Қамқор, Мейірімді Аллаһтың атымен!



бет1/5
Дата27.12.2016
өлшемі0,83 Mb.
#5558
  1   2   3   4   5
Қамқор, Мейірімді Аллаһтың атымен!

Барлық мақтау Өзінен басқа құдай болмаған, Аллаһ Тағалаға ғана тән! Соңғы Пайғамбар Мухаммадқа, оның жанұясы мен туған туысқандарына және оның сахабаларына, Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!
Мұны жазған кісінің Жақынның сөзі тәтті деп,

Атын білме, сөзін біл! Жақыным айтты дей көрме.

Осы жалған дүниеден Надандықпен кім айтса,

Шешен де өткен не бұлбұл; Ондай түпсіз сөзге ерме.

Көсем де өткен не дүлдүл Сізге айтатын қаупім – бұл.

Сөз мәнісін білсеңіз, Өзің үшін үйренсең,

Ақыл – мизан, өлшеу қыл. Біреу емес сен білсең,

Егер қисық көрінсе, Білгеніңнің бәрі – тұл.

Мейлің таста, мейлің күл. Сөзіне қарай кісіні ал,

Егер түзу көрінсе, Кісіге қарап сөз алма.

Ойлап-ойлап, құлаққа іл. Шын сөз қайсы біле алмай,

Ақымақ көп, ақылды аз. Әр нәрседен құр қалма.

Деме көптің сөзі пұл.

АБАЙ
Қымбатты оқырман, сіздерге ұсынып отырған бұл кітапша, бәрімізді адамгершілік асқарына жетелейтін, насихаты мол әңгімелерден құралды. Біреудің ой қиялынан шыққан туынды емес. Өмірімізде болған маңызы зор мәселелердің мән-жайы баяндалатын, ғибраттанып өнеге алатын хикаялардың шағын жинағы. Мағынасы терең, қарапайым оқиғалары саналы жандарға ой салып, жамандықтан тосылып жақсылыққа ынтызар болуға, өз ықпалын тигізеді деген ойдамыз. Даналық сөздер ұлағатты ұрпақ өсіруге, сабырлылық, қайырымдылық, кішіпейілділік, адалдық атты ұлы қасиеттерді бойымызға сіңіруге әсерін берер деген үметтеміз. Сырын ұғыпнып сараптауды, пікір білдіруді, насихаттап сауап алуды өздеріңізге тапсырдық. Адал ниеттеріңізді Алла қабыл етсін!

Осы кітапты мағынасы мен сөздерін өзгертпестен кез-келген түрде басып шығаруға, көбейтуге, материалдарын қолдануға, сатуға, тегін таратуға толығымен рұқсат беріледі.



МАҚСАТЫ МӘНДІ МӘДИНА
Бүкіл адамзат баласына ортақ сезімдердің бірі ата-анасына, ағайынына, әсіресе өз баласына деген сүйіспеншілік махаббат. Жер бетінен өз баласын сүймейтін адамды кездестіру мүмкін емес шығар. Әйтеуір өз басым кездестірген емеспін. Адам тұрмақ ақылы жоқ хайуандардың да балаларына деген қамқорлық сүйіспеншілігін көргенде таң қалмасқа шараң қалмайды. Біздің қазақта: «Қарға баласын аппағым, кірпі баласын жұмсағым, - деп сүйеді», - дейді. Өзіміз күнделікті көріп жүрген құс та, ит пен мысық та өз балаларына ерекше еміренгенін көріп жатамыз.

Осы ойды айтуға себеп болып отырған өзімнің жанымдай жақсы көретін қызым Мадинаға, деген махаббатым. Мадина осы өмірге келгеннен бергі әр-бір сәті Гүлмира екеуміздің көзімізден таса қалған емес. Оның алғашқы былдырлап сөйлей бастауы, әр нәрсені бізге қимылымен ұқтырып, төрт тағандап еңбектеп тоқтамай заулап өз ұнатқанын тауып алуы, тоғыз айында теңселе тұрып нәзік қолдарын алға созып ауа қармап алғаш тәй-тәй басуы, біздің саналы өмірімізде одан тәтті, одан мағыналы сәттер болмаған-ау деймін. Күн санап тәттілігі артып барады. Сүйкімділігін арттыратын тәтті қылықтарынан басқа оның ерекше зеректігі, не нәрсені қолына алса тыңғылықты атқаратыны. Әр-бір ойыншығына орын тағайындап, әрқайсысының тап-тинақтай болып тұрғанын жақсы көреді. Ұқыптылаққа жаны құмар. Өзінің талғамы да ерекше, қажетін іздеп дүкен аралағанда не болса соған құмартпай, өзіне жарасымдыны ғана таңдап жүріп алады. Атасы мен әжесі де Мәдинаның қылықтарына сүйсініп немерелеріне деген адал ыстық сезімдерін жарқыраған жүздерімен, жүрек лүпілдерімен жеткізеді. Мадина биыл үшінші сыныпта оқиды, оқу үздігі1.

Жұбайым Гүлмира екеуіміздің Аллаға иман келтіріп, намаз оқып, ислам қағидалаларын толық орындап жүргенімізге биыл Алла жазса он жыл болады. Бізден көргенін бойына сіңіріп, таза ықыласты Мадина да соңғы үш жылда көп нәрселерді ойына түйіп үлгерген. Сәбилік пәк сезімі мөлдіреп аққан таза бұлақтай тұнық. Аллаға деген оның адал құлшылығы адамды қызықтырмай қоймайды. Қолымыз қалт ете қалса бізді қала сыртына сүйреп табиғатты тамашалауға себепкер болатын да осы Мадина. Онда да тек жүрмей анау не, мынау не, ол неге олай, бұл неге бұлай?, - деп таусылмас сұрақтар жаудырып, жауабын алмай тыным да таппайды. Бәрін білгісі кеп, бәріне ерекше құштар-ақ жаратылыстың сансыз сырына сүйіспеншілікпен өз шамасынша үңіледі. Сондай кезде тіпті құлпырып сүйкімді болып кетеді. Осындайда Гүлмира екеуміз шынайы бақытқа бөленіп мәз-мәйрам боламыз. Ата-ана үшін ұрпағының адал, адамгершілігінің мол, мәдениетінің зор болып өсуінен артқан қуаныш бар ма? Мадинамыз сондай адам болар деген үлкен үміттеміз.

Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқаны бар: «Адам өлгеннен кейін артында жалғасатын үш амалы қалады: Алла жолында жұмсалған дүниесі, Алла жолында қалдырған білімі және де өзіне дұға жасайтын адал ұрпағы». Олай болса, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп өсіру, артымызда адал перзент қалдыру біздің де маңызды мақсатымыз. Қызымның қызықты қылықтарын тізіп айтсам тауыса алмайтын шығармын. Әрі ондай жағдай әр-бір ата-ананың өмірінде жиі кездесіп жатады. Мен сіздерге Мадинаның басынан өткізген бір қызықты жайды әңгімелеп беруді жөн көріп отырмын.

Әдебиет пәнінің мұғалімі сыныпқа бір тақпақ жаттап келуді тапсырған екен. Мадина тапсырманы күнделігіне жазып алмай балалықтың әсерінен жаттауды ұмытып кетсе керек, мектепке барған соң үзіліс кезінде тапсырма есіне түседі. Азғана үзіліс үстінде тақпақтың жартысын ғана жаттап үлгереді де, қалғанына шамасы келмей: «Иә Алла, менен осы жаттағанымды ғана сұрата гөр!», - деп Алладан жәрдем сұрайды. Расында да сабақ басталған кезде ұстазы: «Қанеки, Мадина, тақпағыңды айта ғой», - деп орнынан тұрғызады. Қызық болғанда Мадина тақпағының жаттаған сөздерін айтып болғанда, ұстазы оны тоқтатып, қасында отырған баладан ары қарай жалғастыруын талап етіпті.

Кешкі дастархан басында, Мадина Гүлмира екеуімізге болған оқиғаны баяндап бергенде, оның таза ниетіне қатты риза болдық. Гүлмира: «Қызым-ау Аллаға, менен ештеңке сұратпа, - деп сұрасаң сенен Алла сұратпас та еді ғой», - дегеніне мен: «Жоқ, Гүлмира, Мадина өте дұрыс істеген, өйткені ол өзінің шамасы келгенінше талпынды да, қалғанын Раббысына тапсырды. Мінеки Аллаға тәуекел етудің таза үлгісі осындай болады. Бұл нағыз шынайы мұсылманның амалы», - дедім. Олай деуіме Алла Тағаланың Құрандағы «Талақ» сүресінің үшінші аятындағы мына сөздері арқау болды: «…Алла Өзіне тәуекел еткендерге, медеткер болуға жеткілікті...» 2

Мәдинаның істеген амалы, Алланың сөзіне сәйкес келуі бізді қатты қуандырды. Ол ешкімге жалған айтпай, шын ықыласымен шамасы келгенше адал еңбектеніп, ал шамасы келмегенін Аллаға тәуекел етіп Раббысына дұға жасап үйренуі, оның болашақта жақсы адам боларының белгісі, деп ұғынамын. Иә солай болғай!

Қызымның Алланың көрсеткен адастырмас жолында болуы, оның жарқын болашағы туралы үмітімді ұлғайтып, сенімімді зорайта түседі. Келешекте еліне елеулі, халқына қайырлы іс атқаратынына күмәнім жоқ, өйткені ол әділеттіліктің үзілмейтін мықты жібінен нық ұстанған.

Адамзат баласының жүрегіне сарқылмайтын махаббат атты нәзік сезімді сый-тарту етіп, өмірге деген құштарлығымызды арттырып қойған-ау. Бізге өмір беріп, перзент сүйгізіп, бір-бірімізге деген тіл жетпейтін тұнық сезімдер арқылы бақытқа жетелеп, осыншама мейірбандықты жанымызға ұялатқан кім екен?, - деген ой әркімді-ақ мазалайтын шығар. Мейірімі күшті Алладан басқа кім болуы мүмкін, әрине Қайырымды, Мейірімді Алладан басқа ешкім болуы мүмкін емес. Өйткені Алланың елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деген:

«Расында, Алла Тағалада жүз бөлік мейірім бар, оның тоқсан тоғызын Өзінде ұстап бір бөлігін Жерге түсірді. Сол мейірді бүкіл жындар, адамдар, хайуандар және құрт-құмырсқалардың арасында бөліп берді. Соның әсерінен бүкіл адамдар бір-біріне мейірім көрсетеді және сол арқылы жабайы аң да өзінің баласын жақсы көреді. Ал қалған мейірімінің тоқсан тоғыз бөлігі жайлы айтатын болсақ, оны Алла Өзінің, құлдарына Ахірет күні көрсету үшін сақтап қойды».

Алланың бізге берген бір бөлік мейірімінің кереметін тіліміз айтып, ақылымыз жете алмайды. Ал Оның Өз тарапында қалдырған мейірімін сезіну ғажаптың ғажабы емес пе. Ақырет күні бәрімізді сол мейірімін сезініп дәмін татуды жазсын. Әмин!3

ӘБДІКӘРІМНІҢ ШАМАСЫ
Әр бір жан иесінің өзіне ғана тән, басқа ешбір адамға ұқсамайтын ерекше тағдыры бар. Сырын ешкім аша алмайтын, тылсымы аса тереңде жатқан ғажап нәрсе. Одан адам баласы ғибраттанып қана қоймаса, тұңғиығына үңіліп ұғынам деу, ақылға ауыр тиіп миыңды талдырады.

Ертеректе Тәуекел, деген адам кедейліктің зардабын әбден тартып, жанына батқан соң Аллаға жалбарына дұға қылып, таршылықтан құтқаруын сұрайды екен. Сол қаланың тұрғыны Әбдікәрім керісінше асқан бай болыпты. Алыс-жақын елдермен жасаған саудасы өркендеп, жыл сайын дәулеті асқан үстіне аса түсіпті. Өзі тұратын қаласының мұң-мұқтажына қаражат бөліп, қажетті істен тартынбайтын, қолы ашық жомарт адам еді, деседі. Әсіресе жетім мен жесір, білім мен денсаулыққа байланысты шараларға ерекше ынта танытып, қамқорлық жасауды жаны сүйеді екен. Малым арымның, арым жанымның садағасы, ал жаным иманымның садағасы, деген сөз сол кісіден қалған екен, дейді.

Әбдікәрімнің ел есінде қалған бойындағы тағы бір қасиеті ерекше тақуалығы екен. Күнделікті бес уақыт намаздан соң түн ортасында тұрып, ұзақ уақыт Аллаға құлшылық етіп, намаз оқуды өмірлік әдетіне айналдырыпты. Жұма күні мешітке алғашқылардың қатарында келіп, кешірек қайтатын көрінеді. 4

Сондай күндердің бірінде мешітте аса жұпыны киінген Тәуекелдің Аллаға жалбарына кедейліктен құтқаруын сұрап жатқан дұғасын Әбдікәрімнің құлағы шалып қалады. Бұл сөздерді естіген Әбдікәрім, пақырды қыжалатынан шығаруды ұйғарады. Мешіттің ауласында арнайы тосып алып, Тәуекелдің өзімен үйіне ілесіп жүруін өтінеді. Үйіне келген соң қонағын ерекше ілтипатпен күтіп, жақсы әңгіме айтып, қарнын тойдырады. Сонан соң Әбдікәрім Тәуекелді ертіп, өзінің ақша сақтайтын қараңғы бөлмесіне алып келеді. Тәуекелді бөлмеге кіргізерде қолына күрек беріп:

- Осы күрекке ілінгенінше менің дәулетімнен алып қажетіңе жарат, - дейді.

Әбдікәрімнің аузынан шыққан сөз, Тәуекелдің бақыттан басын айналдырып, мас етеді. Әп-сәтте көз алдына сәулетті үй, қора-қора мал, дастархан толы ас елестеп кетеді.

Бөлменің есігін ашқанда түскен жарықтан ішіндегі байлықты көрген Тәуекелдің көзі тұманданып, қолы қалтырап өз-өзін игере алмай, тау болып үйіліп жатқан алтын ділдаға қолындағы күрегін тереңірек көсіп жібереді. Бөлмеден шыққанда қараса күрегін теріс ұстағанын бір-ақ біліп, оған ілінген жалғыз ділданы көзі көреді. Күрегіне жалғыз ғана ділданың ілінгеніне, көңілі құлазып қатты қынжылады. Қиялындағы дәулеттің белгісі де қолына ілінбегені оған үлкен соққы болады. Берілген мүмкіндікті пайдалана алмағанына өкінеді.

Оның бұл күйін байқап тұрған Әбдікәрім:

- Саған Кәрім Алла бермегенді, Оның құлы Әбдікәрім қалай бере алады!, - деген екен.

ПАРАСАТТЫ ФАРИДА5
Шіркін, жаз кімге болсын ерекше қолайлы мезгіл ғой. Кеңес құрған қариялар да, шаруа қамындағы ересектер де, ойын қуған балалар да осы уақытты асыға күтетіні бәрімізге мәлім. Жаз келсе-ақ тіршіліктің тынысы кеңейіп сала береді. Шығыстан күн қылаң бере адамдар қайшалысып қыруар жұмысына құлшына кірісіп кетеді. Дүние бейне бір құмырсқаның илеуі дерсің.

Қыстық киімінен құтылып, жеңіл жейде киінген жандар жүздері жарқырап мөлдір көл бетінде сыбдырсыз жүзген құстардай жеңіл жылжиды. Жарқыраған күн де қызуын еселеп төгіп, жердегілерге мейлінше мейірленіп тұрмай ма. Жеті қабат жер де жібіп, қойнынан қаулап шыққан көк жасыл кілемдей көрікті көгі құлпырып, көзіңді қуантады. Жаңбырдан соң жан бітіп жасарып шыға келген көгал шөп, жасыл жамылғы киіп жапырағы жайқалған ағаш-талдар көңіліңді көркейтпей қоя ма. Табиғаттың тамаша сыйына қуанған жыршы құстар да өз қуаныштарын жасыра алмай аянбай әсем әндерін жарыса қошеметпен сайрата салады. Жаны жалқау еместер табиғаттың осы бір таңғажайып келбетінен ләззәт алары анық.

Былтырға қарағанада біздің аула көп өзгерді. Балалар ойнайтын алаңға айналдыра дөңгелектер орнатып, ішіне гүл отырғызылған. Шатырлы үш орындық, екі алтыбақан, екі сатылы турник қойылып, майда құм төгілген. Балалар да, біз де мәзбіз.

Кішкентай Фарида жаз шықса өз бетімен аулаға шығып, емін-еркін ойнап келуді әдетіне айналдырған. Ол биыл бесте. Ілияс пен Гүлжанның тұңғышы. Фарида басқа балаларға ұқсамайды. Мінез-құлқы да, сөйлеген сөзі де ерекеше. Сонысын қызық көретін ауладағы әжелер Фариданы көрсе орталарына алып, сұрақтарын жаудырып, ермек етеді. Сұрақтарына салмақты жауап алған әжелер:

- Өркеннің өссін айналайын, көп жаса, ақылыңнан айналайын, - деп мәре-сәре болып, Фариданың қолына алма, кәмпит ұстатып жатқандары.

Фарида бүгін де күндегі әдетінше аулаға ойын ойнауға бет алған. Аулада ойнайтын ешкім байқалмаған соң, құм үстіне өзінің ойыншықтарын ретімен орналастырып өз ойнының қызығына беріліп кеткен. Ауланың арғы бетінде биыл басталған жаңа үйдің құрылысы енді қарқын алып келеді. Соның бірінші қабатында бір топ мектеп жасындағы балалар ата-аналарынан жасырынып темекі шегіп тұрғанын Фариданың көзі шалып қалды. Мұны байқаған балалардың ішіндегі ересектеуі ымдап Фариданы өзіне шақырды.

Бейғам Фарида әлгілерге жақындап келгенде, жаңағы ересек бала оны өз қылмыстарына ортақ етпек оймен:

- Мә, шегіп көр, - деп қолындағы түтіні бұрқыраған темекісін ұсынды.

Жаңа ғана жайдары жүрген Фариданың әп-сәтте түрі бұзылып:

- Жоқ шекпеймін, мұсылмандар темекі шекпейді, - деп, үзілді-кесілді жауап қайырған.

Әлгі бала алдыға бір қадам ұмтылып:

- Сенің темекі шеккеніңді ешкім көріп тұрған жоқ қой, кел шегіп көрсеңші, - деп қолқалай түсті.

- Неге көріп тұрған жоқ? Мені Алла көріп тұр, Ол қайда болсам да көреді, - деп Фарида сенімді жауап берді.

Күтпеген жауапты естіген топ, төбелерінен жәй түскендей әсер алып дағдарып қалды. Енді Фариданы көндіру мүмкін еместігін түсініп:

- Жарайды шекпесең, біздің шеккенімізді ешкімге айтушы болма, - деп жамырай шуласты.6

Фарида жауап қайтармастан, олардың жаман қылықтарын ұнатпағанын байқатып қабағын түйіп, күрт бұрылып өзінің сүйікті ойыншықтарына бағыт алды. Қолма-қол ойыншықтарын жинап алып үйге тартып тұрған.

Гүлжан қызының әдеттегіден ерте оралғанына таңырқап:

- Қошақаным, неге ерте оралдың, аулада ешкім жоқ па екен?, - деген, сұрағына Фарида мамасына жаңа ғана болған жайды бастан аяқ баяндап берген.

Қызының таза пиғылы мен сәбилік адал пейілі Гүлжанды қатты тебірентіп:

- Ботақаным менің, ақылдым менің, - деді де, құшағына алып құшырлана сүйіп, - Жамандыққа жуымаған ақылыңнан айналайын, - деп еміреніп алған.

Кешке, Ілияс жұмыстан оралып астарын ішкен соң, Гүлжан екеуі Фариданы ертіп, қала сыртындағы көл жағасына бет алған. Ілиясқа бүгінгі Фариданың оқиғасын жол жөнекей әңгімелеп бергенде ол таңырқауы мен қуанышын жасыра алмай:

- Екеуміздің өз дінімізге деген таза ниетіміз, өзінің алғашқы жемістерін беруде. Бала деген сорғыш сияқты, бойына көргенін, естігенін сіңіреді. Жамандықты жанына жуытпауы, арам істен аулақ болуы бізден көрген өнегесі, - деп, Фариданы еркелете көтеріп құшағына алды да Гүлжанға сүйсіне қараған.

Ілиястың бұл сөздеріне Гүлжан:

- Расында, біздің дініміздің пәктігінің көрінісін кішкентай қызымыздың бүгінгі кішкентай ғана амалынан көріп тұрмыз.

Гүлжанның тамаша ойын жалғастырған Ілияс:

- Нашақор болма, арақ ішпе, ұрлық қылма, өтірік айтпа, жалқау болма дегенше дінімізді толық ұстануды үйретсек, Ислам барлық жетістіктерге еш бір қиындықсыз апарады емес пе. Шынымен-ақ ата-ананы құрметтеу, үлкен мен кішіні сыйлау, инабаттылық, ізеттілік, секілді барлық жақсы қасиеттерді асыл дініміздің өзі-ақ бойымызға дарытып тұрған жоқ па, - деген.

Көл басы күндізгідей емес, тынышталып қалыпты. Қызған темірдей болып қызарып, ұясына қонып бара жатқан күннің алтынды шұғыласы көрікті нұрын төккенде, көл беті тотының қанатындай түрлі бояуларға бөленген. Ел аяғы басылған соң аққу, шағала, қаз, үйректер еркінсіп жағаға жақындап, су бетінде отырып көлдің сұлу толқындарында бесіктегі баладай тербелуде. Бір-бірін қуалай жарысқан шағын толқындар көл жиегіндегі сандықтай тастарды еркелей шапалақтап, шөлп-шөлп сүйіп қаша жөнеледі. Фарида үйреншікті әдетінше, үйден алып шыққан нан түйірлерімен қол жетер жерге тақап келген сүйікті қос аққуын кезек-кезек тамақтандыруға кіріскен. Бір-бірлеріне әбден бауыр басып достасып кеткен. Ілияс пен Гүлжан қыздарының тәтті қылығына сүйсіне қарап, табиғаттың сүйкімді суретін қызықтап тұр. Расында, жаз кімге болсын ерекше қолайлы мезгіл ғой.
ТАСБАҚАНЫҢ ТАҒДЫРЫ7
Адам баласының басына қайғы-қасырет келіп, қауып төніп, не ауруға шалдықса әркімнің әр қилы әрекет жасайтын әдеті. Біреулері өзін жаратқан Иесін есіне алып, тәубәсіне келеді. Енді бірі иманның төмендігінен: «Мен бүйтпегенде бұлай болмайтын еді, былай істемей былай істеуім керек еді», - деп, не өзін, не біреуді кінәләп әлек болады. Үшіншісі, күпірлік қылып, құдіреті күшті Алланы кінәләп: «Мен Саған не жаздым?!», - деп өз күнәсін бұрынғыдан да зорайтып алады.

Біздің әңгімеміздің арқауы болып отырған Мұхтар, осы аталғандардың біріншісінен болса керек. Олай дейтініміз, осыдан алты ай бұрын мәшинесімен жол апатына ұшырап мертіккен еді. Соның салдарынан екі аяғы қимылсыз қалып, қазіргі күндері мүгедектер арбасымен ғана қозғалатын күй кешуде.

Жол апатынан кейін ауруханаға түсіп, ең алғаш өз-өзіне келе бастағанда Мұхтардың бірінші айтқан сөзі:

- Иә Алла, менің күнәләрімді кешіре гөр! Өзіңнен басқа Құдайдың жоқ екендігіне куәлік етемін!», - деген.

Қасында отырған әйелі Жәния оның бұл айтқан сөздерінің мағынасын басқаша түсініп:

- Мұхтаржан, неге олай дедің, сенің ешбір күнәң жоқ қой, бас аман болса бәрі оңалар», - деп жұбатпақ болған.

- Жоқ Жәния, сен мені дұрыс түсінбедің, Алланы есінен шығарып, үкімдерін толық орындамағандардың бәрі күнәһәр, - деп жауап қайтарып, Мұхтар терең демалып, қатты күрсінген еді. 8

Ауруханадан үйге шығып келгеннен бері Мұхтар мүгедектер арбасымен үйінің кең терассасына шығып табиғатты тамашалап, таза ауамен тыныстауды ерекше ұнататын боп алған. Ендігі ермегі көбіне өз-өзімен сырласып ой қорыту. Арасында анда-санда халін білуге келген туыстарымен әңгімелесу. Бұрынғы сау кезінде маза бермейтін достары біртіндеп келулерін сирете бастаған, әредік телефон шалып хал сұрасып қана қоятын болды. Кеше ғана өз құрбысының алды болып, іскерлігімен талай жетістіктерге жетіп жүрген Мұхтарға, бүгінгі күйі бұл өмірге басқаша қарауға көп әсерін берді. Өткенге ой жүгіртіп, кешегісі мен бүгінгісін саралап, өзімшіл ойларынан арылып бұл өмірдегі орынын енді ғана ұғына бастағандай.

Осы халге түскеннен бері атасы Асанбай жиі есіне оралып, түсіне кіретін болып жүр. Ол кісінің марқұм болғанына биыл он алты жыл болады екен. Көпті көрген көнекөз қария, деп жұрт атасын ерекше құрметтейтін. Мұхтар бала күнінде атасынан бір елі қалмай барған жерінде, атасына көрсетілген құрмет оған да көрсетіліп жататын. Атасы Асанбай отырған жерінде елге насихат айтып, құран оқып, діни әңгімелерді көп айтатын. Жұрт та атасының әңгімелерін ерекше ықыласпен сүйсіне тыңдайтын.

Атасының сондай бір отырыста Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, айтты, - деп: «Алланы есіңнен шығарма, сонда Оны алдыңнан табарсың, Алланы бақытты шағыңда ізде, Ол да сені бақытсыздыққа душар болғанда табады. Саған кезігу керектің жолықпай, ал жолыққанның сені айналып өтуі мүкін емес екендігін біл. Сондай-ақ, көмек – сабырдан соң, қуаныш – қайғыдан соң, ал жеңілдік – қиындықтан соң келетіндігін ұғын», - деген әңгімесі жадында жатталып қалыпты.

Адамды шын бақытқа жетелейтін асыл сөздер ғой, шіркін. Қолда барда алтынның қадірі жоқ, деген сөздің мәнісі осында шығар, атасының тірісінде айтқан сөздерін енді ғана ұғынып, санасына сіңіріп жатыр. Сабыр сақтайын Алланың көмегі келер, қайғымның арты қуаныш, қиындығымның соңы жеңілдік болар. Иә Алла, Өзіңнің мейіріміңнен күдерімді үзбеймін, - деп іштей Алламен жалбарына сұхбаттасып жатқан күйін,

- Әке, мынаны қараңыз, - деп таңырқаған ұлы Болатжанының даусы бөлді.

Мұхтар бұрылып қараса, ұлы қолына шойындай қара тас сияқты бірдеңені ұстап шатырдан түсіп келе жатыр екен.

- Әке, міне қызық, мына тасбақаны шатырдан тауып алдым, білесіз бе бұның шешесі шағала, - деп өз сөзіне өзі жауап беріп, - рас айтам, бұған шағаланың тамақ әкеліп беріп жатқанын өз көзіммен көрдім, - деп мәз болып тұр. 9

Ұлынның қолындағы тырбаңдаған тасбақаны көргенде, Мұхтардың төбесінен мұздай су құйып жібергендей әсер берді. Көз алды тұманданып, басы айналып бара жатқандай. Мынау сол тасбақаның дәл өзі ғой. Мұхтардың мазасын кетіріп, ойынан шықпай, бірақ осы күнге дейін бұлыңғыр болып жүрген жол апатындағы оқиға көз алдына ап-анық боп келе қалды және өзі жақсы білетін үй тұрғызғанда болған жағдай да еріксіз есіне оралды. Бұл екеуінің байланысы барында сөз жоқ.

Жол апатындағы оқиғаның тарихы былай болған еді.

Осыдан алты ай бұрын, Мұхтар іс сапарымен көрші қалаға барған еді. Екі қала арасының қашықтығы жүз шақырымдай жер. Қайтар жолда қаланың сыртына шыға бере мәшинесіне жанар май құйып, Жәнияға телефон соғып, бір сағаттан кейін үйде болатындығын хабарлап ескертіп қойған. Қаладан жетпіс шақырымдай ұзағанда, күн ұясына батуға таянған шақ болатын. Шаруасының сәтті аяқталғанына риза болып, ойша ертеңгі күннің жоспарын құрып келеді. Алдағы дөңнен асып төмен құлдилай бергенде жол ортасында жатқан шәугімдей тасты көзі шалып қалған Мұхтар, рөлді оқыс оңға бұрып әлгі тасты айналып өтпек әрекет жасаған. Сол сәтте тас та орнынан қозғалып, оң жаққа ығысып жылжи берді. Енді байқаса жаңағы қозғалып келе жатқан, тас емес тасбақа екен. Келесі сәтте машинасы жолдың терең жиегінен ауып бара жатқаны ғана есінде.

Үйін тұрғызғандағы жәй былай.

Алдыңғы жылы тау бөктерінен жер алып, балконын көлге қаратып екі қабат үй салған. Еңсесі биік, көркі көз тартатын үй, талайдың қызғанышын қоздырған. Шындығында үйдің орналасқан жері де ерекше. Бір жағы көлге, бір жағы тауға қарап тұр. Табиғаттың терең қолтығына сұғынып тұрғандай әсер қалдырады. Ауласы да кең, осы заманның талабына сай шағын теннис корты, бассейіні бар. Қоршауды жағалай қондырылған май қарағай, шырша ағаштары үйге қосымша көрік беріп тұр. Үй құрылысы аяқталар кезде достарының бірі шатырыңа тасбақа бекітіп қойсаң, шаңырағың тастай берік болады, деп айта салғаны бар. Әлгі сөзге сеніп, шынайы қабылдаған Мұхтар, көл жағасынан маң-маң басып бара жатқан жазықсыз тасбақаны ұстап алып, құрылысшыларына шатырға тастай салуды тапсырған еді. 10

Міне қызық, төбедегі тасбақа мен тас жолдағы тасбақаның арасында қандай байланыс бар екен? Жоқ әлде бұл кездейсоқтық па? Жо-жоқ бұндай кездейсоқтық болуы мүмкін емес. Ешкімге зияны жоқ тілсіз мақұлықты төбеге апарып қорлауыма не себеп болды? Нағыз еріккен ақымақтың ісі ғой. Жайбарақат жүрген мақұлыққа соқтықпасам қайтер еді? Тілсіз тіршілік иесін төбеме қамап, оған қамқорлық жасамақ түгілі, мүлде естен шығаруым адамгершіліктің белгісі емес-ау. Менмендік пен нағыз имансыздықтың белгісі емес пе. Бір тасбақаға жасаған қиянатыма Алла жолымнан екіншісін шығарып, өзімді сәтсіздікке ұшыратпады ма? Бүгінгідей мүсәпір күй кешпесем, сол тасбақаны бәлкім ешқашан есіме де алмас па едім? Мейірімді Алла Тағала Өзінің жаратқанын назарынан тыс қалдырмай, оған шағаланы қамқор етіп, ризықтандырып қоюы мені қалайша бей-жәй қалдырмақ.

Бұл ойлар Мұхтарды толғандырып тереңге тартып барады. Алланың бойыма берген күш-қуатына, қажыр-қайратына мен-менсіп, шектен шығып әлсіз мақұлыққа күш көрсеттім. Шыбын-шіркейді де, құрт-құмырсқаны да Құдыретті Алла мақсатымен жаратпады ма. Жандыны да, жансызды да өз қажетімен, керегімен қылмады ма. Осыны ұғарға, әр нәрседен ғибрат аларға, адамды ерекшелеп кеудемізге сезімтал жүрек беріп, ойланарға ақыл бермеді ме. Соның бәрін орнына пайдаланбай қарнымның қампайғанына мәз болып жүріп, мәңгүрт болып кете жаздаппын. Еркін жүрген ешкімге зияны жоқ тасбақаға жасаған қиянатымды Алла көріп, жолымнан басқа тасбақаны шығарып, жазалағаны менің дандайсуыма бөгет болып тәубәмә келтірді. Ендігі күйім мынау, сол тасбақа құрлы өз еркіммен қозғала да алмаймын. Мен үшін осыдан маңызы зор мысал болуы мүмкін бе?

Осы ойлардан Мұхтардың денесі шымырлап, өн бойын ыстық қан аралап өтті. Тұла бойы тітіркеніп, денесі бір ысып бір суып, буындары босап барады. Іштегі асау толқын көздеріне лап қойып, ыстық жас болып құйылды. Аяулы анасын сағынған жас сәбидей егіле еңіреп жылады. Бұл жас қайғы мен қасыреттің жасы емес. Қайырымды, Мейірімді Аллаға деген махаббат және үміт пен үрей жасы еді. Сабыр сақтайын Алланың көмегі келер, қайғымның арты қуаныш, қиындығымның соңы жеңілдік болар. Иә Алла, Өзіңнің мейіріміңнен күдерімді үзбеймін.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет