Кешірімсіз қателіктер
Жоғарыда көрсетілгендей байқалмай кеткен дәйектер раундтың басты пунктіне айналуға бейім. Егер сіз енгізген дәйекті қарсылас топ жіберіп алса, онда бұл жағдайдың өзі раундты жеңіп алу үшін жеткілікті. Мұны ребатлда “жандандырып жіберіңіз”. Бұған нұсқау жасаңыз, анекдот айтып беріңіз, қарсы топ бұл дәйекке не себепті жауап бере алмағанын түсіндіріңіз, дәйекті тереңдетіңіз. Бірақ, өз кезегіңізде қарсыластың бірде бір дәйегін жіберіп алмағандығыңызға көзіңізді жеткізіңіз. Егер сіз “ОМ-н талқандау” техникасына тап болған ПМ болсаңыз, бұл өте ұтымды болар еді.
ПІКІР-САЙЫС НЕГІЗДЕРІ ТУРАЛЫ ТАҒЫ БІРЕР СӨЗ
Сұрақтар (“point of information”).
“Сұрақ” – нақ осы сәтте сөйлеп жатқан қарсы топтың ойыншысына бағытталған сұрақ немесе пайымдау (утверждение). Сұрақ қою үшін пікірсайысшы орнынан тұрып, “сұрақ” не “рұқсат етіңіз” деп айту арқылы өзінің сұрақ қойғысы келіп тұрғанын көрсетуі қажет. Осы сәтте сөйлеп жатқан ойыншы сұрақты қабылдауға не қабылдамауға құқысы бар. Бұл сұрақ қоюшы тұрғаннан кейін 10-15 секундтан соң көрсетілуі тиіс. Егер сұрақ қабылданбаса, сұрақ қоюшы орнына отыру керек. Ал қабылданса, сұрақ қоюшы сөйлеушіге қысқа сұрақ пен комментариді айта алады. Сұрақтың ұзындығы 15 секундтан аспауы керек. Сұраққа жауап беруге кеткен уақыт оны қабылдаған адам үшін ескерілмейді.
Сұрақтар 4 конструктивті сөздердің алғашқы және соңғы минуттары арасында қойыла алады, бірақ ребатл кезінде сұрақ қоюға рұқсат етілмейді. Сұрақ оны қоюшы мен жауап беруші үшін тиімді болуы мүмкін, сондықтан кейбір пікірсайысшылар көп сұрақ қоюға, көп сұраққа жауап беруге тырысады (бірақ, мұндағы тым шектен асушылық көңілді алаңдатып, не қауіпті болуы мүмкін). Әдетте әрбір ойыншы өз сөзі кезінде 2-3 сұрақты қабылдап, қарсыластың сөзі кезінде бірнеше сұрақты әдейі арандатпайтындай етіп, көңілді алаңдату мақсатын көздеместен қойғаны орынды. Спикер өз сөзін сұрақ қабылдау үшін бөлмеуі тиіс; одан да сөйлемді не идеяны аяқтап барып сұрақ қабылдаған жөн. Сіздің сұрақты дәл қазір емес, раундтың даму барысына байланысты қабылдаймын деп айтуыңыз заңды нәрсе.
Сұрақтар мына мақсаттарда пайдаланады:
Нақтылауды сұрау. ПМК-де анық емес кейс ұсынылған кезде сұрақ Үкімет ойларын бұзу үшін, оларды кейсті нақтылауға итеру үшін және раундты дефинициялар бойынша ұзақ нәтижесіз сөзталасқа айналдырмас үшін пайдаланылуы мүмкін.
Қарсылас топтың дәйегіндегі қарама-қайшылықтарды көрсету. Егер спикер өзінің алдында сөйлеген әріптесінің сөзіне қарама-қайшы сөз айтса, “сұрақты” осыны көрсету үшін және қарсыластарға деген төрешінің сенімін әлсірету үшін қолданыңыз.
Қарсыластар енгізген дәйекке жауап қайтару. Конструктивті сөздерде сіз дәл осы сәтте сөйлеп жатқан спикердің дәйегіне тікелей жауап беру үшін “сұрақты” пайдалана аласыз. Әсіресе, дәйек логикалық байланысқа емес эмоция мен негізсіз ойға құрылатын болса өте тиімді шығады. Дәйекті негізінен құрту үшін 15 сек. жеткілікті. Алайда абай болыңыз: егер сіздің қарсыласыңыз шабуылды бірден орынды қарсылықпен қағып тастаса, онда алғашқы дәйек одан сайын күшейеді.
Басқа топ жіберіп алған не жалған фактіге нұсқау жасау. Кейбір кезде спикер (әдейі не абайсызда) өзінің дәйектерін дұрыс емес фактілерге құрайды. “Сұрақ” қарсылас топқа бұл тұжырымдарды “жауапқа тартуға” мүмкіндік береді. Парламенттік пікірсайыс көбіне эмпирикалық пікірталастарға құрылмаса да, бірақ факттардағы асыра сілтеушіліктерге нұсқай отырып, қарсыластың кейсін осылайша әлсіретесіз.
Келесі сөздің негізін салу. Ұтымды сұрақ не тұжырымдама келесі сөзде ұсынылатын басты идеяның іргетасын құрай алады. Сонымен бірге алдында жауапсыз қалған пунктке соққы бере отырып, немесе “сұрақ” кезінде сараптаманың жаңа сызығын енгізе отырып, сіз осы арқылы оны «ағымға қосасыз” да, қарсыластарыңыздың “сараптама кезінде жаңа дәйек енгізді” дегенінен тайсалмай бұл дәйекті қайталауға, кеңейтуге, тіпті оған жауап беруге (егер бұл дәйек қарсыластардың дәйегі болса) мүмкіндік аласыз.
Раундқа қалжың ұшқынын қосу. Қысқа, өткір әрі орынды қосынды көптеген жағдайда дәйекке құрғақ прозадан гөрі көбірек пайда әкеледі. “Сұрақ” арқылы сіз пікірсайысқа қалжың еңгізесіз және өз қарсыластарыңызды қарусыздандырасыз.
Тәртіп бұзу
Тәртіпті бұзу – басқа топ өкілі сөйлеп жатқан кездегі пікірсайысшымен ұсынылатын пікірсайыс ережелерін бұзуға деген қарсылық. Тәртіптің бұзылғанын жария ету үшін пікірсайысшы орнынан тұрып: “Тәртіп бұзылды” деп айтуы керек. Одан соң ережелердің бұзылғанын қысқа түрде түсіндіруі тиіс. Осы сәтте сөйлеп жатқан спикер сөйлеуін тоқтатып, төрешінің қарсылықты қабылдағанын не қабылдамағанын күтуі керек. Егер қарсылық қабылданса, тәртіпті бұзушылықты түсіндіруге кеткен уақыт спикер уақытынан алынып тасталады. Ал егер қарсылық қабылданбаса, онда бұл уақыт спикер үшін ескеріледі.
Тәртіпті бұзу ойдан өткізіліп, құрылып жатқан кезде сөйлеп жатқан спикерге жауап беруге рұқсат етілмейді. Бұл ережелер қатып қалған қағидалар, топтар оны өзгерте алмайды. Тәртіпті бұзу мынадай кезде көрсетілуі мүмкін:
Сараптама сөз кезінде жаңа дәйек енгізу. Егер де спикер ребатлда раунд бойынша енгізілмеген пункт кіргізсе немесе басқа топ айтқан нәрсеге алғаш рет жауап беріп жатса (бұған тек ОМК-де айтылған ойға жауапты қайтара алатын ПМ құқылы), онда қарсылас топ тәртіптің бұзылғаны туралы айту керек. Егер қарсылық қабылданса онда төрешілер жаңа дәйекке мән бермейді және оны енгізген спикерге әрі қарай түсіндіруге рұқсат етілмейді. Төреші ребатлдағы жаңа пунктты біржақты бейтараптандыра алмайды; екі топ та жаңа пункттердің енгізілуін бақылауға міндетті болып есептеледі.
Сараптама кезінде кейсті ауыстыру. Егер Үкімет тобы ПМС-де кейстің тұжырымдарын өзгертуге не ауыстыруға тырысса, онда оппозиция қарсылық білдіре алады.
Спикердің уақыт шектерінен шығып кетуі. Сөздің шектелген уақыты аяқталған кезде әрбір ойыншыда өз ойын аяқтау үшін 30 секунд болады. Егер ол осы лимиттен асып кетсе, онда қарсылас топ мүшелері қарсылық білдіре алады. Егер қарсылық қабылданса, онда сөйлеп жатқан спикер сөзін аяқтап, отыруға міндетті.
Жеке басқа қол сұғушылық
Егер сіз қарсылас топтың мүшесі Сіздің сөзіңізді қатты өзгертіп не жеке намысыңызға тиіп жатқанын сезсеңіз, онда “Жеке басқа қол сұғушылықты” пайдалана аласыз. Тұжырымдау, шешім қабылдау мен уақытша бағалау процедурасы тәртіпті бұзу процедурасымен тепе-тең. Егер жеке басқа қол сұғушылық қабылданса, онда сөйлеп жатқан спикер сізге берген ұнамсыз бағасын түсіріп тастап, өз сөзін жалғастыруы керек. Жеке басқа қол сұғушылықты тек Сіздің сөзіңізді шынымен бұрмалап, намысыңызға тиген жағдайларда ғана пайдаланыңыз. Өз қарсыластарыңызға аздап еркіндік беріңіз, сіздің кейс бойынша жеңіл сарказм мен әзіл-қалжың сізді үрейлендірмеуі тиіс. Егер сіз қарсылықты таласты жағдайда білдірсеңіз, онда бұл шектен асушылық болып көрінеді. Өзіңізге өзіңіз төреші бола отырып, шын төрешінің реакциясын болжай біліңіз.
Технология
“Флоушит” – пікірсайыстың маңызды техникаларының бірі, бұл пікірсайыс раунды кезінде әртүрлі түйіндеу, сілтеулер, жауаптар мен дәйектерді бақылау жүйесі.
Көптеген пікірсайысшылар раундты конспектілеу (флоушит) үшін 8,5*11 не 8,5*17 дюймдік қағаз бетін пайдаланады. Флоушит жасау үшін қағаз бетін 6 тізбекке бөліңіз, әрқайсысы раундтың бір сөзі үшін резолюция мен кейстің тұжырымын парақтың жоғарғы бетіне жазыңыз, Сіз оларға раунд бойы жүгінесіз. Дәйектедің енізілуіне қарай оларды нөмірлеп тиісті тізбекке жазып отырыңыз. Стрелка мен сызықтарды,дәйектер мен жауаптарды, оларға деген контр-жауаптармен байланыстыру үшін пайдаланыңыз. Жауапсыз қалған не ұмытылып кеткен дәйектерді дөңгелетіп қоюға болады, т. с. с.
Сауатты толтырылған флоушит раунд бойына дәйектермен не болғанын көрсетеді, жауап беруді қажет ететін, еске салынатын дәйектерді тауып алуға көмектеседі. Флоушитті өзіңіздің сөзіңізге дайындалар кезіңізде сараптаманың сызықтарын анықтау үшін пайдаланыңыз. Өзіңіздің сөзіңізден кейін де флоушитті толтыруды ұмытпаңыз, бұл сіз үшін жақсы тәжірибе болады, сондай-ақ әріптесіңізге көмектесуге, раундқа біткен соң баға беруге көмектеседі.
Есіңізде болсын – көптеген төрешілер шешім шығарар кезде өз флоушиттеріне жүгінеді, сондықтан өз флоушитіңіздің дұрыс толтырғандығына күмәніңіз болмасын.
Стиль
Ең мықты дәйектердің өздері жалықтыратындай, сенімсіз ұсынылса пәрменді әсер ете алмайды. Есіңізге сақтаңыз, парламенттік пікірсайыс сендіруге негізделген, ол не ұсынылғанына ғана емес, қалай ұсынылғанына да байланысты. Осыған сәйкес, көптеген төрешілер шешім қабылдар кезде кейбір стилистикалық факторларды ескеріп отырады.
Сөйлеу стилі – бірнеше бетке сыйғызатын нәрсе емес. Стиліңізді жақсартудың ең тиімді жолы – тәжірибе. Одан кейінгісі өте тәжірибелі пікірсайысшылар мен шешендерді тыңдап, олардың бойындағы ұнаған жақтарына еліктеу. Риторика мен стилистиканың дамыған технологиялары әдістемелік құралдан тыс болғанына қарамастан, онда жас пікірсайысшылар әрдайым тап болатын стилистикалық қиыншылықтармен күресетін біршама жалпы нұсқаулар бар.
Дауыс
Көптеген жас пікірсайысшылардың ортақ проблемасы – монотонды сөйлеу. Бұл төрешіні ұйықтатудың ең оңай жолы. Тон мен фразаларды ұсынуды құбылтыңыз, ауызекі стиль мен дауыс тонын қолдануға болады. Сөзіңіздің әрі сенімді, әрі тәкәппар шығуына, тым паң болмауына тырысыңыз. Бұл төрешінің назары мен қызығушылығын тудырып отырады, Сізге маңызды сәттерде драмалық (жоғарғы) тон арқылы өз сөзіңіздей кейбір мәселелерді бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Төрешінің сізді естіп отырғанына көзіңізді жеткізіңіз, бірақ бар дауыспен айқайлаудың қажеті жоқ. Сіздің даусыңыз бөлменің көлеміне ыңғайлану керек, лекцияда ұтымды болғаны кішкентай класста ұнамсыз әрі ұтымсыз естіледі.
Жылдамдық
Парламенттік пікірсайыс – бұл жоғарғы жылдамдықтағы саяси пікірсайыс емес. Егер сіз “Карл Попперде пікірсайыстың жоғары жылдамдығын пайдалануға үйреніп кетсеңіз, бұл әдеттен құтылудың уақыты келді. Төрешілер тез сөйлеудің арнайы тренингтерінен өтпеген, сондықтан егер сіздің жылдамдығыңыз минутына 200 сөзді құраса, бұл өте тез, төреші сіздің кейбір дәйектеріңізді жазуға үлгермей қалуы мүмкін. Шын мәнінде әрбір пікірсайысшыға жылдамдықты сәл басу жақсы кеңес болар еді. Кілтті пункттердің арасында жаңа дәйектердің алдында, маңызды мысалдан кейін кідіріс жасаудан қорықпаңыз. Көптеген жас пікірсайысшылар конструктивті сөздердің көбінде 8 минут бойы қобалжыған күй кешеді: одан құтылудың бір жолы – сізде бар минуттың артықшылықтарын іске асыру, жылдамдықты басыңыз, сонда сөзіңіз әрі түсінікті, әрі тез жететін болады.
Дикция
Нақты сөйлей отырып ауызекі стильді сақтаңыз. Сөздерді жұтпаңыз және бұрмаламаңыз, әйтпесе төреші сіздің сөзіңіздегі маңызды нәрсені жіберіп алуы мүмкін. Сөйлеу қоспаларынан құтылыңыз, сөйлемдеріңізді үрей тудыратын “Умммм” және “Ээээ..” сияқтылармен бөлмеңіз. Бұлар сөзіңіздің мәнінен көңілді аудартып жібереді. Өз әріптесіңізге бұларды қолданбауын қадағалап тұруына өтініш жасаңыз. Және де үлкен өтініш – маужырап, ұйықтап кетпеңіз және еркек спикерді “спикер ханым”, ал әйел спикерді “спикер мырза” деп атамаңыз. Олар мұны түсініп өкпелемейтін шығар, бірақ бұл шын мәнінде ыңғайсыз естіледі.
Тыңдаушылармен байланыс
Сіздің алғашқы парламенттік пікірсайысыңыз үлкен аудитория алдында өтпейтін (өтпеген) шығар. Бөлмеде 6-7 адам отыруы мүмкін. Осы кезде сізде көз байланысынан, не аудитория алдында бірнеше рет сөйлеуге байланысты ескі қорқыныштардан (егер олар сізде бар болса) құтылуға мүмкіндік туады. Басқа топқа емес, әріптесіңізге, төрешіге қараңыз. Барлық ойлар төрешіге бағытталуы тиіс – сіз басқаны емес тек соны сендіруіңіз керек. Күлімсіреп қарауды ұмытпаңыз, сіз істеп тұрған істен рахат алып жатқандай болып көрінуіңіз керек (шын мәнінде тәжірибе арқасында көпшілік алдында сөйлеуден ләззат ала бастайсыз). Бұл төрешіге ұнап, сіздің сөзіңізді ол үшін сенімді етеді. (Әрине, бұл қағидадан да ауытқушылықтар бар, мысалы: Босниядағы зұлымдықтар туралы күлімсіреп айтуға болмайды).
Сөзіңіз жазылған параққа қарауға тырыспаңыз. Оның орнына көзіңізді параққа маңызды пункт аяқталып, келесісі басталар алдында салыңыз – бұл ойыңыздың жинақталуына көмектеседі. Одан соң қайтадан төрешіге қарап, жаңа пунктті түсіндіре бастаңыз. Жас пікірсайысшылардың уақыттың 80%-да параққа қарап, 20% уақытта төрешіге қарайды. Бұдан қарама-қайшы нәтижеге тап боласыз.
Ым (жест) мен қолдың қимылы
Қолдың қимылын маңызды пункттерді ерекше көрсету үшін қолдану керек, бірақ оларды тым артық қимылдата беру пайда әкелмей, тек сізді бір түрлі етіп (есуас) көрсетуі мүмкін. Әрбір ымның мақсаты болғаны жөн. Қолдарыңызды бетіңіздің алдында орынсыз қимылдата беру тек әйтеуір қимылдау үшін болмауы керек. Ымдар өжет, еркін болып, бірақ тоқтаусыз жалғасуы дұрыс болмас. Ымды аяқтағаннан кейін қолдарыңызды бастапқы орнына қайтарыңыз,- олар әрі қарай ауада иіліп қалмауы керек. Ым кезінде қолдарыңыз пайдаланылмаса жай еркін тұрсын. Кейде пікірсайысшылар қобалжуларын қолдың қозғалысы арқылы кетіруге тырысады. Мына әрекеттерден аулақ болыңыз: жалбарынып тұрған қолдар, бүкіл сөз бойы алдыңызда қатты айқастырылған қолдар; шашты, галстукты не киімді ұстай беретін қолдар; трибунаға жабысып алған қолдар; жабықтықтың үнемі ымдары және “секірмелі доптың” ымдары – артыңызда айқасқан қолдар, қалтаңыздағы қолдар; екі жағыңызда қимылсыз жатқан қолдар.
Қимыл
Сөйлеу кезінде ең жақсы қимыл – қимылдың болмауы болар. Егер сіз сөйлеу кезінде жүре алмайтыныңызды сезсеңіз, онда қадамды пунктті түсіндіру кезінде емес, олардың арасында жасаңыз. Мысалы: бірінші пунктты аяқтаңыз; подиумда алға қарай жүріңіз; екінші пунктты бастаңыз; оны бітіріңіз; орныңызға қайтып келіңіз. Аяғыңызды нық басыңыз; аяқтың ұшымен жүрмеңіз, алдыға-артқа теңселмеңіз.
Жалпы қобалжу
Төреші мен басқа топтан қорықпаңыз. Көптеген төрешілер – сіз сияқты студенттер. Егер қателессеңіз, ұялмаңыз. Егер сіз сөзіңізді қалай жалғастыратыныңызды білмесеңіз, белгілі бір дәйекті айтуды ұмытып кетсеңіз қобалжудың қажеті жоқ. Жай ғана кідіріс жасап, терең тыныс алып, ойыңызды жинақтап, сөйлеміңізді қайтадан бастаңыз. Қатеңізге кешірім сұрау арқылы көңіл аудартпаңыз, ешбір уақытта көңіліңіз түсіп, орныңызға қайтып отырмаңыз! Жай және сенімді жөнделген қатені сөзіңізден кейін ешкім де есіне сақтамайды.
Төрешілік
Пікірсайыстық жарыстың мақсаты – сендіру. Сендіру нысаны – сіздің төрешіңіз. Төреші раундтың жалғыз және өкілетті арбитрі, оның шешімі талқыланбастан қабылданады. Кейбір турнирлерде төрешілік коллегия, не одан да көп төрешілерден құралуы мүмкін. Мұндай жағдайда төрешілер бір-бірімен өз шешімдерін талқыламайды, ал жеңіс төрешілердің көп бөлігі дауыс берген топқа беріледі. Көптеген жағдайда төреші жалғыз болады, сонымен бірге ол Парламент спикері қызметін де атқарады.
Төрешілік критерийлері (талаптары)
Парламенттік пікірсайыстың негізгі критерийі – сендіре білу. Басқа пікірсайыстың кейбір түрлеріндегідей, топ тек қарсыластардың дәйекті жіберіп алғаны үшін, т. с. с. автоматты түрде жеңбейді. Төреші жеңісті ең жақсы пікірсайыстырған, презентация мен дәйектері сенімді шықты деп тапқан топқа береді. Кең және барлығын шарпып алатын критерий болу керектігіне қарамастан, төреші назар аударатын бағалаудың нақтылы аймақтары бар.
Дәйектеме және сараптама
Бұл – парламенттік пікірсайыстың іргетасы. Тұжырымдар мен эмоцияға ғана жүгінетін топ емес, тізбектелген, логикалық сараптама жүргізген топ сенімді жеңіске жетеді. Дәйектер нақты, сенімді әрі қарсыластардың құндылықтарымен қақтығысты қамтамасыз ете алатындай болу керек.
Мазмұны
Парламенттік пікірсайыс факт пен статистикаға негізделмесе де, шынайы өмірден алынған мысалдар мен дәлелдерді білу Сіздің позицияңызды нығайту үшін әрдайым көмектеседі. Сізді сарапату міндетінен құрқаратын тірек ретінде дәлелдерді қолданудың қажеті жоқ, дегенмен олар абстрактілі дәйектемені күшейту үшін қызмет ете алады.
Терістеу
Белгілі бір мәселеде өз көзқарасыңызды білдіру жеткіліксіз, қарсыластардың дәйектеріне тікелей қарсы тұрғаныңызға көзіңізді жеткізіңіз. Тағы да, раундта автоматты түрде жеңу не жеңілу үшін ұмытылып кеткен дәйек жеткіліксіз (егер бұл ең маңызды дәйек болмаса), бірақ сіз жеңгіңіз келсе, мықты терістеудің мәні өте зор.
Сөз құрылымы (организация)
Төрешілер дәйектері нақты белгіленіп ұсынылған сөзді жоғары бағалайды. Дәйектеменің әр түрлі сызықтары нақты бөлініп тұруы тиіс. Мұны дәйектерге сілтеме жасау арқылы істеуге болады (не басқа да технологияларды қолдануға болады). Ребатлда раундтың ең маңызды тұстарын қысқа әрі мықты қозғап, детальдарға тым беріліп кетпегені жөн.
Стиль мен риторика
Дәйектерді ұсыну мәнерінің маңыздылығы дәйектердің өздерінен кем емес. Тізбектелген, нақты әрі сенімді сөз төрешілерге тиісті әсер етеді. Риториканың әртүрлі техникаларын қолдану сөзіңізге қуат беріп, презентацияларыңыз бұдан тек әрлене түседі.
Әзіл-қалжың (юмор)
Әзіл – парламенттік пікірсайыстың маңызды бөлігі, оны қолдану сөзіңіздің әсерін өсіре алады. Юмор, орынды сарказм, күлкілі мысалдар мен анекдоттарды төрешілер жоғары бағалайды. Орынсыз қалжың, намысқа тиетін әзілдер мен асыра сілтеушілікті төреші бағаламайды. Ұтымды әзіл мықты құрал болуы мүмкін, төрешілер шешім қабылдар кезде мұны ескереді.
Сұрақтар
“Сұрақтарды” пайдаланған пікірсайысшы раунд бойы артықшылыққа ие болады. Өткір сұрақ қою мен оған тез әрі ұтымды жауап беру арқылы өзіңіздің импровизаторлық ойлауыңызды көрсетесіз. Бұл қасиетті төрешілер жоғары бағалайды.
Топпен жұмыс
Пікірсайысшыдан топтық жұмыс, бір-бірінің дәйектерін күшейту және раунд бойы философияны біртіндеп дамыту күтіледі. Өз әріптесіңізге қарама-қайшы келмеңіз, одан да ертерек енгізілген дәйекті кеңейтіп, өз әріптесіңізге мақсатқа жетуге көмектесіңіз.
Спикерлік ұпайлар
Раундқа берілген бағамен қатар төреші әрбір спикерге 1 ден 30 ұпайға дейін “спикерлік ұпай “ береді. Өзінің атына қарамастан спикерлік ұпайлар тек спикердің стилистикалық қабілетіне ғана байланысты емес.
Дәлірек айтқанда олар спикер көрсеткен пікірсайыстырудың жалпы дәрежесін – дәйектеме, сараптама мен терістеу стиль мен риторикаға қоса көрсетеді. Сонымен қатар, пікірсайысшыларға спикерлік баллға негізделген әрбір раундқа 1 – 4 ранг қойылады. Жалпы алғанда ең көп спикерлік ұпай жинаған топ (ұпай саны тең болса, ең төмен раундтағы топ) раундта жеңіске жетеді.
Төменде ұпай үйлестірудің стандартты шкаласы көрсетілген:
16-дан төмен: нашар. Әдетте бұл денгейде спикер сенімсіздікке, шатасуға бой алдырып, күтпеген ойға шомылумен қатар қарсылас топқа дөрекілік көрсетсе, төрешілер ұпай бермейді.
16-17 өте жаман. Ойдың тәртіптілігі, дәйектер логикасы мен идеяларды білдіру өте төмен деңгейде. Сөз белгіленген уақыттан бұрын аяқталып бітеді.
18-20 жаман. Идея мен сараптаманы ұсынудағы қиыншылықтар; дәйектер сенімсіз; өз уақытын тиімді пайдаланған жоқ.
21-22 орташадан төмен. Спикер жоғарыда көрсетілген талаптардың біреуі не бірнешеуіне сай келмейді.
23-24 орташа. Қабылдауға болатын сөз; кейбір кемшіліктер болуы мүмкін.
25 жақсы. Спикердің сөзі сенімді, материалды жақсы ұсына алады. Пікірсайыстырудың кейбір тұстарында жарқ етіп көрінеді.
26 өте жақсы. Ұсыну мен түсіндіруде айтарлықтай қателер жоқ. Сенімді сараптама; ұтымды терістеу; шебер презентация мен жақсы стиль. Әрбір раундта 26 ұпай жинаған спикер турнирдің 10 үздік спикері қатарына кіруі мүмкін.
27 тамаша сөз. Спикер бәрін жоғары дәрежеде жасады; сөзі раундқа шешуші әсер етті; тамаша презентация. Турнирдің ең жақсы сөздерінің бірі. Әрбір раундта 27 ұпай жинаған спикер 3 үздік спикердің қатарында болады.
28 Сіз естіген ең жақсы сөздердің бірі. Егер спикер 28 ұпай жинаса, турнирдің ең үздік спикері аталуы мүмкін.
29 Сіздің өміріңіздегі ең тамаша сөз. Көз жасыңызды ағызды. У. Черчилль мен Мартин Лютер Кингтің сөздерінің қатарында.
30 Адамзат тарихындағы ең тамаша сөз. Мұндайды екінші жолы естуіңіз екіталай.
Төрешінің шешімі, ұпайлар мен әртүрлі ойлар турнирдің соңында алынатын бэллотта жазылады. Әрі қарай жақсартуды керек ететін аймақтарды анықтау үшін бэллоттарды мұқият оқыңыз. Жас пікірсайысшыларға барлық раундтарды жеңбегені, жоғары спикерлік ұпай жинамағаны үшін қайғырудың қажеті жоқ. Пікірсайыстыру қабілеті тәжірибе нәтижесінде келеді, тіпті өте тәжірибелі пікірсайысшылар кейде ұтылып жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |