ КСРО Ғылым академиясының Қарағанды қаласындағы химия-металлургия институтының директоры, техника ғылымдарының докторы Евней Арыстанұлы Бөкетов болған еді. Қорда ғалым-жазушының сол сапардан алған әсерлерін жазған «Канада көріністері» атты очеркінің машинкалық түпнұсқасы бар.

Бұрын болмаған, көрмеген, танымайтын елдің жер-суын, тұрмысын, салт-дәстүрін, мәдениет ескерткіштерін, онда тұрып жатқан халықтардың өміріндегі тарихи өзгерістерді, алған әсерлерін ғалымдық толғаммен, өз заманына сай саяси көзқарасымен, жазушылық байқағыштығымен шынайы суреттеген. Очеркте келтірілген мәліметтер оқушының ой-өрісін кеңейтіп, білім мен өнерге, оқу мен ғылымға деген ықыласын арттырып, елін-жерін сүюге үндейді.

Алғашқы рет капиталистік елге баратынын, сол кездегі кеңестік дәуірдің саясатын, сапардың маңыздылығын сезінген ғалым «Канадаға барасың деген хабар келгенде мен әрі қуандым да, әрі түрлі ойларға түстім», - деп жазады. Очерк «Мен еліміз социалистік өмір құра бастағанда туып, капиталистік өмірді көрмей өскен адаммын» деп басталып, қорыта келе «біздің негізгі мақсатымыз – халықаралық көрмені көру, содан өзімізге пайдалы жерін ескеру...» деп түйіндейді.

Ғалым-жазушы «Канада көріністері» атты очеркінде халықаралық көрмедегі көріністерді саралап, салмақтап, әлеуметтік терең ой тастаған.

Ғалым-химик, металлург, публицист, сыншы және аудармашы Евней Арыстанұлының құжаттарын өнегелік, үлгілік мәні зор тәрбие құралы десе де болады. Қазақ елін мейлінше сүйіп, қастерлеп, тағлымы мол іс-тәжірибесін, ауқымы кең ғылыми-зерттеу жұмыстарын ел игілігі үшін тастап кеткен тұғырлы тұлға.

Халқы ешқашан өзінің даңқты ұл-қыздарын ұмытпақ емес. Ұлт мақтанышы, көрнекті ғалым, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Евней Арыстанұлы Бөкетовтің есімі ұрпақтардан ұрпақтарға жаңғыра бермек.

Міне, осыдан жарты ғасыр бұрын ардақты ағамыз қатысқан халықаралық ЭКСПО көрмесі елу жылдан кейін, 2017 жылы елордамыз – Астанада өтетіні біздерге зор мақтаныш болумен қатар, орасан зор жауапкершілік жүктейді. Жаңа технологиялық толқын жалына жармасып, теңдессіз инновациялар жасау барлық елдің қолынан келмейді.

Бүкіләлемдік көрмені өткізудің және кең танытудың бірыңғай тұжырымдамасында қоршаған ортаны қорғау – көрме телімінде «жасыл экономиканың» барлық нысандарын – жетілген электр желілерін, жаңғыртылған энергия көздері бар ғимарат салу, «болашақтың энергиясы» тақырыбына сәйкес келетін өзге маңызды элементтермен және электромобильдермен жабдықтау көзделіп отырғанын, сонда ғана «жасыл» энергетиканы қолдануда толық тиімділікке қол жеткізілетінін Елбасы атап көрсеткен еді. Бірегей жоғары технологиялық жобаның құрылысы елімізді технологиялық тұрғыда дамытуда үлкен серпіліс жасау үшін мол мүмкіндік береді. Бүкіләлемдік көрменің аумағы бүкіл Қазақстанның жетістіктер аумағына айналатыны сөзсіз.

«Елу жылда – ел жаңа» деген белгілі мақалды жаһандану үрдістері белең алып бара жатқан заманымзға сай сәл өзгертіп айтсақ, «Жарты ғасырда – жаһан жаңа» деуге болады. Шынында да, біз Әлемді таныдық, Әлем бізді – тәуелсіз Қазақстанды таныды. Міне, осы еліміздегі, әлемдегі үлкен өзгерістер жылнамасы мен шежіресі мұрағаттардан өздерінің лайықты орындарын алуға тиісті.

Сондықтан, мұрағат саласындағы жұмыс жаңа сапаға ие болуы үшін көптеген шаралар қолданылуда. Алда әлі де атқарылар іс-шаралар ауқымы кең әрі үлкен.


Өмірзақ Амантаев,

Қарағанды облысының мұрағаттар және құжаттама басқармасының



басшысы.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет