«Баланың тіл байлығы тәрбиеден басталады»
тақырыбындағы мақалаға талдау
(«Ана тілі» газеті, 6- сәуір 2016 жыл)
Бала ана тілінің қыр-сырын терең меңгермейінше, қоршаған орта, табиғат жайында білім алуы, жалпы даму үдерісі ойдағыдай болуы мүмкін емес. Өйткені тіл – адамдар арасында табиғат сыйлаған ең құдіретті қатынас құралы. Адамзат тіл көмегімен өз ойын жеткізіп, өзгенің жан сырын ұғына алады. Бала тілі жетілген, дамыған сайын оған білім беру, ақыл-парасатын дұрыс пайымдай білуі жеңілдірек әрі ұтымдырақ болмақ. Тілі жақсы дамыған бала санасын, жүрегін билеген сезімін дәл, шебер жеткізе алады. Оқу материалдарын ойдағыдай меңгереді, табиғат пен қоғамдағы күрделі байланыстарды дұрыс тану мүмкіндігі артады. Алайда, әлі күнге дейін бала тілін дамытудың теориялық және тәжірибелік тұрғыда шешімін таппаған мәселелері көп.
«Тіл дамыту» ұғымының мәні неде, тілді қалай дамытуға болады деген сұрақтарға психологтар, әдіскер ғалымдар, ұстаздар тарапынан түрліше сипаттама беріліп келеді. Бір топ ғалымдар бала тілі ой-өрісінің, түсінігі мен өмір тәжірибесі негізінде өзгеріске түсіп, дамып қалыптасады деген көзқараста. Бала тілін дамыту үшін арнайы оқытуды ұйымдастырудың қажеті жоқ. Тек ауызша және жазбаша сөйлеуге тақырып ұсынып, баладан соны баяндау талап етілсе болғаны дейді. Екінші бір тобы тіл дамытуды баланың өз ой-пікірін ауызша және жазбаша формада жүйелі байланыстырып беруге дағдыландыру деп біледі. Сондықтан тіл дамытуда мазмұндама мен шығарма түрлерін көптеп жаздыруды ұсынады. Енді бір ғалымдар тобы ана тілі сабақтарында игерілген білімді пайдалана отырып, соның негізінде бала тілін дамытуды ұсынады. Ол үшін игерген пән материалдары, атап айтқанда, сөз, сөз тіркесі, сөз таптары, сөйлем, орфография, орфоэпия және пунктуациядан, т.б. білімдерін іс жүзінде пайдалануға мүмкіншілік тудыратын арнаулы грамматикалық жаттығулар, мазмұндама мен шығарма жаздыру қажеттігін айтады. Расында, тіл өте күрделі, сонымен қатар ғылыми тілмен айтқанда дифференциалды құбылыс. Тілдің дыбыстық жүйесі мен сөздік құрамының, грамматикалық құрылымының, синтагмалық қатынастың өзара сатылай байланыста орнығатындығын дұрыс пайымдай білу нәтижелілікке қол жеткізетін бірден-бір жол. Тілі шыққан бала ана тілінде өздеріне таныс тақырып бойынша қатарластарымен, тәрбиешімен сөйлесу, пікір алысу қажеттігін өтегенімен, олардың тілі әлі жетілмеген, «шикі» тіл болып табылады. Олар сөйлеудің ауызекі – тұрмыстық, диалогтік түрін игергенмен, ой-пікірін жүйелі, байланыстыра баяндауы, монологтік сөйлеу жүйесін әлі меңгермеген. Бала ана тілінің күнделікті отбасы, ошақ қасында пайдаланатын бірқатар сөздерді білсе де, арнайы сабақтарда, оқу үдерісінде пайда болған түсініктер мен ұғымдарды жеткізуге дәрменсіз. Балалардың сөздік қоры жұтаң. Қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстар жөніндегі түсінік білімі таяз. Озат ұстаздар пікірінше, бала тіліндегі сөйлем құрау формалары бір сарынды, қарапайым. Балада сөйлеудің монологтік түрін құру дағдылары қалыптаспаған. Өз ойын жүйелі жеткізе алмайды. Кітаппен жұмыс істеуге машықтанбаған. Тыңдаған шығармаларының тілі мен құрылысын, мазмұны мен негізгі ойын өз бетінше саналы түрде игере алмайды. Құрылған жоспар бойынша баяндау дағдыларын игермеген.
Мұндай кемшіліктер ғалымдар зерттеулерінде де анықталып, жан-жақты сөз болып келеді. Бала тілін дамыту ісін тек жазба жұмыстарын жүргізу арқылы бір жақты жүргізу толық нәтиже бермейтіндігін зерттеу жұмыстары толық дәлелдеп отыр. Баланың ауызша және жазбаша тілін дамыту жан-жақты кешенді ұйымдастырылған жағдайда ғана нәтижелі болмақ.
Тіл дамыту сабақтарында бала бойында айту-есту жағы дамиды. Атап айтқанда, айтылған ой, пікір, әңгімені зейін қоя тыңдау, сөзді анық, түсінікті айту, дыбыстарды дұрыс үйлестіру, дыбыстарды әріптерге айналдыру дағдылары қалыптасады. Сөз құрамына мән бере, орфоэпиялық ережеге сай оқу машығы орнығады. Біртіндеп сөздің логикалық мағынасын қабылдау қалыптасады. Сөздің атауыштық қызметін, сөйлем мәнін, оқылған мәтін мазмұнын, қоршаған орта құбылыстарының сырын түсініп, өз іс-әрекетіне есеп береді. Өзінің ауызша және жазбаша сөйлеуін бақылап, жіберген қателерін түзету дағдылары қалыптаса бастайды.
Зерттеуші ғалым Р.Шаханованың жазуынша, бала тілін дамыту деп тілді іс жүзінде пайдалана білуге, шынайы дүниедегі заттар мен құбылыстар болмысын бейнелеуге қажетті сөздерді таңдап, өз ойын, сезімі мен эмоциясын жүйелі жеткізе білу дағдыларын қалыптастыра білу деген сөз.
Мектепке дейінгі мекемелерде бала тілін дамыту барысы қоршаған орта, табиғат құбылыстарына бақылау жүргізу; тәрбиешімен, достарымен, үлкендермен тұрмыстық қатынаста әңгімелесу, пікір алмасу; көркем әдеби шығармалар тыңдау, арнайы жаттығу жұмыстарын жүргізу сипатында орын алады. Тәрбиелік мәнге ие ертеңгіліктерде, кездесулер мен саяхаттар барысында тіл дамыту жұмыстарын алдын ала әзірленген әңгімелесулер түрінде шебер ұйымдастыра білу тәрбиешінің шеберлігін арттырса, балалардың да кез келген құбылысқа ерекше мән бере қарай білу машығын қалыптастырады. Оқу сабақтарында баланың сөздік қоры мен сөздік құрамы кеңейіп, баий түссе, грамматикалық тапсырмаларды орындау барысында бала тілі жүйеге келтіріліп, кемшіліктер мен қателіктер түзетіледі. Тіл шеберлігі артып, дұрыс сөйлеу дағдысы орнығады. Бала тіліндегі пассив сөздер активтендіріліп, грамматикадан алған білімдерін іс жүзінде кең түрде пайдалануға мүмкіндік туады Сөйлеу, ең алдымен, сыртқы сөйлеу және ішкі сөйлеу болып екіге бөлінеді. Сыртқы сөйлеудің өзі ауызша және жазбаша сөйлеу болып жіктеледі. Ал ауызша сөйлеудің өзі диалог және монолог болып екіге бөлінсе, диалогтың өзі кезекті және жарыспалы болып екіге бөлінеді. Көріп отырғанымыздай, сөйлеу формаларының өзі сан алуан. Бірақ біз бұл жерде сөйлеу түрлерінің бір-бірінен айырмашылығын сөз етпейміз. Айтарымыз – бұл мәселенің өте күрделі екендігіне көз жеткізу. Жоғарыда сөз болып отырған сөйлеу түрлерінің әрқайсысының дамыту әдіс-тәсілдері бірдей десек үлкен қателікке бой алдырар едік. Өйткені сөйлеудің бұл формаларының арасында жалпы ұқсастық болғанымен, өздеріне тән ерекшеліктері де бар екені мәлім. Сөйлеу түрлерінің өздеріне тән ерекшеліктерін салыстыра отырып, ауызша және жазбаша сөйлеуге үйрету тәсілдерін бірдей, бір негізде алып қарастыруға болмайтындығына көз жеткізуге болады. Салыстырыңыз, табиғатқа бақылау жасап отырған баланың өз сезімін жеткізуде дайындықсыз әңгімелеуіне қарағанда арнайы дайындықтан соң баяндауы нәтижелі болмақ.
Қорытынды:
Тіл дамыту – қиын да, күрделі үдеріс. Оның қиындығы әдеби тіл нормаларын игеруде, тіл нормаларына сай орфографиялық, орфоэпиялық дағдыларды қалыптастыруда болып отыр. Тіл дамытудың қиындығы баланың тілді игеруге тиіс көп қырлылығы мен сан алуандығында ғана емес, сонымен бірге сөйлеу әрекетінің түрлі формада көрінетіндігінде.
Қазақ тілі және мәдениеті
кафедрасының меңгерушісі, доцент Қ.С. Қалыбекова
Достарыңызбен бөлісу: |