Қамқор, Мейірімді Аллаһтың атымен!



бет4/5
Дата27.12.2016
өлшемі0,83 Mb.
#5558
1   2   3   4   5

ҰРЫНЫҢ ТӘУБЕСІ
Иманы әлсіз адамға бойындағы жамандықтан арылу бір қиын іс, одан құтылу үшін нық иман, адал жүрек пен табандылық керек-ақ. Қайсы біреулер арақ ішуді қойғысы келіп ниеттенгенде: «Жә осы ұлым әскерден келгенде бір ішіп, сонан соң доғарармын», - деп жатады. Не болмаса, қызымның тойында, не туған күнімде тағысын тағы себептер іздеп, өзін жұбатып елді алдаған болады. Темекісін қойғысы келсе: «Осы соңғы қорапты тартам, сонан кейін көрмегенім осы болсын», - деп күрк-күрк жөтеліп серттесіп жатады. Ал енді иманы толықтар жамандықтан жиреніп серт берсе айтқан жерінде тас үйін тыйылады.

Ертеде Абдулла, деген бір жігіт ұрлықты кәсібіне айналдырған екен. Оны білетіндер ақылынан азған ақымақ, деп айта алмайтын еді, дейді. Ақыл-есі дұрыс, келбеті келіскен, сұңғақ бойлы, қайраты мол жігіт екен, деседі. Күндердің бір күнінде Абдулланың әкесі ұлының арам жолда жүргенін біліп қалып қатты қынжылады.

- Ұлым-ау, сен туғанда төбем көкке жеткендей қуанып-ем. Азан шақырып атыңды қоярда адал, өзгеден озық болсын, деп ырымдап Аблулла, яғни «Алланың құлы», деп қойып-ем. Сен менің үмітімді ақтамай, жаман жолды таңдапсың. Бұл қылығыңнан арылмасаң, бір күні не қолыңнан, не басыңнан айрылып мазақ боларсың. Мен қартайып бір аяғым жерде, бір аяғым көрде тұрғанда, мені ел алдында жерге қаратып масқаралайтын болдың, - деп ұлына қатты ренжіпті.

Әкесінің бұл сөзі Абдулланың жанын аяздай қарып:

- Бүгіннен бастап бұл ісімді доғарам, - деп әкесіне уәде беріп кешірім сұрапты.35

Сөйтсе де үйреніп қалған әдетінен арылу оған оңайға түспейді. Ауру қалса да, әдет қалмайды, дегендей ұрлық жасауға бүйрегі бұрып тұрады.

Көп ойланып-толғана келіп, бүгін соңғы рет ұрлық жасап, сонан-соң бұл оңбаған кәсібіммен мәңгілікке қоштасайын, деп ұйғарады. Жә құласаң түйеден құла дегендейін, соңғысын келістіріп жасамақ болып, біраз ойланған соң сол қаладағы ханның сарайына түсуге бел байлайды.

Қараңғы түсе салысымен, білдіртпей ханның сарайына енеді. Бір терезеден үңілсе, кең бөлмеде хан өзінің әйелімен кеңесіп отырғанын көріп, жасырын олардың әңгімесін тыңдауға кіріседі. Сонда хан бәйбішесіне былай деп отырғанын естиді:

- Осы біздің қыз болса ер жетті, бағын байламай теңін тауып ұзатқанымыз жөн-ау, - дейді.

Бәйбішесі оны қуаттап:

- Әрине, дұрыс айтасыз ханекем, - деп қоштайды.

Бәйбішесінің қарсы еместігіне көзі жеткен хан:

- Олай болса, мен күйеудің ерекше иманды болғанын қалар едім. Оның жасына, келбетіне, дәулетіне көп назар аудармай, талабымыз тақуалығында болсын. Қызымыз, сондай адамға қосылса, шын бақытқа бөленбейді ме, - дейді.

Бәйбішесі ханның бұл сөзіне:

- Өте дұрыс айтасыз, бірақ ондай адамды табу оңайға түсе қоймас-ау, - дейді.

Сонда хан:

- Мен оны да ойластырып қойғам, ханшам, оны уайымдама, - деген соң, - Кімде-кім бес уақыт намазын қырық күн ұдайы мешітте оқитын болса, сол нағыз тақуа адам. Сондықтан ертеңнен бастап бір уәзірімді қырық күн мешітте тұрғызбақпын, сол мезгіл ішінде біреуі кездесер. Кездеспесе тағы бір амалын жасармыз. Алла сәттілігін берсін!, - дейді.

Ханның тапқырлығына қуанып кеткен бәйбішесі:

- Бұныңыз табылған ақыл екен. Ақылға да, көңілге де қонады, - деп ханның бұл даналығына шын ықыласын білдіреді. 36

- Олай болса, - дейді хан, - Ол адамға қызымызды берген соң, хандығымның жартысын бөліп беремін, - деп хан әңгімесін қорытады.

Бұл әңгімені жасырын тыңдап алған Абдулла, қой хан сарайына ұрлыққа түсіп басымды қауіпке тіккенше, ертеңнен бастап мешітке барып бес уақыт намаз оқыған болайын. Сөйтіп қырық күн барсам бүкіл өміріме жететін байлыққа кенелмеймін бе, - деп іштей түйіп, осындай тоқтамға келеді.

Абдулла таң ертең ерте тұрып, мешітке таң намазына барады. Жиналған жамағатпен сапқа тұрып, солардың істегенін қайталап үш күн жүреді. Үш күннен соң ойға қалады, осы менің істеп жүргенім не, не жасап, не қойып жүргенімді өзім білмеймін, әлі отыз жеті күн осылай жүрем бе?, - деп өз-өзіне сұрай қояды. Қой мешіттегілермен сөйлесіп, әңгімелерін тыңдап, кітап алып оқиын, уақыттың жылдам өтуіне де себеп болар, - деп шешеді. Сол күннен бастап, мешітте көбірек бөгеліп, уағыз-насихат тыңдауды әдетіне айналдырады. Күн санап, жүрегі тазарып дінге деген махаббатының артқанын өзі де байқамай қалады. Діннің тәтті дәмін сезініп қалған Абдулла өткен өміріне өкініп, тіршіліктің тылсымына терең үңіле бастайды. Солай жүргенде межелі күндер де өте шығады.

Қырық бірінші күні мешіттен шығып келе жатқанда оны ханның уәзірі тоқтатып:

- Жүріңіз, сізді хан күтіп отыр, - деп сарайға қарай жетелей жөнеледі.

Абдулла сарайға кіріп ханның алдына келгенде, қуанышын жасыра алмаған хан, орнынан тұрып:

- Иә Жаратушы Алла, менің тілеуімді қабыл еттің. Мен тілегеннен де артық, өзі жас, өзі келбетті, ең бастысы иманды күйеу бала кездестірдің, осыған Өзіңе көп шүкір етемін, - деп кеудесін қуаныш кеулеген ханның жүзі жарқырап кетеді.

Бұл сөздерді естігенде бойын ұят қысқан Абдулланың өн-бойын тер басып кетеді. Ханға көзін көтеріп тіктеп қарай алмай, ұяң дауыспен былай дейді:

- Жоқ, ханеке, мен сізге күйеу бала болуға тіпті де лайық емеспін. Сіздің қара табан құлыңыз болуға ғана лайықпын. Себебі сіздің алдыңызда есепсіз борыштымын. Өйткені, кезінде баукеспе ұры едім. Сіздің сарайға да арам пиғылмен келгенімде, сіздің бәйбішеңізбен араңыздағы әңгімені есітіп, жаман пиғылымды жүзеге асырамын, деп жүріп, керісінше керемет бақытқа жолықтым.

Бұл сөзді естіген ханның жүзі одан ары жадырап: 37

- Нағыз тақуа, шын адал адам сендей-ақ болсын. Сен менің ойлағанымнан асып артылдың. Бүгіннен бастап, менің күйеу баламсың, - деп Абдулланы кең құшағына алады.

Өздеріңіз сезіп отырғандай Абдулла балалы шағалы боп бақытты өмір сүріп, барлық саналы ғұмырын діннің балдан тәтті дәмін татумен өткереді.

АСЫЛ АНАМ
Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда құты қашады деген екен,- Құнанбай атамыз. Шындығында да солай болса керек. Өз басым, талай рет осыған көз жеткіздім. Менің осы өмірге келуіме себепкер болған, шыр етіп бұл дүниеге келген күнімнен, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, ес біліп есейсем де, еркелететін ардақты анам жайлы қандай тамаша ойларым алдына кеп ақтар кезде, пышырап кетеді. Әрбір адам үшін, әйел затының озық үлгісі өзінің асыл анасы болар. Мен үшін де солай. Анам өмір тауқыметін көп көргенімен, қартайған жүзінен қажыған адамның кейпін көре алмайсыз. Шағын бойлы, орта денелі анам - маған әлемдегі ең сұлу адам боп көрінеді де тұрады. Әлде, маған солай көрінеді ме екен?! Әйтеуір, жаны ерекше нәзік, аса сезімтал жан. Жазық маңдайындағы жолақ - жолақ терең түскен әжімдері, Сарыарқаның кең жазығын бойлап жатқан сыры мол, сара жолдар секілді. Қой көздері күлімсіреп нұр сеуіп тұруы, жүрегінің жылылығының, жанының жайдарылығының белгісіндей. Көңіл күйімді қабағымнан танып отыратын қасиетін бала күнімнен білемін. Қашанда, қалт жібермей ішімдегімді айтқызбай білер деп, мен де сырымды бүге - шүгесіне дейін қалдырмай ақтарып салам.

Адамды иманы, ақылы мен ісіне қарай бағалап, қарым- қатынасын да соған қарай жасайды. Әкемізден жас күнінде жесір қалып, тұрмысымыздың барлық ауыртпалығын өзі жалғыз көтерген қайыспас қара нардай қажырлы қайратты адам. Шаңырақтағы төрт қыздан кейінгі өмірге келген кенжесі - жалғыз ұл мен. Енді ойлап отырсам есейіп ержеткен соң ғана анамның қадірін ұғынып, түйсігім осы ғажап адамның бойындағы маған деген сарқылмас махаббатының сырын ұғына бастағандаймын.

Тоғыз ай, тоғыз күн жүрегінің түбінде тербеп, мен жарық дүниеге келгеннен бері өзі жайлы емес, мен жайлы ғана ойлап, менің табаныма кірген тікенді, өз маңдайына кіруін тілеген асыл ана, жүрегің неткен кең, пиғылың неткен тұнық еді!

Сонау, бесіктен белім шыққаннан, енді ел ағасы болар жасқа келсем де, әлі күнге дейін маған кішкентай нәрестесіндей қарайтын, пейілі зәрредей де өзгермейтін, адал аналық мейірін көріп таң қалам. Құдайдан тілеп алған жалғыз ұлым деп, мені ерекшелеп отырғанды жақсы көреді. Маған деген аналық махаббатын осылай білдіретін болса керек. 38

Осы тұста пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, мына бір хадисі есіме түседі.

-Бірде Алланың елшісіне, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, тұтқынға түскендерді алып келеді. Солардың ішінде бір әйел біреуді іздеп, одан кейін олардың ішінен өз баласын тауып омырауын емізе бастайды. Бұны көрген Алланың елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, сахабаларынан: «Сендер қалай ойлайсыңдар, осы әйел өз баласын отқа тастауға қияр ма еді?»,- деп сұрайды. Олар: «Алланың атымен ант етеміз, жоқ»,- дейді. Сонда ол : «Ал, Алла болса өзінің құлдары үшін, бұл әйел өз баласына (жақсылық) қалағаннан да артық (жақсылық) қалайды!»,- деген екен.

Иә, өз басына қауіп төніп тұрған ана ол қатерді ойына да алмай, баласының қамын ойлауы ана мейірінің үлкен үлгісі емес пе?!!! Адал жанды әр ана осындай болса керек. Анамның менің есіме жиі салатын өсиеті,-Алланы жадыңнан шығарма, әр ісіңді Алланың атымен баста, сонда қор болмайсың, Алланың қамқорлығында боласың,-дейді. Болашағын ойланбай, нағыз адам болу мүмкін емес. Сондықтан, ертеңгіңнін қамын бүгін жаса, ертең бәріміздің барар жеріміз Алланың алды. Бүгінгі жасалған қамың, сол болашағыңның баянды бақыты екенін ұмытпа! Егер, осы талапқа сай болсаң, екі дүниенің де жетістігіне жетесің, жүзің жарық болады ұлым, - деуден таймайды.

Өзі, ес білгелі Аллаға құлшылық қылып, намазын бір сәтке қаза қылған жан емес. Қайда барса да жайнамазы жанында. Бір қынжылысы - жас күнінде тиянақты білім алмағаны. Жас күнімде тұрмыстың таршылығынан қолым жетпей - ақ қойды деп, оны есіне алса терең күрсінетін әдеті. Сөзге ерекше шешен кісі. Зергердің шеберханасынан шыққан зерлі аспаптай, ой өрнегі көркем, тәлімі мол болады. Көбіне, өзім мән бермейтін нәрселерден, анам керісінше ғибрат алып, өнеге етіп ұсына білетін өршең ойлы адам. Осыдан біраз жыл бұрын, маған анамның өз басынан өткерген мына бір әңгімесі әлі есімнен кетпейді.

Жастау күнімде, өзіммен құрбы келіншек менің ораза тұтқанымды қалжыңына қосып, қылжақ еткісі келгенде былай деуші еді: 39

- Жаным – ау, не басыңа зорлық түсті, мына тоқшылық заманда бекерден- бекер өзіңді қинап, дайын тұрған астан бас тартуыңа жол болсын. Жаман ырым бастамай, осыныңды қойсаңшы құрбым. Тоқшылықта аштық жариялау дегенді қайдан шығарып алғансың?- деп, өз айтқанына мәз болып күлетін.

- Бұл - мұсылман баласының бес парызының – бірі,- деген сөзімді құлағына да қыстырмаушы еді. Қайта, келекелеуін үдетіп: - - Осы, сен қайдағы жоқты шығарып аласың, әйтеуір! Қой құрбым, бір берілген өмірдің қызығына кенелсеңші, қалғанын бара көрерміз,- деп, маған қалжыңдаған болып, көп соқтығатын. Тәп - тәуір келіншек, ақыл - ойдан да кенде емес, істеген қызметі де абыройлы, ең үлкен кемістігі - иманың осалдығында еді, бейшараның.

Арада біраз жылдар өткенде, соның төсек тартып ауырып жатыр дегенін ести сала, халін білуге үйіне бардым. Келсем, шын мәнінде байғұста бұрынғы өң жоқ, әбден күйзелген кейпін көріп көңілім босап кетті. Екі жағы суалып, көзі ұясына терең кіріп, еті қашқан денесінің құр сүлдері ғана қалыпты. Жанарында бұрынғы жарқылдаған от жоқ. Ауру әбден қажытқанын өңінен оқуға болады. Мені көріп, оның да көңілі босап, екеуімізде біраз уақыт үнсіз қалдық. Басында, айтарға ауызыма сөз түспей қиналып қалдым. Сәлден соң, үнсіздікті өзі бұзды:

- Әй, құрбым – ай, кезінде сен ораза тұтқанда, сені келемеждеп күлуші едім. Қуатым барда кеселденіп, ораза тұтпай, өлместей болып масаттанғанымның сазайын тартып жатырмын,- дегенде көздерінен бұршақтай жауған жас бетін жауып кетті.

Мен оған басу айтып:

- Жә, сабыр қыл, жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ болмайды, Алла қаласа, әлі- ақ айығып кетерсің. Ауырып тұрсаң, аунап тұрғандай боларсың,- деп шамам келгенше жұбатып жатырмын.

Оныма, ол:

-Әй, қайдам, тамағымнан бір түйір нан тұрмақ, бір ұрттам су өңешімнен өтсе ұстарамен тілгендей зар илетіп жатыр. Денімнің сау кезінде кеселденіп тұтпаған оразамды, Алла зорлықпен тұттырып қойғанына амалым бар ма? Менің көргенімді ешкімнің басына бермесін, тірідей тозақта жатқандай күй кешудемін. Енді кімді кіналаймын, бәрі өзімнен болды ,-деп, өкінішін ұлғайта жылағанда, сай - сүйегім сырқыратты. 40

Құрбымның айтқандарын тыңдап отырудың өзі мен үшін өте ауыр болды,- деген де, анам осы оқиғаны өз басынан жаңа ғана өткергендей көз алды буланып кетті.

-Алла адамды өзіне құлшылық ету үшін жаратқан. Бірақ, осының мағынасын түсіне алмайтындар түбіне терең бара алмай, адасып жатады. Құлшылық деген, басыңды сәждеден алмай, таңның атысы, күннің батысы еңбектен тиылып, зікір айт, - деген ұғым емес. Аллаға бойұсынып, әмірлерін бұлжытпай орындау, әр істеген амалыңды Алланың талабына сай ету.

Ата - анаңды, балаңды,ағайыныңды Алланың ризашылығы үшін сүю де құлшылық болып табылады. Олардың алдында адал болу, адал еңбек ету, жаманнан тиылып, жақсылыққа ұмтылу осының барлығын - таза ықылас, шын пейілмен атқарар болсаң, ол да Аллаға құлшылығың болады. Жаның мен тәніңнің талабын қоса орындау, нағыз мұсылмандыққа сай болады. Ал, жан қалауын аяқ асты етіп, дүниенің соңына түсіп махаббатың соған ауып кетсе, онда, соның құлақ кесті құлы болып кетесің. Онда, бойыңнан иман кетіп, жүрегіңді сараңдық пен қатыгездік мұзы жайлап алады. Ал одан арылу, қиынның – қиыны. Осыдан сақ бол ұлым.- деп, жиі ескертіп отыратын анамның әдеті.

Менің ықыласпен тыңдайтыныма сүйсініп:

- Ойлы адам маңына қарап бағдарлап жүріп не нәрседен болсын үлгі алады. Ондай адамның жан дүниесі байып ақылы артады,- деді де сәл ойланып алып:

-Үлкен адам болған соң, өлім - жітімге жиі барып тұрамыз. Бірде, тағы бір құрбым нашар тартып барады дегенді естіп, көңілін сұрауға бардым. Науқастың жанына келіп, жүзін көргенде, жан тәсілім бергелі жатқанын ұқтым. Қасында бала - шағасы ағайын -туғандары жиылып, көпшілігі жылап тұр екен.

Араларында діннен хабары бар ешкім жоқтығын байқап, келе сала:- «Лә иләһа иллала»,- деп, кәлима сөзін айттыруға кіріскем. Науқас меңдеген құрбым, кәлима айтудың орнына, өзінің сандығын қасына жақындатуын қатты өтінді. Сандығын ашқызып, өзінің өмір - бойы жақсы көріп жиған - алтын сырға, сақина, күміс білезік секілді дүниелерін қолына алып, бетіне, маңдайына төсегенде, жүзі жадырап кетті. Маңында аялай қоршап тұрған біздермен тіпті, шаруасы да болмады. Көздері күлімдеп, керемет рахатқа бөленген жандай балқып жатты да, біраздан соң түрі күрт өзгерді. Әп - сәтте өңі әлемтапырық болып, бет- ауызы бір уыс боп жиырылды да қалды. Ішінде өмір мен өлім арпалысы жүріп жатқанын бәріміз іштей ұғынып тұрдық. Мына түрін көргенде, тамағыма кесек тас тығылып, кеудемді алай -түлей құйын ұйытқып өткендей сезіндім. Үй іші у-шу болды да кетті. Істің насырға шапқаннын ұғынып, жалма - жан кәлиманы айтып қайталауын өтінгенімде, бетін қатты тыржитты да, басын сол жағына қарай оқыс бұрып қалғанда, басы денесінен бөлек қалғандай, сылқ ете түсті,- деген де, анамның әжімдері бұрынғысынан да молайып, әлдеқайда тереңдеп кеткендей болды. 41

Ұзын салалы саусақты қолдарымен әдемі жүзін бір сипап алып:

- Өзіне өмір силаған - Құдіретті Алланы есіне алмай өтуден, өткен үлкен өкініш бар ма, адамдарда? Мәйітті жерлеушілер қабірінен қырық қадам ұзаған соң, мәйіттен сұрақ алу басталады. Иман келтірмегеннің сұралуы үлкен азап, - деп, терең күрсінген.

Нәзік толқын өн бойымды аралап өтті. Жас толған көздерімді анамның нұрлы жүзінен ала алмай, терең ойға шомып кеткем. Айналайын менің ақ жүректі, асыл анам!!


ӨЗІМ ЖАЙЛЫ42
Осы, мен кіммін? Бұл сұрақ мені мазалағалы қашан? Арпалысып,тартысып келем. Әрине, өзіммен-өзім. Қалай? - дейсіз ғой. Жүрегімнің талабы мен ақылымның қалауының тартысы. Жүрегімді тыңдасам: «Жаратушың бар, соған мойынсын,әмірін орында, құлшылық қыл, адал бол», - дейді. Ақылым: «Дүниеден құр қаласың, ойна-күл, елден озық бол, дәулеттің қызығына кенел», - дейді.

Ойлап-ойлап, ақыл қалауына бойұсындым, бағындым. Жә, одан не таптым, қандай жетістікке жеттім? Қорқақтық, аярлық, мен-мендік, мақтаншақтық, көрсеқызарлық, тізіп айта берсем, қолымдағы саусақтарым жетпейді. Қорытып айтқанда - екіжүзділік.

Тағы да қалай?, - дейсіз бе. Оп-оңай. Өйткені, мен ақылдың айтқанымен жүремін деп, дүниенің, малдың құлы болып кеттім. Бұл өз беттіммен, өмірді өз ойымша өлшеп-кесіп, пайымдағанымның жемісі. Иә, дәп солай.

Әлі есімде, бұл бәле маған сонау мектеп қабырғасында жүргенде албастыдай жабысқан. Мектепте озық оқушы, жақсы бала атағына ие болу үшін, алғашында мұғалімдерге жағынудан басталды. Институтта ол бәле зорайып алды. Деканға, ұсаздардың беттеріне ұялмай қарап, баттитып тұрып жалған мақтаулар айтатын болып алдым. Есесі жақсы атақ, үлкен абырой. Одан кейін, бұл әдет қиналғанда құтқаратын, «Жақсы жолдасыма» айналды. Әлгі «Әккі дос» қызметке тұрған соң да, дәрежемнің өсуіне көп әсерін тигізді. Соның арқасында қазір білдей бөлім бастығымын.

Бірақ өзімнің кім екенімді білмеймін.Өз өзімді ұғынбайтын күйге жеттім. Мысалы, мына жайымды өзіңіз ойлап көріңізші?! Үлкен бастығымды бір мезгілде жақсы көріп тұрып, сол сәтте жек көріп тұрамын. Бұл жәй сөз емес, нағыз шындығым. Мүмкін емес, дейсіз бе? Әбден мүмкін. Өткенде, үлкен бастықтың ұлының тойына, сый-сыйапатымды алып барғанмын. Сөз кезегі өзіме келгенде, ұлына деп, дайындаған сөздерімнің орнына, бастыққа арнап, өтірік мадақтаулар айта жөнелдім. Шабыттанғаным сонша, өз - өзімді ұмытып кете жаздап, әрең дегенде есімді жидым. Бейне бір оның ұлы емес, өзі үйленіп жатқандай. Ал, шындығында, аузым айтып тұрғанға, жүрегім қарсы. Масқара, сол жерде жүрегім сөйлеп кетіп,шын пиғылымды біліп қойса не болар еді?! - деген ойдан, денем ду ете түсіп, өн - бойым шымырлап кеткен. Шошынғаннан төбе шашым тік тұрды. Бастық болса мені толқып тұр,- деп, ойлады-ау, деймін.

Қанша рет көзімше пара алып жатқанының куәгері болдым. Ондай кезде басекем маған:

- Осыны пәлені өзім үшін алып отыр екен, деп ойлама. Сендер үшін, сендердің салғырттықтарыңның - кеселі.Жіберген қателіктеріңді тексерушілер тапса, соларға ауызбастырық ету үшін керек. Бәрі дұрыс болса, мені ақымақ дейсің бе, сау басыма сақина тілеп? - дегенін естігенде, бұл ісінен жүрегім жиіркенеді. Бірақ бетімді жылмитып, өтірік күлген болып:

- Ол не дегеніңіз, білем ғой, сіздің тек жақсылық ойлап жүретініңізді. Сіз бәрін кеңінен ойлайтын кемеңгерсіз ғой. Елдің бәрі сіздей ойлап, сіздей қызмет етсе, заманымыз құлпырып кетер еді, - деп, оның арам ісіне жалған мақтаулар жаудырып алып, - Сіздерге осыншама ауыртпалық салып жүргеніме өзім де қатты қысыламын, - деп, өтірік көлгірсимін.

Бұл - әрине, жүрегімнің сөзі емес, ақыл солай сөйлетіп тұр. Жүректен сөйлесем: «Мұныңыз не? Мынауыңыз барып тұрған қылмыс қой! Залымдық жасаудан Құдайдан қалай қорықпайсыз?», - дер едім. Олай деуге қорқам. Оны айтсам, жұмыстан қолма-қол қуылып, дүниеден құр қаламын. 43

Ал, өз бөліміме келгенде, менен мықты жоқ. Қабағымды түйіңкіреп, ауыр ой ойлаған адамдай, өтірік салмақтана қалам. Өйтпеске амал жоқ. Өйткені, қол астымдағылар менен қорықпай қоя ма?, - деп, қорқам. Бүкіл мекеменің жүгін жалғыз арқалап жүргендей жалған күрсініп:

- Сендер түкке түсінбейсіңдер, - деп мағынасыз, ренжіген боламын.

Шындығында ішім қуыс. Не айтып жүргенімді өзім де ұғынбаймын. Бірақ, әйтеуір бердеңе айту керек қой.

Жылдар өткен сайын, залымдығым шыңдалып барады, оны жүрегім сезеді. Адамның ойы бұзылған соң, түрі де бұзылады екен ғой. Бұрын айнадан өз бетіме тесіле қарап, шашымды тарап, маңдайымды, иегімді сипап ұзақ үңіліп тұруды ұнататынмын. Әнеугүні жанынан өтіп бара жатып, абайсызда айнаға көзім түсіп кетті. Одан өз көзімді көргенде, шошып кеттім, тіпті басқа біреу шығар,- деген ой зу ете қалып, жан-жағыма қарасам ешкім жоқ, айнадағы өзім екенмін. Мынау, он жыл немістердің тұтқынында болып азап шеккен адамның көзі. Жоқ қателесем, тіпті, адам емес аңның көзі. Сол оқиғадан кейін, кейінгі кездері айнаға қарауды да қойдым.Бастықтан қорыққаным аз болғандай,енді айнадан да қорқатын болдым. Бөлімімдегі,үйдегі бүкіл айналарды алғызып тастадым.

Жұт жеті ағайынды, - дегендей қауіп көбейді. Салмақ жоқ. Жоқ жүдеп, арыған жоқпын, кәдімгідей салмағым жоғалып кеті. Аяғымды нықтап басқым келеді, бірақ... айтуға қорқам. Жарайды, оған да бойым үйреніп алды. Мендегі ең басты үрей - мына дене менікі емес, бөтен біреудікі.

Рас, рас өйткені, оның ылғи ту сыртынан сынай қараймын. Ұнамайды, жат адам. Мынау жынданған шығар,- деп, ойларсыз. Олай емес, ақыл есім дұрыс сияқты. Оның сыртынан қарағанда байқағаным, денесін киіммен жауып қойған тамақ салатын - қап, кәдімгі ұн, күріш салып жүрген. Ал мынау етпен, сүйек нығыздалған қап. Ол екі қаптың айырмашылығы мынада, киім жамылғаны - зиянды да, үн, күріш салатыны - пайдалы. Міне, осы мені мазалап, жүрегіме тыным бермейтін үрейлі сезім.

Бөліміме бөтен адам кіріп келсе, денем шымыр ете түсетінді шығарды. Өз-өзімнен қуыстанып, әлек болам да қалам. Әлгі адам тексеруге келіп, біздің былығымыздың бәрін әшкерелер ме екен деп қорқам. Есік сықырласа, телефон шылдырласа да, бойымнан береке кетіп, көңілімді алаң билеп, тағы да өз-өзіммен арпалысқа түсем. Үйдегі балаларым бұл сырымды біліп алып, есікті шиқ еткізіп, оқыс ашып қалып ойнайтын болып алды. Менің селк ете түскенімді қызық көріп, ішек-сілелері қата күліп, мәз болады. Оларға қосылып мен де өтірік күлген боламын. Күлкім-күлкі емес,жылауға ұқсас бірдеңе.

Ақыры ақтарылған екенмін, ағымнан жарылайын. Енді, түгін қалдырмай, ұят та болса еш бүкпесіз айтайын. Соңғы жабысқан ең үлкен пәле - ұйқыдан айрылдым. 44

Ұйқым, ұйқы емес, түні - бойы аунау мен дөңбекшу. Түн болып, елдің бәрі жатқан соң, мен де амалсыз, көзімді жұмып жата салам. Содан соң ұзақ ойлану басталады. Орынбасар болсам, - деп армандаймын. Бұл - жақсы ойларым. Ол кезде, жаным рахаттанып, жүрегім жұп - жұсақ болып жатады. Бірақ, жаман ойлар көбірек мазалайды. Пәтердің төлеу керек кредиті, машинама алу керек бөлшектері, тексерушілер, киім – кешек, таусылып бітпейтін қоқысық, ой- деп, айтудың өзі ұят. Түні бойы кем дегенде, төрт оянамын. Сонда сезінетінім, жүрегім сыздап, ауырып, аяқ -қолым ұйып жатқаны. Таңертең басым мең-зең болып оянамын.

Айтқандайын,соңғы кездері ой ойлай алмайтын болдым. Әнеукүні өзімше отырып, жақсы ой ойлағым келіп кетті. Содан кейін, қой, кешке дейін жұмыс, дүние, ақша дегенше, рухани биік ойлар ойламақ болып, бөлмеме бекініп алып ұзақ отырдым.

Басында Аристотель, Сократтар не айтып еді,- деп, көрдім. Миыма түк кірмеген соң, қой өте биік секіріп қойдым- ау,- деп, өз - өзіме басу айтып, мектеп қабырғасынан білетін, - Төле би, Қазбек билер не деп еді? - деп, тағы да ұзақ ойланып отырдым. Ол әректімде еш нәтиже бермеген соң, өз аталарым не деп еді?- десем, тағы ештеңе өнбеді.Сенесіз бе үш сағат ішінде түйірдей ой ойлай алмадым. Басымның ішін қалың бұлт па, түтін бе, бір түсініксіз тұман басып тұрғанын сездім. Сонан соң, бұл амалымнан ештеңе өнбесін ұғынып, қолымды бірақ сілтеп тұрып кеттім. Дегенмен бұл зорлығымнан миымның біраз шаршағанын сезіндім. Оған да шүкір деп қойдым.

Бұрын мен мұндай ма едім? Жо - жоқ. Бала күнімде мен басқа адам болатынмын. Ол кезде, қулық дегенді білмейтін едім. Өтірік айтып, жалған қылық көрсету миыма кірмейтін. Аңсағаным - адалдық, шындық емес пе?- еді. Қазір, сол мөлдір, тұнық сезімдерімді бомбымен жарып құртып жібергендей, тып-типыл болып орыны түгілі, әлгіден із де қалмаған. 45

Бірінші сыныптан бірге оқитын досыма, асыл армандарымды құштарлана айтып ой бөлісіп, сырласатын едім. Қиял қанатында қалықтап, үлкейгенде ел қамын ойлайтын Абылай, Абай аталарымыз сияқты боламыз, - деуші, едік. Үлбіреген пәк сезімдер-ай. Соның бәрі көзден бұл-бұл ұшып, жәй бос арман ғана болып қалғаны - ай. Сондайда досым,- Сен үлкен жазушы болатын шығарсың,- дейтін. Расында, мен жазушы, журналист болуды армандайтынмын. Мектепте жазған шығармаларым да, адалдық, адамдық жайлы еді. Сөйткен досымнан жетінші сыныпта, енесінен жеріген қозыдай жеріп,жеріп шыға келдім емес пе?! Асыл армандардан көрі, абырой-атақ аңсап, мақтан қуып кетпедім бе?!

Ойлап – ойлап өзіммен талайдан араласатын досыммен сырласуды ұйғардым. Ондағы ойым, сол секілді өз алдыма жеке шаруа ашып, ешкімнен тәуелсіз болсам, жүрегімді жайлаған жалмауыздан құтылмын ба деген ой. Сөйтіп, өткен сенбіде телефон шалып едім, қуанып қалды.

- Орталық дүкендегі кеңсемдемін, келе қал, күтем әңгімелесейік, - деген.

Қолма –қол жиналып ілезде кеңсесіне жетіп келдім. Кең бөлмеде, үлкен стөлінің үстіне шөмеле – шөмеле қатталған қағаздардан басы әзер қылтиып, отыр екен. Мені көре сала алдындағы қағаздарын ысырып:

- О, бәрекелді, көрмегелі біраз болды,- деп, қолымды қатты қысып,құшақтап жатыр.Дауалда ілінген үлкен айнаға арқамды бере, әдемі орындыққа жайғастым. Содан екеуіміз шай ішіп отырып, ұзын сонар әңгімеге кірістік. Кімнің қандай қызметке, қалай орналасқаны, пара алып ұсталғандар, салынып жатқан сауда орындары,пәтерлердің өсіп бара жатқан бағасы, тағысын - тағы, осы тектес тексіз әңгіме. Біраз нәрсе айтылып болды – ау дегенде, әңгіме жүйесін өзіне қарай бұра бастадым. Сөйттім де:

- Шіркін! Сенікі рахат өмір ғой, өз еркің өзіңде. Ешкімнен де, ешнәрседен де қорықпайсың. Біз ғой, байлаулы ит сияқты, еріксізбіз.Тұла бойымызды қорқыныш билеп алған,- дедім. Өз пікірімді білдіріп, әрі оның да ойына жасырын барлау жасамақ болып. Қасын керіп, ойланғандай болды да миығынан мысқылдай күле:

- Қайдан, нағыз рахат сендерде емес пе? Жұмысқа уақытында барып, уақытында келесіңдер. Дүниеден айырылып қалам – ау деп уайымдамайсыңдар. Бәрі өкіметтікі, жандарың ауырмайды,- деді. Сонан соң көзін қысып, маған қулана қарап:

- Мынау,- деп, оң қолының екі саусағын бір біріне ақша санағандай шапшаң үйкелеп,-Бір қол қойсаң өз өзінен ағылып келіп жатады деді.

- Сонда сен, мына істеп отырған жұмысыңда рахат жоқ демекпісің,- дедім таңырқай. 46

- Иә, рахат жоқ, барып тұрған азап,- деді. Жаңағы қутыңдаған өңі дереу өзгеріп, бұлттанған аспандай күңгірт тартып кетті. Содан кейін, бұрынғы он төрт дүкенінен, он екісі ғана қалғаны, оның жартысы банкте кепілдікте екені, айына он –ақ миллион пайда түсетіні, күніне екі, айына алпыс тексеріс келетіні, олардың бәрі дәмететіні, тапқан- таянғанының жартысы соларға кетіп, қалғаны түкке жетпейтінін үлкен күйзеліспен айтты. Қорыта келіп:

- Ең қатты жаныма бататыны жүректе тыным жоқ. Мазасыз ойлар, үрей мен қорқыныш. Сенсең ішкенім ірің, жегенім желім.Әсіресе қараңғы түскен соң қиын екен,- дейді.

- Түнде тіпті күшейіп алып, мың түрлі мазасыз ойлар таң атқанша маза алып ұйықтатапайды,- деп досым маған мұңая қарады. Досымның айтқандарынан, жақынымның жерлеуінен қайтқандай көңілім құлазып келіп құладым.

Осы азаптан қалайда арылмақ болып, тағыда :

- Қой, осылай жүріп адамдықтан азып, аң болып кетермін,- деп,басқа мекемеде қызмет атқаратын, танысыммен сырласып көрмек ойға келгем. Өте жақын араласқан адамым емес, жұмыс бабымен кездескенде, бір - екі ауыз сөйлесіп қалғаннан арыға барған емеспіз. Әйтеуір мені көрсе жылы шырай танытып, хал - жайымды сұрауы жаныма майдай жағады. Негізі оның қандай екені туралы бейхабармын. Бар білетінім - сөзі салмақты, өзі сабырлы. Әрі, соның көңілінің кірбің тартып жүргенін байқамаппын. Қашан көрсем де, жүзі жайдары, көңіліңде алаң жоқ, бар ісі сайма - сай адамдай күлімдеп жүреді. Кім білсін, біреудің ішіне біреу кіріп шығып па? Әйтеуір, өзімнің байқағаным осы. Бірақ, көзге қораштау көрінетін кемістігі - киім киісі тым жұпыны,қарапайымдығы. Кейде, жанында ұзақ тұруға намыстанам. Біреу -міреу көріп қалса, жақын досы деп, қалар ма екен,–деп қатты қысыламын.

Ал, енді одан басқа мен білетін жақын таныстарымның, қайғысызын көре алмадым. Қайсысымен сөйлесе кетсем зар илеп, қара аспанды төндіріп отырғаны. Олардан қуат алмақ түгілі, қайғыңа қайғы қосып, ол пәлені одан сайын зорайтады. Не болмаса, анаған алай демейсің бе, мынаған былай демейсің бе? - деп, өзіме қулық - сұмдық үйретеді. Менің миымда ондай залымдықтың атасы отырғанда.

Жә,сонымен кеше жұмыстан соң жаңағы айтқан танысыма келсем, ол да жұмыстан жаңа ғана шығып келеді екен. Мен жолымның болғанына қуанып жатсам, ол да мені көріп, жақын ағайынын кездестіргендей қуана амандасып жатыр.

-Көптен көрінбедің ғой, үй -ішің аман ба?- деп, таза көңілден жөн сұрауы, жаныма жағып барады. Екеуіміз көше бойлап әңгімеміз жарасып,біраз жүрдік. Сәті келді - ау деген кезде, маған маза бермей жүрген сұрағымды: 47

- Осы сені қорқыныш мазалай ма, қорқатын нәрселерің бар ма? - деп, төтесінен кеттім.

Салмақты түрін бұзбай:



  • Әрине,адам болған соң- деді.

«Ее, сен де мен сияқты сор маңдай,сорлы екенсің ғой»,- дедім іштей. Сөйтсе де, анығырақ білгім келіп:

-Кімнен? Не үшін,- дедім.

-Құдіретті, Жаратушы Алладан,- деп, алды да, - Қиямет күні, бүгінгі істерім үшін жауап беретінімді ойлап қорқамын, - деді. Түрі салмақты тартып, көз алды аздап дымданып кеткендей болды. Мына айтқандары менің де жүрегімді тыз еткізіп, ішімнен нәзік жылы леп жүгіріп өткендей сезіндім.

-Тағы неден қорқасың? - дедім, жаңағы мен күтпеген жауабынан кейін, дауысым бәсең тартып.

- Басқа ештеңеден қорықпаймын, - деді күлімсіреп.

- Рас айтасың ба? - деймін таңырқап.

- Жалған айту мұсылман үшін күнә болады. Шындығым осы,- деді, салмақты дауыспен.

Сәл ойланып алдым да :

- Өлімнен де қорықпайсың ба?,- дедім, не дер екен деп, әдйі сынай.

- Иә, өлімнен де,- деді де, - Ол мен қорқады екен деп, маған жоламай қоймайды. Және мен одан қашып құтылмақ емеспін. Сондықтан, оны мойындау керек. Онан кейін, Мәңгілік өмір бар, соған дайындалып, жайымның Жұмақтан болуын Алладан қалап, соған лайық амал жасауым керек, - деді.

Мен бұл айтқандарын мойындап, іштей: -Расында да, мен қорықпайтын нәрседен қорқып, қорқатыннан қорықпауым неліктен екен?- деген ойға кеттім. Осы ойымды оқып қойғандай ол:

- Адамның махаббаты неге ауып кетсе, одан айрылып қалудан үрейленуі заңды. Бірақ, оны қанша сүйсең де, ақиқатында одан айрылмай қоймасың. Мысалы, үйіміз, машинамыз, бүкіл дүниеміз біз өлген соң артта қалады және ешқандай пайда әкелмейді. Сондықтан, оған аса құмартудың мағынасы да, қажеті де жоқ. Дегенмен, дүние керек емес демеймін, оларды да, Мейірімді Алла бізді өзіне құлшылық ету үшін жаратқан құралдары,-деді.Айтқандары жүрегіме жағып,ақылыма анық қонып тұр.Қарапайым, түсінікті.Тыңдай бергім келеді.Құмарым қанар емес.Ойының әлі аяқталмағанын сезіп келемін. Ауызынан шыққан әрбір сөзін қалт жібермеуге тырысып, сүйкімді жүзінен көз ала алмай, құмарта қараймын.

- Құранның Жүніс сүресінің алпыс екінші аятында Алла Тағала былай дейді:

«Ақиқатында Алланы мойындағандар қорқыныш сезінбейді және қайғыға ұшырамайтын болады»,- деді де, -Ұғынғанға осы ғажап емес пе?- деп, маған сүйсіне қарады.

Бұнымен пікірлескен аз уақыт ішінде, мойынымнан ауыр жүк түскендей,өзімнің жеңілдеп қалғанымды сезіндім. Жүрегімді сұлу сезімдер билеп, көңілімнен алаң қашқанын ұғындым. Айнаға қарап көптен көрмеген, алырап тұрған өз жүзімді көргім келіп кетті. Қасымдағы досымды құшақтап, рахмет айтқым келеді. Қандай рахат!

Енді, мен жақсы, тамаша ойлар ойлай аламын. Ондай болса, Алланың әміріне сай, адал, жақсы істер атқара аламын. Енді мен кіммін? Әрине мен мұсылманмын, Алладан ғана қорқатын, Иемнің адал құлымын.Өйткені жүрегім солай деп соғып тұр48




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет