ХХ ғасыр
1920 ж. қазанда Қазақ АКСР-нің ХАК-ы құрылып, А.Байтұрсынов халық комиссары болды.
1921 ж. ақпанның 18-інде Бүкілқазақстандық оқу-ағарту конференциясы шақырылды. Онда балаларды қорғау, бірыңғай мектеп жүйесін құру, кәсіптік-тех. білім беру, саяси тәрбие ісі, оқу-тәрбие жұмысына байланысты, т.б. мәселелер қаралды.
1922 – 23 ж. ұлт мектептерін төл оқулықпен, бағдарламамен қамтамасыз етуде біраз шаралар іске асырылды, қазақ тілінде 14 оқулық шығарылды. Олардың ішінде “Физика”, “Грамматика”, “Педагогика”, “Алгебра”, “Мектеп гигиенасы”, т.б. бар. Бұл оқулықтарды жазуға Байтұрсынов, Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, С.Аспандияров, Жомартбаев, Қ.Сәтбаев, Ә.Ермеков, Т.Жолдыбаев, т.б. қатысты.
1920 – 30 ж. республика мектептерінің оқу базасын күшейтуге мемлекет тарапынан орасан мол қаржы жұмсалды. 367 мектеп жаңадан салынып, 361-і күрделі жөндеуден өткізілді. Осы жылдары бастауыш мектептер саны 333-тен (1926) 1864-ке (1930) жетті (оның 1231-і қазақ мектебі), оқушылар саны 215,1 мыңнан 320,1 мыңға жетті (оның 124,9 мыңы қазақ). Алайда қазақ қыздарын оқуға тарту әлі де өз дәрежесінде болмады. Бастауыш мектепте оқитындардың 11%-ы ғана қазақ қыздары еді.
1928 ж. ҚазОАК-нің 3-сессиясы бұл мәселеге ерекше тоқталып, қазақ қыздарын оқуға көптеп тарту туралы арнайы қаулы қабылдады. Бұл жылдары қазақ орта мектептерінің саны аз еді. 1927 – 28 ж. республикада үш-ақ орта мектеп (Ташкент, Орынбор, Қызылорда) болды. Оқушылардың көбі 7 жылдық мектепті бітірісімен техникумдар мен ФЗО-ларға кетіп жатты.
1929 ж. республиканың ежелден ғылым, әдебиет, мәдениет тілі болып келген араб әліпбиінен латыншаға көшуі оқу-ағарту ісінің дамуына үлкен соққы болып тиді. Араб әліпбиімен шыққан мәдени бай мұралардың көбі отқа өртелді.
1940 ж. латын әліпбиінен кириллицаға көшу елдегі ағарту ісін тағы көп жылға шегеріп тастады.
1937 ж. қазақ бастауыш мектептерінің саны 537-ден 1190-ға, орта мектептер 11-ден 48-ге, орталау мектептер 143-тен 237-ге жетті.
1940 – 41 оқу жылында жалпы білім беретін мектептерге 1 млн. 145 мың 993 оқушы тартылды. Оның 441 мыңы қазақ балалары еді. Бұл 1925 жылмен салыстырғанда 6 есе көп. Оқуға тартылған қазақ қыздарының саны 20 мыңға артты, мұғалім кадрларының сапасы жақсарды. Мыс., 1940 ж. жалпы білім беретін мектептерде 44597 мұғалім қызмет етті, оның 17,5 мыңы қазақ әйелдері еді.
1945 – 60 ж. мектептердің, оларда оқитындардың саны күрт өсе бастады. 1960 ж. жалпы білім беретін 10363 мектеп жұмыс істеді, онда 1 млн. 814 мыңнан астам оқушы білім алды.
1954 ж. тың игеру науқаны кезінде елде 1960 жаңа кеңшар орнап, жүздеген жаңа мектеп салынды. 1960 ж. республика бюджетінен оқу-ағарту ісіне 2 миллиард сомға таяу қаржы жұмсалды. Қазақстанда төл оқулықтар жасау мәселесі мықтап қолға алынды. Бұл іспен Е.Бекмаханов, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, А.Ысқақов, Т.Қордабаев, Ә.Маманов, М.Балақаев, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, т.б. республикаға белгілі ғалымдар айналысты. Алайда бұл жылдары оқу-ағарту саласында жаңа мәселелер де туындады. Орт. Қазақстанға Ресей, Украина, Молдова, Беларусь республикаларынан тың көтеру науқанымен мыңдаған отбасылардың қоныс аударуына байланысты көптеген қазақ мектептері жабылып, аралас орыс-қазақ немесе таза орыс мектептеріне айналдырылды. Соның салдарынан Қазақстанда 700-ден астам қазақ мектебі жабылды, қазақ тіліндегі газет, журнал, кітап таралымы құлдырап кетті. 600 мыңнан астам қазақ баласы орыс мектептерінде оқуға мәжбүр болды. Мың жарымнан астам аралас орыс-қазақ мектептері пайда болды. Осыған байланысты Қазақстан үкіметі орыс тілін 1-сыныптан бастап оқыту жөнінде қаулы алды. Бұл қазақ тілінің рөлін төмендетіп жіберді.
1960 – 70 ж. арасында оқу мазмұнына ірі өзгерістер енгізілді. Мектептерді 7 жылдықтан 8 жылдыққа көшіру ісі 1962 – 63 оқу жылында аяқталды. Жаппай 8 жылдық білім беруді іске асыру заңы оқудың сапасына кері әсер етті, талап төмендеп кетті. Оқушылардың білімге ынтасы кеміді. Орыс тілін оқытуға ерекше көңіл бөлініп, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында сабақ түгелдей орыс тілінде жүргізілгендіктен қазақ мектептеріндегі оқушылардың саны кеми түсті.
1980 – 90 ж. елімізде халыққа жаппай орта білім беру саласында біраз жұмыс жүргізілді. Соның бірі 6 жастан бастап оқыту болды. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі шағын мектептер мәселесін шешу, бастауыш мектепке алдын ала даярлау, жаппай орта білім беруге көшу, мектепаралық оқу шеберханаларын ашу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Мектептегі оқу ісі мемл. білім стандартынан туындайтын жаңа талаптарға сай келетіндей етіп ұйымдастыруды, көп қаржы жұмсауды және ғыл.-зерттеу жұмысын жүргізуді қажет етеді. Оның бірінші кезеңі 1994 – 97 ж., жалпы білім беретін мектептерді толық білім стандартына көшіру ісін аяқтау 2001 – 02 жылдарды қамтыды. Жалпы білім беретін базалық мектептердегі оқу жүйесі – 11 жылдық. Белгілі бір білім салаларына икемі бар балаларға арналған лицей, гимназия, колледж, медреселер ашу, оқуды тегін оқытумен қатар жекелеген ақылы мектептер ашу ісі де жүргізілді.
Қазақстанда тұңғыш мұғалімдер семинариясы 1883 ж. Ы.Алтынсариннің басшылығымен Орск қаласында ашылды. Ыбырай енгізген оқу-ағарту ісіндегі бір жаңалық – қазақ жастарына арналған тұңғыш кәсіптік мамандық беретін уч-щелердің ашылуы болды.
1886 ж. Торғайда қолөнер уч-щесі, 1888 ж. Торғай мен Ырғызда қыздар пансионаттары, ал 1889 ж. Қостанайда а. ш. уч-щесі ашылды.
Бұдан кейін 1890 ж. Қарабұлақта, 1893 ж. Қостанайда, 1896 ж. Ақтөбеде қыздар уч-щесі іске қосылды. Бұл оқу орындарында қолөнері мен а. ш. шеберханалары жұмыс істеді. Алтынсариннің кәсіптік білім беру жөніндегі ой-пікірі кеңінен қолдау тауып,
1902 ж. Семейде мұғалімдер семинариясы ашылып, Орт. Қазақстан өлкесіндегі (Семей, Өскемен, Қарағанды, Ақмола) мектептерге мұғалімдер даярлау ісі қолға алынды. Онда қазақтың аса көрнекті қоғам және ғылым қайраткерлері Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ж.Аймауытов, М.Ақынжанов, О.Жәутіков, Ә.Сембаев, тұңғыш генерал Ш.Қабылбаев, Қазақстанның халық жазушысы Ә.Нұршайықов, Кеңес Одағының Батырлары: Ізғұтты Айтықов, В.А. Шулятников, Б.Бунтовских, Соц. Еңбек Ерлері: Ж.Шәйжүнісов, М.А. Носова, Д.М. Парлей, т.б. оқыды. Кейін мұғалімдер семинариясы Ташкент, Омбы, Орал, Ақтөбе, Алматы, Ақмола қ-ларында ашылды. 1883 – 1920 ж. аралығында оны 300-дей қазақ балалары бітіріп шықты.
1941 ж. КСРО-да 1 млн-ға жуық оқушысы бар арнаулы орта білім беретін 3773 оқу орны жұмыс істеді. Ал 1957 – 58 оқу жылдарында техникумдар мен уч-щелерде, арнаулы мектептерде 2 млн. оқушы болды.
1940 – 41 оқу жылында арнаулы орта білім беретін 118 мектепте 30 мың оқушы оқыды. 1969 – 70 оқу жылында бұл мектептердің саны 186-ға жетіп, 43610 оқушысы болды. 2-дүниежүз. соғыстан кейінгі жылдары арнайы орта білімді мамандарды неғұрлым қысқа мерзімде даярлау қажеттігіне байланысты бұл оқу орындарына 9 сыныпты бітіргендер ғана емес, орта мектепті бітірген жастар да қабылданатын болды. Олар 1,5 – 2 жыл ішінде арнайы мамандықты игеріп, өндіріске жолдама алды.
Арнаулы орта білім беру саласында оқушыларды еңбекке баулу және кәсіптік бағдар беру жүйесі негізінен орнығып, тиімді түрлері мен әдістері белгіленді. Жоғары сынып оқушыларын еңбекке баулудың және кәсіптік бағдарлаудың ұйымдық нысандары мен мазмұнында елеулі өзгерістер болды. КОКП ОК мен КСРО Мин. Кеңесінің “Жалпы білім беретін мектептерде оқушыларға білім беру, тәрбиелеу мен оларды еңбекке баулуды одан әрі жетілдіру туралы” қаулысы жастарды материалдық өндіріс саласында еңбек етуге даярлау және болашақ мамандықты дұрыс таңдау ісіндегі жаңа бір маңызды кезең болып, еңбекке баулуды ғыл. негізде жүйелі жүргізу және оқушыларға кәсіптік бағдар беру негізінен орындалды. Мектептер кәсіптік-тех. уч-щелермен тығыз байланыс жасап тұрды. Мектеп реформасын жүзеге асыру бағытында бірлескен кешенді шаралар белгіленді. Жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағдар берумен қатар электронды-есептеуіш микропроцессорлы техникамен қоса металлургия өндірісін, автоматика, телемеханика негіздерін оқыту қолға алынды. Ауыл мектептеріндегі оқушылар мал ш-нда жұмыс істеуге үйренді. Оқушылардың өндірістік бригадалары, дала қостары өмірге келді. Олар экон. жағынан тиімді болып, кезінде елдің азық-түлік бағдарламасына елеулі үлес қосты. 1991 ж. жаңа үлгідегі мектептер мен арнаулы орта білім беретін оқу орындары: лицей, гимназия, кәсіптік-тех. мектептер, колледждер өмірге келді. 2003 ж. республикада – 108 гимназия, 63 лицей, 289 лицейлік және гимназиялық сыныптары бар мектептер, дарынды балаларға арналған 30 мектеп жұмыс істеді. Сондай-ақ, 312 кәсіптік-тех. мектепте 89 мыңнан астам оқушы, 382 колледжде 207 мыңнан астам студент оқыды.
1995 ж. Қазақстанда жаңа Конституция қабылданып, онда жалпыға бірдей міндетті әрі тегін орта білім беру бағыты жарияланды. ҚР “Білім беру туралы” жаңа Заңында да (1999 ж. 7 маусымда қабылданған) бұрынғыдай жалпы білім беретін мектептің бастауыш (1 – 4-сыныптар), негізгі (5 – 9-сыныптар) және жоғары (10 – 12-сыныптар) деп аталатын үш сатысы бекітілді. Орта (толық) білім алудың түрлі жолдары айқындалды. Орта білім жалпы білім беретін (күндізгі, кешкі) және кәсіптік мектептер (лицейлер) мен колледждерде берілетін болды. Мұнда оқушы кәсіби мамандық алумен қатар оқуын мектеп бағдарламасы бойынша аяқтайды. “Білім беру туралы” Заңға сәйкес бұрынғы нормативтік құқықтық негіз жаңартылып, мемл. “Білім” бағдарламасы жасалуда. Бұл бағдарлама білім беру жүйесін реформалауды қазіргі экон., әлеум. және саяси жағдайға сәйкестендіреді.
1990 – 99 ж. ҚР білім саласына қатысты оннан астам мемл. бағдарламалар қабылданды. Олар: “Дарын” мемлекеттік бағдарламасы. Дарынды балалардың шығарм. дамуын қолдау мақсатын көздейді. Осы бағдарлама шеңберінде 1997 ж. республиканың сегіз облысында дарынды балалар үшін арнаулы мектептер мен мектеп-интернаттары бар респ. “Дарын” ғыл.-практик. орт. құрылды.
1996 жылдың соңында шет елдерде тұратын отандастарды қолдау мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оның шеңберіне тарихи отанына оралған оралмандарды оқыту мен қайта оқыту кіреді.
1997 ж. Орта білім жүйесін ақпараттандырудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оның мақсаты – республика мектептерін мультимедиялық компьютерлік сыныптармен қамтамасыз ету, компьютерлік оқу бағдарламаларын, электрондық оқулықтар жасау, білім беруді басқару жүйесін ақпараттандыру. “Жалпы білім беретін мектептер үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді дайындау және басып шығару туралы” кешенді бағдарлама жалпы білім беретін мектептер үшін жаңа үлгідегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар жасауды мақсат етеді. Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы тілдерді оқытудың түпнұсқа бағдарламалары мен жаңа технологиясын дайындауды, қазақ тілін оқытуды тиімді жүргізуге байланысты оқулықтар, аудиокөру, компьютерлік бағдарламалар шығаруды көздейді. Экологиялық білім беру бағдарламасы респ. білім беру және басқа құрылымдарында үздіксіз экол. білім беруді дамыту мен үйлестіруді мақсат еткен.
ҚР-да 1998 – 2000 ж. кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кешенді бағдарлама, т.б. бағдарламалар бар.
1919 – 20 ж. Орынборда, Ордада, Семейде ағарту ин-ттары, 1920 ж. қарашада Түркістан мемл. ун-ті (кейіннен Орта Азия ун-ті) ашылды. Бұл ун-т Орта Азия мен Қазақстан үшін кадр даярлаудың негізгі орталығына айналды. Оның жанында қазақ жастарын оқытатын арнаулы бөлімдер болды.
1920 ж. Ордада, Бөкей халық ағарту ісі бөлімшесінде Бөкей ағарту ин-ты ашылды. 1921 ж. Орынборда (кейін Қызылордаға көшірілді) және Верныйда Қазақ халық ағарту ин-ттары ашылды. Бұл жылдары Ресей мен Өзбекстанның жоғары оқу орындарындағы қазақстандық студенттер саны жыл сайын өсіп отырды. 1926 ж. 2 шілдеде Ташкенттегі Қазақ ағарту ин-ты пед. ин-т деп аталды.
Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны – Қазақ пед. ин-ты 1928 ж. Алматы қаласында ашылды.
1929 ж. Алматы малдәрігерлік ин-ты, 1930 ж. Қазақ а. ш. ин-ты,
1931 ж. Қазақ мед. ин-ты, 1932 ж. Орал пед. ин-ты ашылды.
1932 ж. республиканың 6 жоғары оқу орынында 2 мың студент оқыды, олардың 40,5%-ы қазақ жастары еді.
1934 ж. Қазақ мемл. ун-ті және Тау-кен-металлургия ин-ты ашылды.
1941 ж. республиканың халық ш-нда жұмыс істейтін кәсіби мамандардың (52,3 мың адам) жоғары білімдісі 16,8 мың адам, яғни 32,2% болды. 1940/41 оқу жылы республиканың 20 оқу орнында 10419 студент оқыды. 1950 – 60 ж. Ақтөбе, Ақтау, Тараз, Қостанай, Көкшетау, Өскемен, Павлодар, Петропавл, Ақмола (қазіргі Астана) қ-ларында педагогика, Орал мен Ақмолада а. ш., Ақтөбе, Қарағанды, Семей, Ақмолада медицина ин-ттары, Алматыда – Алматы халық ш. ин-ты (қазіргі Қазақ экономика ун-ті), Қарағандыда политех. және кооп., Павлодарда индустр., Өскеменде құрылыс-жол, Ақмолада инж.жол-құрылыс, Таразда гидромелиоративтік-құрылыс және технол. ин-ттар ашылды.
1972 ж. Қарағанды мемл. ун-ті, Арқалық, Талдықорған пед. ин-ттары ашылды. 1986/87 оқу жылында Қазақстанның 55 жоғары оқу орынында 274 мың студент оқыды. 2000/2001 оқу жылында елдегі 47 мемл. жоғары оқу орыдарындағы студенттер саны 267 447 болды.
Достарыңызбен бөлісу: |